Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет8/11
Дата15.03.2017
өлшемі1,07 Mb.
#9883
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ҚАЗЫБЕККЕ
Алқабынан мен келдім сар даланың,
Шалқарынан сен ұштың Шардараның.
...Боз даланың бозторғай жалғап әнін,
Боздап ағып барады арман­ағын.
Қағысудан тұратын табысудан,
Өмір кейде... 
басыңнан бақ ұшырған.
Абайлардың жете алмай ауылына,
Талайлардың бұл жолда сағы сынған.
– Сабыр... – дейді сары бел, 
сайын дала,
Ән таба алмай қалғанда қайырымға.
– Уайымдама, ұғам, – дер, – жайыңды, аға, –
Шардараға шомылған шайыр бала.
Шайыр бала дегенім – 
шағала ақын,
Қара өлеңнің көрсетер ғаламатын.
Ағалардың арқалап аманатын,
Жырдың отын жүректе жаға алатын,
Шайыр бала дегенім – 
шағала ақын.
Шөл басуға келгенде бұлаққа біз,
Тербетті күй, қайтесің, 
жылатты аңыз.
Ұнатыңыз, келеміз, 
ұнатпаңыз – 
Пәтерақы төлеуге сұрап қарыз.

241
Айтылатын тілек бар туған айға,
Тілексіздер қурайдай қурамай ма?
...Сарыарқадан сәтімен самал соқса –
Шардараның толқыны туламай ма?..
                              1992
16­266

242
ЕР САЛДЫҢ ЕРТЕЛЕТІП 
ҚАРАКЕРГЕ...
(Маралтайға)
Қара жол қапталдасып қара өлеңге,
Ер салдың ертелетіп Қаракерге.
Қызық жоқ бұл жалғанда саналы ерге –
Жар салдың ақынмын деп бар әлемге.
Жыр едің,
әлімсақтан ән­күй едің,
Қажаған қайырласа зар тиегін.
Қаратау қатпарына нар шөктірген –
Қамшысы Қарабура әулиенің.
Тұратын тағдырынан тасаланбай,
Сен кейде Доспанбеттей,
Қашағандай.
Жүреді ағалары бас қатырып –
Маң мінез Маралтайды жасай алмай.
Сарысудың сары даласы сағынғаны,
Дүлдүлі дүбір тілер бабындағы...
Шора, Есет батырлардың найзасының
Өлеңің өрнек шығар сабындағы.
Шабытың – 
Жаратқанның нұрлы құсы,
Сен кейде жынды кісі,
мұңды кісі...
Ықылас қобызының қыл ішегі –
Сүгірдің күйлерінің бір дыбысы.

243
Біздерге, әй, Маралтай,
сен ең ерген,
Мен сені көрем төрден,
көрем өрден.
Үркердей үркіп көшкен әз Таманың
Тамыры қалған жерде өлең өнген.
Тараз жұрт, таразысы дара таңба,
Жүйрігін аламанға жаратар ма?
Қастерлеп қара өлеңді қара жолда –
Керуен көшіп келеді Қаратауға...

244
МӘРИЯ АПА
Көрген бейбақ емес­ті жар қызығын,
Тонап алды сұм соғыс бар қызығын,
Мәрия апа отыз жыл жүрді күтіп
Бәйсейітін, хабарсыз жалғыз ұлын.
Тасыр тағдыр алып сан сынағына,
Сорлы ананы сарғайтып сынады да.
Мәрия апа жол тосып, кеш келетін
Туысқанның үйіне, тұрағына.
Ұлылықпен, Ерлікпен, Даналықпен,
Кейуананы жалғызын дара күткен
«Ақыл­есі ауысқан...» дегесін жұрт,
Жақындаспай жүретін бала біткен.
«Келеріне сенемін, қалқам аман...»
Қиындықты соншама тарта ма адам?
...Поездарды күтетін тосып ұлын,
Сол кейуана қабы бар арқалаған.
Жалғыздықтың болған ба жарасымы,
Көп күттірді «көзінің қарашығы».
...Бәйсейттің тоқымы тайға шапқан –
Арқасында ананың бар асылы.
Күңгірт тартып күн сайын жорамалы,
Су­су болып сарғайған орамалы.
...Ақтық демі бітерде айтқан сөзі:
«Бәйсейіт оралды!»

245
Бастан ұшқан байғұстың дария бақ,
Жыр етемін көңілге ар ұялап.
Батысқа қадап көзін жұмған ана,
Соғысқа қарсы соғыс жариялап!
                                            1980

246
               ҒАСЫР  ҚАЙҒЫСЫ
Қарағанды облыстық ақындар 
айтысында ауылдан келген әжелер 
жетімхана үйіндегі бір топ сәбидің 
тұсауын кесті...
Теледидар хабарынан
Жалаң аяқ балалық...
Жаутаң қағып жәудірейді, о, сұмдық!
– О, сұмдық! – деп біз несіне шошындық.
– Жетімхана үйі дейді...
– Үй ме рас? –
Жауап таппай тосылдық.
Емшек сүтін татпаған,
Бесікке де бөленбей.
Бесік жыры олар үшін 
Өшіп кеткен өлеңдей.
Тағдыр қандай талайсыз,
Тұлымшағы желбіреген құлыншақ
Күн кеше ме арайсыз?
Жетімектер...
Жан­жанары жасыған,
Торкөз тірлік – олар үшін тосын ән.
Бикештер жүр былқ­сылқ етіп безбүйрек
Шарананы шайтан көріп шошыған.
Теледидар хабары...
Мендік ойлар ойран болды мінгесіп,
Жалтақ бақыт жәлеп түнге жүр көшіп.

