Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С


И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс



Pdf көрінісі
бет44/74
Дата21.09.2023
өлшемі1,82 Mb.
#109501
түріЛекция
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   74
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

3. И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс. 
1756 ж. патша жарлығы бойынша қазақтарға қысқы уақытта Жайықтың оң жағалауына 
мал жаюға тиым салынған болатын. Патшаның бұл жарлығы Жайық орыс-казактарының 
мүддесі тұрғысынан қабылданған-ды. “Игельстром реформасының” жүргізілуі барысында 
қазақтар Еділ мен Жайық арасындағы жерлерге көшіп-қонуға патша үкіметінің рұқсат алған 
соң, кейінірек, 1801 жылы ол қосөзен аралығында Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанның 
басқаруымен жеке иелік құрылды. Бөкей сұлтан тек 1812 ж. ғана патша үкіметінен “хан” 
атағын алып, ол басқарған иелік Бөкей ордасы немесе Ішкі Орда деп атала бастайды. Бөкей 
Ордасы Ресей империясының шекаралық өңірінің “Ішкі” жағында орналасқандықтан 
“қуыршақ мемлекет” рөлін атқарды. Бөкей хандығының құрылуы сол кездегі Кіші жүздегі 
саяси-экономикалық жағдайдың нәтижесі. Бөкей Ордасы құрылғаннан кейін Жайықтың оң 
жағалауына 5 мыңға жуық үй көшіп-қонса, кейін Орынбор шекаралық комиссиясының есебі 
бойынша Бөкей хандығының саны 10 235 үйге жеткен. Бөкей хандығының шекарасы бірте-
бірте анықталған соң, оның көлемі шығыстан батысқа қарай 350 шақырым, солтүстіктен 
оңтүстікке қарай 200 шақырым жерді алып жатты. Бірақ бұл жерге қоныстанған қазақтарға 
патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты өзіндік зиянын тигізді. Оларға Орал казак-орыс 
әскерлері жиі-жиі шапқыншылықтар жасап отырды, біртіндеп әскери бекіністер салына 
бастады. 1813-1815 жылдары Плинин, Фокеев, Сламихин бекіністері салынды. Қараөзен мен 
Сарыөзеннің бойы шекаралық аймаққа айналды. Жайық өзенінің бойы біртіндеп Орал 
казак-орыс әскерлерінің меншігіне қарады. Соның салдарынан қазақтардың жайылымдық 


87 
жерлері тарылып, шаруашылықтары күйзеліске ұшырады. Сонымен қатар, Орал казак-
орыстары қазақтардың ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп, мал-мүліктерін тонап 
кетіп отырды. Патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі мұндай озбырлықтарға қарсы шара 
қолданбай, керісінше көп жағдайда мәселеден жалтарып кетіп отырды.
1815 ж. Бөкей қайтыс болған соң оның орнын басар Жәңгір, Әділгерей, Меңдігерей 
атты үш ұлы қалады. Хан тағының мұрагері Жәңгір оң-солын танып, ел басқаруға 
араласқанша Ішкі Орданы Бөкейдің інісі Шығай биледі. 1824 ж. Жәңгір арнайы жарлықпен 
хан тағына отырған соң Ішкі Ордадағы қоғамдық тұрмыс пен әлеуметтік–саяси 
құрылымдарға, жер қатынасына, салық саясатына өзіндік өзгерістер енгізбек болды. Бірақ 
көшпелі және жартылай көшпелі халық ханның бұл “жаңалықтарына” дайын болмады.
Жер қатынасында әділетсіздіктер орын алды. Жәңгірдің ағасы Меңдігерей Бөкейханов 
ханның төңірегінде жүрген сұлтандар Мұсағали, Шыңғали Ормановтар, Балқы 
Құдайбергенов т.б. шұрайлы жерлерді иеленді. Сонымен қатар Ішкі орданың халқы Орал 
казак-орыстарынан да қатты қысым көрді. Жайық өзенінің жағалауына адам жолатпады. 
Қазақтарға Жайықтан балық аулау түгілі су ішуге, мал суғаруға рұқсат етпей, өзенге он 
шақырым жақындауға тиым салынды. Ал, ол жаққа жайылып бара қалған малдарды айдап 
алып, иеленіп кетіп отырды.
Ішкі Орданың қазақтары 1846 жылға дейін патша үкіметінің алдында міндеткерліктер 
жүктеп, ешқандай салық төлемеді. Ордадағы салықтың түрлерін негізінен ханның өзі 
белгілеп отырды. Олардың ішінде ханның пайдасына алынатын “зекет”, “соғым” сияқты 
салықтар болды. 1825 ж. “зекет” салығынан 115 мың сом пайда түскен. “Соғым” салығынан 
жылына 6000 сом пайда тауып отырған, бұл салық кейде 800-1000 бас мал түрінде алынып 
тұрды. 1836 ж. Ішкі Орда халқы ханның “зекет” салығына 18000 қой, 800 өгіз, 1000 жылқы, 
700 түйе, одан басқа да салықтар жинағанын айтып Орынбор комиссиясына шағымданады.
Жәңгір хан 1833 ж. өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажановты Каспий теңізінің 
жағалауында көшіп-қонып жүрген рулардың басқарушысы етіп тағайындайды. Жаңа 
тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға 
жерді “жалға” беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр 
болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары 
бір жылқыдан төлеуге міндеттелді. Одан басқа да қосымша міндеткерліктер халықты әбден 
күйзелтті. 1835 ж. Исатай ханға арызданбақ болғанда, сұлтан Шөке Нұралиев ханмен 
сөйлесемін деп Беріш руына қарасты елден 264 түйе, 127 жылқы, 19222 сом ақша жинап 
алып, халықтың шағымын аяқсыз қалдырады. Қ.Бабажановты тағайындау қарсаңында және 
одан кейін де ханға айтылған арыз-шағымдар ескерусіз қалған еді.
Мінеки, осындай жер қатынасындағы әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының 
көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының 
наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-38 жылдары халықтың көтеріліске шығуына 
әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады. 
Көтеріліс алғаш әр жерде ұйымдаспаған наразылықтар түрінде байқалса, кейіннен біріккен 
күшке айналып, ашық қарсылыққа ұласты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші бұқара халық 
болды. Бөкей хан 1812 жылы Жайық бөлімінің старшыны Жабал Бегалин қайтыс болған соң
орнына Исатайдың жақын серігі М.Өтемісұлын тағайындайды. Махамбет жасынан ақын 
ретінде қалыптасып, әрі татар және орыс тілдерін үйренеді. Ол Жәңгір ханның баласы 
Зұлқарнаймен бірге Орынборда да тұрады. Жәңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға 
тырысады, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 1828-1829 
жылдары өз ауылына кетіп қалады. Одан соң шекаралық үкімет тарапынан “Еділ арқылы 
құпия өткені үшін” деген айыппен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. 
1831 ж. онда тырысқақ (холера) эпидемиясы басталғанда қашып кетеді. 1834 ж. Жәңгір хан 
Махамбетті старшындыққа тағайындайды, бірақ бұл тағайындауды Шекаралық комиссия 
бекітпейді. 
1835 ж. Исатай бастаған көтерілісшілер халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын 
жүргізіп, орын алған әділетсіздікпен озбырлықты әшкерелеп, хан билігіне бағынбауға 


88 
шақырады. Исатай мен Махамбеттің бұл әрекеттерін Қарауылқожа “елді бүлдіріп” жатыр 
деп Жәңгір ханға бірнеше рет хат жазады. 1836 жылдың ақпан айында көтерілісшілердің 
Жәңгір ханға қарсы белсенді күресі басталады. Жәңгір хан енді Исатайды алдап Жасқұстағы 
ордасына шақырады, бірақ Исатай бұл шақырудан бас тартып, ханның шақыруын алып 
келген шабармандарды соққыға жығып қайтарып жібереді. 1836 ж. наурызда хан 
Қарауылқожаға қол жинап Исатай мен Махамбетті және оларды қолдаған көтерілісшілердің 
белсенді мүшелерін тұтқындауға бұйрық береді. Қарауылқожа адай, беріш, табын т.б. 
рулардан 522 жігіт жинап, Исатайдың ауылына аттанады. Мұны естіген Исатай 200 жігітпен 
Қарауылқожамен соғысуға әзірленеді. 4-сәуір күні Қарауылқожа жасағымен Исатайдың 
ауылының маңындағы Қиялы моласының жанына келеді де, Исатайға Сағыр Баршығаев пен 
Қабық молданы елшілікке жіберіп, хан мен императорға бағынуды талап етеді. Осыдан соң 
Исатай 200 жігітімен қолдарына ту алып, Қарауылқожаның жасағымен кездесіп, Исатай 
Қарауылқожаны жекпе-жекке шақырады. Қарауылқожа Исатай батырдың айбынынан 
сескеніп, хан бұйрығын орындаудан бас тартып, жинаған жасағын ауылдарына қайтарады. 
Қарауылқожаның Исатайдан соғыссыз жеңілуі ел арасына тез тарап, Исатай батырдың беделі 
одан әрі өсе түседі. Осы жағдайдан соң Жәңгір хан ашуланып, қайткенде Исатайдан кек 
қайтару жағын ойластырып, Орынбор әкімшілігіне Исатай мен Махамбет Күшік Жапаров 
деген адамды өлтірді деп жала жауып, сотқа шақыртады. Бірақ сотта екеуі де өздерінің 
кінәсіз екенін дәлелдеп шығады. Халық толқуы шекаралық комиссия мен ханды қатты 
алаңдатқан болатын. Исатай батыр ел ішінде беделді бір топ адаммен Қарауылқожаның 
үстінен ханға шағымданып, жағдайды тексеруді сұрайды. Қарауылқожа да көтерілісшілердің 
үстінен ханға арызданады.
1836-37 жж. көтерілісшілер ханға өздерінің талаптарын айтып, өкілдерін жіберумен 
болады. Сонымен қатар Исатай ел ішіндегі түрлі мәселелерді шешіп, халық казактар мен 
байлардың жерлерін бөліске салып, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырып отырады. 1837 ж. 
наурызында Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті сотқа шақыртады, бірақ олар 
сотқа барудан бас тартады. Орынбор генерал-губернаторы Перовский жіберген атаман 
Покатилов бастаған Жайық казак әскерінің отряды да оларды тұтқындай алмайды. Бұл тұста 
көтерілісшілердің саны 3 мың адамға жеткен еді. 1837 ж. қыркүйегінде Исатай мен 
Махамбет бастаған көтерілісшілер Қарауылқожаның ауылы мен басқа да би-сұлтандардың 
ауылдарына шабуыл жасайды. Одан кейін хан ордасын шабуылдауды ойластырып, қазан 
айының басында ордаға 12 шақырымдай жерге келіп орналасады. Исатай хан ордасына 
жақындаған тұста қол астында 2000 жігіт болады. Алдымен ханға өз талаптарын айтып хат 
жазып, оның орындалуын күтеді. Жәңгір хан болса Исатаймен келіссөз жүргізу арқылы 
уақыт ұтады да, Орынбор генерал-губернаторлығына жасырын хат жазып, көмек сұрайды. 
Бұл жағдайды білген Исатай да Орынборға хат жолдап, жауап күтеді.
Орынбор генерал-губернаторы Перовский қазан айының 17-сінде подполковник 
Геккені Жәңгір ханға көмекке жіберіп, күшпен тәртіп орнатып, Исатай мен Махамбетті 
тұтқындауды тапсырады. Қазан айының 30-да Гекке хан ордасына жетеді. Оған жолда 
атаман Покатиловтың 400 казак отряды қосылады. Гекке хан ордасына келген соң қосымша 
күш жинау үшін, уақыт ұту мақсатында Исатаймен келіссөздер жүргізеді, бірақ одан нәтиже 
шықпайды. Бұдан кейін Гекке губернаторға хат жазып, өздерінің көтерілісшілермен 
соғысуға даяр еместігін және полковник Меркульевтің отрядына Теректіқұмдағы Исатайдың 
ауылына шабуыл жасау керектігін айтады. Қараша айының 7-де Меркульевтің отряды 
Исатайдың ауылына шабуыл жасап, батырдың отбасын тұтқындайды. Бұл суыт хабарды 
естіген Исатай дереу ауылына көмекке аттанады. 8 қарашада Исатайдың жігіттері 
Меркульевтің отрядын қоршап алады да ауыл адамдарын босатуды талап етеді. Меркульев 
соғысуға күштің тең еместігін байқап, ауыл адамдарын босатуға мәжбүр болады. Осы 
жағдайдан кейін Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің мәні өзгеріп, ол тек ханға 
қарсылық емес, енді ханға қолдау көрсеткен Орынбор әкімшілігіне де қарсылық сипатына ие 
болды. 


89 
Меркульевтің отряды Геккенің отрядымен Бекетай ауылының маңында қосылып, 
Тастөбеге қарай бағыт алады. Тастөбеге 4 шақырымдай қалғанда 500-ге жуық көтерілісшілер 
тобымен кездеседі. Исатай батыр Меркульевтің отрядынан құтқарып алған елді қорғау үшін 
жан-жақтан жігіттерін жинауға тырысады. Бірақ Гекке бастаған 2000 жазалаушы солдат 
көтерілісшілердің бір-біріне қосылмауына күш салады. Жазалаушы отряд саны жағынан 
басымдылық танытса да көтерілісшілер бірінші болып шабуыл бастайды. Алдымен 
мергендер тобы мылтық атады, Геккенің отряды оларды зеңбіректен атқылайды.
Зеңбіректен дұрыс нәтиже болмаған соң Геккенің солдаттары шабуылға көшеді. Оларға 
көтерілісшілер қарсы шығып, солдаттардың арасын біршама сиретіп тастайды. Мұны 
байқаған Гекке көтерілісшілерге жақындап келіп зеңбіректен қайта оқ атуды бұйырады, 
онысы нысанаға дәл тиіп, көтерілісшілерден көп адам шығынға ұшырайды. Сол уақытта 
солдаттар тағы да шабуылға шығады. Осы шайқаста Исатай оң қолынан жараланады да, 
баласы Жақия 50-60 адаммен бірге қаза табады. Тастөбе маңындағы шайқаста
көтерілісшілер Геккенің отрядынан жеңіледі. Жеңілістен кейін Исатайдың жігіттері Ішкі 
Ордаға шағын топтармен тарай бастады.
Исатай қатары сиреген көтерілісшілерді қайта біріктіруге әрекеттенеді. Ал бұл уақытта 
подполковник Геккенің басшылығында 700-дей казак-орыс әскері, 2 зеңбірек және 400 
адамнан тұратын хан жасағы болды. Жазалаушы отряд енді Исатай батырдың өзін ұстауға 
тырысады. Осы мақсатпен полковник Меркульев 300 казак отрядына ханның 600 жасағын 
қосып алып бірталай жерді шолып қайтады. Перовский Исатай батырды ұстаған адамға 500 
сом күміс ақшамен сыйлық тағайындайды. Есаул Трафимовқа 75 казак отряды және ханның 
100 жасағымен қоса Тастөбенің төңірегін аңду тапсырылады. 1837 жылы 15 қараша күні 
таңсәріде Тастөбенің жанында көтерісшілер мен жазалаушы отрядтың арасында кескілескен 
шайқас болады. Бірақ та жазалаушылар көтерісшілердің көп шоғырланған тұсына 
зеңбіректен оқ атып, көтерісшілерді шегінуге мәжбүрлеп біршама жерге дейін қуғындайды. 
Бірақ даланы қанша кезсе де Исатайды ұстай алмады. Исатайдың жанында сенімді серіктері 
Махамбет, Тінәлі, Иса, Сарт Қабыланбай, Төлеген, Есенгелді отбасыларымен, Тәни, Үбі, 
Мәстек Ахметұлы көтерісшілер қалып, олар басшыларын барынша қорғауға тырысады. 
Жазалаушы отряд желтоқсан айында Исатайды Самар даласынан іздейді, ал Исатай болса 
Жайықтың бойында отырып, қолайлы сәтті күтеді. 
Губернатор Перовский болса Жайықтың арғы бетіндегі кіші жүздің батыс бөлімін 
билеуші сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа Исатайдың Жайықтан өтіп кетпеуін алдын-ала 
тапсырады. Губернатордың бұйрығымен Жайықтың бойын бақылау күшейтіледі. 
Баймағанбет сұлтан өз қарауындағы елдің билері мен сұлтандарына Исатай келсе тез арада 
ұстап беруді тапсырады. 1837 жылы 13 желтоқсан күні таңсәріде Құраң Маябасовтың 
бастауымен Исатайдың тобы Жайықтан жасырын өтпек болғанда, жағалауды бақылап 
жүрген Хорунжий Жигиннің отряды байқап қояды. Бұл кезде Исатайдың жігіттерінің 
көпшілігі өткелден өтіп, тек бірнеше адам бері жақта қалады да, олар Жигиннің 
жендеттерімен қақтығысқа түседі. Казак-орыстар Сарайшықта жасақтарымен дайын тұрған 
Баймағамбет, Мұхамедқали Таукинге хабар береді. Бұл жасаққа жүзбасылар Попов мен 
Понамаревтің жазалаушы отряд қосылады. 14 желтоқсанда жазалаушылардың қолына 
Исатайдың әйелі Несібелі, балдызы Бағлан, Еділ Сартұлының балалары Ерше мен Нұрша 
түседі. Ал Исатай біраз сенімді жігіттерімен жазалаушыларды адастырып кетеді. 
Тастөбе маңындағы шайқастан кейін көтерілістің бірінші және екінші кезеңі жеңіліспен 
аяқталады. Исатай мен Махамбет Кіші жүзге өтіп, 2000 жігіт жинап, Хиуа ханының 
қолдауымен патша өкіметіне және оның қолшоқпары Баймағамбет Айшуақовқа қарсы 
күреседі. Кіші жүз даласындағы халық қозғалысы енді орта жүзден Торғай өңіріне келген 
Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысымен жалғасады. Сондай-ақ, осы тұста 
Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілісте өрши түсіп, ол Кенесарыға қосылуға 
бағыт алады.
Бұл уақытта жазалаушы әскер мен Баймағамбеттің жасағы Исатайларды тынымсыз 
іздеуде болатын. Исатайдың қайда жүргеніне қатты мазасызданған Жәңгір хан Кіші жүздің 


90 
ішіне өз тыңшыларын жіберіп, бақылауды күшейтеді. Ал Орынбор губернаторы Перовский 
болса Кіші жүздегі көтерілістің басуға қосымша әскер жібереді. Полковник Гекке мен 
Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен 
Қиыл өзенінің қарсы жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада
шайқас басталады. Жазалаушы әскер көтерілісшілерді үш жақтан шабуылдап, зеңбіректен оқ 
атады. Шайқаста көтерілісшілердің 70-80 адамы қаза табады да, амалсыздан шегінеді. 
Жазалаушы әскер көтерілісшілердің соңына түседі, көтерілісшілер болса шегіне отырып, 
біршама шайқасады. Кезекті қақтығыста Исатайдың атына оқ тиеді де, оған көмекке 
Махамбет пен Үбі келіп, аттарын ұсынады, бірақ батыр атқа мінбей жаяу ұрыс салады. Осы 
шайқаста Исатай қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра 
байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып атады. Оған қоса Иван 
Богатырев деген урядник батырдың басын қылышымен шауып түсіреді. Осылайша елі үшін 
еңіреген есіл ер қанышерлердің қолынан қаза табады. Басшысы өлген көтерілісшілер Ойыл 
өзенінің жағасындағы қалған топқа қосылады. Кіші жүзді қаптаған патшаның жазалаушы 
әскерлері көтерілісшілердің бірігіп ары қарай әрекет жасауына мүмкіндік бермеді. Осыдан 
кейін Исатайдың ұйымдастыруымен болған Кіші жүздегі көтеріліс жеңіледі.
Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдармен Хиуа хандығына
өтіп кетеді. Кейін Орынбор әкімшілігі оны қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер 
аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 ж. 
қыркүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді.
И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтерілісті үш кезеңге бөліп қарастыруға 
болады. Бірінші кезең - 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде
сипатталса, екінші кезең - 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан 
бастап, олардың осы жылдың күз айларына жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші 
кезең - 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің 
шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан 
бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста 
біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс - қоғамдағы әлеуметтік 
теңдік үшін болған, қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы 
халықтың азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс. Сондықтан да, бұл көтеріліс 
халқымыздың тарихында өзіндік орны бар, маңызы зор көтерілістердің бірі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   74




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет