Әдеби KZ — Намаз мезгілі болып қалды, — деді хан, — Қазтуған жырау толғауын содан
кейін тыңдалық.
Әбілқайыр мұсылман ханы болғанмен, Мұхаммет пайғамбардың жолын берік
ұстамайтын. Өзі намазды кейде оқып, кейде оқымайтын. Онысына қарамай хан
орнынан түрегелді. Ханмен бірге жұрт та апыр-топыр қозғалды. Осы кезде
Найманның бас батыры Қаптаған шеткі топтан сытылып шыға берді. Ол асыға
басып Найман руына арнап тіккен өртеңнің баурындағы ақ ордаға келді. Есік
алдында тұрған, қолында найзасы бар, елтірі тымақты, үстіне шекпен киген,
күзетші сары жігіттен:
— әлі келген жоқ па? — деп сұрады.
— Келген жоқ.
Қаптағай қобалжи қалды.
— Япырай, бірдеме болмаса игі еді. Келер уақыты асып кетті. Әлде өзің барып
қайтасың ба?
— Құп. Барсам, барып қайтайын.
Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар
жүрек жұтқан Қаптағай қара қасқа кедей болатын. Қарамағындағы он бес қараша
үйді, жаудан түскен олжа мен атып алған бұғы-маралымен асырайтын. Жау жоқ
жылдары сауатын сауын, көшер көлігін ауқатты ағайындарынан алатын. Осыдан
екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға
айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы
Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында
тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде
жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен.
Айлас қатын мұңдас, хан мен биге бейнет етіп жүрген қос батыр біріне-бірі ұнаған.
Қаптағай елуден асып кетсе де, ал, Орақ жиырма беске жаңа жетсе де, өмір
үндері бір жерден шығып, екеуі достасып қалған. Осы Орақ мына болып жатқан