247
Ауыл иісі аңқып тұрған әжелер
Жетімдердің тұсауларын тұр кесіп.
Экранға қараймын...
Қараймын да тарылады тынысым.
Шайқалғандай ырысым.
«Жаңа дәстүр, жаңа салт...» деп 
Дауырғады диктор да,
Бүйткен салты құрысын.
...Жалғыз әкем табысы...
Ұяластар жаттық бірге өсіп те,
Бұйырғанын қылдай бөліп несіпке.
Анам байғұс тұмар байлап қоятын
Он бір «құлын» құндақтаған бесікке.
Сауал – Зауал:
– Жетімхана үй ме осы?
Тоқтап қалды көңілімнің күймесі.
Жөн жауабын бере алады қай кісі?
...Жетімхана – шаңырақ та, үй де емес...
ҒТР­дің ғасырының қайғысы.

248
ӘКЕ РУХЫНА
Қарсы жүзген кемесі ағысқа әрең,
Тоғышар ұлды тағдырға табыстап ең.
Құлағыңа жетті ме, жаным әке,
Жұма күні бір дұға бағыштап ем.
Ұлпа жанды ұлыңның ырым құмар,
Шақтары бар шабытты
шырынды бал.
Мәңгіп келе жатамын мазаң күйде,
Сырымды ұғар жан таппай, 
жырымды  ұғар.
Орманымды келмейді олқы дегім,
Қорғанымды қалпына келтіремін.
Тебіреніп,
толғанып,
тынып барып,
Жартастарға соғылған толқын едім.
Қарт көше ме фәниден,
жас көше ме?
Айтып қалам барымды, бас кесе ме?..
Таптап жатса қайтейін талабымды
Тас пенделер қаптаған тас көшеде.
Шабытымды шайыр ем шаттығым дер,
Бақ күлімдер
аңсамас шақты кімдер?
Талбесік пен жер­бесік арасының
Еншісі емес екен тек тәтті күндер.

249
Шөліркеген нөсерге бау­бағым­ау...
Жалған бәрі...
Жырыңды жалға, жырау.
Арқа болған жан едің ағайынға,
Алдың жарық болды ма, ардағым­ау?..
Елесіне еріп ап жарлы үміттің,
Қаңғырыппын...
Таңдарды таңға ұрыппын...
Қадіріңді түсіндім
Қабіріңнен
Жырын оқып қайтқалы Мәңгіліктің...

250
АЗАНАМА  
(Аяулы досым, Арқаның арқалы азаматы, 
күйші-сазгер Алпысбай Тұяқбайұлы 
Тұрсынбековтің рухына) 
І
Жабырқатып жанымды
жазалама,
Айыратын дос едік қаза ғана.
Алпаным­ау, арқарым, дарқаным­ау,
Жазам деген жыр ма еді Азанама?!
Жоқ еді ғой өнерден өзге алаңың,
Өтті ме екен, білмеймін көз, қарағым.
Қатар жүріп сездік пе ғұмырыңның
Жанып сөнген шырпыдай тез боларын.
Бойыңда еді сан топты жарар екпін,
Тіршілікті неліктен талақ еттің?
Аранында кептеліп кете бардың
Ажал атты ары жоқ қарабеттің.
Көгілдір ең өнердің көліндегі
Сұңқар едің Алаштың көгіндегі.
Іңкәр едің өмірдің қызығына,
Тұлпар едің Сарыбел төріндегі.
Өрмелеген кез еді тасың да алға,
Өкпе арттың ба таскерең тасырларға?..
Тарғыл тағдыр, не деген аяр едің,
Ажал оғын дарытқан асылдарға.

251
ІІ
Бұл хабар шындық емес!
Жалған, жалған!
Сан рет аузым күйген алданғаннан.
Бермейді ел Алпысбайын қара жерге,
Өлмейді жаралғандар армандардан.
Тағдырдың тас дауылы бұрқамағын,
Бар еді бірге талай шырқар әнім.
Тағы бір Жаңаарқамен байланысшы,
Серікжан, анық емес бұл хабарың.
Алпысбай өлді деуге мен сенбеймін,
Мен сенбеймін...
Мен түгіл ел сенбейді...
Талай доспен тірідей қоштасқанмын,
Өмір деген өліммен өлшенбейді.
                       ІІІ
Сен менің көркім едің,
өртім едің,
Ішегі боп домбыраңның шертілемін.
Бір жұлдыз ағып түсті аспанымнан,
Құдайым хош көрмеді ел тілегін.
Жан едің күйі дара,
әні дара,
Білмеймін – 
сорыңа ма, бағыңа ма?
Біз енді жиын­тойдың ортасынан
Сағынып сені іздейміз, сары бала.
Шайқалды шаңырағы ән­ұяның,
Тербелді тереңімде дария мұң.
Ертеңге емен­жарқын жетсе деймін
«Балдәурен», Дәуренің мен Даниярың...

252
 IV
Сен екеудің бірі едің,
Сарыарқаның гүлі едің.
Жазылатын жыр едің,
Жанымызда жүр едің.
Сарысудың толқыны ең,
Толқын болып толқып ең.
Серілердің сертімен
Өмір күйін шертіп ең.
Сен жоқ емес, бар едің,
Сен сор емес, бақ едің.
Айдай еді әлемің,
Сен қара емес, ақ едің.
Запыран ішіп, зар құспай,
Ит тірлікпен тартыспай,
Бұл фәниден бақиға
Неге асықтың, Алпысбай?!
V
Құскемесі Арқаның кешігеді,
Мен кешіктім...
Алпаным кешіреді.
Топырақты өлімге жете алмаған
Тірлігіміз, тірілер, осы ма еді?
Кештім бастан сол кеште сұрапылды,
Жүрегімнен тынымсыз жыр атылды.
Өңмендеген өлермен түсінсін бе
Әуежайда жылаған бұл ақынды.

253
VI
Отызға жетпей зарлады­ай
Жан­жарың сенің Алмадай.
Жайық боп асып­тасушы ең,
Ғайып боп кеткен қарғам­ай.
Тұрмыстың көрген ауырын,
Сен емес,
Жақан бауырың.
Тарқады неге базарың,
Тарқады неге сауығың?
Ауылыңа келдім,
өзің жоқ.
Басыңа бардым,
төзім жоқ.
Қаралы үй қара жамылды –
Басу айтуға сөзім жоқ.
VII
Жал­құйрықтың қою тұсы 
күзелді,
Сынып түсті аяқ салар 
үзеңгі.
Бақұл, бауыр!
Рухыңа бас идім,
Жарық күнде жолықпаймыз 
біз енді.
Сапар шегіп мәңгілікке 
сен кеттің,
Аза жырмен бесігіңді 
тербеттім.
Қауызына сыймай өскен 
гүл едің,
Ауызыма дәмі келді кермектің.

254
Қабіріңнің басына кеп көп тұрдым,
Көз жасымды күнге қарап кептірдім.
Бағышталар құраным бар өзіңе –
Жеті өлеңді жеті дұғам деп білгін.
                                        

ЖАЛҒЫЗ ҚАРАҒАЙ

257
АҚ СИСА
(Поэма)
І
Бисмилла рахмани рахим, 
ал бастадым, 
Жанымның жарқыратып алдаспанын. 
Бар едi, бауырым­ай, 
алда асқарым, 
Жалы едi арғымақтың жармасқаным. 
Тамыздың тамылжытып таңғы аспанын, 
Өрейiн өршiл өлең, 
Ар дастанын.
Арналы өзен едi жалғасқаным,
Бисмилла рахмани рахим, 
ал бастадым. 
 
Жүйткiсiн жүйрiк жырым Құлагердей, 
Көнерген көңiлiм бар құба белдей. 
Кешеден бүгiнгiге жеткен өлең 
Қаз мойын қасиеттi құрама ердей. 
Шабыттың шалқып жанар шырағы өлмей, 
Бiлгенге бiздiң ғұмыр бiр әлемдей. 
Несiне жыр қыласың деп ойлама, 
Тұншыққан тұрғыласым тұма көрмей. 
Сызылтып сыр айтайын мұрагердей, 
Сөзiмнiң арасынан сына бермей. 
Құла дүз құзғын қонар құзға айналса, 
Құлагер қайтедi ендi құлап өлмей? 
17­266

258
Ақынды аяла, аспан, 
аяла күн, 
Төр етiп төскейiңдi саяладым. 
Көлiнде Жасыбайдың сайран салып, 
Ақбеттен асқақтаттым Баян әнiн. 
Жасыл бел, 
жасыл әлем, 
сая бағым, 
Айдында аққуымды аяладың. 
Жыр етiп алдыңа әкеп жая аламын 
Қазақтың қай алқабын, 
қай алабын. 
Баянсыз баяны бар бақи күннiң, 
Баянды ғұмыры бар Баянаның. 
Баянтау! 
Баурайың – ән, 
бағың – дастан, 
Көркiңдi жыр етемiз жаңылмастан. 
Көздерi көлдерiнiң жәудiресе 
Айнымай қалады екен қарындастан. 
Көлдерi аумай тұрса қарындастан, 
Баянды бар ма әлемде сағынбас жан? 
Асық боп өтерi анық Ақбеттауға 
Ғашық боп осы өлкенiң маңын басқан. 
Күнi алау көңiлiңнiң шаңын басқан, 
Түнi анау 
бақыт тербеп, 
бағыңды ашқан. 
Айынан аспандағы арай саулап, 
Сайынан Сарыарқаның сағым қашқан. 
Сәлдесiн түн көтерсе, 
сәл ойланып, 
Таңдары атады екен арайланып.
Төсiне Ақбеттаудың тұмар қадап, 
Көшiне бабалардың қарайладық. 
Тағдыры талайсыз да, 

259
талайлы анық, 
Күндердiң керуенiмен талай налып 
өткен көп, 
өмiр сеуiп өркенiне – 
Бiздiң де көшiмiзге қарайла, жұрт! 
Жасыбай! 
Жағаңа кеп аялдадық, 
Тағдырдың тамырында қан айналып. 
...«Баянаула басынан бұлт кетпеген», 
Баянаула басына бақ айналып. 
ІІ
Баянаула басында бал қарағай, 
Үмiтiмнiң үзiгi жалғана ма­ай? 
Қайғы­мұңға салды да қайығымды, 
Айдынында тербедi арман­арай. 
Қызығы жоқ қысының қар борамай,
Ала қашар Алқоңыр алға қарай. 
Абыржыған көңiлге көктем сеуiп, 
Тамылжыған тамызы таңға қарай.
 
Баянаула басында құр балалы, 
Балапанын қорғаштап мұңданады. 
Тұғырыңның құт көшер маңайынан 
Ғұмырыңның бiтпесе шырғалаңы. 
Сұрғылт тiрлiк телiсе мұң­наланы, 
Таусылған жұрт қайтедi күнде амалы? 
«Баянаула басында балалы құр...»
Баурайында тал­қайың ырғалады. 
Ойға батқан сыр тарттым орманынан, 
Әулиетас, 
Найзатас, 
Қорғанынан. 
Топ терегi толғанып томсырайып, 
Тобылғысы бастады толғанып ән. 

260
Iзiн кессем бабамның 
өр, бағылан, 
Соқпақтары салады жолға бұлаң. 
«Баянаула басында балалы құр...»
Қызғыш құстан аумайды көл қорыған. 
Тар жол, 
тайғақ кешулi қиындықтың
бәрiн жеңдiң,
Жазмыштың сыйын күттiң. 
Тұлпарыңнан тұсамыс алынбаса 
Ұрпағыңнан мызғымас ұйым күттiң. 
Тұрмағасын басыңда 
дүйiм құт күн, 
Күдерi жал күндердiң 
күйiн күттiң. 
Тоғайтады көңiлiңдi 
тоқсан толғау –
Соны айтады баласы Сүйiндiктiң. 
«Өтедi екен дүние қас қағымда, 
Ойнап­күлген жарасар жас шағыңда...» 
Аяны бар Мәшһүрдiң түсiне енген, 
Баяны бар таңбалы тастарында. 
Қырандары шың­құздың бастарында, 
Бұқар баба жырының астарында. 
Сұлтанмахмұт, 
Жүсiпбек, 
Олжас болып – 
Асуынан Ақбеттiң аспадың ба? 
Жиендерi бұл елдiң жұлдыз Шоқан, 
Қаныш, 
Әлкей, 
Шәкенi асқарында. 
Баянаула басынан бұлт сейiлсе – 
Жұлдыздары самсайды аспанында. 

261
Дала, расы, жаралған 
Ақық, 
Ардан, 
Баламасы Баянның –
Ақын, 
Арман. 
Өрiмiне өлеңнiң өкiнбейiн – 
Қапияда мергендей қапы қалған. 
Тiрлiгiңнiң аты – өмiр, 
Заты – жалған, 
Керуен соққан күндердiң 
хаты қалған. 
«Ақ сиса» ақын Мұса өткен 
Ақбеттауда – 
«Мұстапасы Шорманның атын алған». 
III
...Ай өттi – 
Жаяу Мұса тас түрмеде, 
Таланып қандалаға, 
аш бүргеге. 
– Оязға арыз айдап несi бар, ей, 
Шығарған өз үкiмiн қашқын неме! 
Тар қапас, 
темiр тордан терезесi, 
«Пендеге пенде болған»
деген осы. 
Есiңнен тандырардай
ер егесi,
Ережесiз ғұмырдың ережесi. 
...Сонымен тас түрмеде Жаяу Мұса, 
Көңілі көп тобырға қаяу Мұса. 
«Көлденең көк атты» деп ойламаңдар, 

262
Сезімі сергек, 
жаны ояу Мұса. 
Өрт болып өзегінде лаулап арман, 
Тағдыр бұл –
тасқа барған, 
тауға барған. 
Ғұмыры қосылмайтын соқпақтары
Шорманның ұрпағымен дауға қалған. 
Осында ұры­қары, 
қашқын көші, 
Тобылдың тор терезе, 
тас түрмесі.
Тамсанар талантыңа орын емес, 
Қан сорар қандаласы, 
аш бүргесі. 
Көктеген көктем сайын көп өлеңнен, 
Бүр жарып кетсең сен де көгерер ме ең? 
– Ақынды абақтыға айдатқан кім, 
Түрмеге Жаяу Мұса неге келген? 
Сайраған бұлбұлы еді жыршы бақтың, 
Көңілдің көк толқыны тыншып ақтың. 
Байжанның баласының өлеңінен 
Жауабын бірге іздейік бұл сұрақтың:
«...Сәлем айт көп Қаржастың баласына, 
Қалдым мен Мұстапаның жаласына. 
Әкеңді өлтірген кім – мен білмеймін, 
Сонда да құнын менен аласың ба? 
...Тобылға он екі жыл мен айдалдым, 
Артымда, елім, жұртым, бәрің қалдың. 
Адамға еш жазығым жоқ болса да 
Нақақтан жазаландым, 
көп сандалдым».

263
Зауалды басқа берме, 
құдай тағы, 
Шырайын шындығыңның жыр айтады, 
Жыр айтса жанымызды мұңайтады. 
– Елім! – деп еңіреген елік көңілі 
Өлеңді Жаяу айтпай кім айтады?..
Көкке ұшқан көңілінің қазы міне, 
Алаштың баласының азығы де. 
Құса күн қаяу қонған қабағына 
Мұсаның Жаяу болған жазығы не? 
Тазалап зарлы жүрек, 
мұң көңілді, 
Ақбеттің ар жағынан күн көрінді. 
Баянтау! 
Барыңды жай алдымызға, 
Жасыбай, 
жасырмай айт білгеніңді. 
Өткеннің түгендейік қай наласын, 
Жұртым­ай, 
бір шеңберді айналасың. 
Азапқа азаматты байлағасын, 
Ақынды абақтыға айдағасын. 
Емес­ті елі бөтен, 
жері бөтен. 
Жезқанат жез маралдай желіп өтем. 
Мұсаға Жаяу атын қосып беріп 
«Жаяудың шаңы шықпас» 
деді ме екен?!.
Зулашы! 
Керуен­күн, тоқтамашы, 
Ақынның әлімсақтан жоқ бағасы. 
Шорманы орманына қорған болған 
Қаржастың қаршығадай көп баласы. 

264
Көңілде қайырлаған қайран күйсің, 
Қайрылсам қайырмаңа пайдам тисін! 
Екі бас бір қазанға сыймағандай
Бір елге екі Мұса қайдан сыйсын! 
Келе алмай кей жақсымен келісімге, 
Келтелеу ой болған соң 
кегі ішінде.
Әке – Шорман, 
ағасы – Мұса мырза, 
Бір тентек жүрген шығар ел ішінде. 
Қорлыққа көнбес еді, 
күші аса емес, 
Жаяудың көрген күні –
қысас, 
егес. 
Сол маңның содыр мінез 
сойылшысы – 
Шорманның Мұстапасы, 
Мұсасы емес. 
Жаяудың көрген күні –
түрме, 
дырау, 
Арты қайыр боларын білмедің­ау. 
Ақ самал аңқылдайды ақын мінез, 
Ел мынау, 
сөгілмеген ірге мынау. 
Алдыңда сенің жарық күнің көрер, 
Құлаққа құбыладан үнің келер. 
Тас шайнап тарланбозым 
түрмеде отыр,
Түндігі көңілінің түрілген ер. 
Өлең боп өріс тауып өмірі алдан, 
Көгерткен көңілінің көгін арман. 

265
Ары боп Ақбеттаудың ақын өткен 
Аттыдан жаяу жүріп кегін алған. 
Санаңды сарғайтатын 
сан алаңы, 
Шабытпен шалқарларым шағалалы. 
Бұл дүниә – әлімсақтан қазақ үшін 
Атты менен Жаяудың аламаны. 
Жаяу толқын, 
Жаяу күн, 
Жаяу арна, 
Жапырағымды жайқалтып жаям алда. 
Дара туған алыптан айналайын, 
Жаратылған жарықтан Баянаула! 
ІV
...Баян Баян болғалы, 
Көкалалы көп үйрек 
Көліне кеп қонғалы, 
Сан жыршылар жырлады, 
Сан ақындар толғады. 
Торсық шеке ұландай 
Толып туған толғағы. 
Шың басында қырандай 
Айналаны шолғаны. 
Биікке алып шығардай
Соқпағы мен жолдары. 
Құла дүзде құландай 
Құйындатса – сол бағы. 
Қасиетіңді ұға алмай 
Сорламасақ болғаны. 
Ұлтымызға ұрандай 
Ұлы дала қорғаны – 
Сен аман тұр, Баянтау! 

266
Жапан дала, 
құла дүз, 
Тұна қалған жыр­аңыз. 
Бұл өлкенің өткенін 
Мына бізден сұраңыз. 
Баян, 
Баян, 
Баяным, 
Сарыбелде саялым, 
Атырабыңды аялап, 
Жапырағымды жаямын. 
«Елім­айлап» ел көрдім, 
Сергелдең боп 
сенделдім. 
...Ай артынан ерген Ай
Күн артынан ерген Күн. 
Баянауыл – ән басы
Қазақ үшін қашаннан. 
Тағдырымның таңбасы 
Тастарыңда қашалған.
Сен аман тұр, Баянтау! 
* * *
Биікте көк тәңірі, 
Төменде қара жер жаралғанда, 
Екеуінің арасында адам баласы жаралған... 
«Күлтегін» ескерткішіндегі жазу
 
Сау тұрғанда қара жер, 
көгім, 
күнім, 
Өріп берем өлеңмен өмір гүлін... 
Баян жайлы аңыз көп осы өңірде, 
Баян еткім келіп тұр соның бірін. 

267
Арай сүйіп аймақты 
Ар тұнғандай, 
Шұғылаға шуағы шарпылғандай. 
Адам­Ата – Хауа­Ана кезікпей­ақ 
Қасиетті қара жер бар тұрғандай. 
Өткені – өлең Баянның, 
сыры – ертегі, 
Онсыз қазақ қалайша күнелтеді? 
Адамзат аз, 
құрлығы саз заманда –
Екі қауым ел жайлап бұл өлкені. 
Жаз кеп қалып, 
соңынан күз кеп қалып, 
«Сен...» деп қалып бір­бірін, 
«Сіз...» деп қалып, 
Екі қауым ел жайлап бұл өлкені, 
Ғұмырының баянын іздепті анық. 
Тірлік шіркін көкпар ма,
аламан ба? 
Адам кейде ұқсайды жаралы аңға.
Шұрайлы да шырайлы жерді көріп 
Екі қауым басыпты: 
– Мен аламға... 
Таласыпты көркіне таңдай қағып, 
Таңдай қағу аяғы 
дауға айналып. 
Алақандай атырап дауға айналса,
Егіз жатқан екі жұрт жауға айналып. 
...Қасиетіне бас иген қатынасқан, 
Бөлекшелеу жаралған заты бастан. 
Осы өлкеде көріктің көрігіндей 
Аппақ Ана болыпты ақылы асқан. 

268
Ақиқатын айтайын сөз бергенде ел, 
Таразылап өздерің 
безбендеңдер! 
Аппақ нұрдан жаралған Ақ Ананы 
«Бай Ана» деп атапты көз көргендер. 
Аян болып бұл талас аумағына, 
Батырына сұрапты сауғаны да,.
Игі­жақсы жиылып Бай Анадан 
Кесім сұрай келіпті дауға мына. 
Бізге жеткен осылай толғақ аңыз, 
Санамызда сарғайтпай толғанамыз. 
Ақ самалға сүйгізіп ақ жаулығын 
Арналы сөз бастапты сонда Анамыз: 
«Ай, ағайын, абайла! 
Мәмілеге дау көнбесе 
Айналады дамайға.
Бірлігіңе ендеше 
Бітім керек қалайда. 
Палуандарың белдессін, 
Жамбы ату да – қиын сын. 
Ел сонымен елдессін, 
Жер жеңгенге бұйырсын!» 
Айтып өмір өлеңін, 
Жұрт тарапты мамырлап. 
Ақ Ананың дегенін 
Ақ батадай қабылдап. 
Байламды ойдың байыбы нұр естіріп, 
Көңіліне көгершін ілестіріп. 
Екі қауым жүйрігін жарыстырып,
Екі қауым палуанын күрестіріп. 
Жазирасы жаһанның жалғап қызық, 
Кеш батқызып, 
содан соң таңды атқызып. 

269
– Жеңгендерің жерге ие боласың, – деп 
Мергендерін сынапты жамбы атқызып. 
Ай сығалап Алаштың түндігінен, 
Екі қауым байланған кіндігімен. 
Күн артынан керуен күн жылжысын – 
Асып кете алмапты бір­бірінен.
 
Тірелген соң тұйыққа тұйғын ері, 
Бірін­бірі ала алмай шүйлігеді. 
Шетен даудың шетіне шығар емес
Жақсылары екі елдің, 
игілері. 
Қайырламай тірліктің кемесінде, 
Қарсы жүзіп толқынға келесің бе? 
Шешімімен, 
кесектеу кесімімен 
Қалды мәңгі сол аңыз ел есінде. 
– Ертеңі бар елміз ғой, 
өсер егіз, 
Толып тұрған жазуға пешенеміз.  
Бай Ананың ауылы болсын мәңгі, 
Көгермейді дауменен көсегеміз. 
Кең өлкенің ырысы жатар асып, 
Емес бізге дау­дамай ата кәсіп... –
Бай Анаға баянды болсын айтты 
Батар кеште екі жақ баталасып. 
...Төбел күнде төсінен күй ұққасын, 
Бабаларым бауырыңда ұйықтасын! 
Бай Ананың Баянды ұрпақтары 
Баянтауға өтеді иіп басын.
Іздегенде мұхиттан мұрамызды, 
Құба жонды қиялап, 

270
құла дүзді, 
Баянаула, 
БАЙ АНА, 
Баянауыл... 
Тарқатайын осылай бір аңызды. 
V
...Басыңнан өтті білем тасыр заман, 
Көгінен қара нөсер басылмаған. 
«Ақ сиса» – ән биігі қазақтағы, 
Зұлмат пен зорлығыңа бас ұрмаған. 
Баянтау – жер асылы, 
жыр тәңірі, 
Шындыққа шырай беріп шырқар ұлы. 
«Ақ сиса» – толқын­толқын керуеннің 
Басынан көкке ұмтылған сұңқар үні. 
Жалғассам жалғаныңа жалған дер ме, 
«Ақ сиса» – аққу әуен арман көлде. 
«Ақ сиса» – жаяулықтың жармасқаны 
Аттының шаужайына жан дәрменде. 
Жаралған – 
бір білерім –
дала нұрдан, 
Самалы айналады саналы ұлдан. 
«Ақ сиса» – ақ дүниеге іңкәр болып
Өнердің өр толқыны жағаны ұрған. 
Самсаған сары белдің санатында, 
«Ақ сиса» – ән ішінде дара тұлға.
«Ақ сиса» – қарашада қайтқан қаздың 
Арман боп сусылдаған қанатында. 
Аттылар қай кезде де асқан заман – 
Жаяудың жанарынан жас парлаған.

271
«Ақ сиса» – Байжанұлы бабамыздың 
Рухы Ақбеттаудай аспандаған: 
«...Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса, 
Жарасар қамзол сұлу белін қиса. 
Шорманның Мұстапасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса. 
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса? 
Жиылып орыс, қазақ қашқын дейді, 
Көрермін ақыр бір күн күнім туса.
Жаныма батқандықтан ашынамын, 
Мен неге жаяумын деп басыламын?! 
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын, 
Қорлығын Мұстапаның паш қыламын...»
Жаяудың көрген күні 
құса, нала, 
Қанатсыз биікке құс ұша алам ма? 
«Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса...» 
Соны ерте сезініпсің, 
Мұса баба. 
Қасиет табылады қай арнадан, 
Айдынға қайық салса аяулы арман. 
Шорманның Мұстапасы атын алса, 
Мұсадай «Ақ сиса» ақын жаяу қалған. 
Ай нұрын аялаған асыл күйдің 
Рухынан от оранып, 
жасын кидім. 
Аттыны ат үстінен домалатқан 
«Ақ сиса» аруағыңа басымды идім. 

272
* * *
1840 жылдардың екінші жартысынан 
бастап  Баянаула түгелдей Орыс 
казачествосының запас жеріне айналды. 
Қыс қыстау, жаз жайлауы тарылған 
Шорман тұқымының Айдаболдың 
Малқозысымен,  Жаяу Мұса елімен 
егесінің басталған кезі осы тұс. 
Өткеннің өксігінен жаным жүдер, 
Өлеңім, өзекті өрте, 
бағымды бер! 
Сен неге жар салмайсың, Жасыбай көл, 
Сен неге толқымайсың, Сабынды көл?! 
«Ақ сиса» – арман дүние, 
жыр­аңыз де, 
Шындықтың шырайына шырақ ізде! 
Бабалар өшкен, өлген, 
өскен­өнген –
Талатын құс қанаты құла дүзде. 
Бұл өлке ақынынан жыр күткендей, 
Көңілдің көп құстары дүрліккендей. 
...Шорманның қыс қыстауы – «Қызыл ағаш» 
Ішіне мәңгілікке сыр бүккендей. 
Жүгінген құдіретке Құран ұстап, 
Бабалар тастап кеткен мұраны ұқсақ... 
Қызарып батқан күнді 
«Қызыл ағаш» 
Тұр әлі қимастықпен шығарып сап. 
Ақынның айналғандай мұңдасына, 
Қыраны ұя салған шың басына. 
Сен әлі мөлдірейсің, Шорман бұлақ –
Сыр айтып ақ қайнардың тұнбасына. 

273
...Тарихтың аршылатын көмбесінде, 
Тұлпардың тұғырында, 
кермесінде. 
Ел ауған, қайың сауған сонау жылдар –
Күй тұнған домбыраның пернесінде. 
Сонау жыл – жарық күннің жамалында, 
Көк аспан, 
қара жердің жанарында. 
Тоғыз түн толғатсаң да таусылмайтын 
Қобыздың қасиетті шанағында. 
Жарық күн жандарына жара салған, 
Кезің жоқ, мәрт бабам­ай, 
аласарған. 
Қалың қол ат ойнатып, 
казак келіп –
Баянның баурайына қала салған. 
Сайлап ап бес қаруын 
жарақталған, 
Қалың қол ауылды алған, 
алапты алған. 
Атойлап ат ойнатқан атаманға –
Тосылып қыр қазағы қарап қалған. 
Уақыт – жемтік болса, 
Заман – қарға, 
Бағдар жоқ оң мен солды бағамдарға.
Қаржастың қалың елі 
бағым еді,
Жайлауы тарылған соң амал бар ма? 
«Арқада бір құтым бар – Мұса, Шорман, 
Ежелден келе жатқан ескі қырдан». 
Сал Біржан әнге қосып әуелетсе, 
Кең алқап керілетін кешкі нұрдан. 
18­266

274
Айнымай ай санаған ықыластан, 
Күні жоқ ағайынмен шытынасқан. 
Арқаның Мұса, Шорман құты болса –
Қалайша қас қағымда құты қашқан? 
Көңілің көп құстарын көлбеткенде, 
Қалады мейірімге шөлдеп пенде. 
...Баянға орыс­казак жиылып кеп –
Қала сап, қада қақты сол көктемде. 
* * *
Ай, 
Баянымды алғаны – 
Сая күнді алғаны. 
Саялымды алғаны –
Аяғымды шалғаны. 
Баянтауды алғаны – 
Жасыбайды алғаны. 
Жасыбайды алғанда –
Басыбайлы алғаны. 
Кім сұрайды сауғаны, 
Қалың мұңың – шер ме еді?..
Ақбеттаудың таулары,
Сабындының көлдері... 
Қыран көрдім ұшырып, 
Құзға барып құлады. 
«Қызыл ағаш» қысылып,
«Шорман бұлақ» жылады. 

275
VI
Аздың да ісі бітер ме, 
Көптің де ісі жетер ме, 
Көп ішінде бір жалғыз 
Сөйлеп те сөзі өтер ме?..
Бұқар жырау 
Қанатсыз құс биікке ұша ма екен, 
Аяғын кім жүйріктің тұсады екен? 
Айдап алар малы жоқ өрісінде, 
Көп ішінде бір жалғыз... 
Мұса ма екен?..
Өткеніңді тастамай күресінге, 
Күй күмбірлет! 
Күндердің күнесінде. 
Бай Ананың кезінен Баянтауда –
Бақыт құсы ұшып жүр, білесің бе? 
Бұлағай күн бұзса да көңіл хошын, 
Өрге тіккен өрені өмір қосын. 
Мұса, Шорман өрісі тарылғаны –
Өрт шалғаны, дариға­ай, 
ел іргесін. 
Кер күндер­ай, 
керілген кермедейсің, 
Тереңімді тербетіп, 
тербегейсің. 
Сен не дейсің,
Ақбеттің асулары,
Ащысудың өзені, 
Сен не дейсің?!.

276
Түгел сөзің түбі бір... 
түс, 
аңыз ба, 
Қанат байлап, білмеймін, 
ұшамыз ба?
«Ақкелінге қалашық тұрғызам...» деп 
Жоғарыға хат жазған Мұса мырза. 
Мына хаттың мәнісін жұрт аңдады, 
Көңілінің жер тарпып тұлпарлары. 
Атамекен – Ақкелін, 
Ақшоқысы – 
Айдаболдың Малқозы бір тармағы. 
Алағайың туса да 
бұлағайың, 
Мынау мекен атадан мұрадайын. 
Ақшоқыда ашынды бір қауым ел:
– Қалай ғана басынды бұл ағайын?..
Ұшып жүрген басының бағы айнала, 
Айдаболға Ақкелін – арай дала. 
Арқадағы асылдың сынығы еді,
Мұса, Шорман басынды қалай ғана? 
Елге егесті туғызған 
жанға дауыл, 
Бұл сынақтың – 
білгенім – салмағы ауыр. 
Жараса ма қайтадан ағайынмен 
Қарашада күзеуде қалған ауыл?.. 
Қапаланса қалың ел –
қарындасың, 
Шыдам қалай шытынап 
жарылмасын? 
«Қайда болдың?..» дейтін де сауал туар –
Айдаболдың айдыны тарылғасын. 

277
Айдау жолға шиқылдақ арба шықты, 
Ай, заман­ай, 
жауыр тай жорға шықты. 
– Мен де үй салам ол жерге Мұса салса... – 
Мұстапасы Шорманның ол да шықты. 
Есеңгіреп ел іші... 
қалды бәрі, 
Жапандағы жартастар жаңғырады. 
– Айдаболдың айбалта ұстайтұғын 
Айналайын ағайын, бар ма ұланы?! 
Сынаққа алар тұл тағдыр талай ұлды, 
Аямай төк, 
Ақбеттау, арайыңды. 
Орыс­казак олжаға батты білем –
Қырқыстырып қырдағы ағайынды. 
Солдан соқса сол дауыл – сор айнала,
Өкпек желі өткеннің... 
солай, бала. 
Олжабайдай батырдың ұрпақтары 
Олжа бола қоймайды оңай ғана. 
Мұң шақпайсың сен неге, мұнар далам, 
Шыңдарыңда шалқиды шырағдан­ән. 
...«Ақ сисалап» араңнан ақын өтті
Ұлтарақтай жері үшін ұрандаған. 
Ақбеттаудай, 
Жасыбай, 
Баянындай, 
Қайдан тапсын тірлікте сая мұндай.
«Ақ сисалап», 
арындап, 
аршындады 
Жаяу Мұса жарқылдап жай оғындай. 

278
Үмітінен үзбеді бар күдерін, 
«Ақ сисада» ашығы әңгіменің. 
Ән шалқытып Алаштың аспанында –
Жаяу жүріп аттыдан алды кегін. 
Не қалады шайқалса тұнығыңнан, 
Ақшоқының апшысы қуырылған. 
Кіндік кескен жер үшін 
сонда ақынның 
Қынаптағы қылышы суырылған. 
Кесір күндер кеткен жоқ кекке айналып, 
Өшкен ғайып, дүние­ай, 
өткен ғайып. 
Сәлем айтып Қаржастың баласына –
Тобыл жаққа сол ақын кетті айдалып. 
Қасиетім қалың ел – тұтас орман, 
Өткеніңді өрт шалған 
құса, 
сордан. 
Сен аман бол, 
«Ақ сиса» – Жаяу ақын –
Арқадағы бір құтым Мұса, Шорман. 
Ақбеттаудан абайсыз нар құлады, 
Жартас біткен соны айтып жаңғырады. 
«Кімдер жаяу қалмайды зорлық қылса...» 
Жаяу Мұса... 
«Ақ сиса» – Ардың әні... 

279
* * *
Тоқсан төртте жасым бар, 
Енді жүрек басылар. 
Мені жүргелі жатырмын, 
Қоштасайық, халқым-ай! 
Еңбегім сіңген Ақшоқым, 
Содан орын қазыңдар... 
Жаяу Мұса 
Алас! 
Алас! 
Алас күн! 
Гәкку саздар – толы әні. 
Айдынына Алаштың
Аққу­қаздар қонады. 
Талапайға түстің бе, 
Талайыңнан қаштың ба?.. 
Қара жердің үстінде, 
Көк аспанның астында. 
Шырағыңа білтемін, 
Шақпақ жақсаң лаулаған. 
Қазақ деген жұрт едім 
Аққу­қаздан аумаған. 
Тағдырыңа алаң кім, 
Туған жердің тұнығы. 
Жаяу Мұса бабамның 
Тоқсан төрт жыл ғұмыры. 
Көктем көктеп... 
күз келген 
Баянаның таулары. 
Ақшоқының біз көрген 
Алақандай аумағы. 

280
Қазақ үшін – 
білгенім – 
Баянаула – бақ отау. 
Ашық болсын күндерің, 
Қаратау мен Алатау. 
Тарқамайтын тойым ең, 
Ұлы дала қорғаны. 
Үш Қиянның бойы мен 
Қызылжардың орманы. 
Өзегіндей өмірдің 
Өлеңімді өргенмін. 
Киесі бар жерімнің –
Иесі бар...
Сол – менмін! 
Шайқалмаған ырысы, 
Сөнбейтұғын жақса оты. 
Бұл қазақтың – 
дұрысы –
Әр шоқысы – Ақшоқы. 
Желпілдемей түндігі, 
Тірлік кешкен жасымай. 
Бұл қазақтың –
шындығы –
Әр өзені – Жасыбай. 
Жаудың шықса жат үні, 
Қорғап ата мұраны, 
Жаяу­жалпы ақыны 
Алдаспан боп шығады. 
Тұнық көлдей тұнамын, 
Жерұйығым... 
талас көп. 
Күнге қарап тұрамын: 

281
– Алас! 
– Алас! 
– Алас! – деп. 
Жаза алмаймын жарқын жыр, 
Тамылжымай таң нұры. 
«Ақ сиса» боп қалқып жүр 
Бар қазақтың тағдыры... 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет