Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет1/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48



Джек Лондон. Мартин Иден
Бірінші тарау
Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас
жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, əлденеге қолапайсызданып, жұлқа
тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен
теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі
қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы
жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді,
оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен,
тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.
Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын
нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай
жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен
қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-
жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зəресі қалмады. Олай-бұлай
орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бəлеге өзі бас болды. Рояль мен
үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді,
сол арадан əлденеге сасқалақтап, бір өзі əрең өтті. Соқталдай болып
солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі
кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің
түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін
жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді.
Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сəл
кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.
— Артур, достым, сəл кідіріңізші,— деді ол ұялғанын сездіргісі келмей
əзілдей сөйлеп. —Көрмеген жердің ой-шұқыры көп деген осы да, берекем
кетті, кішкене есімді жиып алайын. Өзіңіз білесіз, осында келгім келген-ақ
жоқ еді, семьяңыз да мені көруге ынтығып отырмаған болар.
— Ештеңе етпейді, саспаңыз!—деді ол.— бізден қаймықпай-ақ
қойыңыз. Өзіңіз сияқты қарапайым кісілерміз біз де .. Еһе! Маған хат
келген-ау, сірə!


Артур қонағым сəл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып,
конвертті ашып, хатын оқи бастады. Бұл жігіт жаратылысынан сезімтал,
сергек жан еді, сырттай сасқалақтап жүрсе де, кісілігін сақтай білді.
Маңдай терін тағы бір сүртіп, қазулы орға түсем бе деп сезіктенген тағыдай
ол жан-жағына сескене, тосырқап қарайды. Бəрі жат, не істеп, не қоярын
білмейді. Өзінің тым доғал, рабайсыз адам екенін енді ғана түсінгендей.
Осылай өз-өзінен қуыстанып, қатты қысылып отырғанда хат оқып тұрған
Артурдың ара-тұра көзін ала беріп, күлімсіреп қарағаны өңменіне оқтай
тиді. Бірақ көзіне көзі түсіп кеткенде де сыр берген жоқ, себебі ол өмірінде
талайды көріп, əр уақытта ең алдымен тəртіп, əдеп сақтау лазым екенін
көңіліне берік түйген. Асылы, бұл жай шымбайына тимей де отырған жоқ.
Мұнда келгеніне өкінді де, дегенмен бір келіп қалған соң не болса да нар
тəуекел, ақырын тосайын деп отыра берді. Бұрынғыдай емес, бойын жиып,
намысына тырысып, қатуланып, көзінен кейістік оты ұшқындап кетті. Ол
тағы да жан-жағына көз салды, бұл жолы көргенінің, бəрін ұсақ-түйегіне
дейін жадына тоқып алмаққа ниет етіп, əдепкідегіден гөрі бойын еркін
ұстап отырды. Оның таңдана-таңырқай қараған көзінен ешнəрсе қағас
қалған жоқ: сəнді жасау-жиһаздарды көрген сайын көңілі жадырап, көз
жанары жыли бастағандай. Оның сұлулыққа жаны құмар еді, мұнда көзге
қонақ бергендей көркем дүние көп екен.
Бір сəтке қабырғада ілулі тұрған сырмен салған суретке көзі түсті.
Жағалаудағы жартасқа дүрс соғып, көкке шапшыған асқақ толқын; аспанды
торлап алған, түнере түксиген бұлт етегінен жаңа ғана ұясына қонып бара
жатқан күннің шұғыласы көрінеді; ақбас асау толқындардың шоқтығында
бір кішкене желкеме қылаңдайды; ойыса зырлап келе жақтан кеменің
палубасы алақанның аясындай ап-анық көрініп тұр. Сурет сұлу дүние екен,
сұлулық əрқашан да жігітті өзіне тартушы еді. Ол икемсіздігін елең
қылмай, суретке жақындап барған еді, жаңа ғана көз тартқан сұлулық
ғайып боп кетті. Оның орнына айғыз-айғыз аламыш бояуға қарап мелшиді
де қалды. Кейін шегінді. Шегінген сайын сурет жарқырап жана түскендей
көрінді. «Көз байлайтын сурет екен»,— деді де бұрылып кетті, осыншама
сұлулықты көз байлау үшін қор еткені ме, деп қатты ренжіді. Оның көркем
ресімнен хабары жоқ-ты. Бар білетіні алыстан да, жақыннан да жалтырап
көрінетін хромолитография. Рас, магазиндердің витринасынан сырмен
сызған суреттерді де көргені бар, бірақ соны əйнек арқылы анықтап көре
алмаған ғой, тегі.
Жігіт хат оқып тұрған досына қарап еді, столда жатқан кітаптарға көзі


түсті. Ac көрген аш адамдай екі көзі жайнап кетті. Тағаты төзбей столға
жетіп барды да абыржып, кітаптарды аударыстыра бастады. Əр кітаптың
атын, авторын қарады, жеке сөздерін оқыды, кітап бетін алақанымен
аялады, соның ішінен өзі оқыған бір кітап шықты. Бірақ өзге кітаптың бəрі,
авторлары да таныс емес. Қолына Суинберннің бір томы іліккен еді, оны
елти оқып, есінен танды; екі беті гүл-гүл жайнады. Келген жеріне сұқ
қолын салып, екі рет сыртындағы авторын қарады. Суинберн! Бұл есімді
тірі жүрсе ұмытпас. Осынау Суинберн əр нəрсенің аумағы мен айшығын
тез аңғаратын көреген кісі тəрізді. Кім екен өзі? Ақындардың көпшілігі
секілді дүниеден мұнан жүз жыл бұрын өтіп кеткен марқұм ба немесе əлі
күнге өлеңін жазып, арамызда жүрген адам ба? Кітаптың бірінші бетін
аударып қарады. Тегі, Суинберн мұнан өзге де кітап жазған кісі болар.
Жарайды, ертең кітапханаға барып, бір томын алармын.
Кітапты ұйып оқып отырған жігіт бөлмеге бір жап-жас қыз кіріп
келгенін байқамады. Артурдың:
— Руфь! Мынау мистер Иден,— деген даусын естігенде барып есін
жиды.
Кітабын тарс жапты, бұрын байқалмаған бір өткір сезім өзегін
өртегендей болды, бірақ бұл — қыздың келуінен туған сезім емес, оның
ағасы айтқан сөздің əсері-ді. Жігіт балуан денелі балпаң болғанымен, сезімі
күшті сергек жан. Сырт дүние болар-болмас əсер етсе-ақ оның ой-сезімі тез
серігіп, жалындай жалқындап кетер еді. Ол ерекше сезімтал, алғыр да
албырт болуынан асқақ қиялы алас ұрып, заттардың ара қатынасын, бір-
біріне ұқсастығы мен айырмашылығын аңғарумен тыным таппас еді. Оны
тітіренткен жаңағы «мистер Иден» деген бір ауыз сөз. Өмір бойы оны жұрт
«Иден» немесе «Мартин Иден» тіпті болмаса «Мартин» дей салатын ғой,
қазір ойда жоқта «мистер» болды. «Бұған да шүкір»,— деді ол ішінен.
Оның қиялы лезде саңлаулы кең камера сықылды көз алдына трюм, док,
кеме, айлақ, түрме, шарапхана, аурухана мен лашық үйлерді əкелді,
осының бəрі өмірінде талай естіп жүрген өз есімінің төңірегінде шыр
айналды.
Осы сəтте жалт бұрылған жігіттің көзі қызға түсті. Қиялында сыңсып
тұрған елестің бəрі демде жоқ боп кетті. Қараса, қарсы алдында алтын
шашы толқыған, ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай
үлбіреген бір қыз тұр. Үстіндегі киімі қандай екенін мұқым аңғарған жоқ,


бірақ өзі қандай сұлу болса, киімі де сондай əсем екенін сезді. Қызды
қиялында сабағы нəзік алтындай ақшыл-сары гүлге ұқсатты. Жоқ, мынау
бұл — рух, періште, əйел тəңірісі, мұндай қасиет жер басып жүруі мүмкін
емес. Əлде кітап сөзі рас болғаны ма, қоғамның биік сатысында мұндай
арулар да бола ма екен? Шіркін, Суинберн жыр еткендей екен өзі. Ол анау
стол үстінде жатқан кітабында Изольданы суреттеген шақта қиялында дəл
осындай сымбатты сұлуды елестетті ме екен? Осы бір сезім жəне хор
қызындай тізілген өңшең сұлулар сағымдай толқып, көз алдынан тез өтіп
кетті. Елеспен қосарланып, өмір шындығы да сырт көрмекке өзінің
қалыпты ретімен тоқтаусыз өтіп жатыр. Руфь қолын созды, жігіттің көзіне
тура қарап, қолын алып, қатты қысты, тым қысыңқырап жібергенін байқап
қалды жігіт. Таныс əйелдері бұлай етпеуші еді. Тіпті, қол алып
амандаспайтұғын да. Бұрын кезіккен, танысқан əйелдері есіне түсіп,
қиялында тағы да түрлі көрініс тізбек-тізбек болып өте бастады. Бірақ жігіт
елеске жеңдірмей қызға қадалып қарай берді. Мұндай əйел затын бұрын-
соңды көрген емес. Оның көріп жүрген əйелдері... «Сол» əйелдер қызбен
қатарласып, көз алдына келді. Мəңгіліктей көрінген бір ғана секунд
уақыттың ішінде ол өзі портрет галерейінде тұрғандай сезінді, галерейдің
ортасында қыз, оның айналасында сығылысқан көп əйел, соның
əрқайсысын бір шолып, қызбен салыстырып үлгермек керек. Міне,
фабрикада істейтін бетінде қан-сөлі жоқ əйел жұмысшылар, көшеде өмір
кешетін шұнаңдаған қыз-қырқын, үлкен-үлкен мал ранчоларында қызмет
жасайтын батрақ əйелдер. Мексиканың аузынан сигаретін екі елі
айырмайтын қара торы келіншектері. Бір кезде ағаш кебісін тықылдатып,
бүгежек-бүгежек еткен қуыршақ тəрізді жапон бикештері, кескіні тым
қуарыңқы, азғындай бастаған Евразия əйелдері, онан кейін милығына гүл
өрген Тынық мұхит аралдарының тығыршықтай шой қаралары елестеді.
Ақыр соңында жан түршігерлік сұмырайлар — Уайтчепельдің панельдерін
паналаған жалбыр шашты жезөкшелер, ұры-қарының арасынан шыққан
арақ құмар антұрғандар, жаһаннамнан шыға шұбырған малғұндай
жиіркенішті бейбақтар, кеме айлағында теңізшілерді тосып алатын əйелдің
азғындары, гавань атаулының сілімтігі, қазандай қайнаған адам баласының
көбігі мен тосабы келді көз алдына.
— Отырыңыз, мистер Иден,— деді қыз.— Сіз туралы Артурдың
айтқанын естігеннен бері сондай танысқым келіп жүр едім. Сіз бір керемет
ерлік жасапсыз.
Жігіт қолын сермеп, қыздың сөзін бөліп жіберді де, соның бəрі түк


емес, менің орнымда өзге біреу болса, ол да сөйтер еді деп күбір етті. Қыз
жігіттің қолы жарық-жара екенін байқап қалды; екінші қолына қараса, ол
да сондай. Руфьтің сынай қараған көзі сырғып отырып енді жігіттің өңіне
кідірді, бетіндегі тыртығын көрді, маңдайында, шашының астында тағы
біреуі бар екен, қатырғы жағасының жиегінен де жараның таңбасы
көрінеді. Күнге тотыққан мойнын қатырғы жаға бунап тастапты, қыз күліп
жібере жаздады. Тегі, бұрын мойнына жаға салып əдеттенбеген адам болу
керек. Қыздың көреген көзі костюмының олпы-солпысын, иығындағы
іркіс-тіркісін, тырсиған бұлшық етін, жеңінің қыртыс-тыртысын аңғарып
қалды.
Жігіт болған оқиғаның ерекше ештеңесі де жоғын тағы айтып,
семеңдеп, ұсынған креслоға қарай жүрді. Сол екі арада кербез қыздың
креслоға керіліп отырғанына сүйсініп, өзінің добалдығына қынжылды. Бұл
да бір жаңалық. Өмірінде ол өзінің епті екенін немесе ебедейсіз екенін
ескерген жан емес-ті. Бұл оның қаперіне келмеген нəрсе. Жігіт креслоның
шетіне ақырын отырды, бірақ қолын қайда қоярын білмеді. Қалай қойса да
үйлеспейді. Оның үстіне Артур тап осы кезде бөлмеден шығып кете қояр
ма, Мартин Иден жетімсіреп сол жаққа қарай береді. Əйел бейнесіндегі
осынау ақ періштемен оңаша қалғасын жігіт мүлде сасайын деді. Əттең бұл
арада түрегеліп тұрып қағып жіберетін не арақ жоқ, не сыраға жұмсай
қоятын бала-шаға көрінбейді, əйтпесе адамды ашына қылып жіберетін сол
сусынмен көмекейін сəл жібіткен теріс болмас еді.
— Мойныңызда жарақаттың таңбасы бар көрінеді, мистер Иден,— деді
қыз.— Бұл не? Бəлкім, қызық оқиғаның белгісі шығар?
— Бір тентек мексикан пышақ салған еді, мисс,— деді ол ернін бір
жалап, көмейін ашқысы келгендей жөткіріп қойып.— Екеуміз төбелесіп,
мен оның қолындағы пышағын тартып алмақ болып жүргенде ол менің
мұрнымды тістеп ала жаздады.
Бұл жайды жайбарақат айтып отырғанда сонау Салина-Круцтің
жұлдызды қапырық түні оның көз алдында елестеді: бозамық теңіз
жағалауы, қант тиеген кемелердің жарқыраған оттары, əудем жерде мас
матростардың самбырлаған дауысы, қақтығысып қаптап жүрген жүкшілер,
ашудан кескіні бұзылып кеткен мексикан, жайнаң-жайнаң еткен оның
айуан көздері, мойнына мұздай боп қадалған болат, жосалап аққан қан,
қаумалаған халық, айғай-шу, екі кісінің ұмар-жұмар болып, құм үстінде


ирелеңдеген денесі, аулақта гитараның сыңғырлаған сазды сұлу үні. Оқиға
осылай болған, ол есіне түскенде жігіт селк етті, анау қабырғадағы суретті
салған адам осы оқиғаның бəрін бояумен нақышына келтіріп салып бере
алар ма еді деп ойлады ол. Ағараңдаған жағалау, жымыңдаған жұлдыздар,
жарығы тұнған жүк кемелері — осының бəрі əсем болып шықса керек еді
— құм үстінде арпалысып жатқан екі кісіні қаумалаған бір топ кісі, суретке
пышақты салса да болар — жұлдыз жарығымен жарқ еткен болат жанып
түспей ме!
Бұл туралы жігіт лəм деген жоқ.
— Иə, ол менің мұрнымды қыршып ала жаздады,— деді де қойды.
— О!
Қыздың бұл лебізі мен кескіні ерсі көргендігін байқатқандай еді.
Жігіттің өзі де мүдіріп қалды, қоңырқай жүзі күреңітіп лаулаған көмір
қазанның аузында бір сағат тұрғандай екі беті дуылдап кетті. Пышақтасу
секілді сөлекет нəрсені дегдарлар алдында əңгімелеу лайықсыз шығар.
Бұлар кітап бетінде мұндай сорақылықты сөз етпейді, əлде мұқым білмей
ме екен?
Жаңа ғана жараса бастаған əңгіме осы арада бөлініп кетті. Руфь жігіттің
бетіндегі табы туралы тағы бір сұрақ қойды. Қыздың əңгімені өзіне қанық
жайларға қарай бұрып отырғанын түсінген Мартин осы сауалына жауап
бергеннен кейін сөзді қыздың өзіне берейін деп ойлады.
— Оқиға былай болған,— деді ол бетін бір сипап.— Бір күні түнде,
теңіз қатты толқып, кемеміздің грот-желкенін жел түп-орнымен жұлып
əкетті. Тросымыз сымнан өрген арқан еді, сол айнала үйіріліп, жыланша
тулады. Вахтада тұрған матростардың бірде-бірі ұстай алсыншы оны. Мен
де ұмтылдым, əйтеуір ілектіріп байладым-ау, бірақ жандəрмен күні арқан
бетімді тіліп кетіпті келістіріп тұрып.
— О!—деді қыз тағы да. «Грот», «трос» деген сөздер ол үшін қытай
емлесіндей қиын көрінгенімен, бұл жолы сəл аяныш білдіргендей еді.
— Осы... Свайнберн,— деді жігіт ойындағы ниетін орындағысы келіп,
бірақ ақынның ат-есімін дұрыстап айтып бере алмай.


— Кім?
— Свайнберн,— деді ол тағы да,— əлгі ақын ше.
— Суинберн десеңізші.
— Иə, иə, дəл өзі,— деді ол тағы да қызараңдап.— Ол кісінің өлгеніне
көп болды ма.
— Опат болғанын естігенім жоқ,— деді қыз таңырқай қарап оған.—
Онымен қалайша танысып едіңіз?
— Туды-бітті көрген кісім емес. Тек жаңа ғана сіз келер алдында анау
стол үстінде жатқан кітабынан бір-екі ауыз өлеңін оқып едім. Оның
өлеңдері ұнай ма сізге?
Қыз мүдірмей сөйлеп ала жөнелді. Жігіттің арқасы енді ғана кеңіп, тіпті
жайғасыңқырап отырды, бірақ алғаш атқа мінген баладай креслоның
қанатынан ұстап алып айырылмайды. Қыздың жақсы білетін тақырыбын
тауып бергесін, енді бұл оның сөзін бар ықыласымен тыңдауға тырысты,
осыншама көп білім осынау сұлудың ұршықтай басына қалай ғана сыйып
тұр екен деп бір жағынан таңырқаса, бір жағынан оның нəзіктігіне
сұқтанып та отыр. Қыз аузынан еркін төгілген түсініксіз сөздер
таңдандырып, кəтте оның ой-өрісі өзіне мүлде жат болғанымен, естігенін
құлағына құйып алуға құмартты. Ақыр соңында осының бəрі оның ой-
санасын қозғады. Ақыл дүниесі, парасат дегеніміз осы-дағы деп ойлады ол,
бұрын түсіме де кірмеген таңғажайып тамаша сұлулық, міне, осы. Ол өзге
дүниенің бəрін ұмытып, қыздан көзін ала алмай сонырқап отыр. Иə, бір
ғана осындай ғашық жар үшін өмір сүріп, дүниеден үміт етуге болады. Сол
үшін күресіп, соның жолында өліп кетуге де болады. Тегі, кітапта бекер
айтылмаған. Дүниеде мұндай да əйел заты болады екен ғой. Соның бірі
мынау қыз. Қыз оның қиялын оятып жіберді, көз алдына айнадай
жарқыраған үлкен бір көрініс келді, оның бетіне көз тұндырған
романтикалы ғажайып образдар түсті, аққұба, əлжуаз əйел үшін —
алтындай асыл, мейрам бағы-гүл үшін ерлік жасаған албырт абзал
жандардың ғашықтық хикаялары көшкен керуендей көз алдынан лек-лек
болып өтіп жатты. Сағымдай толқыған осынау тұрлаусыз қиял дүниесі
арқылы бұлдырап, оның көзіне көркемөнер мен əдебиет туралы
қызғылықты кеңес шерткен кəдімгі тірі қыз көрінді. Сонан көзін алмай,


сөзін емірене тыңдады, ол өзінің көздерінен күллі еркек нəсілі елжіреп
тұрғанын абайлаған жоқ. Бірақ өмірді де, еркек адамды да жақсы білмейтін
қыз бір кезде жігіттің оттай жайнаған ыстық көздеріне көзі түсіп кетіп,
əлденеге сезіктеніп қалды. Ешбір еркек бұрын-соңды бұлай қарап көрген
емес еді, қыз қымсынайын деді. Мүдіріп, сөзінен жаңылып, тоқырап қалды.
Жігіттен сескенетін тəрізді, бірақ неге екенін кім білсін, оның осылай
қарағаны өзіне ұнады да, жүрегіне жылы тиді. Тəрбиенің қанына сіңген
тағлымы мынау қатерден, арбасып, еріксіз тарта бастаған сиқырлы күштен
сақтандырды, бірақ қанын қоздырған инстинктінің кім екеніңді, не екеніңді
ұмытып, мынау өзге дүниеден келген қонақ балаға қарсы ұмтыл, қатырғы
жағасы мойнын қажаған, қолдары жарық-жара жас жігітке құшағыңды аш,
тəрбиесіз дөрекі адамдардың арасында өрескел өмір сүргені əр қылығынан
көрініп тұрған жас шіркінге қарай ұмтылсайшы деген өктем үнін
естігендей де болады. Қыз таза бала еді, оның пəк көңілі бұл үнге қарсы да;
бірақ заты əйел емес пе, əйел табиғатының таңқаларлық парадоксын жаңа-
жаңа тани бастаған албырт жас емес пе.
— Сонымен, жаңа айттым ғой... Айтпақшы, мен не айтып едім?—деп
қыз кенет сөзін бөліп, жымия күлді.
— Сіз былай дедіңіз: Суинберн ұлы ақын болам деп бола алмады, неге
десеңіз... иə... міне, дəл осы араға келіп, тоқтадыңыз, мисс...
Осы сөзді айтқаннан кейін əлденеге аштық азабы қинаған адамдай
сезінді. Қыз күлкісінен тұла бойы түршікті. Күлкісі күмістей екен деп
ойлады ол, құдды бір сыңғырлаған кішкене күміс қоңыраудай екен; сол
мезетте, көзді ашып-жұмғанша алыста жатқан бір ел елестеді: ақшыл күрең
гүл шашқан шие ағашының астында ол темекі шегіп отыр, тақуалардың
аяғына боршын киіп, ғибадат қылатын шағы, соларды шақырған мұнаралы
ғибадатхана сыңғыр-сыңғыр еткен қоңырау дыбысы құлағына келеді.
— Иə, иə... рахмет сізге,— деді Қыз.— Суинберннің ұлы ақын бола
алмау себебі, расын айтсақ, ол кісі кей-кейде əдеп сақтамайды. Кейбір
өлеңдерін, тіпті, оқуға ұяласыз. Нағыз ақынның əрбір жолы ақиқат болу
керек, адамның ең асыл сезімін оятуға тиіс. Ұлы ақынның бірде-бір жолын
алып тастауға болмайды. Өйтер болсақ дүние əлемге зор қиянат жасар едік.
— Маған өзім оқыған жері тым тəуір сияқты көрінді,— деді жігіт
күмілжіп,— ешбір оғаш сөзін байқағаным жоқ. Мүмкін, басқа кітабында


бар да шығар.
— Сіз оқыған кітаптан да көп жерін алып тастаса түк етпейді,— деп
қыз пікірін кесіп айтты.
— Маған ұшырамаған ғой, тегі,— деді ол.— Мен оқыған жері жақсы-ақ
еді. Көкірегіме күн нұры жауғандай немесе прожектордың жарығы
түскендей болып еді. Маған солай көрінгені рас, мисс; абзалы мен түсіне
алмағам ғой.
Жігіт кілт тоқтап, сөзге олақ екенін сезіп, қынжылып қалды. Жаңа ғана
оқыған өлеңнен бір қуат, өмір лебін естігендей болған, бірақ соны айтып
беруге тілі жетпеді. Ол жат кемеге отырып, тас қараңғы түнде кендір
бауларына шырмалып, шыға алмаған матростай болды. Жарайды, олай
болса, сол жат дүниеге де жетілуім керек деп ойлады ол. Бұған дейін
мақсат еткен ісін орындамаған кезі болған жоқ-ты, ал қазір ой-сезімін еркін
айтып бере алсам деп арман етіп отыр. Не қылса да қыз оның аспанын
айнала торлап алғандай.
— Мысалы, Лонгфелло..— дей беріп еді қыз, жігіт өзінің əдебиеттен аз
да болса хабары барын сездірмекке асығып, дереу сөзін бөліп:
— Иə, иə. Оқығам, оқығам,— деді.— Мен оның «Өмір аяттарын»,
«Эксцельсиорын» оқыдым... Басқа шығармасын оқымаған шығармын.
Қыз мүсəпірсіткен адамдай басын изеп, езу тартып күлді. Тегі, жігіт
білгішсінемін деп білместігін аңғартып алғандай. Лонгфелло көп кітап
жазған біреу болмаса не қылсын.
— Ғафу етіңіз, мисс, мен орынсыз килігіп, сөзіңізді бөліп жібердім,—
деді ол.— Шынымды айтайын — түсінігім шамалы. Бұл менің ақылыма
сыймайтын дүние. Бірақ, соны түбінде сыйдырсам керек.
Соңғы сөздері құлаққа «сені ме бəлем» дегендей зілді естілді. Дауысы
сұңқылдап, көздері ежірейіп, екі езуі салыңқыланып, сазара қалды. Қызға
ол түсін бұзып, иегін көститіп, «келсең — кел» деп құшырланғандай, өр
жігері өнбойын толқынша тербетіп əкеткендей көрінді.
— Сіз... ақылыңызға сөзсіз сыйдыра аласыз, күмəнім жоқ — деп күлді
қыз.— Сондай жігерлісіз ғой өзіңіз!


Қыздың көзі жігіттің күнге күйген, бұқаның шүйдесіндей күдірейген
жұп-жұмыр, қып-қызыл мойнына сəл кідірді. Алдында пысы жеңіліп,
пұшайман болып отырса да, қыздың аңсары ауды оған. Əлдене ерсі ойлар
келді. Егер мойнынан қысып құшақтаса, оның күші мен қуаты өзіне
тоғысатындай көрді. Ұялды. Бұрын байқамай жүрген бұзық ниетінің мысы
шығып қалғандай болды оған. Ол адамның қайратын дөкір, сорақы нəрсе
деп білуші еді. Ер кісінің көркі сұлу, кербез де сымбатты болғанын қалар
еді. Солай бола тұрса да жаңағы бір ғажап ойынан арыла алған жоқ. Күнге
күйген мойнынан не себепті құшақтай алғысы келгенін еш түсінбеді.
Дұрысында, мұнда қайран қалатын не бар. Жаратылысында табиғаты нəзік
қыздың өзіне жетіспей жүрген мол күшке жан-тəнімен ұмтылғаны да.
Бірақ, мұны өзі білмейді, оның білетіні, бұрын-соңды ешбір еркек осынау
сөздері құлаққа түрпідей тиетін долаң жігіттей күшті əсер етіп көрген емес.
— Рас, мен қара күшке келгенде өгіздеймін,— деді ол,— керек болса
асқазаным тот басқан темірді де қорытады. Бірақ қазір ішіме ас айналмай
қалған секілді. Сіз айтқан сөздің көбін сіңіре алман, сірə. Мені бұрын
ешкім ешнəрсеге баулымаған. Мен кітап, өлең дегенді жақсы көрем, қалт
етсем оқи бастаймын. Бірақ бұлар жайында сіз сықылды ойланып, пікір
түйіп көргенім жоқ. Сондықтан да маған пəлен деудің өзі қиын. Мен
құбыланамасыз, қартасыз жат кемеге отырған жандаймын. Əуелі аңысын
біраз аңдауым керек екен. Мүмкін, сіз көмек етерсіз? Сіздің осыншама көп
білуіңіз неден?
— Мен оқыдым, мектеп көрдім.
— Бала кезімде мен де мектепте болдым.
— Иə, бірақ мен орта мектепті бітірдім ғой. Онан кейін университетте
лекция тыңдап жүрмін.
— Сіз тіпті университетте оқыдыңыз ба,— деді жігіт таңданып.
Екеуінің арасы осы тұста миллион миль қашықтап кетті.
— Мен онда əлі оқып жүрмін. Ағылшын филологиясының арнаулы
курсын өтпекпін.
Жігіт «филологияның» не екенін білмейтұғын. Осы мəселеден өзінің
надандығын сезіп, тағы бір сауал берді:


—Университетке түсу үшін қанша, неше жыл оқу керек?
Қыз оның меселін қайтарғысы келмеді де:
— Ол бұрын қанша оқығаныңызға байланысты,— деді.— Сіз орта
мектепте мүлде оқыған жоқсыз ба? Иə, əрине, оқымаған шығарсыз... Бірақ
бастауыш мектепті бітірдіңіз ғой?
— Бітіруіме екі-ақ жыл қалғанда тастап кеттім... Бірақ жақсы оқып,
үнемі награда алушы едім.
Айтарын айтып салғанмен өзінің мақтанып кеткеніне ызаланып,
креслоның қанатын қатты қысқаны сондай, қолдары ұйып қалды. Осы
кезде бөлмеге бір əйел кіріп келді. Қыз жалма-жан орнынан ұшып тұрып,
алдынан шықты. Шамасы, қыздың шешесі боларсың-ау деп ойлады жігіт.
Өзі үйіне лайықты əсем киінген ақшыл сары, бойшаң, тіп-тік, сұлу,
айдынды адам екен. Киімнің қимасы мен қынайы көз тартады. Оның күллі
түр-сипатын Мартин Иден бұрын сахнада көре жүрген əйелдерге ұқсатты.
Тап осылай киінген осы сықылды маңғаз, паң əйелдерді ол Лондон
театрларының вестибюльдерінде де талай көрген, қашан полисмен жаңбыр
құйып тұрған көшеге қуып шыққанша көз алмай қараумен болатын. Мұнан
кейін қиялы оны Иокогамаға, Гранд-Отельге алып ұшты, оның маңайынан
да, алыстан болса да, осы құрылыптас əйелдерді көргені бар. Оның көз
алдынан Иокогаманың — оның қаласы мен гаванының — жүздеген көрінісі
елестеп, толқындап ала жөнелді. Бірақ, қиялында сыңсыған суреттердің
пердесін кенет жауып жіберіп, ол енді бар ықыласын қазіргі өмір
болмысына аударды. Əуелі өзін таныстыратын болғандықтан, орнынан
тұруы керек; орнынан əрең тұрды, бірақ шалбарының кептеліп қалған
тізесі делдиіп тұрғанын абайлады, Қолдары зіл тартып, салбырады, өзінің
сынға түсерін сезіп, сазарып, сүмпиді де қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет