Бағдарламасы бойынша жарық көрді. Ә. НҰрпеИс. ҚаН меН тер



Pdf көрінісі
бет14/16
Дата21.12.2023
өлшемі3,97 Mb.
#142382
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
0d581f528880c6ae74bf3685d2ef0add

бұйдарықсыз
кетті. 
Бұларға сенуге бола ма? 


901
Тәңірберген мырс етті. Қасындағылар байқап қалды 
ма деп қысылып, атын тебініп, ілгері жақта кетіп бара 
жатқан генералға қуып жетті. Бір жаңалық айта ма деп 
ойлады ма, генерал бұрылып еді; Тәңірберген онан 
көзін алып қашты. Аты да кібіртіктеп, генералдың ақ 
арғымағынан кейіндеп қала берді. 
Ел кездесетін дәмелі жердің бәрінен өтті. Ендігі 
топшылауы бойынша елі бар, суы бар жер бүгін бұларға 
кездеспейді. Ал мына аттардың ертеңге дейін шыдауы 
неғайбыл. Тұла бойы терге малшынып, омырауы, 
қолтығы, шабы ақ сабынданып мықшиып кетіпті. Ат 
реңі мен адамдардың ажарына қараса, көңілі бұзылатын 
болғасын, Тәңірберген көбіне көзін тура алдына қадап 
алды.
Елсіз дала жым-жырт. Қабағы қатыңқы кісілер 
үнсіз. Тек шөлге шалдыққан аттар танауына шаң кетіп, 
қайта-қайта пысқыра береді. Әлсіз атқа індікеш те үйір. 
Кейде түбін жел қазып, қара кеңірдектеніп қалған томар 
жусанның түбірі тұяғын қағады. Кейде көртышқанның 
ініне
аяғын тығып, омбылап қалады. Аяғын кәпелімде 
іннен суыра алмай, тізе бүгіп қалғанда, қамсыз отырған 
солдаттар тақымын қысуға үлгірмей, ерден ұшып кете 
жаздап, аттың шоқтығынан ұстай алады.
Жас мырза ат үстіндегі жүріске берік еді, осы бүгін 
бұ да тақымы босап, қайта-қайта қалғып кете берді. 
Жаны күйзелген бір тұста: «Ит өмірде мен қимайтын не 
қалды?» деді. Бәсе, бұл қимайтын не қалды? Үстіндегі 
аспан ба? Мына күн, мына жер ме? Әлде, ұры тонаған 
үйдей өзегі талған кісіге беретін бір жұтым суы жоқ шөл 
дала ма? «Опасыз дүние». Апырау, көңіл торыққанда 
осынша дүниеден тырнақ ілінер түк табылмайтынын 
қайтерсің. Қызығы таусылғанда, бұл да қойныңдағы 
көңілің қалған қатыныңдай қадірі қалмай ма, қалай? 


902
Жас мырза үшін осы қазір оған ақ та, қызыл да, дос 
та, қас та – бір. Дәл қазір Еламанға да енжар. Көкірегінде 
құйттай кек, не кінәрат қалмапты. Жер бетінде ол бар 
ма, жоқ па, өлі ме, тірі ме, бұған бәрібір. «Иә, маған 
бәрібір» деді Тәңірберген. Кеше теңіз жағасында 
отырған жалғыз үй жаппаға Тентек Шодырдың баласын 
ертіп апарғанда да, құдай куә, бұл қан тілеп барған 
жоқ-ты. Өзінен аруағы асып асып бара жатқан осы бір 
тоңмойын, дөкір жігіттің кәпірдің қылышы төбесінде 
жарқылдап жай ойнатқанда кірерге жер таппай, әке-
көкелеп жалынғанын көргісі кеп еді; бірақ бұл күткені де 
болмады. Қыңыр неме қылыш астында да қайсарлыққа 
басып, қолынан қару түскенше қарсыласты. Жалақтаған 
қылыштан қорғанып, қолымен басын көлегейлеп шегіне 
берді. Оң иығының басын жанап тиген қылыш қолын 
түбінен шауып түскен сияқтанып еді. Сонан соң... Бәсе, 
сонан соң не боп еді?
Бір әуеннен танбай елпілдеп келе жатқан ірі көк 
ат кенет әлденеден үріккендей осқырып, шегіншектей 
бергесін, мырза ұмтылып ілгері жаққа көз салса, анадай 
жерде жалғыз түп қызыл түзген түбінде жуырда ғана 
қасқыр жеп кеткен ірі-қараның сүйегі арса-арсасы 
шығып ағарып жатыр екен. «Осы арада ел болуы 
мүмкін» деп ойлады. Сосын ер үстінен созылып, айнала 
төңірекке көз тастады.
* * *
«Япырау, бұл қалай? Осы араларда бұрын ел 
отыратын еді ғой?» деді Тәңірберген. Аралдан шыққалы 
көкжиекке қарай-қарай көзі талды. Басы айналды. «Күн 
өтті-ау, шамасы». Қанша күннен бері жер қайысқан 
ауыр қолдың алдында ат үстінде қаққан қазықтай боп 


903
келе жатқан жігіттің сұлу бойы осы арада сәл босаңсып, 
қос шекесі солқылдатып әкетіп бара жатқасын, басын 
қысып ұстай алып еді, білеудей көк тамырлар алақаны 
астында бүлк-бүлк соғып қоя берді. Құлап қалам ба деп 
қорыққан Тәңірберген тақымын дереу қысып ала қойды.
Жол жорғасы бар ат әлі тың, қамшы салғызбай, 
аяғын қыдыңдап ширақ алып келеді. Ми қайнатқандай 
тас төбеде шақырайып тұрып алған Арал өңірінің өрттей 
ыстық күні болмаса, бұл әдетте ат үстінің жүрісіне 
болдыра қоймаушы еді. Тәңірберген басын көтерді. 
Еңсесін тіктеп, ерге де өзінің қашаңғы машығымен 
шалқалап нығызырақ отырып алды да, тағы да айнала 
төңірекке көз тастады. Шөбі күйген сұр төбелер сұр 
толқындай дөңбек-дөңбек боп көз асып кетіп жатыр. 
Қай жағына қараса да, кенеусіз кең дүние. Апырай, 
шегі, шеті бар ма мына заңғардың? Болса, қайда? 
Қашаңғыдан бұрын бұның сарылатын да жататын мына 
түрі кісі жанын жалықтырып барады. Дүние дүние боп 
жаралғалы осы бір құба жон, қу мекенде, құдай біледі, 
тірі жан тұрмаған болар? Өзінде ат, атау да болмас? 
Бәлкім, Әзірет Әлінін үрім-бұтағы түп-түгел шаһид 
боп қырылып кететін, сол... сол әлгі Кер-Бала шөлі осы 
емес пе? О да осындай елсіз, сусыз сарылған шөл дала 
деуші еді ғой? Кер-Бала... Қалай еді? Жатқа білетін 
еді?.. Ей, жаранлар, тыңлағын уалаятын, Кер-Баланың 
сөйлейін хиқаятын... Сосын... Бәсе, сонан ары қалай 
еді? Уалаятын... Уалаятын... Кісінін жады да тозатын 
болғаны ғой. Сорлы Хұсайын... Иә, сорлы. Соры шаш 
етектен. Мына генерал да Хұсайын секілді таланы 
тастай бақытсыз жан.
Ана қараш, у жұтса да – ішінде. Ішін ит кеміріп 
жатса да, сыртын бермей сазарып алады. Басқа кісілер 
ат соққан денесіне ие бола алмай, күн ұзын ер үстінде 


904
қозғалақтап, екі жамбасына кезек қисаңдап келе 
жатқанда, апырай, бұл заңғар, күні бойы қыбыр етпейді-
ау! 
Аралдан шыққалы онан көзін айырған жоқ-ты. 
Қашан қараса да, қанша қараса да жол бойы, бірде 
болмаса да, бірде белі босаңсығанын көрмеді. Қашан 
қараса да күн жеп тастаған көне көйлектің тер қатқан 
ақ сортақ жауырынын жұртқа тосып, ырғайдай мойны 
қылқиып соңында шұбырған әскердің алдында кетіп 
бара жатады. 
Тәңірберген қартаң генералға көбіне сырт жағынан 
көз салып келеді. Генералдың күн астында шағылысқан 
аппақ самай шашы мен қылқиған мойнына, кір-кір 
жағасынан жарылап көрінген көк желкесіндегі бармақ 
басындай шұқыршаққа көз айырмай ұзақ-ұзақ қарап 
отырады да, күн астында қажығандікі ме, кенет қарадан-
қарап көңілі босап, Хұсайынның әскері қырылған сол 
әлгі араб даласы дәл мына Арал жеріндей болар-ау деп 
ойлайды. Онда да, құдай біледі, дәл осындай қайнаған 
ыстық. Онда да осындай шетсіз-шексіз сұр дала. Сұр 
топырақ. Сыңар тамшы татырмайтын меңіреу шөл. 
Меккеден қалың қолмен аттанып шыққан Хұсайын Шам 
шаһарымен екі арадағы ұзақ жолды айлап жүргенде 
сусыз шөлдің бедері өзгермей безеріп алған болар-
ау. Сонда күнде-күнде түске қарай араб аспанының 
өрттей ыстық күні жер-дүниенің апшысын қуырып 
күйдіре бастамады дейсің бе. Аңызақ аптаптан аузы-
басын орамалмен тұмшалап байлап алған кісілердің 
таң атқалы қанын кептіріп, әсіресе, шаң жұтқан аттар 
үсті-үстіне пысқырып, ырсылдап аяғын теңселіп басқан 
шығар-ау. Айнала төңірек аппақ ақ сор. Мың сан тұяқ 
астында бұрқылдаған шөл далада көз тоқтатар қылтанақ 
жоқ. Сонан тақым астында теңселіп келе жатқан аттар 


905
түске тарта тіпті діңкелеп, төбеге ұрғандай тоқтап қап 
жатпады дейсің бе. Сонда үнемі оқ бойы алда отыратын 
Хұсайын да дәл мына қарт генералдай артына бұрылып 
қарамай, сусыз шөл далада қырыла бастаған қалың 
қолдың ендігі қалғандарын қайтсем де бір қараға 
жеткізем деп ілгері тарта берген шығар? Иә, сүйтті. 
Нағашы атасы Мұхаммед пайғамбар болғанда, өз әкесі 
Әзірет Әлідей дүлдүл мініп, гүрзі өңгерген, қарақұрым 
қол бастаған дегдар болса, олардан шыққан бала күдері 
жал қайсар болмағанда ше?
Мына генерал да да шөлден қырылуға қараған әскерін 
тап бір дәл сол Хұсайындай бет алған бағыттан маңдай 
аудармай, ілгері тартып келеді. Сорлының қажыр-
қайраты қаншаға жетеді? Апырай, кессе қан тамбайтын 
Кер-Бала шөлі... Мынау сол… Сол емес пе? Осы 
күдік басынан кетпеді. Мына даланың аңызақ аптабы, 
бұлыңдаған сағымы, бәрі-бәрі бұрын-соң бұл көрмеген, 
білмеген, жөні басқа бір беймағлұм жат дүние... Мынау 
сол жат дүниенің сағымы, аңызақ аптабы ғой. Ендеше, 
жаныңды қоярға жер таптырмай, күйдіріп-жандырып 
бара жатқан мына күн де сол Хұсайын сорлының түбіне 
жеткен араб аспанының күні болар.
Тәңірберген белі босаңсып бара жатқасын бойын 
жыйып алды да, ерге тіктеліп отыра беріп еді, 
шақырайған күн бетін шарпып алды да, бұл лажсыз 
ықтап кетті. Күні бойы көз алдында қылтылдап тұрып 
алған аттың қос құлағы кенет әлденеге алыстап бара 
жаты. «Бұған не болды?» деп ойлағанша, көз алдындағы 
құлақ бұлыңғыр кіреуке тұманға сіңіп қарасы үзіліп 
кетті. Иә, бұған күн өтті. Ендеше, генералға да күн өтті. 
Кер-Бала шөлінде Хұсайынға да күн өткен болар-ау!
Тәңірберген күні бойы өзін баурап алған осы бір 
удай ащы ойдан құтыла алмады. Құтылғысы келіп 


906
көңілін басқа жаққа аударып көріп еді, бірақ сәптіреген 
сана шатасып, жаңағы ой қайталап соға берді. Келесіде 
ол қиянаты мен қаталдығына көз жетпейтін баяғы бағзы 
заманның құрбаны болған Хұсайын, құдай біледі, орыс 
генералына кәміл ұқсаған болар деп ойлады. Таланы 
мен тағдыры ғана ұқсас емес, орыс генералына оның 
түрі, түсі, ісі, мінезі, бәрі-бәрі ұқсаған болар. Қыруар 
әскер көз алдында қырылып жатқанда өзі де өлуге қарап, 
қаназасы кеуіп бара жатқан Хұсайын құдды мына орыс 
генералындай жалақ ерні кезеріп, қылдырықтай мойны 
көйлек жағасынан қылқиып, көк желкедегі бармақ 
басындай шұқыршығы қасындағы кісілердің көңілін 
босатып, көзінен жас шығармады дейсің бе. Асылы, құй 
кәпір, құй мұсылман бол, тағдыры бір кісілердің басына 
түскен қиындық та ұқсас болар-ay!
Тәңірберген тағы да сарылып, ұзақ сонар ойға батып 
бара жатқанын байқады да, бойын тез жиып ала қойды. 
Тіктеліп отырып төңірегіне көз тастап еді. Ой, заңғар-
ай, әлі сол құлазыған қалпы. Көз жетер жерде көз 
сүрінер не бұта, не басқа бірдеңе болсайшы. Не жүгірген 
аң, не ұшқан құс жоқ. Сары аурудай сарылған баяғы 
дала тірліктен нышан байқатпай, жанын жеп, жүрегін 
сыздатып бара жатқасын, бұрылып артына қарап еді. 
Ауыр қолдың негізгі салмағы кейінде қалыпты. 
Тандыры кепкен даланы таң атқалы тынымсыз 
түйгілеген мың сан тұяқтың дүсірінен басқа дыбыс та 
жоқ. Бұлармен құйрықтасып келе жатқан солдаттардың 
репеті тіпті жаман. Жүн басқан бет түтігіп кеткен. 
Түйілген қабақ астынан тұнжырап қарайтын жанарда 
рақымның ізі жоқ. Иінінен әне-міне сыпырылып 
түсетіндей кір-кір, алқам-салқам көйлек күнге күйіп, 
бояуы оңып кеткен. Бойындағы қару-жарақты ердің 
қасына іле салған. Жорық кездегідей caп түзеп, ондық, 


907
жүздікке ыңғайласпай, бетімен кеткен бақташысыз 
малдай шашырап, аяқтарын әлтек-тәлтек басып ілбіп 
келеді. 
Тәңірбергеннің есіне тағы да Кер-Бала шөлі түсті. 
Кер-Бала шөлінде қырылған Хұсайын әскері көз 
алдынан кетпей тұрып алды.
Апыр-ай, бұлар Аралға дейін тап бұлай емес-ті. 
Ауыр ұрыс қанша қиын болса да, тұтымы қатты қолбасы 
тізгінді қолынан шығармай, тас қып уысында ұстап 
бақты. Рас, Арал түбіндегі ұрыста тас-талқаны шықты. 
Қанша адам қырылды. Тірі қалғандардың ішінде қолын, 
басын таңып алғандар көп. Бұларға үш күннен бері бір
ел кездеспеді. Күші үздіккен аттар қарға адым жерге 
жарамай, танауынан қан кетіп тұрып қап жатыр.
Ызалы солдаттар қазір ешкімнен де айылын жияр 
түрі жоқ. Кеше сондай біреу өзінің командиріне мылтық 
ала ұмтылғанда жирен сары офицер оны тоқтатып: 
«Ақымақ, ататын кісің, әне, анау!» – деп, бұған айдап 
салған-ды. Мырза жан-жағына сергек көз тастап, 
назарына ілінгенді жадына түйіп келеді. Ак борпылдақ 
топырақ ат тұяғы тиіп кетсе де бұрқ етіп, аппақ шаң 
аспанға көтеріледі. Көзге ілінер қылтанақ күйіп кеткен. 
Ең арысы қара кеңірдек жусанда да сығып алар сөл 
қалмаған. Күні бойы көз ұшында сағым бұлдырап тұрып 
алады. Шөл қинаған кісілерге шалқыған су сияқтанып, 
аңсары ауып, көзі қарайған қайсы біреулер астындағы 
атты қамшылап тепкілей бастайды.
Тәңірберген мына сорлылардың басына түскен 
тауқыметке басқадан бұрын өзін кінәлідей сезеді. Тентек 
Шодырдың баласы Аралдан шығарда теңіз жағалап 
жүрейік дегенде, бұл да өз сөзін дәлелдеп, жеңсік 
бермей қойған-ды. Өзінен бұрын мал жайын ойлайтын 
шаруа алты ай жаз маса, сонадан қашып, жаппай 


908
қырға көшіп, теңіз жағасында балықшылар мен сіңірі 
шыққан кедейлер ғана қалады. Суы күрпіген құдықтар 
мен шөбі шүйгін жайылым қырда екенін айтқан соң, 
генерал Чернов бұны құптап, қыр жолымен кеткен-
ді. Енді, көрмейсің бе... Қарақұрым әскер үш күн, үш 
түннен бері осы өңірдің халқы алты ай жазда иін тіресіп 
отыратын хан жайлауды кешіп келеді. Бірақ, не пайда, 
қас қылғандай, бұларға әлі бір ауыл кездеспеді. Кеше, 
Арал түбінде болған шайқаста тас-талқаны шыққан 
ызалы солдаттар енді шөлге ұрынды. 
Тәңірберген «адасқан шығармыз» деді. Ойы осыған 
ауа берді. Ат жалын тартып мінгелі бұл өңірден дәл 
бұндай елсіз, сусыз даланы көрген жоқ-ты. зәуде 
бір жолдан адасқанда, бұл әдетте ат үстінен еңкейіп 
топыраққа, шөпке қарайтын. Тақа болмаса, бір уыс 
топырақты шеңгелін толтыра көсіп алар еді де, реңіне 
қарар еді. Шөбін алақанына үгіп әрі-бері иіскелеп, 
әйтеуір бірдеңені топшылар еді. Енді, міне... өң мен 
түстей бір халде. Кессе қан тамбайтын адыра қалғыр 
дала зығырын қайнатып, жігерін құм қып келеді. Қайсы 
бір жылдарда көктемей жатып қылтиып көрінген 
қылтанақ күйіп кететін дала баяғы ата-баба заманында 
да күні бойы аң қуып қан сорпасы шыққан араншының 
жалғыз атына су бермей, безеріп жататын заңғар еді ғой. 
Сол даланың ежелгі қаталдығы мен қайырымсыздығына 
енді бұлар тап болды.
Тәңірберген түкке түсінбеді. Ақылы дал. Ат үсті 
демесең, әлі құрып, қолынан тізгіні түсіп кеткен. Күн 
санап ақылға сыймайтын нәрсе көбейіп барады. Өздері 
жер тәңірісі көретін ақ патшаның аяғы аспаннан келді. 
О, сұмдық, құл-құтанмен жағаласта бір жұлқығанға 
жарамады! Сондай-ақ, бұлардың жер тәңірісі көріп бұған 
дейін сыйынғандары құр әшиін сағым көтерген бұтадай 


909
қауқиған бірдеңе ме еді? Әлде... олар арқа тіреген біздер 
әлсіз болдық па? Айтса да, күні кешеге дейін осы өңірді 
жатқызып, тұрғызған Жүзбай, Мыңбай, Итбайлар 
қайда! Алғыр деген Рамберді ше? Кешегі жылдары теңіз 
жағасынан промсол ашқан қарашекпеннің байлары 
– анау Марков, Мокеев, Кисин, Тентек Шодыр, Ақсақ 
Жагор, Курнос Иван, Темірке ше? Әлде, қу құлқын мен 
қара бастың қамынан аспағаны ма? Болған үстіне бола 
түссем деп құнығып, көздері үңіреңдеді де жүрді ме? 
Жә, олар олар болсын, ал сен... Бәсе, сен өзің ше? Не 
бітіріп, не тындырдың? Болыс ағаң барда да, жоқта да 
басқаға бұйырмағанның бәріне сен ие, сен қожа болдың. 
Жүйрік ат міндің. Жұрттан асып киім кидің. Күзде аң 
қудың. Аяқ жетер жердегі ажарлы аруды сен құштың. 
Бері келіп, билік қолыңа тигенде де сен, сірә, кесер 
келлең болмаса, мына адыра қалғыр дүниенің бүгіні 
мен болашағына басыңды ауыртып көрдің бе? Сонан 
не ұттың? Не мұратқа жеттің? Қатыгез дүниенің сиқы 
мынау. Кеше ақ патшаның аяғын аспаннан келтіріп еді, 
бүгін Колчактың тас-талқанын шығарған қара тобырға 
қарсы тұрар, қайрат көрсетер күш бар ма?! Қара борбай 
кедейлерді келешекте қанша қарық қыларын кім білсін, 
ал бірақ билік қолына тисе, көре қал, бұлар ешкімді де 
аямайды.
Тәңірберген күрсінді. Дүние кезек. Ендігі кезек 
осылардікі. Ақтардың соңғы үміті Арал еді. Арал 
түбіндегі шайқаста қызылдардың шебін бұзып, әскерін 
қырғанда әлде қайтер еді. Генерал Чернов та осы үмітті 
өзіне талшық қып еді. Асылы, «ат шаппайды, бақ 
шабады». Әйтпесе, қызылдарға қарағанда бұлардың 
әскері көп, қару-жарағы анағұрлым артық болды. Чернов 
кешегі дүние жүзілік соғыста талай шайқасты басынан 
өткізген тәжірибелі генерал. Сонан келе Арал түбіндегі 


910
шайқаста тас-талқаны шықты. Ендігі қалғандардың 
сиқы мынау. Көз шүңірейген. Ерін кезерген. Астындағы 
аттар аяғын әрең алады. Бұның астындағы қара жал 
құла мен генерал Черновтың ақ арғымағы, Федоровтың 
тарланынан басқа аттардың бәрі құдды құлын тастаған 
биедей, екі бүйірі сүғылып ішіне кіріп кеткен.
Тәңірберген мыналарды көргісі келмей, көзін басқа 
жаққа бұрып әкетті. Ер ойған қоңын қайда қоярын 
білмей, әрі-бері қозғалақтады да, көзін көк аттың қамыс 
құлағына қадады. Осы жолы өзіне бірдеңе көрінді: жол 
үстінің қамынан көңілі босаса, онсыз да қажыған жанын 
қажай түскісі келгендей, басына қайдағы-жайдағы 
келеді. Көрмейсің бе, есіне тағы да Еламан түсті. 
Ойламайын десе де, ойына сол түсіп, неге соған оралып 
соға береді. Неге, неден қуыстанады? Бет қаритын 
айыбы бар ма? Ақталғысы келе ме? «Жо-жоқ! – деді 
Тәңірберген басын шайқап, – құдайға болмаса, адамға 
кінәлі болған жерім жоқ. Шектен шыққан жерім жоқ. Тек 
еруліге – қарулы, сен қылғанға мен қылдым. Күндердің 
күнінде қазақтан да қара қылды қақ жаратын әділ қазы 
шығып, ақ-қараны ашар заман болса, кім кінәлі, кімнің 
кінәсіз болғанына кейінгі ұрпақтың көзі жетер. Исі 
қазаққа қылдай жазығым жоқ еді. Жазықсыз едік. Қай 
кезде де адамды адамға айдап салған біз емес, заман еді 
ғой. Оу, заманым қасқыр болса, мен қалай көгендеулі 
қозы болам?» Тәңірберген: «Қозы болмаймын! Қозы 
болмаймын!» деп, мына меңіреу даланы басына көтере 
айғай салғысы кеп кетті. Қанша ұстамды болса да, күйік 
көтергенде күнге күйген бетіне ыстық қан шауып, қос 
шекедегі көк тамырлар жарылып кетердей білеуленіп 
бүлк-бүлк соқты.
Тәңірберген шаршады. Қалжыраған бойында бұрынғы 
ұстамдылықтың ізі де қалмаған. Ар жағында ішіне 


911
сыймай иектеп тұрған ашуды әзер тежеді. Мына аяғын 
әзер алған арық аттар, тірі аруақтай солдаттар сияқты 
бұның да қаны кеуіп, қаталап шөлдегелі әлдеқашан. 
Тамсанса, тісінің арасында тұрып қалған топырақ 
қышырлайды. Кұп-құрғақ тамағы жұтындырмай, аузы 
қуырылып, тұзды сортақ тұтқырланып, өңешінен ары 
жүрмей қайта-қайта тыжырына берді. Іште булығып 
шөгіп қалған әлгі ыза, әлгі күйік сыртқа шықпай, 
осы жолы тағы да тұншығып қалған. Оған бір түрлі 
енжарлық пайда болды. «Кісі өлгенде осылай бола ма 
екен?» деп ойлады. «Адам өмірінің ақыры дәл осылай 
өкінішпен аяқталады-ау, шамасы» деп ойлады.. Иә, 
қай ақын еді? Кім де болса, әне бір заман түзу кезде 
қу домбырасын құшақтап, бұның аулынан шықпайтын 
тілемсек жыраудың бірі адам өмірін көкпарға теңеген 
еді-ау. Ел ақтаған емінсек кісілерді бұл өзі жаратпаушы 
еді; сонан ба, әлгінің аузынан шыққан сөзді пәтуасыз 
көрген еді де, арғы түбін ойламай, үстірт қабылдап, 
мұртынан ғана күліп қойған-ды. Әдетте, «дүние кезек» 
деп, үнемі кісіде есесі кете-кете жаны күйіп, зығыры 
қайнап жүретін ызалылар ғана кезегін күтіп алақанына 
түкіріп жүретін.
Иә, осыған дейін бұның ұпайы түгел еді. Сондықтан 
да бұл өзін келешекте әне бір етке тойған есерсоқтардың 
кергісіне түсетін көкпардың лағы болам деп әсте ойлаған 
емес. Адам өмірінің қалайда көкпарға ұқсайтын бір жері 
болса, бұл өзін күштінің қолында кететін көкпардың 
лағы емес, аты мықты, қолы қарулы, тақымы темірдей 
көкпаршының нағыз өзімін деп ойлайтын. Енді қараса, 
ауылдың әлгі бір сақал жаман шалдары «дүние кезек» 
деп айтатыны рас. Дүние шіркін шынында да кезек 
екен. Жарық дүниеге келген кісі – құй хан, құй қожа 
бол, басынан бақ тайған күні білегі мықты біреудің 


912
тақымында көкпардың лағындай кете барады екен. 
Кешегі болыс ағасы сүйтті. Оның арғы жағында аузымен 
құс тістеген кімдер өтпеді. Сонан келе келешекте 
өзінің де өмірінің ақырын дәл солардай аяқтарын неге 
ойламады? Неге білмеді? Жоқ, білді. Тек жұрт алдында 
білмегенсіп, бөрі айбатын бетіне жиып, желке жүні 
күдірейіп жүрді. Сен жеті қат жер астындағы болмаса, 
жер үстіндегінің бәрін бәрін білгенде, тек жазмыштағы 
зауалды күніңнің осыншалық тақау қалғанын білмепсің. 
«Иә, білмепсің» деді ол ішінен.
– Ну, га-д, құдық қайда?
Тәңірберген артына бұрылып қарамаса да, мынау 
тағы да бағанағы жирен сары екенін білді. Онан басқалар 
да бұның кейде оң, кейде сол жағынан шығып, үзеңгі 
қағысып қатарласа бере тіл қатады:
– Құдық қайда?
– Ауыл қашан кездеседі?
– Енді қанша жер қалды?
– Әй, бұл бізге шынын айтады дейсің бе. Бізді алдап 
келеді. Көре қал, бізді елсіз далаға апарып қырғалы жүр.
– Генералға айту керек. Бұларға сенуге болмайды.
– Ну, га-д... құдық қайда? Көрдің бе, үндемейді, 
шауып тастар ма еді өзін.
Тәңірберген құп-қу; ер үстінде қыбыр етпей, көзін 
көк аттың құлағына қадап алған. Мына найсаптардың 
боқтық-балағатын өзінің әне бір төре сүйек 
тәкаппарлығына бағып, құлағына ілмеуге тырысады. 
Бірақ төзім темір емес, оның да қаншаға жетерін кім 
білсін. Бәрінен бұрын әпербақан немелердің әкіреңдеген 
зәбірі жанына батып барады. Кісінің қадірін білмейтін 
иттерге сөзін шығын қылғысы келмеді. Жә, қажеті 
қанша. Өмірден беті қайтып, талабы теріс кеткен шақ 
қой. Әйтпесе, бұл араның елі, жері, суы бұның жадында 


913
жазылған хаттай сайрап тұрмаушы ма еді. Жыл сайын 
бір шаруасы шығып, Алтықұдық пен Шалқарға баратын. 
Бұл аралар бұның қыста да, жазда да талай-талай жүрген 
жерлері. Қыста кілем жайған көк сырлы жеңіл шанаға 
қасқыр ішік киген бойымен жайғасып отырып алар еді. 
Сонан қашан жол үстінде не қонатын, не түстенетін әлде 
бір ауылға кеп, алдынан арсылдап иттер үріп шыққанша 
селт етпейтін. Еті қызып алған күйлі аттың сом тұяғы 
сары табан қарды күтірлетіп салдыртып келіп, бұның 
өзі біле бермесе де, бірақ бұны жақсы білетін әлдебір 
үйдің алдына кілт тоқтап, хабарлас қылар еді. Кешкі 
асын қызыл іңірде ішіп жатып далған үйдің шамы 
жылт етер еді де, іле-шала іштен қақпа шекпеннің 
жеңін сүріне-қабына асығыс киген біреу сыртқа жүгіріп 
шығар еді. Шабалаңдап үрген иттерді шалғайымен 
жасқар еді де, шанаға кеп: «Мырза, қош келдіңіз. Қонақ 
болыңыз. Түсіңіз» – деп, қол қусырып, ізет білдіргенше, 
ой, дариға-ай, бұл қозғала қоймаушы еді-ау!
Ал жаз айларында қалаға тіпті жиі баратын. Аяқ 
астынан әлдебір шаруа шығып асығыс кетіп бара 
жатқаны. Бірақ дүние күйіп бара жатса да күндіз 
жолға шықпайтын. Алдын кештете атқа қонады. Түнгі 
салқынмен жол өндіріп алғысы келеді де, қасындағы 
қосшыларға сенбей, жол билігін өзінің қолына алатын. 
Бір жерге тоқтамайтын. Қасына ерген қосшылардың 
оқ бойы алдына түсіп алатын да, жазбастан сыдырып 
отыратын. Сонан ат маңдайы аумай бағана ауылдан 
шығарда көңіліне түйіп алған жерге тура апаратын. 
Салт аттыға Алтықұдық пен Ақбауырдың екі арасы бес 
күншілік жол. Осы екі арада Тәңірберген қай жерде 
құдық бар, оты бітік өлке бар, қай ауыл қай құдықта, 
қай сайда отырады, руы кім, аты шыққан азаматы кім, 
бәрін білетін-ді.


914
Не қылса да, бұған бірдеңе көрінді. Аралдан 
шыққалы соңында шұбырып келе жатқан қара нөпір 
қолға әлі бір жұтым су тауып бере алмай, ұяттан беті 
күйіп келеді. Бұнан кінә жоқ. Құдай қылса қайтесін, 
небір сулы, шегенді дұдықтардың тас төбесінен түсіріп 
келеді. Бірақ, не пайда… белгісіз біреулер бұның алдын 
орап, құдықтардың шегенін тарқатып көміп кетеді. 
Бұрын иін тіресіп отыратын бай ауылдар бұлар келердің 
алдында үйін апыл-ғұпыл жығып, асығыс көшіп кетеді. 
Кей жұртта қазан асқан ошақта ыссы қоламта жатады.
Осы тегін бе? Кім де болса, бір зымиян, әккі 
жау Аралдан шыққалы бұлардың басқан ізінен көз 
жазбай келеді. Айтқанының бірі орындалмады. Сосын 
мыналардың бұған қаны қатып алды. Тірілей түтіп 
жеуге бар. Олар тек генералдың тәк-тәгімен келеді. 
Ызалы кісілердің ішінде әзірге арқа сүйегені – генерал 
Чернов еді; қазір о да бұған онша емес. Астындағы ақ 
арғымақты бұның көк атымен қатар бастырып келе 
жатып, оқта-текте көз тастап қояды:
– Мырза, құдық алыс па?
Тәңірберген қоңына ер батқан аттай қипалақтап 
қалады.
* * *
– Әй, ананы көрдің бе?
– Қайсы?
– Әне, төбеде қалықтап жүр...
– Е, мынау ма? Бұларды бағана көргем.
– Осы пәле бұрын жоқ еді ғой?
– Иә, жоқ еді. Біз құмға кіргесін зорыққан аттардың 
алды құлай бастағалы бұлар да көріне бастады. Әуелі 
біреу еді, қазір екеу... Әне, тағы біреуі көрінді.


915
– Тұра тұр, бұлар әлі көбейеді.
– Өзі бүркіт емес сияқты.
– Жоқ, бүркіт қасиетті құс қой.
– Ал бұлар ше?..
– А хрен их знает. Осыларды ішім алмайды.
– Өздерінің жерге қонатын кезі бола ма?
– Е, сен немене... осылай көкте қалықтай береді 
дейсің бе?
– Әй, қыршымаңдар! Онан да бір жұтым суды айт! 
Сіміргенде шекеңнен шыққандай мұздай болса өзі.
– Мен өмірі мұздай су ішіп көргем жоқ. Әке-шешем 
тамағың ауырады деп, мұздай су ішкізбейтін.
– Соған көндің бе?
– Амалың қайсы.
– Ой, ақымақ!
– Әрине, ақымақшылық. Соған қазір өзім де өкінем.
– Ақымақтың ақылы түстен кейін енеді...
– Қанша ойласам да мұздай судың дәмі қандай 
болатынын білмеймін.
– Ендеше, дәмін білмей-ақ өлесің.
– Ал сен... Сен ше? Мұздай судың дәмі қандай 
болатынын білесің бе?
– Әй, мыналар осылай ұшады да жүре ме?
– Үндеме... қонатын кезі алда.
– Алда?..
– Иә, өлікке қонады.
– Ендеше, көп ұзамай жолы болады екен ғой.
– Жетер!
– Қорқасың ба?
– Сен қорықпайсың ба?
– Жоқ, өлімнен қорықпаймын. Тек соңыра мына 
жексұрындардың денемді шоқитынын ойласам, жаным 
түршігіп кетеді.


916
– О, Жасаған!.. Мына азапты көргенше кеше Арал 
түбінде оққа ұшқанның өзі жақсы еді.
– Әне!.. Әне біреу сорғалады.
Солдаттар бәрі бірден аспанға қарады. Тәңірберген 
де ілбіп басқан ат тізгінін қоя беріп, көз қиығын көкке 
тастап еді. Бірнеше құзғын тас төбеде қалқып жүр 
екен. Бұлар басын көтергенде әлгілердің біреуі бөлініп 
шыға берді. Қырағы көз әлденені қиядан шалды ма, 
қос қанатын қапелімде жиып алды да, төмен қарай аға 
жөнелді. Сонау шалғайдан сорғалаған құс төмендеген 
сайын бар бітімі іріленіп, бауырына қысқан аяғын көрді. 
Сояудай тырнағын көрді. Суылдаған дыбыс естілгендей 
болды. Көз алмай қарап қалған кісілердің үстінен ағып 
өтіп, шаң астында шұбырып келе жатқан әскердің 
кейінгі жағына көз асып, қарасы үзіліп кетті. «Адам ба, 
ат па, тағы біреу құлады-ау» деп ойлады Тәңірберген.
Қалай десе де теңіз өңірінің бірде кебіртек, бірде 
борпылдақ құмайты жүріске жеңіл еді. Күн төбеден ауа 
бұлар қауқиған-қаукиған сары шағырдан басқа шөбі 
жоқ шағыл құмға килікті. Онсыз да күші үздігіп келе 
жатқан кісілер жал-жал сусылдақ құмды көргенде есі 
шықты. Аттар сусылдақ құмға аяғы шашасына дейін 
кіріп, ыңыранып тұрып қала берді. Тәңірбергеннің де 
аты бір тұрып, бір жүріп, жүйкесін құртып келе жатқан-
ды. Кенет көк желкеден жирен сарының құдды біреу 
алқымынан алып буындырып жатқандай қырылдаған 
даусын естіді.
– Көрерсің де білерсің, мынау қызылдардың кісісі.
– Жоқ, бұл бай. Малында есеп жоқ дейді.
– Болса болар. Бірақ бәрібір бұларға сенуге 
болмайды.
– Иә, бұлар бізді жек көреді.
– Осыны генерал қайдан тапқан? Кәрі қырт, 


917
Федоровтың айтқанын тыңдамай, осының тілін алып...
– Иә, бәрі содан.
Ызалы дауыстар үдей түсті. Жирен сары офицердің 
қасына оның дәл өзіндей екі көзі шүңірейген, ерні 
кезерген, бет-аузы жүн-жүн біреулер атын тебініп, 
жан-жақтан жиналып жатыр. Тәңірберген Черновқа 
қарап еді. Бұрын маңайы кісі-қараға толып жүретін 
қолбасының қасында қазір адам қалып жарымапты. 
Тәңірберген өзі сияқты оның да қазір дәрменсіз, жалғыз 
екеніне көзі жетті.
Жирен сары генералдан да айылын жиған жоқ. 
Төңірегіне топталған көп сотқардың арасында қырылдақ 
даусын әдейі көтеріп, «кәрі сайқал бізді қыратын болды» 
деп, күш көрсететіндей сыңай танытты. Тәңірбергеннің 
жүрегі шайлығайын деді. «Мынау қай жер? Мұндай 
құмды бұрын-соңды көрмеп едім ғой...» деп ойлап, бет 
жағы борай бастаған таудай-таудай нар шоқалақтар мен 
сусылдаған шағыл құмға шошына қарады. Түс ауса да 
аптап аңызақтың беті қайтқан жоқ. Құмға кірерде жел 
көтерілді. Ат тұяғынан ұшқан топырақ шаңдатып борай 
бастады.
Тәңірберген аузын жібек орамалмен байлап алды. 
Соған қарамастан қарсы алдынан соққан аптап аңызақ 
өрттей шарпып, күйдіріп барады.
Құмға кіргелі аттар танау қағып тұрып қап жатыр. 
Бір уыздай жас солдат бұның көз алдында жынданды. 
Осыған дейін ол ілбіп басқан ат үстінде иығы салбырап 
сұлқ келе жатқан. Төңірегінен түк сезбей, жанары сөніп 
кеткен көзді алдына қадап телміріп алған-ды. Тақымы 
астында теңселіп басқан ат биік шоқалақтан төмен 
қарай түсіп келе жатып, әлденеге сүрініп кетті. Әлсіз ат 
аяғын жия алмай, қос тізесімен құмға кіріп омақасып 
қалғанда, қамсыз отырған солдат ат мойнынан асып 


918
түсті де, домалап-домалап кетті. Ат сүрінген жерде 
тапжылмай тұрып қалды. Солдат екі ұмтылып, үшіншіде 
үсті-басынан сусылдақ топырақ сауылдап атып тұрды. 
Әлгінде ат үстінде сүлдерін шаққа көтеріп отырған 
сияқты еді; аяғына мінгенде өзін күш көтерді ме: «Су! 
Су! Әне, су!» – деп, беталды лағып, жанұшырып жүгіре 
жөнелді.
Тәңірберген ілгері жүріп кетті. Құмға малтығып, 
аяғын әзер алып келе жатқан көптің арасынан жирен 
сары көрінбеді. Басқадан бұрын осы сойқанның көзіне 
түскісі келмеген мырза аты лажға жарап тұрғанда қара 
үздіріп кеткен генералды қуып жеткісі кеп еді; оған бірақ 
іші-бауыры қатқан аттың арқасына ер тұрмай, лоқылдап 
ілгері-кейін кете берді. Ала-бөле ылдиға қарай етпеттеп 
жүргенде шоқтықтан асып, ер-мерімен ұшып кете 
жаздады да, лажсыз тоқтап аттан түсті. Арқасы босаған 
ат ер-тұрманын сылдыратып дүр-дүр сілкінді. Терге 
малшыған дене дір-дір етіп, солығын баса алмай тұр. 
Тәңірбергеннің өзі де шөлдеп, қаны кеуіп барады. Тілі 
тас қайрақтай. Түкірігі кеуіп кеткен құп-кұрғақ аузында 
ұртын қуырған ащы кермек бар. Ол өмірі істемеген 
әдетін істеп, көк аттың бауырындағы қос уыс көлеңкеге 
аңсары ауып тұрғанын байқады.
Көк атты қайта ерттеді. Айыл тартпаны қатты 
тартты ма, онсыз да аяғын әзер-әзер басып тұрған ат 
ыңыранып, әлсіз буындары дір-дір етті. Тәңірберген ат 
шоқтығына жармасып, үзеңгіге аяғын енді сала беріп 
еді, көз қиығы кейінгі жақтан емпелеңдеп келіп қалған 
біреуді байқады. Бұл бұрылам дегенше анау да астында 
аң қуған иттей ырсылдаған аттың тер моншақтаған 
тұмсығын бұның көк атының құйрығына тақай бере 
тоқтады.
– Түс!


919
Тәңірберген сары сайтанды даусынан таныды. 
Үзеңгіге салған аяғын ала қоймай, арт жақтан шыққан 
қырылдақ үнге ақырын бұрылды:
– Иә, офицер мырза?..
– Түс аттан.
– Неге?
– Ах, ты ирод!
Кейінгі жақтан тағы да бір топ солдат аттарын 
тебініп келіп қалды. Жирен сары жүгіріп кеп бұны 
құлақ шекеден қойып жіберді. Тәңірберген аяғына 
тұра алмай тәлтіректеп, басы айналып құлап баратты. 
Абырой болғанда тізгін ұстаған қолымен ат жалына 
жабысты. Жирен сары шойындай жұдырықпен бұны 
тағы да дәл жаңағы ұрған жерге қойып-қойып жіберді. 
Бұл жолы ат жалына жабысқан уысы жазылып кетті де, 
мырза серейіп құлап түсті. Сонан есін жиса, әлденеден 
үріккендей одырайып тұрған көк аттың дәл тамағы 
астында жатыр екен. Көкірегі қысылғандай болып еді.
Сөйтсе, жирен сары қонжиып кеудесіне мініп алыпты. 
Қалған солдаттар қаумалап үстіне төніп қапты. Тәңірберген 
мына бір жексұрындардың күнге күйіп қарақошқылданып 
кеткен жүн-жүн бетін көргісі келмей, жүзін тайдырып 
әкетті. Жан алатын әзірейілдей жан-жағынан анталап 
үстіне төніп тұрғандардың арасынан алақандай аспанға 
қарап еді; әлгінде ғана нілмен шайғандай далиған шексіз 
аспан, енді ұлтарақтай бүрісіп қапты. Және өзі тозығы 
жетіп, бояуы оңған әлде неден бөз өңденіп бозарады. 
Қызығы қалмаған дүниенің түгін көргісі келмеді де, мырза 
Тәңірберген көзін тас қып жұмып алды. Көкірегі әлгіден 
де гөрі қатты қысылып, қол-аяғы мұздап, бойынан әл 
кетіп барады. Мыналарға тіл қатайын деп еді, оған бірақ 
дыбысы шықпады. Бәрінен бұрын кеңірдегін жұлатындай 
алқымынан алып, жанын шығара қылғындырып жатқан 


920
мына бір былжырап тершіген алақаннан жиреніп барады.
Мыналардан тірі құтыла алмасын білді. Сүлдері құрып 
әлсіреп бара жатқан денеде шыр-шыр еткен тыныс-демі
әзір кеудеде ғана қалды. Оны да мына жирен сарының 
темірдей саусақтары сығып, жан алқымға таяп әкелді. Көзі 
қарауытып кетті ме, ілде көзін жұмған өзі ме, ол арасын 
білмеді. Сонан бір кезде есін жиып еді; әлі де сол баяғыдай 
үстіне төніп анталап тұрған жүн-жүн беттердің арасынан 
кір-кір аспанның алыстан қиық шеті көрінді. Бар болғаны 
жас бала алақанындай. Және жас жуған қатынның бетіндей
сауыс-сауыс па, қалай? О, Жасаған! Өмір бойы қырық 
пышақ боп қырқысумен өткен қасиетсіз пенде соңыра 
ана дүниеге өзімен бірге ала кететін сыбағаның болып 
болғаны осы-ақ па? Осы... осы ғана ма? Тәңірберген бұны 
ішінен ойлады ма, әлде сыртына шығарып айтты ма, оны 
өзі білген жоқ. Шарасы жасқа толған жанары кішірейіп, 
ақырын-ақырындап сөніп бара жатты. Әлгі темірдей 
саусақтар шеңгелін жазбады. Өзегін өртеген ащы өксік әрі 
де, бері де өтпей, тас түйін боп тамағына тұрып алды. «О, 
опасыз сұм жалған!» Опасыз! Опасыз! Алқымнан алған 
тас шеңгел айрылар емес, сығып әкетіп барады. Аузынан 
ақ көбік ақты. Қырылдады. Ақтық дем үзілуге қарап еді. 
Сол кезде әлдебір дыбысты құлағы шалды, еміс-еміс 
дыбыс естіле түсті де, үзіліп кетті...
Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде есін жиды. 
Жанарына жан еніпті. Кірпік арасынан сәуле сығырайып, 
біреулер қараңдады. Бірақ жүзін көрмеді. Қол-аяққа әл-
қуат әлі де оралмаса да, әйтеуір әлгінде көкірегінен салмақ 
сезілмейді. Алқымы да жирен сарының шеңгелінен 
босапты. Өзі де ана дүниенің дәл өзінен оралғандай, көзін 
ашып, жұмып біраз жатты. Бағанағы еміс-емес дыбыс 
есіне түсті. Бәсе, сол не? Не дыбыс?
Біреулер күбірледі. Іле-шала екі кісі екі жағынан 


921
сүйемелдеп орнынан тұрғызды. Тәңірберген олардың 
кім екенін білген жоқ, бірақ кім де болса мыналардың 
өзін тап бір ұзақ жатқан әлсіз сырқаттай соншалық бір 
жанашырлық сезіммен абайлап ақырын көтерген түріне 
қарап, жирен сарының бұл маңайда жоқ екенін білді.
– Атына мінгізіңдер, – деді біреу.
– Генерал мырза, ол әлі әлсіз.
– Дәнеңе қылмайды. Екеуің екі жағынан сүйемелдеп 
отырыңдар.
***
Мырзаның жанына екі кісі қалдырды да, Чернов 
қасындағы аз ғана тобымен ілгері жүріп кетті. Кәзір 
бұрынғыдай қарауындағы офицер, солдаттардың бәріне 
бірдей сене бермейді. Оның қасындағы аз ғана кісі-қара 
кешегі Арал түбінде болған қырғыннан аман каппель 
полкінің солдаттары. Қару-жарақтары сайлы. Және 
жетекке алған аттың үстінде мүйеттеп артқан пулемет бар.
Тәңірберген азырақ әл жиды. Бірақ басы айналып, көз 
алдына тұрып алған кірбің айықпай қойды. Қасындағы 
екеуді де түстеп тани алмай, дүние бұлдырып отырғанда, 
әлде бір ақ күшік аяғынан ала кететіндей, қайта-қайта 
тап береді. «Мынау қайтеді, әй» – деп, бұл аяғын тартып 
алғысы келді. Көзін уқалап, қайта қарады. Сүйтсе, әлсін-
әлі аяғына тап беріп жатқан бұл ойлағандай ақ күшік емес, 
жел астында елбек қағып, басы жалпылдаған даланың 
аппақ ақ селеуі екен.
Мырза езу тартты. Қамшысына таянып түрегелді. Көк 
атқа қасындағы кісілердің сүйемелдеуімен мініп еді, бірақ 
өмірі ат жалында өскен жан тақымы ерге тиген бойда әл 
дарып, атты құм ішінде жосылып жатқан ізге салды да, 
жүріп кетті.


922
Тәңірберген мына дүниені көргісі келмеді. Басы 
баурына түсіп кеткен. Қанша жүргені белгісіз. Қай жерде 
келе жатқаны белгісіз. Ат өз жолын өзі тауып жүріп келеді.
Төңірекке көз салғысы кеп анда-санда басын көтерсе, 
көзін жұма қояды. Жол бойы жығылған ат. Өлген, өлімші 
боп ыңырсып жатқан солдаттар. Бір жерде қару-жарақтар, 
аяқ киім, бас киім! Қайсы бір бұта басында ілініп қалған 
көйлек. Ысылдаған құм ішінің аңызақ аптап желі астында 
желп-желп етеді.
Төбеден ауған өрттей ыстық күн бір кезде бұлардың 
қарсы алдынан шығып, бір орыннан тапжылмай, 
шақырайып тұрып алды. Тәңірберген басын олай бір, 
былай бір алып қашты да, ақыры болмағасын жоғары 
көтеріп алды. Ер үстінде ырғалып, нығызырақ отырып, 
тас төбеде мөлдіреген көк шаңқан аспанға шалқалап 
қарады да, бірақ әлде неге көзін ала-алмай арбалып қалды. 
«О, пәруардігер» – деді құдды қадір түнін көрген діндар 
адамдай, – «Жараушы Ие-ау!» – деді. Осыған дейін не 
көріп жүрген? Мына аспан... Апырай, мына аспан көк 
нілмен шайғандай ма, қалай? Иә... Иә, нілмен шайғандай! 
Бұл жарықтық... Неге жерден бойын алып қашып, 
шалқалап жатып алған? Сол тегін бе? Нақақ төгілген қан 
мен көз жасқа керелеген қатігез жерден бұлар неге қайыр 
күтті? Қанша күннен бері жөн таппай адасқаны аз болды 
ма? Опасыз жалған дүниеден жаны түршіккен аспан... 
Қарашы, жан баспаған заһарға тартып кеткен! Өзі неткен 
түпсіз, тұңғиық және шебі, шегі жоқ жаһаннам... Айдай 
әлем... Апырмай, адам ақылына симайтын шексіз... ол 
неткен дүние? Шексізде де түптің түбінде барып-барып 
бітетін, таусылатын шек болмаушы ма еді? Ненің де шегі 
болатын еді ғой? Иә, жақсылықта да, жамандықта да... 
Жауыздықта да, зұлымдықта да... Жә, жә, соның бәрі 
адам ақылы жетпейтін жұмбақ. Жаратушы Иенің ғана 


923
пәрменінде болғанда... Ал мына жер... мына дала ше? Бұл 
неге шексіз? Әрі-берідесін бұл өзі... Әлгі Әзірет Әлінің 
үрім-бұтағы қырылатын Кербала шөліндей мына Арал 
даласы... Арал аспанында сірә бітер шек болмағаны қалай? 
Айтса да, осы дала қайдан басталды? Қайда барып бітеді? 
Бұның да бітер шегі бар ма? Әлде... Әлде мына сорлылар 
апта, ай жүрсе де бұл заңғар бір жұтым су татырмай, 
сазарып жатады да қоя ма? Тоқ-та... Сонда Арал даласы 
ғана шексіз емес, тіпті ай мен күн астындағы айдай әлем 
ғана шексіз емес, адамзат тірлік кешкен осы мына опасыз 
дүниеде күн сайын иттей күшіктеп, өсіп, өніп жататын 
күллі зұлымдық, жауыздық атаулыда шек бар ма? Тіріде 
адам тартар азап пен адам шегер қайғы, қасіретте де шек 
жоқ болғаны ма? Қатігез тағдыр жарық дүниеге келген 
әрбір сорлының басынан тоқпағын айырмай, осылай 
өле-өлгенше төмпештей бере ме? О, Жасаған жаппар Ие, 
өзің жаратқан пендеңе Сен неге сонша қатал болдың? 
Әлде бізге істеген қаталдық арқылы ештеңенің парқын 
білмейтін қасиетсіз пенделеріңе көк тәңірісі Құдайдың 
қаһары мен құдіретін білдіріп, тәубеге келтіріп қою үшін 
бұ да Сенің Құдайлығың ба? Соны тек жердегі екі аяқты 
жұмыр бастылар білмей ме? Тоқта... не деп сандырақтап 
барасын. Құдайдың құдіретіне шек келтірген күпірлік 
емес пе? Бәсе! Бәсе! Ақылы дария ғұлама болса да, адам 
зердесі жететін мөлшер өлшеулі болатын еді ғой. Онан 
арғы дүние жұмбақ. Құдірет ісі. Төбедегі көк зеңгір аспан 
да Құдайдың құдіреті. Сонау баһардан осы бүгінге дейін 
иттей балалап, өсіп, өніп жатқан әлгі зұлымдық, жауыздық, 
зорлық, қиянат... Соның бәрін көре, біле тұра... Апырай... 
Апырай, сен... сен бұрын Құдірет сырына неге көз жіберіп 
ойламадың?..
Тәңірберген мырс етті. Бетіне шапқан ызалы мысқыл 
айықпай тұрып қалды. Үзеңгіге аяғын тіреп, көк қасқа 


924
ерге шіреніп, шалқайып отырды да, оқ бойы алда кетіп 
бара жатқан генерал Черновқа, сосын ақ арғымаққа назар 
аударды. Ана қараш, асыл жануар тұла бойы терге малшыса 
да, сусылдаған құмға шашасы кіріп кеткеніне қарамай, 
аяғын әлі де ширақ алып, тағы бір шөккен нардай жотасы 
күдірейген айғыр шоқалаққа сыр бермей сыпсыңдап 
шықты. «Қандай асыл мал» – деді мырза. Бұлар бергі 
жағынан болдырғансып, бір күшін үнемі бойында сақтап 
отыратын жанаяр жабыдай емес, тегі, дегдары басқа мал 
ғой. Бұл жануарлар қуғанда да, қашқанда да, ұзақ шабыста 
сыр бермей, шелектей танауы жел тартып пырылдап ұшып 
келе жатып мұрттай ұшып түскенде ғана соңғы демі мен 
жаны бірге шығатынын айт!
Тәңірберген тұла бойы түршігіп дір етті. Құдай 
зауалыңды берсін! Өзінің аузынан шықты ма, әлде есінде 
қалған әлде біреудің қарғысы ма? Кәпелімде есін жия 
алмай... Сол өзі кім еді?
Генерал Чернов тағы бір нар шоқалақтан қылт етіп 
ары асып түсті. Оған ере алмай, аты болдырып, кейін 
қалғандар шоқалақтың бергі баурайына тырмысып, ілгері 
басқан аяғы кейін кетіп жатты. Ал аты болдырған адьютант 
етекте тұрып қапты. Сосын ол басқа, көзге сабалап, қос 
бүйірін қанша тепкілесе де, сілесі құрыған ат шашасынан 
құмға кірген аяғын суыра алмай, тілерсегі дірілдеп, қалш-
қалш етті. Құдай зауалыңды берсін! 
Тәңірберген құлағын баса жаздады. Анадай жерде 
жаны күйіп, зығыры қайнаған адъютант атымен әлек. 
Тәңірберген көріп келеді: ат үсті-үстіне тепкілеп келе 
жатқан темірдей тақым астында дір-дір етіп, мықшиып 
тұрды да, гүрс етіп құлап түсті.
Тәңірберген қалпағын көзіне түсіре басып киді де, 
тұсынан тезірек өтіп бара жатқан-ды. Тас төбеден түскен 
әлдебір ірі құстың қалбаңдаған көлеңкесін көзі шалып, 


925
тіксініп қалды. Аяғын баспай келе жатқан ат та елең етті. 
Тәңірберген баурына түскен басын көтермесе де, әлгіден 
кейін бірде алыстап, бірде жақындап, жер бауырлап жосып 
жрген көлеңкені көзі шала берді. Сосын ойын бөлгісі келді 
де, назарын көк сауыр ердің күміспен шалулаған қасына 
аударып: «Осыны кімге істетіп едім?» – деді ішінен. Ол 
бірақ ерді істеген шеберді есіне түсіріп үлгірмеді. Кейінгі 
жақтан мылтық гүрс етті. «Жаңағы адъютант емес пе 
екен?» Сүйткенше болмады, құлағына дабырлаған дауыс 
келді де, тер құйылған көзін уқалап жіберіп, ілгері жаққа 
қарап еді. ілбіп басқан әскердің алды құмның шетіне ілігіп 
қалған екен. Оның ар жағы шөбі күйген сұр дала. Күні 
бойы аяғын әзер алған ат үстінде иіні түсіп, сүлдері шаққа 
келе жатқан ебіл-себіл солдаттарға бірдеңе көрінген. 
Өздерінде ес-түс жоқ, бір-біріне алды ашылған маң жаздық 
даланы көрсетіп, азан-қазан шулап, аттарын борбайлап 
шапқылап барады. Тәңірберген да атын тепкілей бастады. 
Аналардың неге аяқ астынан осынша әпі-шәпі , азан-
қазан боп кеткенін білмесе де, жұрттың жүйкесін құртқан 
құмның бітіп, көл-көсір далаға қайта қауышқандарына 
бұ да қуанды. Атын шу-шулеп келе жатып, көзі кенет бір 
жағына тарбиып жабысып жатып қалған кәржік қара 
жидеге түсіп еді. Ескі бір танысын көргендей елең етіп: «О, 
Жасаған, – деді ішінен, – сенейін бе, жоқ па? Мынау... Иә, 
иә, мынау...» Абдырап сасқаны сонша, жер аты кәпелімде 
аузына түспей: «Мынау... мынау сол! Сол! Анық сол!» – 
деді. Анық сол! Генерал қайда? Айқайлайын деп еді, оған 
бірақ даусы шықпады.
Сосын атын тепкілеп, ілгеріде кетіп бара жатқан 
Черновқа қатарласты.
– Генерал! Генерал! Мынау... Міне, мынау... сол!..
Чернов Тәңірбергенге таңдана қарады: көзінде жас. 
Күлкі ме, қуаныш па, күнге күйген бет те біртүрлі ұйқы-


926
тұйқы. Аузындағы сөзін айта алмай, шыт-шыт ерін 
дірілдеп, иегі кемсеңдеп:
– Мынау... Міне, мын-нау-у, – деді тағы да.
– Таныс жер ме?
– Иә, иә... таныс.
– Аты қалай?
– Бі-білмей-мін... Ау-зыма түс-пей тұр.
– Сенің адал екеніңе өз басым ешуақытта күмәнданғам 
жоқ. Рахмет, мырза!
Тәңірберген артта қалып бара жатқан кәржік қара 
жидеге қайта-қайта бұрылып қарай берді. Жиде де, жиде 
маңындағы топырақ реңі де, шөп екеш шөптер де... бәрі-
бәрі көзіне оттай басылды. «Сол! Анық сол!» – деп, 
арғы жағынан ішкі дауыс та үн сап жатыр. Ендеше... Иә, 
иә, ендеше, көре қал, жер реңі кәзір тіпті өзгереді. Ат 
табаны батпайтын кіршілдек ақ құм басталады. Қайсыбір 
қары қалың түскен жылдарда, ала-бөле, осы құмайтқа 
көк майқара жусан, қызыл изен қаулап өсіп, дала жүзі 
сыңсыған шөптен көрінбей кететін. Осы өңірдің бір 
жерінде, ұмытпаса, әне бір маңда ши өсетін. Сол өңір тұп-
тұтас сыңсыған ақ шиге қақалып тұнып түратын. Есіне 
енді түсті. Ақ ши... Ақ-шилі! Осы өңірдің Ақшилі атануы 
да содан. Биылғы қуаңшылық бұл жақтың да шөбін 
күйдіріп жіберген. Ана қараш, түбін жел қазып тастаған 
жусан екеш жусан да қаракеңірдектеніп, бір жамбастап 
жатып қалған. Бұның бәрі бала кезден білетін таныс жер. 
Дүниеден көңілі қалып, беті қайтып, бәрінен түңіліп, 
бәрінен торыққанда тап болғасын ба, көзіне түскен 
нәрсенің бәрі – шөбі, тасы, топырағы көңілін толқытып, 
есіне қай-қайдағы түсе бастады. Ілгері жақтағы әне бір 
аласа қырдың астында Ақшилі сайы бар. Ақбаланы алып 
қашқан жылы өздеріне қараған бай ауыл осы Ақшиліні 
жайлап еді! Басқа жердің шөбі күйіп, қуарса да, ауыл 


927
іргесіндегі сай бойының табаны қар ылғалын ұзақ сақтап, 
ат тұсарлығынан келетін қоңырбас, бидайықтың ара-
арасында хош иісі бұрқыраған көк жусан, жауқазын, 
әсіресе, жалбыз... Жарықтық осы жалбыз бен жусанның 
ертелі-кеш мұрынды жарып тұратын жұпар исін айт! 
Бірді ойлап бірге кеткенін қараш... Сірә, бұған күн өткен. 
Ғаламат аптап ыстыққа кім шыдасын. Абырой болғанда, 
қайта Ақшиліге кездескенін айт! Ақшиліде су жетеді. 
Өздеріне қараған ауылдың жылқылары осы өңірдің өрісіне 
сыймай, көрші ауылдармен құдық үшін қақтығысып қала 
беретін. Ши түбінен қазған құдықтардың суы күрпіп... 
Суы... Суы балдай... Айтса да, генерал қайда? Қаталап 
шөлдеп келген кісілерге суды аздап бермесе... Иә, иә, 
әйтпесе, аш өзегін қиып кетеді. Көңілі босағандікі ме, жас 
мырза тақымы қосыла босап бір жағына ауытқып бара 
жатқанын кеш байқады да, дереу ілгері ұмтылып ердің 
қасынан ұстай алды. Басы айналды ма?.. көзі қарауытты 
ма... күні бойы көзінің алдында қылтылдап тұрып алған 
көк аттың қос құлағы кенет көбейіп, үшеу... Неге үшеу?.. 
Жаңа ғана үзеңгі қағысып келе жатқан қасындағы кісілер 
де, аттар да бұлдырап, түрін, түсін шатыстырып, ақ, көк, 
қара... бәрі ұйқы-тұйқы араласып кетті де, мырзаның өзі 
де құлап қалатындай қорқып, ат шоқтығына жабысып 
ұстай алды. «Әй, мыналарға не болды?» Көзін ашып еді; 
күні бойы ат үстінде бұлғақтап, жұмған аузын ашпай келе 
жатқан кісілер әлденеге аяқ астынан абыр-дабыр бола 
қапты. Қайсы біреулер атын борбайлап шауып барады. 
Соған таңқалған Тәңірберген іркіліп барып көзін ашып 
еді, басы әлгіден де гөрі қаттырақ айналып, енді болмаса 
құлайтындай қорықты. Ерге нығызырақ жайғасып отырды 
да, Ақбалаға үйленген кезді есіне қайта алды. 
Өткен күнде белгі жоқ... Ой, дүние-ай, ол кездің 
несін айтасын... Иә, ол өмірінің ең қызық, бақытты кезі 


928
еді ғой. Бұның қалауы бойынша, жас келіншектің отауын 
басқа үйлерден оқшаулап, Ақшилі сайының іргесіне 
тақап тіккен еді-ау. Сол жылы сай бойы... Сай бойының 
көгі қашан жаз бітіп, күз басталғанша көктемдегі балауса 
қалпын сақтап балбырап тұрған-ды. Қадірлі қонақтардың 
жөні басқа, ал, әдетте бай ауылдың үстін босатпай, бірі 
келіп, бірі кетіп жататын көп қыдырма атын бір қырдың 
астына байлап, жаяулап келетін. Сауын малдың желісі 
болса да ауыл маңынан аулақта. Түндік түсірулі. Іргесі 
түрулі. Тек кейде ұзақ жауған жаңбырдын кейін жазғы 
түн шұғыл салқындап, жас жұбайлар жібек көрпе астында 
сәл тоңазыса болды, малай қатындар сықырлауық есікті 
сыртынан жауып кететін.
Бұларға қараған ауыл келесі жылы да көктем 
шығысымен жылдағы дағдылы мерзімде дүрк көтеріліп, 
көлікті көштер ұбап-шұбап шыққанда, қыр әлі қыс 
ызғарын бойына сақтап, қара жел ызғыған жонда ала 
қанат қар жатты. Көлік сабырлап, жас балалар қыңқылдап 
жылағанына қарамастан, тырнадай тізілген көштің алды 
қыс бойы құлазып жатқан кең жайлаудың шетіне іліге 
бергенде, көктен құйып жаңбыр жауған еді-ау. Баратын 
жерге жете алмаған көш ылажсыз тоқтап, бірнеше күн 
ерулеп отырып қап еді. Үшінші күні жауын басылды. 
Жарқырап аспан ашылды. Шырадай желсіз тымықтың 
аяғы ерте көктемнің сары шуағына айналды. Ағыл-тегіл 
ылғалға қарық болған жер күн шықса қоңы қызып буланды 
да жатты.
Бұлар Ақшиліге үй тіккен күні ұсақ қаралар төлдеп 
еді. Қоңыр төбелердің күнгей бетінен қылтиып көрінген 
көк шөп көктем айының сары шуағымен тез көтерілді. 
Сол жылы бұл жаз бойы жас келіншегінің жанынан екі 
елі аттап шықпады. Жазатайым шыға қалса да, ой дүние-
ай, сонан қашан үйге жеткенше жаны қалмайтын еді-ау! 


929
Ауыл қарасы көрінгеннен-ақ шыдамы құрып... ілгері 
жаққа мойын созып, көгалға қонған ақ үзікті ауылдың 
қыз-келіншектері арасынан Ақбаланы... 
«Әй... әй, мыналарға не көрінді? Неге у-шу боп кетті? 
Мыналарға бірдеңе болғаннан сау ма?»
Тәңірберген төңірегіне көз салып еді, бұнан 
басқалардың бәрі аттарын сабалап, ілгері жаққа қарай 
тырағайлап шауып барады. Алды ылдида жайылып 
жүрген тұсулы аттарға жетіпті. Үш-төрт солдат астындағы 
аттан түсе сала жалма-жан тұсаулы аттарды ұстап, ерттеп 
мініп жатыр. Қашаған аттарды қуалаған қайсыбіреулер 
ұзақ жолда тақымы талған ба, аяғын баса алмай солтақтап 
жүр. «Ақшиліде» ауыл болды-ау» – деп, Тәңірберген 
де тақымы астында танау қағып келе жатқан көк атты 
тепкілей бастады. «Кімнің аулы екен?» – деп ойлады. 
«Танитын ауыл боп ұят боп жүрмесе не қылсын?» – деп 
ойлады. «Апырай, апырай, кім де болса, мына солдаттар... 
Айлап, жылдап әйел көрмей, нәпсі зарын тартып келе 
жатқан найсаптар ұятқа қалдырмаса жарар еді?»
– Мырза, ауылды көрдің бе?
– А-а?
– Ауыл. Әне!
– А-а... Иә, иә...
Тәңірберген бұнан кейінгі сөзді есіткен жоқ. Қасында 
үзеңгі қағысып келе жатқан генерал есінен шығып кетті. 
– Жоқ! Жоқ, мүмкін емес! Мүмкін емес, – деді мырза.
Әлде неге өзіне сенбей көзін уқалап жіберді. зәре-
иманы қалмай, ілгері жаққа қайта қарап еді, солдаттар 
ұстап мініп жатқан тұсаулы аттардың санындағы тайтұяқ 
таңбаға тіксіне қарады. Әлі де болса көзіне сенбей қайта-
қайта қарады. Жылқы болған жылқының бәрінде де 
тайтұяқ таңба.
Жас мырзаның кәпелімде қол, аяғынан әл кетіп, 


930
тақымы босап барады. Тізгін ұстаған қол да қалтырап, 
бүтіл денесі безгек буғандай қалшылдап ала жөнелді. 
– Бұл қалай болды? Қалай?! Ойпырмай?.. Құдай-ай!.. 
Құдай-ай!.. – деді.
Қатты соғып кеткен жүрек аузына тығылды. Өзінен ат 
бойы алға түсіп кеткен генералға дауыстайын деп еді, оған 
бірақ даусы шықпады. Дір-дір еткен еріндер бір-біріне 
жуыспай, тісі тісіне тиіп сақ-сақ...
***
Өңшең жұмыртқадай ақ үзікті аппақ ауылға 
жақындап келе бергенде көк ат төбеге ұрғандай тұрып 
алды. Тәңірберген аттан қарғып түсті. Төрт аяғы түгел 
қалшылдап, басын жерге салып тұрып алған атты қақ 
маңдайдан тартып-тартып жіберді де, бұл кезеде ана 
жақта әскер талап, ызы-шу, азан-қазан боп жатқан ауылға 
жүгірді. 
«О, құдай!» – деді. «Не жазып едім? Не пиғылымнан 
таптым?» – деді.
Әлі құрыды ма, әлде сүрініп кетті ме, әйтеуір 
жанұшырып келе жатып мұрттай ұшып түсті. Көзі 
қарауытып кетті. Есінен танып жатып та ұлыған иттей 
қыңсылап, қолы жеткен жердің топырағын осқылап 
тырнап жатқанын өзі де сезбеді. Кенет дір етіп, көз жасын 
тиып алды. Неге бүйткенін өзі де білген жоқ, тек үстінен 
төніп тұрған біреу: «Құдай зауалыңды берсін!» – деді. Кәрі 
әйелдің қырылдаған даусы. Дене-басы қараға малынған. 
Сол! Соның өзі! Апырай, бұны қалай тапты? Қарғысы 
қабыл болғанда тапқанын қараш.
Бұл не, түс пе? Жоқ, түс емес. Бәлкім, қорқынышты 
түстің өңінде қайталанған жалғасы... жо-жоқ, о да емес. 
Түс пен өң арасында аян беретін өлі аруақ жаңағы кемпір 


931
бейнесіне еніп, енді соның аузымен айтып тұр ма?..
... Түн еді-ау, көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы түн 
еді. Қара киінген кісі шырт ұйқыда жатқан ауылға атын 
ақырын бастырып келген еді-ау. Шырт ұйқыда жатқан 
жұрт бәрібір оянып, сыртқа жүгіре-жүгіре шыққан еді. 
Құйрық-жалы сүзілген қара атты дәл сондай қара киімді 
кісі тізгінінен жетелеп әкелген еді ғой. Қара киізге ораған 
өлікті қол-аяғын салақтатып қара аттың үстіне көлденең 
салыпты. Ат үй алдына кеп тоқтағанда іштен үсті-басы 
қараға малынған кәрі әйел аңырап шықты да, әй-шәйге 
қарамай өлікті бас салып құшақтай алды. Аңыраған 
дауыс қараңғы түнді қақ айырып тілгілеп ала жөнелді. 
Жұрт тұрған-тұрған жерде сілейіп қалған-ды. Қара 
түнді тілгілеп жатқан әлгі әйел даусы кілт тыйылып еді, 
бұл ес жиям дегенше кәрі әйел жас жуған бетін бұған 
бұрып: «Қартайған шағымда жалғыз баламнан айырып 
жұлынымды үзіп отырсың. Құдай зауалыңды беріп, 
басыңа қара күн тусын!» – деп еді ғой. Мынау сол! Сол! 
Мына аспан, мына жер, су, бүтіл айдай әлем соны қайталап 
күңірене ме? Құдай зауалыңды берсін! 
Жас мырза жаны тітіркеп, бар денесімен қара жерге 
кіре жаздап барады. Көк, жер, күллі айдай әлем сасыр 
жеген иттей қыңсылап, қара жерді тырнағымен қазып 
осып-осып алды. Уыс толған шеңгеліндегі топырақты
сығымдап, ішін у жалағандай ыңырсып ұзақ жатты. Тас 
бітіп қалған құлақ дәл қазір қарғыстан басқа түк есітпеді. 
Керек десе, тап осы кәзір тас төбесінде бір жоғарылап, 
бір төмендеп жағы шыр-шырлап тұрған бозторғай үнін 
де есіткен жоқ. Қос шекесі солқылдап әкетіп бара жатқан 
басын жерден көтере алмай ысылдап жатқан. Сонан бір 
кезде сүлдерін қозғады, тәлтіректеп түрегеле берді. Аяғын 
әлтек-тәлтек басты. Денесін билей алмай шайқалақтап 
тұрды да, қайта жүрді. Сонан кейін де бір жүріп, бір 


932
тоқтап, етектегі ауылға жетем дегенше кейінгі жақтан 
әлі де атын борбайлап лек болып ағылып келіп жатқан 
атты әскердің талайы басып озды. Бәрі де қызыл көрген 
құзғындай құтырынып алған. Қара жалдан құлай берістегі 
кең жазықта қаннен-қаперсіз отырған ақ үзікті бай ауылға 
аттарын борбайлап шапқылап барады. Ауыл үсті у-шу. 
Азан-қазан. Қайда тығыларын білмей, үй-үйдің арасында 
шыр-шырлап жүгірген қыз-келіншек. Тарс-тұрс атылған 
мылтық. Тасырлап шапқан ат. Қан-қан бөксесін сүйретіп, 
үйге тығылған иттер. Жылаған балалар. Әлгінде ғана 
үй жанында ойнап жүрген баласынан көз жазып, ойбай 
салған қатындар.
Тәңірберген самсоз, сүлесоқ. Миына ештеңе кіріп-
шығып жатқан жоқ. Қазіргі бар түрі «енді маған бәрібір» 
деп, көз алдында болып жатқан сұмдыққа құдды бір
бейтарап бөгде адамдай. Ана жақта әлі азан-қазан. У-шу. 
Еліріп алған солдаттар ойына келгенін істеп, еңселі ақ 
үйлерге баса-көктеп кіріп, сыртқа мем-мес айран, кісі 
бойы сабаларды сүйреп шығарып жатыр. Құдық басы да 
ығы-жығы. Дабырлаған дауыс. Даңғыраған шелек. Генерал 
Чернов та сол маңда. Тәңірберген аяғын сүйретіп әзер 
басып ауылға кіре берді. Сүрініп-жығылып тәлтіректеп 
келеді. Көзі түскен кісілер үрпиісіп шошып қалады. Бірақ 
олармен бұның ісі болған жоқ. Иығынан сыпырылып 
түскен шекпеннің бір шалғайын сүйретіп келді де, су 
толы шелекке бас қойды. Омырауына төге-шаша сылқ-
сылқ жұтып жатқан-ды. Генерал Чернов қасындағы бір 
офицерге «шелекті ал» дегендей ымдап еді, офицер әй-
шәй жоқ, жас мырзаның қолынан шелекті жұлып алды.
– Мырза атың қайда? – деді Чернов Тәңірбергеннің 
жанына келіп.
Тәңірберген оған бұрылып, жанары сөніп кеткен 
көзбен сүзіле қарады.


933
– Кәзір мына ауылдың жылқысын айдап әкеледі. Бір 
жақсысын таңдап мінерсің, – деді Чернов.
Тәңірберген үндемеді.
– Мынау бай ауыл екен, жолымыз болды. Қариялары 
әне! Бәлкім, сөйлесерсің?
Тәңірберген мырс етті. Оның өңіндегі мысқылды 
байқап қалған Чернов:
– Таныдың ба? – деп еді.
– Иә, таныдым, – деді Тәңірберген.
– Кімдер? Білесің бе?
– Білем. Мені құтықтауыңызға болады.
– Қалай?
– Бұл... Бұл менің ауылым.
Генерал Тәңірбергеннен көзін тайдыра берді. Ол енді 
бұл арада аялдап тұра алмай, соңына нөкерлерімен тайып 
тұрды. Олар ұзаған бойда Алдаберген софы бастаған 
ауыл адамдары әлі де болса жан-жағына үркектеп 
қарап, Тәңірбергеннің қасына келді. Қара сұр бәйбіше 
басқалардан бұрынырақ жеткен еді, келе сала мырзаны 
бас салып құшақтай алды.
– Мырза-ау, не болдық? Не күйге түстік, ойбай!
– Әй, келін, қой, қоя тұр, – деді Алдаберген софы.
– Ойбай, атаеке-ау, қоятын не қалды?
– Жә, жетер! Әй, Тәңірберген, сен бе мыналарды 
бастап әкелген?
Тәңірберген үнсіз, сұлық.
– Келістірдің. Ауылымның үстінен әскер құлатып... 
әне көр, аузы түкті кәпір аш қасқырдай талап жатыр.
Тәңірберген әлі сол сұлық қалпы, селт еткен жоқ.
– Иә, бала-шағаның көз жасына қалма.
– Тым құрыса талатпа.
– Бейбастақтығын тыйсын.
– Мыналардың түрі жаман. Үй мүлкімізді тонап, 


934
астаң-кестеңін шығарып жатыр. Құрсын... Кұрсын, 
күйедей жалап барады. Бізді қайтсін, бізді жыр демесе 
де, сенің тіліңді алар! 
Тәңірбергенді шөл қайта қинады. 
– Әй, неге үндемейсің? Мыналарыңды алып кетесің 
бе, жоқ па? Айдың күні аманда аулымның үстіне жау 
құлатып, уа, бізге істеген бұл қай лаңың? – деді кәрі 
софы ақырып.
Тәңірберген бұған да селт етпеді. Екі көзі құдықта, 
кезерген ернін жалап, тамсанып жұтынып қояды. Кәрі 
софыдан кейінірек тұрған ауыл ақсақалдарының өңіне 
үрей пайда болды. Бір-біріне қабақ астынан қарап, 
күбір-күбір тіл қатты:
– Есі дұрыс па? Мәңгіріп кеткен бе, қалай?
– Мен де соны ойлап тұрмын.
– Пері салқынын салған ба? Тіл, жағы байланғаннан 
сау ма?
– Тегін емес. Тірі аруақ.
Діндар шалдар күбірлеп, тілін кәлимаға келтірді. 
Қара сұр бәйбіше де әлгідей емес, көз жасын тыйып, 
күйеуінен көз айырмай бағып қапты. Қараған сайын 
көңілдегі күдікті анықтай түскендей, түсі бұзылып 
барады. Тек Алдаберген софы сезіксіз. Жасы 
үлкендігіне қарамастан осы інісі бұның сөзіне де, өзіне 
де зейін қоймай, үнемі осылай немқұрайды қарайтыны 
қытығына тиетін-ді. Соған қатты зәбірленетін. Әсіресе, 
соңына ерген мына ауыл ақсақалдарының алдында 
өзінің таусылып айтқан сөзіне де құлақ аспай қойғаны 
ызасын қайнатты.
– Е, құдай... – деп, күмпиген жуан саусақтардың 
сырт жоны жүн-жүн қолын қызарып батып бара 
жатқан құбылаға созды. Софы ажарынан беті қатты 
бір қаталдықты байқаған шалдардың зәресі ұшып, 


935
«астафиралла!» деп жағасын ұстай алып еді.
– Атеке-ау, бізді құдайдың қарғағаны аз ба еді – деп, 
қара сұр бәйбіше зарлап қолына жабысып еді, кәрі софы 
келінін итеріп тастады да, қос қолын құбылаға қайта 
созып:
– Е. құдай! Мына ақ пен қызыл арасында, мына зауал 
шақта... – дей берген-ді.
Ертеден бері түк сезбей тұрған Тәңірберген софының 
аузынан шыққан сөзге тіксініп қалды.
– Жоғал! Жоғалыңдар! Көзіме көрінбеңдер! – деп 
айқайлап, тұла бойы түгел қалшылдап кетті. Онсыз 
да үрпиісіп тұрған кісілерге қамшы үйіріп тап берді. 
Мыналар бұрын-соңды мырзаның дәл бұндай түрін 
көрмеген-ді. Жаңа ғана едіреңдеп тұрған кәрі софының 
өзі де жұмған аузын аша алмай, ығысып артына шегіне 
берді.
Ауыл үсті азан-қазан. Аузы аққа тиіп әлденіп алған 
солдаттар шын лаңды енді бастапты. Қолға іліккен 
дүние-мүліктің 
кәдеге 
жарайтын-жарамайтынына 
қарамай, көзге түскен жылтырақты қапқа, дорбаға 
тығып, апақ-шапақ аттың артына бөктеріп жатыр. Бай 
үйлердің тұсына ұстаған қалы кілемдер мен сусар 
бөрік, түлкі ішіктің талайы қанжығада кетті. Үстіне 
әскер құлағанша бейқам отырған ауылдың бойжеткен 
қыздары мен жаңа түскен жас келіншектері қайда 
тығыларын білмей, үй мен үй арасында жанталасып 
жүр. Әсіресе, еңгезердей бір солдаттан қашқан жас қыз 
шырылдап, далаға шығынып барады.
– Бұл ауылдың еркектері қайда, ойбай! – деп, олардың 
соңынан қыз шешесі далпылдап жүгіріп баратты.
Қос қолымен басын қысып алған Тәңірберген ауыл 
ортасында шайқалақтап теңселіп тұр еді, бір жас жігіт 
жүгіріп кеп:


936
– Ағажан-ай, масқара бол-дық қой – деп, жылап 
жіберді.
– А-а?..
– Масқара болдық.
– Мас-қа-ра?!
– Иә. Иә, масқара... Софы ағаңның ақ тоқалы...
– Ақ… то-қал?..
– Иә, ақ тоқал... соны бір солдат...
Тәңірберген ар жағын тыңдамады. Сонан ары не 
болғанын оның өзі де білген жоқ-ты. Ертеңіне түс ауа 
оянса, бүтіл денесі соққыға жыққандай. Сүйек-сүйегі 
сынып, қол-аяғы қозғалтпады. Ала-бөле қос шекесі 
солқылдап әкетіп барады. Кеіпегі оқиғаны қанша ойласа 
да, есіне бірі түсіп, бірі түспеді. Есіне түскені – жас жігіт 
сілтеген үйге қарай жүгіргенін біледі. Софының сегіз 
қанат үйі... Үй алдында тұрған әлде біреу бұның жолын 
бөгеді. Бұл оны итеріп жіберді де, ішке баса-көктеп 
кіріп барды. Киіз үйдің түндігін жауып, іргесін түсіріп 
қойыпты. Батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесі үй 
ішінің көлеңкесін қоюлай түсіпті. Бұл табалдырықтан 
аттай бере төрге көз тікті. Ә дегенде түк көрмеді. Тек 
жиһазды үйдің қаракөлеңке тұтасқан түпкі жағынан 
ырсылдаған әлдебір ыңғайсыз, сөлекет дыбыс естілді. 
Онан басқа ештеңе көзіне түсе қоймағасын, қай жаққа 
қадам басарын білмей іркіліп қалған-ды. Сүйткенше, 
үстіне кірген адамды байқап қалған әйел: «Мына шіркін 
қайтеді, әй... Тұр!.. Тұр, былай» – деп, әлдебіреуді 
төмпештей бастады.
Тәңірберген ілгері басты. Көрпе-төсек жайған төрде, 
әдетте софы намаз оқитын дағдылы жерде бітімсіз 
бірдеңе бүлкілдеді. Сонда ғана құрқол екені есіне түсіп, 
жалт бұрылып үй ішінен бірдеңе іздеді. Қолына бірдеңе 
ілікті. Апас-қапаста оның не екенін қарап жатпады. 


937
Не де болса, әйтеуір, зіп-зілдей бірдеңені қос қолдап 
ұстады да, әлгі ырсылдаған сөлекет дыбыс шыққан 
жаққа ұмтылды. «Мына шіркін қайтеді, әй?» – деп, 
басқа-көзге төпегенін елемей, астына бүгерлеп басып 
алған әйелдің үстіндегі үйелмендей кісінің беті-өңін де 
байқаған жоқ. Ол түгіл бүгерлеп астына басып алған 
әйелдің басқа-көзге төмпештегенін де елең қылған 
жоқ-ты. Тырдай жалаңаштанып алыпты. Күнге күйген 
бүтіл дененің тек күн тимеген бөксесі ғана аппақ екен. 
Мынау Тәңірбергенге жирен сары секілденіп кетті. 
Тісін шықыр-шықыр қайрап, әуелі оның ұйыққан иттей 
изеңдеген бөксесіне, сосын басына құлаштап қойып-
қойып қалды. Әйел шар етті. Сау еткен жып-жылы 
қаннан жиіркеніп, бетін бұрып қашырта берді де, қапқа 
тыққан өлі еттей былқ-былқ бола қалған жансыз денені 
үстінен аударып тастады. Тәңірбергенге тура қарауға 
жүзі шыдамай, етегі түріліп кеткен көйлегін жалма-жан 
төмен түсіріп жатып:
– Амансың ба, қайным, – деп еді.
– Жо-ғал! – деді бұл.
Сонан әрі не болғанын білмеді. Үйге қалай келгені де 
есінде жоқ. Шамасы, сірә, бәйбіше сүйеп әкеліп төсекке 
жатқызған. Кең үйдің оң жағында ақ болыскей кереуетте 
жатыр. Баяғы сәнін бұзбай, үй ішін айналдыра кілем 
ұстап, жерге оюлы сырмақ, текемет төсепті. Түндігі 
түсірулі үй қоңыр салқын. Шілде айының сырттағы 
ыстығы сезілмейді. Көлеңке бет түрулі. Сол жақ іргеден 
самал соғып, кереге түбінде қылтиған әлде бір әлжуаз 
көк жел астында дір-дір етеді. Алғашқыда байқамаған-
ды: біраздан соң сыртта, киізін түрген іргеде кісі-қара 
отырғанын аңғарды. Даусын көтермей, ақырын күңгір-
күңгір сөйлеседі. Насыбай атқан біреу басқалардан гөрі 
жиірек сөйлеп, шырт-шырт түкіріп отыр.


938
– Көріңде өкіргір Кәлен-ай! – деді ол бір кезде. 
Бұның аузынан шыққан өкініш өзгелердің де жанына 
аяздай батып отырған сияқты. Біреулер күрсінді.
– Сол сойқанның сөзіне қалай сеніп қалдық?
– Білмеймін... Жазған басым, қара басып...
– Иә, не қыласың... Қарала-Көпте қозғалмай отыра 
бергенде ғой...
– Жә, енді болар іс болды. Жүріңдер, мырза оянған 
шығар.
Үй іргесінде отырған кісілер шалғайын қағып 
түрегеле бастады. Сықырлауық есікті ақырын ашып, 
үстіне үнсіз кіріп келе жатқан мына ет-жақын ағайын-
тумаларына Тәңірберген рай бермей, жүдеу өңі суық 
тартып ала қойды да, іргеге қарай аударылып түсті.
Алдаберген софы мен қара сұр бәйбіше өздерінің 
соңын ала кірген кісілердің алдына шығып, жас мырза 
жатқан биік төсекке жақындады.
– Мырза, ағаң келіп тұр, – деді бәйбіше.
Алдаберген софы тамағын кенеді. Кешегідей емес, 
бүгін беті қайтып жуасып қапты. Көкшулан сақал басқан 
шара табақтай беттің терісі босап, бір түн ішінде сұрқы 
қашып, екі ұрты солып кетіпті.
– Тәңірбергенжан, тұр, басыңды көтер. Сандаттар 
аттанғалы жатыр. Шамаң келсе, сұранып қал. Сенің 
орныңа жолды білетін жігіт тауып берейік, – деді софы.
– Тілмаш арқылы жанаралға тілдестік, – деді 
бәйбіше.
– Генерал қарсы емес. Өзі білсін деп отыр, – деді 
софы.
Тәңірберген сыртын беріп, теріс қарап жатқан қалпы 
тырп етпеді. Алдаберген софы етженді ауыр денесін әзер 
көтеріп тұр. Таспиқ ұстаған қолы салбырап, еңсесі түсіп 
кеткен. Аяғынан сарсылып әрі-бері тұрды. Інісінің бұл 


939
жолы да бұлармен тілдеспейтін сыңайын байқағасын, 
енді көбіне-көп қасындағылардан қысыла бастады. 
Қасындағылар оның қорланып өле жаздап тұрғанын 
көрмегенсіп, көзін жерден көтермей тұрған-ды. Дәл осы 
кезде сыртта үлкен әбігер басталды. Дабырлап сөйлеген 
бір топ аттылы осылай қарай беттеп келеді. Кеше-
ден бері қит етсе мылтық ататын түсі суық кісілерден 
запы боп қалған иттер үре алмай, үйге бөксесін тығып 
қыңсылай бастады. Тәңірбергеннің жүйрік сары тазы-
сы зып етіп ішке кірді. Бірақ қайда тығыларын білмей, 
дызығып қыңсылап жүр еді. Бір солдат қару-жарағы 
сартылдап кіріп келгенде, сары тазы зып беріп кереует 
астына кіріп кетті.
– Мырза, жүргелі жатырмыз. Киін – деді де, солдат 
ізінше шығып кетті.
Тәңірберген түрегелді. Ертеден бері түс жоқ, өң жоқ 
үрпиісіп тұрған кісілердің ешқайсысына көз салма-
ды. Бәйбіше әзірлеп қойған таза киімдерді киді. Беті-
қолын жуды. Әйелі күні бұрын әзірлеп қойған неше 
түрлі тағамның біріне қол созбай, тек сырлы зереңде 
көбігі бұрқыраған шұбатты баяғы төрт құбыласы 
түгел, болып-толып тұрған бақты, базарлы кездегідей 
дәмін алып, асықпай ақырын ішті. Сонан соң кереге 
басындағы қамшысын алып, ертеден бері өзінен жау-
ап күтіп аяғынан сарсылып тұрған ағайын, тумалардың 
ешқайсысына назарын салмастан есікке беттеп бара жа-
тыр еді, қара сұр бәйбіше шыдамай, шалғайына жарма-
сып:
– Мырза-ау... – деді де, жасқа булығып тоқтап қалды. 
Тәңірберген оған да қайырылмады. Есік алдында 
көлденеңдеп ұстап тұрған қара жал құла айғырға мінді. 
Бұл кезде қара нөпір қалың қолдың алды көз асып ұзап 
кеткен екен, мырза атын тебінді. Жанұшырған бәйбіше 


940
жүгіріп кеп қапталдаса бере таралғыдан ұстады. Дау-
ыс caп ойбай салуға Тәңірбергеннен қаймықса да, бірақ 
долылық буған ызалы қатын еңіреп жылап:
– Мыр-за... мыр-за-ау!!! – деді.
Тәңірберген құла айғырды тебініп шаба жөнелгенде 
ертеден бері қапталдасып келе жатқан бәйбішенің қолы 
таралғыдан шығып кетті. Ала жөнелген аттың ағынымен 
ілесіп, аяғы аннан-саннан бір тиіп барды да, етпеттей 
ұшып түсті.
Тәңірберген артына қайырылған да жоқ. Қара дауыл 
соғып астан-кестенін шығарып кеткендей ауыл азаң-
қазан, у-шу. Астарындағы арық-тұрақ мәстекті тастап, 
бай ауылдың құрық көрмеген күйлі аттарына мінген 
солдаттар былай шыққасын сұр даланы шаңдатып 
жіті жүріп кетті. Алды қара асып ұзап кеткен. Құбыла 
беттегі қоңыр жалға шауып шыққан Тәңірберген осы 
арада ат басын тежеп, кейінгі жаққа көз тастап еді; 
аруақты бай ауылдың ұйпа-тұйпасы шығыпты. Ұлыған 
ит, күңіренген дауыс арасынан жас жуған бетін алып-
салған қатындардың ойбайы әлі басылмаған. Ауыл 
маңы тіпті ажарсыз. Қай жаққа көз салса да бұрынғыдай 
кең даланың беткей, бөктеріне сыймай шұбартып жа-
татын жылқылар көрінбеді. Тек өңшең отын ала алмай 
басын жерге салып тұрған арық-тұрақ аттар. Бәрінің де 
құйрығын шолтитып түбінен тақап кескен. Тәңірберген 
тақым астында жүргісі кеп шиыршық атып тұрған 
айғырды тебініп, шаба жөнелді.
* * *
Түске тарта күн қатты ысыды. Шөбі күйген сұр да-
лада қарақұрттай қаптап келе жатқан кісілердің жанын-
да қапталдасып еріп келе жатқан қоңыр көлеңке тас 


941
төбеге кеп шақырайып тұрып алған күннен бұғып, ат 
бауырына кіріп кеткен.
Сары шілденің шөп басында ызылдайтын да тұратын 
аптап ыстық желі бұрынғыдан да гөрі күшіне мініп алған. 
Жынды жел бір кез құтырынып, ат тұяғынан ұшқан сұр 
шаңды ұйтқытып аспан астын шаңдатып тұрады да, іле-
шала жүргіншінің қарсы алдынан шығып, өрттей ыстық 
жалын бетті шарпып өтеді. Онсыз да ер үстінде шаққа 
отырған Тәңірберген жалын шарпығанда тап бір ыстық 
темір қарығандай жалт беріп, бір қырындап бұрылып 
отырады.
Қыбыр-қыбыр қозғалған қарақұрым қолдан басқа 
көз жетер жерде көңіл бөлер тірі жәндік жоқ. Жортқан 
аң, ұшқан құс – бәрі-бәрі ми айналған ыстықтан жан 
сақтайтын пана таппай тығылып қалғандай. Ақшиліден 
шыққалы Тәңірберген бір жалғыз торғайды көрді. О да 
қаталап шөлдепті. Боз көде түбінде бұғып жатыр екен. 
Кішкентай аузын желге ашып, өкпесін ырс-ырс соғады. 
Үстіне келіп қалған аттылыны көрсе де, ұшқысы 
келмей, тарының түйіріндей көзі жаутаңдап, бауырымен 
жылжып боз көдеге тығыла түсті.
Ақ шыт орамалмен аузын байлап алған Тәңірберген 
тағы біраз жүргесін ілбіп басқан әскердің алдыңғы 
легінде кетіп бара жатқан кісілердің арасынан генерал 
Черновты көре алмады. Сосын ер үстінен ұмтылып,
олардан да ілгеріде, ту-ту сонау көк мұнар арасында 
көкжиекке дейін көсілген бұлыңдаған тауларға қарады. 
Кең жазықта дара-дара оқшауланған таулар. Жас мырза 
мыналарды жазбай танып келеді. Анау – Сырғақты. 
Анау – Ұяоба. Мынау – Андрей шоқы. Ой, бәрекелде, 
әй… сонау әрегіректе, көк мұнар арасында бұлдыраған 
–Боташ! Мынау– Бел-Аран, Бесшоқы. Қалың мұнар 
арасынан қылаң берген әне бір кішірегі – Жетімқара. 


942
Ежелден бергі атамекен. Кіндік қан тамған жер. Адыра 
қалғыр, туған жер ғой бұның бәрі! Ізсіз өтіп жатқан 
қайран тірліктің нелер заманнан бергі тілсіз айғағы.
Бесшоқы, Боташ, Бел-Аран,
Тұрғанын қараш мұнартып,
Арзығұл, Керей бір табан,
Жатқанын қараш шұбартып.
Ащы өксік алқымына тіреліп, демі жетпей бара 
жатқасын, мырза Тәңірберген тізгін ұстаған қолымен 
аттың шоқтығын тіреп, көк бас ердің қасына кеудесімен 
жығылып етпеттеп жатып алды. Іші-бауыры өртеніп 
барады. Өзін қанша ұстайын десе де, осыдан артыққа 
дәрмені жетпеді. Көзіне құйылып кеткен ыстық жас пен 
іштен ұрған әлгі ащы өксік ықтияр-еркіне қаратпай, 
иегі кемсеңдеп барады. Бәрі құрыды. Бәрі-бәрі қирады. 
Күл-талқаны шықты-ау! Іргесін алдырмай келген 
ауыл-аймақ, ағайын-тума анау. Өзінің де саудасы бітті. 
Көп ұзамай інісінің де басына қара күн туатынына 
күмәнданбады. Түк қызығы қалмаған дүниеде кісі 
қимайтын не қалды? Өмір бойы өліп-тіріліп жиған 
дүние-мүлік дәл қазір ойына кіріп те шыққан жоқ. Осы 
қазір ол тек азды-көп тірлік кешкен адыра қалғыр мына 
туған жердің құлазыған даласы мен қаңқиған тауларын 
көрген сайын құсалы жүрек қарс айрылып, ат үстінде 
шайқалақтап құлай жаздап келеді. Осы дүниені соңыра 
өзімен ала кететіндей, соншама ындыны неге ашылды? 
«Жол да кісіні қажытты. Сонан болар» деп ойлады. 
Солай болса солай да шығар. Әйтеуір, Акшиліден 
шыққаннан бері екі күнгі жүріс аттарға да, адамдарға да 
қатты батты. Әсіресе, тоғын баспай мінген бай ауылдың 
аттары шілде айының шыжғырған ыстығында қызыл 
майы шықты. Жаз бойы жан адам мінбеген ісік өкпе 
семіз аттар тез барлығып, аяғын баса алмай ырсылдап 


943
қалды. Далиған көл-көсір далада әр жер, әр жердей бой 
көтеріп, көк мұнарда қалқыған мыжырайған жапырық 
таулар әлгінде жақын көрінген сияқтанып тұрса да, 
жүре бастағанда жуық арада жеткізбеді. Тек күн кештете 
қалың қолдың алды әрең дегенде Бел-Аранның кезіне 
ілікті.
Генерал Чернов оқ бойы алда. Тәңірберген оның 
соңына ерген азғана топтың ішінде келеді. Жол бойы 
бұ да жұмған аузын ашпады. Керек десе, ауылдан шыға 
бергенде артынан қуып жеткен атқосшы жігіт Ақикөзге 
де тілдеспей сазарып алған.
Генерал Чернов Бел-Аранның кезіне тасырлатып 
шыға келгенде, бүтіл күншығыс бетті тұтас алып 
жатқан ұлы теңіз жалтырап қоя берді. Шөл қинап келе 
жатқан аттар суды көргенде сулығын шайнап, оқырана 
ұмтылды. Тәңірберген қарыстырып ұстаған қос тізгінді 
жібермей, ат басын Ақбауырға бұрды.
– Тама-ша! – деді Чернов. Ол әуелі Бел-Аранға, 
сосын күн астында жалтыраған көк теңізге, сонан соң 
ғана иек созым жерде шұбартқан шағыл құм Ақбауырға 
қарап:
– Мырза – деп, Тәңірбергенге бұрылды, – бұл арада 
тұщы су бар ма?
– Бар.
– Ендеше, бүгін осы араға тоқтаймыз. Бір күн дем 
аламыз. Ел бар ма?
Бұларға балықшылар аулын айтқысы келмеген 
Тәңірберген есітпеген сыңай танытып үндемеп еді. 
Әшиінде бұндайда басқаның көңіл күйімен қатты 
есептесетін сыпайы генерал әлденеге осы арада 
Тәңірбергенге қадала қарап, әлгі сұрағын қайталап: 
«Ауыл бар ма?» дегесін, бұ да мойын бұра алмады. «Ауыл 
бар» – деді де, атын тебініп ілгері жүріп кетті. Мына 


944
жақта оның оңашаланғанын күтіп тұрған подполковник 
Федоров та атын тебініп бұған қатарласа берді.
– Мырза, мынау бір таныс жер секілді ғой?
– Мүмкін...
– Бұл қай жер?
– Ылдидағы ана құм – Ақбауыр.
– Ак-к...
– Мына қара жота – Бел-Аран.
– Бил... Түһ, сайтан алғыр. Тілің де келмейді. Бірақ 
таныс жер сияқты.
– Танисың. Баяғыда осы арада сенің әкеңнің 
промсолы болған.
Сүйдеді де, Тәңірберген «қайтер екен» дегендей 
Федоровтан көзін айырмай бағып қалды. Федоров 
үндемеді. Астында ұзын көк ат. Кешелі-бүгін тарлан 
тақымынан босап, қосарда бос келе жатқан.
Бұл өзі Сексеуіл стансасының бет алдындағы 
Тебіренбес тауының кәукиген қара тұмсығы астында 
жалғыз үй отырған кедейлеу жігіттің бәйгеге қосып 
жүрген аты еді. Бірер күн бұрын Тебіренбес тауының 
сыртындағы жазықтықтан киік қуып қан сорпасы 
шыққан атты отқа жібермей, белдеуге байлап қойған-
ды. Елең-алаңда ауыл үстіне сау етіп әскер құлағанда 
бұлар шырт ұйқыда болатын. Ат тұяғының дүбірінен 
оянған жігіт көйлек-дамбалшаң сыртқа жүгіріп шықса, 
ақ офицер тарланды белдеуден шешіп жатыр екен.
Осы ат Федоровке салған жерден ұнаған-ды. Қуса 
жетіп, қашса құтқаратын жүйрік атты ол екіталай күнге 
сақтап, Ақшиліден шыққалы қосарға алып келе жатқан-
ды.
Жаңағыдан кейін Тәңірберген онан біразға дейін 
көз қиығын алмады. Бірақ өзін ұстай білетін неме сыр 
алдырмай, үнсіз сазарып алған. Қайдағы бір киргиз-


945
қайсақтың қолынан қаза тапқан әкесі сорлыны аяды ма, 
жоқ па, белгісіз, тек оның көзі тіріде жазған хаттары 
есіне түскен еді. Бұған қалдырған мұраның сиқы – 
теңіз жағасындағы екі-үш үй мен түйе қорадай кең 
лабаз. Болып болғаны сол-ақ. Ал бұған жазған хаттың 
бәрінде де: «Құдайға шүкір, – дейтін әкесі, – жағдайым 
жақсы. Промсолым жылдан жылға қанатын жайып, 
өзім де байып жатырмын. Азиаттар алдымда құрдай 
жорғалайды».
Әке байлығының сиқын торгке салғанда көрді. Ал 
көзі тіріде азиаттар алдында құрдай жорғалады ма, жоқ 
па, оны құдай біледі. Ал қаза тапқасын күл шыққандай, 
ай далада құс саңғып тастаған төбеге бір өзін жалғыз 
жерлегендері ақиқат. Қабір басына шанышқан ағаш 
крес те балықшы ауылдың қотыр түйелері сүйкеніп, бір 
жамбасына кисайып тұрды да, ақырында есебін тауып о 
да құлады. Сонан бері жалаңаш төбе басындағы жалғыз 
қабірдің топырағын жел үрлеп-үрлеп, құдай біледі, 
қазір жермен-жексен боп типылдап қалған болар-ау.
Осыған дейін қамшы салғызбай келген ат кенет 
осқырып, ығысып артына шегініп қалғанда Федоров 
қолынан түсіп бара жатқан тізгінді әп-сәтте уысына 
жиып ала қойды. Еңсесін тіктеп, ат үріккен жаққа 
қарап еді, әлде бір қыстауға кепті. Қарсы алдында есік, 
терезесін суырып әкеткен иесіз қыстау үңірейіп тұр 
екен.
– Туһ, сайтан алғыр – деп, неге ыза болғанын өзі 
де білмеген Федоров қасындағылардың арасынан 
әлдекімді іздеді.
Анадай жерде бір топ солдат Тәңірбергенді 
қаумалап ортаға алыпты. Ызалы жандар оны тірілей 
түтіп жейтіндей қамшыларын үйіріп жатыр екен. Бірақ 
мырзаның міз бағатын түрі жоқ. Қара зегірен бешпеттің 


946
сыртынан киген боз шекпеннің өңірін айқара ашып 
тастап қаннен-қаперсіз жайбарақат тұр екен. Федоров 
іздеген кісісін көргенге қуанып кетті. Жолында 
тұрғандарды қамшымен жасқап кимелеп келді де 
Тәңірбергенге ат тұмсығын тірей тоқтады.
– Құдық қайда?
Бір жанға көз салмай, сыртын беріп тұрған мырза 
бұған да бұрылмады. Қаны қайнап қалш-қалш еткен 
Федоровтың қолы қылышқа жармасты. Бірақ ол 
қынаптан суырам дегенше мына жақтан атын кимелетіп 
Акикөз жігіт жетті.
– Тақсыр... тақ-сыр...
Жұрт назары бұған ауды. Федоров жарқ еткізіп 
суырып алған қылыштың ұшын қынапта ұстап тұр.
– Тақсыр!.. Тақсыр, мырза алдап тұрған жоқ. Бұл 
біздің ауылдың қыстауы. Он шақты құдық болатын. 
Қыруар малды суарғанда суы ортаймайтын...
– Врешь, гад. Бұл бізді Аралдан шыққалы алдап 
келеді.
– Жоқ, жоқ, тақсыр. Алла атымен ант етем. Он шақты 
құдық болатын...
– Ах, ты, косоглазый холуй! Ол құдықтар қайда?
– Балықшылар көміп тастаған.
– Балықшылар?
– Иә, тақсыр, балықшылар. Ақтар... Ақтар келе 
жатыр дегесін әдейі істеп отыр.
– Балық-шы-лар? – деді Федоров.
– Иә, тақсыр, балықшылар. Ана жылы... Ана жылы 
әкеңді өлтірген кісілер. Өздері осы арадан онша қашық 
емес.
Федоров атын тебініп қалды. Солдаттар да аттарын 
дереу қозғап, Федоровтың соңынан шаба жөнелді. Қара 
жерге тиген көп тұяқ жым-жырт даланы дүбірлетіп, 


947
көзді ашып-жұмғанша балықшылар ауылының желке 
жағындағы қоңыр төбеге шауып шықты. Қара жардың 
ұшар басында жыпырлаған жерқазбалар қаңырап бос 
қапты. Тірі бір жан көзге түспеді. Тек сонау көк теңіздің 
өрінде желкен көтерген көп қайық бетін алысқа бұрып, 
көз ұшында кетіп барады екен.
– Өртеңдер! – деді Федоров.
Үй болған үйдің жанында үюлі жатқан отын лаулап 
ала жөнелді. Есік, терезелер пышыр-пышыр жанып, 
үйлердің төбесі әп-сәтте опыр-топыр ортасына құлап 
жатқан үстіне генерал Чернов та келіп жетті.
– Подполковник мырза, бұныңды мақұлдамаймын.
Федоров көз ұшында көк теңізді өрлей жүзіп бара 
жатқан желкенді қайықтардан назарын аудармай тұра 
берді.
* * *
Сол күні түннің бір уағына дейін полк-полк, 
батальон-батальон, эскадрон-эскадрон боп кейінгі 
жақтан құйылып келіп жатқан әскерде қисап болған 
жоқ-ты. Қаталап шөлдеген аттар терін басқанша 
шыдамай, келе сала теңізге бас қойып жатты. Солдаттар 
шешінбей, үстіндегі шаң-шаң киіммен теңізге гүмп 
беріп қойып кетті.
Ертеңіне бұлар кеш оянды. Тәңірберген шешінбей, 
астына жайған ақ тоқымға қисая кеткен-ді. Теңіз беттен 
соққан қоңыр самал астында қыбыр етпей қатып қалған 
екен. Жағалаудың түнгі дымқылы бұлар тұрам дегенше 
кеуіп те үлгерді. Жел көтерілген. Ұлы теңіз өкіріп, 
үйдей-үйдей толқындар ереуілдеп бой көрсете бастаған.
Чернов әлдеқашан оянған-ды. Бұлар тұрам дегенше 
ол ақ арғымақ үстінде айнала төңірекке барлай қарап 


948
тұр екен. Тәңірберген де жел ығында жалпылдаған 
шалғайын жиып, өңірін қаусырынып алды да, тұсап 
жіберген атына аяңдады. Қара жал айғыр ұзамапты.
Қарақұрым әскердің алды ақырын қозғалып, қырға 
бет алып шыға бергенде, теңіз жағасының есірік желі 
құтырынып кетті. Шаң көтерілді. Толқын басы ағарды. 
Жағалаудың селдір сұйық қамысы жел астында суылдап 
шайқала бастады. Тәңірберген күн жауар деп ойлап еді; 
алғашқыда болар-болмас сіркіреп өткен сірке жауын 
бір сәтте бу боп ұшып та үлгірді. Сонан кейін-ақ шілде 
айының ыстық ауасы адам бойын ауырлатып, кір жайған 
үйдің иісіндей қапырықтана бастады...
Ащы су ішкен аттар ырсылдап, аяғын әрең алып 
келеді. Тәңірберген ауылдан ере шыққан атқосшы 
жігіттен көз жазып қалды. Бел-Араннан ұзап, 
былайырақ шыққасын қыста да, жазда да құлазып 
жататын елсіз далаға қалыңдап кіре түсті. Бір кезде 
бұлардың алдынан тіске тиер қылтанағы жоқ қызғылт 
тастақ дала басталды. Осыдан былай қараған жол сонан 
қашан Қарақалпақ жеріне жеткенше құс ұшпайтын қу 
дала. Бұл жақтың жолын Тәңірберген тіпті білмейтін. 
Тек көнекөз шалдардың айтуына қарағанда, кессе 
қан тамбай безеретін де жататын осы мына далада 
жылда-жылда қазақ ауылын шауып ырғап-жырғап 
қайтатын Жөнеуіт ханның басмашылары мен балықшы 
ауылдың Қоңырат, Шымбайға астыққа барып қайтатын 
жаужүрек жігіттері ғана білетін жалғыз-жарым құдық 
болатын көрінеді. Рас болса, ұлы теңізге мінбелеп төніп 
тұрған сол көк қатпар шыңның кейбір шатқалы мен 
ұры жымдарында тас түбін тесіп, шымырлап шығып 
жататын тіс сындырғандай мұздай бұлақ ұшырасады 
дейді. Бірақ бұлар қанша жүргенде де құлазыған мына 
меңіреу даладан тірлік ізі байқалмады. Арал теңізінің 


949
бұл беті тік жар. Алда әлі де сонay Тамақ-Қорадан әрі 
қарай басталатын Қасқа-Жол, Қара-Тамақ, Қоян-Құлақ, 
Қос-Құлақтың қиын асулары жатыр. Титығы құрыған 
әскерде бұдан артық жан созатын шама да қалған жоқ-
ты.
Генерал Чернов тірі аруақтай. Бел-Араннан бері 
шыққалы күн-түн қатқан жүрісте оның өзі де, аты да 
болдырды. Соған қарамастан әлі де дініне берік. Ертеден 
қара кешке шақырайған күн астында жұрттан оқ бойы 
озғындап, қазықтай қақшияды да отырады. Жағы 
қуарған қу сүйек бет қап-қара, түтігіп кеткен. Жыра-
сайда, төбе-төбенің астында ыңырсып қалып жатқан 
солдаттарға да бір қайырылған жоқ. Ендігі дедігі: 
қолда қалған кісілерді қарақалпақ пен қазақ жерінің 
шекарасына жеткізу. Ағылшын генералы уәдесінде 
тұрса, сол араға ар жақтан атаман Фелишев пен ақ 
офицер Сафар бұларды азық-түлікпен күтіп алуға тиіс.
Бұған бірақ Тәңірберген сенбеді. Екі жүзді адам 
түгіл, тап осы қазір ол көктегі Құдайға да сенген жоқ-
ты. Оған салсаң, біреуге біреудің жаны ашиды екен, 
рақымы түседі екен, ет-бауыры елжіреп аяйды екен 
деу ақымақшылық. Ондайлар не ақыл-есі кем, ақымақ 
немесе қолынан түк келмейтін дәрменсіз шерменделер. 
Өз басы осы қазір ештеңеге сенбейді де, дәмеленбейді 
де. Адыра қалған өмір. Алдамшы жалған. Өңшең екі 
жүзді, опасыз, көлгірлер мен имансыздар дәуірлеп, 
адамзаттың көз жасы мен қанына керелеген түкке 
тұрмайтын дүние!
Жә, басқа басқа болсын. Ал, қане, сен... Сен 
өзің ше? Кеше құдіретің жүріп тұрғанда сен өзің не 
істедің? Алысты былай қойғанда, қасыңдағы қоңсыңа 
қайттің? Ағайын ішінде әлің жеткенді сауырлап қуып 
жүріп таламадың ба? Бүгін ғой, бастан бақ тайып, 


950
бойдан қайрат, білектен күш кетіп, айбат пен айбардан 
айырылғасын жетім баладай жаутаңдап қалғаның. Бәсе... 
Бәсе де... Кеше солдаттар өзге емес, өз аулыңды талап, 
аяқтағы асыңды тартып ішіп, астыңдағы атты аударып 
мініп, қыз, келіншектеріңді зорлап жатқанда, соншама 
сорақы сұмдықтың бәрін көре, біле тұра қол қата алдың 
ба? Мыналар қолына түскенде балықшыларды да аяр ма 
еді? Кімді кім аяп еді? Арғы-бергі заманда адам адамды 
аяды ма, сірә?
– Осы араға тоқтаймыз!
Тәңірберген басын көтеріп алды. Жазғы күн талаурап 
батып бара жатты. Қолда қалған әскердің алды Қасқа-
Жол, Қара-Тамақ асуына жетіпті. Әлі құрыған кісілер 
жеткен жерге жығыла-жығыла кетті.
Тәңірберген де ат арқасынан алған көк қасқа 
ерге басын салып, шалқалап жата кетті. Көзіне ұйқы 
оралмады. Жұлдыздар жыпырлаған аспанға бей-жай 
көз тігіп жатып, осынау қызығы таусылған адыра 
қалғыр дүниеде өзінің бары-жоғын да сезбеген сұлық 
қалпы. Сүйтіп жатып ұйықтап кеткен екен, айқай-шудан 
оянды. Айсыз түн тастай қараңғы, көзге түртсе көргісіз. 
Тәңірберген оянған бойда не боп, не қойғанын білмеді. 
Апалақ-құпалақ атып тұрып жатқан кісілер де не болып, 
не қойғанын білмейтін сияқты. Түкке түсінбесе де, 
мылтыққа жармасып бет алды құла түзге тасырлатып 
оқ атып абыр-сабыр. Әлдекім әлдебіреулерге айқайлап, 
әлдеқайда жүгіріп барады. Жанталасып ұйқы-тұйқысы 
шыққандардың арасында иығындағы шекпен иінінен 
түсіп, бей-жәй тұрған жалғыз Тәңірберген. Осы қазір 
оған бәрібір. Атса да, асса да мейлі. Бәріне көнген, 
бәріне бейіл.
Әлгі абыр-сабыр аяқсыды. Сүйтсе, түн жамылған 
біреулер бұлардың қаңтарып қойған аттарын қуып 


951
әкетіпті. Ішінде генерал Черновтың ақ арғымағы, 
подполковник Федоровтың тарланы, Тәңірбергеннің 
қара жал құла айғыры да бар.
Тәңірберген көк қасқа ерге құйрығын басып отыра 
кетті. Ұйқысы қанбаған. Басы зілдей. Өзіне салса осы 
араға қисайып жата кеткісі кеп тұр. Онан басқа ештеңе 
басына кipген жоқ. Тірлікте жақсылыққа да, жамандыққа 
да тойғаны сонша, жау қуып әкеткен әлгі жылқылар 
миына кіріп те шықпады. Тек бір кермек ащы дәм аузын 
қуырып бара жатқасын өз-өзінен тыжырынып тұр. Осы 
тұрғанда Кәленге дән ырза. Абзалы жауласпа. Жауласқан 
екенсің, аянатын не бар, шамаң келсе, жауыңды жерге 
тыққанша тыншыма.
Кәленнің орнында болса бұ да осылай істер еді. 
Аралдан шыққалы бұлар шеккен бар азап, бұлар тартқан 
бар-бар тауқыметтің бәрі содан. Бұлардың жолында 
отырған ауылдарға алдын ала хабар беріп, құдықтарды 
көміп, шөл далада солдаттарды қырған сол. Түу-түу 
Қарала-Көпте отырған бұның ауылын алдап-сулап, 
ақтардың жүрер жолына көшіріп әкеліп арандатқан 
да сол. Аттарды қуып әкеткен басқа ешкім емес, бұны 
да істеген Кәлен. Иә, сол! Соның өзі! Бұл бірақ оның 
зұлымдығын асырған зымияндығына зығыры қайнап 
тұрған жоқ. зығыры қайнап қайтсін. Бұ да адамның 
адамға ежелден бері істеп келе жатқан көп қиянаттың 
бірі. Бізден бұрынғылар да сүйткен. Бізден кейінгілер 
де сүйтеді. Біз де солардың істегенін істеп, бірімізден 
біріміз жауыздықты, зұлымдықты, қайырымсыз 
қаталдықты асырып жатырмыз. Аң бол, адам бол, сол 
ана Абыл, Қабыл заманынан, Лауқыл ғаламынан бермен 
қарай күштінің әлсізге істеп келе жатқан қанға сіңген 
қашанғы қасиет. Адам баласы жүріп өткен іздің бәрінде 
жосылып қан жатыр.


952
Мырза көз қиығын генералға тастап еді. Мына 
жағдаятқа оның да иманы селт ете қоймапты, тіпті 
жайбарақат. Алдына әкеп тосқан атқа мінбеді. Қолына 
таяқ алды. Таяқтың ыңғайлы басынан ұстады да, жөн 
таппай иіріліп қалған әскерді бастап алға түсе берді. 
Тәңірберген тәлтіректеп бір-екі басты да тоқтады. 
Соңында қалып бара жатқан көк бас ерге жанары сөніп 
кеткен көзін caп тұрды да, тастақ жерді топырлап басқан 
жаяу кісілердін арасында ілбіп кете барды. Қазір оған 
аттың да, жаяудың да бәрібір еді. «Маған бәрібір», – 
деді осы ойды өзі де құптап.
Сүлдерін сүйреткен кісілер күн кештете Қасқа-
Жол, Қара-Тамақтан әрең асты. Көп адам ере алмай 
кейінде қалды. Әлі құрыған кісілер жол бойы бестен, 
оннан қалып жатыр. Тәңірберген оларға қарамауға 
тырысты. Қазір бұ да әлсіреді. Анадан туғалы жаяу 
жүріп көрмеген сорлы басы қарға адым жер мұң болып, 
кезінде бір қара беріп тіккізген адыра қалғыр етіктің 
шоңқайма биік тақасы басқызбай шойнаңдап келеді. 
Иығынан сыпырылып түсе берген соң үйленген жылы 
Ақбала боз тайлақтың жүнінен өзі иіріп, өзі тоқып, қара 
берен мақпалмен жағасын әдіптеп тіккен шекпенді де 
тастап кеткен-ді. Қазір бойында қалған жалтыз лыпа – 
қара зегрен бешпет. О да алқам-салқам. Өңір түймелері 
үзілген. Шамалы жүргесін қара етікті де шешіп, жол 
жиегіне қалдырып кетті. Күн көзінде қайнаған шоқтай 
ыстық топырақ табанын күйдіріп барады. Генерал 
Черновтан көз үзіп қалды. «О, Құдай-й!..» – деді мырза. 
Ар жағынан дыбыс шықпай, құр қырылдады. Аяғын 
ілгері басқысы келсе де денесін билей алмай, теңселіп 
тұрды да, жоғары қарады. Қара құстар бұрынғыдан да 
көбейіп кетіпті. Тәңірберген тұла бойынан қару іздеп 
таба алмады. Жә, құзғын аз ба. Қайсыбірін құртасың. 


953
Бұларды торуылдап ұшып жүрген құзғындардың ар 
жағында, сонау заһарда шалқалап жатып алған мөп-
мөлдір көк аспанға да, сол аспанда кеше қара дауыл 
түтіп дода-додасы шыққан бұлттың сілімтігіне де бұл 
дендеп ықылас қоймай, сүлесоқ, енжар көз сап тұрған-
ды. Кенет шошып оянғандай болды. Аспан әлгіден 
де гөрі қашықтап, сырын ішіне бүккен жүмбақ дүние 
сияқтанып еді. Иә, аспан... Мына аспаннан өзі бұрын-соң 
байқамаған мүлде оқшау, тосын құбылыс аңғарғандай. 
«О, Жасаған!» деді ішінен. «О, Жасаған! Іші тар, 
қызғаншақ кісілерге не жорық. Бір-бірімен олар қайтіп 
қырқыспасын. Сен мына... Мына аспанға қараш! Аспан 
екеш аспанда да тыным жоқ екен ғой. Бұлт пен жел қысқа 
күнде қырық жағаласып, ұйқы-тұйқы майдандасады 
да жатады. Күн сонда туады. Ай сонда батып, түн мен 
күн бірін-бірі кезек жеңеді. Ай мен күн батқан сайын 
қай пенде мезгілсіз сөнген үмітін көргендей көңіл 
мұңданады. Сен тек жер бетіндегі тірліктің бұнымен 
таусылмасын, түннің артында күн барын, қуаныш пен 
реніш аралас жүретін және бір жарық күн жер бетіне 
қайта кеп, ертең тағы да мігерсіз өмір басталатынына 
сенесің. A-а?! Сенесің бе? Мен сенем бе? Ана генерал 
сене ме? Мына сорлы солдаттар сене ме?»
Тәңірберген тәлтіректеп кетті. Миы айналып, көзі 
қарауытып, тап жаңа ғана көріп тұрған көз алдындағы 
дүние қапелімде көмескіленіп бұлдырап барады. 
Тілерсектен басталған діріл бүкіл тұла бойына тарап, 
әлі құрып тұрды да, ілгері бір басты. Теңселіп тұр. Көре 
қал, бұларды торуылдап ұшып жүрген құзғындардың 
жолы болады! «Иә, жолы болады» – деді Тәңірберген. 
Сосын аяғын аннан-саннан бір басып, есік пен төрдей 
жерге барды да тұра қалды. Тағы да көзі қарауытты. 
Басы айналды. Енді қайда қадам басарын білмей 


954
тұр еді. Жаңа ғана көзін тіреген қараңғы түнек кенет 
жалқылдап қызарып баратты. Бұл не-е? Өрт… Өрт пе? 
Дүниені өрт алды ма? «Сүйтті» дегендей, өрт лебіндей 
ыстық жалын бетін шарпыды. Бұл бетін алып қашып еді, 
жалт бұрылған жақтан – әлгі қызыл жалын арасынан 
болымсыз бір тұлға қараңдады. Бұл соған көзін тігіп 
еді, жаңағы қараңдаған бірте-бірте бермен жақындап, 
адам бейнесіне енді. Кім де болса өртке қарсы жүгірген 
есалаң біреу. «Ой, бишара…» деді. Әй… әй… мынау 
таныс біреу ғой? Иә, таныс... Иә, таныды. Дәл өзі! 
Тәңірберген інісінің ақылға сыймайтын оғаш қылығына 
түсінбей, таңданып тұрды да, кенет қарқылдап күлді. 
Ха-ха! «О, сорлы... Есалаң... Есі дұрыс кісі үстіне келген 
өртті қарсы жүгіріп өшіре ме?» Ха-ха-ха!
Жас мырза есін жиды. Сәптіреген есірік сана қайта 
оралып, осынау тас төбедегі ұшы-қиырсыз көк аспан 
мен жарқыраған күннің бәз баяғыша мөлдіреп тұрғанын 
көрді. Тек әлсіз буын бұрынғыдан да қаттырақ қалтырап, 
денесін билей алмай толықсып, теңселіп кетіп тұрған-
ды. Әлгі тас төбедегі көл-көсір аспан мен аяқ астында ақ 
шаңдағы шығып жатқан жер бұның өзімен бірге теңселіп 
шайқала ма? Шайқалған аспан бірде ана шалғайы, бірде 
мына шалғайы жерге соғып, қайқаң етіп қайта көтеріліп 
кете ме, қалай? Ертеден бері тас төбеде торылдап жүрген 
репетсіз ірі құстар әлгіден де гөрі көбейіп, қанатын үсті-
үстіне далп-далп қағады. Құстардың арғы жағында көк 
аспан мөлдірейді. Қаталап өліп бара жатқан кісілерге бір 
жұтым су татырмай безеріп алған безбүйрек қара жерге 
қарағанда, тас төбеңде мөлдіреген мына… мына аспан... 
әділ! Әділ! A-а?.. Әд-іл-л ме? Маған… генералға… Ана 
солдарттарға әділ ме?
Жас мырза аспанға қайта қарап еді. Шаңқай аспан 
шалқалап жатып апты. Құбыла бет батар күннің ең 


955
ақырғы,ең соңғы қанкүрең кызыл сәулесімен алаулап 
тұр.
О, Жасаған... Жаппар Ие!.. Кессе қан тамбай безеретін 
де жататын адыра қалғыр қара жерге қарағанда, иә… 
иә… аспан әділ!.. Әділ!» – деп, ол осынау опасыз сұм 
жалғаннан кеш байқаған бір сырын жаһанға айқайлап 
жар салғысы кеп еді. Оған бірақ шамасы келмеді. Бұл 
кезде ол бар дауыстан жұрдай боп айырылған еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет