Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет41/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   48
Байланысты:
pdf Martin Iden Dzhek London

Қырықыншы тарау
«Кешіккен» өнбей қойды. Редакцияларға жіберген қолжазбаның бəрі
стол астынан келіп орын тепті. Келмей жүрген Бриссенденнің «Фани
дүниесі». Велосипеді мен қара костюмін Мартин закылетке берген, ал жазу
машинасының ақшасын төлемегелі не заман. Бірақ Мартин бұған
абыржыған жоқ. Мақсат ең алдымен өмірден мұрат табу. Осындай көңілге
демеуі болмауынан да тоқырап жүрген жоқ па.
Арада əлденеше апта өтті. Күндердің күні Мартин көптен бері күтіп
жүрген бір жағдайға душар болды. Көшеде Руфьке кездесіп қалды. Рас,
жалғыз емес екен. Норман бар екен қасында. Екеуі де көрмеген кісі
болғансыды. Мартин жақындай түсіп еді, Норман дес бермей жолын бөгеді.
— Қарындасыма жармаса беруді енді қойсаңыз деймін, қоймасаңыз
қазір полисмен шақырамын,— деді ол.— Сізбен сөйлескісі келмейді, жұрт
алдында абыройын төгіп, намысын келтіріп, босқа жалбақтамағаныңыз
жөн.
— Жанжал шығармаңыз, жігітім,— деді Мартин түсін суытып,—
əйтпесе, расында да полисмен шақыруға тура келер де, есіміңіз газетке
шығып жүрер. Былай тұрыңыз кес-кестемей. Руфьпен сөйлесетін сөзім бар.
— Өз аузыңыздан бірауыз сөз естігім келіп тұр,— деді ол Руфьке қарап.
Қыз қалтырап, бозарып кетті, тоқтап, сұраулы кескінмен қарады.
— Хатымда айтқан өтінішіме жауап беріңіз,— деді Мартин.
Норман шыжбалақтап еді, Мартин бір қарағанда меселін қайтарып
тастады.
Руфь басын шайқады.
— Өз ықтиярыңызбен осылай ұйғардыңыз ба?


— Иə, өз ықтиярыммен,— деді Руфь ақырын, бірақ батыл үнмен.— Сіз
мені масқара еттіңіз, қазір таныстарыммен кездесуге ұяламын. Екі кісінің
басы қосылса, əңгімесі мен. Бар айтарым осы. Мені бақытсыз еттіңіз, енді
қайтып сізді көргім келмейді.
— Таныстар! Сыпсың өсек! Газеттің өтірігі! Осының бəрі ғашықтықтан
күшті емес! Сіз мені ешуақытта сүймеген екенсіз.
Руфьтің сұрғылт өңі қызарып кетті.
— Мына масқарадан кейін де сүйе бер дейсіз бе? Мартин, өзіңіз əуелі
не айтып тұрғаныңызды білесіз бе?! Кім деп тұрсыз мені?
— Көріп тұрсыз ғой, міне, жарықтығым-ау, сізбен сөйлескісі келмей тұр
ғой!—деп дауыстады да Норман қарындасын қолтығынан сүйеп, алып
кетті.
Мартин олардың артынан қарап, ойланбастан, қалтасында жоқ темекі,
қағаз іздеп, қарманған қалпында қала берді.
Солтүстік Окленд бұл арадан қашық емес-ті. Бірақ Мартин қалай барып
жеткенін байқамады. Бөлмесіне кіріп, керуетіне отырғанда ғана есін жинап,
жынынан айырылған бақсыдай жан-жағына қарады. Көзі стол үстінде
жатқан «Кешіккенге» түсті. Столды өзіне қарай тартып, қолына қалам
алды. Бастаған істі аяқтау қанына сіңген əдеті еді. Алдында бітпей қалған
іс жатқасын дəті төзбеді. Бір кезде өзге жұмыспен алданып, бұған көңіл
бөлмей кеткен ғой. Қазір өзге жұмыс бітті, ендеше «Кешіккенге» де кезек
келді. Онан кейін не істейтінін Мартин білмейді. Бірақ өмірінің бір кезеңі
өткенін жақсы білді. Сондықтан нүкте қою үшін əуелі сөзін тұжырымдауы
лазым. Болашағы не болмақ,—онымен ісі жоқ. Не болғанын көп ұзамай
көреді ғой. Онда тұрған түк те жоқ. Енді қай ісінде мəн қалды.
Мартин анда-санда ас ішкені болмаса, бес күн бас көтермей, ешқайда
шықпай, ешкімді көрмей «Кешіккенді» жазумен болды. Алтыншы күн
дегенде поштабай «Парфенонның» редакторынан хат əкелді. Конвертті
ашып жібергенде-ақ «Фани дүниенің» қабылданғанын түсінді.
«Поэманы мистер Картрайт Брюске оқып беруге жіберген едік,— депті
редактор,— ол кісі мақтапты, енді журналымызға қуана-қуана басқалы
отырмыз. Поэманы август санына қалдырған себебіміз июль айынікі


теріліп қойған еді. Мистер Бриссенденге сəлем айтарсыз, талантына таң
қалып, өзін айырықша ардақ тұтамыз. Мүмкін болса, ресімі мен
өмірбаянын жіберіңіз. Қойған гонорарымыз аз соқса, телеграф арқылы өз
шамаңызды хабарлаңыз».
Гонорары үш жүз елу доллар екен, Мартин телеграмма соқпай-ақ
қояйын деп ойлады. Енді Бриссенденнің келісімін алу керек. Мартиннің
болжамы расқа шығыпты. Шын поэзияны бағалай білетін редактор бар
екен. Гонорары да тіпті «замана поэмасы» үшін аз емес. Оның үстіне
Мартин Бриссенденнің Картрайт Брюсті сыншылардың ішіндегі ең
қадірлісінен санайтынын білетұғын.
Мартин тысқа шықты. Трамвайға отырды. Терезеден зымырап өтіп
жатқан үйлерге, көшелерге көз салып, ойға шомды: достың талабы
жанғанда да, өзімнің сұрапыл арпалыста жеңіп шыққан күнімде де көңіл
шіркіннің селт етпегені несі деп жабырқады. Құрама Штаттардың таңдаулы
сыншысы поэмаға лайықты əділ бағасын беріпті ғой, олай болса
Мартиннің: нағыз көркем шығарма қайткен күнде де баспасөз бетіне өзі
жол табады дегені расқа шығып отыр. Сонда да Mapтиннің көңілінде
бұрынғыдай алып ұшқан ынта-ықылас жоқ. Ол Бриссенденге қуанышты
хабар айтудан гөрі өзін көргенін іштей артық санайтынын анық сезді.
«Кешіккенді» жазумен өткізген бес күн ішінде Бриссенденнен хабар-ошар
болмай кеткені, ол есіне де келмегені ойына енді ғана түсіп отыр. Рухани
дүниесі күйзелісте екенін ол жаңа сезді, досынан ұялды. Ұялса да өзінің
құлықсыз, сұлық отырғанын байқады. «Кешіккенді» жазған шақта шабыты
келгені ғана болмаса, өзге уақытта ешнəрсеге зауқы болмаған. Біреу əфсүп
оқып, басын айналдырып тастағандай. Трамвай келе жатқан көшенің
думаны алыстағы бұлдыр елес сияқты, тіпті, сонау шіркеу мұнарасы көз
алдында қазір күлпəра болса да, таңырқайтын түрі жоқ.
Қонақ үйге кірісімен, аяғын тез-тез басып, жоғары этаждағы
Бриссенденнің номеріне көтерілді де, көп ұзамай асыға басып, қайта түсті.
Бөлме бос. Нəрсе қарасы жоқ.
— Мистер Бриссенден бір жаққа жүріп кеткен бе?—деп сұрады Мартин
портьеден.— Адресін қалдырған жоқ па?
Портье таңырқай қарады.


— Естіген жоқ па едіңіз?
Мартин басын шайқады.
— Газеттердің бəрі жазды ғой. Төсегінде жатып, жан тапсырыпты
марқұм. Өзін-өзі атып өлтірген.
— Жерледі ме?
Мартинге бұл сұрақты берген өзі емес, өзге біреу сияқты естілді.
— Жоқ. Тергеу бітісімен сүйегін Шығысқа алып кетті. Туғандары
жалдаған адвокаттар ісін жауып тастапты ғой.
— Неге асыққан мұншама?
— Асыққаны қалай? Бес күн өтті ғой оған!
— Бес күн өтті дейсіз бе?
— Иə.
Жол-жөнекей телеграфқа кіріп, «Парфенонның» баспасына поэманы
басуға болады деген хабар жіберді. Телеграмманы өздері төлеп алатын етіп
жөнелтті. Өйткені, қалтасында үйіне қайтуға жететін бес-ақ центі қалған
екен.
Үйіне келісімен Мартин тағы жұмысына отырды. Күн демей, түн демей
жазуын жаза берді. Үйінен ешқайда аттап шыққан жоқ. Бар болса көжесі
мен ботқасына да тəбеті тартпайды. Жоқ болса жоқтамайды. Повесін
басынан аяғына дейін ойластырып алғанымен кіріспесін қайта жазуға
ұйғарды, демек мөлшерден тыс тағы жиырма мың сөз қосылмақ.
Қолжазбаны тəптештеп түзей берудің қажеті жоқ секілді еді, бірақ қолы
үйреніп кеткен Мартин үстірт кете алмайды. Жазуын үнемі ұйып отырып
жазды, өзге дүниені ұмытты, өткен өмірінің тəжірибесіне аруақтай сиынды.
Біреудің өлген адамның аруағы қайта келіп, елес болып, бұрынғы
таныстарын аралап жүреді деген сөзі есіне түсті. Бұған Мартин
сенбейтұғын да. Енді осы кеп өз басыма келмегей, деп сəл күдіктеніп
қалды.


Ақыры бір күні «Кешіккен» де аяқталды. Жалдау конторының агенті
кіріп келгенде, Мартин соңғы бетін басып жатыр еді, соны бітіргенше агент
керуеттің үстінде күтіп отырды. «Соңы» деп жазды Мартин. Бұл шынында
да соңы-ды. Агент іле-шала машинаны көтеріп алып кеткенде, Мартин
мойнынан бір ауыр жүк түскендей керуетіне сылқ етіп, жата кетті.
Аштықтан əлсіреп кеткен екен. Дым сызбағанына отыз алты сағат болған
ғой, тамақ есіне де келмеген. Шалқасынан түсіп, екі көзін жұмып жатты.
Басына бірте-бірте қалың тұман оралғандай болды. Ұйқылы-ояу жатып, ол
Бриссенден аузынан тастамайтын бір өлеңді оқи бастады. Мұны есік
сыртынан естіген Мария мазмұнын түсінген жоқ, бірақ Мартиннің өзімен-
өзі сөйлесіп жатуынан сескенейін деді.
Лира, аулақ! Мен жырымды бітірдім!
Қайран менің
Қайғылы үнім
Өшті жетіп алысқа!
Лира, аулақ! Мен жырымды тауыстым!
Албырт бала
Орман, дала
Араладым əн салдым,
Көшті керуен,
Өтті дəурен
Жеттік, міне, зəндемге
Лира, аулақ! Мен жырымды түгестім!
Мария төзе алмады. Қазан-пешіне жүгіріп барып, үлкен бір аяқ сорпа
құйды, ожауымен қоюынан, еті мен овощынан көсіп алып, тағы құйды да
асыға басып, Мартинге алып барды. Шынтақтап жатып, сорпаны ұрттап
қойып, ол Марияға жаңағы дауыстауы сандырақ емес екенін, дені сау, есі


дұрыс екенін түсіндірді.
Мария шығып кеткеннен кейін Мартин керуетінде бүкшиіп, бір
нүктеден көзін алмай қалшия қарап, ұзақ отырды. Əлден уақытта
таңертеңгі почтамен келген журналға көзі түсті. «Мынау «Парфенон»,
август айының саны, «Фани дүние» осында басылуға тиіс. Əттегене-ай,
Бриссенденнің көзі тірі болмады-ау!»—деп ойлады.
Журналдың бетін аударып, қарап отырды да, бір кезде кілт тоқталды:
«Фани дүниені» Бердсли стилінде суретпен тым əшекейлеп жіберіпті.
Ортада поэманың аты, бір жағында Бриссенденнің ресімі, екінші жағында
Британия елшісі сэр Джон Вэльюдің ресімі. Редакция атынан жазған
кіріспеде: сэр Джон Велью жуырда Америкада ақын жоқ, деген еді. «Фани
дүниені» басқандағы мақсатымыз оған: «Мə, мінеки, рахым етіңіз, сэр
Джон Велью!»—деу,— деп жазыпты. Картрайт Брюсті Американың ең ұлы
сыншысы дей келіп, оның: «Фани дүние»— американ поэзиясының ең ұлы
шығармасы»— деген сөзін келтірген. Кіріспе мынадай сөздермен
аяқталған: «Фани дүниенің» тамашасын ақырына дейін əлі айтып бере
алғанымыз жоқ; мүмкін ешуақытта толық бағасын бере алмаспыз да. Бірақ
поэманы қайта-қайта оқыған сайын мистер Бриссенденнің айырықша сөз
байлығына қайран қалдық, мистер Бриссенден осыншама қазынаны қайдан
тапты екен, қалайша ғана қиыннан қиыстырды екен деп талай-талай сауал
да қойдық».
Сонан кейін поэманың өзін басқан.
«Опат болғаның мұндай жақсы болар ма, бишара Брис!»—деді Мартин.
Қолындағы журналы еденге түсіп кетті.
Неткен оңбағандық, не қылған көргенсіздік. Бірақ Мартин бұған қатты
ренжіген жоқ. Ашуланғысы да келіп еді, жігері жетпеді. Біреу төбесінен
ұрғандай дел-сал. Тамыр соғуы тоқтап, енді ашуы келсе де қаны
қайнамастай болған. Таң қалатын не бар? Осының бəрі Бриссенден марқұм
өлердей жек көріп кеткен буржуазия қоғамының əдетті əрекеті емес пе?
— Бишара Брис! Мынаны көрсе ғой, күнəмді ешуақытта кешірмес еді.
Орнынан əрең тұрып, Мартин столының бұрын ақ қағаз сақтаған
тартпасын ашты. Ішінен досының он бір өлеңін тауып алды. Бəрін асықпай
отырып жыртып, зембілге тастады. Қайтадан орнына отырып, əлдебір


түпсіз бос қуысқа түк көрмейтін су қараңғы көздерімен қадалды да қалды.
Осы қалпында қанша уақыт отырғанын сезген жоқ. Бір кезде бұлдыр
тұманнан жарқ етіп, ұзын ақ белдеу қиядан көзіне шалынды. Бұ не ғажап.
Анықтап қараса, ол Тынық мұхиттың маржан рифіне соғып жатқан соқпа
толқынның биік жотасы екен. Көбік шашқан көкбас толқыннан бір мезетте
қиыны қашқан кішкене шөлмек қайық көрінді. Қайықтың құйрығында
жарқыраған ескектерін суға малып, мықынына қырмызы қызыл борлат
байлаған, денесі қоладай сарғыш жас құдай отыр. Мартин тани кетті. Моти
екен. Тами көсемінің кенже баласы. Демек мынау көрінген Таитидің
жағалауы. Олай болса маржан рифінің ар жағында Папара деп аталатын
тамаша ел жатыр. Ол елде өзен сағасында көсемнің құрақ қамыстан өрген
үйі бар.
Кешкі мезгіл. Мотидің, сірə, балық аулаудан оралған беті ғой. Қайығын
дəс көтеріп, рифтен сырғып өткізетін үлкен толқын күтіп отырған шығар-
ау. Енді бір мезетте Мартин қайықта отырған өзін көрді. Ол бұрын осылай
талай отырған. Зəулім биік көк толқын зымырап келе бергенде, Мотидің
ишарасы бойынша, ескектерін шапшаң-шапшаң есе бастайтыны əлі есінде.
Енді бір сəтте ол көрермен емес, көріністің өзіне айналды. Моти бар
даусымен бақырған кезде, Мартин жанталасып, қайық есті. Міне, екеуі
тулаған толқынға ілесіп, зымырап келеді. Асау толқын мөңкиді,
гүрсілдейді, суылдайды, су бүркеді. Бірақ əп-сəтте бұлар айнадай
жарқыраған тынық лагунаға да жетті. Моти тұзды су шарбыған көзін
сүртіп, күледі. Қайық енді маржан жағалаумен ақырын жылжып жүзіп
келеді. Жиекте сыптай түзу құрма ағаштарының арасынан батып бара
жатқан күн шұғыласына малынған Тамидің қамыс үйшігі алтындай
жарқырап көрінді.
Көп ұзамай көрініс селт етіп, селдіреп, тұманға айналды. Мартиннің
көзі қайтадан ыбырсыған тəртіпсіз тар бөлмесіне түсті. Таитиді тағы да
көрсем деп зорланғанмен ыдырап кеткен елес оралмады. Иə, қазір құрма
тоғайының ортасында əн салып, ай жарығымен қыздар би билеп жатқанын
Мартин жақсы біледі. Бірақ алдындағы əптер-тəптері шығып, көл-көсір боп
жатқан столы мен жумаған күңгірт кір терезеден өзге ештеме көре алған
жоқ. Ол күрсініп, ыңырсып, ыңыранып, көзін жұмды да талмаусырап
барып, ұйқыға батты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет