«ИБРАҺИМ (АБАЙ)
ҚҰНАНБАЕВ ҰҒЛЫНЫҢ
ӨЛЕҢДЕРІ»
1917 жылдың басында Сансызбай молда мен Досмағамбет Стапқа
жолаушылап кетіп, қайтқанда бір сандық кітап алып келді.
— Бұлары не? — деген сұрауға:
— Есілбайдың Ғалауетдені түптеуге беріп еді, — деді Сансызбай.
Көппен бірге мен де ақтарсам: ылғи қалың-қалың орысша кітап... Оларға
мен əрине, түсінбеймін... біраз татарша да бар.
— Бұл не деген көп кітап! — деп қайран қалды біреулер.
— Сен көптігін айтасың, қалыңдығын айтсайшы! — дейді екіншілер.
Мұндай да жуан кітаптар болады екен-ау!..
— Осының бəрін оқыды ма екен — Ғалауетдені? — деседі біреулер.
— Оқымаса неге жинады?
— Мұнша кітапты оқыған ол білімді болмай, кім білімді болсын!..
«Оқуы көп кісі көкке ұшып кетеді» дейтін еді, ұшып кетпей, жерде
нағып жүр бұл?!.
Жұрт солай даурыққанда:
— Бұ не, кітаптарды қолдан-қолға жүгірткендерің? Жинаңдаршы бері!..
Біреу бірдемесін қымқырып кетіп, масқара болармыз! — деп Досмағамбет
шыжалақтаса:
— Несіне итаршы бола қалдың? — деп Жаңбырбай шал ұнатпайды.
Неменеге қорғаштайсың. Тілін түсінбейтін кітапты қайтеді қымқырып?
Шамасы 70—80 дей кітаптардың ішінең сырты қолдан қатырмаланған
жұқалау бір кітап менің көзімді ерекше тарта жөнелді. Оның аты: —
«Ибраһим (Абай) Құнанбай ұғлының өлəңлəрі!..»
«Баймағамбет айтқан Абай осы болар ма?» деген ой кеп кетті маған.
Сағынған біреуімді көргендей, жүрегім тулай жөнелді... Оқи бастадым!..
Бірінші сөзінен бастап дəмі тəттіленіп барады!.. Сөздері көңіліме қонып,
бойымды ерітіп барады!..
Сансызбай молдадан кітапты жалынып-жалпайып екі-үш күнге əрең
сұрап алдым да, пəтеріме алып кеттім... Күн оқыдым!.. Түн оқыдым!..
Жатып оқыдым!.. Тұрып оқыдым!.. Үйде оқыдым!.. Түзде оқыдым!..
Оқыған сайын сусай бердім!.. Оқыған сайын дəмдене берді!.. Оқыған
сайын ажарлана берді!.. Тоқаевтың өлеңдеріне шалағайлау түсінетін ем.
Абайда мен түсінбейтін сөз жоқ. Жəне оның жазған — өзім көріп жүрген
ауылдардың адамдарының тұрмысы... Мысалы:
«Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып,
Тоңған үйін жылытып тонын илеп
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып...
«Бұл меңің əкем мен шешем сияқтылар екен», — деп жоримын мен.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы кигіз тұтқан айналасы
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ойнатар ағып жүріп көзден жасы».
— «Ол баланың біреуі менмін, елде мұндай байдың баласы да,
жарлының баласы да көп»,— деймін мен.
«Пысық кім деп сұрасаң,
Қалаға барса ұялмай
Өтірік арыз көп берсе,
Көрінгеннен ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік пен өсекке
Ағып тұрған бейне су!»
Мəшік Нұртаза, Құсайын, Сəлім»,— деймін ішімнен.
«Болыс болдым мінекей,
Бар малымды шығындап,
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап,
Сөйтседағы елімді,
Ұстай алмадым мығымдап
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап
Əлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап».
«Бұлар: Əлтидің Сəдуі, Құсайынның Біркесі, Айміштің Ыбыры,
Нүркенің Аубакірі», — деймін мен.
«Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында
Хан да жанын қияды қыз жолында,
Кигені алтың күміс, қамқа, торғың
Күтуші қыз, келіншек жүр соңында
.............................................................
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға
............................................................
Бай қартайса малына берер шылбыр,
Мал көңілді жасартпас «құдай ұрғыр».
«Бұл Құрымбайдың Айміші», — деймін мен, — Айміш сексенде, оның
тоқалы жиырмада!.. Бұл тоқал əлі «жартастан суға құлаған» жоқ. Бірақ
құлауға тиісті, өйткені Құрымбай тұқымы оны өлмей босатар ма!..
Құтылмасын білген бейшара тоқал тіршілік «қамын істеп», ол туралы
мынадай бір қызық оқиға да болғанын естігем:
Бір күні Айміштің тоқалымен жақын жалшының біреуі, Айміш тоқалды
көзінен күндіз-түні таса қылмайтын болғасын айла тауып:
«Айеке, — депті Аймішке — түнде суық жүрісті біреу келеді. Кім екенін
біле алмай жүрмін».
— Қай кезде? — депті күдіктенген Айміш.
— Ауыл жата.
— Ендеше екеуміз бүгін аңдиық!
— Жарайды.
Мезгіл қыс екен. Жалшы жігіт іңірде қалақ басын жоғары қаратып,
күрегін қарға шаншады да, оған күпісін жауып, өзі есік алдында тұрыпты.
Тоқалы мен Айміш бір ағаш үйде оңаша тұрады, іңір болса Айміш есікке
замок салып, кілтін қалтасында сақтайды. Уəделі кезде Айміш үйінен
шығып, қораны қарайды, қолында темір айыр. Жігіт ол кезде сып беріп
үйге кіреді... Айміш тысқа шықса біреу қалқиып тұр!..
«Ə, осы екен!» — деп ойлаған Айміш, қалқиғанның сыртынан ептеп
басып кеп, темір айырмен «мə-саған!» деп салып кеп қалады. Қалқиған
жалп етіп құлайды. Ұруын ұрғанмен, «өлтірдім-ау» деп қорқып, Айміш
үйіне қашқанда, түк көрмегенсіп жігіт алдынан шығады.
— Ойбай, қапыда қатты ұрдым!.. Талды ма, өлді ме, білмеймін! — дейді
Айміш.
— Мен білейін— дейді жігіт.
— Не болса да жоғалт көзін! — деп Айміш жөнеле береді.
— Өліп қапты мына ит, — дейді жігіт Айміштің артынан кіріп.
— Масқара болдың десейші!.. Шырағым, көк есегің болайын!.. Жан
сезбесін, жоғалт!..
Қу жігіт Аймішті үрейлендіріп ырқына көндіріп алу ниетімен:
«Көп асуға бір тосу» деген. Маған да қылығың өтуші еді. Соларыңды
алдыңа келтірем. Келіп жүретін өрəднекке айтам. Содан кейін бүкіл
Құрымбай боп құтылып көр, əуселеңді байқайын! — дейді. Сөздің
қысқасы, жалшы Айміштен «не айтқаныңды істейін» деген уəде алады да
өлтірген «жігіттің» көзін «жоғалтқан» болады...
Жалғыз бұл оқиға ғана емес, Абай өлеңдерінде сипаттаған өзге
оқиғалардың да, мен өз маңымнан ұқсатарын табам. Маған Абай туған елі
Тобықтының ғана емес, мен ішінде жасаған ауылдардың да өмірін көзімен
көріп жазған сияқтанады.
Оның өлеңдері мазмұн жағынан осылай болса, көркемдік жағынан ше!..
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», —
деген оның өлеңі, өз өлеңдеріне арналған сияқты, өйткені оның өлеңдері
тілге жеңіл, жүрекке де жылы. Шын ақындықты мен соның өлеңдерінен
ғана керем, өйткені оның өлеңдерінде пікір де қысылмай кең жатады,
ырғақ, үйлестер де қалың пікірдің екпінімен өзінен өзі туып отырады..
Зорлықпен шыққан ырғақ, үйлестерді ешбір өлеңінен таба алмайсың...
«Бөтен сезбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы», —
деген оның өлеңін оқығанда менің есіме:
«Базардан алып келген шай тостаған,
Тар жерде қиын екен əн тастаған,
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Бəйгеден келген кердей ойқастаған», —
деген сияқты халық өлеңдерінде ұшырасатын балдыр-батпақтар, немесе
шала білген арабшаны араластырып:
«Илаһи я кəрими паруар — декар,
Пəндəң жүр рахматыңа болың іңкəр,
Шірітіп ішке сырды жібергенше,
Ашқара халыққа сырды айла ядкəр»,—
деген сияқты жазба əдебиеттегі балдыр-батпақтар, немесе шала білген
орысшаны араластырып:
«Мінгенім дəйім менің мақпал қара,
Педдисат пет рублей серебұра,
Көңілің нет, небидал болса дағы,
Əй қалқа, қырындамай бермен қара», —
— деген сияқты балдыр-батпақтар түседі. Сонда, «өлеңді енді қалай
жазу керек!» деген сұрауға «Абайша!» деп жауап берем мен.
Өлеңдері соншалық ұнаған Абайдан «адам қайткенде жақсы адам болу
керек?» деген сұраудың да жауабын табатын сияқтымын. Абайдың айтатын
ақылы:
«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса сыйламай тұра алмас ел».
«Рас сөз» деймін ішімнен, «əсіресе соңғы жолдың сөзі рас!» Өйткені
елдегі білетін адамдардың айтуынша, біздің «бес болыс» аталатын
Керейдің ең байы да, ең беделдісі де Əлти Көкенов. Сол адам жасында
кедей болып бір жағынан сауда қылумен бір жағынан «қызылдағы
бұзауға»
79
ақша берумен байыған.
Əлтимен болыстыққа таласып «Праснау» аталатын болыстың тең
жарасын бөліп əкетіп, «Таузар» болыс атандырған Сəпі балалары да бір
жағы саудадан, бір жағы төбелесте өлген əкесінің құнын даулап алудан
байыған.
Бір ақын:
«Тұрдығұл сенің əкең езген кісі,
Боқтығын əр қаланың кезген кісі».
Сұрасаң нағашыңнан Шəмпі-бөрік
Ол-дағы ұстардан безген кісі», —
деп сықақтайтын Көшкенің Жақыбы жолаушы орыс көпесінің ақшасын
тауып ап байыған. Жəне сол ақын:
«Жік шықты жер астынан» деседағы,
Қаракөт сенің əкең қай күнде оңған», —
деп сөгетін Қаракеттің Бейсембісі орыстың көпесін өлтіріп алған
ақшадан байыған...
Бұндай кедейден байып, елге «сыйлы» болған адамдар толып жатыр.
«Ендеше, — деп ойлаймын мен, — сыйлы болу адамның қара басында
емес, байлығында. Абайдың айтқаны рас: «Малың болса сені ел сыйламай
тұра алмайды», бірақ сол малды қалай табу керек? «Өлтіретін көпес»
немесе, «жоғалатын ақша» табыла бере ме? Табылмаса не істедік?
Абай «жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» дейді. Хұп, — істедік
оны. Сонымен байи аламыз ба? Ондай адамдар байыса: туған ауылынан
жасында кетіп шаһардың байларына, темір жолдың жүк көтеруіне, завод-
фабриктерге жалданып жүргендер неге байымайды?!. Ондайлардың мен
өзім де талайын білем... Абай:
«Еңбек қылсаң: ерінбей,
Тояды қарның тіленбей!» —
дейді. Байларға жалшылыққа тұрып, еңбектен қолы күні-түні
босамайтындардың талайын білем. Солардың көбі, алдына мал салу түгіл,
киім мен асқа да жарымайды. Бұл не!. .Абай:
«Еңбек қылмай тапқан мал дəулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар», —
дейді. Ендеше, еңбексіз байыған Керейдің жоғарыда аталған байларын
неге суалмайды.
Осыларды ойлаймын да, ақылым жетпей шатасам мен. Менің байығым
келеді. Бірақ алдымда «келе ғой» деп күтіп тұрған байлық көрінбейді жəне
жоқ та сияқтанады. Енді не істеу керек?..
Абайдың тағы бір ақылы: «Оқу оқы, жəне өзгені емес, орысшаны,
өйткені — дүниенің кілті осы оқуда.» Бұл ақылды маған Баймағамбет пен
Жүніс те айтқан. Орыс оқуының қайда екенін де білем, ол — Стапта. Бірақ
оған қаражат қайда?!
Абайдың өлеңдерін оқығаннан кейін осылардай шым-шытырық
ойлардың, шырмауына түстім де кеттім...
Өлеңдеріне қарап отырсам, бұл сұрауларды Абай да өзіне қойған сияқты.
Оның өлеңдерін тұтас алып, «осы адам байды жақтай ма, кедейді жақтай
ма?» деген сұрау қойсаң, «кедейді жақтайтын болу керек» деген жорамалға
келесің, өйткені оның айтуынша:
«Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын».
Кімдер мұндайлар? Əрине, байлар!.. Тамағы тоқ, жұмысы жоқ
байлардың жалшыларын қанаумен ғана Қанағаттанбай, Абай айтқандай
өзара əкімшілікке таласып, қиян-кескі араз боп жүргенін талай көрдік. Азу
емей немене бұл? Өзара таласып, не жетпейді оларға?! Малын шашып əкім
боп, артынан шығынын елден еселеп ап, халықты желкесінен тұншықтыра
басып қорқытып отырған байларға, Абай:
«Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер!
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны, —
Қылт еткізбей бағып көр!» —
деп ренжиді. Сондай байларды ақыл айту арқылы адамшылық қылыққа
шақырғысы келген Абай, ол талабынан түк өнбеген соң:
«Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен өмір!» —
деп зарланады.
«Бір кісі мыңға;
Жүз кісі сұмға
Əлі жетер заман жоқ!» —
деп, əлсіздігінің кінəсін ол заманына артады да:
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінə қойма!»—
деп, болашақтың адамдарына арызын айтып:
«Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым нақ шыным», —
деп мұңын шағады.
Бірақ Абайдың мұңды өлеңдері қартайған, өмірден қажыған кезінде
жазылған. Жас кезінде, үміті лаулаған кезінде жазған, оның өлеңдерінен
қайрат пен жігердің, үміт пен талаптың исі аңқиды. Олай болса, өмір
майданына жаңа ғана аяқ басып келе жатқан менің, Абайдың қартайып
торыққан кезіне еліктеуім керек пе, үміттің жастық кезіне еліктеуім керек
пе? Əрине, жастық шағына еліктеуім керек! Осы ойдың салдарымен, 1926
жылы бірінші рет басылған өлеңдер жинағымның, басындағы:
«Көңілім неге қамықтың,
Не нəрсені ойға сап?
Мұнша неге тарықтың
Осыншама ойда қап.
Бірақ саған кінə жоқ,
Неге бүйттің деуге де,
Есеп жетпес тіпті көп
Қасірет, қайғы кеудеде.
Мақсатына іздеген
Талаптандық, жетпедің,
Қылышын ап кезенген,
Нашарлықтан өтпедік.
Енді қайда барасың,
Жібермесе нашарлық
Білімді қайдан аласың,
Жиһанға үлгі шашарлық.
Қой, сен бүйтіп қамықпа,
Ілгері ұмтыл, талап ет!
Шығуға айдай жарыққа
Қайраттанып бол өжет!»
деген өлеңді жаздым. Содан кейін Абайдың кітабынан безінудің орнына
құмарта түстім.
Абай шығармаларының, ішінде мені өте бір қызықтырғандары —
орысшадан аудармалары. Орыстың үш ақынының өлеңдерінен аударған ғой
Абай: Крыловтан — мысалдарын, Пушкиннен — «Евгений Онегиннің»
үзінділерің Лермонтовтан — лирикаларын.
Аудармасы тамаша бұл шығармалардың оригиналын оқи алсам қасымда:
Сансызбай молда түптеуге əкелген кітаптардың ішінде «Собрание
сочинений» деген атпен Крыловтың да, Пушкиннің де, Лермонтовтың да
жуан-жуан кітаптары жүр...
Бірақ оларды мен оқи алмаймын, тілін түсініп оқу түгіл, орысша
əріптерді де білмеймін. Тек, орысша жуан кітаптарға, олардың кейбірінің
алғашқы бетіне басылған портреттерге үңіле, қызыға қараймын да
отырам!..
Орысша аздап танитын біреулерден сұрасам, жуан кітаптардың, кейбірі,
өлеңдерін Абай аударған Крылов, Пушкин, Лермонтов боп шығады...
Олардың өлеңдерінің аудармасына қарап отырсам, ғажап өлеңдер!..
Сондықтан да ол аудармаларды Абайдың өз өлеңдерімен бірдей сүйіп,
қатар жаттадым... Əсіресе,— Татьяна мен Онегиннің хаттарын!.. Ол
хаттарды мен жиын-тойларда білген əніме қосып, домбырамен айтып та
жүрдім. Сонда олардың тəттілігіне мен ғана емес, тыңдаушылардың бəрі де
қайран қап, маған қайталатып айттыратын еді...
Сөйте тұра зор арман — орыс ақындарының бұл ғажап өлеңдеріне өз
тілінде оқи алмау!..
Абайдың өлеңінде Салтыков пен Толстойдың да аттары зор махаббатпен
аталады ғой. Түптелуге келген кітаптардың ішінде, бірінші бетінде аппақ
қалық сақалы беліне түскен адамның суреті басылған екі-үш жуан кітап
бар. Орысша əріп тантитындар бұл ақсақалды «Толстой екен» деседі...
«Абай атайтын Толстой осы болу керек» деп жорамалдаймын ішімнен.
«Ендеше, оның да жазғандарын оқыр ма еді!.. не жазды екен ол!..»
Пушкиннің, Крыловтың, Лермонтовтың не жазғанын Абайдың аздаған
аудармаларынан білем. Тамаша өлеңдер олар!.. Ойлары да, өлеңдігі де
тамаша!.. «Абай да, Тоқаев та сондықтан аударды ғой оларды!..» «Шіркін,
мен де оларды солардай түсініп оқып, солардай аударсам!..» Менің ендігі
ұлы арманым осы болды...
Абайдың кітабын Сансызбай молданың көзін алдап бірер жұмадан кейін
апарып бердім де, артынан Жұма дейтін менен оқитын баласынан ұрлатып
алып, іздеген Сансызбайға «алғам жоққа» басып тандым да, кітапты сіңіріп
кеттім.
Мен оқудан бұрын талайдың қолынан өткендігіне, іші-сыртын
шимайлаған қолжазбалар қуа бұл кітапты аман сақтап, 1945 жылы
Абайдың тууына жүз жыл толуына байланысты мерекеде, Семейде
ашылған Абайдың музейіне сыйға тарттым.
Қателеспесем, музейдің бүкіл Қазақстаннан іздеп тапқан Абай өлеңдер
жинағының алғашқы басылуы (1909 жылғы), мен сыйлаған осы жалғыз
ғана кітап болу керек.
|