43
Суәйба ханым бұрын Хазіреті Хамзаны да емізген. Пайғамбарымыздың
Хамзамен емшектес бауыр атануына себеп болған құрметті ана.
Өзіне зәредей болса да жақсылық жасағанды ешқашан ұмытпайтын,
қайтарымсыз қалдырмайтын, парыз бен қарызды тереңнен пайымдай білетін
пайғамбарымыз бірнеше апта бауырына салған сүтанасы Суәйбаны өмір
бойында назарынан тыс қалдырған емес. Жиі-жиі барып, жағдайын сұрап,
көрген жерде ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасаған.
Иә, әлемнің мақтаны болған пайғамбарымыз қалыптастырған үлгілі
мінез-құлықтың негізі - көргенділік еді. Опасыздық, сатқындық атаулының
ауылы оның пәк өмірінен алыс болатын. Пайғамбар мінез-құлқын үнемі үлгі
еткен оның зайыбы Хадиша да Суәйбаны сатып алып, күңдіктен құтқарғысы
келсе де Әбу Ләһаб келіспей-ақ қойған. Арадан көп жыл өткенде,
Мұхаммедтің (с.а.у.) Мәдинаға хижретінен соң ғана Әбу Ләһаб Суәйбаны өзі
азат еткен.
Әбу Ләһаб - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) әкесінің туған
бауыры. Өмір бойы пұтқа табынумен өткен ол, қартайған шағында да інісі
Мұхаммедтің (с.а.у.) дініне мойынсұнбаған. Тіпті ең мықты дұшпанына
айналған. Сондықтан да, Аллаһтың лағынетіне душар болып, күңі
Суәйбаның тырнағына татырлық сауап жинай алмаған. Әбу Ләһаб қайтыс
болғаннан кейін оны біреу түсінде көреді. Жәһаннамның отына күйіп, жан
даусымен ышқынған одан:
"Не болды? Қалың қалай?" - деп сұрайды. Сонда Әбу Ләһаб:
"Мұндағы өмірімді ешкімнің басына бермесін. Аптапқа күйіп,
таңдайым кеуіп өліп барам. Суәйбаны күңдіктен азат еткенім үшін, ол да
Мұхаммедтің (с.а.у.) сүтанасы болғандықтан ғана аңқамды кептірген шөлден
аздап құтылғандай болдым", - депті.
Оқиға расында да ғибрат аларлық. Ғұмыр бойы Хазіреті Мұхаммедке
жамандық ойлап, тосқауыл қоюмен болған Әбу Ләһаб сынды азулы ислам
дұшпаны пайғамбардың сүтанасын азат еткені үшін Аллаһтың рақымына
бөленген, тозақтағы азабы жеңілдеген. Демек, Аллаһ Тағала сүйікті құлының
өзіне тікелей емес, оған қызмет еткендерге жасалған жақсылықтың да
қайтарымын береді деген сөз. Олай болса, жалған дүниеде болмыстың
сұлтаны - Мұхаммедті (с.а.у.) жолбастаушы деп біліп, оның сүннеттерін
орындауға ұмтылған мұсылмандарды қандай сый-сияпат күтіп тұрғанын
айтуға тіл жетпейді.
Достарыңызбен бөлісу: