Мануэль Кастельс: ақпараттық экономика және жаһандану процесі
Мануэль Кастельс - қазіргі әлемдегі ең беделді әлеуметтік ойшылдар мен
зерттеушілердің бірі, АҚШ-тың Калифорния университетінің (Беркли)
профессоры. 1996-1998 жылдары М.Кастельс өзінің қазіргі әлем
туралы көп жылдық зерттеулерінің қорытындысы болып табылатын іргелі үш
томдық монографиясын жариялады: “Іnformatіon Age: Economy, Socіety and
Culture, Vol. 1-3 Oxford: Blackwell Publіshers, 1996-1998”. 2000 жылы
Мәскеуде Кастельстің “Ақпараттық дәуір: экономика, қоғам және мәдениет”
атты еңбегінің алғашқы томы орыс тілінде жарық көрді.
Кастельстің ақпараттық экономика мен жаһандану процесі туралы
көзқарастарын талдауды оның қолданатын ұғымдарын анықтаудан бастаған
жөн. Біз үшін ақпараттық экономика, ақпараттық технологиялар ұғымдары
үйреншікті болып табылатындығы белгілі. М.Кастельс информационализм,
ақпараттық экономика сияқты ұғымдарды қолданады. Кастельстің
информационализмі, мәдениет пен институттардың сан алуандығына қарай
әр түрлі формада көрініс табатын жаңа әмбебап әлеуметтік құрылымның
пайда болуын білдіреді. Бұл жаңа әлеуметтік құрылым немесе өз кезегінде
ХХ ғасырдың соңындағы өндірістің капиталистік әдісінің қайта құрылу
нәтижесінде қалыптасқан информационализм. Соңғы жиырма жылда бір
мезгілде қалыптасқан экономиканы Кастельс ақпараттық және жаһандық деп
түсінеді. “Ақпараттық - өйткені бұл экономикадағы (мейлі, ол фирма, аймақ
немесе ұлт болсын) агенттер мен факторлардың өнімділігі мен бәсекелестік
қабілеті бірінші кезекте олардың білімге негізделген ақпаратты жасау, өңдеу
және тиімді пайдалану қабілетіне байланысты. Жаһандық - себебі, өндіріс,
тұтыну және тауарлар мен қызмет көрсетулердің айналымы сияқты
экономикалық қызметтің негізгі түрлері, сонымен бірге оны кұраушылар
(капитал, еңбек, шикізат, басқару, ақпарат, технологиялар, нарық), тікелей
экономикалық агенттерді байланыстыратын тармақталған желіні қолдану
арқылы жаһандық көлемде ұйымдастырылады және, соңғысы, ақпараттық
және жаһандық - өйткені жаңа тарихи жағдайларда өнімділіктің белгілі бір
деңгейіне жету мен бәсекелестіктің болуы тек жаһандық және өзара
байланысты желінің ішінде ғана мүмкін”. Жаһандық желі, Кастельстің
ойынша, осындай жаңа экономиканың пайда болуына қажетті материалдық
базаны қамтамасыз еткен ақпараттық технологиялар саласындағы революция
нәтижесінде тек ХХ ғасырдың соңғы ширегінде ғана пайда болды. Бұл
бастапқы пікірлер еді.
Кастельстің жаһандық экономика туралы көзқарастары ерекше
қызығушылық тудырады. Кастельстің пайымдауынша, жаһандық экономика
- бүкіл планета ауқымында, нақты уақыт режимінде біртұтас жүйе іспетті
қызмет ете алатын экономика. Өндірістің капиталистік әдісі уақыт пен
кеңістіктің шегінен өтуге тырысып, үздіксіз дамыды, алайда тек ХХ
ғасырдың соңына қарай негіздемесі ақпараттық және коммуникациялық
технологиялар болып табылатын жаңа инфрақұрылым негізінде ғана әлемдік
экономика шын мәнінде жаһандыққа айналды. Шындығында да тарихта
алғаш рет капиталды басқару, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін
жаһандық қаржы нарықтарында үздіксіз жүзеге асады: әрбір секунд сайын
электронды режимде бүкіл әлем бойынша миллиардтаған долларларға
келісімдер жасалады. Басқаша айтқанда, капитал ағымдары жаһандық
сипатқа ие болып, сонымен бірге жеке экономиканың қызметіне тәуелсіз
бола бастайды.
Еңбек нарығы, Кастельстің пайымдауынша, кішкентай, бірақ та дамып
келе жатқан кәсібилер мен ғалымдар бірлігін қоспағанда, жаһандық болып
табылмайды. Алайда еңбек, Кастельстің пікірінше, үш арна арқылы
жасалатын жаһандық ресурс болып табылады: (1) фирмалар машық, шығын
немесе әлеуметтік жағдайларға байланысты еңбек ресурстарын табу үшін
әлемнің кез келген жерінен өз орнын таңдай алады; (2) фирмалар кез келген
жерде жан-жақтан жоғарғы білікті жұмыскерді өзіне тарта алады, егер де
жоғары жалақы ұсынса, ол оған қол жеткізеді; (3) адамдар өз қалауымен
жоқтықтан, соғыстан және балаларының қамын ойлап әлемнің кез келген
нүктесінен кез келген нарыққа бара алады.
Ғылым, технология мен ақпарат та жаһандық ағымдарға жинақталған.
Мысалы, жаһандық өзара байланысты жүйеде білім алмасу ғылымның
жылдам даму шартына сәйкес келуімен қатар интеллектуалды жеке меншікті
бақылауға кедергі болады.
Тауарлар мен қызмет көрсетулер нарығы, еркін сауда мен тамыр-
таныстыққа шектеу қоятындығына қарамастан, барған сайын жаһанданып
жатыр. Әрине, бұл барлық фирмалар өз өнімдерін бүкіл әлем бойынша сатып
жатыр деген сөз емес, алайда ол шағын немесе ірі фирманың стратегиялық
мақсаты өз өнімдерін бүкіл әлем бойынша сату екендігін көрсетеді. Сонымен
бірге, Кастельстің ескертуі бойынша, мысалы, мемлекеттік қызмет немесе
бөлшек сауда сияқты жеке салаларды ұлттық мемлекеттер мәдени не
институционалды құралдар арқылы әлемдік бәсекелестіктен қорғайды.
Сонымен, Кастельстің пікірінше, қазіргі ақпараттық экономика жаһандық
режимде жұмыс істейді. Бірақ ешқандай халықаралық экономика бұлай
жұмыс істемейді. Кастельстің пікірінше, халықаралық экономика жаһандық
болып табылмайды. Ол жаһанданудың қандай шектерін көреді? Біріншіден,
Кастельстің пікірінше, тіпті өндірістің стратегиялық маңызды салалары мен
ірі фирмалар үшін нарық толық ықпалдасудан әлі алыс. Екіншіден,
қаржылық ағындар валюталық және банк операцияларын іске асыру
ережелерімен шектелген; иммиграциялық бақылау мен адамдар ксенофобиясы
нәтижесінде еңбектің жинақылық деңгейі төмендеуде; аса ірі ұлттық
корпора-циялар өз активтерін бұрынғыша тарихи отанында орналасқан
стратегиялық командалық орталықтарда ұстайды.
Кастельстің жаһандану процесін сынаудағы тағы бір оңтайлы жері -
мемлекеттің белсенді позициясын және жаңа экономиканың құрылымы мен
серпінді дамуына әсер ететін ұлттық үкіметтердің маңызды рөлін елеп-
ескермеу деуге болар еді. Қазіргі таңда, Кастельстің пікірінше, дербес
мемлекеттер немесе, мысалы, Еуропалық Одақ секілді осы тектес
мемлекеттердің одағы өмір сүргенге дейін, толығымен ықпалдасқан ашық
әлемдік еңбек, технологиялар, тауарлар мен қызмет көрсету нарығының
пайда болуын болжауға болмайды. Оның үстіне, БҰҰ-ның Ұлттық
шеңберден тысқары корпорациялар жөніндегі орталығы өткізген зерттеулер
нәтижесі көрсеткендей, корпорациялардың мемлекетке тиісті болуы
корпоративті мінез-құлыққа толығымен сәйкес келеді. Мысалы, жапондық
аса ірі ұлттық корпорациялар, негізгі қаржылық және технологиялық
активтерін өздерінде ұстай отырып, жапон үкіметі тарапынан жан-жақты
қолдау көрді. Бұл еуропалық аса ірі ұлттық фирмаларға да қатысты.
Мәселен, немістің аса ірі ұлттық алпауыты Фольксваген Германияны
біріктіру міндетін іске асыру үшін Батыс Еуропа елдеріндегі инвестиция
көлемін қысқартып, тәуекелге бел буып, Шығыс Германиядағы қаржы
істеріне ақша салды.
Саяси стратегия құралы ретінде экономикалық бәсекелестікті белсенді түрде
пайдаланатын ұлттық мемлекеттер мен ұлттық үкіметтер болғанға дейін,
жаһандық экономика ішінде аймақтық жіктелу тудыратын маңызды
экономикалық аймақтар арасында шекаралар да болады.
Жаһандық экономиканы Кастельс басты үш өңірге бөледі: Солтүстік
Америка, Канада мен Мексиканы қоса, Еуропалық Одақ және Азия-Тынық
мұхиты өңірі, бұл өңірлердің әрқайсысында өзінің ықпал ету орталығы бар.
Әлемнің басқа өңірлерінің бәрі осынау байлық, билік, ықпал ету мен
технологиялар үшбұрышының айналасында иерархиялы және ассиметриялы
өзара байланысқан желіге топталады. Сонымен бірге түрлі елдер өз
жағалауларына капитал, еңбек пен технологияны тарту үшін өзара
бәсекелеседі. Өңірлерге бөлінген жаһандық экономика ұғымы Кастельс үшін
қарама-қайшы болып табылмайды. Осыған байланысты Кастельс, өңірлерге
іштей бөліну ақпараттық/жаһандық экономиканың жүйелі сипаттамасы деп
есептейді, өйткені мемлекет институты экономикалық жүйемен емес, қоғам
арқылы пайда болады. Сонымен Кастельс былай деп қорытады: “Ақпараттық
экономикада тарихи қалыптасқан саяси институттар мен неғұрлым жаһандық
экономикалық агенттер арасындағы өзара іс-әрекеттің күрделі процестері
ерекше маңызға ие болады”.
Кастельс жаһандық экономикадағы бәсекелесе алатын көздерді
қарастырады. Жаһандық экономиканың құрылымы көбіне экономикалық
агенттер мен жергілікті құрылымдар арасындағы мынадай негіздемелердегі
бәсеке арқылы анықталады:
(1) Кастельс “ғылым - технология - өндіріс - қоғам” жүйесі ретінде
түсінетін технологиялық қуаттылық, бұл жерде әңгіме әрбір деңгей үшін
білім беру жүйесі маманданған адам ресурстарының қажетті мөлшерін
қамтамасыз ететін, біртұтас құрылым ішіндегі ғылымның, технологияның,
менеджмент пен өндірістің байланыс-тылығы туралы болып отыр.
(2) Еуропалық Одақ, АҚШ, солтүстік америкалық сауда өңірі мен
Жапония сияқты ірі, ықпалдасқан және бай нарыққа жол ашу.
(3) Өндіруші жақтың өндірістік шығындары мен мақсатты нарықтағы
бағалар арасындағы айырмашылық
(4) Жаңа жаһандық экономикадағы бәсекелесе алу мүмкіндігі ұлттық
және ұлтаралық институттардың елдердің немесе қарамағындағы өңірлердің
даму стратегиясын басқара алудың саяси мүмкіндіктеріне айрықша
байланысты.
Аталған факторлар, бірге әрекет ете отырып, жаңа жаһандық экономика
жағдайындағы фирмалар, аймақтар мен елдер арасындағы бәсекелестік
нысаны мен серпінін анықтайды, сөйтіп осы арқылы халықаралық еңбек
бөлінісінің жаңа жүйесіне енеді.
М.Кастельс
Ресей
мен
бұрынғы
кеңестік
республикалардың
экономикасына бөлек тоқталып өтеді. Осыған байланысты М.Кастельстің
1984 жылдан бастап КСРО-ға бірнеше рет келгендігін, ал 1992 жылы
көктемде Ресей Федерациясының Үкіметі шақырған сарапшылар тобын
басқарғанын ескере кету қажет. Халықаралық экономиканың күрделіленуі
мен қайта құрылымдалуына, басқасын былай қойғанда, Кеңес империясының
құлауы және бұрынғы кеңес республикаларының біртіндеп жаһандық
экономикаға қосылуы әсер етті.
Кастельстің пікірінше, Ресей экономикасы басқа да кеңестік
республикалардың экономикасы сияқты әлемдік экономикалық жүйемен,
капиталдардың, тауарлар мен технологиялардың әлемдік айналым жүйесімен
байланыссыз дами алмайды. Кастельстің пайымдауынша, әлсіз, бірақ та
дамыған капиталистік елдер мен халықаралық қаржы институттары
тарапынан қолдау көрсетілген кездегі нарықтық экономикаға өту шет ел
капиталының бұрынғы командалық экономикада әрекет етуіне мүмкіндік
беретіндей макроэкономикалық саясат жүргізуді білдіреді. Мұны біздің
тәжірибеміз айқын көрсетіп отыр.
Ресейдегі шет ел капиталы Ресей экономикасына мүмкіндігінше аз кірісіп,
энергетикалық және табиғи қорларға, сондай-ақ тиімді қаржылық
мәліметтерге қол жеткізуге бағытталады.
Ресейдің жаһандық экономикамен байланысын қоса алғанда, оның
нарықтық экономикаға өту серпінінің мәнін Кастельс аса зор көлемде
капиталдың бастапқы жиналуы немесе қарапайым сөзбен айтқанда,
жаһандық капитализмнің терезесі тең әріптес болуға ұмтылатын ескі
аппаратшылар табының Ресей байлығын тонауы деп біледі. Сауда базасы
ретінде киоскілердің квазиформальды емес экономикасы, аштан өлмеу үшін
бақшада көкөніс өсіру - Кастельс Ресейдің нарыққа көшуінің тіректері деп
біледі. Толығымен жаһандастырылған Ресейдің шағын бөліктері мен
жергілікті экономикаға тартыла бастаған халықтың басым бөлігінің
арасындағы өсіп отырған алшақтықтың Ресейде қарсылықсыз дамуы
екіталай. Орыстардың жады осыншама қысқа екендігіне мен сенбеймін дейді
Кастельс.
Қорыта келгенде, М.Кастельстің ақпараттық жаһандық экономикасы
туралы мынадай түйін жасауға болады. Жаһандық экономиканың құрылымы
тұрақты архитектураның өзгермелі геометриямен ұштасуы арқылы
сипатталады. “Жаһандық экономика архитектурасы, басты үш экономикалық
өңір төңірегінде ұйымдастырылған және өнімді, гүлденген, ақпаратқа бай
салалар мен экономикалық және әлеуметтік құнсызданған, жағдайы нашар
салалар арасындағы қарсы тұру белдігі бойынша алшақтай түсетін,
ассиметриялы өзара байланысты әлемді бейнелейді”.
Осынау айқын архитектура шеңберінде, жаһандық экономикаға өзгермелі
геометрия енгізетін бәсекелестік пен өзгерістердің серпінді процестері
жүреді. Төрт позиция төңірегінде құрылған халықаралық еңбек бөлінісінің
жаңа құрылымының пайда болуы туралы мәселе көтеріліп отыр. Бұл
позициялар: ақпараттық еңбекке негізделген жоғарғы құнды өндірушілер;
төмен жалақылы еңбекке сүйенетін жоғарғы ауқымды өндірушілер; табиғи
қорларға негізделетін шикізат өндірушілері; және еңбегі құнсызданған басы
артық өндірушілер.
Қазіргі әлем - көбінесе шекарасы жоқ әлем, аумағы мен арақашықтығын,
өзінің бұрынғы маңызын жоғалтқан әлем, уақыт өз жүрісін жылдамдататын
әлем. Бұрын айлар мен жылдар кететін болса, енді бірнеше сағат қана
жұмсалуы мүмкін.
Жергілікті және жаһандастырылған қоғамдар тұрғысынан алғанда ең
маңызды мәселе қалыптасып келе жатқан жаһандық қоғам мен ұлттық-
мемлекеттік құрылымдар арасындағы қатынас үлгісінің проблемасы болып
табылады. Байқап отырғанымыздай, бұл жерде барлығына болмаса да,
көптеген елдер үшін әрекет етудің қандай да бір ортақ үлгісі жоқ.
Жаһанданып жатқан әлем мен ұлттық-мемлекеттік құрылымдар арасындағы
қатынастар қалайша орнығатындығы, көбіне қоғамның типі, оның
экономикасының даму деңгейі, қолда бар ресурстары, оның творчестволық
әлеуеті арқылы анықталады. Жаһанданып жатқан әлем мен қандай да бір
ұлттық-мемлекеттік құрылымның қатынасы, көбіне оның сыртқы әлеммен
қарым-қатынасының сипатына байланысты белгіленеді.
Жаһандануда қақтығысудың күшті ұшқындары болады. Бұл жерде,
мысалы, адамзат қауымдастығының саяси және әлеуметтік-экономикалық
даму деңгейіндегі “құлдыраулар”, өмір сүру қалпы, болмыстың басты
мәселелеріне қатынас туралы сөз болып отыр. Жаһандану тудыратын
шиеленістің маңызды көздерінің бірі, жаһандану процесіне қатысушылардың
әлеуетті мүмкіндіктеріндегі айырмашылықтар. Қалыптасып келе жатқан
әлем негізінде кез келген ру мен тап құрылымының орнығуындағы теңсіздік
сияқты классикалық фактор жатыр. Рөлдердің бөлінуін белгілейтін бастапқы
мүмкіндіктердің теңсіздігі, жаһанданудың ұтқан мен ұтылғандар арасындағы
болашақ жанжал отын тұтатады. Жаһанданудың дамуындағы тағы бір осал
жер - мемлекеттік институттар, саяси құрылымдар. Жаһандану мәселесін
зерттейтін ғалымдардың барлығының дерлік мойындауынша, ең күрделі
проблема адамзаттың мәдени сан алуан болуында. Самуэль Хантингтонның
келешектегі өркениеттер қақтығысы туралы танымал тезисін жақтаушылар
көп, алайда түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы әрекеттестікті
орнықтыру мен түсіністікті сақтау - адамзат үшін неғұрлым тиімді жол екені
даусыз.
Интернационалдандыру дәуірінде жаһандық қауымдастықтар элитарлық
әлеуметтік-кәсіби топтардан тұрды. Бұлар ірі саясаткерлер мен
интеллектуалдар,
халықаралық
шенеуніктер
мен
дипломаттар,
уағыздаушылар мен барлаушылар, сыртқы әлемге бағытталған басқа да
мамандық өкілдері болды. Бүгінгі таңда халық жаппай жаһандану процесіне
тартылуда. Мысал ретінде бүкіләлемдік интурист желісін пайдаланушы 304
миллион адамды келтіруге болады. Әрине, дүние жүзін қамтыған электронды
желінің тығыздығы елдер мен континенттер бойынша мүлдем біркелкі емес.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғында Интернетті пайдаланушылардың 88
пайызы дамыған елдерде тұрған, ал олар әлем халқының 15 пайызын
құрайды. Планета тұрғындарының 5 пайызын құрайтын АҚШ пен Канадада
Интернетті пайдаланушылардың 50 пайыздан астамы шоғырланған.
Ақырында, тағы да бір маңызды тақырып - жаһандық даму акторларының
мәселесі. Әңгіме жаңа әлемдік тәртіпті жай ғана кезекті халықаралық
қатынастар жүйесі ретінде емес, азды-көпті тұтас әлемдік құрылысты
қалыптастыру туралы болып отыр.
Әлемдік құрылыстың қазіргі маңызды жүйе құраушы сипаттамасы
мынаған келіп саяды: жер шарының 15% халқын құрап отырған Батыс
әлемдік қордың, сауданың, өндірістің, тұтынудың 70%-дан астамын бақылап
отыр, бұл дүние жүзі бойынша көптеген бағдарламалары бар Дүниежүзілік
банк, Халықаралық валюта қоры, НАТО сияқты қазіргі әлемді бақылау мен
басқарудың күшті механизмдерімен ұштасады.
Сонымен бірге жаһандану акторларын нақты бір нысанда орнықтыру
қиынға соғады. Бұл жерде АҚШ пен Еуропа арасындағы қарама-
қайшылықтар, Батыс Еуропа елдері ішіндегі теке тірестер, Жапонияның
талаптары
және
осыған
байланысты
АҚШ-тың
немесе
Еуропа
мемлекеттерінің реакциясы туралы айтылып отыр. Қазіргі әлемді
зерттеушілер қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіпті “жаңа әлемдік
тәртіпсіздік” деп атауы кездейсоқ емес.
Э.Гидденстің, Р.Робертсонның, М.Кастельстің жаһанданудың қазіргі
заманғы әлеуметтану тұжырымдамаларын сараптау жаңа заманның
жаһандану процесіндегі мынадай құрамдарды бөліп көрсетуге мүмкіндік
береді:
1. Жаһандық сатыға өту барысындағы өзгерулердің ауқымдылығы мен
кешенділігі. Әлеуметтанудағы сараптауға бұл құрам әлеуметтанушының
әлеуметтік өзгерістердің кеңістіктік және географиялық өлшемдеріне назар
аударғанын білдіреді.
2. Жаһандық құндылықтар жергілікті немесе өзіндік құндылықтар
тұрғысынан басым болады, бұл жаһанданудың жергілікті қауымдастықтардың
ең терең құрылымдарына енуінен көрінеді. Оның үстіне “жаңасы” –
жаһанданумен, ал “ескісі” жергілікті әлеммен байланыстырылады, Жаһандану
және жергілікті ету процестері қоғам архаизациясы сияқты процеспен қабат
жүреді. Бұл жерде примордиалды, бұрынғы феномендердің қайта өрлеуі,
этникалық, нәсіл және жыныс секілді феномендердің маңызының өсуі
туралы сөз болып отыр. Жалпы қазіргі заман қоғамдарында тең түрде
ұтымдылық сияқты фрейдтік іd орын алған мозаикалық әлеуметтік үлгілер
қалыптасуда.
Сонымен, жаһанданудың тамыры, жоғарыда көрсетілгендей, ғасырлардың
немесе тарихтың тереңінде жатыр, дегенмен жаһандану негізінен -
жиырмасыншы ғасырдың феномені. Қоғамдық және әлеуметтік ғылым
мамандары әлі де ұзақ уақыт бойы өткен жиырмасыншы ғасыр туралы
пікірталаста болады. Алайда оның басты қорытындыларының түбегейлі қайта
қарастырылуы екіталай: адам құқықтарының басты маңызы бар, демократия
тиранияға қарағанда күштірек, нарық командалық экономикаға қарағанда өзінің
тиімділігін дәлелдеді. Тарихи түрде жасаушы және белсенді үгіттеуші Батыс
болып табылатын осы құндылықтар мен нұсқамалар жүйесі қазіргі заманда
мойындалып, кең қолдау тапты және бүгінгі таңда жаһанданудың идеялық
іргетасын құрайды.
|