Бағдарламасы бойынша жарық көрді. Ә. НҰрпеИс. ҚаН меН тер



Pdf көрінісі
бет11/16
Дата21.12.2023
өлшемі3,97 Mb.
#142382
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
0d581f528880c6ae74bf3685d2ef0add

екіНШі БӨЛім
Тәңірберген оянса, таң жаңа-жаңа ciбipлеп атып 
келеді екен. Елең-алаң шақтағы бозғыл сәуле енді-енді 
үйге де ене бастапты. Үй іші әжептәуір бозамықтанып, 
адалбақанға ілген киімдер мен есіктен төрге дейін 
жайып тастаған түкті кілем, текемет, алаша бедерін 
бермен бере бастапты. Үйдің бір басына жиған жиһаз-
жасаулардың төменгі жағында көк бас ер жатты. Мырза 
үй ішіндегі үйреншікті дүниелерге самарқау қарап 
жатты да, көзі ерге түскенде ғана: «Мен атқа мінбегелі 
қай заман» деп ойлады. Шынында да, қыс түскелі үйден 
аттап шықпай, сарыжамбас боп жатып алған еді.


703
Не қылса да биыл өзіне бірдеңе көрінді. Қыс бойы 
өзін ой қажап, ішінен азып жүр. Соған жөнді себеп те 
жоқ; себеп жоғын өзі де біледі; біле тұра былтыр күзде 
Еламан жағадағы елге кеп, жігіт жинап әкеткеннен 
бері мазасы қашты. Баяғыда бай ауылдың жылқысын 
бағып, қоңын күн тесіп жүргенде, керек десе, тиесілі 
еңбеқақысын дәті жетіп сұрап ала алмайтын есіктегі 
жігіттің енді бүгін балықшылар аулында шіреніп жатып 
алып, сәлемші арқылы ат сұратып жіберген зәбірі 
жанына батты. Бұл дүниеде баянды ештеңе жоғын 
білетін. Әрілесе байлық пен бақыттың да түбі белгілі 
еді ғой. Аумалы-төкпелі заман ғой, көп болса, бүгінгі 
күні жалаң аяқтардың жолы болып, тасы өрге домалап 
тұрған шығар. Бірақ ол немелердің желі оңынан соғып, 
дәуірлеп тұр екен деп, бұл неге өзінің кешегі құлақкесті 
құлының алдында құлдық ұрады? Сонша неге елбектеді? 
Әлдебіреу арқылы айтқан сәлеміне қолқ етіп оп-оңай 
түсе қалғанына жол болсын? Жылқы керек болса, 
өтінішін сәлемші арқылы жолдамай, өз аяғынан келіп 
неге сұрамайды? Осыны ойлаған сайын жас мырзаның 
зығыры қайнап, өлердей қорланған еді. Бәрінен бұрын, 
ендігі жерде олар ойына не келсе соны істемек. Бүгін 
ықтияр-еркіңмен сұрап алса, ертең қораңа баса-көктеп 
кіріп, жиған-терген малыңды бұйдасынан тізіп әкетеді. 
Сонда не істейсің? Қай төреге барып шағынасың? Қай 
биге жүгінесің?
Ел ішінің тірлігінен түңілген мырза, үйге сыймады 
да, беті қатты заманның сыңайын біліп қайтқысы кеп 
Шалқарға барып еді; кейін сонысына өкінді. Жабырқау 
жаны бұрынғыдан бетер пәс болып, елге жүдеп қайтты. 
Бұрын Шалқарға қашан барса, қанша барса да, осы 
шаһардағы көк жал үйлердің төрінде төбесімен көк 
тірегендей боп отыратын ояз начальнигінен бастап 


704
алтын иық шенеуніктер мен төрелердің төрін кешіп 
шығатын. Бәрінің есігі бұған ашық болатын Бұның 
алдынан соттың да, ояздың да есігі айқара ашылатыны 
қайда? Бұл жолы, апыр-ай, бір есікке бас сұға алмады-
ау. Бұрын сары ала иық төрелер отыратын орында 
бұл білмейтін, бұған беймағлұм, жат-жабдан біреулер 
үсті-басын былғарылап, айқыш-ұйқыш қару асынып, 
мұздай боп құрсанып апты. Олардың үстіне батып кіре 
алмағасын мына сұм заманның жайын бір білсе Темірке 
білер деп, татар байына барып еді. Ол байғұста да ес-түс 
қалмаған. Бұрын да жағына пышақ жанығандай шүңірек 
көз, шүлдірлек татар байының екі ұрты сұғылып ішіне 
кіріп, кеткен-ді. Құлағы қалқиып, кішкентай тышқан 
көз ін түбіне кіріп кетіпті. Бұны көргеннен-ақ қос қолын 
сілкілеп, зарлап қоя берді: «И-и, Алла! Алла-қайым, 
минән иштәңе сұрама! Сұрама. заман бұзылды, вит. 
Бұзылды, бұзылды!»
Иә, сол жолы бұл дүниеден баз кешкендей түңіліп 
қайтып еді; ешкімді көргісі келмеді; ештеңеге зауқы 
да шаппай, салсүйек бұйығы енжарлық пайда болда 
да, үйден шықпай жатып алды. Өзге түгіл өзінің от 
басындағы жандардың да жүзін көргісі келмеді. Ең 
арысы, ауыл адамы – ағайын, тума үстіне келе қалса да, 
жылы бойына суық жел соққандай жиырыла қалатынды 
шығарды. Ал бұл ауылдың қысы-жазы үзілмейтін 
дағдылы қонақтарын бұрынғыдай дарқансытып 
жібермей, келімсек көптің ішінен бірлі-жарым 
абыройлы, ажарлыларын ғана қабылдады. Қалған 
қыдырманы софы ағасына жіберіп, осы биыл ол қарасұр 
бәйбіше үйінде оңашаланып жатып алды. Әйтеуір, 
сырт көзге сыр бермегенсіп бақты. Бірақ неғұрлым 
сұсын сыртына жиып сазарған сайын, солғұрлым іші 
алақұйын. Тәңірберген күрсінді.


705
– Мырза... Ояусың ба?
Тәңірберген үндемеді. Қарасұр бәйбіше: 
– Әй, мырза, бері… бері бұрылшы – деп еді, онсыз 
да ыңғай бермей, сырт айналып жатқан күйеуін өзіне 
қаратпақ боп, жалындаған денесімен жабысып, өзіне 
қарай баурап тартпақ болған бәйбішенің қолында 
тоқтата алмаған діріл бар еді; әсіресе оның тершіген 
алақаны денесіне тигенде Тәңірберген тыжырынып 
қалды. Қолын иығының басымен қағып жіберді. «Осы-ақ 
күйлеген қаншықтай қылымсып... Ой, әтеңе нағылет...»
Сықырлап есік ашылып, ішке малай қатын кірді. 
Аяғының ұшымен ақырын басып кеп, кереуеттің 
аяқ жағында жатқан мырзаның етігін алды. Күндегі 
дағдысымен етікті ауызғы бөлмеге апарып тазалап әкеп, 
бұрынғы тұрған жеріне қойды да, артымен ығысып 
шығып кетті.
Тәңірберген от жаққа қарай аударылып түсті. Бірақ 
бұл жақта бұртиып жатқан қарасұр бәйбішені көрді де, 
үстіне жамылған торғын көрпені аяқ жаққа қарай серпіп 
жіберіп атып түрегелді. Малай қатын жылтыратып 
тазалап қойған етікке аяғын сүғып жатты да, кенет 
өзінен-өзі мырс етті. Ызалы өңінде ащы мысқыл тұрып 
қалды. Жылы төсектен шыққан бойы сырттың салқынын 
жақтырмай, иығына жамылған жеңіл шапанның өңірін 
тез қаусырынып алды. Бай ауылдың малы өріске шығып 
кеткен. Сыртта тірі жан жоқ. Тек малай қатындар ішке 
отын кіргізіп, күл шығарып, осыдан қашан ел тегіс 
орынға отырғанша бітпейтін де қоймайтын өздерінің 
митыңдаған мігерсіз тірлігіне кірісіп кетіпті.
Осы біз ештеңеге түсінбейтін кеще болдық па? 
Әлде мына дүниесі түскір түсініксіз боп бара ма? Жә, 
жарайды, соңыра теңдік алсын, теңелсін. Сонда мына 
құлдардың бәрі шетінен төре, мына күңдер шетінен 


706
ханша болғанда, ана қора толы малды кім бағады? Отты 
кім жағады? Күлді кім шығарады? Мен бе? Бәйбіше 
ме? Тәңірберген тағы да мырс етті. Ызалы ұшқын 
лыпылдаған ашулы көзін оңы мен солына жылдам 
тастады. Ақбауыр құмына арқасын тіреп отырған бай 
ауылдың бет алдында жалпақ қоңыр жал қашан көрсең 
жоны күдірейіп көлбеп жататын. Бұл шақта тықыр 
көк тебіндеп қалған сол қоңыр жалдың қыр арқасын 
көкжиектен жаңа шығып келе жатқан күн сәулесі 
шалып, басқа жерден ерте бозамықтана бастапты. Осы 
қырқаның бергі, көлеңке жақ етегінде әлі де бір жүлге 
аппақ қар жатыр.
Тәңірберген софы ағасының жас тоқалына арнап 
салған еңселі биік үйдің іргесін ықтап өтті. Есігі 
жабық. Терезесі түсірулі. Тұмсығын шабына тығып 
алған аламойнақтар үй алдында бұйығып жатыр екен. 
Тұсынан өтіп бара жатқан Тәңірбергенге дорба ауыз, 
піл табан төбеттер елең етіп басын көтеріп ап, жанары 
қып-кызыл көздерін суық тастады. Бірақ үрген жоқ. Осы 
үйдің кеш боталаған сары інгені ғана үлкен қораның 
түп жағынан ыңырсыды. Күндіз қасында болса да, 
кешке қарай түйеші шалдың ауызғы бөлмесіне алатын. 
Қарақұлақтанып қалған ботасын іздеп мазасызданады-
ау, жануар. Іштегі сезімді сыртына шығарып, тілмен 
айта алмағаны болмаса, осы жарықтық түйелер жас 
төлін іздеп күңіренгенде адамнан бетер.
Тәңірберген төбесін күн шалған қыр басына шыға 
бергенде, осы қырдың арғы жағынан екі салт атты 
тымақтарының төбесі шошаңдап енді-енді көтеріліп 
келеді екен. Бұл ауылдың күтіп отырған кісісі жоқ еді; 
кім болды екен деп ойлаған мырза мезгілсіз уақытта 
суыт жүріп келе жатқан мына жолаушыларға көзін тігіп 
карады да: «Ой, құдай-ай» – деді, Торшолақ баланы 
тақап келе бергенде танып.


707
О да қыр басында тұрған Тәңірбергенді таныған 
сияқты. Етекке көтеріле бергенде аттан түсті. Үсті-басын 
жөндеді. Қаракер атты тізгінінен жетелеп, қыр басына 
жаяу көтерілді. Қазіргідей жаны жүдеп жүргенде мына 
жігіттің ілтипаты кәдімгідей ішін жылытты; екеуі екі 
жақтан жамырап сәлем беріп, қос колымен бұның қолын 
үсті-үстіне қысып жалпылдап жатқан жолаушыларға 
жас мырза рай берді.
– Сапар оң болсын!
– Әумин, Тәңір аға, бір асығыс шаруамен түн қатып 
келеміз...
– Е, не боп қалды?
– Жақсылық хабар әкеле жатырмын. Құдай көктен 
тілегенді жерден берді. Біздің де күніміз туды.
– Күн?.. Ту-ды?!
– Иә, Тәңірберген аға, күн туды. Ақтөбеге ақтың 
әскері келді.
– Ақ болғанда... ол қай ақ? Мықтаса, атаман Дутов 
шығар. Оның өзі үйге бөксесін тығып үретін ит сияқты 
бей-берекет маза алғаннан басқа бітірер дәнеңесі жоқ 
еді ғой?..
– Жо-жоқ, бұлар басқа. Адмирал Колчактың әскері. 
Көптігінен жер қайысады. Сібір солардың қолында. 
Қазір Орал тауынан асып, әрі қарай шабуылдап барады. 
Осы жаз, құдай қаласа, Мәскеуді алып, бүкіл Ресейді 
большевиктерден тазартпақшы.
Тәңірберген сөйлеген сайын шолақ танауы желпілдеп 
бара жатқан Торшолақ балаға сенімсіздене қарады. 
Колчак жайында бұдан бұрын да біреулерден есіткені 
бар. Оған шет елдер қару-жарақты ағыл-тегіл төгіп 
жатыр екен деген лақапты осы ауылдың үстінен өткен-
кеткендер айтатын. Дуасыз ауыздан шыққан сөз болған 
соң, жас мырза солардың бірде-біріне илана қоймаушы 


708
еді. Ел арасының шұлғаудай шұбалып жүретін әлгі бір 
сүйретпе сөзінің бірі болар деп ойлайтын.
– Сен не деп тұрсың осы? – деп Тәңірберген енді 
Торшолақ балаға тіктеліп қарады.
– Тәңір аға, шын айтам. Ақтөбеге келген ақтардың 
әскерін өз көзіммен көрдім. Сол өңірдің игі жақсылары 
артынып-тартынып барып жатыр. Қолбасшысы Чернов 
деген генерал.
– Апырай, ә!
– Оны айтасыз ба, ақ патша тірі көрінеді.
– Ей, жарқыным, не деп тұрсың? Біздің күніміз 
батты деп жүр едік қой.
– Жоқ, Тәңір аға.
– Ал енді осыны мен де есіттім.
– Екатеринбургті алған Колчак әскері ақ патшаны да 
аман-есен босатыпты.
– Апырай, ә! Періштенің құлағына шалынғай!
– Сонан соң, Тәңір аға, тағы бір жаңалық...
– Жә, жарқыным, жақсылықты тым көбейтіп 
жібердің. Осыны бойға сіңіріп алсақ та осал болмас – 
деп, Тәңірберген күлді де, қонақтарды үйіне ертіп әкелді. 
Көзді ашып-жұмғанша қой сойылды. Қазан көтерілді. 
Осындайда бай ауылдың кісі ойын қасы мен қабағынан 
аңғарып әбден машықтанған жас қатындары қонақтар 
беті-қолын жуып, төрге шығып отырам дегенше шай 
демдеп әкелді.
Шай үстінде Тәңірберген сөз қашыртпады. Көптен 
бергі өзінің жабырқау қалпын бұзбай, қонақтардың 
кесесін алып беріп, «іш-же» деп отырған. Жұрт шайға 
қанып, дастархан жинала бергенде, бұл жүзін Торшолақ 
балаға бұрды. Шынтағының астына басқан жастыққа 
жантая берген Торшолақ бала мырзаның тіл қататын 
сыңайын байқап, жалма-жан атып тұрып бойын тіктеп 
алды.


709
– Сен, осы жаңа «артынып-тартынып» дедің бе? – 
деді Тәңірберген.
– А?.. Иә, иә, рас, Тәңір аға... Жұрт артынып-
тартынып барып жатыр.
– Олар кімдер?
– Игі жақсылар. Ана жағы Жем, Жайық бойы, мына 
жаты Ырғыз, Торғай өлкесінің игі жақсылары. Солар 
қазір Ақтөбеге жиналып, қазақ жеріне кірген ақтарды 
құттықтап жатыр.
– Құр сөз бе, жоқ әлде ақтарға көрсетіп жатқан басқа 
да көмектері бар ма?
– Бар, бар...
– Иә?
– Өздеріңдей игі жақсылар малдарын үйір-үйірімен 
айдап апарып жатыр. Ал татар байлары мен орыс 
байлары қаржы жиып дегендей...
– Е-е, ақыл кіре бастады де! – деп, Тәңірберген мырс 
етті де, тәкаппар сұлу жүзі қайтадан сұп-сұр боп сыздап 
ала қойды. Сонан кейін ол үндемеді. Шай ішілді. Ет 
желінді. Ұзақ жолдан шаршап келген қонақтарға төсек 
салынды. Ертеңіне жас мырза төсектен тұра сала шұғыл 
шаруа қамына кірісіп, өзіне қарасты атайын-туманы 
жиып алды. Бірақ олардың ешқайсысымен ақылдасып 
жатпастан өзінің уысынан шығармай, айтқанын 
үнсіз тыңдап үйренген ағайын-тумаға «үйлеріңді 
жық, жайлауға көшеміз» деп, бұл жолы да шешімі 
мен кесімін бір-ақ айтты. Аспанның ала бұлттанып 
тұрған жайсыздығына қарамастан, жас мырзадан әмір 
алған мал-жанды ауыл сол күні ұбап-шұбап көшіп 
еді. Тәңірберген тағы да бір жанға ақылдаспастан, ел 
орынға тегіс отырған кезде сенімді екі жігітті Актөбеге 
аттандырып жіберді. Астарында қыстан қоңды шыққан 
бір-бір мықты ат. Жетекке алған бір-бір қосары тағы 


710
бар. Екі жігітті ауыл шетіне шығарып салып тұрып, жас 
мырза оларға: «Атты аямаңдар. зорығып өлсе орнын 
толтырам. Мына Торшолақ бала тым тасыртып жіберді. 
Соның сөзінің түбін тексеріп, расы қайсы, өтірігі қайсы, 
анықтап қайтыңдар!» деп әмір етті.
Торшолақ бала жайлауда отырған жалпақ елді 
аралап кетті. Мұнда келгендегі мақсатын ашып айтпап 
еді, бірақ ел аралап жүрген жігіттің соңынан көз тігіп 
отырған Тәңірберген оның әр қадамын біліп отырды. 
Бұнан аттанған күні Торшолақ бала түбектегі ауылдың 
игі жақсыларын тегіс жиып апты. Осы өңірдің бетке 
шығар ақсақал, қарасақалдарының басын қосып 
отырып, оларға Чернов деген генералдың көп әскермен 
қазақ жеріне кіргенін айтыпты. «Дінсіз кәпірлерге қарсы 
күресетін күн туды» деп, исі мұсылманның аруағын 
қоздырып біраз тебірентіп апты да, сөзінің соңын өзінің 
шаруасына сайыпты. Қызылдарға қарсы күресу үшін 
Алашорда партиясы жер-жерден жігіт жинап жатыр. 
Пайғамбардың жасыл туы астына алаш әскерін топтап, 
кәпірде кеткен есеміз, аяққа басылған ар-намысымыз 
үшін, қорланған дініміз үшін ғазауат соғысын ашамыз. 
Соған ат, қару-жарақ, киім-кешек керек деп, ел 
арасынан жылу жинап жатқан көрінеді. Әншейінде 
басы бірікпейтін байлар, билер, атқамінерлер осы жолы 
Торшолақ баланың сөзіне иланып, үйір-үйір қойлармен 
бірге ірі қараларды да тұмсығынан тізіп беріпті. Ақша 
да аз жиналмаған сияқты.
Тәңірберген мұртынан күліп жатыр. Аты Алашордаға 
деп жиналса да, бұның бәрі келешекте Торшолақ 
баланың қалтасына түсетін тегін олжа. Қашанда ит пен 
құсқа жем болған қазақ сорлының малы келешекте де 
талай алаяқтың жетегінде кетпес деймісің.
Жарты айдың жүзі ауа бергенде Ақтөбеге жіберген 


711
екі жігіт оралды. Тәңірберген үстіне бір жанды 
кіргізбей, олармен оңаша отырып сөйлесті. Мырзаның 
әдетте көмпілдеткен қоспа сөзді сүймейтініне сырмінез 
жігіттер оған өз көзімен көргендерін ғана айтты. «Колчак 
әскері Ақтөбені алды деген бекер. Бірақ, оның есесіне, 
Чернов деген Колчак генералының жер қайысқан көп 
әскері Орскіні алып, ендігі сұғын Ақтөбеге қадап, қазақ 
жеріне қалыңдап кіріп келе жатқаны рас», – деді.
Осы күннің кешіне Тәңірбергеннің үйіне Торшолақ 
бала кеп түсті. Жас мырза бұл жолы оған рай берген 
жоқ. Қонақасылары да анадағыдай ажарлы болмады. 
Ертеңіне жас мырза күндегіден гөрі ерте тұрды. Шай-
су ішкен соң сыртқа шығып, атқосшы жігітке әмір 
берді. Ол Тәңірбергеннің айтуы бойынша өрісте жүрген 
жылқы ішінен жүз атты іріктеп әкеп, ауыл шетіне иіріп 
тастады. Қыстай мінілмеген ақ арғымаққа күміс ер-
тұрман салды. Ақ арғымақты бір қосшы жігіт қосарына 
алды. Туған-туысқандардың бірде-біріне тіс жарып түк 
айтпаған Тәңірберген тек бәйбішесін оңашалап отырып, 
«бір ай шамасында оралармын» деді де, қасына он 
шақты жігіт ертіп жүріп кетті.
Мырза жүрер алдында Торшолақ баланы үй сыртына 
алып шығып:
– Ақтөбеге барам, – деді.
– Сапарыңыз оң болсын, Тәңір аға!
– Әуелі байқап көрем. Сен айтқандай мына Колчак 
генералы қолынан іс келетін кісі болса, өзге жұртты 
білмеймін, ал өз басым қорадағы малымды тұмсығынан 
тізіп берем.
– Тәңір аға-ай... Шерт побери, қазақтың игі 
жақсыларының бәрі сіздей болса...
– Жә, жетті. Кәне, сен енді өз жөніңді ұқтыршы. 
Бұнда не істемексің?


712
Торшолақ бала қипалақтап қалды. Іле-шала ол 
өзінше жөн тапқан болып, қазақ жеріне кірген Колчак 
әскері жөнінде халық арасында үгіт-насихат жүргізем 
деді. Тәңірбергеннің салқын қабақ астынан сенімсіздене 
қарап тұрғанын байқап, Торшолақ бала ер батқан аттай 
қипақтап кетті. Қысылғанда көзін қайда қашырарын 
білмей:
– Мырза, – деді күлімсіреп, – ініңіздің жайын 
есіттіңіз бе?
Тәңірберген тіксініп қалды. Тірі жанға тіс жарып 
айтпаса да, шынында да, Жасағанберген жайы осы 
күндері бұның өзін де қатты ойландырып жүр еді.
– Жасанжан шіріген жұмыртқа болды. Қызылдар 
жағына шығып кетті, – деді Торшолақ бала.
«Е, қайда жүрсе де аман жүрсе болғаны», – деп 
ойлады мырза. Осыдан кейін ол Торшолақ бала жетелеген 
әңгімеге аяқ баспады. Жасағанбергеннің ешкіммен 
ақылдаспастан қызылдар жағына өтіп кеткенін естіген. 
Көп ұзамай інісінің Ташкент теміржолшыларының 
қарулы жасағына командир болып тағайындалғанынан 
да хабардар еді. Ол бірақ інісінің бұл жолға не біліп 
түскенінен бейхабар. Жөнін ұқтырмайтын жаңа 
заманның бұ да өзі біле бермейтін бір қылығы болар 
деп ойлап қойған-ды.
Сәл үнсіздіктен кейін жас мырза:
– Тіл білесің. Бізбен бірге жүрсейші, – деп жабысты.
– Әрине... сізбен барған... Сізбен жүруге өзім де 
құштармын ғой. Тек, қайдан білейін... Сыртта ұзақ 
жүріп, туған жерді сағынып дегендей...
– Е, дегендей. Мауқыңды бас – деді де, мырза атын 
тебініп, ілгері ұзап кеткен жігіттердің соңынан желе 
жөнелді.


713
* * *
Балалы әйелдің ұйқысы сергек; ал қойнына жігіт 
алған келіншектің сергектігіне тіпті жан тең келмейтін 
еді. Көктем таңы тақау қалғанын байқаған Торшолақ 
бала түнімен иығына басын салып ұйықтап жатқан 
келіншектің төсегінен білдірмей кеткісі келсе де, 
бірақ Алдаберген софының ақ тоқалы оянып кетті. 
Таң алдындағы тәтті ұйқыдан талмаусыраған келіншек 
аузын алақанымен басып есінеді. Көктем иісін үй ішінен 
де анық сезіп, «көз ұйқыда, көңіл мас» қозғалмай жатыр. 
Түндігі түсірулі. Үй іші тастай қараңғы. Есік жабық. 
Тым-тырыс үй ішінде біреу биік кереуеттен ысылдап-
пысылдап түсе берді. Келіншек көзін ашқан жоқ.
– Кетіп барасың ба?
– Ие-е...
– Неге асықтың?
– Өзің білесің ғой. Таң...
– Келші.
Жігіт ізінше кері қайтып, биік кереуетте жатқан 
әйелге созылып, ернімен ернін іздей бергенде жұп-
жұмыр білек мойнына оратыла кетті. Жігіт те салған 
жерден жыланша сығып ала жөнелген білек пен ыстық 
құшақта тұншығып өлуге пейіл болғандай. Түк қабақ 
шытпастан қайта уыздай жас әйел түнеп шыққан 
төсектің жұпар иісіне тағы да тұтқындалып, әлдебір 
тәтті у әп-сәтте қанға тарап, бойын баурап әкетіп бара 
жатты. Торшолақ бала басын сілкіп қалды. Таңның таяу 
екенін айтып, ыстық күшақтан әрең босады. Қараңғыда 
қалай жүрерін білмей тұрды да, кенет керегені жағалап, 
есікке қарай қозғалды. Киіз есікті жамылып тұрып, 
сыртқа басын шығарып, айналаға көз тастап еді, таң 
алдындағы дала жым-жырт. Қыбыр еткен тірі жан көзге 


714
түспеген соң аяғын мысықша басып, үй сыртын бетке 
алып ұзай берді. Шеткі үйден қорыл шықты. Жүрегі 
орнына түскен жігіт енді асықпады, түн салқынын 
бойына тартып балбырап тұрған дала шөбін аяғымен 
ақырын сипай басып, ауыл шетіне ұзап шықты.
Маңайда дыбыс жоқ. Жан-жануар уыз ұйқы 
құшағында рақатқа шомып кеткен. Күн шығар 
алдындағы аспан бұрынғыдан да гөрі қашықтай түсіпті. 
Төбе басына шыққасын Торшолақ бала арт жағына 
бұрылып, кең жазыққа көсіле қонған бай ауылды 
бір шолып өтті. Көкке тойған малдар өріске шығуға 
асығатын емес. Сиырлар бұзауларын көгендеген желі 
басында бір бүйірін жастанып, бейжай күйіс қайырады. 
Жақында жұрт ауыстырып қонған тепсеңнен бұл атын 
біле бермейтін алуан түрлі дала шөбінің иісі төбе басына 
да таңғы салқынмен таласа жетіпті. Жас жігіт солардың 
ішінен көк майқара жусан иісін анық айырып, кеудесін 
кере дем алды. Жұлдыздар бір-бірлеп сөніп біткен. 
Аспан әлгіден де гөрі ақшыл тартып, алыс-жақын 
дидарын беріп анық таныла бастап еді, ауыл артындағы 
шілікті жыра бойынан шегіртке шырылдады. Іле-шала 
бұның нақ қасынан, қол созымдай жердегі әне бір ақ 
шидің түбінен басқа бір шегіртке шырылдап, таңсәріде 
бір-біріне дыбыс беріп, бұл пақырлар да өздерінің 
тірлігін білдіріп жатыр. Жаңа ғана келіншектің 
қойнынан шыққан жас жігіттің алаулаған ыстық денесі 
таң самалынан рақат ләззат алып, тұла бойы сергіп 
сала берді. Кенет ол шапшаң қимылмен қақпа шекпенді 
иығынан сыпырып тастады да, таңсәрідегі шыққа 
малшынған салқын көкке бауырын төсеп жата кетті. 
«Асығатын не бар» деп ойлады. «Бәсе, не бар? Азар 
болса бір күн кеш барармын». Ойда жоқта осы ақылдың 
басына келгеніне қуанып, ақырын езу тартты.


715
Әсте, бүлінер іске адамның өзі басшы болады: 
егер ол бүгін ел аралап, шаруасын шаруалап кеткенде 
қасқыр да тоқ, қой да аман болар еді. Таң самалында көк 
майқара жусанға бір аунап тұрған жігіт бүгінгі татқан 
ләззатын осымен тыйып тастағысы келмеді. Ел аралап 
қыдырып жүрген софыны бүгін-ертең орала қоймас деп 
ойлап, тағы бір күнге ерулеп қалды. Дәл сол арада ауыл-
үйдің өсегі ұры иттей сұғанақ екені басына да келмеді. 
Ұры иттей сұғанақ өсекті сол күннің ертеңіне ошақ 
басына от алуға келген қатын өзімен бірге ала келді. 
Әлгі сұғанақ өсекті суқылдаған сумақай қатындар желі 
басында шұрқырасқанда, суға барғанда, тезек тергенде 
бірінің аузынан бірі қағып алып, аяқ жетер жерге асырып 
жатты. Ең арысы туған, туысқанын жағалап төркіндеп 
жүрген қатын екеш қатын да өзінің қонған, түстенген 
үйіне шала тастап бықсытып жатты. Сол бықсықты әр 
ауылдың әр қатыны бір-бір үрлеп, ақыры ол ғаламат 
өртке айналып, кесапаты кеселдіге тиіп, біреу өледі, 
не мертігеді. Торшолақ бала мен ақ тоқалдың өсегі де 
ел ішіне әлдеқашан әйгіленіп, гу-гулеп жатқан-ды. Ол 
екеуінің ашына екенін бес жасар бала білді. Бүкіл өңір 
білген өсекті тек бұлар сезбеді. Сондықтан бұл екеуінің 
ендігі ісі соқыр кісінің ұрлығындай болып бара жатты. 
Жігіт пен келіншек неғұрлым басқан ізін білдірмеуге 
тырысқан сайын, солғұрлым айнала төңірек бәрін 
көріп, бәрін біліп, сыртынан беттеріне түкіріп отырды. 
Бірсыпыра жұрт:
– Кәрі шалға тиген қыршын жаста не сын бар. 
Белінің күші, бетінің ажары тұрғанда теңін іздейді де, 
пақыр. Төрде жатқан қонақ от жағынан қол салып, көрпе 
астында қол қысса да жас кеуіл бір өсіп, жапырағын 
жайып марқайып қалмай ма? – деп, ақ тоқалдың жеңіл 
жүрісін салауат көрсе, қайсы бірі мына жақта кәрі 
софыны жерлейді:


716
– Қызыл иек шалдың қызымен жасты қызға 
үйленгенін айтам-ау! Ол қақбастың өзіне де сол керек! 
– деп, кәрі софыны табалады.
– О, сормаңдай! – деп, басқа біреулер Торшолақ 
баланы тілдеді. – Ол сормаңдайдың жүріп-жүріп кеп, 
ақыры салпы етек сайқалға тап болғанын қарасайшы.
– Беу, алда-ай! Осы ауылда не көп, қыз көп емес пе? 
Көшкен ауылдың жұртында қыз ұмыт қалып жатқан 
жоқ па?
– Құрысын! Адам азайын десе қойсайшы. Қайдағы 
бір сайқалдың етегіне шырмалып, бұл пақырдың басына 
сонша не күн туды екен.
– Әй, құдай-ай! Біреудің қаңсығы біреуге таңсық 
емес пе. Еркек шіркіннің қай оңғаны бар. Әйтпесе, 
сақалы тер сасыған кәрі софы жайлап кеткен жұртта не 
қасиет қалды дейсің – деп, алып қаштысы көп ел іші гу-
гулеп, ду-дулап жатты.
Осы сыпсың кәрі софының құлағына шалынғалы 
әлдеқашан. Көптен бері ел арасында шұбатылып жүрген 
сүйретпе сөзді естісе де, ескермеген боп ішінен тынып 
жүрген-ді. Көрші ауылдан күндіз қонақ асын жеп алған 
софы алдын кештете атқа қонды. Ел жатар кезде ауыл 
шетіне тоқтады. Көгі қалың сай бойына атын тұсап 
жіберді де, үн-түнсіз үйіне кеп төсегіне жатып алды. 
Тоқалын тысқа шығармай, ірге жағына алып жатты. 
Бұдан мүлде бейхабар Торшолақ бала кейінгі күндері 
өзі дәнігіп алған машықпен бүгін де ел тегіс ұйқыға 
кеткенде тысқа шықты. Бұл ауылдың иті оған үйренген. 
Тайыншадай төбеттер үй іргесінен атып тұрып тарпа 
бас салатындай қасына жетіп барса да, бұлтиып қарны 
шыға бастаған таңқы мұрын Торшолақты көреді де, 
«сырттан келген бейсауат біреу ме десек, тәйірі сен 
екенсің ғой» дегендей, құйрығын бұлғап қала берді. 


717
Торшолақ бала ішке кірер алдында әуелі үйдің іргесіне 
жабысып тұрып жан-жағына көз тастады. Тыста тірі 
жан жоқ. Тек бұлт арасынан жылт етіп шыға келген 
жарты айдың қиық шетіне қарап, көктен де өзімен 
ұрлықтас біреу табылғанына мәз болғандай жымиып 
күлімсіреді де, сып беріп ішке кірді. Түндігі түсірулі 
үй тастай қараңғы болса да, кейінгі кездегі үйреншікті 
машықпен әуелі есік алдында тұрып, қараңғыға көзін 
үйретіп алды.
– Қайдасың? – деді ақырын.
Кәрі софы тоқалдың аузын алақанымен баса қалды. 
«Үндемесең үндеме. Қазір, бәлем, қолыма түсерсің» 
деп ойлаған жігіт өзі білетін оң жақтағы шымылдық 
тұтқан биік кереуетке қарай қозғалды. Қос қолын 
солай қарай созып, аяғын мысықша басып келеді. 
Келіншектің ыстық құшағын аңсаған жігіт сол күні ел 
жатқанша сыртқа бір шығып, бір кіріп, күнді батыра 
алмай қойған-ды. Жас тоқал жатқан кереуетке қарай бет 
қойғанда жүрегі қатты дүрсілдеп кетті. Қыз көрпесін 
алғаш рет ашқалы тұрған бала жігіттей тақат-сабыры 
таусылып, бар тілегі, бар жаны, бар-бар аңсары мен 
лүп-лүп соккан жүрек те ынтықтырып, ілгері созған 
қолының саусағы жібек шымылдыққа жаңа-жаңа тие 
беріп еді, арғы жағынан біреу білегінен шап беріп 
ұстай алды. Торшолақ бала бұлқынып еді... бірақ мынау 
болар бейбақ емес, әлдекімнің күмпиген жүн-жүн жуан 
саусақтары бұның колының сүйегін сырқыратып сығып 
барады. Сөйткенше болмай:
– Әй, қатын... Тұр, шам жақ! – деп бұйырды.
Софы енді асықпады. Құйрығымен сырғып төсектен 
түсті. Үйіне ұрланып келген кісіден кімсің деп сұраған 
жоқ. Ұрыскан да жоқ. Әр саусағы бақандай жүн-
жүн қолымен көйлегінің омырауынан уысын толтыра 


718
сығымдап ұстады да, төсектен әлі де тұра қоймаған 
тоқалға:
– Шамды жақ дедім ғой! – деді ақырып. Сосын көрпе 
астында үні өшіп бүрісіп жатқан тоқалды бір жұлқып, 
төсектен жалп еткізді:
Софы шам жанғасын да асықпады. Қазіргі түрі қолға 
алған ісін кәдесімен асықпай-саспай бабына келтіріп 
істейтін дәл бір қанды қол қасапшыдай еді. Торшолақ 
балаға әлі тіл қатқан жоқ; түріне де көз салып қарамады. 
Кісі назар аударуға тұрмайтын әншейін бірдеңедей, 
өзі барған жаққа оны да дырылдатып сүйреп апарып 
жүр. Оны әлгінде алқымынан қылғындырып ұстаған 
еді; қарулы қолдың манжамды мол шеңгелі сонан 
енді қайтып жазылмады. Оны бұйым құрлы көрмей, 
өзімен бірге сүйретіп жүріп есікті іштен бекітіп алды. 
Сонан соң... тағы да оны өзімен бірге сүйретіп әкелді 
де, төсек үстінен бір-екі жастықты жерге құлатып, 
үстіне жайғасып отырып алды. Сонан соң ғана қарулы 
қолымен Торшолақ баланы түнде жатарда күлге көтін 
тығып қойған қара құманның дәл қасына дырылдатып 
әкеп, жағасынан бір басып нұқып қап, жалп еткізді. 
Шалдың жардай ірі денесінің қасында өзінің жас балаға 
ұқсап қалғанын көргенде Торшолақ бала тірліктен күдер 
үзді. Софы тіпті қызғаныш ішін өртеген ызалы кісі 
секілді емес, көкшулан сақал көкірегіне түскен жүндес 
бетте ашудың ізі жоқ. Өзінің әдетте намазға жығылар 
алдында жай қимылдайтын жайбарақат қалпы. Тек бір 
жастықты астына басып, жайланып отырғасын ғана көзі 
Торшолақ балаға түскенде зығырданы қайнап:
– Әй, сұмырай!.. – деді.
Торшолақ баланың бүйректей бұлтиған беті құдды 
қанға тойған қандаладай ісініп, көзінің алдындағы 


719
күлтілдеген етке көзілдірік батып кеткен. Кәрі софы 
оған жиіркенішпен қарады:
– Ә, пәруәрдігер! Бұл бәтшағардың бас-аяғы бір 
тұтам. Ал енді бұл бетбақтың айғырлығының қаттысын 
қайтерсін.
– Ақса-қа-а-а-а...
– Әй, мына бетбақ не дейді?
– Қор-қор-ла...
– Қорлама дей ме, әй? Ал қорлаймын.
– Ақса-қа-а-а-а... маған т-тіл ти-гізбее…
– Ал тіл тигізем, сонда не істейсің?
– Ша-ағынам...
– Ә, залым! Сазайыңды берейін… Сенен келген 
керді кейін көрермін.
Софының әлі де асығатын түрі жоқ. Торшолақ 
баланы бір қолымен тапжылтпай басып отырған күйі 
әуелі ұратын жерді алдын ала белгілеп алды да, сосын 
шоқпардай жұдырықпен оның басына дүрс еткізіп 
қойып қалды. Сосын көзіне дәлдеп былш-былш ұра 
бастады. Ақ тоқал үнсіз. Үрейлі қара көзінде аяныш 
жасы дірілдеп, ернін қырқып тістеп алған. Алдаберген 
софы «бұл батшағардың енді қай жеріне ұрсам екен?» 
дегендей, Торшолақ баланың бас-аяғына көз тоқтатып 
тағы бір қарап алды. Оның шам сәулесімен жылтылдаған 
көзілдірігіне көзі түскенде бар пәле осыдан болғандай:
– Ә, бәтшағар!.. – деп, быттиған бетке, сосын әйнектің 
ар жағынан бажбиған көзге қойып-қойып қалды. Шыны 
шатыр етті. Күлтілдеген көзінің алдындағы қалың еттен 
шып-шып қан шықты. Торшолақ бала көзі қарауытып, 
бір жағына қарай салмағы ауып құлап баратты. Софы 
оған да қараған жоқ, жүн-жүн жұдырықпен әлі де біраз 
төмпештеп, тек қолы ауырған бір кезде астына басып 
отырған аяғын сыртқа шығарып алды да, енді оны 


720
ішке-ішке тепкіледі. Әбден есінен танғасын жағасынан 
сүйреп, сыртқа шығарып, есік алдында жатқан ала 
мойнақтардың итаяғының жанына тастай салды. Сол 
күні Алдаберген софы ақ тоқалды да ауыл айналдыра 
қуып, қамшының астына алып, ертеңіне Кішіқұм 
бойындағы төркін жұртына апарып тастады.
* * *
Мырза бір топ жігітпен ілгері ұзап кетті. Жылқы 
айдағандар олардың қарасын бірде көрсе, бірде көрмей, 
көбіне көз жазып қалады. Ондайда көктем ылғалы 
дегди қоймаған ақ кіршілдек құмда жосылып жатқан 
көп жылқының ізінен көз айырмайды.
Бұлар екінші күні қас қарая Шалқарға жақындады. 
Мидай жазық далада анда-санда бір ұшырасып қалатын 
тағы бір қыраңға көтерілгенде ілгергі жақтан құдды 
шайтан отындай жыпырлаған көп жарық жылтылдап 
қоя берді.
– Мынау Шалқар ғой, – деді біреу.
Жол тізгінін қолынан шығармай, өзі бастап әкеле 
жатқан мырза қалаға соқпай, сырт жолмен тура Ақтөбеге 
тартты. Бұндайда күндіз жатып, түнде жүретін өзінің 
ежелгі дағдысы бойынша осы жолы да ұзақ жолдың 
біразын түнгі салқынмен өндіріп алғысы келген-ді. 
Шетке шашау шығармай, бас-аяғын жинап әкеле жатқан 
жылқылар жиі пысқырып, түнгі даланы дүбірлетіп келе 
жатқан-ды. Таң алдындағы тәтті ұйқы қалжыратқан 
жігіттер тақымы босап, ат үстінде қалғи бастаған 
қамсыз кез еді; қалай болғанын байқамай қалды. 
Астарындағы ат төбеге ұрғандай тұра-тұра қалды. Бұлар 
бойын тіктегенше аузы-басын шүберекпен байлап алған 
әлдебіреулер бірден ат тізгініне жармасып, мылтығын 


721
кезеп тұр екен. Бір сөзге келмей бұлардың қаруын тартып 
алды. Ә дегенде Тәңірберген жол тонаушы ұрылар екен 
деп ойлаған-ды. Енді байқаса жөні басқа. Ешқайда 
мойын бұрғызбай, тура қалаға тартты. Жол бойы тілге 
келмеді. Жүз жылқыны көл жағасындағы қамыс ішіне 
айдап кіргізді де, әлі сол тіс жарып, тіл қатпаған түсі 
суық кісілер бұларды жан-жағынан қаумалап ортаға 
алып, сыдыра шоқытып отырып қалаға кірді.
Тәңірберген үнсіз. Қасында көздері жаутаңдап 
өзіне жалтақ-жалтақ қарап келе жатқан жігіттерге 
назар салмады. Көз қиығы мыналарда. Қару асынғаны 
болмаса, әскерше киінген бірде-бірі жоқ; көбі орыс; 
олардын, арасындағы бір-жар қазақты танымады. Тек 
аузы-басын шүберекпен байлап алған, жауырыны 
қақпақтай әне біреуге «осы кім?» деп, онан назарын 
айырмай, қайта-қайта қарайды. Ол бірақ соңындағы 
үнсіз топтың алдында атты ауыздыққа керіп келеді. 
Басында шошақ шлем. Белінде қылыш. Бір бүйірінде 
қара құмандай наган. Үстіндегі шинель өзінікі емес, 
басқа біреудің иығынан ауысқан ба, қамшы ұстаған 
қолы сидиып, жұдырығы жеңінен шығып кете береді 
екен.
Қалаға кіргесін де бұлар жүрісін бәсеңдетпей, 
сыдырып отырып Теміркенің көк дүкенінен сәл 
әрегіректе қақпа алдында қарулы күзет тұрған үйдің 
ауласына кірді. Шошақ шлемді кісі аттан түсіп, тізгінді 
алдынан күтіп алған солдатқа тастай салды да, аузы-
басын байлаған шүберекті алып еді, Тәңірбергеннің 
түсі бұзылып құп-қу боп кетті. Осыған дейін ол: «кім 
де болсаң түбі бір тілдесерсің, кім екенімізді білгесін 
босатып жіберер» деген ойда, онша апшысы қуырылмай, 
нығыз отырған-ды. «Итің қырын жүгіріп тұрған кез ғой. 
Қалай бассам да қадамым қатеге ұшырай берді-ау» деп 


722
ойлады да, бір жанға түсін бермей сазарып алды. Қора 
ішінде толып жүрген қарулы кісілерге де назар салмады.
– Қамаңдар мыналарды! – деді Еламан аттан түсіп 
жатып.
Дьяков сыртта жүр екен. Ол бұнан «көзге түскен 
жоқсыңдар ма?» – деп сұрады.
– Жоқ, – деді Еламан.
– Ішке барайық. Сөйлеселік.
Отряд 
командирінің 
кабинеті 
Мюльгаузен 
бардағыдан құттай да өзгермеген-ді. Салмақ түссе 
сықыр етіп бір жамбасына қиқаң ете қалатын ескі 
орындықтар. Төрде қызыл мата жапқан стол.
– Қалай, жерлесіңмен сөйлестің бе? – деді Дьяков.
– Біздің сөзіміз баяғыда біткен...
– Бұларды қайтеміз?
– Білмеймін. Өзің шеш.
– Маған бір ой келіп тұр.
Еламан енжар. Есіл-дерті төсегіне тезірек жетіп көз 
іліндіріп алу.
– Колчактың әскері қазақ жеріне кірді. «Түстік 
Армия» деп аталатын мол күш. Естуімше аэропланы, 
танкісі бар. Қолбасы генерал Чернов. Колчактың ең 
талантты генералы, – деді Дьяков.
Еламан әңгіме беті басқа жаққа ауғанын байқады. 
Және мынау өзі жөндеп білмейтін тосын әңгіме 
болғасын ықылас қойып тыңдады.
– Бұлар атаман Дутов емес. Қырғын соғыс енді 
басталады. Соған әзірленуіміз керек.
– Әрине, қапы қалмау керек қой.
– Хан-Дауровпен сөйлестім. Сені генерал Черновқа 
жібер деп отыр. Бұған қалай қарайсың?
Еламан күлді.
– Күлме. Шын айтам. Бойың бар. Мұртың бар. 


723
Үстіңе оның киімін кисең, мырзаның нағыз өзі боласың 
да шығасың. Қасыңа өзіңнің отрядыңнан он шақты 
жігіт ал.
Еламан әлі де болса Дьяковтың ар жақ ойына көзін 
жеткізе алмай, әңгіме артын тосып отыр.
– Жерлесіңнің жылқысын генерал Черновқа айдап 
апар, тарту ет. Қазақ жеріне келгеніңе қуаныштымыз де. 
Сеніміне кіргесін күш қарамын, қару-жарағын біл. Бізге 
сол қажет боп тұр.
Еламан Дьяковтан басқа бір жанға жөн-жосығын 
білдірмей, келесі күні түн жамылып, жолға шыққалы 
үзеңгіге аяқ салғалы тұрғанда қақпа аузындағы күзетші 
дауыстап, «сыртта бір әйел күтіп тұр» деді. «Сол! Анық 
сол!» деді Еламан ішінен. Бүтіл қалада бұны білетін 
онан басқа әйел жоқ-ты.
Еламан жігіттерін алға оздырып жіберді де, күрең 
атты жетелеп қақпаға келді. Ақбала әкесінің ауырып 
қалғанын айтты.
– Алда пақыр-ай, – деді Еламан, – көп болып па, 
қашан ауырған екен?
– Білмедім.
– Сырқаты... қалай екен?
– Бұрын ауырмаған кісі ғой. Қатты жығылыпты. 
Елден қалашылар келген екен. Соларға ілесіп кетіп 
барам, – деді Ақбала.
Еламан бірдеңе деп міңгірледі. Не дегенін кейін 
өзі де есіне түсіре алмады. Ақбала тез қоштасты. 
Әдеттегідей кербез бойын қымсынбай ұстап, көзден 
ұзап қараңғыға сіңіп барады. Қоштасар жерде күшпен 
іркіп қалған ызалы жас көзінен ырши жаздап кірпігіне 
ілініп тұр. «Неге іздеп келдім» деді ол былай шыққасын. 
«Сені қайтсін. Сенің ауру әкеңді қайтсін?»
Кірешілер қала шетінде бұны тосып тұр екен. 


724
Ақбаланы жетекке бос алған жазылы түйеге отырғызды. 
«Иә, құдай, жолымды оңғара гөр» деді Ақбала ішінен.
Үнсіз көш ырғалақтап тартып кетті. Бірінің бұйдасын 
бірінің артына байлаған түйелер әлден соң жалғыз 
аяқ жолға түсіп, тырнадай тізіліп келеді. Сонан түн 
ортасы ауар-аумаста Ұлықұмды қысқа мойыннан кесіп 
өтті. Жүк артқан түйелер сусылдақ құмға кіргесін аяқ 
алысы ауырлап, ыңыранып әрең қозғалып келеді. Ауру 
әкесін көзі тірісінде көре алмай қалам ба деп қорыққан 
Ақбала жол бойы мазасызданып, тынышы кете бастап 
еді, әлгіде таусылмастай көрінген салқар құмның 
шетіне шығуы мұң екен, керуен басы астындағы ақ ауыз 
атанды қынулап, жеделдетіп жүріп кетті. «Енді осыдан 
танбаса екен» деді Ақбала ішінен. Қосүрей көңіл саябыр 
тапқасын бойын тіктеп, түйеге дұрысталып отырды да, 
төңірегіне көз салды. Елсіз түз жым-жырт. Қыр үстінің 
көңіл ашар қоңыр желі таң алдындағы дағдылы қоңыр 
салқынға ауысыпты. Шыт көйлекпен желең отырған 
Ақбала денесі тоңазығандай болғасын иығына шапан 
жамылды. Қай жаққа қараса да көзіне бұта түседі. 
Бірі жақын, бірі алыс. Кейде көз ұшында көп бұта 
шоғырланып, ай сәулесі астында андыздап ел шетінде 
түнгі салқында жайылған қара-құра сияқтанады.
Керуенбасы алда. Қамшы салғызбай, елпілдеп келе 
жатқан жүрдек ақ ауыз атан үстінде тіп-тік боп қазықтай 
шаншылып алған. Ақбала оған да, оның астындағы ақ 
ауыз атанға да дән ырза. Түні бойы сабылған жүрісте 
бір сәт белі талып босаңсымаған беріктігіне таң қалады. 
Қалған қалашылар да үнсіз. Түйе үстінде ырғаң-ырғаң. 
Кенет ұзын көштің арт жағында келе жатқан біреу 
ән шырқап еді; әңгүдік түйелер үркектеп, жолдың 
қапталына шығып кетті. Ақбаланың ұйқысы шайдай 
ашылды. Мынау бұның жақсы көретін әні еді. Осы әнді 


725
өзі де жиі айтатын. Әсіресе, баяғы жас кезде көктем 
жылт етісімен ойды қыстаған ел қырға көшіп шыққанда 
қатар қонған екі-үш ауылдың жастары күнде-күнде бір 
қырдың астында бас қосып, таң атқанша асыр салып, 
алтыбақан теуіп тұрғанда бұл ылғи осы әнді айтатын. 
О, опасыз дүние! Бұл сонда ә дегенде дәл мына кіреші 
жігіттей, дәл бір басын ала қашқан асау аттай даусын 
барынша асқақтатып шырқаса да, бірақ сонан ары 
созбай, баяу ғана көмейімен қоңырлап:
«Ой, қарғаш, сен қайтесің мен дегенде.
Боламын мен сергелдең сен дегенде» – деп, ала-бөле 
осы бір жерге ерекше мән беріп айтатын. Бұл кінәласу 
емес. Бұнда реніш те, өкпе де жоқ. Тек сүйген жігітке 
әнмен жолдаған қыз назы ғана. Ақбала ешкімге сырын 
ашпаса да, құрбы қыздар бәрібір оның көңілі кімге 
бұрып тұрғанын білетін. Олардың білетінін Ақбаланың 
іші сезетін. Ол кезде бұл бірақ жас мырзаға жаны 
үздіккенін құдайдан да, адамнан да жасырған емес-ті. 
Сүйткен кісі... Әй, құрсыншы... Кімді кінәлайсың. Мен 
де оңып тұрмаған шығармын. Қашан қанаты күйгенше 
қараңғыда қаңғалақтап отқа түсе беретін есалаң көбелек 
болмадым ба?
Қалашылар бірі ілгері, бірі кейін, итініп-соғынып 
келеді. Күн шығар алдындағы салқын жел шүғыл 
қатайғасын Ақбала бетін ыққа бұрып, шапанның қос 
өңірін қаусырынып алды. Әннің тоқтап қалғанына 
қынжылып отыр еді, әлгі жігіт енді бұлар күтпеген 
тосын бір әнді аңырата жөнелді. Қайран, Әлима! Қатал 
әкенің қалауымен кәрі шалға қырық қараға сатылған 
қыздың қайдағы бір қарақалпақ жеріне көз асып бара 
жатып артында қалған ел-жұртымен қоштасатын зар. 
Ат жетпейтін, атан жетпейтін шалғай.
Удай ащы тырнақ Ақбаланың ішін тағы да осып-


726
осып алды. Қалашы жігіт сарнатқан мына әндегі Әлима 
да Ақбаланың дәл өзіндей бағы ашылмаған мұңдық. 
Қыз зарының қай жерін басса да, Ақбаланың қасіретке 
толы көкірегі қарс айрылып, қай заманда қайдағы бір 
мұңдықпен қосыла аңырағандай. «Кезінде көл шайқаған 
Әлима едім...» Құрысын, айт, айтпа, адыра қалғыр дүние 
ит жыртқан қара терідей ырым-жырым. Кезінде қай қыз 
көл шайқамады. Бір түйір жас мөлт етіп омырауына 
тамып кетті. Оны бірақ Ақбала білген де, сезген де жоқ.
Таңмен таласа қалашы көш шілікті сайға тоқтады. 
Түйе белінен жүк түсті. Ұйқы қалжыратқан кісілер 
сай бойының тықыр көгіне шекпенін жайып, жата-
жата кетті. Сол бойда қор ете қалды. Жалғыз Ақбала 
көз ілмеді. Мына кісілердің айтуына қарағанда, әкесі 
бірден қатты жығылыпты. Және бір дегеннен Ақбаланы 
іздепті. Тез алғыз деп әмір беріпті. Ақбала жол бойы 
жүрегі сезген бір жамандықтан шошып келеді. Әшиінде 
қайтымы жоқ қатал әкенің осыған дейін түсін көрмек 
түгіл, от басында атын ауызға алғызбай қойған қызына 
ауырған бойда іздеу салғаны тегін бе?
Ақбала тез жиналды. Теміржол асханасында жұмыс 
істегеннен бері тірнектеп жиған азын-аулақ тиын-
тебені болатын. Және өзімен бірге істейтін қатындар 
жолға шығар алдында бұған орталарынан ақша жинап 
берген-ді. Ақбала шай-шекер, көйлек-көншек алды. Көз 
ашқалы көні ағармаған әкенің мына заманда да қоң жия 
қоймағанын қатынаған кісілерден естіп жүретін.
Ұйқысы қанбаған қалашылар тұрғысы келмесе де, 
Ақбала олардың бәрін қоярда-қоймай жұлқылап оятты. 
Қара шәйнекке шай демдеп, қаладан алып шыққан ас-
суын алдарына қойды. Тең-тең жүкті түйелерге тез-тез 
артып, күн ысымай тұрғанда ертеңгі салқынмен жүріп 
кетті. Әл үстінде жатқан әкені көзі тірісінде көргенше 


727
асығып, жол бойы бір тілек үстінде сарылып ойлады 
да отырды. Сонан бұлар ұзақ жолдың үшінші күніне 
қарағанда осы өңірді жайлайтын елдің баяғыда Бөбекті 
ұзататын жұртында отырған Сүйеу қарттың ауылының 
шетіне ілікті. Кедей ауылдың азғантай қойы бір төбе 
астындағы тепсеңде ауызға әзер-әзер іліккен қырбық 
көкті қуалап жайылып жүр екен.
Ақбала қойшы баладан әкесінің әзір ақыл-есі дұрыс, 
көңілін сұрай келген кісілерді танитын халі барын білді.
* * *
Сүйеу қарт түндігі түсірулі үйдің төрінде жер 
төсекте басының астына биіктеп салған жастықта жүзі 
жоғары қарап шалқалап жатқан-ды. Ол ауырғалы бұл 
үйге кірген-шыққанның бәрі дыбыс шығармай, аяғын 
ұшынан басып жүретін.
Енді міне... Әлде біреу ауру баққан үйдің дағдылы 
тыныштығын бұзып, қосетек көйлектің етегі дүркіреп, 
сүріне-қабына кіріп келе жатты. Биік жастықта танауы 
қатты қусырылып, екі иінінен ентіге дем алып жатқан 
ауру қарт тынысын кілт үзіп, демін ішіне тартып ала 
қойды. Көкірек тұсы қатты шаншып кетті. Көзін ашпаса 
да, сүріне-қабына кіріп келе жатқан мынау басқа ешкім 
де емес, өзі төсек тартып жатқалы көзі тірі тұрғанда 
дидарын бір көруге зар боп ішінен үнсіз сарылып 
күткен... жан дегенде жалғыз қызы... Ақбаласы екенін 
білді. Аппақ сақалы шошаңдап, иегі кемсеңдеп бара 
жатты. Басын жастықтан көтерейін деп еді, оған бірақ 
көкірегі сырылдап, кеудесі қысылып бара жатты да, 
әдеттегідей ақ кірпігін қатты серпіп қағып-қағып қалды.
Ақбала ішке асығыс кірсе де, әке көзіне көзі түсті 
де бөгеліп қалды. Табалдырықтан аттаған аяғын ілгері 


728
басарын да, баспасын да білмей, жіпсіз байланып 
тұрып, әкенің әнтек серпіп лып-лып қаққан аппақ 
ақ кірпігін көрді. Сосын еті сылынған ку сүйек бетте 
жотасы шыққан қырғыштай мұрнын көрді. Ал кемсең-
кемсең еткенін көргенде Ақбала осы қазір ғана бетін 
өртеп тұрған өз ұяты есінен тарс шығып, аяғын асыға 
басып, әкенің басы астындағы жастыққа жете бере 
жүрелеп отыра кетті. Екеуі де үнсіз. Ақбаланың соңынан 
ілесе кірген ауыл адамдары ілгері озуға бата алмай, 
есік алдында тұрып қалған-ды. Осы ауылға келін боп 
түскелі артынан төркін жұрты қатынамай, ата-анасын 
сағынып, көкірегі құсаланып жүрген жас келіншектер 
мен көңілшек кәрі-құртаң қатындар әлден көңілі босап, 
жаулық шетімен ауыздарын басып тұр. Кейінгі жақтан 
бір қатын кеудесін кере күрсініп: «Аһ, қайтейін!» – деп 
қалды.
Сүйеу қарт күйіп-жанып жатқан ыстық алақанымен 
қызының қолын тас қып қысып алған. Ақбала жасын 
тыя алмай солқылдап бара жатқасын Сүйеу қарт 
жұбатқысы кеп еді, оған бірақ дәл осы арада оның 
өзін де өксік қысып, демі жетпей бара жатқасын 
дыбысын шығармай тістеніп ала қойды. Қызының 
қолын жібермей, астын-үстін сипап отырып, алақанына 
мүйіз айналғанын байқағанда жүрегі құрғыри сыздап 
қоя берді. «Айналайын-ай, саған да о жақта оңай боп 
жүрген жоқ екен ғой» деп ойлады да, сәлден соң:
– Бар... бар, шешеңе бара ғой, – деді.
Сырқат шалдың қалауы бойынша сол күні келім-
кетімге тыйым салынды. Алыстан әдейі келген 
бастастары болмаса, қалған жұрт сырқат шалдың 
хал-жайын сырттан біліп жүр. Қызы келгесін екі күн 
беті бермен карағандай боп еді, үшінші күні кайта 
жығылды. Қасына Ақбала келгенде ғана көзін ашады. 


729
Қалған уақытта басының астын биіктетіп, іргеге карай 
аударылып жатады. Сырқат жанына қанша батса да, 
дыбысын шығармайды. Ондайда есіктен бас сұққан 
кісілер көзі ілініп кеткен екен деп, ішке кірмей, ізінше 
кері қайтады. Әкесінің қиналып жатқанын күндіз-
түні тырп етпей қасында күзетіп отырған Ақбала ғана 
оның ара-тұра тісін қышыр-қышыр қайрағанына қарап 
біледі. Сол күннің ертеңіне тағы да сырқаттың беті 
бермен қарады. Түнімен көз ілмеген Ақбала таң атып, 
үй іші сәулелене бастағанда әкесінің басы астындағы 
жастықтың шетіне қисайып еді, қанша ұйықтағаны 
белгісіз, бір кезде көзін ашса, біреулер даусын көтермей 
күбірлескендей болды. Әкесі де басын көтеріпті. 
Үстіндегі көрпенің бір шалғайымен Ақбаланы жауып 
тастапты.
Сүйеу қарт:
– Арманым жоқ. Ақбалам келді. Енді міне, Алланың 
аманатын өзіне тапсырғалы... – дей түсті де, тоқтап 
қалды. Бүйірінің бір түкпірінде жатқан сырдың шетін 
шығарып шешіліп бара жатқанын байқап, соған 
шамырқанғандай суық зәрін сыртына жайып, лезде 
тастүйін боп қатайып ала қойды. Ақбала «тәуір боп ке-
тер» деп ойлады. Елге келгеннен бері өзі жақсы білетін 
әкесінің бірінші рет осы жолы, тап осы қазір ғана 
әдеттегі көкбет қайсарлығына қайта мінген қиқарлығын 
байқаған еді.
* * *
Еламандар араға үш қонып, төртінші күні түсте 
Ақтөбеге жетті. Ақтар әлі Ақтөбеге кірмепті. Осы 
тұрғанда оны қорғайтын қызылдарда әскер дейтіндей 
әскер де қалмаған-ды. Ал қала маңындағы барлы-


730
жоқты әскер құрамалары өткен ұрыстардан қатары 
селдіреп, басқаны қойғанда, тіпті қолына қару ұстауға 
жарайтындардың өзі сарт-сұрт сол дат өмірінен ақ иық 
боп титығы құрыған. Осындағы басшылар жау хабарын 
есіткесін жанталасып жүріп теміржолшылардан құрған 
жұмысшы жасағын қаруландыра алмай жатқан көрінеді. 
Ал бұндағы полк, дивизияларда қару-жарақ жетіспейді. 
Оқ-дәрі де тақ-тұқ, аз.
Бұлардың басындағы қиындықты Еламан жолға 
шығар алдында Дьяковтың өз аузынан есіткен-ді. Енді 
қазір өз көзімен көріп келеді. Қаланы корғаудан гөрі 
қаланы қайткенде есебін тауып тезірек тастап қашуға 
әзірленіп, абыр-сабыр боп жатыр екен. Еламанда 
ешкімнің ісі болған жоқ. Сонда да болса, сақтық ойлаған 
Еламан көзге түспеуге тырысты. Қалаға жақындамай, 
алыстан айналып, көбіне елсіз далалықпен түнделете 
жүріп отырып Оңтүстік Армияның үнемі ілгері озды-
рып, алдына салып отыратын шолғыншылар отряды-
на кездесті. Олардан кейін кездескендер де бұларды 
жиі-жиі тоқтатып, әрқайсысы бір тексеріп, зықысы 
кетті. Атаман Дутовтың атты казактары бұлардың 
жылқысына көз алартып, тартып алуға аз-ақ қалды. 
Еламан шені жоғары бір офицерге өздерін таныстырып, 
мына жылқыларды Колчактың әскеріне тарту ғып сыйға 
әкеле жатқанын айтып, қасына жолбасшы біреуді қосып 
алды.
Еламан жол бойы көрген-білгендерін көкірегіне 
түйіп келеді. Қазақ жеріне кірген жер қайысқан ауыр 
қолдың негізгі салмағы әлі де кейінде жатқан-ды. 
Шынында да, келесі күні түс ауып, бұлар Оңтүстік 
Армияның штабына жеткенше жолмен де, жолсызбен де 
ағылған қарақұрым қолдың негізгі дені атты әскерлер. 
Бір полктен кейін бір полк лек-лек боп жуық арада өтіп 


731
болмаған атты әскерлердің соңынан іле-шала атаман 
Дутовтың атты казактары ұзын найзалары сонадайдан 
зәре ұшырып, мың сан тұяқтан ұшқан шаң арасынан 
қылтылдап, қара жерді дүбірлетіп келе жатты.
— 
Ел-аға... Ел-аға,– деп, Әли аблыға дауыстап, атын 
қатарластыра берді. Еламан оған жалт етіп, түсін суыта 
қарап:
— 
Есіңде болсын, ендігі жерде мені не Тәңірберген, 
не мырза де. Қалған жігіттерге де соны ескерт, – деді 
ақырын, тек екеуі ғана есітетіндей ғып сыбырлап.
— 
Кеш-ір-р... Тілім бармайды соның атын атауға.
— 
Қайтесің, барғыз.
— 
Мақұл, Тәңірберген мырза. Мыналарды көрдің бе, 
кеше Жемде біздің астықшыларымызды...
— 
Жә, болды.
Аралары үзілмей, күн-күн, түн-түн ағылып жатқан 
осыншама әскердің соңғы жағын ала қару-жарақ, 
оқ-дәрі тиеген ат арбалар, снаряд артқан түйелер, 
пулемет орнатқан тачанкілермен бірге аралас-
құралас броневиктер өтті. Енді біткен болар дегенде 
сонадайдан нар түйедей зіңкиген алты дюимді ағылшын 
зеңбіректерінің жотасы көрінді.
– Ел.. Ал, кешір, Тәңірберген мырза – деп, Әли 
тағы да үзеңгі қағысып қатарласа берді, – мыналар... 
апырмай, түрі жаман екен.
Еламан үндемеді. Бұ да суық үрей жүрегіне шауып, 
қатты шошынып келе жатқан-ды. Бір жақсысы, әйтеуір, 
қазақ даласы кең, ертең мына қарақұрым әскер топан 
судай қаптап бергенде бұлар тиіп-қашып қаша ұрыс 
салып бірдеңе қылмаса, қасарысып тұрып табан тіреп 
соғысу қиын боларын білді. Қалайда күні ертең бұлармен 
бірме-бір жағаласады. Со бір жан алып, жан беретін 
қызыл қырғында жағаласқан жауыңның күш қарамын 


732
біліп, өзіңнің де алдын ала қамданып әзір тұрғаның 
дұрыс екеніне көзі жетіп еді. «Апырмай» деді Еламан 
ішінен, «жарты өмірін Сібірдің шахтасында өткізген 
көксау комиссарды соғыстан хабарсыз, мақұрым 
көретін. Сүйтсе, көрдің бе, жеті қат жер астында жатып 
бәрін ішіне түйіп, оқып-тоқып шыққандай».
Түстік Армия штабы қазақ жеріне Орталық Ресейден 
ерте заманда кеп қоныстанған орыстардың поселкесіне 
тоқтаған екен. Еламаңдар әкелген жылқыларды 
қабылдап алғасын бұларды штабтан аулағырақта 
оқшау тұрған үйге түсірді. Бұлар аттарын байлап, үсті-
басының шаңын қағып, енді есік алдындағы қарағай 
құдық жанында жуынып-шайынып жатқан үстіне жирен 
мұртты жас майор келді. Қасында тілмаш.
– Салем, бауырлар – деп, татар тілмаш қолын 
кеудесіне апарып, басын иді. Ал майор әлі де болса 
балалық мінез бастықпаған жеңілтек болу керек. 
Құндыз бөрік киіп, мақпал бешпет сыртынан қызыл 
түрме белбеумен буынған қазақ жігіттерін анадайдан 
қызықтап, қасындағы тілмашқа бұларды иегімен нұсқап 
күліп келе жатқан-ды. Бұларға келгесін де күлкісін 
күшпен тежеп тұрып, жүз жылқы айдап әкелген қазақ 
байы, сірә, осы болар деген долбармен Еламанға қолын 
созып еді; бірақ ол ойлағандай, Еламан елп ете қоймады. 
Су қолын әуелі Әли әзірлеп тұрған сүлгіге сүртті. 
Сосын жаңа жуынғанда су тиген мұртын асықпай, 
алақанымен бір сипады да, сонан кейін ғана салмақты 
жүзін сабырмен ақырын бұрып, қылжақбас майордың 
өзіне созып тұрған қолын кешеуілдеп алды.
– здравствуй.
– Оһ-о!..
Еламан оған енді назар салмады. Күн қаққан өңі 
суық томсарып сазара түсті. Әли іштен әкеліп иығына 


733
жапқан қара мақпал шапанның жеңін кимей, иініне 
желбегей салып, күлегеш офицерге сыртын беріп тұр. 
«Құрмет көрсетіп тұрып та қомсынғанын жасырмайды. 
Итіне дейін өзін артық сезіп, мысқылын мұртының 
астына жасырып жүргендері».
– Жылқыларды қабылдап алыңдар, – деді тілмашқа.
– Алған, берген жөнінде қағаз...
– Қағаздың қажеті жоқ. Бізді генерал қашан 
қабылдайды?
– Колбасы сырқат. Салқын тиген. Тұмау... Тұмау 
дегенді түсінесің ғой?
– Ертең қабылдай ала ма?
– Менімше... қабылдауға тиіс. Ал бүгін кешірім 
өтінеді.
Еламан басын изеді. Қылжақбас майор мен тілмаш 
қоштасты да шапшаңдап жөнеліп бара жатты. Олардың 
қарасы ұзаған бойда Әли мен Рза мәз боп:
– Әлгі сары сайтан сазайын алды! Өзіне де сол керек.
– Жоқ-ау, тіпті... Бізді көрсе үстіне түйе кіргендей 
болатынын қайтерсің?! – деп қауқылдасып жатыр.
Еламан ішке кірмей, айнала төңірекке көз caп сыртта 
біраз жүрді. Өзінің көрген, білгендері аздық ететін 
болғасын, осы сапарында оңтайы келсе мыналардың бір 
офицерін тұтқындап ала кетпек ойда. Сонда жүз жылқы 
мен ертең генералға сыйға тартатын күміс ер-тұрман, ақ 
арғымақтың өтеуі қайтар еді. Ойын Әлиге айтқысы кеп 
оқтала түсті де, өзін тежеп қалды.
Еламан ішке кірді. Алдына алжапқыш байлаған 
әдемі келіншек үй ортасындағы столға ас даярлап 
жатыр екен. Үстіне кірген бұған қызыл шыт кофтаның 
ар жағынан шіреп тұрған көпшіктей кеудесін шұғыл 
бұрып, аясы үлкен көк көзін қымсынбай да қысылмай 
қадап тура қарап еді, Еламан аяқ астынан абыржып, 


734
«мына сайтан қайтеді әй?» деп, көзін алып қашты. 
Былайғы кезде де әйел алдында именшек жігіт қызарып 
кетті. Самай шашы ақ бурылданып қалған дап-дардай 
кісінің осынша ұялшақтығы қызық көрінді ме, келіншек 
езу тартып күлімсіреді де, арғы жағында ыдыс-аяқ 
салдырап жатқан ас үйге жүре берді. «Қазақ әйелдеріне 
қарағанда осы шіркіндер дарқандау келеді-ау. Уыздай 
жап-жас басымен әкесіндей кісіге тиісіп тұрады» деп 
ойлады Еламан. Азды-көпті жасаған өмірінде өз тірлігі 
екі әйелге ғана жанасыпты. Оларға үйленген күнін 
есіне алды. Екеуі де ақ некелі төсек салынғасын жатар 
алдында шапанды басына жамылып тысқа шығып кетті. 
Сонан қашан таң атқанша үйге кірмей қойған-ды. Кейін 
қанша бірге тұрғанда да өзі білетін осы екі әйелдің 
екеуі де еркекке еті үйренбей-ақ қойды. Тар төсекте 
тығылысып жатқанда да бет қарып тұратын ұят нәпсіге 
тыйым салып, бойларын тежеп қала беретін.
Еламан ертеңіне таңмен таласа оянды. Сыртқа 
шығып, есік алдындағы қарағай құдықтың шекеңнен 
шыққандай мұп-мұздай суымен беті-қолын жуды. 
Сонан бұлар ертеңгі асын аяқтап бола бергенде, кешегі 
жеңілтек майор кеп «генерал шақырып жатыр» деді. 
Еламан ежелгі бір мұсылман дәстүрімен ас соңынан 
бетін сипады да, жігіттерін ертіп тысқа шықты.
Генерал Чернов бұларды штаб орналасқан үлкен 
ақ үйдің алдында күтіп тұр екен. Еламанның көзі бір 
дегеннен қолбасыға түсті. Түрік жерінде бұл біраз орыс 
генералын көрген. Олар қырда жайылған дуадақтай 
көзге толық болатын. Және шетінен алтын иық, ажарлы 
еді. Ал мынау орта бойлы, бірақ ілмиген арық. Үстіндегі 
киімдері де күйсіз. Әсіресе, жотасы мен жауырыны 
күнге күйіп, бояуы оңып кеткен көнетоз китель кәрі 
генералдың арық денесіне кеңдік етіп қолпылдап тұр. 


735
Кірбиген көңілсіз түрі де осы өмірден тауы шағылып, 
әбден қажыған уайымы көп кісінің енжарлығын 
байқатады. Кеше қылжақбас майордың қолбасыға 
Омбыда салқын тиіп, тұмауратып қайтты дегені есіне 
түсті.
Еламанға қолбасының сабырлылығы ұнады. Сары 
ала киімі шұбатылып келе жатқан дала қазақтарына ол 
өзгелердей сықсыңдап қарамай, ойлы көзін сабырлы 
салмақпен тастады. Жаңа қолын бергенде байқады, 
алақаны әрі ыстық, әрі жұп-жұмсақ екен. Генерал 
қасында тұрған тілмашқа бұрылып:
– Мырзаның бізге сыйлаған аттарын көрдім. Өңшең 
жарамды жақсы жылқы екен. Колчак үкіметінің атынан 
алғыс айтам! – деді.
Татар тілмаш дереу қазақшаламақ боп шүлдірлеп 
келе жатыр еді, Еламан:
– Қажеті жоқ... – деп тыйып тастады.
– Мырза, орысша білетін болдыңыз ғой? – деді 
Чернов.
– Қалада жиі болам. Сосын орыс байларымен 
араласым бар ғой.
– Осы маңның бір жерінен келдіңіз бе?
– Біздің жеріміз бұл арадан алыс. Арал теңізінің 
жағасынан келдім.
– О-о, шынында да еңбегіңіз зор екен. Неше күн 
жүріп келдіңіз?
Еламан бұндай сұрақтың болатынын біліп, күні 
бұрын жауабын әзірлеп келген-ді. «Бес күнде жеттік» 
деді. Генерал өзіне сыйға тартқалы әкеп тұрған атқа 
бұрылды. Екі жігіт – Әли мен Рза ақ арғымақты тізгінінен 
тұқыртып ұстап тұр. Соның өзінде ауыздығын қарш-
қарш шайнап, кең танауы жел тартып пыр-пыр етеді.
Еламан байқап тұр: генерал Черновтың көзі 


736
жайнап кетті. Қасындағы кісілердің басымен алысқан 
аттан қорқып сақтандырғанына қарамай, генерал 
тартынбастан бірден арғымаққа жетіп барды.
– Генерал мырза, абайлаңыз! – деді офицер.
Чернов арғымақтың жалын ұстап еді, керегедей жал 
уысын керіп шыға келді. Сосын ол тып-тығыз тықыр 
түгін сипады. Қолы түгіне тиер-тиместе-ақ арғымақтын, 
денесі дір-дір етті. Ат осқырып, қозғалақтап, сауырын 
бұрғанда үстіндегі күміс ер-тұрман күн сәулесіне 
шағылысып жарқ-жұрқ етті. Генерал Чернов арғымақтың 
қасынан кете алмай, айналсоқтап іркіліп тұр. Осындай 
арғымақтың талайын әне бір заман түзу кезде патша 
сарайынан көретін. Алыстан қызыққаны болмаса, дәл 
осындай ыстық қанды дегдар жылқыға тақымы тиіп 
көрмеген-ді.
Генерал Чернов шын разы боп:
– Рақмет, мырза! – деп, Еламанның қолын қысты 
да, түскі асқа шақырды. Сол күні олар көктем сәулесі 
шұғыласын мол төккен оңаша кең бөлмеде екеуден-екеу 
отырып сөйлесті. Чернов баяу басталған әңгіменің бір 
тұсында Арал өңіріндегі халық немен кәсіп етеді, балық 
аулай ма деп сұрады.
– Қазақтың кәсібі – мал ғой. Балық аулайтындар да 
бар.
– Қызыл балық бола ма?
– Е, болғанда қандай.
Генерал Чернов келесі әңгімені неден бастарын 
ойлағандай, азырақ іркіліп, шайға салған қантты 
бал қасықпен былғап отыр. Еламан алдындағы асқа 
ауылдағы әдетпен құныға ұмтылмай, өзі көріп жүрген 
ақ сүйек мырзалардың маңғаздығына салып, асықпай 
баппен алды.


737
– Қызылдарды қалай қабылдап жатырсыңдар? – деді 
Чернов.
Еламанның бұл бір күтпеген бейқам тұсы еді; солай 
боларын білгендей, ақ генерал да өзінің осыған дейінгі 
сыпайылығын былай қойып, Еламаннан екі көзін 
айырмай бағып қалды. Ә дегенде аузына сөз түспей 
қысылып қалған Еламан іле-шала сонысын жуып-
шайып сәл езу тартып еді, генерал Чернов:
– Неге күлдіңіз? – деді.
– Жоқ, жай ғана – деп, Еламан аяқ астынан райланып 
күле түсіп, – осыны сұрайтыныңызды біліп едім, – деді.
– Онда жауап бермей-ақ қоюыңызға болады.
– Неге, тақсыр?
– Күні бұрын ойлап қойған жауаптың шындығы 
шамалы.
– Жақсы айттыңыз.
– Еліңізде оқыған азаматтар бар ма?
– Дегенмен, генерал мырза, сіздің жаңағы 
сауалыңызға жауап берейін.
– Мейліңіз білсін...
– Орыс халқы секілді қазір қазақтар да екіге бөлініп 
кетті.
– Кедейлер жағы, әрине, қызылдарды қолдайды ғой?
– Иә, қызылдар жағында.
– Демек, қазақтардың басым көпшілігі қызылдар 
жағында болды ғой?
– Солай.
– Мырза... Сіздің халық қызылдарды сонда не үшін 
қолдайды?
Еламан аузына апара берген кесені ерніне тиер-
тиместе кері тартып алды. Жол бойы неше күн ойласа 
да, мынау тағы да қапысын тосқан тұтқиыл сұрақ еді. 
Ол біраз отырып барып:


738
– Бостандық... – деді.
Чернов түрегелді. Темекі шекті. Еламанға іркіліп 
тесіле қарап біраз тұрды да:
– Сонда қалай, қазақ бостандық сүйгіш халық 
демексіз бе? – деп еді, «жаңағыны әнтек айттым ба» деп 
ойлаған Еламан:
– Құранда айтқан ғой: «Байлық барша жұртқа ортақ. 
Тек Алла тағаланың көктен тастаған ырзық-несібесін 
бөліскенде, бергі жағындағылар біріне-бірі қиянат, 
зорлық істеп, біреуге аз, біреуге көп тиеді» деген.
– Әдемі айтқан екен.
– Құран сөзі болғасын қара халық бұны құдайдың 
аузынан шыққан ақиқат шындық деп біледі. Ертеңгі 
күні қарны ашса да алдындағы асын сіз бен біз тартып 
ішкендей болады.
Генерал Чернов кенет әңгімеге ықылассызданып, 
терезенің алдына барып сыртқа көз тастады. Әйнектің 
ар жағында мөлдіреген көк аспанда шудадай аппақ бұлт 
әлдебір жаққа маңып барады екен. Генерал терезенін 
пердесін түсіріп жіберді. Мына қара мұртты мырза 
ойынан кетпей тұр. Өзі болса, жер қайысқан қолды 
бастап қырғыз-қайсақтың бұлар бұрын-соң өмірі аяқ 
баспаған сыры белгісіз жұмбақ даласына тереңдеп кіріп 
келе жатыр. Кешегі патша заманында бұларды тілі, діні 
басқа, жабайы, тағы көрді. Өзінің түсінігі де осының о 
жақ, бұ жағы еді. Баяғы Ермак жаулап алатын Көшім 
ханның ордасы құлағасын, жан-жаққа тоз-тоз боп 
бытырап кеткен көшпелі рулар мен тайпалар... қырғыз-
қайсақтар мекені.
Рас, кейін Харбинде қарт досы Рошаль бұған Шоқан 
Уәлихановтың кітабын берді. Іші пысып зеріккесін 
оқып еді. Атақты хан тұқымынан шыққан қыршындай 
жап-жас жігіт патша ағзамның бүкіл ресейлік география 


739
қоғамына мүше бопты. Достоевскиймен дос бопты. 
Бұған дейін қырғыз-қайсақтан дәл осындай өткір ойлы, 
зерделі оқымысты шығады деген ой бұның үш ұйықтаса 
түсіне кірген жоқ-ты.
Кейін бұл Омбыға келгесін қазақтың талай-талай 
оқыған ұлтшыл азаматтарымен кездесті. Арысы 
Петербур, Мәскеу, берісі Орынбор, Омбыда оқыған, 
білімді, тілін безеп сөйлеп кеткенде тап бір Еуропаның 
баяғы айтулы ділмарлары аузына түкіргендей, шетінен 
шешен, паң, маңғаз. Олар да өз халқының бостандығы 
мен бақыты жолында ештеңеден тартынбай, басын 
оққа байлап жүрген саналы азамат сияқты еді. Қазақ 
жеріне кіргелі генерал Чернов бұл елдің бұл жақтағы 
шонжарларымен кездесе бастады. Олардың бәрі ұлық 
алдында өздерінің кісілік қасиетінен айырылып қап, 
иіліп-бүгілген бірдеңе. Ал мынау... Жоқ, бұл нығыз. 
Кіммен де терезесін тең ұстайтын сияқты.
Генерал Чернов мырзаның адалдығына сенгісі 
келсе де, тіпті шын көңілімен сеніп тұрып та, бір 
шүбә, бір күдік ар жағында тікендей қадалып тұрып 
алды. Шығыс халқының зымияндығы жөнінде Еуропа 
саяхатшыларының естеліктерінен оқығаны бар-ды. 
Бұның енді түу сонау Арал теңізінен күн, түн қатып 
іздеп келетіндей бұларға сонша не бауыры бітіп барады? 
Бұнда қандай сыр бар? Жер түбінен сабылып іздеп келу 
үшін адамды ықтияр еркіне қаратпайтын не ыстық 
махаббат, не өзіне тиімді көздеген үлкен бір мақсат 
болу керек қой. Басынан бақ тайған қазіргідей заманда, 
басқаны қойғанда, кешегі қанды көйлек достар қашып 
жатқанда, баяғыда Ермак пен Черняев қылыштың жүзі, 
найзаның ұшымен бағындырған бұратана халықтан 
жанқияр дос шықты дегенге кім сенеді?
Генерал Чернов Еламанға білдірмей көз қиығын 


740
тастады. Бір есептен таяу күндердің бірінде бұнда 
одақтас елдердің әскери мамандары келуге тиіс-
ті. Мынаның достығы шын болса, бұны солардың 
алдында көз ғып ұстаса қайтер еді деп ойлады. Несі 
бар, алда тұрған ертеңгі сұрапыл шайқастарда тап мына 
құс ұшпайтын қу далада бұлар жалғыз емес екенін, 
жергілікті халықтың да қолдайтынын көрсін.
* * *
Генерал Чернов Омбыға ерте көктем басында 
келген-ді. Бұл қыс бойы тоңы ойылмай жатқан Сібірдің 
сіреу қары жаңа-жаңа көбесі сөгіле бастаған кез. Кеше, 
жыл басында жыра, сайларды жер бетімен бірдей ғып 
басып салған үйінді қардың қазір ептеп астынан еріп, 
сылдырап су жүре бастаған шақ-ты.
Харбиннен шыққалы қарт генерал көз ілген жоқ; 
онан басқа жолаушылар кешкі асын ішіп, әлдеқашан 
ұйықтап қалған. Бұның купелес көршісі де ұйықтап 
жатыр. Көз іліндіріп алғысы кеп бұ да әлгінде қисайып 
жата берді де, басын кенет жастықтан көтеріп алды. 
Осы күндері ойынан кетпей қойған күдік көңіліне қайта 
оралып: «Осыған сенейін бе, жоқ па?» – деді күбірлеп. 
Сібір жаудан босады. Омбыда Колчак үкімет құрды. 
Бұлардың да басына баяғы дәурен қайта орнап, енді міне 
бұ да, бұның өзі де жат ел, жат жұртта өткен екі жылғы 
сергелдеңнен кейін Отанына оралып, қайтып келе 
жатыр. «Осы рас па? Сенейін бе, сенбейін бе?» деуін 
десе де, ол іле-шала өзіне-өзі: «Сен, сен, рас, бәрі рас», 
– деді. Колчактың үкіметі рас. Өзінің Отанына, сүйікті 
Отанына қайтып келе жатқаны да рас. Міне, Колчактан 
келген шақыру қағаз қолына тие сала өзімен бірге 
Харбиннен пойызға мінген көршісі қаннен-қаперсіз 


741
ұйықтап жатыр. Патша тақтан құлаған кешегі алағай-
былағайда шет елге қашқан алтын иық төрелер де қазір 
Омбыға жан-жақтан ағылып келіп жатыр деген хабар 
Харбинге де жеткен-ді. Енді көре қал, Ресей ел болып, 
еңсесін қайта көтереді. Ақ патшаның туы астында 
бұлар қайта бас қосады. Ескі достарға қауышады. Ендігі 
қалған өмірі кешегі орыс-герман соғысында қара боран, 
қарлы окопта ит өмірдің ащы, тұщысын бірге татып, 
бірге көрген қанды көйлек достармен бірге өтеді. Не 
көрсе де бәрі бірге көреді.
Генерал енді қайтып төсегіне жуымады. Шекараға 
жақындаған сайын шыдамсызданып әбден зықы кетіп 
болды. Мына пойызы түспегір жетіп болмағасын бір 
кезде терезеге төніп, мінбелеп отырып алды. Міне, 
шекара! Мына ала бақанның арғы жағы Ресей! Ал сонау 
түксиген қара орманның ортасындағы әне бір алақандай 
алаңда бөренеден қиып салған кішкентай үш үйдің ар 
жағында жатқан ұлан-байтақ ел-жұрт бұның Отаны. 
О, садағаң кетейін!.. Құсада өткізген екі жылда түнде 
түсінен, күндіз ойынан шықпаған ел-жұрты!
Генерал Чернов сыртқа ұмтылды. Қарт проводник 
бұны көрген бойда әлденеге түсін бермей, сырт айналып 
бұрылып кетті. Ала бақаннан өткесін пойыз әлде де 
кішкене ілгерілеп барды да, әлгі үш үйге қатарласа бере 
тұла бойындағы темірлерін салдыр-күлдірлете кілт 
тоқтады. Проводниктен кейін түскен генерал аяғының 
ұшы жерге тиер-тиместе тізесі дірілдеп кетті. «О, 
Тәңірім... Орыс жерінің топырағын басатын күнге де 
жеттік».
Дала тастай тұман. Төбеңнен басқандай қорғасын 
салмақты ауыр бұлт күллі аспанды тұтас басып бүркеп 
апты. Мезгіл қай шама? Күн шықты ма, жоқ па, біліп 
болмайды. Бойына ылғал тартқан азанғы ауа ауыр екен. 


742
Сыртқа шыққан бойда генерал қатықтай іркілдеген 
ауаны аузымен қарпып бірер жұтты да, етігінің 
тұмсығына іліккен әлдебір тасты бір тепті де, ілгері 
жүріп кетті. Станса басының қары айнала төңіректе 
қарауытқан орман арасындағы қардай тоңы бұзылмай, 
аппақ боп сіресіп жатқан жоқ, ала қанат. О да түнімен 
еріп, көксоқталанып былжырап жатыр екен.
Чернов ішке кірмеді. Аяғына аздап ылғал өткені 
болмаса, денесі әзір тоңази қойған жоқ-ты. Станса 
басында қыбыр еткен жан жоқ. Үш үйдің де есік, 
терезесі жабық. Тек басқалардан гөрі темір жолға 
жақын тұрған үйдің қорасынан сиыр мөңіреді. Әскерге 
алғанша бұл Калуга губерниясының алыс түкпірінде өз 
шаруасы өзіне жететін ауқатты помещик семьяда өскен-
ді. Мал жайын білетін. Мынау ерте бұзаулаған қашар 
сиыр екенін бірден білді. Мама сиырлардай емес, бұлар 
сауыны мезгілінен сәл асса да, сүт толған желін дерітіп, 
дәл осылай аспан астын азан-қазан қылатын әдеті.
Пойыз ұзақ тұрды. Әлгідей емес, тұман ептеп сейіліп, 
жақын, жуық маңай анығырақ көріне бастады. Қашар 
сиыр мөңіреген үйдің қорасы толған қарақат па, шие ме, 
олардан да басқа бей-берекет өскен жеміс бұталар шық 
түсіп, су-су боп селігіп тұр екен. Әлгінде бір топ шөже 
торғай осы бұталардың бұтағында шүпірлеп отырған. 
Өздері болымсыз бірдеңеден үрікті. Ұшса да, қонса да 
тату тобын жазбастан шоғырланып жүретін пақырлар 
дүрк көтеріліп ұшқанда түнгі шыққа малынған бұта 
шұғыл сілкініп, мөп-мөлдір мұздай тамшылар сіркіреп 
қоя берді. Шыққа малынған үйлердің, вагондардың 
төбесінен су сорғалап, онсыз да миы шығып жатқан 
жерге тырс-тырс тамады.
Генерал Черновтың есіне Манжория түсті. Онда 
да қазір осы көктем. Осы торғайлар. Онда да дәл 


743
осындағыдай ала қанат қар. Алыс-алыста қарауытып, 
мұнартқан орман. Онда да дәл осындай жыртық-тесігі 
таусылмайтын жүдеу өмір. Генерал мына дүниені жаңа 
көргендей, айналаға назарын іркіп, ойлана қарап тұр. 
Неге көзі түссе де адам зердесі ақырына дейін жетіп 
болмайтын мына дүниенің осы арада, тап осы қазір өзі 
байқаған бір сырына қайран қалады. «Апырау» деді 
генерал ішінен, «мынау қыс бойы сіреу қар астында 
жаны шыққан өліктей тоңы ойылмай жатқан жерге мүлде 
ұқсамайды ғой? Қыс ызғары қайтып, күн жылт етіп сәл 
рай беріп еді, көрдің бе, бұл жарықтық та бусанып, тұла 
бойынан бу бұрқырап, жаны жайлы рақат тапқанын. 
Асылы, айт-айтпа, жер де адам нәсілді ғой. Қыс бойы 
қар астында қол-аяғы бүрісіп жатып еді. Күн көзі рай 
бергесін әйел нәсілі ұсап, бұ да нәпсісіне ие бола алмай, 
көңіліне желік кіріп шыға келді. Көре қал, күні ертең 
түгі түлеп, құлпырып шыға келеді. Осыдан былай қарай 
жер бетіндегі күллі тірлік – жанды, жансыз – бәр-бәріне 
тойымсыз бір ашқарақтық тап болып, күні ертең әлі-ақ 
әр көде, әрбір бұта түбіне ұрық шашып, жер-дүниені 
жас ұрпаққа бөлеп, шешек атып шыға келер-ау! «Иә, 
дүние тозбайды» деді генерал. «Тозса – жан тозады. 
Біз тозамыз. Мына дүние – жер, су, тау, тас, орман, 
тоғай – қар мен мұз астында жатса да, жылда-жылда 
көктем жылт еткенде, осы кез, дәл осы бір мезгілде 
бір жасарып, жастық дәуренге қайта қауышып, бәрін 
басынан қайталап өткізіп отырады. Құдіреттің сонысы 
қандай жақсы».
Генерал Чернов көңілді. Отанына жылдың басқа 
мезгілі емес, дәл осы кезде, ерте көктемнің басында 
оралғанын да жақсы нышанға жорып, жүрегі де дәл 
бағана шекарадан өтерде өзін ықтияр еркіне қаратпай, 
құйындай үйіріп әкеткен ыстық сезім ұйтқытып, 


744
лүпілдеп қатты-қатты соғып кетіп еді. «Қайран, Русь» 
деді генерал, «асылы, кісі туған жердің қадірін сыртта 
жүргенде біледі екен ғой».
Чернов зәті елжірек жан емес-ті. Неге екенін қайдам, 
сыртта өткен екі жыл әсер етті ме, отанына оралғасын 
болмашыға көңілі босап, жаны, жүрегі елжіреп, мына 
адыра қалғырдың топырағы мен әрбір тасын аймалап 
сипалағысы кеп кетті. Өз өмірінің ең бір бақытты 
күнінің ескерткіші болсын деп осынау ұлан-байтақ 
елінің қиыр шығыстағы шекарасынан бір тасты ала 
кеткісі кеп, күн санап қимыл-қозғалысқа құлықсыздана 
бастаған кәрі денесін күшпен иіп, аяқ астында жатқан 
бар тасты алғалы қолын созып еңкейе берген-ді. Көзінің 
қиығы ертеден бері бұны бағып тұрған қарт проводникті 
байқап қалды да, қолын жалма-жан тартып ала қойды. 
Қырсық шалдан қысылды ма, аузына түскен әлде бір 
әскери әуенді ыңылдап, сырттап кетіп бара жатыр еді. 
Проводник соңынан іле дауыстады.
– Генерал, қалып қоясың. Мін! Тез! Тез!
Шынында да поез жылжып барады екен. Бір пәлесі 
бұның вагоны ілгері ұзап кетіпті. Генерал амалысыз 
жүгірді. Вагонның басқышында мәз боп күліп тұрған 
проводникке қарамауға тырысты. Ресейде мәртебелі 
генерал лауазымының қадірі қалмағанын білетін. Ол 
тек… тым құрыса, бұның жасы мен аппақ қудай басын 
сыйлайтын кісі қалмағанына қынжылды.
– Жоқ, тым жақсы жүгіреді екенсің, – деді проводник.
Генерал Чернов оған түсін бермей, тұсынан өтіп кетті. 
Купелес серігі бағана іргеге қарап жатқан күйінен әлі 
қозғалмапты. Қазір қайта кеспелтек толық денесі қатты 
жүріп кеткен поездың ырғағымен дір-дір шайқалып, танауы 
пысылдап, рақаттанып ұйқтап жатыр екен. «Бақытты жан 
екен», – деді генерал.


745
***
Шетте жүргенмен генерал бұндағы жағдайға қанық 
еді; мәселен, бұл Колчак әскерінің көктемгі дыз еткен 
шабуылы дем арасында демі бітіп тоқтап қалғанын білетін. 
Бугулма түбірде болған сол шайқастан кейін бұл білерде 
қайта қызылдар күш алып, бұларға ес жиғызбай жапырып 
қуып келе жатқан сияқты еді. Соған қарамастан Омбыда 
шығатын бар газеттің бәрі жеңімпаз адмирал әскерінің 
жеңістері жөнінде құтыртып жазды. Бұл күндері жоғарғы 
ставкада бұлардың аузына жеңістен басқа сөз түспеді.
Генерал аң-таң. Кімге сенерін білмей, сонан қашан 
Колчакқа барғанша көңілі күдікке толып дал боп жүрді.
Өз басы жоғарғы ставкада отырғандарға сенбеді. Бұл өзі 
орыс-жапон соғысына, онан берегірек келгесін орыс-
герман соғысына қатысып, соның бәрінде де соққы жеп 
әбден зәрезап боп қалған қарт генералдың кәрі денесіндегі 
жау тырнағының ізі әлі жазылып бітпеген-ді. Ол, әсіресе, 
штаб маңындағы сары ала иық офицерлердің сөзіне 
сенбейтін. Қолбасылар мен көсемдердің көңілін тауып, 
құлқынан шығып үйренген жылпос немелер құлаққа 
жағатын сөзге шебер.
Генерал Чернов Омбыға келген күннің ертеңінде 
Колчакта болды. Колчак:
– А-а, Николай Ильич, қош келдіңіз! – деп, бұны 
ілтипатпен қарсы алып, қолтығынан демеп апарып 
креслоға отырғызды. – Ал, қалай жеттіңіз? Жолда 
қиындық көрмедіңіз бе? Иә, қазір қайда да қиындық 
жетеді. Бізге де оңай боп жатқан жоқ. Халық аш. Бірақ... 
сабыр, сабыр керек. Кішкене пұрсат беріңдер. Әуелі ел 
басындағы қазіргі ауыртпалықты бір жағына шығарып, 
тынышталып алайық. Сосын көре қалыңдар, бір күнгідей 


746
болмай, Россия баяғы қалпына... Кешіріңіз! –деп, Колчак 
бұрылып, сырт жағында шырылдап жатқан телефонға қол 
созды.
Чернов байқап отыр: Колчак көңілді. Сергек. Омбыға 
келгелі бұның жанын қинап жүрген көп қиындық, көп-
көп уайым оның қаперіне кіріп шықпайтын сияқты. Шын 
солай ма? Әлде Харбиннен келген бұған көз қылғаны ма? 
Ана жақтан телефон соққан кісіге де:
– Астық болады. Волга бойының биылғы астығы 
біздікі. Иә! Иә! Тек, биыл о жақта жауын қалай екен? – 
деді.
«Жоқ, бұлардың жағдайы жаман емес сияқты» деп 
ойлады генерал. Патша құлап, ел басына қара күн туған әне 
бір кезде «өлсең – тұрма» дегендей, қара басын қайттап, 
шет елге тайып тұрғаына өкінеді. Ендігі қалған жерде не 
көрсе де Колчакпен бірге көріп, тағдыры таразыға түсіп 
тұрған сорлы Отанына жатпай-тұрмай адал қызмет істегісі 
кеп құлшынып отыр еді.
Рұқсат сұрап жас офицер кірді. Онымен шалғайласа 
шалғайласа сүрініп-қабынып тағы бір офицер кірді. Екеуі 
де қолдарына ұстай кірген картаны столға жайды да, 
сыптай боп тартылып тұра қалды. Сәл қозғалса да қонышы 
сыптай қара хром етіктің сірісіндегі күміс шпор шылдырап, 
терезеден түскен күн шұғыласы әуелі зер погонға, сосын 
омыраудағы сары жез түймелерге шағылысып, жалт-жылт 
етті.
Чернов олардан бетін бұрып әкетті. Мына шіркіндер
бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай еді. Кеше Бугулма 
түбінде тас-талқаны шыққаны естерінде жоқ. Колчактың 
жеңімпаз әскерлері кешегі сәл сәтсіздіктен кейін естерін 
жия бастағанын айтып тұрып та қайта-қайта сипақтап, 
үсті-бастарын, белбеу, портупейлерін жөндеумен болды.


747
– Көрдіңіз ғой, шабуылға әзірленіп жатқан үстіне 
келдіңіз, – деді Колчак.
Генерал Чернов қостаудың да, қарсы болудың да жөнін 
таппай, салмағымен жаншып отырған былғары креслоны 
сықырлатып қозғалақтап қалды. Офицер кетерде бұған көз 
қырын да салмастан соғыс жүріп жатқан жердің картасын 
шиыршықтап жиып алды да, сыпсыңдап шығып кетті.
– Жаңағыларға сенесіз бе? – деді Чернов.
– Сіз ше? – деді Колчак, – Сіз, сірә, сенбейтін боларсыз. 
Ха-ха-ха! Я вижу вы скептик.
Генерал көмейіндегі күдікті айта бастап еді; бірақ 
Колчак оны тыңдамай киіп кетіп:
– Сіз Харбиннен келдіңіз. Ал, маған ұрыстың ішінде 
жүрген кісілер келеді. Оларға сенбеске хақым жоқ, – 
деді де, орнынан тұрды. Сосын даладай кең кабинеттің 
тұтас бір қабырғасын алып жатқан Ресей империясының 
картасы алдында ерсілі-қарсылы кезіп біраз жүрді. Генерал 
жұмсақ креслода көміліп отыр. «Скептик» – деп, ол өзін, 
әлде, басқаны мысқылдағандай, іштен бір мырс етті.
Сәтсіз аяқталған орыс-жапон соғысынан кейін осы 
сөзді бұл жұрт аузынан жиі еститін. Әдепкі кезде кәдімгідей 
торсаңдап ренжіп қалатын. Кейін, берегірек келгесін оған 
да үйренді. Жұрттың көзі жетіп тұрған жағдайда да бұл, өз 
басы, сенер-сенбесін білмей, екі ойлы боп шүбәланып қала 
беретін боп жүр.Оны өзі сезеді. Сондайда сүйекке біткен 
мінездей әдетке айналып кетпесе кәйтсін деп ойлайтын. 
Колчак кең кабинетті кезіп жүр. Алдынан өткен сайын 
адмиралдың қара хром етік киген тертедей ұзын аяғы 
ерең-серең. «Тырна аяқ екен ғой» деді ішінен. Бұрын 
бұлар кездескен емес-ті. Патша құлағаннан кейін кеше 
аспанды төбесімен тірегендей боп жүрген төрелер мен 
алтын иық офицерлердің басына қара күн туып, жан-
жаққа безіп кеткенде, Чернов та ендігі тірліктен түк 


748
қызық қалмағандай түңіліп, көз көріп, құлақ естімес қиян 
шетте жатқан Жапониядан бір-ақ шыққан-ды. Жалғыздық 
жанына батты ма, әлде бір табан да болса сорлы Отанына 
жақындай түскісі келді ме, кейін, Харбинге келіп 
орналасты..
Колчак та Харбинде жүр екен. Патша құлағаннан кейін 
немістермен ендігі соғыстың қажетсіздігіне көзі жеткесін, 
Қара теңіз флотын тастап кетіпті. Бұлар Харбинде де бір-
бірімен кездесе алмаған-ды. 
Бір сағаттан астам сөйлескеннен кейін Верховный 
правительмен салқын қоштасып, сыртқа шықты.
Ставка алды сапырылысқан кісі. Дуадақтай-дуадақтай 
жуан интенданттар мен иненің көзінен өткендей жас 
офицерлер. Қолындағы кратаға үңілген бір уыздай жап-
жас офицер төмен түсіп келе жатқан бұны иығымен қағып 
кетті.
Өз көңілінде реніші ауырлаған сайын генерал Чернов 
Харбиннен бір ай бұрын келген өзінің қанжығалас кәрі 
досы – қарт генерал Рошальді есіне алды. Бұған таққан 
атақты осындағылар ол сорлыға да теліп, кез келгеннің 
аузында әжуа боп жүр. Бір жақсысы, оның қасында баласы 
бар. зиялы семьядан шыққан тәрбиелі офицер. Ал, бұл 
ше?
Сырт желкемдеу екен. Өн бойы тітіркеніп кетті де, 
жалма-жан шинелінің өңірін қаусырынып ала қойды. 
Атты әскерлер мен бауыры сары ала балшық пәуескелер 
тынымсыз ағылып өтіп жатқан орталық көшелердің қары 
жидіп езіліп кетіпті. Көктем кірсе де, қыс ызғары қайта 
қоймаған. Өкпек желі қойны-қонышына кіре берген соң, 
генерал шинелінің жағасын көтеріп алды. Солқылдақ 
рессорлы арба үстінде отырып та ат тұяғынан ұшқан қар 
суынан тыжырынып қалады. Әскер болмаса, көшеде жай 
халық аз. Ағылшын шинелін киген орыс солдаттарының 


749
арасынан анда-санда қоңыр киімді жүдеу кісілер көзге 
шалынады.
Қала лас. Сылағы түскен, қотыр-қожалақ үйлердің кір-
кір терезесінің әйнектері ішкі жағынан буланып тершіп тұр. 
Бағанадан бері байқап келеді, бір үйдің мұржасынан түтін 
шыққан жоқ. Ештеңені көргісі келмегендей, көзі жұмыла 
берді. Былайғы кезде де кителінің жағасы қолпылдап 
тұратын жіңішке мойнын жиырып иығына тығып алды. 
Мына кір, лас қала, жүдеу халықты көрген сайын көңілі 
ауырлап, жоғарғы ставканы да қайта-қайта есіне алады. 
Екі бетінен қан тамған әлгі бір дуадақтай интенданттар. 
Жалақтаған жас офицерлер. Жайлы креслолы жарық 
кабинеттер... Сонан соң.. терте сирақ Колчак... Адмирал... 
Верховный правитель!
Ойы шатыса бастады. Әсіресе, Колчак жөнінде бір 
байламға келе алмады. Әскер тәртібінің қатал тезіне түсіп 
шыққанына қарамастан, Колчак мейлінше елпілдеген 
ақкөңіл кісі көрінді. Адмирал мүндирін киіп, сап-сары ала 
боп алған бойынан менмендік пен ірілік байқалмайды. 
Осыдан кейін ол Колчакпен қызмет бабында күнбе-
күн кездесіп жүрді. Соның бәрінде де Колчактың бірде 
болмаса бірде осы өлкені патшадан кейін бір шыбықпен 
айдап отырған әмірші екенмін деп басқа жұрттан бойын 
биік ұстап, шіреніп отырғанын көрген жоқ. Ол қайта 
өзінің бұрынғы үйреншікті кәсібінен қол үзіп қалғанына 
қиналатын сияқты ма, қалай. Су үстіндегі соғыстан басқа 
өмірді көрмеген кешегі қарапайым көп адмиралдың бірі 
еді. Бүгінгі күні жер бетіндегі қиын тағдырлы елдің тізгіні 
қолына тиді. Халық аш. Жалаңаш. Күші басым жауға 
қарсылық көрсете алмай қаша ұрыс сап, шегініп келе 
жатқан әскердің түрі анау. Ел еңсесін езіп бара жатқан 
осынша қиындықты көтеру оған да оңай деймісің. Басында 
ет қызумен билік басына бір көтеріліп қалса да, енді қазір 


750
осынау бір кісінің басы айналатын биіктен қалай түсудің 
есебін таба алмай, алдына келгендерден көмек тілеп 
жаутаңдап қарайтын сияқты.
Генерал Чернов кейін Колчакпен жақсы ұғысты. 
Черновты, әсіресе Колчак қатты сыйлады. Оны әуелі 
Жоғарғы Ставканың бас интенданты қып тағайындап 
еді; екі жұмадан кейін соғыс министріне орынбасар 
ғып бір-ақ жоғарылатты. Генерал Чернов жасының егде 
тартып, моқап қалғанына қарамастан өзіне жүктеген 
ауыр жұмысқа жан-тәнін сала кірісті. Ұрыс даласында 
қансырап шегініп келе жатқан әскерді әлденеше аралап, 
небір қиындық жағдайды өз көзімен көріп қайтып жүр. 
Бүгулма түбіндегі шайқастан кейін Колчак армиясының 
халі оңалмасқа қарапты. Соғысқа ықылассыз. Қажыған. 
Ұрлық етек алып кеткен. Басқаны қойғанда, азғантай 
азық-түлік солдат қазанына түскенше сұғанақ қолдар 
жан-жақтан тартқылап, пышақ ұшынан бөліп әкетіп 
жатты. Ол ол ма! Ұрыс ішіндегі офицерлер қатын-
баласын қасына алып жүр. Көктемдегі шабуылда 
көптеген дүние-мүлік жиып апты. Қазір солар ағып-
тамып аяққа оралғы боп алған. Асхана, обоз, артиллерия 
арасында офицерлердің дүние-мүлкін тиеген арбалар да 
сықырлап, тар көпірдің аузында кептеліп тұрып алады 
екен. Ондайда офицерлер әуелі арғы бетке қатын-баласы 
мен дүние-мүлкін өткізбек боп киғылық салып жатады. 
Ызалы солдаттар айқайлап у-шу, азан-қазан боп боқтап 
жатқанда, кейінгі жақтан қызылдар келіп қап, боратып 
оқ астына алады. Қатер төнген кезде әркім қара басын 
қайттап, қолындағы қару-жарағын тастай-тастай қашып 
жатады екен.
Генерал Чернов Омбыға келген бойда тұп-тура 
Колчакқа барып, өз көзімен көріп қайтқан сұмдықтарын 
айтқан еді. Колчак бұлан-талан болды. «Бәрін атам... 


751
Асам...» – деп, айқайға басып бара жатқан соң генерал: 
«Кінәлілерді ата бастасақ, әскеріңіз офицерсіз қалады 
ғой» деп ескертті.
– Енді қайт дейсің маған?
– Әскерді семьядан тазарту керек.
– Е, тазартпайсың ба, кім қолыңнан ұстап түр?
– Ол үшін сіздің атыңыздан бұйрық жазу керек.
– Жаз! Тек тез, тез істе!
Колчак қол қойған қатал бұйрық аэропланмен бар 
армияға дереу жөнелтілді. Арада екі-ақ күн өтті. Үшінші 
күні азанда Колчак Черновты шақырып алды.
– Слушайте, генерал! – дей түсті де, Колчак тоқтап 
қалды. Көңілсіз әңгімені бірден бастап кете алмай, 
тыжырынып отырды да. – Офицерлердің семъясы сен 
айтқандай көп те емес екен ғой, – деді.
– Мен өз көзіммен көріп келдім ғой.
– Маған армия басшылары хабарлады. Ал кейбір 
әскер басылардың семьясын қозғаудың қажеті болмас. 
Реніш, өкпеге қаламыз.
– Түсінбеймін.
– Ал сізге, генерал, көптеген офицер онсыз да 
ренжулі екен.
– Мүмкін.
– Әскерді аралап шығып, бір ауыз жылы сөз 
айтпастан үн-түнсіз кетіп қалыпсыз.
Генерал Чернов темекі шеккісі кеп кетті. Қалтасын 
қарап темекі таба алмады. Айтарын айтып ап, енді 
екі көзін айырмай қарсы алдында қадалып отырған 
Колчакқа бұл әлі жүзін тіктеп қараған жоқ.
– Генерал, саған мен де ренжіп қалдым, – деді 
Колчак.
– Түсінем. Темекініз бар ма?
– Пожалуйста.


752
– Рақмет! Мәртебелі тақсыр, мені соғысқа 
жіберуіңізді өтінем.
– Жә, жә, ренжіп қалған екенсің ғой – деп, Колчак 
қипалақтап қысыла бастады, – әуелі, өзің дұрыстап 
ойландың ба?
– Ойландым.
Колчак шай алғызды. Жаңағы көңілсіз әңгімені 
ұмыттырғысы кеп, әр нәрсені бір айтты. Генерал Чернов 
айтқанынан қайтпайтын түрін танытып, үнсіз тұнжырап 
алды. Ақыры көндіре алмаған соң, оны осы армияға 
қолбасы ғып тағайындап еді. Сонан бері бір ай өтті. 
Қазір өзіне-өзі қожа. Колчактан да, Жоғарғы Ставканың 
жылпылдаған жас офицерлерінен де аулақтап, іргесін 
бөлек салып алды. Тек Омбыдан қашықтап кеткелі 
армияны азық-түлік жағы қинады. Кейінгі кездері 
қырғын ұрыстар күшейіп, оқ-дәрі, қару-жарақ жағы да 
тақыл-тұқыл жетіспей қап жатады.
Осы жағдай жанын қинап жүргенде бір күні оны 
Омбыға шақырды. Омбыға келген күні кешкісін 
Министрлер Кеңесінің мәжілісі болды. Мәжіліске 
үш армияның қолбасшысы түгел қатысты. Жол соғып 
шаршап жеткен қолбасшылар ықылассыз, енжар 
отырған. Әсіресе, генерал Чернов қалғып кете берді. 
Басы қатты ауырып, сынып барады. Мәжіліс түн ортасы 
ауа бергенде аяқталды. Ұйқы басқан бойын орындықтан 
әзер қозғап, сыртқа шыққанда көзі түк көрмеді. Тек 
қараңғыға үйренгесін ғана мәжілістен тараған кісілердің 
есік алдында тұрған машиналарға асығыс отырып, 
жөнеліп жатқанын көрді.
Генерал Чернов жаяу кетті. Кір, лас қаланың 
жапырайған аласа үйлері ұйқыда. Терезелер тегіс көз 
жұмған. Таң таяу сияқты. Әлгінде соншама көп кісі 
жиналған зал ыссы, қапырық боп еді. Сыртқа шыққан 


753
бойда Сібірдің әрқашан таң алдында салқындайтын 
дағдылы ызғарын бірден сезді. Көшеде тірі жан жоқ 
екен. Тек оқта-текте атты патрульдер кездесті. Жүзбе-
жүз кездесіп қалғанда болмаса, қалған уақытта ешкімнің 
ештеңеге зауқы жоқ. Енжар. Сен тимесең, мыналар 
саған тиіспейді. Тағалы аттар тас көшені тақылдатып, 
тұсынан бей-жай өтіп бара жатады. «Жаны ашитын 
бір жан жоқ. Бәрі немқұрайды қарайды» деп ойлады 
Чернов. Соны айтсаң болды, жөніңе қарап жүрмей, 
басыңа пәле тілеп аласың. Іле-шала мырс етіп күліп 
жіберді. «Осы сөзімді Колчак төңірегіндегілер естісе, 
мені тірілей түтіп жер еді ғой» деп ойлады. Онсыз да 
осы күні көп нәрседен үндемей құтылатын боп жүр. 
Бүгінгі мәжілісте де қайсыбір мәселеде келіспей отырса 
да, басқалар сияқты бұ да жұмған аузын ашқан жоқ. Қол 
астындағы әскерге тікелей қатысы бар мәселе болмаса, 
басқа әңгімеге араласуға зауқы болған жоқ. Ұзын 
столдың екі бетін ала жайғасқан кіл қасқа бас, бұғақты, 
семіз кісілердің арасында жалғыз бұл ғана сүлесоқ, 
енжар. «Тезірек бітсе екен» деп отырған-ды.
Мәжіліс соңында Омбыға одақтас елдердің елшілері 
келе жатқаны сөз болды. Жұрт тына қап, тегіс Колчактың 
аузына қарады. Осыған дейін де елшілер келеді деген 
сыбыс үйден үйге тарап, қала іші құлақтанып қалған. Екі 
адам кездессе, амандық-саулықтан бұрын бір-бірінен: 
«Не білгенің бар, елшілер келе жатыр дейді ғой», – деп 
сұрайтын. Елең-алаңда көше сыпырған шалдар мен нан 
дүкенінің алдында өшіретте тұрған қатын, балалар, 
темір жол жұмысшылары құлағы түрік жүрген-ді. 
Енді бүгін сол астыртын хабар расталып, Министрлер 
Кеңесінің ресми ашық мәжілісінде, Колчактың өз 
аузынан естігенде, қорыққаны, әлде қуанғаны белгісіз, 
үкімет мүшелері демін ішіне тартып тына-тына қалды.


754
Генерал Чернов ұйқы қысқан көзін әзер ашып, 
қасында отырған көршісі – сауда министріне қарап еді; о 
да қапылыста соққы тигендей, тапырайған қасқа басын 
иығына тартып мықшия қапты. Астындағы орындық 
әнтек сықыр етсе де, селк ете қап отырған. Кенет ол 
күтпеген жерден атып түрегелді.
– Мырзалар... Мырзалар, мынау ғажап болды ғой! 
– деп айқайлап жіберді. Соны айтардан бұрын өзіне 
әбестеу көрінді ме, алақтап, әуелі Колчакқа, сосын үй 
ішіндегілерге қарады. 
Естуі бойынша мына келе жатқандар бай елдің 
елшілері. Бұлардың қай-қайсысы да ана жақтағы 
өздерінің үкіметі атынан төтенше құқық алып келе 
жатыр. Колчак үкіметінің басына түскен қазіргі таңдағы 
қиындықты өз көздерімен көріп, біліп, қажет деп тапса 
қолма-қол жәрдем бере алатын шамасы бар. Ендеше, 
мыналардың істеп жатқаны не? Ертең елшілер келгенше 
Ресейдің басына үйіріліп тұрған қатер мен қиындық 
жайын осы қазір талқыға салып ақылдасып алса қайтеді? 
Сирағы шыққан аш-жалаңаш халқы бар. Ұзақ соғыстан 
ақ иық болған әскердің халі анау. Халық наразылығын 
үнін шығармай күшпен басып отыр. Шыдам қаншаға 
жетеді. Онсыз да күн санап орман арасы партизандарға 
толып барады. Пара, пайда, ұрлық анау, етек алып кеткен. 
Неше түрлі алаяқ сұмдар адал жандардың арасына іріткі 
салып, атыстырып-шабыстырып отыр. Осыны неге 
ойламайды. Іздесең қолға түспейтін ығай мен сығайлар 
– Ағылшын, Жапон, Француз, Америка елінің төтенше 
елшілері Омбыда бас құрғалы жатыр. Соны пайдаланып, 
елшілердің алдына келелі мәселелер қоятын орайы бар 
еді ғой. Оның орнына дыңдай мемлекет қайраткерлері 
осынша ұсақталып, ертеңгі күні қонақтарды қалай 
күтіп алу жайын әңгімелеп кетті. Кешегі заманда патша 


755
ағзамға арнайы қонақ боп келген мәртебелі мемлекет 
басшылары мен қай елдің королі, қай принціне қандай 
салтанат көрсетіп, сый-сияпат істеген мәре-сәрелерін 
еске алды. Енді бір кезде ертеңгі қонақтарды түсіретін 
ажарлы үй іздеді. Сібірдің кішкентай қаласында көз 
тартатын көрнекті үй тіпті аз. Соған қарамастан соңыра 
өздері қонақ түсетін үй сәнін баяғы патша сарайының 
сән-салтанатымен ойша салыстырып отырып, енді бір 
кезде қонақасылар, банкеттер жайын әңгімелеп кетті. 
Бұған бәрі араласты. Бірінен бірі қалысқысы келмеген 
кісілер Колчак алдында қонақасы жөніндегі білігімен 
көзге түсіп қалғысы кеп, бірінің сөзін бірі бөле бастады. 
Қыза-қыза келгенде Колчак алдында сақтайтын ілтипат, 
ибалығын да ұмытып, дабырлап кетіп еді.
* * *
Генерал Чернов Омбыда ана шаруа, мына шаруамен 
шырғалып жүргенде оны Жоғарғы Ставкаға шақырып 
алып, Түстік Армияның алдына жаңа міндет қойды. 
Бұл бүйрық бойынша Черновтың армиясы бұған дейінгі 
шабуыл бағытын өзгертіп, ендігі жерге Орск арқылы 
қазақ даласына кіруге тиіс. Сонан ары қараған жерде 
темір жолдан бір сәт табанын аудармай, күншығысты 
бетке ұстап, үнемі ілгері жылжып, қазақ даласына 
дендеп кіріп, жолында кездескен қарсылықты күшпен 
басып отырып, сонау шалғайда жатқан Ташкентке, 
онан Хиуа, Бұхараға жетуге тиіс. Ал олардың ар 
жағында Каспий теңізінің күллі күншығыс жағалауына 
әмірін жүргізіп тұрған ағылшынның экспедициялық 
қорпусына жеткесін, сол арада дереу кемеге отырып 
Махашқаладан түседі. Оның ар жағында қол созым 
жерде, Қырым жарты аралында дәл осы кезде Мәскеуге 


756
шабуыл жасауға әзірленіп, жер қайысқан қарулы күштің 
бас-аяғын жинап жатқан барон Врангельге қосылады.
Бұған Чернов келіспей, қасарысып отырып алды. 
Келесі күні де Жоғарғы Ставкада қызыл өңеш боп 
айқайласып, түк шығара алмағасын Чернов өзінің 
қашаннан бері қанжығалас кәрі досы – генерал Рошальға 
барды. Колчак ставкасында бұны қолдайтын жалғыз 
кісі осы. Бұл және көктемдегі сәтсіз шабуылдан кейін 
Колчактан ендігі жерге ұрыс тактикасын өзгерту керек 
деп қатты талап етіп жүрген кісі-тұғын.
Генерал Чернов келгенде мына хабарды есіткен кәрі 
досы қып-қызыл боп ашуға булығып отыр екен.
– Армияңның жайын есіттің бе! – деді ол есіктен 
кіріп келе жатқан Черновқа.
– Бұл өзі кімнің басынан шыққан ой?
– Кім дерің бар ма, қазір білгіш көп.
– Колчак па?
– Кім білсін. Нокс па, басқа ма... Кім болса да, бірақ 
әмір Колчактың атымен беріледі ғой.
– Түсінбеймін. Колчак әскери кісі ғой, тап қазіргідей 
Ресейдің тағдыры қыл үстінде тұрғанда қолда бар 
қарулы күшті шетке шашау шығармай, бір жерге басын 
қосып ұстау керек емес пе? Бұнысы несі?
– Оны Колчак сені мен менен кем түсінбейді. Бұл 
арада басқа бір жағдай бар.
– Қазір бәрімізге ортақ бір ғана жағдай бар емес 
пе? Қызылдардың шабуылын тойтарып, өлсек-тірілсек 
те өзіміз шабуылға шығуымыз керек қой. Самар мен 
Саратовты алып, биыл қалайда... қайткен жағдайда да 
Деникин әскеріне қосылмасақ, біздің бар үмітіміздің 
күлі көкке ұшты дей бер.
– Сенің әлі дәмең зор екен.
– Ал сен ше?..


757
– Бізге не қарап тұр?
– Сонда бұлардың теріс істерін де дұрыс дей береміз 
бе?
– Амал қайсы. Сені мен біз қазіргідей қиын 
кезде бар әскердің басын бір жерге қосып, күшімізді 
біріктіріп алсақ дейміз. Олар түстік армия Орынбор 
темір жолының бойымен жылжып, Ташкент, Бұхара, 
Хиуа арқылы Каспий асу керек деп Колчак атымен әмір 
береді. Оны орындамасқа шараң жоқ. Орындайсың.
– Омбыға қатер төніп жатқанда қайдағы Каспийде 
не бар бізге?
– Оны Нокстен сұра.
– Но-кс?
– Иә, бұл планның сырын сол біледі.
– Түсінсем не дейсің. Сонда бұл ой Колчактікі емес...
– Әрине, Нокстікі. Оның ар жағында Англия, 
Франция, Жапония тұр.
Генерал Чернов кәрі досының қасіретке толы 
қажыған жүзіне «енді кәйттік?» дегендей, ақылы дал 
боп қарап тұрды да, бос орындыққа сылқ етіп отыра 
кетті. Сосын алақанымен маңдайын арлы-берлі ысқылап 
үнсіз отырып қалды:
– О, Тәңірім! Соңырағы халіміз не болады? Қайдағы 
бір туземецтердің арасында, сахара шөлде қырыламыз 
ба? Апырай, бұларға не болды? Бірі құлақ аспайды. 
Енді не істедік?
– Сен тезірек қайт.
– Өзім де асығыспын, бірақ, Николай Андреевич...
– Менің қолымда не тұр. Билік аналарда. Сенің де, 
менің де тағдырым солардың қолында.
– Ендеше, жүріңіз, адмиралға барайық.
– Түк те шықпайды!


758
– Неге? Соңыра Омбыны қорғау үшін де әскер керек 
емес пе?
– Керек. Бірақ есіңде болсын... Жә, құрысыншы. 
Көзің жетсін, жүр, сөйлесіп көр.
Бұл күндері Верховный Правитель күндіз одақтас 
елдердің елшілерімен бірге боп, сонан Жоғарғы 
Ставкаға қас қарайғасын ғана бас сұғып жүрген-ді. 
Колчакты күні бойы күткен генералдар кешке қарай 
қарындары ашқасын театр маңындағы қафеге барды. 
Бұнда да ұзақ отыра алмады, алдына келген асты апыл-
ғұпыл ішіп сыртқа шықты. Шет жақтағы қараңғы, лас 
көшелерді қойғанда, бұл қаланың ең көрнекті көшесі 
– Любинский проспектімен де күн батқасын жан адам 
жүрмейтін. Көше бойындағы бағаналарда әлсіз фонар 
жарығы сығыраяды. Анда-санда қала тыныштығын 
күзеткен бірен-саран атты әскерлер ұшырасады.
Бұлар жым-жырт көшемен үнсіз келе жатқан-ды. 
Бағана басында сығырайған тағы бір фонарға жақындап 
келе бергенде Чернов әлдене дегісі келгендей, қасында 
отырған серігіне көз тастап еді. Генерал Рошаль қай 
кезде де денесі ауыр етшең болатын. Былайғы кезде 
де кительдің жағасын жапырып, алқымына сыймай 
тұратын майлы бұғағы рессорлы арба шайқалғанда 
дірілдеп, бүкіл етшең ауыр денесі шайқалақтап қалады 
екен.
– Николай Андреевич, денсаулығың қалай? – деді 
Чернов.
– Оны ойлап жүрген мен жоқ. Айтқандай, сен қашан 
қайтасың?
– Ертең-бүрсігүндері...
– Менің ұлым Евгений сенімен бірге кетем деп отыр. 
Айтқанды тыңдамайды, көнбей қойды.
– Балаң маған ұнайды.


759
Қарт генерал үндемеді. Азырақ отырып барып:
– Жалғыз балам ғой, өзің қамқор боларсың – деп, 
аның қолын сыртынан ақырын қысты.
Колчак 
үкіметі 
бұрынғы 
Омбы 
генерал-
губернаторының сарайына орналасқан-ды. Бұларға 
кірер жерде іштен шығып келе жатқан Каргинская қарсы 
кездесіп қалды. Еркек атаулы алдында еркелеп тұратын 
Омбының атақты әншісі мына екі қарт генералға да 
миығына күлкі ойнатып, қылымси көз тастады да, 
іркілмей өтіп кетті.
– Адмирал өзінде екен, – деді Рошаль.
– Оны қайдан білдің?
– Жаңағы бикеш сонан шықты. Есінде болсын, 
Нокстен кейінгі Омбы үкіметіндегі мықты – осы бикеш.
– Болса болар. Орыс патшасын қашанда еркек 
басқарып, әйел билеуші еді ғой.
Колчактың есігі алдында отырған көмекшісі – 
уыздай жас офицер бұл екеуіне ілтипат білдіріп, лып 
етіп атып тұрды.
– Адмирал өзінде ме?
– Азырақ күте тұрыңыздар.
– Іште біреу бар ма?
– Иә, Бобкин.
Чернов бетін бұра бере мырс етті. Сүйтті де, өздерінің 
беті қайтып қалған биік ақ сыр есікке арқасын беріп 
теріс қарап отырды. Бобкин жуық арада шыға қоймады. 
Шыдамын тауысқан генерал Чернов қатты тықыршыды. 
Бір тұрды, бір отырды. Сосын сағатқа қарады. Ана жолы 
да дәл осы бүгінгідей адмиралдың кабинетінен шықпай
ұзақ отырып, әбден зықысы шыққан-ды. Бір көргеннен-
ақ осы неменің бұған бас қондырысы ұнамап еді. Үйрек 
бас. Қамыт аяқ. Рас болса, бұл өзі поляк көрінеді. Арғы 
атасы өз заманында патшаға қарсы боп көтеріліске 


760
қатысып, Сібірге жер аударылған екен. Ол кездегі 
фамилиясы – Бонишевский. Бергі жағында Бобкин боп 
өзгертіп жүрген бұның әкесі болуы ықтимал.
Жә, қалай болса да Колчак үкімет басына келген 
күні осыған дейін бүкіл Омбыда тірі жан білмейтін 
осы бір мұжық тақылеттес можантопай кісінің де Сібір 
аспанында жұлдызы жарқырап шыға келді.
Омбы үкіметінің шаруашылығын басқаратын 
Бобкиннің ресми қызметі шамалы болса да, қазіргі 
құдіреті, тіпті әлемет. Омбыға келгелі осы кісі жөнінде 
Чернов талай қызық әңгіме есітті. Бұл өзі шала сауатты, 
дөрекі, доғал басымен замана ағымын аңғаруға келгенде 
соншалық жүйрік көрінеді. Былайғы жұрт патша құлаған 
күннен бастап екіге қақ жарылып, бірі – жолымыз 
болды, енді қарық болдық, кенелдік деп күпсісе, екінші 
жарты – су түбіне кеттік, құрыдық деп, дүниеден баз 
кешіп, қаралай түңіліп жатса, бұл солардың бірде-
біріне араласпай, үн-түнсіз жүріпті де, қалайда әйтеуір 
ығытын тауып, Колчактың іші-бауырына кіріп ала 
қойыпты. Қай дәуірде қалай өмір сүрудің ретін көкірегі 
көш жерден сезіп тұратын Бобкин патша тағы құлап, 
патшалық жойылғанмен, елді, жерді билейтін біреудің 
болатынын білген. Керек болса, осы дүниенің тіпті 
тас-талқан тал-берені шығып қирап, аты-заты өзгеріп, 
қаласа, ол Керенскийдің «Уақытша үкіметі» атана ма, 
не әлде Колчактың «Сібір үкіметі» атана ма, мейлі. 
Соның бәрінде де жалғыз кісі қожалық етсе болғаны. 
Қалған көптің бәрі бұның, Бобкиннің дәл өзіндей малай. 
Онан гөрі кішірек орындағы шағын лауазымдылар да 
малай. Ал олардың арғы жағындағы сонау шұбартқан 
қара нөпір көп халық, болса-болмаса да, кәзір ұрыға 
тоналған кісідей басындағы кешегі бақтан, байлықтан, 


761
атақтан, шен-шекпеннен жұрдай болған өңшең қара 
сирақ малайлар.
Соны білген Бобкин бүкіл Сібір үкіметінде бір ғана 
кісінің құлқын табуға тырысты. Соның құлқын тапса, 
соған қызметі жақса болғаны, Омбы үкіметіндегі қалған 
көп малай, тіпті, әрілесе, шен-шекпені бар малайлар 
да бұған түк істей алмасын білді. Қызметі Колчакқа 
жаққасын ол енді қалған жұртты көзіне ілмеді. Тіпті 
керек десе Колчактың өзі көтерген кейбір жылпос жас 
министрлер сөз бола қалса, бұл беті-аузы тыжырынып: 
«Әй, соны қойшы. Оның қалай жоғарылап жүргенін 
білем» – деп, қолын бір сілтейтін. Шынында да Бобкин 
«үкімет» мүшесі боп жүрген пысықайлардың қайсысы 
қандай жолмен жоғарылап өсіп жатқанын білетін.
– О, Жасаған! Бұл дүние не боп кеткен, – деді Чернов.
Қарт генерал көзін ашты. Аузын алақанымен басып 
есінеп алды.
– Дүние бұрын қалай болса, қазір де солай. Түк 
өзгерген жоқ. Нокс пен Каргинскаядан кейінгі Омбы 
үкіметінің қазіргі мықтысы осы кісі.
– О, Тәңірім!.. – деді Чернов күрсініп, – құдіретің 
күшті ғой сенің. Карт генерал күлді:
– Жер Тәңірісінің қасында көк Тәңірісі түк болмай 
қалды ғой.
– Иә, иә, Тәңірінің тірі жанға жазығы жоқ. Дүниені 
бүлдіріп жатқан мыналар.
– Тіпті, тергеусіз кетті. Қалай бүлдірсе де, орнынан 
қашан түсіп қалғанша бұлардың бір ісін теріс деп айта 
алмай, ішіңнен тынасың да жүресің.
– Қызықсыз, Николай Андреевич. Теріс істесе Тәңірі 
бола ма. Құдайлар қателеспейді ғой.
– Тек осы құрғырлар көбейіп барады. Көкте бір 
құдай, жерде бір бастық болса қандай жақсы болар еді.


762
– Қазір өзі де соған келе жатыр. Жә, мына үйрек бас 
қашан шығады?
Осы кезде бұлардың беті қайтып тұрған биік ақ 
сыр есік дыбыссыз ақырын ашылып, арғы жағынан 
кеудесіне құдды көпшік тыққандай жуан денелі біреудің 
тақыр басы шығып келе жатты. Черновтың сөзі әсер етті 
ме, әйтеуір өзі күнде көріп жүрген Бобкин кенет бұған 
аумаған семіз үйрек сияқтанып кетті. Әсіресе, бас сүйегі 
былқылдақ, балапан кезінде біреу құлақ шеке тұсынан 
алақанымен қысып қалғандай, шынында да, аумаған 
үйрек бас екен. Карт генерал бетін бұрып күліп жіберді.
Бобкин еркек қаздай қисық аяғымен екі жағына 
кезек аудандап, байпаң-байпаң басып кеп, өзіне назар 
аудармай тұрған генерал Черновтың қолын қысты.
– Сәлеметсің бе, генерал?
– Сәлем!
– Сен осы кешегі банкетте болмадың ба? Көзіме 
түспедің ғой?
Рошаль Черновтың жеңінен тартты:
– Жүр, кірейік.
Есік алдында отырған жас офицер лып етіп түрегелді. 
Бұл екеуінің алдында тағы да ілтипатпен кешірім сұрады 
да: «Адмиралға Сіздердің келіп тұрғандарыңызды 
хабарлайын», – деді.
Екі генерал бір-біріне қарап, есік алдында шарасы 
құрып тұрып қалып еді. Бобкин:
– Кіре беріңіздер. Казір өзінен басқа ешкім жоқ – 
деп, қисық аяғымен теңселе басып шығып кетті.
– Жаңағы сенімен амандасты ғой? – деді Рошаль.
– Онда тұрған не бар?
– Сірә, жоғарылайтын шығарсың.
– Түсінбедім.


763
– Сөзсіз жоғарылайсың. Жаңағы үйрек бас иісті 
алыстан сезеді.
– Амандасқанын айтасың ба?
– Сол аз боп тұр ма? Осы кісіні жек көрем. Жек 
көретінімді оның өзі де біледі.
Генерал Чернов осы үйрек басты көптен бері біледі. 
Оның өмір жөнінде, адам баласы жөніндегі ұғымы мен 
түсінігі тым тұрпайы екенін де білетін. Оның ұғымында 
жер басқан жан екіге бөлінеді. Бірі – бастық. Екіншісі – 
малай. Бобкин өзінің малай екенін біледі. Ол бірақ оған 
арланған да, қорланған да емес. Үйткені, күллі Омбы 
үкіметінде адмирал Колчактан басқаның бәрі малай. 
Министрлер де малай. Сол өңшең малайлардың ішінде 
басқаларға қарағанда бұл қайта адмирал алдында 
өзін күлшелі баладай еркін де, еркелеп те ұстайтын 
қадірлілеу малай көретін. Бобкин өзін әлгілердің жек 
көретінін біледі. Олардан да басқа Омбы үкіметіндегі 
бір-бір портфель ұстаған сонша көп малайдың бәрі-
бәрі бұны жек көретінін, тіпті қайсыбірінің атарға оғы 
болмай, шарасы құрып жүргендерін де біледі. Бұл бірақ 
ренжу орнына әлденеге ішінен насаттанып, мырс етіп 
күлетін де қоятын. Әйтсе де, кісіге өзінің малай екенін 
сезіну қандай қиын. Лас бірдеңеге тұла бойын былғап 
алғандай, кісінің өзінен-өзі жиіркенетін кезі де болатын 
шығар-ау. Ендеше, әлгінің өзіне ұқсамайтын кісілерге 
ілтипат білдіріп тұратыны сонан ба? Егер, солай болса, 
мына үйрек бас онша санасыз да болмас. Ал саналы 
кісіге малай болу қандай азап.
– Кіріңіздер! – деді жас офицер есік ашып.
Үлкен кабинеттің түп жағында отырған Колчактың 
бет өңі көмескі. Тек иығындағы адмирал погонының 
алтын зері күңгірт құбылады. Колчак газет ұстаған 


764
қолы тізесіне түсіп, үстіне кірген екі генералға бет өңі 
кірбиіп қарады.
– Адмирал мырза, менің армиям жағдайын есіткен 
боларсыз, – деді Чернов мейлінше салқын қанды болуға 
тырысып.
– Есіттім.
– Егер тез арада осы жаққа алғызбасаңыз...
– Жоқ, бұл жөнінде әңгіме қозғамаңыз!
– Ендеше, біздің халіміз келешекте бұдан да 
қиындайды. Адмирал мырза, сорлы Ресейдің тағдырын 
шын ойлайтын болсақ, келешек ұрпақтың қарғысына 
қалғымыз келмесе...
– Жә, генерал! Айттым ғой, бұл жөнінде, тіпті, 
әңгіме қозғамаңыз. Одақтас елдерге уәде беріп қойғам. 
Тағы қандай шаруаңыз бар?
– Ендігі жерде сіздерден қашықтай береміз ғой. 
Қатынас та қиындайды. Соңыра, тіпті хабар-ошарсыз 
қалатын шығар...
– Жә, жә, тым сарыуайымға салынып кеттіңіз. 
Қиындық болады, әрине. Бірақ тап сіз айтқандай бола 
қоймас. Кәне, шаруаны айта отырыңыз.
– Қару-жарақ жетіспейді. Осы жолы, тым құрыса, 
сіздерден қару-жарақты жеткілікті ғып ала кетуім керек.
– Кейін... Ойластырып көрерміз.
– Жоқ, адмирал мырза, осы қазір болмаса, кейін 
мүмкін болмасын білем.
– Сіз кете беріңіз. Ана жақта әскеріңнің халі қиындап 
барады.
– Сондықтан да қару-жарақ керек.
– Артыңыздан іле жөнелтем. Бір обоз ғып жермен 
жөнелтем. Бас-көз боп апаратын сенімді офицер бар.
– Ол кім?
– Қазір осында келеді. Көресіз.


765
Генерал Чернов адмиралдың бұнда келіп жатқан 
бай елдердің бабы қатты елшілерінің көңілін табам 
деп басы қатып шаршап жүргенін көріп отыр. Колчак 
көзін көтермей, сұқ саусағымен стол шетін тықылдатып 
отырды да, кенет күтпеген жерден басын көтеріп алды.
– Сізге көптен бері айтсам ба деп жүрген сөзім 
бар еді. Естуім бойынша, қарауыңдағы кісілердің 
тағдырына немқұрайды қарайтын көрінесіз. Штабың 
жұмыс істемейді. Соғыста ерлік жасаған офицерлер 
мен солдаттарды орденге ұсынған әлі бірде-бір қағаз 
көзіме түскен жоқ.
– Ол жөнінен кінәліміз.
– Бұларың жарамайды. Адам тағдыры ойыншық 
емес. Осыдан барған бойда...
Ішке подполковник Федоров кірді. Жоғарғы 
Ставканың кезекші генералының қызметін атқарып 
жүрген офицер.
– Подполковник Борисов жөнінде қандай әмір беріп 
едім? – деді Колчак оған.
Федоров бірден жауап бере алмай күрмеліп 
қалды. Таяу күндердің бірінде Колчактың әмірімен 
Каргинскаяның қазіргі күйеуі Борисовке полковник 
атағын беру жөнінде Жоғарғы Ставкаға документ түскен-
ді. Федоров «сұлу келіншектің күйеуі болғаннан басқа 
орыс әскеріне сіңірген еңбегі жоқ» – деп, Борисовтың 
қағазын кідіртіп тастаған. Бұл жағдай Колчактың 
құлағына тиді. Және елшілерге қонақасы беретін күні 
Каргинскаяның өзі айтып еді. Қонақасыға шақырылған 
халық тегіс жиналып болған кезде Колчак келген-ді. 
Өзіне құрмет көрсетіп, қақ жарылып тұрған жиынның 
арасымен жүріп келе жатқан адмирал бір кезде төр 
жақта тұрған Каргинскаяны көріп, әдейі бұрылып барып 
қолына еңкейіп еді. Әнші әйелдің қолына ернінен бұрын 


766
Колчактың қолағаштай мұрнының мұп-мұздай ұшы тиіп 
кетті де, Каргинская қолын тез тартып алды. Колчактын 
көзі Каргинскаядан кейінірек тұрған Борисовке түсіп:
– Бүгін мен сені полковник дәрежесімен 
құттықтаймын ғой деп келсем... Ау, бұл қалай? – деп 
еді, Каргинская миығынан күліп:
– Менің күйеуімнен кінә жоқ, кінө өзіңізде. Берген 
уәдеңізді орындай алмай жүрген өзіңіз, – деді.
– Жо-жоқ, мүмкін емес… – деді Колчак. – Мен сол 
бойда әмір бергем.
– Ендеше, бұл Омбыда Правительді де тыңдамайтын 
кісі шыққан болды.
– Ол кім?
– Коля, сол... Сол өзі кім еді?
Борисов әйелінің құлағына еңкейіп сыбыр ете 
қойды. Каргинская күліп, – Иә, некий Федоров... Легок 
на помине. Міне, оның өзі де келді – деп, есіктен кіріп 
келе жатқан Федоровты иегімен нұсқаған-ды...
– Борисов жөнінде мен қандай әмір беріп едім? – 
деді Колчак.
Федоров түк саспаған күйі Колчакқа тура қарап 
тұрып, дәрежесін жоғарылатқандай Каргинскаяның 
күйеуінің Отан алдында ешқандай еңбек сіңірмегенін 
айтып келе жатыр еді; онсыз да өзін әзер ұстап тұрған 
адмирал:
– Ах ты, шенок! – деді түсі қатты бұзылып. Сосын 
Федоровтың иығындағы пагонды жұлып алды да, қасында 
тұрған қарт генерал Рошальге:
– Мына күшікті Түстік Армияға жібер! Разжирел! 
Обнаглел – деп еді, қарт генерал жымың етті. Бұған салсаң, 
жалғыз Федоров емес, осы секілдлердің бәрін ұрыс ішінен 
қашып шыққаны үшін штаб маңынан аластап қуу керек 
еді.


767
– Жақсы істедіңіз, адмирал мырза, – деді қарт генерал, 
– осылар-ақ «жеңіс, жеңіс» деп даурығып болып еді, 
жеңістің қандай болатынын оқ пен оттың астына барғанда 
көрсін.
Федоров қарт генералға атып жіберердей жалт етіп бір 
қарады да, ләм деместен бұрылып жүре берді.
Осы күннің ертеңіне бұндағы шаруаларын бір 
ыңғайластырғасын генерал Чернов жолға шықты. 
Қасында бір топ кісі. Ішінде ротмистр Рошаль да бар. 
Бұлар Омбыдан поезбен шыққан-ды. Қайтар жолдың 
екінші күніне қараған елең-алаңда көліктерін қалдырып 
кеткен Қорған қаласына жетті. Бұнда аялдаған жоқ. 
Поездан түскен бойда машинаға отырып жүріп кеткен-ді. 
Бұл жақтың жолы нашар еді, жүрістері өнбеді. Қорғаннан 
былайырақ шыққасын алдарынан жаралы солдаттар 
ұшыраса бастады. Неғұрлым ілгерілеген сайын ұрыс 
даласын тастап шыққан әскерлер, босқан халықтар, 
шұбырған жая-жалпылар арасында ат жеккен, түйе жеккен 
арбалар, асханалар, жүк тартқан обоздар ақырын жылжып 
өтіп жатыр, өтіп жатыр. Енді бір кезде офицерлердің 
семьялары ұшырасты. Көбі жаяу. Көлігі бары да жетісіп 
тұрған жоқ. Бауры сары ала балшық арба үстінде жүдеу 
әйелдер шүйкедей боп бүрісіп алған. Бұларды көргенде 
Черновтың есіне кешегі одақтас елдердің елшілері түсті. 
Омбы үкіметі қайтсе көңілін табам деп жалпылдаса да, 
олардың іштері жібімей, үн-түнсіз кеткен себебін бұл енді 
түсінді. Иә, олар Колчактан түңіліп кетті. Апырай, Колчак 
бұлардың соңғы үміті еді-ау.
***
Ақтөбе қаласын қорғаған қызылдар күтпеген жерден 
қатты қарсыласып еді. Черновтың әскері қаланы қоршап 


768
алатын болғасын ғана қызылдар лажсыз кейін шегінді. 
Күн кештете ақтар Ақтөбеге кірді. Жас майор ұрыс боп 
жатқан жерден құйындатып шауып кеп, қара тер болған 
аттың басын генерал Черновтың дәл қасына келгенде 
бір-ақ тартты.
– Қолбасы мырза...
Генерал қамшы ұстаған қолын көтерді:
– Адал қызметіңе рақмет!
– Рад стараться!
– Шығын көп пе?
– Әзір белгісіз. Анық мәлімет жоқ…
– Қызылдардан қолға түскен бар ма?
– Білмедім, бар болса бар шығар...
– Ротмистр Рошаль қайда?
– Қалаға бірінші боп кірген әскер арасында кетіп 
бара жатқанын көргем.
– Аман ғой, әйтеуір?
– Оншасын біле алмадым, қолбасы мырза.
– Тауып ал. Tipi болса, маған тез жетсін.
Майор ат басын асығыс бұрып, келген ізіне қайта 
салды.
Генерал Чернов соңында иіріліп тұрған нөкеріне 
бұрылып қарамастан астындағы ақбоз арғымақты 
тебініп қалды. Ак арғымақ ә дегенде аяғын кібіртіктеп 
алса да, бірақ іле-шала тез төселіп, бауырын керіп, 
көсіліп аяңдап кетті. Соңындағы үнсіз топ аттарын 
амалсыз қамшылап, текіректеп желіп отырды. Ішінде 
Еламан бар. Рза мен Әли қасынан екі елі қалмай, 
қатарласып үзеңгі қағысып отыр. Елде қалған мал-
жанды сылтауратып, бұл жерден бас аманда тезірек 
кеткісі келсе де, бірақ генерал кідіртіп жүр. Әдепкіде 
одақтас елдердің әскери мамаңдары келеді деп іркіп 
еді. Кейінгі күндері олар келмейтін бопты деген 


769
сыбыс шықты. Бірақ, оның есесіне, штаб төңірегіндегі 
офицерлер арасында басқа бір әңгіме айтыла бастады. 
«Колчак бұларға қисапсыз көп қару-жарақ жіберіпті. 
Сол келгесін күшейеміз», – деген сөз бұндағы жұртқа 
желеу боп барады. Еламанның сырт түрі салмақты. Түк 
білмеген кісіше қаннен-қаперсіз маңқиып жүрсе де, 
үйде де, түзде де құлағын түрік ұстады. Жол жүргенде 
генерал Черновтың қасына жақын болуға тырысады. 
Тақа болмағанда көп дүрмектің арасына ілесіп, атын 
құйрықтастырып отырады.
Еламан келе жатқан қару-жарақ жөнінде әлі анықтап 
біле алған жоқ. Тезірек қайтқысы кеп асығып та жүр. 
Бұлар кешіккен сайын Дьяковтың да зәресі қалмай 
жүргенін біледі. «Ақтөбеден кейін қалайда ұлықсат 
алып, қайтуым керек», – деп түйді.
Ілгергі жақтан шаң көрініп еді.. Іле-шала торы 
шолақ атты жас офицер ағызып кеп, генералдың ақ 
арғымағына тұмсық тірей тоқтады. Оң қолын мойнына 
асып апты. Ақ мәрлі сыртынан қан білініп тұр.
– Командашы мырза...
Генерал Чернов жас офицерге ренішті жүзін 
жартылай бұрып:
– Ұрысқа кіруіңе қарсы екенімді білесің. Әлде 
ерлігіңді көрсеткің келді ме? – деді ақырын, бірақ зілді 
үнмен.
– Кешірім өтінем.
– Қолыңның жарақаты... қалай?
– Түк те емес. Сүйегі аман.
– Бізден шығын көп пе?
– Иттер қатты қарсыласты. Кісімізді қырып алдық.
– Қолға түскен... тұтқын бар ма?
– Жоқ.
Генерал Чернов атын тебініп қалды. Жас офицер 


770
қолбасымен қатарласып келе жатып, артына әлсін-әлі 
жалтақтап қарай берді.
– Мынау... кім?
– Біздің одақтасымыз.
– Хан ба?
– А?
– Сізге қырғыз-қайсақтың ханы келді деп естіп едім.
– Кішкене көңіл делбеп қою үшін оны осылай 
атағанымыз да дұрыс болар, – деді Чернов езу тартып.
Жас офицер қолбасының арғы жағындағы ащы 
мысқылды аңғарған жоқ. Ол тек мына сары ала иық 
нөкердің арасында бұндағы бір жаннан қымсынбай, 
өзін емін-еркін ұстап келе жатқан ала көз қазаққа 
қараған сайын: «Хан болса болар» деп ойлады. 
Үстіндегі киімдері де ханға лайық. Ептеп шалғысына 
ақ түсті демесең, күтімі қатты қою мұрты да оның ана 
қоңқақ мұрны мен ер тұлғалы ірі бітіміне үйлесіп тұр. Ана 
қарашы, ала көздің қиығымен жол үстіндегі бар қыбыр-
жыбырды қалт жібермей бақап келеді. Жұрт айта беретін 
шығыс халқының әлгі бір зымияндығын аңғарғандай 
болған Рошаль жол бойы онан көзін айырмады.
– Мырза! – деп, генерал соңында келе жатқан Еламанға 
мойнын бұрды. Еламан атын тебініп қатарласа бере, –
Ләббай – деп, қолын алып көкірегіне қойды.
– Мырза, мына жігіт ротмистр Рошаль. Менің қатты 
сыйлайтын досымның баласы.
Еламан жас офицердің бет өңіне алғаш рет анықтап 
қарады да, көзін тез тайдырып алды. Сосын қамшы 
ұстаған қолын кеудесіне қойып, құндыз бөрік киген басын 
сәл иіп тағзым етті. Ротмистр Рошаль бұған орай не деу 
керек екенін білмеді.
Еламан бір көрген кісісін ұмытпайтын. Мына 
офицерді көргенде бірден ана жылғы түрік жері, қарлы 


771
қыс, қақаған боран есіне түсті. Сүзек тиіп қырылған 
жұмысшы батальоны. Қыстың көзі қырауда өлген-
тірілгеніне қарамай шабуылдап ілгерілеп бара жатқан 
орыс әскеріне ілесіп, қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлікті 
қолма-қол жеткізу қиындаған бір кезде кейінгі жақтан 
жұмысшы батальонын әкелді. Қазақ, өзбек, қырғыз 
жігіттері оқ пен оттың ішінде сүрініп-жығылып жүріп, 
түріктер қиратып кеткен темір жолды қайта салып жатқан-
ды. Әлсіз кісілердің ісі өнбеген соң орыс әскерінің жоғары 
бастықтары бұларға бір эскадрон әскерді көмекке жіберді. 
Сүзектен тұрған Рай әлсіз, ісі өнбей, сүрініп, жығыла 
берген-ді. Тарғыл бет бір солдат... әй-шәй жоқ, қамшының 
астына алып ұра бастады... Сонда атты әскер эскадронын 
бастап келген уыздай жас командир осы! Осының дәл өзі! 
Сондағысынан өзгеріп жарымаған. Дәрежесі де өспеген. 
Сол жолғы Рошальдың астындағы қара қасқа ат та есінде. 
Еламан бірақ өзін мына офицердің танымасын білді. Есіне 
салып айтып берсе де, біліп-білмеуі неғайбіл. 
– Қолыңыздың қаны тиылар емес, киіз күйдіріп басу 
керек, – деді Еламан.
– Иод жаққызам.
Рошаль күліп жібере жаздап, өзін шаққа тежеп қалды.
– Жоқ, иод жаққызам, – деді Рошаль.
– Еркіңіз білсін, – деді Еламан, – генерал сізді жақсы 
көреді екен.
– Әкеммен бала кезден дос.
– Әкеңіз қайда?
– Омбыда. Кешіріңіз, есіміңіз қалай?
– Тәңірберген.
– Қалай... Қалай дедіңіз?
– Тәңір-бер-ген.
– Танир... бр-р-бр-р... туһ, сайтан алғыр! – деді Рошаль 
күліп.


772
– Оқасы жоқ, – деді Еламан.
Осыдан кейін бұл екеуі тақым жазбай қатар жүріп 
отырды. Генерал Чернов анда-санда артына бұрылып, 
бұларға көз сап қояды. Ұрысқа кіріп шыққан жас офицердің 
желігі әлі басыла қоймаған-ды. Алакөз қазақ анда-санда 
басын бір изеп күліп қойғаны болмаса, көбіне үнсіз. Жол 
бойы қатты күліп, ауыз жаппай сөйлеп келе жатқан жалғыз 
Рошаль ғана.
– Қазақ хандарында гарем... Гарем дегеннің не екенін 
білесіз бе?
– Әлбетте. Бізде оны харамхана дейді.
– Демек, сіздерде де болғаны ғой?
– Е, харамханасыз хан бола ма?
– Қанша әйелге үйленуге хақы бар?
– Оны ханның қалауы біледі.
Ротмистр Рошаль ішек-сілесі қатқанша күлді. Онда 
да жарақат қолы ауырып бара жатқасын сәл тыжырынып 
барып тоқтады.
– Тан... Танир... Танир бр-р... – деп, Рошаль тағы да 
өзінің ойнақы мінезіне ауысты, – кешіріңіз, мырза, есіміңіз 
қалай еді?
Бұл оның бесінші, әлде алтыншы рет сұрап тұрғаны 
болғасын, Еламан соған орай әзілге шаптырып күліп 
жауап берді.
– Баяғыда молдада оқығанда арамызда бір бала болды. 
«Әліп» деген арап әрпін молда ақ қағазға тігінен тартып 
қалып, «қараңдаршы, нағыз таяқ емес пе?» – деді. Жаңағы 
бала «әліпті» жыл бойы жаттай алмай қойды. Молла қанша 
сұраса да «әліп» аузына түспейді де, «таяқ» деп жауап 
береді. Сонда онан түңілген молла: «Туһ, пәтшағар! Сірә, 
сол таяқтан басқаны ұқпассың» – деп, қамшымен басына 
тартып қап еді...


773
Рошаль бұған тағы да мәз болып күлді де, Еламанға 
бұрылып:
– Жаңағы кеще шәкірттей менің де басымнан таяқ 
айырғыңыз келмейді ғой, шамасы, – деді де, сәл кідіріп, 
– сізді хан деп атауға бола ма? Сіздің ата-бабаларыңыз 
шынында да хан болған шығар? –деп еді.
– Иә, әкем де, әкемнің әкесі де хан болған. Менің өзім 
де ханмын, – деді Еламан.
– Міне, мынау Ақтөбе! – деп, бұлардың кейінгі жағында 
келе жатқан біреу оқыс айқайлап жіберді. Еламан жаңа 
байқады: қырғын соғыстан кейін босаған Ақтөбе қаласы 
сонау етекте, шаң мен түтін астында тұншығып жатыр 
екен. 
***
Ротмистр Рошаль Омбыдан келген бетте қолбасыға 
адьютант болып тағайындалған-ды. Сонан бері ол ат 
үстінде. Қолбасыдан қолма-қол орындайтын бұйрық алды 
да құйындатып шаба жөнелді. Я ана, я мына полкке барады. 
Генералдың әмірін жеткізе сала ізінше кері қайтады. Аттан 
түсе сала, генералға ана жақтағы қым-қиғаш ұрыс ішінде 
жүргендердің хабарын жеткізеді. 
Алғашқыда осы тірлігі өзіне ұнап еді. Кейін бұнан де 
зейіні шығып, ұрысқа жіберуін сұрап еді, бірақ қолбасы 
салған жерден бұл жөнінде сөйлескісі келмейтін сыңай 
танытып, үндемей қойды. Сосын бұ да қасарыспады. 
Кейін бір сыласы болардеп ойлады да, өзінің әне бір 
Омбыда жүргендегі үйреншікті әдетіне басып, бәйгеге 
тіккен басты отқа да, суға да салды. Ажал ойына кіріп 
шыққан жоқ-ты. Бұл күндері ол не де болса, оқ астында, 
тақа болмаса, көпшілік арасында, ырду-дырдудың 
арасында болуға тырысты. Өзімен-өзі сәл жалғыз бола 


774
қалса қайдағы-жайдағы көңілсіз ойлар қаумалайды. 
Анасы есіне түседі. Қазір қайда? Өлі-тірісі белгісіз. Бұрын 
қасында келіні болған. Қазір жалғыз. Қазір жұрттың бәрі 
жалғыз. Әкесі де жалғыз. Бұның өзі де жалғыз. Генерал 
Чернов та, Колчак та жалғыз. Жалғыздықтың кісі жанын 
жейтін азап екенін ақылдылар болмаса, ақымақтар қайдан 
білсін. Ал ақылдылар білсе де, біле тұрса да білмегенсиді. 
Бір есептен со да дұрыс. Жоқтан жұбаныш ізде. Сенбесіңе 
сен. Маңдайыңа жазылған бір тұтам тірлікте тыныш өмір 
сүргің келсе, өзіңді-өзің алдарқат. Жұбат. Омбыдағы 
жалғыз жұбанышы... Күн-күн, түн-түн ішті. Есінен 
танғанда болмаса, қалған уақытта үйге кеп қонатын. Сол 
күні... Иә, сол күні үйге қалай жеткенін білмейді. Қайда 
барғаны, кіммен болғаны да есінде жоқ. Су ішкісі келді. 
Бірақ суды қайдан іздерін білмей теңселіп, шайқалақтап 
тұрғанда көзі креслода киімшең бойымен ұйқтап отырған 
әкесіне түсті де, төбеге ұрғандай қалшиып тұра қалды. 
Өзіне, әлде өзге біреуге сұс жайып «тсс-с» деп, біраз 
тұрды. Енді киімдерін шешіп жата қалғысы кеп еді; оған 
бірақ өңіріндегі түймеге қолын апара бергенде саусағы 
жуыспай, түймені тартқылап отырды да, сылқ етіп құлай 
кетті. Сонан ертеңіне түс ауа оянды. От жақпаған мұздай 
үй ызғып тұр екен. Әкесі жұмысқа кетіпті. Бірге тұрғаны 
болмаса, әке мен бала бірін-бірі көрмегелі қашан. «Ішуді 
қоям. Все. Все», – деді. Телефон шылдырап. елшілердің 
құрметіне беретін қонақасыға шақырды. Бұл бас сұғам 
да кетем деп ойлап еді; көңілі кетіп жүрген ақсары 
келіншекті көрді де айналып қалды. Жұрт жиналып, 
Омбының ығай мен сығайлары самаладай жарық залда 
үйездеген жылқыдай үйір-үйір боп тұрғанда Каргинская 
келді. Қасында қазіргі күйеуі подполковник Борисов. 
Каргинская кіре бергенде көз қиығы бұған түсті. 
Іштегілермен амандаспай жатып, бірден бұған жетіп 


775
келді. Басқалар сияқты бұған да басын сәл иді де, Рошаль 
мен күйеуі екеуінің арасында тұрған ақсары келіншекке 
бұрылды. Келіншектің үстіндегі етегі малынған мөлттей 
қара барқыт көйлегіне, сосын мойнындағы алқасына, 
алтын сақинасына қарап, сұқтанғаны ма, әлде кекесін 
мысқыл ма:
– Бүгін талай жігіттің жүрегін дірілдетерсің, – деді 
де, жөнеле берді.
Атақты актриса шүберекке онша әуес емес. 
Оның ойынша ажарсыз әйелдер ғана о жер-бұ жерін 
шүберекпен қымтағыштайды. Өз басы, әсіресе, дәл 
кәзіргідей кісі-қара жиналғанда кұдай берген сұлу денені 
жұрт көзіне жалаңаш тосуға құмар-тұғын. Сондықтан 
да өзге әйелдерден гөрі оның көйлегінің жеңі шолақ, 
иығының ойындысы төмен, омырауы ашық. Жаңа да 
ол есіктен кіргенде самаладай үйдің күллі бар жарығы 
оның атластай аппақ кеудесінде шағылысып, жұрт 
назарын өзіне тартып алып еді. Жүрісі сырбаз. Аппақ 
жұмыр білек дәл ана топшы тұсынан майысып, салалы 
саусақтарды жұрт көрсін дегендей жайып тастап, екі 
иықтың басын кезек ырғап, жайқаңдап кірді. Осы түрі 
құдды көзі түскен еркектің көңілін қытықтап: «Мені 
көр. Мені көр де өзіңнің әйеліңе қара» – деп, ерлі-
зайыптылар арасына от тастап бара жатқандай.
Бұл кезде үкімет басшылары, генералдар, елшілер 
ұзын столдың екі бетін ала отыра бастаған-ды. 
Каргинская қасындағы бос орынға Рошальды шақырып 
еді, бұл қолын кеудесіне қойып, басын иді де, ақсары 
келіншектің қасында тырп етпей отырып алды. Бұған 
ырза боп ішінен түлеген келіншек енді Рошальдың 
тартыншақтағанына қарамастан, оған бұрынғыдан да 
гөрі тығылып жабыса түсті. 
Рошаль тұрып кетудің есебін таппады. Әрі-берідесін 


776
желімдей жабысқан әйелді жек көріп, бойын тарта 
бастады. Әсіресе, найзадай кірпік астынан жанары жалт 
етіп, сүзіле қарағанын ұнатпады. Дәл осындай тұп-тура 
сезімге шабатын әзәзіл сиқыр көзді бұрын да білетін. 
О да бұның қытығына тиіп, бір көргеннен баурап алған 
еді. Иә, баурап алған. Сол бір тәтті ұйқы қысқандай 
жұмыла түсіп, әлгінде ғана жалындаған жанар сәтте 
сөніп бара жатқандай болады да, кенет бұлт астынан 
шыққан күндей жүрекке шауып күлімдей қалатын ұялы 
үлкен көзді жақсы білетін. 
Сырт кескіні ептеп сыған қызына келетін қалың 
қара шаш, қара көз, ап-арық қызға бұл бала жастан 
ғашық-ты. Тек оған сүйетінін айта алмай, жаны үздігіп, 
алабұртып жүргенде, бір күні бұған қыздың өзі хат 
әкелді. Бұрынғыдай емін-еркін келмей, әлденеге 
жерге кіре жаздап тымырайып келді де, әтір сепкен 
хатты ұстата сап үріккен лақтай ытқи жөнелді. Хатқа 
«сені сүйем», – деп, небәрі жалғыз ауыз сөз жазыпты. 
Ол кезде алды-артын ойламай, күйіп-жанып жүретін 
кішкентай қыздың ғашық болғаны да қызықты. Сезімі 
де, кітаптан оқыған ба, әлде естияр қыздарға еліктеген 
бе, күлкі шақырып, сөлекет көрінетін. Сүйетінін қалай 
дәлелдеудін есебін таппай киналғанда шиедей қызыл 
ернін қырқып тістелей беретін. Өз сезіміне өзі өртеніп, 
от басып жүрген арық қара торы қыз Рошаль түрік 
майданына жүргелі жатқанда өзін-өзі өлтірмек болды. 
Онысынан бірақ ештеңе шығара алмағанына ызаланып 
жылап жіберіп еді. Рошальды шығарып caп тұрып 
«былай шыққасын оқы» – деп, қолына хат ұстатты. 
Бұл жолы қыз ғұмырлық адал жар болатынына айғақ 
ретінде қолын қанатып, «некелі жарың» деп, ақ қағазға 
қанымен екі ауыз сөз жазған екен.
Екі жылдай майданда боп қайтып келгенде, ол баяғы 


777
тұлымы желкілдеген ап-арық қызды танымай қалды. 
Бұл күйіп-жанса да, қыз бірақ бұрынғыдай онша өліп-
тірілген жоқ. Қайта, бұл шақта балғын тартқан бойын 
жұрт алдында шалқалай ұстап, шағын ғана муфтадан 
жел тимеген ақ сүйрік саусағын ақырын шығарып, 
жігітке созды.
Рошаль қыз үстіндегі киімдерден бұрын-соң әйел 
баласынан көрмеген сән байқады. Мөлттей қара берен 
пальтоның жағасы мен жеңінің аузына асыл сусар 
бастырған. Сусары аса жалпақ та, аса жіңішке де емес. 
Басында да қара берен шляпа. Бір бүйірін үлпілдек 
үкімен оқалап тастаған шляпа астынан қалың қара шаш 
бұрқырап бұйраланып тұр. Қыз сәніне көзі түскенде 
бұл өз бойынан қысылатын. Әсіресе, алғаш кездескенде 
аузына сөз түспеді. Қыз да шын сезімін сыртына 
шығармай, оңаша-оңашада кездескенде көзін тәтті 
ұйқы қысқандай жұмылып кете беретін. Бұған да бір 
түрлі кірпік астынан алыстап бұлдырап қарайтын әдет 
шығарып еді... Керенский құлағасын Петроградтың бір 
алаяғымен шет елге кеткенін бір-ақ есітті. «Иә, қазір 
жұрт бір-бірінен қашып жатыр» деп ойлады Рошаль. 
Бұл кезде біраз тост көтерілді. Біраз арақ-шарап 
ішілді. Әдетте, бір-жар рюмкадан кейін көңілденіп сала 
беретін стол басы бұл жолы аяз қысқандай, құрысы 
тарқамады. Рошаль байқап отыр. Соны сезген Колчак 
Америка елшісінің көңілін көтермек боп күлдіргі бір 
әңгіме айтып еді, бірақ қонақтан бұрын оның өзі күлді. 
Жұрт ыңғайсызданып, ал Ағылшын елшісі Америка 
елшісіне ренішпен қарады. Стол басындағы әлгі бір 
ыңғайсыз жағдайды жуып-шайғысы келді ме, Франция 
елшісі Колчакқа елден ерекше жалпылдап жатыр. 
Колчак «үкіметіне» өзгелерден гөрі осының жаны 
ашығыш. Әне бір жолы әскери делегация құрамына 


778
ілесіп Владивостокта болғаны бар. Олар жөнінде естуі 
де көп. Мәселен: сэр Эллиот орысша таза сөйлейді. 
Онысын орыс халқына өзгелерден гөрі бір табан 
жақындығын танытатын белгісіндей, әрдайым паш етіп 
жүреді. Сөз төркінінен бүкіл Шығысты, оның ішінде, 
әсіресе, Шығыс Сібірді жақсы білетіні аңғарылады. 
Граф Мацудайра бұлардан бөлектеу. Жапон дипломаты 
екені сырт түрінен де, сөйлеген сөзінен де, айран 
шайқаған местей былдырлаған тілінен де көрінеді.
Тілдесіп отырған кісісіне сырын алдырмай, ішінің 
бір астарын бүгіп қала беретін. Көзілдірік киген қысық 
көзін кісі жүзіне салмай, шолақ ерін астынан екі 
қасқа тісі ырсиып шығып, жылтыр жүзі жымиып қана 
тұратын. Бір кісінің сауалына тура жауап бермей, сөз 
арасына сөз салып, түлкі құйрықтандырып бұлтарып 
кете береді. Сұраққа жауап бергеннен гөрі басқа кісіден 
өзі сұрағанды тәуір көретін-ді. Олар Колчактың алдына 
жиі барып, жымиып күлгенмен, Америка елшісінің 
әлгі астамшыл ірілігінен кейін Рошаль бұлардың бірде-
біріне сенбеді. Ресей жерінде орыстың дәм-тұзын татып, 
одақтас болғансып жүріп те, шынына келгенде өздеріне 
тең көрмейді. Қазіргі Ресей дәл бір қаны сорғалап 
жатқан әлде бір жаралы аңдай. Енді кәзір сол жаралы 
үлкен аңның үстінен шығып, әрқайсысы әр мүшесін 
бөлісіп алғандай, осылардың қай-қайсысы да қызылға 
үймелеген жыртқыш. 
Ротмистр Рошаль жанында отырған сұлу бикештің 
жиын ішінде жалғызсырап қалғанын байқамады. Екі 
иығының басы түсіп, тұнжырап отырып қалған-ды. 
Ертеден бері анадай жерде Рошаль мен ақ сары бикешті 
бағып отырған Федоров орнынан тұрды. Стол басында 
отырған жұрттың сырт жағын айналып өтті. Ақ сары 
бикештің қасына кеп, құлағына еңкейіп:


779
– Мына ротмистрді погонның бүлдіріп тұрғанын 
көрдің бе? Әйтпесе, Иванов марқұмның «Сахарадағы 
Христосынан» несі кем? – деп күлді. Бұ да осы бикеште 
көңілі бар жігіт. Сондықтан оның алдында Рошальды 
әрдайым кекетіп, сүйкеніп жүретін әдеті.
Рошаль түрегелді.
– Күл!.. Күл! 
– Е, несі бар. Жаназада отырған жоқпыз ғой.
– Орыс халқының жаназасында отырсаң да, сенің 
ойыңа түк кіріп шыға ма?
– Ақы-мақ! – деді Федоров.
– Күл! Күліп қал. Шет елдің табаны астында жатқан 
халқыңның арына да күлерсің.
Федоров араққа қызып алабұртып тұрған-ды. Кенет 
ол қаны қашып құп-қу боп кетті. Бірақ Рошаль тілге 
келмей бұрылып жүре берді. Федоров шалғайласа еріп 
сыртқа шықты. Ақсары бикеш те олардың соңынан іле-
шала жүгіріп, Рошаль мен Федоровтың арасында тұра 
қалды:
– Мырзалар, бұларың ұят! Құдай үшін өтінем, 
қойыңыздар. Сырт кісінің көзіне түсіп, масқара боп 
қаларсыздар.
– Кешірім өтінсін. Әйтпесе, мен бұл балаға...
– Ер кісіде ірілік болу керек. А вы плебей, – деді 
келіншек.
– Не дедіңіз? – деді Федоров.
– Ештеңе емес. Жүріңіз. Бірдеңені бүлдіріп алмай 
тұрғанда бастығыңның қолына апарып тапсырайын.
– Қаупіңіз мықты болды ғой.
– Үндемеңіз. Жүріңіз.
– Жоқ, алдымен мына күшік кешірім сұрасын, – деді 
Федоров.
Рошаль әлгі бір ауыр ойдан әлі де арыла қоймаған-


780
ды. Жарылап шеккен темекіні лақтырып жіберді.
– Кешірім сұратам деп әуре болма. Сосын, бұл арада 
жанжалдасудың қажеті болмас. Ертең де күн бар. Ертең 
қалаған жеріңде кездеселік – деп, оған қолын созып еді, 
Федоров қолын бермей, бірақ қыр көрсетіп:
– Болсын!.. – деді де, ақ сары бикешпен қоштасып 
кетіп қалды.
Оңаша қалғаннан кейін сұлу бикеш Рошальдың 
қолынан қысып ұстап алды.
– Мұның арты немен тынар екен? – деді ол жас 
жігітке жабысып тұрып.
– Ертең көрерміз.
– Әлгіден қорқам...
– Ал мен сұлу келіншектердің күйеуінен ғана қорқам 
– деп күлді де, бикешті қолтығынан алып, бұл кезде би 
басталған кең залға беттеді.
***
Ақтар Ақтөбені алған күннің ертеңіне Еламан ерте 
тұрып, генерал Черновқа барды. Иегімен нұсқаған бос 
орындыққа отырғасын: 
– Елден шыққалы біраз болды. Мал бар. Жан 
бар. Шөп шабатын да мезгіл болды. Ұлықсат етсеңіз, 
қайтайын» – деп еді, генерал Чернов үнсіз қостап 
бас изеді. Сосын Колчак үкіметі атынан Еламанның 
кеудесіне медаль тақты. Осы қазақтың ықыласын 
өздеріне аударғысы келген генерал ырза қыла түсейін 
деген ниетпен Рошальға біраз ұзатып сал деп кеңес 
берді.
Бұлар атқа отырды. Былайырақ ұзап шыққасын 
Еламан қасында қатарласып келе жатқан мына 
офицерді тұтқындап ала кеткісі кеп, оған бір-екі рет 


781
қоз тастады. Рошаль бүгін бір түрлі жабырқау. Жолға 
шыққалы жұмған аузын ашқан жоқ-ты. Кенет Рошаль 
әлде неге мырс етті. Көлденеңнен көз салған Еламан 
жас офицердің бет өңінде тұрып қалған ащы мысқылды 
байқады.
– Федоров деген бір досым бар еді, – деді Рошаль 
күліп.
– Оның кім? – деді Еламан, аяқ астынан көңілденіп. 
– Баяғыда «әліпті» таяқ деп молладан таяқ жейтін 
баладай біреу емес пе өзі?
Рошаль бұл жолы әзілге ыңғай бермеді. Бет өңіндегі 
әлгі бір ащы ыза ақырын-ақырындап сөніп, салқын 
қанды сабырлы кескінге ауысты.
– Жоқ, менің досым ондай кеще емес. Сіз бен бізге 
де ұқсамайды. Ол өзі әскер үшін жаралған адам.
– Офицер болды ғой?
– Иә, офицер. Сіз түсінесіз бе, жоқ па, білмеймін, 
әскери кісілердін тілінде «рубака» деген сөз бар.
– Е, пәлі! Ондай кісіні қазақтар «шаш ал десе, бас 
алады» дейді.
– Сіздерде тіпті дәлірек айтқан екен. Менің досым 
соның нағыз өзі.
– Бала ата-тегіне тартады ғой. Не қылса да досыңның 
әкесі де қылышынан қан тамған біреу болар?
– Ол арасын білмедім. Менің естуім, әкесі әскер 
қатарында болмаған, купец. Қазақ өлтіріпті деп есіттім.
– Бір жазығы болған да. зәбірі өтіп кетті ме, кім 
білсін, әйтпесе орыс байына қазақ қол көтермейді ғой.
– Мүмкін.
– Рошаль мырза...
Cap желіп келе жатқан ат басын Рошаль сәл тежеді. 
Бірақ жүзін Еламанға бірден бұра қоймай, бүгін 
Актөбеден шыққалы тор шолақ аттың алдында таяқ 


782
тастамдай жерде ұшып-қонып, құйрығы қылпылдап 
отыратын да қоятын сары шымшықты бағып қалды.
– Ол досыңыз қайда? – деді Еламан, – осында ма?
– Жоқ. Жолда келе жатыр.
– Жол-да?
– Иә, Омбыдан шыққан обозды басқарып келеді.
– Қанша мақтасаң да әкесі сияқты о да шаруашылық 
жағында жүрген біреу болды ғой?
– Жоқ, ол нағыз жауынгер командир. Омбыдан қару-
жарақ әкеле жатыр.
– Е-е!
– Мырза, біз алдағы уақытта тағы да кездесіп 
қалуымыз мүмкін.
– Қалай?
– Біз Аральскіде боламыз.
– Қашан?
– Көп ұзамас.
– Е, онда дегендей... біздің үйде қонақ боп дәм 
татарсыз.
– Танир... – дей түсті де, Рошаль кілт тоқтады. Осы 
бір есімге әр кездегідей тілі келмей қысылып, – мырза, 
осына бір кішкентай құсқа қараңызшы – деп, қамшы 
сабымен сары шымшықты сілтеді.
– Е, бұл бір жазықсыз сорлы. Кісіге үйір. Әсіресе, 
жолаушылап келе жатқан кісіге кәдімгідей қара.
– Мен де соны айтайын деп едім. Кейбір үлкен 
теңіздерде кемені қайырға соққызбай, алдына түсіп 
бастап отыратын лоцман деген балық болады. Мына 
шымшық мінезінен соны аңғарам.
– Есітпеген елде көп деген...
– Не дедің?
– Жаңағы балықты айтам, – деді Еламан.
Рошаль жортып кетті. Жалғыз аяқ жолмен тырнадай 


783
тізіліп келе жатқан кісілердің алдына түсіп алып, осыдан 
қашан ілгері жақтан кішкентай қаланың аласа үйлері 
жыпырлап қоя бергенше тартты да отырды. Жапан түзде 
жетімсіреп отырған жұпыны қаланың шеткі көшесіне 
кірді. Көзіне түсіре басып киіп алған фуражканың 
күнқағары астынан оңы мен солына бірдей назар салып, 
қай үйге тоқтасам деп келеді. Қызылдар жуық маңда жоқ. 
Өз есебі бойынша, бұл арада Алашорданың отряды болуға 
тиіс.
Рошаль қаланың орталығындағы еңселі биік үйге 
кеп ат басын тіреді. Үсті-басының шаңын қағып, ішке 
кірді. Жуынып, шайынғасын қасына екі офицерді алып, 
кішкентай қаланың шет жағындағы өзбек байының 
асханасына барды. Осы өңірдің айтуына қарағанда, бұл 
өзі ертеректе кірешілерге ілесіп келе жатып, әлде бір 
себеппен осы арада қалып қойған өзбек жігіті екен, қазақ 
қызына үйленіп, бала-шағалы бопты.
Аласа үйдің іші көк ала түтін екен. Қатығы аз болған 
соң тұз бен бұрышты басып салған көк жасық астың исі 
үй ішінің азғантай ауасын тарылта түсіпті. Төр жақ столда 
отырған екі орыс жігіт қызып қапты. Екеуі екі қыздың 
төсіне басын салып, осындайда ауызға түсетін «очи 
кариді» қосылып айтып, үйді басына көтеріп жатты.
– Көңілсіз емес сияқты, – деді Ротшильдің қасындағы 
офицер күліп.
Масаң жігіттер бастарын көтеріп алды.
– А, офицер мырзалар, – деді біреуі.
– Алтын иық төрелер... Қош келдіңдер... сендердің 
денсаулықтарың үшін, – деді екіншісі. Сосын мәймілдетіп 
арақ құйған стаканды төге-шаша көтеріп, – сендердің 
құрметтерің үшін... Ну, я пошел, – деп, қағып салды.
Рошальдың жанындағы жас офицер атып тұрып еді, 
Рошаль оны етегінен басып:


784
– Отыр! – деді.
– Қап, мына иттердің...
– Қайтесің.
– Жоқ-ау, қорлығы өтіп барады.
– Көне бер. Алдыңда мұнан да ауыр қорлықтар тұр, – 
деді де, ротмистр Рошаль аласа есіктен кіріп келе жатқан 
бұжыр қара, ірі кісіге көз тоқтатты. Жалғыз бұлар емес, 
басқалар да алдындағы асын қоя сап, мына бір түрі, түсі 
бөлек, зор бітімді жойпар кісіге жалт қарады. Ол бірақ 
өзіне жан-жақтан анталап қараған үй толы кісілердің 
біріне назар салған жоқ. Бет-аузын жүн басып, шаш өсіп, 
желкесіне түсіп кеткен. Үстіндегі киімдер де бір түрлі. 
Қай киімі де өзінікі емес, басқа біреудің үстінен шешіп 
кигендей. Бұтындағы шалбардың шолтиған балағы сіңірлі 
жуан сирағының тұсарлығын жабуға жарамай, бура сан 
балтырдың бұлшық еттері жүрген-тұрғанда бұлт-бұлт 
ойнайды. «О, ғажап! Мынау нағыз гладиатор ғой», – деді 
Рошаль зор денелі кісіден назар айырмай отырып.
Асхана қожасы – домаланған семіз қара өзбектің де есі 
шығып кетіпті. Бейне бақшасына түйе түскен диқаншыдай, 
қара бұжыр кісіге үрейлене қарады. Ал қара бұжырдың 
олармен, сірә, ісі болған жоқ; офицерлерден аулақтау 
жерге барып отырғасын саусағының ұшымен официантты 
шақырды.
– Ақшаң бар ма? – деді официант.
– Міне, ақша! – деп, бұжыр қара шалбардың қалтасын 
сыртынан басып-басып қойды. «Мынау орыстың көпесін 
өлтіргеннен сау ма?» – деді асхананың қожасы ішінен. 
Сосын ол официантқа:
– Сұраған тамағын бер, – деді де аяғын ақырын басып 
бұжыр қараға барды. – Сәлеметсің бе?
– Сен кімсің?
– Мен... мен осы асхананың қожасымын.


785
– Не, менің ақшамды тексере келдің бе?
– Жоқ, жоқ.
– Онда екі құлағым сенде. Айта бер.
– Өзіміздің мұсылмансың ба?
– Иә, мұсылманмын.
– Қазақсың ба?
– Қазақпын. 
– Есімің кім?
– Оның саған қажеті қанша? – деп, анау алара бір қарап 
еді, асхана қожасы:
– Айтпай-ақ қой... айтпай-ақ қой – деп, қолын сілкілеп 
шегініп бара жатты.
Бұжыр қара Кәлен еді. Түрмеден қашып шыққалы 
бір жеті. Сонан бері кісі-қара көзіне түспей, үнемі елсіз-
сусыз жерлермен жүріп, аштықтан әлі құрығасын, бұнда 
амалсыз бұрылып еді. Көше толған әскер екен, енді мына 
офицерлерді көріп қорықса да, сырт өңін салмақты ұстады. 
«Іші-сыртымды бірдей ғып тойып алайын, сосынғысын 
көре жатармын» – деп ойлады да, алдына келген асты 
жапырып жеп жатыр еді, әлгінде Рошальдерге тиіскен 
екі жігіт түрегелді. Шайқалақтап, аяқтарына әзер тұр. 
Қолтығынан сүйеген қыздардың жанында тәлтіректеп 
кетіп бара жатқан-ды. Бұжыр қараның алдында босап 
қалған ыдыстарға көзі түсті де, тұра қалды:
– Мәссаған! Азық-түлік неге құрып кетті десем... әй, 
мына Гаргантюя...
– Гаргантюя, а-ха-ха!..
Кәлен басын көтермей, алдындағы асты іше берді. 
Қыздарға сүйкімді бір қылығын көрсеткісі келді ме, 
қылжақ жігіттер Кәленге тап берді.
– Әй, тамыр, тоқта!
Кәлен табақ түбінде қалған қол басындай етті қарпып 
асады. Ет сіңір екен. бұл кезде біраз ес жиған Кәлен ішкен 


786
астың ақысын қалай төлеудің есебін таппай, шиқылдаған 
көк жасық сіңірді асықпай шайнап отыра беріп еді, масаң 
жігіт:
– Мұның аузында бір қойдың еті бар, – деп күлді 
де, Кәленді қыл өңештен қыса қойды. Әшейін ойнап 
тұрған шығар деп ойлаған Кәлен қарсыласпап еді, жоқ, 
алқымынан алған қол өңешін сығып буындырып бара 
жатқасын:
– Тамыр, қой енді, – деді Кәлен.
Қылжақбас жігіттер қарқ-қарқ күлді. Кәленнің қара 
бұжыр беті қатты бұзылды. Ертеден бері көзінің қиығын 
айырмай аңдысып отырған ақ офицерлер есінен шығып 
кеткен-ді; қылжақбас жігітті кеудеден нұқып итеріп қап 
еді, ол серейіп құлап түсті. Жұрт тына қалды. Жігіттің 
мастығы тарқап кетті. Бұжыр қараға бір өзінің әлі жетпесін 
байқағасын Кәленге енді екеуі екі жақтан жабылып, бір-
екі қол сілтеді. Оның ар жағында не боп, не қойғанын 
жұрт байқамай да қалды. Кәлен шап беріп екі қолымен 
екеуін жағасынан ұстады да, басын басына сүзістіріп, сарт 
еткізіп соқты да, итере тастады. Сосын түк болмағандай, 
орнына қайта отырды да, тамағын іше бастады. Официант 
шегіншектеп, офицерлердің столына қарай ығыса берді. 
Кәлен енді өзінен ешкім ақша сұрай қоймас деп отырғанда, 
ішке әскерше киінген екі қазақ жігіт кірді. Қолдарында 
мылтық. Кәлен қозғалмады.
– Айда, тұр, – деді олар келе сала.
– Қайда апарасыңдар?
– Тексереміз.
– Әй, шырағым, мен бір ұзақ жолдан шаршап келе 
жатқан адаммын. Асымды ішіп, кішкене әл жиып алайын.
– Сөзді қой. Неғып жүрген адамсың, өзіңде документ 
бар ма?


787
– Орыс болмаса, қазақ өзін қағазға түсіртіп, 
пагорнайлатып жата ма.
– Ақсақал, сөзді қой! Давай, документ – деп, қырсық 
қылғанда мына сары шая икемге келмей кіжіңдеп зықын 
ала бастады. Кәлен енді кәйтерін білмей дағдарып қалды 
да, кенет аяқ астынан жадырады.
– Шортснам дейтін жерің еді, құдай қылса кәйтесін. 
Докмент дедің ғой, сен өзің құлағыңды бері әкелші, – деді 
Кәлен.
– Ал, не айтасын? – деді шикіл сары. Ұмтылып құлағын 
тоса берген-ді. Кәлен:
– Докмент пе саған керегі? Міне, докмент! – деп, 
тырнағы өсіп кеткен күректей қолдың бас бармағын екі 
саусақ арасынан шығарып, «мә, иіске!» дегендей мұрнына 
тоса қойды.
Мыршай сары ду қызарды. Қалш-қалш етіп, қолында 
шоршыған мылтықтың найзасын Кәленнің көкірегіне 
тіреп,тіреп тұра қалды.
– А-а-мм? Тұр, алдыма түс! – деді ақырып.
– Қой, әрі! Жанымды алатын әзірейіл сен болсаң да, 
асымды ішіп алғанша тұра тұр.
Бұлардың қасына Рошаль келді.
– Кімсіңдер? – деді ол бірден мыршай сарыға.
– Алашорда отрядынанбыз.
– Мен генерал Чернов армиясының офицерімін. Мына 
кісіге тимеңдер! – деді Рошаль.
Мыршай сары сөзге келмей бұрылып шығып кетті. 
Рошаль официант шалды шақырып, Кәлен ішкен астың 
ақшасын төледі. Кәлен орыс офицерінің ар жақ ойын аңғара 
қоймаса да, өңіне қарап ішінен иман жүзді екен, шәйімді 
ішіп болғанша тимесе екен деп ойлады. Темекісін шегіп 
қасында тұрған офицерге назарын салған жоқ. Жайбарақат 
отырып асын ішті. Сосын ауылдағы әдетпен дұғасын оқып 


788
бетін сипады. Сонан соң ғана орнынан тұрды, екі қолын 
артына ұстап, қасында тұрған ақ офицердің алдына түсіп:
– Мен әзірмін. Әлгі мені қамайтын абақтыларың 
қайда? – деп, сыртқа беттеп жүре берді. Қолға түскен кісі 
секілді емес. Мына түрі бейне ел қыдырған ерке кісінің 
қонған, түстенген үйін төріне шыққасын билеп-төстеп: 
«Кәне, қайда жатамыз? Бізге салған төсек қайда?» – деп, 
өктемсіп тұратын бұ да бір дағдылы өктемдік сияқты.
Ротмистр Рошаль:
– Қайда кетем десең де ерік өзіңде. Ал сау бол! – деді 
де, бұрылып жүре берді. Кәлен оның соңынан таңдана 
қарап тұрды да, басын шайқап: «апырай, мынау бір әділ 
орыс екен» деп ойлады.
***
Бет сүйегіне шақыр етіп қылыш тигенде Еламанның 
көзі қарауытып кетті. Өзінің қылышы сусып уысынан 
шығып бара жатқанын сезбеді. Өзі де осыдан артық бойын 
билей алмай, шапқан аттың шаужайынан сыпырылып 
түсіп бара жатты. Жерге денесінен бұрын әуелі басымен 
соқты да, есінен танып, талықсып кетті. Есін жиғасын да 
біразға дейін көзін ашпады. Өзінен гөрі әлгі офицердің 
айла-тәсілі әлдеқайда асып түсіп, ажалдың аузына барып 
қайтқанын ойлап қыбыр етпей біраз жатты. Татар дәмі 
таусылмапты. Қайта құдай сақтап қылыш қағыс тиді.
Әйтпегенде тірі қалуы екіталай еді; ақ офицер қайта 
соғатындай тынышсызданса да, бірақ қансыраған денені 
қозғауға дәрмен жоқ еді; әлгінде шекесіне шақыр етіп 
қылыш тигенде тақымы астынан ойнақтап шауып кеткен 
ақтабан ат қайтып оралып, қасынан кетпей оқыранып 
тұрып алды. Соған қарап офицердің жуық маңда жоқ 
екенін білді де, жүрегі орнына түсті. «Жігіттер қайда 


789
екен?» деп ойлағанша болмады, әлде қайдан әлде кімдер 
дүсірлетіп шауып келе жатты.
– Тірі ме?
– Басы аман ба екен?
– Қан көп ағыпты.
– Киіз күйдіріп басу керек.
– Әй, киіз... киіз табыңдар.
– Тоқымның шетінен кесіп алыңдар!
Біреу Еламанның басын сүйеді. Біреу аузына су тамыз-
ды. Бір тұста түтеген киіздің исі шығып еді, іле-шала қан 
тоқтамай, жанын шығара солқылдатып әкетіп бара жатқан 
бет сүйегіне киіз күйдіріп басты да, екі жігіт көтеріп апарып 
арбаға салды. Атқа бишік үйірді. Доңғалағы майланбаған 
ескі арба орнынан сықырлап ақырын қозғалды. Ела-
ман көзін аша түсті де, ащы тер құйылып бара жатқасын 
қайта жұма қойды. Тұла-бойы күйіп-жанып, ала-бөле екі 
бетінің ұшы шыдатпай өртеніп барады. Баяғы балық ау-
лап жүргенде дәл бір осындай халді басынан кешетін. 
Қылшылдаған қыста күні бойы теңіз үстінде болған 
кісілердің кешке қарай суыққа шалдыққан беті тап 
осы қазіргідей жанын шығара дуылдап бара жатады. 
Ондайда үйге жету қиын. Қарсы жел кеудеден итеріп 
тұрып алады. Үйге кірер-кірместе сырт киімін сыпы-
рып тастап, келіншегі алдынан маздатып жағып қойған 
отқа жақындайды. Иығында ішік. Қарсы алды маздаған 
от. Еламан көсеумен үлкен қазандықтың көмейі толы 
қызыл шоқты өзіне тартады да, отқа түсетіндей итініп, 
ілгері ұмтыла түседі. Бірақ суық алған дене сонда 
да жылынбайды. Тек қос шекесі қызып, үсік шалған 
беттің ұшы тызылдап аши бастайды. «Отқа түсесің бе? 
Кейінірек отырмайсың ба?» – дейді Ақбала. Еламан қара 
қошқылданып бартиып ісінген бетін Ақбалаға бұрып 
ыржалақтап күліп: «Шынында да, отқа шабынып кеттім 


790
білем»,– дейді. Осы сөз Ақбалаға түрпідей тиетін. Кеш-
ке бір төсекте қатар жатқанда да Ақбала бұған сыртын 
беріп, іргеге қарап үнсіз томсарып алатын-ды.
Ақ пен қызыл арасында бұлар кең жазықта отырған 
үлкен ауылдың іргесінен өтті. Әскерден жүрегі 
шайлығып, запы боп қалған халық үйлеріне тығылып
алған болу керек, сыртта кісі-қара көрінбеді. Иттер де 
үрген жоқ. Селкілдеген арба үстінде Еламан қиналып 
келе жатқан-ды. Әли ауыл іргесіндегі сай бойынан бір 
арқадай жоңышқа шауып әкеп, астына төсеп еді; со-
нан кейін жаны саябыр тауып, көзі ілініп кетті. Сонан 
бір кезде көзін ашса, аспанда жұлдыздар жыпырлап 
тұр. Сонау бір шетте толық айдың төбесі қылтияды. 
Еламан түннің қай уақыт екенін білмеді. Мына ай 
тірлігін тауысып, батып бара ма? Әлде, жаңа туған ба? 
Жарық дүниеге жаңа келген шаранадай, бұ да мына түн 
жамылған дүниеге жүрексінгендей, жатырқай қарап, 
қиығы қылтия ма?
Еламан батыс қай жақ, шығыс қай жақ айыра алма-
ды. Бір ізбен шұбырып, артынып-тартынып келе жатқан 
обоздың бас-аяғына көз жетпеді. Тек көз байлаған 
қараңғыда пысқырған аттар, сықырлап ақырын қозғалған 
арбалардың доңғалағының біркелкі үні құлаққа келеді. 
Обоздың ілгергі жағында бара жатқан біреу ыңылдап 
еді; Еламан кұлағын тіге қалған, бірақ о да ұзаққа бар-
мады, ыңылдап бастаған әннің аяғы бірте-бірте әлсіреп 
барып үзіліп кетті де, түнгі дала тағы да жым-жырт бола 
қалды. Еламан тас төбеде түнгі жұлдыздар жыпырлаған 
тұңғиық қап-қара аспанға қыбырсыз қарап жатып гене-
рал Чернов пен ротмистр Рошальды есіне алды. «Қандай 
тамаша адамдар». Жау деп ойлауға қимайды. Колчак 
үкіметі атынан медаль тапсырып тұрып, адал қызметі 
үшін алғыс айтқанда, апырай, бұл қысылғаннан жерге 


791
кіре жаздап, тезірек кеткісі кеп, әпі-шәпісі шығып еді. 
Бұларды бір күншілік жерге шығарып салған жас офи-
цер тіпті қатты ұнады. Қас жау болса да, жаксы кісіні 
жек көріп, жамандық ойлаудың қиыны-ай! 
Қоштасар жерде Черновтың да, Рошальдың да көзіне 
тура қарай алмады. Атқа міне сала қамшы басты. Күні 
бойы қасындағы кісілердің оқ бойы алдына түсіп алып, 
атты ауыздыққа керді де отырды. Сол күні жолшыбай бір 
қонып, ертеңіне ел орынға отыра Шалқарға жетті. Келе 
сала Петр Дьяковты іздеп тауып алды да, оңаша үйде 
екеуден екеуі ұзақ отырып сөйлесті. Сөзінің соңында 
бұл қару-жарақ тиеген обозды айтып еді, Дьяковтың 
көзі жайнап кетті. Бір күн дем алғасын, бұл қасына жүз 
қаралы жігіт алып, тағы да жолға шықты. Жым-жырт 
даланы дүбірлетіп тартып отырып, келесі күні Ырғыз 
бен Шалқардың екі арасындағы жұрт «Қызыл үй» деп 
атап кеткен бекетке жетті. Осы арада азырақ аялдап, 
жергілікті халықтан бүл күндері ешқандай обоздың 
өтпегенін білді. Әли бастаған төрт жігітті ілгері оз-
дырып жіберді де, өздері кешкі салқын түсісімен атқа 
отырды. Ертеңіне түс ауа бергенде шолғыншы жігіттер 
оралды. Омбыдан шыққан обоз жол бойы кездескен 
бірде-бір қалаға соқпай, үнемі сырт айналып, елсіз дала 
жолымен келе жатқанын хабарлады.
Бұлар тағы да атқа отырды. Қырдағы биік қара 
жалдың тұсынан өтетін кіреші жолға жеткесін Еламан 
жігіттерді екіге бөлді. Әли басқарған топ обоз өтетін 
жолдың өкпе тұсындағы терең сайға бекінді де, бұл 
Еламан өз кісілерімен олардың қарама-қарсы бетіндегі 
қоңыр төбенің астында аттарын тізгіннен тұқыртып 
ұстап әзір отырған-ды. Көп ұзамай көз ұшынан шаң 
шықты. Әне-міне дегенше ауыр жүк тартқан түйелер 
маң-маң басып, атты арбалар сықырлап, үлкен обоздың 


792
алды бұлар ертеден бері бой тасалап отырған ұрымтал 
жерге жақындап келе берді. Азғантай күзет мүлде 
бейқам. Бір-екеуі мылтығын арбаға тастай салып, 
өздері ат айдаушының қасында аяғы салақтап отыр. Ал 
әне біреу фуражкамен бетін көлегейлеп, арба үстінде 
шалқасынан сұлап жатыр. Бірнеше солдат обоз келе 
жатқан жолдың жел жағына шығып, ат тізгінін бос 
тастап, қалғып-шұлғып келе жатты.
Еламан жігіттеріне жылдам көз тастады. Сол 
екен, құдды сең қозғалғандай болды. Еламанның 
ақбақайымен құйрықтасып тұрған қырық-елу жігіт лап 
қойды. Дәл осы сәтте обоз жылжып бара жатқан жолдың 
арғы жағынан, сай бойынан Әлидің жігіттері қиқулап 
шыға-шыға келді. Ақтардың көбі сасқалақтап қаруына 
қол соза алмай жатқанда, тұтқиылдан тиген жігіттер 
жайпап өтті. Тек қара атты офицер тұра қашты. Еламан 
Тентек Шодырдың баласын бірден таныды. Есіл-дерті 
жас Федоровпен жүзбе-жүз кездесу еді. Еламанның 
астындағы ел аузына ілігіп жүрген бір өңірдің аяқты 
жылқысы болатын. Жайшылықта көз тартпайтын қораш. 
Бауыры салбыраған бие қарын. Арқасы да үлкен ерден 
ауыспайтын тұрқы кішілеу ат-тұғын. Есесіне кеудесі 
кең. Арқасынан бауыры әлдеқайда жазық. Жазатайым 
қиқу шығып, тақым қысса, түрі өзгеріп сала беретін.
Еламан атына сенді. Және ұзаққа жібермей, өкпе 
тұстан қосылып еді. Аралары кәпелімде жақындап 
қалды. Федоров тақтайдай жазық даламен жұлдыздай 
ағып бара жатып артына жалтақтап қарап қояды. 
Аралары әлгіден де гөрі жақындай түсті. Федоров 
құтыла алмасын білді де, аяқ астынан күтпеген әдіс 
жасады. Атының басын шұғыл бұрды да үстіне төніп 
келіп қалған Еламанға енді онын өзі тап берді. Еламан 
қапелімде қайтерін білмей, сасып қалды. Керек десе, 


793
дұрыстап бойын жия алмады. Үрейлі көз ақсиған тісті 
көрді. Жалақтаған қылышты көрді. Бір амал қылам 
дегенше болмай, екеуі айқаса кетті. Ат екпінімен 
ағызып өтіп бара жатып асығыс сілтеген қылыш оған 
да, бұған да тимеді. Екеуі де алғашқы айқаста-ақ бір 
жағыиа шыққысы келген-ді. Аттарын шұғыл бұрып, 
қайта айқаса бергенде, көк болат Еламанның көзінің 
алдынан жарқ етті. Қорқыныш қолын күрмеді де, бұл 
жолы да қайрат қыла алмады.
Еті қызып алған аттар әл бермей, екеуі екі жаққа 
ала қашты. Жел жоқ. Ауа қапырық. Бұл кезде еңкейіп 
бесіндікке барып қалған. Әлем мұнартып тұр.
Еламан өзінің осалдау соққанына ызаланды да, аттың 
басын анадан бұрын бұрып еді. Федоров тайсалған жоқ. 
Екеуі де осы жолы ажалға анық бас тігіп, бір-біріне 
тайсалмай ұмтылып еді... «Иттің баласының қолы қатты 
екен» деді Еламан ішінен.
Обоз таң алдында тоқтады. Қалжыраған кісілер көз 
іліндіріп, мызғып алды. Күн қызбай тұрғанда жүріп 
кетті. Еламан бүгін тәуір. Бұлттан айыққан аспан түпсіз 
дүниедей қашықтап кетіпті. Әдетте ертеңгілік теңізге 
шыққанда тас төбеде дәл осындай биік аспан жарқырап 
тұратын. Теңіз де көк. Аспан да көк. Тура қаратпай көз 
қарып алады. Бұл ау салған жерге қайықтың тұмсығын 
туралап бұрып алар еді де, қос ескекті бір әуенмен 
ақырын тартып келе жатады. Теніз шырадай тынық. Тек 
су малшыған ескек сықырлайды. «Қап, ескегі түскірдің 
құлағын майлап алу керек еді. Өзі де тозды» деп ойлап, 
бұл сонау күн жарқыраған көгілдір аспанға, онан теңізге 
қарар еді. Әлдеқайда шағалалар шаңқылдап, қомағай 
сорлылар қолға түскен олжасын бөлісе алмай қиғылық 
ұрып жатар еді-ау!
Еламан көк аспан қарып бара жатқан көзін кірпігімен 


794
көлегейлеп жұма түсті де, іле-шала қайта ашты. Қазір де 
көз алдында көк аспан. Көгілдір ауа. Шөбі қураған сұр 
дала да осы қазір реңі жұмсарып, көкшіл тартып жатыр. 
Ағарып тан атқалы жағы талғанша шыр-шырлаған 
сұр торғай күн қызар алдындағы көк мұнар ішінде 
қанатының ұшы дір-дір етеді. Көз ұшында шырылдап 
тұрады да, кейде құдды құлап түскендей құлдырап кеп 
қол созымдай ғана жерге ілініп тұрып қалады. Еламан 
кішкентай қозғалса, осы бір бейкүнә сорлыны үркітіп 
алатындай қорқады да, қыбыр етпейді. Дала өмірінің 
баяу тірлігіне бойы үйренген сұр торғай арба үстінде 
жүзі жоғары қарап жатқан кісінің көз алдынан кетпей 
қояды. Оның кіп-кішкентай тұмсығын, безектеген тілін, 
моншақтай қап-қара көзін көріп жатқан Еламанның 
есіне қай-қайдағы оралып, өзінің сонау бір жастай жетім 
қалған балалық шағы есіне түседі. Онан бай ауылдың 
қозы-лағын баққан шағын еске алады. Жалаң аяқ. 
Күс-күс табанның жарығына шөңге кіріп, аяғын ұстап 
шоңқайып отыра қалатын. Шөңгені алып тастағасын 
да ауырған аяғын баса алмай сылтып жүргені. Ұшына 
тиген аяқ күп боп ісіп кетті. Аяғының солқылдап қатты 
ауырғаны сонша бір жолы шырт ұйқыда жатып «апа!» 
деп жылап оянып еді.
– Елаға, қалайсыз? – деп Әли атын қатарластыра 
берді.
Еламан жас жігітке сездірмей көзін сүртті.
– Су жоқ па? Тамағым кеуіп қалды.
– Қазір, – деді де, Әли атын тебініп, обоздың ілгері 
жағына қарай шаба жөнелді.
Қас қарая бұлар Шалқар қаласының шетіне ілікті. 
Еламанды дереу дәрігерге апарды. Бет сүйегі аман екен. 
Қылыш тиген жерге дәрі жағып таңып тастады. Ертеңіне 
Еламан кештеу оянып еді. Көзін ашса, күн көтеріліп 


795
қапты. Төсегінің бас жағында еңгезердей біреу отыр 
екен. Бұның оянғанын байқаған бойда анау да бұны 
бас салып құшақтай алды. Еламан оны осы арада ғана 
таныды.
– Кәлен ағай-ай, тірі екенсіз ғой.
– Аллаға шүкір.
– Сізбен де кездесетін күн бар екен ғой.
– Ей, шырағым-ай, адам шіркін ит жанды емес пе... 
дәм-тұз таусылмаған соң сібеулеп біз де жеттік қой. 
Ал, бала, бұнда келгелі сенің біраз жағдайыңа сырттан 
қанып жатырмын. Қосылғандарың құтты болсын.
– Рақмет, Кәлен аға.
– Сен қай кезде де бізден гөрі орыстарға бір табан 
жақын едің. Жанылмапсың. Орыстың жолын ұстапсың, 
оң болсын.
– заман жолы болғасын...
– Жөн, жөн. Ал, жарақатың қалай?
– Құдай ондап, офицердің қылышы тайып тиді. 
Әйтпегенде ініңнің жағдайы қиын болатын еді.
– Қылыш тисе темір өзек кім бар дейсің – деп, Кәлен 
де өз ішінен бір тәубеге келгендей боп отырды да, кенет 
қораздана күліп, – сайыстарыңның аяғы не болды? Әлде 
қылышпен бетіңді бір осқызып алғасын бас сауғалап 
қаша бердің бе? – деді.
– Баяғы Тентек Шодырдың баласы. Иттің қолы 
қатты екен.
Кәлен қарқылдап күлді:
– Е, солай де? Әкесінің кегін қайтармаса да, 
қармысын қайтарған екен.
Еламан Кәленнің жүдеу түріне қайта-қайта қарай 
берді. Баяғыдай түн қатқан жорық-жортуылдың бұл 
күнде бойына лайық емес екенін білді. Кәлен сияқты 
қайратты кісіге ауыл арасының кәсібінде берекет қалған 


796
жоқ. Еламан сөз арасында ендігі тірліктің жөнін сұрап 
еді, Кәлен ыңғай бермей:
– Жұмысты қайтем – деп, қолын бір сілтеді, – 
қартайдық қой.
– Бұныңды жеңгеміз есітпесін.
– Ай, Еламанжан-ай, кісі кәрілікті мойындамайын 
десе де, елуден асқасын баяғы бала кезде тікен кірген, 
асық тиген, қыз шымшыған жеріңнің бәрі сырқырап 
ауырып тұрады екен. Тоқтайтын кез маған да жетті. 
Қойдым. Тойдым. 
* * *
Хан-Дауров 
қол 
астындағы 
командирлерді 
жинап алып, дивизияның алдында тұрған тығылтаяң 
міндеттерді жаңа-жаңа айта бастағанда ақтар аяқ 
астынан шабуылға шықты. Бұл жолы атты әскер мен 
жаяу әскер тізе қосып, бірін-бірі сүйемелдей отыра 
шабуылға шыққан күші басым жау салған жерден 
қорғаныс шебіне сұғынып кіріп, апырып-жапырып 
бара жатқан еді. Окопты тастай қашқан Хан-Дауровтың 
жауынгерлері алды-артына қарамай қаша бастаған 
хабар жеткен бойда, Хан-Дауров сөзін дереу үзіп:
– Әскерлеріңе жетіңдер! Тез! Тез жетіңдер, – деді 
асықтырып. Командирлер сыртқа ұмтылды. Дьяков 
атқа жетем дегенше бірнеше снаряд жарылды. Дьяков 
үзеңгіге аяғын салам дегенше басын ала қашқан атқа 
әрең мінді. Көзі жасаурап, ілгергі жақтан ештеңе көре 
алмай қойды. Сонан тек қара жалдың басына шауып 
шыққанда ғана ар жағындағы жусанды жазық далада 
қашып келе жатқан өзінің жігіттерін көрді. Ағызып 
келген бойда аттан домалап түсе сала:
– Қайт! Қа-айт! – деп әркімге бір ұмтылып еді; бірақ 


797
мыналар өрт ішінен шыққандай екен. Осы қазір ешкімді, 
ештеңені көзге ілетін түрі жоқ; көзге ілгендер де қолына 
құмандай наған ұстаған мына біреудің әркімнің аяғына 
оралып, әлек-шәлек боп жүргеніне түсінбеді. Сосын 
«есі дұрыс па өзінің?» дегендей, бұған одырая қарайды 
да, оны айналып өтіп кетеді. Құмандай наган қолынан 
түсе жаздап, ананы бір, мынаны бір тоқтатпақ болғаны 
жынына тие бергесін қайсы біреулер бұны мықтап бір 
боқтайды да, табаны жарқылдап қашып бара жатады.
Дьяковтың кеудесі қысыла бастады. Көзіне 
құйылған жоса-жоса терді сүрткелі қолын көтере беріп 
еді, үстіне келіп қалған солдатқа көзі түсті. Сол арада 
көзіне құйылған терді сүрте алды ма, жоқ па, оны бұл 
кейін лазаретте жатқанда қанша ойласа да есіне түсіре 
алмады. Есіне түсіргені – еңгезердей солдатқа қарсы 
жүгірді. Бұл «тоқта!» десе де, басқалар сияқты мына 
еңгезердей солдаттың да тоқтамасын білді. Сосын оның 
қолындағы мылтыққа шап беріп жармасты. Солдат 
сасып қалды. Жұрт жанын сауғалап қашып жатқанда 
мына бір денесін әзер көтеріп жүрген есалаң неменің 
бұны неге тоқтатпақ болғанына түсінбеді. Мылтыққа 
жармасқанына, тіпті, түсінбеді. Түгіне түсінбесе де 
қолына жармасып, жұлқылап жатқасын, қарсыласпай 
бере салды. «Енді қайтер екен?» дегендей оған қарап 
еді; әй, сірә, есі дұрыс болмас. Бұның қолынан жұлып 
алған мылтықты басынан асыра жоғары көтеріп:
– Жол-дас-тар-р... Бауыр-лаарр... – деуін деді. Бірақ 
шырылдаған әлжуаз дауысты өзге түгіл, өзі де есіткен 
жоқ-ты. Осы кезде бұлардың соңынан оқ жаудырып, 
қуып келе жатқан жау да келіп қалған еді. Дьяковтің 
көкірегі қысылды. Қиқылдап жөтелді. Әлі құрып бара 
жатқасын, ол қасында қашарын да, қашпасын да білмей 
аңырып тұрып қалған әлгі еңгезердей солдатқа қарап 


798
еді; о да бұған қарады. Көзіне көзі түсті. Жаутаңдаған 
жанардан айта алмай тұрған ар жағындағы жалынышты 
көрді. Енді болмаса оны құлап қалатындай қорықты да, 
ұмтылып барып жас бала құрлы көрмей, көтеріп алды.
Бұлардың жанынан Еламан жүгіріп өтті. Жаңа ғана 
көп дүрмекке ілесіп қашқан бір топ кісі анадай жерге 
барғасын қайырылып тұра қалған еді. Әне, олар да 
Еламанның соңынан айғайлап, жауға қарсы жүгіріп 
бара жатты. Сол екен, жан-жақтан «Алға! Алғалаған» 
дауыстар жамырай шықты. «Айналайындар-ай!» – деді 
Дьяков. Көзіне тер құйылды ма, әлде көңілі босады ма, 
дүние бұлдырап кетті. Аяғы жерге тиген бойда ілгері 
ұмтылды. Ол есінде Бірақ есік пен төрдей жерге барды 
ма, жоқ па, қасынан снаряд жарылды. Үй аумағындай 
жердің топырағы бұрқ етіп аударылып түсті. Өрттей 
ыстық толқын соқты. Дьяков жерден табаны үзіліп, бір 
аумақ қара топырақпен бірге анадай жерге барып түскен 
еді.
* * *
Ұрыс толастаған бір кезде Еламан кейінгі жақта 
орналасқан лазаретке барып еді. Дьяков кеудесінде 
жаны бар демесе, бірақ әлі де болса есін жия қоймапты. 
Талықсып жатып та оқта-текте жөтел буып, ішегі 
үзілердей киқылдап қала береді. Еріні кезеріп жатқасын 
Еламан аузына су тамызайын деп еді, оған бірақ су 
таппады. Су белдігіндегі қалайы құтыда да болмады. 
Маңдайында бұршақтаған терді сүртіп отырып, 
жайшылықта да денесін өзі әзер көтеріп жүретін осы 
бір сырқат жанның бүгінгідей жан алып-жан беріскен 
жағаластағы әлгі бір қылығы есіне түскенде таңданып 
қала береді. Өзінің де қашқан әскерді көргені осы еді; 
сүйтсе, қашқан әскер де құдды қасқыр тиген малдай 


799
екен ғой. Иә, дәл қасқыр қуған малдай екен… 
Сол өзі... Тоқта... Құдайменденің жылқысын бағып 
жүрген кез еді-ау. Қаңтардың қақаған суығы еді; күн 
ұзын аттан түспеген кісілер кешке қарай қатты тоңды. 
Еламан қасындағы жігітті ас даярлауға қосқа жіберді. 
Жылқылар шөбі шүйгін көл табанда жайылып жатқан-
ды. Қанша күннен бері қырдан соғып тұрған ызғырық 
жел сол күні кешке салым шұғыл қатайып, аттың 
тұсарлығынан келетін сіреу қардың бет жағы борай 
бастаған-ды. Еламанның астындағы – жаз бойы кісі 
тақымы тимей, құр шыққан күйлі ат-ты. Қоңы қалың, 
сіңірлі, мықтылығына қарамастан қырдан соққан қатты 
желге шыдамай, құйрық, жалы суылдап ықтап кетіп 
тұрған.
Еламан көл табанның қара отын қар астынан 
тұяғымен теуіп, пыр-пырлап жайылып жатқан 
жылқыларға сүйсіне қарап көз салып тұрған. Шет жақта 
шашырай жайылған некен-саяқ аттар болмаса, азғантай 
аяға шоғырланған жылқылар құлын, тайларды ортаға 
алып, әзір ығын алдыра қоятын емес. Тек сары тіс сақа 
айғырлар мен кебеже қарын мама биелер күн райы 
бұзылғанын басқа жылқылардан бұрын сезді. Онда да 
тұяқтарымен бұзған тоң арасынан бой көтерген қызыл 
изен мен жусан ақ түтек бұрқасын арасында ұйқы-
тұйқы боп көрінбей кетіп, қиыршық қатты ұшқындар 
көзге, танауға тыққылап, мазасы кеткенде басын 
жерден көтеріп, аузындағы үзіл алған шөпті шайнамай, 
құлағын тігіп селтиіп тұрып қалды. Күн батар алдында 
жаяу борасын үдеп, жер-дүние қарауытып түнере 
бастады. Жылқыларды түнемелікке далада қалдырмай, 
қос басына айдап апарғысы келген Еламан әдеттегі 
машықпен ащы даусын ышқынта айғайлап жіберді. 
Жылқылар дір етті. Ә дегенде қалай қозғаларын білмей, 


800
қара отқа тойған бүйірлер қағысып-соғысып опыр-
топыр болды. Іле-шала қалың қарды күтір-күтір бұзған 
сом тұяқтар дүсірлеп шаба жөнелді. Күн батып, көз 
байланып бара жатқан-ды. Кенет ілгері жақтан, қара 
түнек ішінен қос-қос қызыл шоқтар андыздап қоя берді. 
Алда келе жатқан шұбар айғыр осқырып, төрттағандап 
тұра қалғанда соңындағы күллі бар жылқылар да біріне-
бірі кимелеп опыр-топыр болды да қалды. Алғашқыда 
түгіне түсінбесе де, тек шұбар айғыр жан даусы шыға 
азынап жібергенде, бүкіл жылқы бар үйірімен кейін 
жалт беріп, жосылтып шаба жөнелді.
Еламан атқа қамшы басты. Үсті-үстіне айғайлап, 
жылқыларды қайырмақ боп алдын орай шауып еді. 
Әшейінде оның «әу» деген ащы даусынан жон арқасы 
дір-дір етіп тоқтай қалатын жылқылар құлағына да 
ілмеді. Олардың ендігі баққаны тастай айсыз қараңғыда 
бірде оң, бірде сол жағынан шығып оттай маздаған қос-
қос қызыл шоқтар еді. Солар қай жақтан жылт етсе, 
бұлар да бүтіл үйірімен жалт беріп жоси жөнеледі. 
Еламан бірнеше рет мың-сан тұяқ қарды күтірлетіп дүбір 
салған жылқы селінің астында қала жаздады. Қараңғыда 
жоны тұтасып, дүсірлеп шапқан көп жылқы қайсы бірде 
құдды сарқырап аққан тасқын судай жосыса, енді бірде 
мынау дүрлігіп бара жатқан мың-сан тұяқ емес, қарға 
көмілген қара жердің өзі қозғалып, дала дөңдері алдына 
түсіп домалап бара жатқандай. Бұның өзі де әлдебір 
құдірет күш бас еркінен айырып, дала дөңдерімен бірге 
әлдебір жаққа домалатып әкетіп бара жатқандай еді. 
Жылқылар теңізге жақындап қалды. Бұл жақтың жағасы 
теңізге мінбелеп төніп тұрған көк қатпар биік құз-тұғын. 
Қайыру бермей келе жатқан мына қалың жылқы қазір, 
тап осы қазір түйдек шоғырымен ағызып барып опыр-
топыр құлайтындай. Сонан зәресі ұшқан Еламан үсті-


801
үстіне айқайлап, жылқылардың алдын орап шаба берді. 
Сол жолы ол тірі қалам деп ойлаған жоқ-ты. Кейін қанша 
ойласа да, көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда қасқыр 
тиген жылқыларды қалай қайырғанын білмейді. Қос 
алдына айдап әкелді де, ат үстінен ес-түссіз құлап түсті. 
Серігі ішке әрең кіргізіпті. Со сияқты мына ілмиген 
әлжуаз кісінің қашқан әскердің бетін қайырғанына 
таңданып: «апыр-ай, ә?!» деп, дал боп отырған үстіне 
дәрігер кірді.
– Сен кімсің?
– Мен бе?
– Иә, сен.
– Мен... мен… мына коммунистер полкіненмін. 
Доктор... ерні кезеріп жатыр. Су болса?..
– Сестра!.. – деді дәрігер. Сырттан жүгіріп келген 
ақ халатты қызға дәрігер дүрсе қоя берді, – бөгде кісіні 
кіргізбе дегенім қайда?
Еламан босағада сүйеулі тұрған мылтығын алып, 
үн-түнсіз сыртқа атып шығып еді. 
Есік алдына жаралылар тиеген арбалар кеп тоқтап 
жатыр екен. Ыңырсыған дауыстар, абыр-сабыр жүгірген 
ақ халаттылар. Бірінен кейін бірі келіп жатқан арбалар. 
зембіл көтергендер әбігерге түсіп құйқылжып жүр. 
Ақтар тағы да шабуылға шыққан еді.
* * *
Хан-Дауровтың әмірі бойынша қызыл полктер күші 
басым жауға бұл жолы да қарсыласпай, окопты тастап 
шегіне бастады. Бұл күндері Дьяков полкке қайтып 
оралған-ды. Темір жол бойымен шұбырып келе жатқан 
полктың бас-аяғына көз тастаған сайын әскердің қатары 
осы күндері қатты селдіреп қалғанын байқады. Қару 
ұстауға жарайтын кісілердің де бірталайы жараланып, 


802
қолын, басын, аяғын таңып алған. Өз аяғымен жүре 
алмаған қайсы біреулер таяққа, не қасындағы серігіне 
сүйеніп барады.
Полкте небәрі үш зеңбірек бар-тын. Оның екеуі 
Қандыағашта болған ұрыста қираған. Жаз басынан бері 
бір күн бел шешіп отырмаған толассыз ұрыс-қағыстан 
титығы құрыған әскерлер, әсіресе бүгін өрттей ыстық 
күн астында май топырақ бұрқылдаған сусыз шөл далада 
аяғын әзер алып келеді. Үсті-басы шаң. Қашаннан 
бері ұстара жүзі тимеген бет-өңдер қап-қара. Түтігіп 
кеткен. Күн шыға қайнап қоя беретін өрттей ыстық 
аптап топырақ екеш топырақты да қыж-қыж қайнатып 
жіберген.
Түс ауа аттар, адамдар қаны кеуіп қаталап баратты. 
Ерні кезерген. Көзі шүңірейген. Кірпік, қас, шаң-шаң 
кісілердін. белдігіндегі бос фляга былғаң-былғаң.
Хан-Дауров та, Дьяков та Шалқарға жеткенше 
су болмасын білгесін кісілерді бір жерге аялдатпай, 
жол шаңдағын бұрқылдатып ілгері тартты да отырды. 
Сонысы ақыл болды. Күн төбеден ауа бергенде 
Шалқардың қарасы көрінді.
– Шалқар! Шалқар!
– Жеттік-ау, әйтеуір.
– Енді көлге шомыламыз.
– Ой, несін айтасың, Шалқардың суы тамаша ғой.
Бірақ бұлар қанша жүрсе де көрініп тұрған қала 
жуық арада жеткізбеді. Тек су тартатын қызыл водокачка 
алыстағы үміт сияқтанып, көз ұшында бұлдырап тұрып 
алды.
– Мынау сілемізді қатырды ғой, – деді қарт солдат.
– Жетуін жетерміз-ау, бірақ бұнда қанша болады 
екенбіз? – деді екінші біреу.
– Бір жеті болармыз, – деді үшінші біреу.


803
– Ақтар еркіңе қаратса жақсы ғой, – деді тағы біреу.
Иә, күші басым жау ықтияр-еркіне қаратпай, 
қаладан қуып шығары сөзсіз еді. Шынында да, Хан-
Дауров қаланы екі күннен артық ұстап тұра алмаймыз 
деп, алдын ала ескертіп қойған-ды. Онан артыққа 
шамасы жетпесін Дьяков та біледі. Бұлардың ақтарға 
бір тойтарыс берсе, беретін жері – Арал. Сол арада 
болатын алдағы сұрапыл қырғын шайқасқа бұлар да, 
аналар да күні бұрын әзірленіп, екі жағы да алдын ала 
қауырт қимылдап жатқан-ды.
Дьяков анада госпитальда жатқанда қатары тың, 
қару-жарағы сайлы көп әскерді Аралға жөнелтіп 
жіберген екен. Онан кейін де жаз бойы бұлармен 
бірге үнемі тізе қосып соғысқан Қазалы, Жосалы, 
Ақтөбе теміржолшыларының жасағын да бір түнде 
ұмар-жұмар Аралға жөнелтіп жіберген-ді. Ұзынқұлақ 
хабарға қарағанда, Қостанай мен Түрікпеннің атты 
әскер полктері де Аралға жетіпті. Енді қазір генерал 
Черновтың жер қайысқан әскерінің алдын бөгеп, қаша 
ұрыс caп келе жатқан Хан-Дауров дивизиясы еді.
Бір жақсысы, қазақ даласы кең. Бұлар қаптап келе 
жатқан қарақұрым жаудың жолын бөгеп, сәл-пәл 
қарсылық көрсете бастаса болды, олар дереу қарақұрым 
әскерді қаптатып жібереді. Енді сәл кідірсе, күші басым 
жау не қоршап алады, не жаныштап тапап кететін 
болғасын, бұлар жалма-жан артқа шегінеді. Осыдан 
қашан Аралға жеткенше ендігі қалған жердің бәрінде де 
кең далада қаша ұрыс салып жан сақтайды. Сол тәсілді 
пайдасына жаратқан Дьяков осы жолы да әскерін қалаға 
кіргізбей, Шалқар көлінің батыс жағына орналастырды. 
Мұғалжар тауында болған кешегі ұрыстан кейін қара үзіп 
қалған ақтардың бұнда тап бүгін жете қоюы неғайбыл 
еді. Сүйтсе де, осы арада оларды біраз бөгемек болған 


804
Дьяков кісілерінің әлі құрып тұрғанына қарамастан, 
түннің бір уағына дейін окоп қаздырды.
Ертеңіне азанда бұларға Хан-Дауров келді.
– Қалайсыңдар? Әскерің тыныға алды ма?
– Аздап...
– Жаудың қарасы көрінбей ме?
– Жоқ.
– Қамсыз болма. Атаман Дутовтың атты әскерінің 
аяғы ұзын. Әттеген-ай, тым құрыса екі, үш жүздей ат 
болса... онда бізде де бір-жар эскадрон болар еді.
Дьяков үндемеді. Хан-Дауров шарасынан шыға 
жаздап зыттиып тұратын дөп-дөңгелек үкі көзімен 
айнала төңірекке алақ-жұлақ қарады. Аспан ашық. 
Жаңа шыққан күн астында айнадай жалтыраған көлдің 
арағырақ басындағы бір шоқ қамыс арасынан үйрек 
қырқылдады. Сосын ол түн ішінде көл жағасынан 
қорыс қып қазып тастаған окопқа назарын тоқтатып 
қарап тұрды да, қолағаштай мұрынның бір танауынан 
мырс етті:
– Неге көлге арқаңды тіреп орналастың?
– Осы дұрыс болар деп ойлап едім.
– Соңыра шегінгенде қайтесің?
Енді Дьяков мырс етті:
– Қашуға келгенде осы жұрт иненің жасуындай 
тесіктен өтіп кететін еді ғой.
Хан-Дауров рақаттанып тұрып шалқақтап қарқ-қарқ 
күле түсті де, кенет кілт тыйыла қалды:
– Ұмытып барады екем. Сені Түркістан майданы 
штабқа шақырып жатыр.
– Оларға не қажетім болды екен?
– Барғасын білерсін. Ал, кәне жолға дайындал.
– Полкті қайтем?
– Бұнда мен болам.


805
Дьяков жолға шығар алдында Еламанды іздеп еді, ол 
түнде қазған окоптың бір қайырылысында мылтығын 
тазалап отыр екен.
– Ауылыңа барғың келмей ме? – деді Дьяков.
– Кім жіберіп жатыр.
– Жіберсе барар ма едің?
– Шын айтасың ба?
– Хан-Дауровпен ақылдастық.
– Елге барғанда не істеуім керек.
– Ат жинап әкел.
– Қанша?
– Қолыңа түскенін ала бер. Төрт жүз, бес жүз болса 
тіпті жақсы.
– Жарайды, барайын.
– Онда кідірме. Қасыңа кісі қосып берем.
– Оны қайтем. Кісі бұнда да керек қой.
– Орныңа кімді қалдырасың?
– Әли бар ғой.
– Ал, жөнел! Жолың болсын.
Дәл осы кезде окоптың арағырақ басынан 
әлдебіреудің: «Шаң! Шаң шықты», – деген даусы азанғы 
ауаны жанғырықтырып жіберді. «Бұлар да жеткен екен 
ғой» деді Дьяков ішінен. Кідірмей соғыс басталады. 
Және бұл соғыстың қызыл қырғын болатынын көкірегі 
сезіп тұр.
* * *
Хан-Дауров күн батар алдында көл жағасына 
бекінген қоммунистер полкін тағы бір аралап шықты. 
Қасында осы полктің рота, батальон командирлері. Ол 
бұл араға ақтардың титығы құрып жеткенінен хабардар 
еді. Шөлден қаны кеуіп бара жатқан ақ әскерлер көз 
алдында жарқыраған көлді көргенде таң атқанша 


806
шыдамай, бірден шабуылға шығар деп ойлап еді; бірақ 
генерал Чернов ыссылай ұрынам деп әскерін қырып 
алатын болғасын шабуылдан бас тартты да, түн тыныш 
өтті. Сонан тек ел жатар алдында ғана атыс болды. Екі 
жақ та қараңғыда түк көрмесе де, құр дүрмекпен бет 
алды боратып оқ атты-атты да тоқтады.
Құлағын сыртқа тігіп сергек жатқан қала халқы 
жаңағы атыста оянып кеткен-ді. Осы күндері қалаға келіп 
жатқан Тәңірберген де жастықтан басын көтеріп алды. 
Төсектен мойнын созып, тұсындағы терезеден сыртқа 
көз салып еді, тастай қараңғыда көзіне түк көрінбеді. 
«Кідіре тұру керек пе еді. Бекер келдім бе?» деп ойлады 
Тәңірберген. Шалқарға ақ әскер жақындап қалды, енді 
көп ұзамай қаланы басып алады деген хабар бұны үйде 
тыныш жатқызбады. Себеппен Жасағанбергенмен де 
кездесіп, қысқа күнде қырық құбылып тұрған мына 
дүниенің бет аңғарын байқап қайтқысы кеп, аяқ 
астынан атқа қонып еді. Өзіне қарасты ауылды ұлы 
жолдан жырақтау жатқан Қарала-Көпке қондырғасын, 
бұл жолы қасына қосшы-қолаң ертпей, сыбай-салтаң 
кеп, қаланың шет жағында тұратын кедейлеу қазақтың 
үйіне түскен-ді.
Кейінгі кезде бұл қалада дүкен ұстап отырған 
бұрынғы бай достары – Темірке мен Ебейсіннен бойын 
аулақ салып жүрген. Ал мынау Тәңірбергенге көптен 
таныс, сәлемі дұрыс, кездескен жерде жалпылдап, 
асты-үстіне түсіп қалатын елгезек жігіт-ті. Оның осы 
жолы да өліп-тіріліп, тым жалпылдап бара жатқаны 
мырзаға ұнамады. Және жуық арада тыныштала қоятын 
түрі жоғын байқады да, мұртына мысқыл шаптырып: 
«Мейлі, жеткен жеріне тоқтар» деп тұрғанда, көзі 
кенет күйеуінің тасасынан сығалап тұрған уыздай жас 
келіншекке түсті.


807
Үйге кіріп, төрге шығып отырғасын да мырза әлгі 
келіншектен көзін алмады. Қонақ қамымен үй ішінде 
қымсына қозғалып жүрген келіншектің әр қимылын 
бағып, көзбен де, көңілмен де ішіп-жеп барады. 
Сұғанақ көзден қысылған жас келіншектің бидай өңді 
беті алаулап, өртене жаздап, басын бауырына тығып 
алды. «Осындай кісілер әйелден салымды болады» деп 
ойлады мырза. «Шай-суланып алғасын мына жалпылдақ 
немені есебін тауып бір шаруамен алысырақ жерге 
жұмсап алармын» деп ойлап, қолтығындағы жастықты 
нығарлап басып, мұртынан күліп жатыр.
Жасағанбергенмен қараңғы түскесін кездесетін 
боп, күндіз астыртын келісіп алған-ды. Тәңірберген 
сыртқа шықты. Иығына жамылған боз шекпеннің 
жеңін қараңғы көшемен келе жатып киді. Бұл келгенде 
інісі бір стол, төрт-бес орындықтан басқа көзге түсер 
ештеңе жоқ оңаша вагон ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр 
екен. Ағасын көргенде кілт тоқтады. Тәңірберген інісін 
бауырына қысып, үнсіз құшақтады. Қырағы көз жаңа 
кіріп келе жатқанда байқаған-ды. Әскери киім інісіне 
қатты үйлеседі екен. Аяғында қонышы сыптай жылтыр 
қара етік. Сары ала қылыш. Сірісінде сыңғырлаған 
күміс шпорға дейін талдырмаш бойлы аққұба жігітке 
ерекше ажар беріп, үйлесе қапты.
– Ауыл-ел аман ба? – деді Жасағанберген.
– Шүкір.
– Жай жүрсің бе?
– Саған жолыққалы келдім.
– Ұрысудан бастайды екенсің ғой?
– Неге олай дедің?
– Білеміз ғой. Қазақ байы үшін қойнындағы қатыны 
мен есіктегі малайдан кейін ұрысуға ыңғайлы адам – 
іні.


808
Тәңірберген мырс етіп күліп жіберді. Ағалы-інілінің 
күні осы: көрмесе – сағынады, кездессе – ұялас иттей 
бірін-бірі осылай беттен алып ырылдаса кетеді.
– Сендерді білем, – деді Жасағанберген сөйлеген 
сайын ширығып, – мені шіріген жұмыртқа көресіңдер. 
Иә, солай... Шіріген жұмыртқамын.
– Шырағым, саған не болды? Сенімен кінәласқалы 
келгем жоқ. Ашуыңды бас, келші, қасыма отыршы. 
Адамға ұқсап сөйлеселікші.
– Жасың үлкен. Ағасың. Қызыл жон ғып сабасаң да 
еркің. Ық етпеймін. Тек... Тек әуелі мені түсініп ал!
– Неге өйдейсің. Сені түсінбегенде кімді түсінем.
– Жо-қ, түсінбейсің. Ар жағымда ит өліп жатыр 
менің. Иә, ит өліп жатыр. Һхе-е... һхее..
– Ауырып жүрсің бе?
– К черту... К черту, денсаулық та, он саулық та, ақ 
жаулық та. Ауыз ашса, айтатындарың осы ғой.
– Інім, айналайын, босқа, бекерден-бекер 
дызалақтайсың. Қашаннан бері көрісіп тұрғанымыз осы. 
Кездеспей жатып беттен алатындай менің не жазығым 
бар?
– Аға-еке, ойбай, сенде жазық жоқ. Жазық менде. 
Иә, шіріген жұмыртқа да, шідер үзген тентек... диуана 
да мен.
– Жасанжан...
– Мені түсінбейсің. Түсінген емессің...
– Сөз екен. Біле білсең, мен сендей інім болғанына 
құдайға мың да бір шүкір айтам. Жас болғанмен, біздей 
емес, көзің ашық. Келешек сендердікі.
– Кешір...
– Осы бетің дұрыс. Осыдан айырылма.
– Шаршадым. Сыртым бүтін, ішім түтін. Шаршадым. 
Шыным сол.


809
– Бізді ойлап қайтесін. Онан да өзіңнің келешегіңді 
ойла!
Жасағанберген қарқылдап күлді де, столға басын 
салып, жылағаны, әлде жөтелгені белгісіз, иығының 
басы селкілдеп біраз жатты. Сонан бір кезде басын 
көтергенде кірпігі ылғалданып, көзінің алдында сіркедей 
тер шүпірлеп тұр екен. Жасағанберген қалтасынан бет 
орамал алып, әуелі көзін, сосын аузы-басын сүртті.
– Келешек? Шутишь, брат. Менде қандай келешек 
бар. Ал сенде келешек бар ма?
– Рас, бізден бақ тайды. Келешек қазір аналарда. 
Сен солардың сүйген құлысың.
– Кекет. Кекете түс.
– Жоқ, шын айтып тұрмын. Осы бетің дұрыс. Ендігі 
жерге осылардың қосын жексең, қор болмайсың, інім.
– Мен дінім үшін жүргем жоқ, күнім үшін жүрмін.
– Қалқам-ау, дінді қайтесің, қазір қара бастың қамын 
ойлайтын заман туды. Оның айыбы жоқ. Құранда да 
сондай пәтуа бар. «Күштіге қызмет қыл, қосын жек» – 
деп, Аллатағаланың өзі айтқан.
Жасағанберген ызалана күлді. Әлгі ашу жас жігіттің 
ілелі жүдеу жүзіне қайта теуіп, ду етіп қызара түсті де, 
лезде бозарды.
– Өзін ақтарда бұлардың құдайы мен құраны әзір 
тұрады. Ну и народ!
Жасағанберген жолында тұрған орындықтарды 
теуіп-теуіп жіберді. Күміс шпоры шылдырап, қатты 
жүріп кетті.
– Біздің түбімізге жеткен сендердің осы 
тоғышарлықтарың. Бас қосып бірігетін кезде әркім 
өзінің амандығын ойлап, бұта түбіне бұғып қалады. 
Кораны малға толтырса, қос-қостан қатын алса болғаны. 
Басқа дүние өртеніп жатса да бәрібір. Ну и народ!


810
Тәңірберген көңілсіз тартып кірбиіп отыр. Әңгімеге 
де ықылас қалмады. Інісінің арғы жағындағы ойын 
жаңа ұққан сияқты.
– Солай де?..
– Иә, солай. Қалай ойласаң, солай ойла.
– Ой, сорлы бала-ай! Кімнің несі кетер дейсін. Түбі 
сенің өзіңе...
– К черту! Маған бәрібір.
– Бұрын сен бұндай емес едің.
– Қандай едім?
– Жо-қ, бұрын басқаша сөйлейтінсің. Есіңде ме, 
баяғы біздің түу дегенде түкірігіміз жерге түспей 
тұрғанда, сен келешек кедейлердікі деуші едің. Жақсы 
кезімде жаманшылық шақырғандай көрінетінсің. Жасы 
үлкендігімді арқаланып саған ақырып тастасам да, арғы 
жағымда дәрменсіздік бар еді.
– Иә, сендерді құртқан сол дәрменсіздік.
– Шынымды айтайын, сол кезде сен алдын 
болжайтын ақ етек ишан сияқты едің. Ал қазір өртке 
қарсы жүгірген есалаң бала секілдісің.
– Не десең о де! Тек менің айтарым: осы күні әулие 
көбейіп кетті. Әулие болу әркімнің қолынан келеді. 
Қазір бізге солдат керек. Сенің мың әулиеңнен бір 
солдат артық. Сол-дат!..
– Сонда... бірдеңеден әлі де дәмелерің бар ма?
– Дәме... дәме... Бұлар дәмесі болмаса, аяқ баспайды.
– Е, өзің қайтер едің?
– Егініне шегіртке түскен диқаншы қайтуші еді?
– Ал диқан қайтеді? – деді Тәңірберген інісінің арғы 
жағындағы ойын аңғара алмай, тосылып қап.
– Диқаншы ертеңгі күні астық алам ба, жоқ па деп 
ойламайды. Ол егінге түскен шегірткені қыра береді, 
қыра береді, қыра... Һхее-е...


811
Жөтел буған жігіт тағы да қып-қызыл боп қиқылдады 
да қалды. Тәңірберген інісін қатты аяды. «Сорлы бала» 
деді ішінен. Қара көлеңке бейуақ кеште қарт әжелердің 
мейірбан жұмсақ даусына caп, мына сорлы баланы ертек 
айтып ұйықтатып тастар ма еді деп ойлады.
Жасағанберген жөтелін шаққа басты. Сілесі қатып 
қалжырағаны соншалық, жанынан ақ жібек орамалды 
әзер-әзер алып, терін сүртті. Ағасына екі рет көз қиығын 
тастады. Әлгідей емес, жүдеу жігіттің бет өңінен ашу 
қайтып, жуасып қалған.
– Кешір! – деді ол ақырын. Ағасына кінәлі кескінде 
көзін қорғалақтап тастап, – рас, хал қиындап кетті. Қара 
тобыр күш алып барады. Бұлар ана жылы болыс ағаны 
өлтірді. Қазір қарсыласқанның бәрін қырып жатыр. 
Ертең кезек сені мен маған келеді. Қорадағы малыңды 
алады. Үстіңдегі үйіңді жығады. Қалған тірліктің не 
қажеті бар? Онан да қолда күш тұрғанда қасық қаным 
қалғанша қарсыласып өлгенім артық емес пе? – деді.
Тәңірберген ләм-мим деместен, тұрды да жүре 
берді. Жасағанберген таңданып қалды. Тәңірбергеннің 
қайырылмасын біліп, соңынан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет