Олардың жүзеге асуында әр түрлі дағдарыстары болады, яғни: бірөңкейлік,
заңдылық, қатысу, енігу және бөлу дағдарыстары.
Саясаттануда біздің заманымыздағы қоғам дамуын дәстүрлік және қазіргі
етіп екі түрге бөледі. Дәстүрлік дегенде әдетте рулық, феодалдық қоғамдарды
айтады. Оның экономикасы жалпы алғанда әлсіз. Негізінен, аграрлық
шаруашылықпен айналысады. Өндірісте қазба байлықтарын өндіріп, оларды
алғашқы өндеуден өткізеді. Әлеуметтік құрылымында отбасылық, рулық,
тайпалық байланыстар қатты дамыған. Халықтың көпшілігі сауатсыз немесе
шала сауатты, жол қатынасының, сауда-саттықтың дәстүрлі түрі кең тараған.
Бұл қоғамның саяси жүйесі де ескіше. Қандық, діни, әдет-ғұрыпқа
негізделген рулық, тайпалық билік түрі басым. Саяси институттар
қызметтерінің ара жігі онша ажыратылмаған. Олар діни, мәдени, билік
құрылымдарымен жымдасып жатады. Онда жеке адамның саяси мақсат-мүддесі
онша дамымаған. Адам өзін ру, тайпамен біртұтас санады, олардың мүддесін өз
мүддесіндей көрді. Орталық билік болса да оған жөнді мән берілмеді. Бұл
қоғам ата-бабадан қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді басшылыққа алып,
соларға сүйенгендіктен өте баяу, сылбыр дамыды.
Қазіргі қоғам индустриалды, жоғары индустриалды (постиндустриалды)
қоғам болып есептеледі. Ол рационализмге, акыл-парасатқа, баяндылыққа
негізделеді. Бүгінгі адам өзінің іс-әрекетінде алдына саналы мақсат қойып,
соған жетер жолды, әдіс-тәсілдерді таңдап, табанды түрде оларды іске асыруға
тырысады. Бұрынғы дәстүрлік қоғамда адамның әлеуметтік, саяси іс-қимылына
заңдық, идеологиялық, діни шектеулер қойылатын. Қазір ондай жоқ. Бұрынғы
адамдардың іс-қимылдарын олардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты
бағалайтын. Қазір өркениетті елдерде қызметтің, жұмыстың нақтылы
нәтижесіне қарай бағаланады.
Достарыңызбен бөлісу: