Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет4/11
Дата15.03.2017
өлшемі1,07 Mb.
#9883
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

БУДАН ӨЛЕҢ
Жақұт тұнып жұлдыздың жанарына
Қара шашын қара түн тарады ма?.. 
Басы айналған бақыттан бұла дәурен 
Барқыт белдің оралып балағына.
Құла құнан құлағын қайшылап ап, 
Түндігінен ақ үйдің ай сығалап.
Жаз жайнаған жанында бала ақынның
Жалпақ жұртқа атағын жайсын алап. 
Сұлу қыздай сылаңдап,
сағым қашқан,
Толқындаған жүректе лағыл дастан.
Көктем сыйлап көңілге сөз келелі,
Боз көделі боз дала бағымды ашқан.
Сол далада аяулы сезімдерім,
Сезімдерім,
сағынар кезім менің.
Төзімді едім не деген...
Көзімде – мұң...
Мына заман қай заман,
қай­қай заман –
Боз даланың боздатқан бозінгенін.
Сәті туса салады сайран дала, 
Қой емеспіз айналар айналмаға. 
Жабағының жалындай желбіреген 
Ескі сурет жаңғырдың қайдан ғана?
Шұғыла іздеп жатқанда шулап әлем,
Ауыл, дала деймін де
тулап өлем.

100
Кешегі мен бүгіннің арасынан –
Туа қалған бұл да бip будан өлең...
Жырдан кие қашады ажарласам, 
Барып қайтқан ел едік базарға сан. 
Айтарыңды жеткізіп сен айтарсың,
Жазарымды жеткізіп жаза алмасам...

101
АЗАМАТ ЕРДІҢ БАЛАСЫ
(Қажымұрат Нағымановқа) 
Жаныңнан таптым жарасым, 
Айбозым болған Алашым. 
Аға деп неге айтпайын – 
Азамат ердің баласын. 
Ер ішіндегі Еңселім, 
Өлеңдей сұлу өлшемің. 
Сергелдең сәттің Сенімі, 
Сертке ұстап шыққан Семсерім. 
Шабыттың шалқып шалқары, 
Өзіңді жақын тартады. 
Ұлытауымның ұлары, 
Тарбағатайдың арқары. 
Шапқанда намыс қаныңа, 
Тағдырың табыстады ма?.. 
Үш жүзге бата оқыттың –
Сәкен мен Сәбит секілді 
Алаштың арыстарына. 
Жапырақ жаяр ағашым, 
Өзіңді саялағасын. 
Ақын біткенді, ағасы, 
Рухтың шырақшысы деп 
Аққудай аялағасың. 
Арқада жүрдің арымай, 
Шығыста жүзген жарық Ай. 

102
Керуен де керуен көшімді – 
Ұлтыңдай ұлылықпенен 
Бастаған қара нарым­ай. 
Өмірдей болған өлеңі, 
Өмірдің гүлін өреді. 
Өзіңді ұлым деп еді 
Шал ақын туған шалқарым –
Сегіз серінің сері елі. 
Жүректе жазылып атың... 
Жаныңның жазын ұғатын, 
Көңіліңнің сазын ұғатын, 
Қызылжар қыран деп білсін 
Қазақтың Қажымұратын! 

103
ҰЛЫТАУ ҰЛЫ
(Мұқашқа)
Тірлік біткенге тамыр беремін,
Сорым да өлеңім,
бағым да өлеңім.
Мұқаш бауырым сәлем жолдапты
Мұңайып жүрген шағымда менің.
Өмipде, білсең, сыры көп думан, 
Жүректің содан жыры көп қуған. 
Дариға көңіл дәридай ақын 
Ұлытауының ұлы боп туған.
Шаппайтын кезде шаба салатын, 
Таласар жерде таласа алатын. 
Алқам да салқам қалпымен осы 
Арқаға ғана жарасар ақын.
Жан емес едің жыртық ұғымы, 
Ояттың бүгін түртіп ініні.
Ұлытау деген ұлтым ғой менің,
Ұлытау ұлы –
Ұлтының ұлы!
Жыр болып жастан жаңғырып едің,
Шапқан жеріңді шаң қылып едің. 
Тайжаннан кейін Ұлытауымнан
Айтысқа түскен даңғылым едің. 
Ақынын ұққан асыл деп елім, 
Сендермен жаңа ғасырға енемін. 

104
Алматы келсең, 
алдымен, Мұқаш, 
Көзіңмен сүйдің жасыл желегін.
Жанына cepiк жастан иманы,
Ақынның біздер аспанилары.
– Мұқаш қайда? – деп сұрайды жиі
Жетісу жақтың жас қайыңдары.
Сары далам – сайран,
сазды мекенім,
Түргенде самал жаздың етегін.
Ақын досымды іздеп барам да
Ұлытауыма тағзым етемін.
Сағынар жанды сағына алатын,
Намысын тасқа жанып алатын. 
Ұлы бесікте мәңгі тербелер 
Мұқаш бауырым – бағы бар ақын...

105
ЕСКЕНЕ
Әні Илья Жақановтікі
Жаңаарқаның жәннаты Ескенеде,
Саған ауған көңілім дес бере ме? 
Сарыбелді сарғайтып сағыныштан – 
Салдың, қалқам, әніңе кеште неге?
Ескененің ен жайлау ерке белі, 
Талдыбұлақ наз күйін шертер еді.
Ескенеде есілді есіл күндер – 
Есіл күндер осынша келте ме еді?..
Алға жылжып уақыттың дөңгелегі, 
Желмаядай жылдарым желген еді. 
Ескенеден ескенде ерке самал – 
Еске аларсың, қалқатай, сен де мені...

106
САРЫӨЗЕКТІҢ САРЫ ҚЫЗЫ
Тырналардың қайтқан кез көп тізбегі, 
Kөгepмегip ойым жоқ көкті үзгелі.
Арқар ұлы Арқаның жолға шықты, 
Арқарлының асуы, өткіз мені.
Көңіліме сол қалқа
ұнады да,
Әуен келді мың түрлі құлағыма.
Сынақтардың мекені – Сарыөзектің
Сары қызының барайын сынағына.
Қызық кетті, қарағым, сен кеткелі,
Ceзімімдi жетейін емдеткелі.
Сарыөзектің өзегін өлең eтіп –
Қоғалының қоғасын тербеткелі.
Сарыөзегім,
мекені сынақтардың,
Сары қызыңмен сен маған ұнап қалдың.
Жауабы жоқ тәрізді тірлік осы –
Сауалы көп сарғайтар сұрақтардың.
Жастығымды жылдарым тонады да, 
Сол ауылдың айналдым қонағына.
Сіздің көңіл, көкесі, жоғарыда, 
Біздің көңіл... 
Қонаға Қоғалыда.
Шабыт барда шалқардай шалқып ағам,
Күндеріммен кезігіп жарқыраған.
Арқарлының асуы, өткізе гөр
Арқар ұлын Арқаның арқыраған...

  ГҮЛГҮЛ ӨЛЕҢ

109
ҚАП ТАУЫНАН ОРАЛҒАН
Майданда өлген жауынгердің 
Жалғыз түйір қанымын...
Рафаэль
Өлең­жыр деген – қазаққа мәңгілік шынар, 
Мәңгілік шынар сыбдыры жаңғырып шығар. 
Рафаэль аға – аты да өзгеше шайыр, 
Өзгеше мінез көрсетсе заңдылық шығар.
Қарақшы қоғам қабақпен сырын бақтырған,
Ырымды­ақ қылған...
Ұл едің жырын бақ қылған.
Құрсақта қалған шарана шәйіт әкеден –
Қантөгістерге қарғыс деп шырылдап туған.
Айдынға қонса көңілден қаздарың жаңа, 
Толғап бір кеттің сезімнің саздарын ғана. 
Майданда өлген әкенің 
Жалғыз­ақ тамшы 
Қанында қалған өлең ғой жазғаның, аға.
Айбының асар уақытты Тәңір біледі, 
Қол соғар бүгін қазақтың сағымды белі. 
Арғымақ сыйлап ағайын қарсы алар ұлын – 
Алтыннан алқа таққанда Шәмілдің елі!
Булығып қалып жүрмейді бұлқынған үнің, 
Жырыңның білсе әйтеуір жұртың қадірін. 
Ақ семсеріңді, ағасы, аялап ұста, 
Ақындығың мен батырлық – бір туған ұғым.

110
Лаулайсың, білем, өзектен өрт кетпегендей, 
Серт боп келердей бұл өлең, дерт боп келердей. 
Тәңірден басқа мықтыны танымайтұғын – 
Мағауин ағам соңынан текке ертпегендей.
Арымен жаяр әманда Алаш қанатын, 
Қап тауынан да, Рафқа, әрі асқан атың. 
Шешеннің елін шешеңнің еліңдей сүйдің, 
Таласта туып, тағдырмен таласқан ақын.

111
ДОС
(Зайлағи Кенжалиевке)
Ей, Зайлағи бауырым, 
Біздер келген қырыққа 
Сен де келіп қалыпсың. 
Көнбейтұғын ырыққа 
Жерге келіп қалыпсың.
Қошта, мейлі, қоштама, 
Жетер жұрт бар бағаңа. 
Еркелейсің досқа да,
Еркелейсің ағаға.
Еркелейсің бәріне, 
Қылық тауып не түрлі. 
Салиқаға әлі де  
Кенже бала секілді.
Сен де айтасың елге сыр, 
Тербеткенде таңғы арай. 
Көңілі бар көл­көсір 
Қарға бойлы қарғам­ай.
Ей, Зайлағи, Зайлағи, 
Арман көп қой қуғанға. 
Қырық деген жасыңда
Сен жігіттің гүлі едің. 
Сәл ертерек туғанда 
Сәкендердің қасында 
Жүретұғын ұл едің.

112
Сені көрсем, Зайлағи, 
Айдын шалқар Аралдың 
Тасығанын көремін. 
Сүттей аппақ ғаламның 
Ғашық әнін көремін. 
Мына түлкі заманның
Қулықтары таусылып, 
Қып­қызыл ғып құйрығын 
Қасығанын көремін.
Ей, Зайлағи, Зайлағи, 
Кейде ұқсайсың жалқыға
Жалғыз туған еркедей, 
Көпке жетіп дерегі.
Аян менің халқыма 
Қой бастайтын серкедей
Сендей ұлдар керегі.
Қырықыңда, Зайлағи, 
Тектілікті ұқтырып, 
Бақ айналып басыңа, 
Қызыр ием қарасар. 
Қырықыңда, Зайлағи, 
Қырық отау тіктіріп, 
Қырық қызды қасыңа 
Отырғызса жарасар.
Ей, Зайлағи, Зайлағи, 
Өлең де бар ойымда, 
Шырқап салар әніміз. 
Қайда думан, қайда күй, 
Тарқамайтын тойыңда 
Кездесеміз әлі біз, 
Кездесеміз бәріміз...
1999

113
ӘУЕНІН АҚҚУ ҚҰСТАЙ ӘУЕЛЕТКЕН
(Қайрат Байбосынов 50-ге толғанда)
Көңілдің күйін күнде мұң бұраған, 
Бұлақтың тұнығындай сылдыраған. 
Ағайын, араңызға Кайрат келді – 
Дүбірді дүбірлеткен дүлдүл ағам.
Беу, Қайрат! 
Ән тербеген ғұмыр едің, 
Тұғырыңа шығарар бүгін елің. 
Алаштың рухы бар дауысында, 
Сәкеннің сәнін алған бір ұл едің.
Беу, Қайрат!
Көне өнердің көзіндейсің,
Ән салсаң сел ақтарған сезімдейсің.
Әуенін аққу құстай әуелеткен –
Сал Біржан, сері Ақанның өзіндейсің.
Кайрат – Ән, 
Көңіліңнің наз қонағы, 
Жаныңның жарық күні жаз болады. 
Көзіңнің қарасынан көктем есіп – 
Арыңның айдынына қаз қонады.
Аштырар сырсандықты сырлы жүрек, 
Сол сырды ақын біткен жыр қылып ек.
Арқаның аспанында айналып жүр –
Қайратқа ән боп қонған бір құдірет.
Сарғайтқан сол әуеннің сазы нұрдай, 
Беу, Қайрат,
Ән – әлемнің қазығындай. 
8­266

114
Жұртыңа ақ самалдай аңқылдашы 
Жазира Жаңаарқаның жазығындай.
Сағымы сары даланың сырнайлады, 
Ініңнің тереңінде жыр қайнады. 
Төсінде туған жердің желбірейді – 
Қазақтың өнерінің бір байрағы.
2000. 
Жаңаарқа

115
БИШІ
(Гүлжан Талпақоваға)
Сезіміңді серпілтіп зар күйіне, 
Мың ырғақ,
мың қимылға салды үйіре. 
Дөңгеленген бишінің құдіретімен 
Дөңгеленіп барады бар дүние.
Емсіздерді бұл ырғақ емдер еді, 
Өңсіз жерге бұл өнер өң береді. 
Көз алдымда 
аққу­қаз таранады – 
Көз алдымда
ақ қайың тербеледі.
Бір ғажайып тербетіп күйде сені,
Жанарыңнан ғұмыр боп би көшеді. 
Жаныңыздың жәннаты жұпар шашып, 
Би дегенің бишімен үйлеседі.
Үйлескенде бишіге би дегенің, 
Керемет бір керімсал күйге енемін. 
Көңіл серім бебеулеп, 
беу, дариға, 
Өмір, 
сенің тіліңді үйренемін.
Өнер, сенсің табынар тәңірім де, 
Кұдірет бар әйтеуір әміріңде. 
Билеп­билеп алған соң биші қыздың 
Кетеді екен айналып жаны гүлге.

116
Жаны гүлге айналып, еркемізге, 
Жатыр Гүлжан той жасап ерте күзде. 
Би дегенің – жастықтың жарқылындай, 
Биші жасы – қашанда он сегізде!..

117
АҚЫН
(Бауыржан Жақыпқа)
Бауыржан Жақып,
бауыр баласың,
Балаған жырды дауылға Қасым.
Жаныңды, жаным, 
жұрт қайдан ұқсын
Ақындық дертпен ауырмағасын...
Сапарда сені сынап елеңдер:
Қасқа бұлақтар,
Құба белеңдер.
Шыңғыстан шыңға қанат қағады –
Қазаққа біткен қыран өлеңдер.
Өнерге іштей 
бекіп таласың, 
Жететін жерге 
жетіп қаласың. 
Ағалар асқан 
асыл асумен
Ауылыңа қарай 
кетіп барасың.
Ақынға Алла ақ ғұмыр берген,
Сорын да берген, 
Шаттығын берген. 
Естелік болып есілсін өлең – 
Тіршіліктегі тәтті күндерден.

118
Аспаннан – ақық,
Жауыннан – жақұт
Іздейсің білем, дауылдан – бақыт.
Ататын таңды аялап бүгін –
Жыр оқиықшы, Бауыржан Жақып!..

119
ЛӘЗЗАТ ПЕН СӘБИРА
Кетпес мәңгі көңілден 
Қырдың гүлі – қырмызы. 
Ағып түскен көгімнен 
Желтоқсанның жұлдызы – 
Ләззат пен Сәбира.
Атыңды атар кәрі­жас, 
Арын Темірқазық қып. 
Зұлымдыққа жаны қас 
Адалдық пен нәзіктік – 
Ләззат пен Сәбира.
Желтоқсанның бораны, 
Желтоқсанның қар­мұзы... 
Ұмытылған жоқ әлі 
Жалқы жұрттың жалғызы – 
Ләззат пен Сәбира.
Шығар шақта қайраңнан 
Атқа қону – ар ісі. 
Қайран елдің қайралған 
Қасиетті намысы – 
Ләззат пен Сәбира.
Булықтың да
Бұлқындың,
Жанды қарып ызғары.
Қара ормандай жұртымның
Қайсар туған қыздары –
Ләззат пен Сәбира.

120
ЗАР
(Алмасбектің айтқаны)
Желмая мініп шыққам жоқ, 
Жерұйық іздеп жыраққа. 
Тағдыр желінен ыққан көп, 
Айналып өмір сынапқа. 
Құмға айналдырса қырсық таң, 
Екеумізге ортақ қайғы­мұң. 
Толқыны тынып тұншыққан 
Аман бол, ана­айдыным. 
Тартылып кеткен Аралым, 
Суалып кеткен жанарым. 
Қағынан безген құландай 
Арқаға көшіп барамын. 
Тұз ұшып жатыр ішімде, 
Мұңымды кімге сарқамын? 
Әкемді көрдім түсімде, 
Айтуға оны...
Қорқамын. 
Туған жер жайлы күй бар­ды, 
Шерте алмай соны ішекті үздік. 
Ұмытқан ар мен иманды 
Тәубесі тәрік тексіздік. 
Тұз болып ұшқан көл міне, 
Панам боп келген, 
Анам боп. 

121
Кезеріп кеткен ерніңе 
Бір тамшы құяр шамам жоқ. 
Айналдырса анық қаңбаққа, 
Тағдырдың айдап желі егер,
Кешіңдер... 
Көшсек жан­жаққа, 
Қайраңда қалған кемелер. 
Бір толқынымды қозғады
Балдәурен өткен бұйраттар. 
Мұңайды... 
Бәлки, боздады 
Жеті атам жатқан зираттар. 
Жігерсіз шығар жетім үн, 
Айдыным қайта тола ма? 
Кемтар боп туған екі ұлым 
Айналып саған соға ма?.. 
Сен де кеш мені, таң шуақ, 
Тірлікке немді бұлдаймын? 
Анаға жатқан қансырап 
Қайырылмай кеткен ұлдаймын. 
Зар етіп қойған өлеңді, 
Тағдырдың торлап бұлтын мұң. 
Арқаға көшем мен енді 
Батасын алмай жұртымның. 
Түйінін өтер таба алмай, 
Тірліктің сансыз зауалы. 
Атажұртымнан ауардай 
Ұрды екен ненің зауалы?.. 
1988

122
ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕЛҚАНАТТЫ ЖЕЗКИІГІ
(Кәкімбек Салықовқа) 
Жырыңмен жұртқа жақынсың, аға, 
сырыңмен 
Жеті қат жердің қатпарларына үңілген. 
Айнакөлдегі аққу біткенді аялап –
Желмая­жылдар желқанат бітіп жүгірген. 
Аймалап сүйсе Арқаның аппақ самалы, 
Балапан­арман қияға қанат қағады. 
...Қызылжардағы қызарып атқан қызыл таң – 
Көкшетаудағы ақ қайыңдардың аралы. 
Қайыңды арал – 
сері мен салдың мекені, 
Ақ жаңбырлары дамылсыз құйып өтеді. 
Сүрлеу соқпақты қасқа жолдарға бастайтын 
Сырымбет таудың сырларға тұнған етегі. 
Айман­тірліктің арайын сүйіп күні­түн, 
Келесің, аға, 
сезімі сергек, жыры тың. 
Үкілі бабаңның үкілі домбырасымен –
Үкілі елдің үкілеп ұстап үмітін. 
Мақамдарыңның 
көңілі көктем, 
жаны нұр, 
Ақандарымның айтылмай қалған әні бұл. 
Жезқазғандағы жезкиік кезген жез дала – 
Сарыарқадағы сағым ойнаған сары қыр. 

123
Тірліктің тойын шартараптарда тойладың, 
Қаныш боп сүйдің 
қастерлі жердің қойнауын. 
Салықтың ұлы, 
халықтың ұлы болдың да – 
Аралдың арын, 
Балқаштың бағын ойладың. 
Жезкиік­ғұмыр, 
желерсің­дағы 
өтерсің, 
Өтерсің анық... 
Парызың елге өтелсін. 
...Бір қазақ сендей ұлтының ұлы болсын да – 
Бір ақын сендей өлеңнің жүгін көтерсін! 

124
КӨКТЕМНЕН КӨКТЕМ ІЗДЕДІМ
Көгілдір көктем қонғандай көліме бүгін, 
Көзайым күйде көpicтi Көгіме Күнім. 
Ақ таңдар шашу еткенде төріме гүлін –
Шұғылалы шаққа шомылған көңіл­елігім.
Түтіні түзу ел болсақ,
кереге бекем,
Көктемді көpiп көк белдер көгереді екен.
...Самарқан жақтың көк тасын еріткен Құдірет
Сарыарқа – сайран беліме не береді екен?
Қуанар жұртпыз арайлап таң атқанына,
Жапбар иеме жалынып,
Жаратқаныма.
Саулық тіледік тірліктің абат бағына –
Қаңқылдап қайтқан қаздардың қанаттарына.
Үміт пен күдік...
Итжығыс...
Жан шыдайды екен,
Арқаңнан осқан кей күнің қамшыдай екен.
Жарылқап келгір Жаңа Күн
Жақсылығымен
Қара орман – қалың елімнен хал сұрай ма екен?
Өкпек желдерге қарайды өктем емендер,
Көктемді сүйе қоймайды көктемегендер.
...Жыр етпеді деп, сұлулар,
сөкпеңдер мені,
Алқызыл гүлдер, 
сендер де өкпелемеңдер!

125
Наурыз келді!
Түзелер ендігі күнім,
Көңіл біткеннің аян ғой кеңдігі бүгін.
Ycкipiктe де үмітін үкілеп ұстар –
Көктемнен көктем іздеген елдің ұлымын...

126
ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАНЫ
(Жұмамәді Ибаділдинге)
Тұнып тұрған тұнығың,          
Ұлы дала ұланы.             
Ұлытаудай ұлының 
Шулап жатыр ұлары.
Баса алмайтын ізіңді 
Ізбасарға телмірдім. 
Сыбызғыдай сызылды 
Толқындары Кеңгірдің.
Арманы жоқ армандай,
Жылап ақты жыр­тұма. 
Жетімсіреп қалғандай 
Жезді кенттің жұрты да.
Әулекінің әні мас, 
Мансап оған міндеттей. 
Ағаларын танымас, 
Інілер де індеттей.
Ойы да озған Алаштан, 
Байтағыма босаға. 
Жезқазғанға жарасқан –
Жұмамәді дос­аға.
Көңіл кермек татыды, 
Жанымыздың жақыны. 
Ақындардың әкімі – 
Әкімдердің ақыны.

127
Өрнегіндей өлеңнің, 
Туған жерде тұғыры. 
Ерден туған сол елдің 
Ер боп туған бір ұлы.
2005 

128
РУХЫҢ ҰШЫП БАРАДЫ...
(Ардақты ақын, аяулы аға 
Сайлаухан Нәкеновпен қоштасу)
Тамызында тамылжып таңғы нұры,
Тектіліктің біз білер жаңғырығы.
Өтті өмірден Алаштың арлы ақыны –
Өлең болып өрілген бар ғұмыры.
Шайыр еді күтетін шабытты алдан,
Сұлу Сәкен сезімін алып қалған...
Айдынынан ақ таңда аққу ұшып –
Жаны ағаның жаралған жарықтардан.
Есіміңді, ағатай, ел біледі:
Ұлытау мен Жаңаарқа,
Кеңгір елі...
...Мен білетін ақынның тұнығы еді –
Мен білетін ақынның мөлдірі еді.
Көктемінде көгеріп,
тасып еді,
Дүрмегіне дүниенің ғашық еді.
...Мен білетін адамның адалы еді –
Мен білетін адамның асылы еді.
Көкірегінің күні бар,
ояу кісі,
Қалқып ұшқан көңілден баяу құсы.
...Мен білетін ағаның ардақтысы –
Мен білетін ағаның аяулысы.

129
Арманы асқақ асылым,
қиялы ақ таң,
Қашық болған жалғанда қиянаттан.
...Бесігімді тербетіп өлеңімен –
Шабыт құсын кеудеме ұялатқан.
Түгел дейсің бұл күнде қай құбыла,
Жанды жеді қаңтарда қайғы мына.
...Рухың ұшып барады аспан жаққа –
Жырың ұшып барады айдынына.
Қош, ағатай!..
9­266

130
ЖЫЛЫ АҒЫСТАР
Тұлпар жортқан қырлардың қыран ұшқан
Ұлы болсаң –
бақыт бар,
қуаныш бар.
Кәусарынан кеудемнің бастау алған –
Жылы ағыстар, 
ғажайып жылы ағыстар.
Шадыман шақ алмасып қайғым болып,
Қай күн өсем, 
білмеймін,
қай күн кеміп?
Куанышпен, 
Мен бүгін жылы ағыспен
Айдын болып барамын, 
айдын болып.
Жылы ағыстар – 
жаз ниет таң нұры ма, 
Еркелетер арсызды,
арлыны да. 
Түн ұйқымды төрт бөлген әлде менің 
Талайлардың талайсыз тағдыры ма?..
Жылы ағыстар – 
жылжыған қайран уақыт,
Мәңгілікке қоймайды сайрандатып. 
Ертең мүмкін кетуі теріс қарап 
Бүгін бізге құшағын жайған бақыт.

131
Көңіл деген – көк дөнен алып­ұшқан,
Сезімдер де сарғаяр сағыныштан.
Жауһар жырлар туады жылы ағыс пен
Жүректегі керемет жарылыстан...
1980

132
ГИЙОМ АПОЛЛИНЕРДЕН 
АУДАРМАЛАР
КҮН СҰЛУЫ
Ашыламын алдыңда – тірі адаммын,
өмірің мен өлімің сынаған мың.
Махаббаттан,
азаптан,
қуаныштан –
алынбаған азын біл сыбағамның,
мұң мұнартып басынан мұнарамның,
шыбық емес, қолыма
шырақ алдым.
Аз кезбедім әлемді...
сынақ алдың,
тіршіліктің тілін де сұрап алдым.
Дүниені кезіппін,
қаңғырыппын,
Майданында майыспай мәңгіліктің.
Жаудың бұздым сарбаз боп тас қамалын,
жат қолына досымды тастамадым.
Әнді күттім,
арайлы таңды күттім,
артын күттім армандай жарлы үміттің.
Тағдыр жазбай талайға жібек күнін,
мұң шаққанмен алдыңда жүдеп бүгін,
Түргенімді түсініп түнекті мың,
арасынан іздерсің жүректінің –
Құлып бола алмадым құтырғанға,
біздің ғұмыр толып тұр шытырманға.

133
Дос емеспіз сізге енді
дұшпан да емес,
қасыңдамыз жаныңды құшқанда елес.
Тылсымдардың тылсымын зерделеген,
алға асыққан уақытты кері қарай
қайтара алар құдірет – мендегі өлең!
Татитұғын тағдыры ардақтарға,
шапағат бер саптағы солдаттарға!
Кезіміз жоқ ұрлаған несібеңді,
күнәміз бен кінәні кешір енді...
Көктем кетті жастықпен,
қайран көктем, 
қайран көктем, қайтейін, 
сайранда өткен, 
жақсылығын жаз мынау 
тел емізген, 
алаулайды күн­сұлу төбемізден.
Табылсаң да сен енді қасымыздан,
арай саулап тұрса да шашыңыздан,
маған деген жүрегің
мұз құрсанып
қалсын мейлі,
оянбас біздің шабыт.
Раушан гүл боп тербей бер құт­ұямды,
сен бәрібір таппайсың құпиямды.
Сен күл енді...
Жарасар мазақтасаң,
мазақтасаң,
жанымды азаптасаң.
Кетем, айнам, алдыңда ашыла алмай,
ашыла алмай,
барымды жасыра алмай...
аяңдар мені!

134
АННИ
Техаста,
сол жағалаудың бойында, 
Гальвестонға барар жолдың түбінде 
гүл көмкерген сол бір аула ойымда, 
гүлге оранған сол бір вилла бүгінде 
сыр ашады іңірде.
Сол маңайға мен де талай бұрылғам, 
гүлдеріммен тербелетін айнала. 
Бір жас сұлу бақ ішінде қыдырған 
қарайтұғын жай ғана.
Оған қарап көңіл талай бұзылды, 
ауласының ашпаса да ілгегін.
Киімімнің қос түймесі үзілді, 
неге екенін... 
білмедім.

135
* * *
Көне альбом бұл, 
парақталған, 
қызды сүйгем жасымнан. 
Бокал толы шараптардан 
жұпар иісі шашылған.
Ескі әуенді естігенде 
қайырмасы ғажайып. 
Мен де бір күн ескірем бе 
ғажайыптар азайып?
Ескі достың
бәріменен
кездесуге асықтым.
Ұшқан құстың әніменен –
күзгі орманға
ғашықпын.
Бақ ораған мына жерді, 
біз де өмірдің қонағы. 
Махаббатпен бұл әлемді 
жылытуға болады! 
Өмір, өлім... 
Таң мен түнек, еһ, шіркін!

136

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет