ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ
Әдеби ағым-бағыттар.
Әдебиеттегі ағым – бағыттың
айырмашылығын анықтау белгілі бір кезең әдебиетінің мәнін ашуда
аса маңызды. Көркем шығармаларда қолданылатын шығармашылық
әдіс-тәсілдермен тығыз байланысып жатқан осы бір мәселеге қатысты
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде қандай ағымдар мен бағыттар
болғанына, оны сол тұстағы және кейінгі әдеби ой-пікір қалай танып
білгеніне назар аудармасқа болмайды. Себебі ол белгілі дәуірдегі
ақын-жазушылардың ізденістерін, көркемдік биіктерге жетуге деген
ұмтылысын айқындайтын нақты құбылыс болып табылады.
Академик З.Қабдолов “Сөз өнері” монографиясында әдеби ағымды
әдеби стильмен салыстыра келе, ағым әр жазушының әдеби
бағыты
екендігін атап өтеді. Сондықтан да біз ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет
өкілдерін идеялық ұстанымы, өмірдің өзекті мәселесін көркемдік
шындық арқылы көрсете білуі, қоғамдық-әлеуметтік көзқарасы
тұрғысынан үш бағытқа бөлдік. Осы “бағыт” ұғымы олардың
ерекшелігін дәл айқындайтын секілді. Себебі ХХ ғасыр бас кезінде
қазақ жазушыларында әдеби мектеп (литературная школа) қалыптаса
қойған жоқ. Ал әдеби топтардың (литературная группа) болғаны анық.
Олар көбіне идеялық көзқарас тұрғысынан бірігіп, нақты бағыт
ұстанды.
Әрине, біз бөлген бұл әдеби бағыттардың арасын кесіп-пішіп,
бөлшектеп тастауға әсте болмайды. Жалпы бір дәуірде өмір сүріп,
белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік жағдайды басынан өткеріп отырған
ақын-жазушылар шығармашылығында ұқсастық басым келеді. Бірақ
сол қоғамды танып-білуде, оған өзгеріс әкелуге деген
ұмтылыстарында, осыларды арқау еткен шығармаларында көздеген
ой-идеясын жеткізудегі, тақырыпты ашудағы өзіндік бағыты айқын.
Белгілі бір бағыттың эстетикалық танымы ерекшеленіп-ақ тұрады.
Әдебиет теориясының білгірі академик З.Ахметовтың пікіріне
сүйенсек, “бағыт”, ең алдымен тақырып таңдау, белгілі жанрлық
түрлерді қолдану, адам бейнесін суреттеуден айқын танылады.
Біздіңше, бұл – бағыт табиғатын тануға берілген нақты баға.
Көркем шығармалардың ХХ ғасырдың басында көптеп басылуы,
Қазан, Ташкент, Уфа, Петербург қалаларында әдеби мұра үлгілерінің
жариялануы және қазақ тілінде саяси-әдеби газет журналдардың шыға
бастауы, мерзімді баспасөздің өркендеуі қазақ әдебиетінің өркен
жаюына, сондай-ақ түрлі әдеби топтардың пайда болуына сол арқылы
әртүрлі әдеби бағыттардың қалыптасуы мен айқындалуына алып келді.
ХХ ғасыр қазақ даласына да жаңа дәуірдің жаршысы болып келді.
Абай дәстүрін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар Шәкәрім,
Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандар тарих сахнасына
шықты. Осы кездегі Ресейдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің қазақ
жеріне жаңғырып жетуі қоғамдық-әлеуметтік ойдың өрісін кеңейтті.
Жоғарыдағы ақын-жазушылар бастаған қазақ ақын-жазушылары
ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Оны әрқайсысы өзінше
тапты, өз пікірлестерін бір бағытқа түзеді.
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында ұлы өзгерістер
мен үлкен асулар кезеңі, яғни, айбынды да айлалы саяси күрес, ащы
ыза мен кекке толы көтерілістер дәуірі болды. Дәл осы тұста қазақ
арасында оқу-ағарту жұмыстары өркен жайып, қазақ зиялылары
алдыңғы қатарға шыға бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-
журнал шығару жолға қойылды. Халықтың сана-сезімі оянып,
руханияттың басты қайнар көзіне айналды.
Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері аршылғалы ХХ ғасыр басындағы
әдеби
ағым-бағыттар
айқындалып,
сол
ағым-бағыттардың
көшбасшысы болған ақын-жазушылардың шығармашылықтары кең
түрде зерттеліне бастады.
Абай негізін қалаған жазба әдебиеттің ең бір шырқау биікке
көтерілген тұсы – ХХ ғасырдың бас кезі. Бұл тұста қазақ әдебиетіне
бірі кеш, бірі ерте қос арнадан нәр алған, батыс пен шығысты тел
емген, Абай туын биікке көтерген Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет,
Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды әдебиет алыптары келді.
Бірінің қанатын кеңге жайып, алыс-жақынды биіктен шала бастаған,
екіншілерінің әдебиет биігіне енді қанат қаға бастаған тұсы – осы.
Оларды біріктіретін де, ерекшелендіретін де бір ғана ұлы күш – ұлтын
ояту атты ұлы арман. Осы асқаралы мақсатқа жету жолындағы сан
тарау соқпақты әрқайсысы өз ой-өрісі межесінен таңдады, таңдағанын
нақты сара жол деп таныды.
Жалпы, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиетке тән басты ерекшелік –
ұлт қамы қай бағыт ақын-жазушысының шығармашылығы болмасын
ортақ тақырып ретінде көрініс табуы. Олар өз ұлтының өзге өркениетті
елдердің қатарынан көрінуін аңсап, ел тілегінен шығып, әдебиеттің
ұлттық рухын шырқау биікке көтерді. Қазақ халқының алдында тұрған
асқарлы мақсаттарды әрқайсысы әлқадырынша, ой-өрісінің жеткен
қырынан тани отырып, негізгі мәселе ретінде қоя білді.
Осы ірі тұлғалардың шығармашылығы арқылы жазба әдебиетіміз
өркендеп, сан-салалы тақырыптарды қамтып тарамдала түсті.
Қалыптасқан әлеуметтік-қоғамдық жағдайлар жазба әдебиетті бұрын-
соңды болмаған деңгейге көтеріп, оның ой-сана оянуының басты
құралына айналуына ықпал етті.
Ұлт зиялыларының отаршылдыққа қарсы күресте елдің басын
біріктіріп, саяси-күреске ояту іс-әрекетіндегі көздеген мақсаттары
әдебиетте айқын көрініс тауып отырды. Жалпы ХХ ғасыр басындағы
әдебиетке тән тағы бір ерекшелік – әлеуметтік-саяси мәселелерді көп
көтергендігі. Отаршылдық талқысы езіп-жаншып, жері талан-таражға
түскен, халқының тоз-тозы шыққан, бірліктен кетіп, берекесінен
айрылған елінің қара түнектегі жағдайы қай бағыт ақын-
жазушыларының шығармашылығында болмасын ортақ тақырып
ретінде көрініс тапты.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің басты
белгісі – ең алдымен азаттыққа ұмтылу, соған “ояту” әдебиеті
болғандығында деп тануымыз керек.
Бірақ “оятудың” жолын әрбір өнер иесі өз көзқарасы арқылы
айқындады. Мәселен, бірі (ағартушы-демократтар) оны тек
ағартушылықта, әлеуметтік теңсіздікті жоюда, екіншісі (ұлт-
азатшылдар) ұлт болып азаттыққа, теңдікке, бостандыққа ұмтылуда,
соған қол жеткізуде деп білсе, үшіншілері (діни-ағартушылар)
адамгершілік тәрбиесінің негізі діни-рухани бостандыққа насихаттауда
деп ұқты.
Достарыңызбен бөлісу: |