Халықаралық және отандық аналитикалық зерттеулер (ААО, Назарбаев
Университеті, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік Банк) бағалау жүйесінің айқындығын,
объективтілігін, валидтілігін және нақтылығын қамтамасыз ететін, тиімді
жүйені құрастырып, енгізу үшін алдымен, дифференциалды критерийлер мен
стандарттардың қажеттілігін көрсетеді. Экономикалық ынтымақтастық және
даму ұйымы Қазақстанда жоғары деңгейдегі ойлау дағдыларын бағалауға
мүмкіндік беретін критерийлер негізінде бағалау жүйесін енгізу, соған сәйкес
мұғалімдерді дайындауды ұйымдастыру, білім берудің әр кезеңінің аяғында
ұлттық стандартталған тестілеуді өткізу және мәліметтерді тиімді әрі сенімді
жинақтау жүйесін құру қажеттілігін атап өтті.
Жаңа жүйені құрастыру кезінде біз төмендегідей негізгі басымдықтарды
бағдарға алдық:
Біріншіден, оқушылар үшін оқу үдерісінің құндылығына қол
жеткізетіндей, яғни, оқу сандық баға алу үшін емес, білім мен дағдыны
меңгеруге бағыттауға жағдай жасалады.
Екіншіден, нашар бағалардың «салмағы» жойылады: оқушылардың
бұрын алған нәтижелеріне қарамастан жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне
мүмкіндіктері болады. Олай болса, оқушы бір қанағаттанарлықсыз баға
алғандықтан жақсы тоқсандық бағаға үміттене алмайтын жағдайлар
туындамайды.
Үшіншіден, объективтілікке қол жеткізу – бұл бірыңғай талаптары,
бағалау критерийлері және сапалы бағалау құралдары бар жүйе. Баға
балаларға оқуды дамытуға және жоғары көрсеткіштерге жетуге көмектесуі
қажет. Ол үшін оқушылар баға қалай және не үшін қойылатынын, қандай
критерийлер қолданылатынын түсінуі керек. Сыныптағы тиімді бағалау
балаларға еңбексүйгіштік, әділдік, адалдық, жауапкершілік, өзін-өзі реттеу
және т.б. сияқты дұрыс қасиеттерді дарытады.
Төртіншіден, баға мемлекеттік органдарды дер кезінде білім беру
қызметі сапасының жағдайы туралы, білім беру бағдарламаларын қалай
дамыту, педагогтерді кәсіби тұрғыда қалай және неге дайындау керектігі
туралы ақпараттандырып отыруы қажет.
Осылайша, оқушыларды бағалау жүйесін реформалаудың негізгі
элементтері – миссияның жаңартылуы және бағалау мақсаттарының
анықтығы, бағалау критерийлері мен сапалы бағалау құралдарын
құрастыруы, мұғалімдерге жүйелі қолдау көрсетілуі, стандартталған есеп
беру механизмі және білім беру сапасының мониторингі болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: