Он алтыншы тарау
Шар ете түскен қоңыраулы сағат Мартинді оқыс оятты, шетін біреу
болғанда басы зеңіп кетуге тиіс еді. Ол қаншама қатты ұйықтағанымен селт
етіп, мысықша тез оянды да, дамылдауға деген бес сағат уақыт өтіп
кеткеніне қуанды. Ұйқыны ол жек көруші еді. Тіршілікте көп міндет
атқаруға тиіс, алуан сыннан өтуі керек! Сондықтан ұйқыда жатқан əркезін
өміріне зая көретұғын-ды. Сағаттың шылдыры басылып үлгірмей Мартин
шарада тұрған суға басын көміп жіберді, салқын суға рахаттанып, жаны
жай тапқандай болды.
Бұл күні оның əдетті программасы бойынша өткен жоқ. Өйткені, қапыл
қағазға түсіруді күтіп тұрған, толғағы піскен ой пікірі немесе аяқтауды
күтіп тұрған əңгімесі жоқ-ты. Өткен түні Мартин ұзақ отырған; таңертеңгі
тамақ ішетін уақыты да таянып қалыпты. Əйтсе де, Фискенің бір тарауын
оқып тастамақ болып еді, ойына əлдене келіп, көңілін бөліп жіберді.
Бүгінгі күні ол өмірмен тағы белдеспек, сол себепті аз уақытқа жазуын
тоқтатуды жөн көрді. Көңілі де семьясымен не туған үйімен қоштасқалы
тұрған жандай жабыңқы-ды. Бұрышта жатқан қолжазбаларына қарады. Иə,
ешкім маңына паналатпай жерінді болған сорлы балаларын бүгін тастап
кетуі керек. Еңкейіп, қолымен қолжазбаларын аралады, ішінен өзі ұнатқан
жерлерін оқыды. «Құмыра» мен «Оқиғаны» тіпті дауыстап оқыды. Əсіресе,
кеше ғана жазып бітіріп, жөнелтуге маркасы болмай, бұрышқа тастай
салған «Қуаныш» деген əңгімесіне риза болды.
— Түсінбеймін,— деді ол күбірлеп,— əлде редакторлар түсінбей ме?
Япыр-ау, мұнан артық не керек? Олар ауыз тұшымайтын дүниені де басып
жүр ғой. Басқандарының бəрі... бəрі дерлік сондай татымсыз бірдеңелер.
Таңертеңгі астан кейін ол машинканы қобдиына салып, Оклендке ала
кетті.
— Бір айлық ақысына борыштымын,— деді ол приказчикке.—
Қожайынға айтыңыз, жұмысқа орналасуға кетіп барады екен, сонан
оралғансын төлейтін болды деп. Бір ай тересінде төлеп қалармын.
Пароммен арғы бетке Сан-Францискоға өтіп, делдал конторына кірді.
Маған бір орын тауып беріңіз, қандай жұмыс болса да қашпаймын,—
дей беріп еді ол, тағы біреу тыстан кіріп келіп, кидірмелеп, сөзін бөліп
жіберді. Ол «əсем тұрмысқа» жаны құмар кейбір жұмысшы тəрізді киімі
төмен қол, арзан болса да қырымпозданған тыраш біреу екен.
Стол басында отырған кісі оған қарап, «үміт жоқ» дегендей басын
шайқады.
— Ойпырай, ешкімің жоқ па?—деді жаңағы кісі.— Бүгін қалай да бір
адам табуым керек еді.
Ол бұрылып Мартинге, Мартин оған қарады. Əжептəуір ажарлы адам
сияқты, бірақ кеше түні бойы «лепіріп», енді жынынан айырылған
бақсыдай жүні жығылып қалған сиқы бар.
— Жұмыс іздеп жүрген жоқсың ба?—деді ол Мартинге.— Қолыңнан не
келеді өзіңнің?
— Ауыр жұмыстың қандайынан да қашпаймын, теңіз қызметін атқара
аламын, машинка басам, стенографиядан да хабарым бар; салт ат мініп
үйренгенмін — қысқасы, қолымнан бəрі де келеді,— деді Мартин.
Ана кісі басын изеді.
— Мақұл, маған лайық жігіт екенсің. Менің есімім Доусон, Джо
Доусон, маған кір жуатын орынға көмекші керек.
— Кір жуатын орынға дейсіз бе?— Мартинге əйелдердің шілтерлі
қиқым-сиқымын үтіктеу ерсі сияқты көрінді. Бірақ, жалдаушы өзіне
əлдеқалай ұнап кетті де:— кір жуа білемін. Теңізде жүргенде үйренгем,—
дей салды.
Джо Доусон сəл ойланып тұрды да:
— Бері қара, екеуіміз түбі тіл табысып кетерміз, сірə, сөз не туралы
болғалы тұрғанын білемісің?—деді.
Мартин «білемін» дегендей басын изеді.
— «Қайнарбұлақ» деген арасан сулы курорттың қонақ үйі жанында
кішкене ғана кір жуатын орын бар. Соған екі адам керек: біреуі жетекші,
біреуі көмекші. Жетекшісі мен боламын. Əркім, əлбетте, өз жұмысын
білуге тиіс. Бірақ, сен маған бағынасың. Қалай, ризамысың осыған?
Мартин ойланды. Түбі жаман болмасқа керек. Бірнеше ай істегеннен
кейін өз жұмысымен айналысуға да қолы босайтын шығар. Əрі оқып, əрі
жұмыс істеп дағдыланған адам ғой.
— Тамағың тоқ, өз алдыңа оңаша бөлмең болады,— деді Джо.
Мəселенің оңай шешілуіне оның осы сөзі қамшы болды. Жеке бөлмесі
болса, шамды еркінше жаға беретін болса — онан артық не керек.
— Бірақ жұмысы өте ауыр, нағыз қияметтің өзі,—деді Джо.
Мартин жең ішінде кеседей дөңгеленген бұлшық етін уыстап:
— Жұмыс істеп үйренгенбіз,— деді.
— Олай болса əпкел қолыңды!
Джо маңдайын сипады.
— Фу, лағнат! Көзім əлі бұлдырайды. Кеше кешке сілтеңкіреп жіберсем
керек... Иə, шырақ, сонымен жағдай мынадай: екі кісіге жүз доллар жəне
жанбас ақысыз пəтер тиесілі. Мен алпыс, көмекшім қырық доллар алып
келдік. Бірақ ол іс білетін епті жігіт еді, сен тосын адамсың ғой.
Алғашында сен үшін маған көп жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан сен,
айталық, əуелі отыздан бастап, бара-бара қырық доллар алатын боласың.
Мен ақыңды жемеспін. Жұмысқа жаттығып, ойдағыдай үйреніп кетсең,
қырық долларды өзің-ақ ала бер.
— Жарайды,— деп Мартин қолын созды, ол қолын қысты.— Бірақ
аздап несие берсең жақсы болар еді. Жолға, өзге шығыныма керек болып
тұр.
— Бар ақшамды кеше құртыппын,— деді мұңайып Джо, тағы да
маңдайын сипалап,— билеттік қана бірдеме қалыпты.
— Пəтер ақысын түгел төлеп кетуге тиіс едім.
— Ой тəйірі-ай, бар уайымың осы ма, қойшы соны,— деді Джо.
— Жоқ, қоя алмаймын. Туған апама бересімін.
Джо «солай де» дегендей бір ысқырды да, терең ойға шомған адамша
қабағын тырыстырып тұрып қалды.
— Жарты шөлмекке жеткендей жанымда тиын-тебен қалған болу керек.
Жүр айда. Бір ақылын табармыз.
Мартин ыңғай бермеді.
— Немене, татпаушы ма едің?
Мартин басын изеді, Джо көңілсіз кескінмен:
— Күндеймін, бірақ өзім ішпей тұра алмаймын. Апта бойы əбден
итшілейсің де, кабакқа бармасқа лажың қалмайды. Егер есіріп, арақ
ішпесем өзімді өзім бауыздап өлтірер едім немесе өрт салып, қызмет орнын
өртеп кетер едім деймін. Бірақ сен ішпейді екенсің. Өте жақсы. Осы
əдетіңнен айнымағайсың,— деді.
Мартин бұл жігітпен екеуінің арасында шыңырау жатқанын түсінді.
Оны қазған оқыған кітаптары. Ал сол шыңыраудан кері өту оған қиынға
соққан жоқ. Өмірі жұмысшы табының адамымен араласып — астасып
келеді, еңбекке ұжымдаса кету оның дағдылы əдетіне айналған. Мартин
жаңа орнына қалай жетуді оңай шешті. Мəңгіріп жүрген Джоның бұған да
ақылы жетер емес. Мартин нəрсесі мен шамаданын Джонның билеті
бойынша багажға тапсырып, өзі велосипедпен баратын болды. Жексенбі
күні жетпіс миль жерге еркін барып жетеді. Сөйтіп, дүйсенбіде жұмысқа
кірісетін болады. Қазір үйіне барып, нəрсе-қарасын жиыстырмақ.
Қоштасатын ешкімі жоқ. Руфь семьясымен Сиерраға жүріп кеткен. Жаз
бойы сонда Тэхо көлінде серуендейді олар.
Мартин «Қайнарбұлаққа» жексенбінің кешіне үсті-басы тозаң-топырақ,
шаршап, əрең жетті. Джо арсалаңдап алдынан шықты. Басын сүлгімен орап
алыпты, ұзақты күн жұмыс істеген екен.
— Өткен аптадан қалған кірім бар еді,— деді ол,— сені жалдауға
барған күні қолым тимеген. Багажың аман келді, бөлмеңде тұр. Ойпырай,
зілдейіне не берерсің. Не салып ең ішіне? Алтын емес пе?
Мартин шамаданын ашып жатқанда Джо оның керуетіне барып отырды.
Шамадан дегені шамадан емес, мистер Хиггинботамнан жарты долларға
сатып алған консерв жəшігі еді. Сол жəшікке жіптен екі тұтқа шегелеп,
Мартин өзіне шамадан сияқты бірдеме лекерлеген. Жəшіктің бетінде
жатқан бірді-екілі іш киімі ғана болмаса, асты толы кітап. Соның бəрін бір-
бірлеп шығара бастағанда Джоның екі көзі шарасынан шығып кете
жаздады.
— Ойпырай! Түбіне шекте толған кітап па?
Мартин басын бір изеп, беті-қолын жууға пайдаланып жүрген ас үйдегі
столға томдарды сатылап үйе бастады.
— Бəрекелде-е!
Көкірегін кернеген өрекпісін сыртына осылай шығарып, Джо біраз
үндемей отырды. Өзіне ой түскендей түрі бар. Ақыры:
— Қыз-қырқынмен қалайсың? Көңілшек емессің бе? — деп қойды.
— Жоқ, бұрын кітап оқымай жүргенімде аздап қыдырушы едім. Қазір
уақытым жоқ соған.
— Енді ол түгіл кітап оқуға да бұрыла алмассың — жұмыс пен ұйқыдан
уақытың артыла қояр ма екен.
Ұйқыға бес сағат уақыт бөлгені есіне түсіп, Мартин езу тартты.
Мартиннің бөлмесі кірхананың үстінде екен, су тартатын, жарық беретін,
машина жүргізетін мотор да осы үйде көрінеді. Көрші бөлмеден механик
келді, жаңа қызметкермен танысу үшін кірген екен, ол Мартиннің төсегіне
де, столына да еркін жететін ұзын баулы электр шам қондырып берді.
Келесі күні Мартин таңғы сағат алтыдан он бес минут кеткенде
орнынан тұрды — таңертеңгі ас алты қырық бесте əзір болады деген. Үйде
қызметкерлерге арнаулы ванна бар боп шықты, Мартин салқын ваннаға
түсіп, Джоны тағы бір таң қалдырды.
— Ойпыр-ай, өзің тіпті қызық екенсің!— деді Джо екеуі ас үйде тамақ
ішуге отырған кезде.
Бұлармен бірге стол басына механик, бағбан, бағбанның көмекшісі, екі-
үш атшы отырған. Бəрі де тұнжырап, алдындағы тамағын апыл-құпыл асап,
ара-тұра күңк етіп, бір-біріне сөз тастап отырысты. Олардың келте, дөрекі
сөздеріне құлағын салған Мартин бұл алуандас жандардан өзінің ұзап
кеткенін аңғарды. Жігіттердің ой-өрісінің тарлығы тұншықтырғандай еді.
Мартин ішінен тезірек құтылсам екен осылардан деп отырды. Алдына
қойған бір аяқ сұйық дəмсіз ботқасын қарбыта асап, тез тауысты да, сыртқа
шыққасын барып, күрсініп, кең тыныс алды.
Бу
күшімен
істейтін
кішкене
кірхана
ең
жаңа
машинамен
жабдықталған, сумаң қағып, əйтеуір, машина орындай алатын қызметтің
бəрін атқарып тұр. Мартин қысқаша нұсқау алғаннан кейін таудай боп
үйіліп жатқан кірді сұрыптауға кірісті. Джо машина жүргізіп, улы
химикалиден былғаған сабынды суға салып ерітіп жатыр. Өзі уланбау
үшін, кебін киген адамша орамалмен аузы-мұрнын, көзі-басын тұмшалап
алыпты. Кір сұрыптап болған Maртин енді жуылған кірді сығуға кірісті.
Бұл үшін оны айналма барабанға салады екен де минутына əлденеше мың
рет зыр айналып тұрған барабан кірдің суын лезде сыртына айдап шығады
екен. Мартин кептіргіш пен барабанның екі ортасында ілгері-кейін
жүгірумен болды, қылт еткенде шұлықтарды бірыңғай сұрыптайды.
Түстіктен кейін, үтік қызғанша, екеуі шұлықтардың қыртысын жазумен
болды, оны бітіріп, сағат алтыға дейін іш киім үтіктеді. Сағат алтыны
соққан кезде Джо басын бір шайқап:
— Əй, əттеген-ай, үлгіре алмадық! Кешкі астан кейін біраз жұмыс
істемей болмас,— деді.
Кешкі тамағын ішіп болып, екеуі көз тұндырған сүттей электр
жарығымен ең соңғы ішкиімді үтіктеп иесіне əзір еткенше, сағат онға дейін
дамыл көрмеді. Калифорнияның қапырық түні. Терезелер ашық тұруына
қарамастан, плита мен үтіктің қызуымен үйдің іші қайнап тұр, адам
шыдағысыз. Екі жеңін түріп алып, көйлекшең ғана жүрген Мартин мен
Джо ентігіп, қара терге шомылды.
— Тропик портында жүк тиеген адамдай болдық-ау!— деді Мартин
екеуі баспалдақпен жоғары шығып бара жатқанда.
— Сен іске тез төселіп кетесің,— жұмысты жақсы істейді екенсің,—
деді Джо.— Бүйтер болсаң келесі айда-ақ қырық долларға қолың жетіп
қалмас па екен. Бірақ, бұрын кір үтіктеп көргенім жоқ деуің бекер. Мені
алдай алмайсың, айналайын!
— Құдай біледі, өмірімде бір жапырақ шүберек үтіктеп көрген жоқпын!
Мартин қатты шаршағанын байқады. Табанынан тік тұрып, он төрт
сағат үзбестен жұмыс істегенін ұмытқандай өзінің бұл халіне қайран
қалды! Будильнигін таңғы алтыға қойды да, бес сағатын шегеріп, түнгі
бірге дейін кітап оқымақ болды. Аяғын суыту үшін башмағын шешіп, стол
басына отырды, кітаптарын айнала алдына жайып салды. Фискенің мұнан
екі күн бұрын оқып тоқтаған жерін ашты. Басы мең-зең. Бір оқыған
абзацын екінші рет оқиды. Əлден уақытта ояна келсе, ашық тұрған
терезеден таудың салқын лебі есіп, бүкіл денесі мұздап қалған екен. Сағат
түнгі екі. Төрт сағаттай ұйықтапты. Шешініп, төсегіне қайта жатқан бетте,
басы жастыққа тиер-тиместе қор ете түсті.
Сейсенбі күні бұлар тағы тыным тапқан жоқ. Джоның шапшаңдығына
Мартин таң қалды. Қимылына көз ілесер емес. Күн ұзын жұмысқа бар
ынтасын салып, титтей уақытын босқа жібермейді жəне Мартинге бес
қимыл жасау орнына үш, үш қимыл орнына екі қимыл жасау əдісін
үйретеді. Мартин де еліктеп бақты. Өзі де епті, зейінді еді, жұмысқа
келгенде алдыма жан салмаймын деп мақтанатұғын да. Бар өнерін салып,
Джоның айтқанын екі етпеуге тырысты. Жаға мен манжеттерге, үтіктеген
кезде көпіршімейтін етіп, əдемілеп крахмалды жаққаны сонша, Джо мақтап
қойды оны.
Жұмыста ешбір үзіліс деген болмайды. Бірін бітірсе, ілешала екіншісіне
кіріседі. Бұлар екі жүз ақ көйлек крахмалдады. Оң қолымен оның жағасын,
кеудесі мен манжетін ыссы крахмалға малса, сол қолымеи өзге жерін
крахмалға тигізбей көтеріп тұруы тиіс. Крахмал сондай ыстық — көйлекті
сыққан сайын қолдарын салқын суға малып тұрады. Сол күннің кешінде
екеуі түнгі он жарымға дейін үлбіреген əйел киімінің бүкпесі мен
бүктесінін түгел крахмалдап шықты.
— Тропикте де тап мұндағыдай емес — жеңілірек,— деді Мартин
күліп.
— Дəл маған жеңіл соға қояр ма екен, кір жуудан басқа қолымнан не
келеді менің,— деді Джо.
— Сен бұған əбден машықтанып алған екенсің.
— Машықтанбай. Оклендте мен он бір жасымнан істей бастағам.
Пармен жүретін катокта тұрдым. Міне, сонан бері табан аудармағаныма он
сегіз жыл болған екен. Ал тап мұндағыдай каторга көрген емен. Мұнда ең
кемі үш адам болуы тиіс. Ертең бізге тағы да түнделетуге тура келеді.
Сəрсенбі сайын ылғи солай — жаға, манжет.
Мартин будильнигін тағы бұрап, столға отырып, Фискенің бетін ашты.
Бірақ бір абзацын да оқи алған жоқ. Кітаптың жазуы көз алдында селтең
қағып, қалғи берді. Түрегелді, олай-бұлай жүрді, ұйқы ашам ба деп
жұдырығымен басын түйгіштеп те қарады, болмады. Сонан кейін кітапты
алдына жайып салып, саусағымен қабағын керіп отырып оқымақ болған,
бірақ сол қалпында көзі ашық күйі ұйықтап кетіпті. Ақыры ол ұйқы жаумен
арпалысуын қойды да, не істеп, не қойып жүргенін толық түсінбестен,
шешініп, керуетіне бара құлады. Жеті сағат ұдайымен хайуанша пысылдап,
ауыр ұйқыда жатып, будильниктің шылдырынан ояна кетсе, ұйқысы əлі
қанбаған екен.
— Қалай, көп оқыдың ба бүгін?—деді Джо.
Мартин басын шайқады.
— Көп емес!— деді Джо көңілін жұбатқысы келгендей.— Бүгін катокты
түннен бастап жүргізейік те, ертең ерте, таңғы сағат алтыда жұмыстың
бəрін үлгірейік. Сонда оқуға уақытың қалады.
Бұл күні Мартин үлкен кеспекке улы сабын езіп, жүннен тоқыған
бұйымдарды шайқаумен болды. Кір шайқайтын бір лекері де бар екен
бұлардың, онысы кеспектің үстіне көлденең асқан көпір ағашқа байлаған
поршень мен арбаның төлкесі.
— Өзім ойлап таптым осыны,— деді Джо мақтанып.— Əрі білік, əрі
қол орнына жүреді, жетісіне ең кемі он бес минут уақыт үнемдейді бұл!
Мына дию-перінің тандырында жүрген бізге тым құрса бір минут үнемдеу
неге тұрады, білесің ғой!
Жаға мен манжеттерді катоктен өткізуді де ойлап шығарған Джо, кешке
екеуі əлектр жарығымен жұмыс істеп жатқанда, оның жайын Мартинге ол
былай түсіндірді:
— Басқа кірханаларда бұған ешкімнің əлі ақылы жеткен жоқ. Осының
арқасында мен сенбі күні жұмысты елден бұрын сағат үште үлгіріп жүрмін.
Тек айла-əдісін білу шарт. Ерекше температура, ерекше қысым жағдайында
манжетті не жағаны катоктан үш рет өткерсең болғаны. Міне қарашы.
Ол манжет алды қолына.
— Қолмен де бұлай жылмитып шығара алмайсың, солай емес пе?
Бейсенбі күні Джо бұрқан-талқан болды: нормадан артық бір буда
крахмалдайтын ішкиім жіберіпті қожайын.
— Жау алсын,— деді ол айқайлап,— құрысын бəрі де! Илігерім жоқ
енді. Хайуанға ұсап бір жеті итшіледім, əрбір минут уақытымды
үнемдедім, сол да жетер. Енді қара, нормадан тыс бір буда кір əкелгенін!
Мен ерікті елдің азаматымын, білдің бе, айтармын айтарымды,
голландиялық доңызыңа! Французша сөйлеп, сыпайыламаспын, білдің, бе?
Құрама Штаттардың тілінен де табылар саған лайықты сөздер. Нормадан
тыс тағы бір буда жібере қоюын қарашы!
— Құрсын, тағы да түн ортасына дейін жұмыс істейтін болдық қой,—
деді ол аздан кейін өзінің əлгінде ғана ашу шақырып, сырттан айбат
шеккенін ұмытып, тағдыр шіркінге мойын ұсынғандай.
Бұл түні де Мартин кітап оқи алмады. Газет көрмегелі бір жұма болған.
Көруге де құлқы жоқ. Жаңалық — хабар білуге зауқы соқпайды. Əбден
қалжыраған, селт етіп көңілі ештеңеге ауар емес; дегенмен ол сенбі күні,
шынымен жұмыс сағат үште тоқтайтын болса, велосипедпен Оклендке
баруға бел байлады. Жетпіс миль баруы, жетпіс миль қайтуы — сонымен,
аз да болса тынығып, алдағы жетіге əл жинауға мұршасы келер емес.
Поезбен барған жөн еді, бұған екі жарым доллар ақша керек. Ал Мартин
қалай да қор жинауға бекіген.
|