Буйраева Ж.Ө., Ахантаева Ә. Ж. ҚАзақстан тарихы электронды оқу құралы


ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан



Pdf көрінісі
бет52/74
Дата09.10.2024
өлшемі1,51 Mb.
#147318
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   74
Байланысты:
Электронды Казахстан тарихы

3.7
ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан 
Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері.
 
ХІХ ғасырдың аяғы мен XX 
ғасырдың басындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болған өзгерістер 
ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда болуымен, әсіресе, олардың ірі әкімшілік 
орталықтарына айналып қана қоймай, оларды мекендеген халықтың шаруашылығында және 
мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен роль атқаруымен сипатталды. XX ғасырдың басында-ақ 
Қазақстан көп ұлтты елге айналды да, ғасыр басында Қазақстанның негізгі территориясы 
алты облысқа бөлінді: Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-
губернаторлығына (орталығы - Ташкент қаласы), ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары 
– Дала генерал-губернаторлығының құрамына кіргізіліп, Ішкі (Бөкей) ордасының 
территориясы Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына қаратылды. 
Осы кезеңде Ресей империясының ішкі губернияларынан көші-қон ағынының дамуы 
нәтижесінде Қазақстан халқының тез өскендігі де аңғарылды. Оған дәлел: Ресей 
империясының бірінші жалпыға бірдей санағынан кейінгі алғашқы екі онжылдықта (1897-
1917 жж.) Қазақстан халқының саны 4147,7 мың адамнан 5045,2 мың адамға, яғни 25,7% 
көбейген. Ал, өлкенің демографиялық деректерінің табиғи өсу деңгейіне салыстырмалы 
талдау жасасақ, мынадай цифрларды аңғаруға болады. Өлкенің сол кездегі негізгі алты 


102 
облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 
11,3%, ал 1907-1916 жылдарда -15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың 
үлес салмағы Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың 
басында орыстардың, украиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі 
аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады. 
Ал, жалпы алғанда, XX ғасырдың басында қазақтар, орыстар, украиндар бүкіл өлке 
халқының 87%-ынан 95%-ына дейін құрады да, өлкеде бұлардан басқа татарлар, өзбектер, 
дүнгендер, мордвалар және басқа да ұлт өкілдері қоныстанды. 
Өлке тұрғындарының 90%-ынан астамының ауылдық жерлерде қоныстанды. Олардың 
негізгі кәсібі ежелден келе жатқан мал шаруашылығы болатын. Сонымен қатар, XX 
ғасырдың басында егіншілік халықтың көп бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қоныс 
аударған орыс шаруаларынан басқа, егіншілікпен жергілікті қазақтар да айналысты.
XX ғ. басындағы Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға талдау жасаған 
кезде, жалпы өлкедегі патшаның отарлау саясатының кең белең алғандығын еркін аңғаруға 
болады: біріншіден, өлкедегі халықтың көп ұлтты құрамының қалыптасу үрдісі күшейе 
түсті; екіншіден, байырғы халықтың үлес салмағы кеміді де, келімсек халықтың, негізінен 
алғанда, орыстар мен украиндардың үлесі өсті; үшіншіден, қалалар мен олардағы халықтың 
біршама өсуі байқалып, оның құрамында метрополияның басқа аймақтарынан келген қоныс 
аударушылар мен отаршылдық әкімшілік пен кәсіпкерлікке байланысты әлеуметтік жіктер 
мен топтардың басымдылығы толық аңғарылады.
Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын 
шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол 
пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен және су жолдарымен Ресейдің Пермь 
губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да 
қалаларына жеткізіліп отырды. 
Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі 
де біршама дамыды. Бірақ, ол кәсіпорындар толығымен шетел капиталистерінің билігінде 
қала берді. І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты «Батыс-
Орал мұнай қоғамы», «Орал-Ембі қоғамы», «Солтүстік Каспий мұнай компаниясы» өлкенің 
арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты мұнайдың мол 
бай кен орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда 
әкеліп жатты. 
Осындай себептерге байланысты, Қазақстанның кен өнеркәсібі бұл кезеңде жергілікті 
капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. 
Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан 
бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-
экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.
XX 
ғасырдың басында Қазақстанның орталық аудандарының капиталистік 
өнеркәсібінің шикізат көзіне, сондай-ақ өнім өткізу рыногына айналуында темір жолдардың 
салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, 
ең алдымен Орта Азия мен Сібірге Ресей капитализмінің ену құралына айналған болатын. 
Ал, шын мәнінде, Орта Азия мен Қазақстанды Ресейдің экономикалық игеруі осы 
аумақтардың терең түкпіріне темір жолдар салудан басталған еді. Темір жол желілері 
Қазақстан аумағында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан ірі темір жолының 
салынуына байланысты тартыла басталды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі 
Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, 
ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами 
түсті. Әрине, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде жол қатынастарының дамуы 
маңызды рөл атқарды. Әсіресе, олар сауданың өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Бұл темір 
жолдар өлкені Ресейдің өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік 
экономикалық нарыққа тартты. Қазақстанның әр түрлі өнеркәсіп шикізаттары, мал 
шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика-завод бұйымдары, 


103 
тағы да басқа қажетті тауарлар әкелінді. Осы кезеңде ірі темір жол станцияларындағы 
халықтың саны бірнеше мың адамға жетті. Мысалы, 1916 жылы Орынбор станциясында - 
9720, Ақтөбеде - 3263, Қазалыда - 3600, Түркістанда - 2984 адам тұрды.
Өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының 
пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың бірден-бір 
әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалауға себеп болды. Өлкедегі мұндай өзгерістер ғасыр 
басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың 
адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 675 фабрика-
заводтың кәсіпорындары болды да, ол жұмысшылардың 28 мыңға жуығы ірі өнеркәсіп 
орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы еңбекпен 
қамтылды. Өлкедегі тау-кен өндірісі, завод кәсіпорындары мен транспортта ғана 
жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болғанына қарамастан әлеуметтік тұрғыдан өлкенің 
өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы Ресейдің өнеркәсібі дамыған аудандарымен 
салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Оған жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. Мысалы, 
Ембінің мұнай кәсіпорындарында 12 сағатқа дейін, алтын өндірілетін кен орындарда 10-12 
сағат, тұз өндірілетін кәсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды.
Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, 
әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен 
шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, 
патшалық Ресейдегі 1905-07 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық 
революцияның ықпалы зор болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы 
дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді. Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала 
жұмысшылары қатысты. Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, 
қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді. 
Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық 
қозғалысты жаңа сатыға көтерді. 
Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы өзінің 
саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақ даласында осы жылдары Ресейдегі 
революциялық үдерістердің жалпы барысымен тығыз байланысты жұмысшылардың 
бірқатар саяси және экономикалық толқулары болып өтті.
Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық 
қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. cаяси оқиғалар туралы 
алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, «бүкіл 
дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді». Қазақтардың 
орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың 
ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, 
қиянат, қоқан-лоқы жасалуына наразылық білдірілді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін 
Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге 
земство енгізу сұралды. 
Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге 
жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып дайындау ісінің басында негізінен сан 
жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, жаңадан қалыптасып, тез ысыла 
бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды.
1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам 
қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың 
қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы 
Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған 
«Ахаңның елу жылдық той» деген мақаласында: «1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да 
оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) 
жіберген. Ол петицияда аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды 
тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жұртына земство беруді 
сұраған. Үшінші – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы 


104 
барлық мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. 
Петицияларды тілек қылған ірі мәселелер осы.
Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 
1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін 
өткізіп, өз партиясын – Ресей конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының 
бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша 
Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған 
байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол 
кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың 
қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, 
ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді. Олардың басында Ә.Бөкейханов, А. 
Байтұрсынов, М. Тынышбаев, М. Шоқаев, М. Дулатов, Б. Қаратаев және қазақ 
зиялыларының басқа да көрнекті қайраткерлері жүрді. Сондай-ақ, олар дін ұстану 
бостандығын жақтап, әсіресе үкімет пен жергілікті органдардың мұсылман дініне қарсы 
шараларына наразылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сонымен қатар, Қазақстанда 
қазақ тілін басқа тілдермен тең қолдануды талап етті. Міне, осыған орай мұсылман 
дінбасыларының ықпалы күшті болған Семейде, Петропавлда, Ақмолада, Верныйда және 
т.б. қалаларда діни ұйымдар пайда болды.
Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстан халқының саяси ой-өрісінің дамуында 
Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқанында қазақ зиялыларының көптеген өкілдері 
белсенді қызметімен көрінді. Мысалы, 1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума 
жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Бірақ, бұл 
құқықтың жартыкештігі байқалды. Өйткені, депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара 
салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ зиялылары мұндай әділетсіздікті түзетуге 
біршама әрекет жасап көрді. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір 
депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік 
Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә. Бөкейханов, 
А. Бірімжанов, А. Қалменов және Б. Құлманов сайланды. Мұсылмандар фракциясы жер 
мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде 
ұсынды. 
Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні 
үкімет шешімімен таратылды. Дәл сол күннің кешінде Думадағы оппозицияның 182 өкілі 
(кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест 
дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә. Бөкейханов та бар еді. Сол 
үшін ол келесі Думаға сайлану құқығынан айрылып қана қойған жоқ, сонымен бірге 
жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады.
Екінші Мемлекеттік Думаның сайлануына келер болсақ, ол 1905 жылдың 6 
тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде өткізілді. Думаға 
Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов – 
Ақмола облысынан, би Х. Нұрекенов – Семей облысынан, адвокат Б. Қаратаев – Орал 
облысынан, сот тергеушісі А. Бірімжанов – Торғай облысынан, Т. Алдабергенов – Сырдария 
облысынан, қатынас жолдары инженері М. Тынышбаев – Жетісу облысынан сайланды. 
Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді 
талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі 
пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі 
болды. Әсіресе, депутаттар Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, Х. Нұрекенов өте 
белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір 
ықпал етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты 
жарыссөзде депутат Б. Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске 
айналған жер мәселесіне арнады: «Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, 
яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін» жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін 
тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, 


105 
шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері 
қазақтарды «орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай 
қуып шығумен айналысып отыр». Әрине, бұл сөз іс жүзінде патша үкіметінің қазақ 
даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді.
Патша үкіметі 1907 жылдың 3-маусымында шығарған заңымен екінші Мемлекеттік 
Думаны да таратып жіберді. Бұл құжат, сонымен бірге, сайлау Заңына өзгерістер енгізді. 
Патша үкіметі Қазақстан мен Түркістанда пәрменді отарлау саясатын жүргізе отырып, 
Думада бұл аймақтардан депутаттардың болмағанын өзіне қолайлы деп тапты. «3-маусым 
Заңының» өмірге келуімен бірге, қазақ зиялыларының Думаға артқан үміті де біржола сөнген 
еді. Дегенмен, «3-маусым Заңы» қазақ зиялыларын Дума арқылы жүргізуді көздеген саяси 
күрестен біржола ығыстыра алған жоқ. Олар Думадан тыс қала отырып, құрамы жағынан 
алғашқы екі Думадан анағұрлым консервативті, ұлыдержавалық бағыттағы үшінші Дума 
шеңберінде де мұсылман фракциясы, сібірлік депутаттар, солшыл кадеттер және басқа да 
одақтастары арқылы патшалықтың қазақ жеріндегі отарлау саясатына, «3-маусым Заңына» 
қарсы әрекеттерін тоқтатпады. Ал, жалпы алғанда, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының 
мерзімінен бұрын таратылған патша үкіметінің бірінші және екінші Дума жұмысына және 
оларға қатысты саяси шараларға қатысуы, әрине, олар үшін үлкен өмір мектебіне айналып, 
белгілі деңгейде өзіндік із қалдырды. Олар, біріншіден, империя жағдайында Дума сияқты 
«өкілетті» орынның, ең алдымен, орыс помещиктерінің мүддесіне, империялық мүдделерге 
қызмет жасайтындығына көздерін жеткізді. Ал, екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты 
шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың саяси белсенділігін 
арттыру мен батыл қимыл-әрекеттердің қажет екендігіне де көздері жетті. Сондықтан да бұл 
ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты 
құралдары ретінде «Айқап» сияқты журнал мен «Қазақ» сияқты бұқаралық газет шығарып, 
өздерінің қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті. 
«Айқап» журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы 
және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол 
кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді.
Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А. Байтұрсыновтың басшылығымен шығып 
тұрған ресми «Қазақ» газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. 
Ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің 
күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын 
қойды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   74




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет