Электронная библиотека сайта



Pdf көрінісі
Дата15.03.2017
өлшемі122,82 Kb.
#9462

Электронная библиотека сайта 

http://info-space.ucoz.net/

 Березовской школы «Онлайн читалка» 

Приятного чтения! 

 

    Қазақ  тілі  осы  мемлекеттің  түпкілікті  тұрғындары  қазақтардан  басқа  Қытай,  Монғолия, 



Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан 

сияқты республикаларында тұратын қазақтардың да ана тілі. 

         Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – 

қарақалпақ,  ноғай,  татар,  башқұрт,  қырғыз,  қырым  татары,  қарайшай,  балқар,  құмық  және  тағы 

басқа  тілдер.  Қазақ  тілі  -  өзіндік  әдеби,  ғылыми  және  саяси  жазу  нормасы  қалыптасқан  бай  тіл. 

Қазақ тілінің  тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді  бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз 

байланысты. 

          Оның  қалыптасуға  бет  алуы  ХІ-ХІІ  ғасырлардағы  Түрік  қағанатының  пайда  болу 

кезеңінен  басталып,   ХҮ  ғасырдағы  қазақ  хандығы  тұсында  әбден  қалыптасып  болған  еді.  Басқа 

түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен, қазақ тілі – ежелгі таза қалпын тұтас сақтап 

келе  жатқан  тілдердің  бірі.  Ғалымдардың  пайымдауынша,  қазақ  тілінің  ауыз  әдебиеті  және  жазба 

әдебиеті сияқты екі қайнар көзі бар. 

          Қалыптасудың  барлық  сатыларын  бастан  кешірген  ана  тіліміз  –  мейлінше  жетілген 

ұлттық тіл. 

          Ана  тілімізде  әдеби  шығармалар,  ғылыми-бұқаралық,  техникалық,  құқықтық, 

педагогикалық,  саяси,  өнертанушылық  әдебиеттер  жарияланады.  Тіліміз  еліміздегі  азаматтардың 

өзара  қарым-қатынас  тілі  болумен  ғана  шектеліп  қалмайды,  оның  мұрағаттық,  ақпараттық 

қасиеттері де мол. Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың 

тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп 

отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, 

өзгеріп отырады. 

          Қазақ  тілі  тарихында  орын  алған  түрлі  қиындықтар  мен  дағдарыстардың  объективті 

себептері  бар.  Біріншіден,  қазақ  халқы  үш  ғасырға  жуық  орыс  отаршылдығының  қыспағында 

болып,  ұлт  ретінде  жойылып  кетудің   бірнеше  сатыларын  бастан  кешірді.  Екіншіден,  Жоңғар 

шапқыншылығының  халқымызға  тигізген  зардаптары  да  орасан  зор  болды.  Үшіншіден,  Кеңес 

өкіметі жетпіс жылдан астам  уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың 

тілдеріне қысым жасап келгені белгілі. 

          1989  жылы  11  қыркүйекте  қабылданған  "Тіл  туралы”  Заңда  "Тіл   -  халықтың  ұлы 

жетістігі,  әрі  оның  ажырамайтын  және  бөлінбейтін  белгісі”делінген.  Ал  бірінші  баптың  бірінші 

тармақшасында  "Қазақ  тілі  –  Қазақстан  Республикасының  мемлекеттік  тілі  болып  табылады”  деп 

жазылған. 

         Елбасы Н.Ә.Назарбаев "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы 

үнемі  айтып  келеді.  Қазақ  тілі  мәселесі  мемлекеттік  деңгейге  көтерілген  кейінгі  жылдары  бұқара 

жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ  әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де 

баршылық. 

         Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, 

ұлттық  мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір  сүре алмайды. Дүниедегі  барлық халық 

тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, 

кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды. 


Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған 

анадай сүю. 

                   Сүйемін туған тілді – анам тілін, 

                   Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. 

                   Шыр етіп жерге түскен минутымнан, 

                   Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен. 

Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің 

басы  деп  санаған.  Мысалы:  "Өнер  алды  –  қызыл  тіл”,  "Тіл  тас  жарады,  тас  жармаса  бас 

жарады”,    "Тоқсан  ауыз  сөздің,  тобықтай  түйіні  бар”  сөздері  халқымыздың  орынды  сөзге  қандай 

мән  бергенін  көрсетеді.  Абайдың  даналығына,  Махамбеттің  батылдығына,  Бұқардың  ақылгөйлігі 

мен  халқына  деген  жанашырлығына,  Абылайдың   данышпандығына,  Бөгенбай  мен  Қабанбайдың 

ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз. 

С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы назарларыңызға 

          "Қазақ тілім, өркенде, 

         Бола бер күшті, көркем де!” атты әдістемелік құралды ұсынып отыр. 

Құрал мұғалімдер мен оқушыларға ғана емес, ұрпақ өсірер, оның келешегін ойлар исі қазаққа 

арналады. 

  

  



ҚАЗАҚ ТІЛІ – 

ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ – 

қызмет етуінің алғы шарттары 

  

Қазақстан  –  егеменді,  тәуелсіз  ел.  Қазақстанды  дамыған  өркениетті  елу  елдің  қатарына 



енгізетін  біздің  болашағымыз  –  бүгінгі  жастар.  Олардың  міндеті  –  елінің  намысын  қорғап,  оны 

әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек. 

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  Республикасының  тұрғылықты  халқы  қазақ  халқының  және  оның 

шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың (Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қытай, Монғолия 

т.б.) ұлттық тілі. 

Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. 



Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес 

– барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” 

куә бола алады. 

Қазақ  тілі  түркі  тілдерінің  (солтүстік-шығыс  ареал)  қыпшақ  тобына  кіреді  (татар,башқұрт, 

қарашай-балқар,  құмық,   қырым-татар,  қарақалпақ,  ноғай)  және  ол,  әсіресе,  ноғай,  қарақалпақ 

тілдеріне жақын болып табылады.   

Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары ескерткіштерінен: Талас-Орхон-

Енисей  жазулары  (5-8  ғ.ғ.),  Жүсіп  Баласағұнның  "Қүтадғу  білік”  еңбегі,  Махмұт  Қашқаридің 

"Диуани  лұғатат  түрік”  еңбегі  ,  Ахмет  Йүгінекидің  "Һибат  Ұл  һақайық”  еңбегі,  Қожа  Ахмет 

Яссауидің  "Хикметі”  (10-12  ғ.ғ.),  Алтын  Орда,  Шағатай  және  қыпшақ  (13-14ғ.ғ.)  тұсындағы 

жазулардан алады. 

Сонымен  қатар,  халық  ауыз  әдебиетінің  дәстүрлері  мен  тілдік  нормаларында  қалыптасқан, 

кейінгі  кезде  ақындар,  жыраулар  мұрасы  арнасына  құйылған,  ұлы  Абай  мен  Ыбырай 

шығармашылығы арқылы бізге жеткен қазіргі қазақ әдеби тілі. 

Қазақ  жазуы  1929  жылға  дейін  араб  графикасын,  ал  1929-1940  жылдары  латын  графикасын 

қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда. 

Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі 

жағынан  жетпісінші,  ал  тіл  байлығы  мен  көркемдігі,   оралымдығы  жағынан  алғашқы  ондықтар 

қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан 

алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. 

Қазақстанда  тұратын  жүзден  аса  ұлт  өкілдері  Қазақстанның  халқын,  соның  ішінде  қазақ 

халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. 

Тілге  деген  құрмет  –  халыққа  деген  құрмет.  Тілсіз  халықтың,  елдің  өмір  сүруі  мүмкін  емес. 

Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. 

Тіл  –  қастерлі  де,  қасиетті  ұғым.  Ол  әрбір  адамға  ана  сүтімен  бірге  еніп,  қалыптасады.  Ана 

тілін  сүйген  адам  –  туған  жерін,  елін,  Отанын,  атамекенін  сүйеді  деген  сөз.   Ал,  бұлардың  бәрі  – 

адам  баласы  үшін  ең  қасиетті  ұғымдар.  Өмірдің  алмастай  қырын,  абзал  сырын  түсіне  білуіне 

басты  себепкер – ана тілі. 

Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), "Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы 

(1996ж.) және осыларға негізделген "Тіл туралы” Заң (1997ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық 

жарастық  пен  рухани  ынтымақтастықтың  құралы  ретінде  қызмет  етуін  және  тіл  алуандығын 

көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе 

беріліп отыр. 

Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы 

шарты  бар.  Атап  айтқанда,  сол  тілді  қолданушылардың  санының  жеткілікті  болуы,  табиғи  және 

табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің 

әр  алуан  саласында  қызмет  етуі  және  ауызша  әрі  жазбаша  түрде  қызмет  етуі  сияқты  сыртқы 

факторлардың  болуы,  сондай-ақ  қазақ  тілінің  құрылым-жүйесі  жетілген,  лексика-фразеологиялық 

қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі 

ішкі  тілдік  факторлардың  болуы  –  қазақ  тілінің  мемлекеттік  тіл  ретінде  қызмет  етуіне  мүмкіндік 

береді. 


Мемлекеттік  тілдің  қоғамдық  қызметі  қоғамдық  өмірдің  аса  маңызды  мынадай  салаларында 

жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие  ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, 

орта  мектеп,  жоғары  мектеп),  ғылым  мен  техника  (ғылыми-зерттеу  мекемелерде);  қоғамдық 

ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика 

салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында,  бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс 

жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, 

спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; 

өнер  мекемелерінде  (театр,  кино);  дипломатиялық  қарым-қатынаста;  әскери-патриоттық  тәрбие 

және  білім  беру  ісінде;  шаруашылық  жүргізу  және  ұйымдастыруда;  өндіріс  және  өнеркәсіп 

орындарында;  Қазақстан  Республикасында  өтетін  республикалық,  халықаралық  құрылтай, 

конференция, мәжіліс, жиындар т.б. 

Сонымен,  қазақ  тілі  –  дәстүрлі,  тұрақты,  қатаң  тілдік  нормасы  бар,  стильдік  тармақтары 

сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл. 

Біздің ана тіліміз - қазақ тілі: 

-        түпкі түрін сақтаған түркі туыстас байырғы тіл; 

-        ежелден жазба мәдениеті бар тіл; 

-        әдеби тіл, жергілікті тіл (диалекті), сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі тәрізді формалары 

бар; 


-        демографиялық тірегі мықты ұлттық тіл

-        құрылым-құрылысы кемелденген тіл; 

-        егеменді Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған мемлекеттік тіл. 

  

  



АНАМНЫҢ ТІЛІ – 

АРДАҚТЫМ МЕНІҢ 

(Әңгіме) 

  

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға 



дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл 

ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. 

                                            Б.Момышұлы 

  


...  Тіл  –  қай  ұлттың  болмасын  тарихы  мен  тағдыры,  тәлімі  мен  тәрбиесінің  негізі,  қатынас 

құралы.  Тіл  болмаса  сөз  болмайды.  Сөз  болмаса  адамзаттың  тірлігінде  мән-маңыз  болмайтыны 

белгілі.  Демек,  тілдің,  сөздің  орны  ерекше.  Міне,  осы  орайда  ана  тіліміз  жайлы  терең  ойлану 

әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. 

Тіл  –  халықтың  жаны.  Тілі  құрыса,  халық  та  жер  бетінен  жоғалады.  Адамзат  тарихында 

көптеген  өркениетті  елдердің  өшіп  кетуі  алдымен  тілді  жоғалтудан  басталғанын  ғылым  дәлелдеп 

отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, 

бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай 

жан  рухани  кемтарлығын,  адамдық  болмысын  түсінбей,  көлденең  көк  аттының  қолжаулығына 

айналады.  Ана  тіліміздің  тағдыры  үшін  күресте  халқымыз  қам-қарекетсіз  болған  емес. 

Жиырмасыншы  жылдары  тіл  тәуелсіздігін  ту  етіп  көтерген  Әлихан,  Ахмет,  Міржақып,  Мағжан, 

Мұхтарлар,  сексенінші  жылдардың  аяғында  бостандықтың  лебі  білінісімен  басталған 

бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы. 

ХХ  ғасырдың  ұлы  жемісі  –  қазақ  халқы  үшін  Егемендіктің  көк  туы  желбіреуі.  Ата-

бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, 

түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ. 

О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің 

жұпары  да  сенде,  қыран  құстың  жанары  да  сенде,  назды  сұлудың  нәзіктігі  де  сенде,  сахара 

даланың  жазықтығы да сенде... 

Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. 

Қазақ  тілі  -  өзінің  даласындай  кең  пішілген  жайдары  да  жалпақ  тіл.  Қазақ  сөзі  қашанда 

даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы  – домбыраның 

күмбір  қаққан  сазындай.  Асқан  әуезділігі  –  шырқап  салар  әндей.  Туған  тіл  біздің  бірінші 

бақытымыз,  бірінші  ырысымыз,  біз  сондықтан  "Ана  тіліміз”  дейміз.  Қазақтар  "Ананың  тілі”  деп 

ерекше  құрметтейді.  Басқа  тілді  білу  -  әрине,  мақтаныш.  Әйтсе  де  өз  ана  тілін  аяқ  асты  етуге 

болмайды. 

                   Ана тілің – арың бұл, 

                   Ұятың боп тұр бетте. 

                   Өзге тілдің бәрін біл

                   Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз. 

Анамның  тілі  –  ардақтым  менің.  Адамның  атасы,  әкесі  мен  шешесі  сенсің.  Сен  менің 

кішкентай  кезімде  әкем  болып  мойныңа  отырғызып  қуандың,  ат  үстінде  алдыңа  алып,  мені  көкке 

секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың. 

Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, 

төсіңнен  ақ  сүтіңді  емдім.  Сен  менің  ағам,  інім,  әпкем,  қарындасым,  бауырларым  болған  кезіңде 

мен  сені  одан  әрмен  түсініп,   ұғынғым  келді.  Адамзаттың  Абай  мен  Мағжан  сынды  асқар 

алыптарын  туғызған,  әкелері  мен  аналары  болған  ұлтымыздың  тірегі  сенсің,  туған  тілім.  Бірақ, 

менің терім "туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, 

ана  тілімізді  алдымен  өзіміз  құрметтейік,  ардақтайық!  Сонда  ғана  туған  тіліміздің  туы  биіктерде 

желбіреп тұратын болады... 



                                                                      

ІНЖУ-МАРЖАН 

  

ҚАЗАҚ   ТІЛІ  ЖАЙЛЫ  



АЙТУЛЫ ОЙЛАР 

  

Қазақ  тілінің  таңғажайып  кереметі  жайында  пікір  айтушылар  көптеп  саналады.  Олардың 



арасында  өз  ғалымдарымыз,  ақын-жазушыларымызбен  қатар  өзге  жұрт  өкілдері  де  баршылық. 

Әсіресе,  ірі  түркітанушылар  мен  саяхатшылардың  ана  тілімізге  үлкен  құрметпен  қарап, 

ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім... 

         

Радлов В.В. /ресейлік шығыс зерттеушісі/. Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне 

іліп-қағып  сұрақпен  жауап  беруге  келгенде  таң  қалдырарлықтай  оралымды  сөйлейді.  Кез  келгені, 

тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен 

орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі. 

Мелиоранский П.М. /1868 – 1906, шығыс зерттеушісі, профессор/. Қазақ тілін зерттеушілердің 

барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таниды. 

Ильинский  Н.И.  /1822-1892,  Қазан  университеті,  профессор/.  Ертедегі  түркілер  тұрмысының 

көптеген  іздерін  өзінде  сақтап  қалған қазақ тілін  мен  ерекше  ұнаттым.  Қазақ  даласы  менің халық 

тіліне  деген  сүйіспеншілігімді  мүлде  қалыптастырды,  оған  мен  тілдік  зерттеу  үшін  нағыз 

таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым. 

Бенцинг И. /түркітанушы/. Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі 

түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі. 

Малов  С.В.  /орыс  ғалымы/.  Қазақ  тілі  өзінің  бейнелілігі,  суреттілігі  жағынан  басқа  түрік, 

немесе  түркі  тілдерінен  әрдайым  бөлекшеленіп  тұрады.  Қазақ  өзінің  ауызекі  көркем   тілімен, 

айшықты әсем фольклорымен бұрын  да, қазір де даңқы шығып жүрген халық. 

Саади А. /татар ғалымы/. Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында 

сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық 

айтуымыз керек. 

Янушкевич  А.  /поляк  журналисі/.  Қазақтардың  ақыл-ой  қабілетінің  зорлығына  барған  сайын 

менің  көзім  жетуде.  Қандай  әсем  сөйлейді.  Кез  келгені  айтайын  дегенін  тез  түсіндіре, 

қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі. 

Байтұрсынов  А.  Біз  сияқты  мәдениет  жемісіне  жаңа  аузы  тиген  жұрт,  өз  тілінде  жоқ  деп 

мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат  тілдің сөздерін араластыра-

араластыра,  ақырында  ана  тілінің  қайда  кеткенін  білмей,  айрылып  қалуы  мүмкін.  Сондықтан 

мәдени  жұрттардың  тіліндегі  әдебиеттерін,  ғылыми  кітаптарын  қазақ  тіліне  аударғанда,  пән 


сөздерінің  даярлығына  қызықпай,  ана  тілімізден  қарастырып  сөз  табуымыз  керек.  Сонда  біздің 

әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады. 

Әуезов М. Көген  көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: "Ақырғы діліңізді 

айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға 

айналады,  темір  тозады,  ұрпақ  озады,  дүниеде  өлмейтін  сөз  ғана,  халқымызбен  бірге  жасап  келе 

жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық. 

Жұмабаев  М.   ...  Қазақ  тілінде  қазақтың  сары  сайран  даласы,  біресе  желсіз  түндей  тымық, 

біресе  құйындай  екпінді  тарихы,  сары  далада  үдере  көшкен  тұрмысы  -  асықпайтын,  саспайтын 

мінезі көрініп тұр. 

 

Спасибо, что посетили бесплатную электронную библиотеку сайта 



http://info-space.ucoz.net/

 

Березовской школы «Онлайн читалка» 



Оставьте отзывы о работе проекта 

http://info-space.ucoz.net/gb/



 . 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет