Түйінді сөздер: рухани жаңғыру, білім беру, рухани бай мазмұн, дәстүрлі қазақ мәдениеті,
тектілік, рулық, генетикалық қатынастар
Адамзат тарихында әлімсақтан-ақ сабақтаса жалғасқан ізгілікке толы қарым-қатынас,
қамқорлық, мейірім, жанашырлық, кешірімділік, өз іс-әрекетіне жауапкершілік, адалдық секілді
толып жатқан адами абзал қасиеттердің күнделікті сабақ үдерісінде қоса қабат үздіксіз, үзіліссіз
сіңірілуі саналуан мәселелерді адамгершілік қағидалар жетегінде шешуге мол мүмкіндік берері
сөзсіз.
Нақты бір ақпараттар жиынтығынан тұратын білім санамен, оймен тоқылатындығы, өмірде
өзіндік орны бар кірпіш боп қаланудың материалдық желісі болса, тәрбие адамның жан-
дүниесімен біте қайнасып, адами абзал қасиет жинақтап, бала шағынан болашағына апаратын
жолдың білім саласында алатын ілімімен қоса ізгілік әліппесін қалыптастыратын басты қайнар
көзі. Осы екі ұғымның бір-бірімен тығыз бөлініссіз байланысын тәжірибе жүзінде көрсетіп,
мазмұнына рухани-мәдени келбетін толық сыйдырған «Өзін-өзі тану» пәні қоғамдық
құндылықтарды қалыптастыруда жетекші рөлге ие боп отыр.
Алаш тарихында есімі алтын әріптермен сақталған ұлт зиялысы А.Байтұрсыновтың «Балам
деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын» деген сөзінен балаға берер тәлім-
тәрбиенің көргенділік тұсы басым болу керек деген ойын қапысыз тануға болады. Осылайша ұлт
көсемі бала тәрбиесіне жұмсаған өлшеусіз мейірім мен шапағатты шарапаттың қайтарымы
келешегінде екенін меңзеген.
Тек түркі ғана емес күллі адамзат атаулыға даналығымен бас игізген ғалым, дара
данышпан Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тұлғаға тағлымды
тәрбие беру мен зердесіне жол табудың ең басты назарда болатындығын нұсқаған.
Сандаған ғылымның негізін қалап, сүбелі еңбектер жазып қалдырған Аристотель
«Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері
кетуі тезірек» деген еді. Бұны өз заманында белгілі болған ғылыми мәліметтердің бәрін білген
ғалымның тәрбие, адами құндылықтар мәселесінен ешуақытта айналып өтпегендігін көрсететін
философиялық пайымы деуге болады.
Осы орайда елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «ХХІ
ғасырдағы ұлттық сана туралы» бірінші бөлімінде: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің
бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың
өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін
ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры
тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз
жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғыруға айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп
бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын
қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың
аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға
тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды
алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала
алмаса, сол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып,
жарастыра алатын құдіретімен маңызды» [1] деп атап көрсетуінің мазмұнында тәрбие иісі
аңқыған салт-дәстүрге құрметпен қарау, саралап, салмақтап, ел игілігіне қызмет ететін тұстарын
көзден таса, көңілден ада етпеу, ұлттық ерекшелігімізді айқындау арқылы ұрпақ тәрбиесіне
қажетті алға бастайтын элементтерді пайдалану қажеттігін айтқан пікіріне тоқтағымыз келеді.
Н.Ә.Назарбаевтың аталмыш пікірі елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу нәтижесі
арқылы жан-дүниеміздің рухани жаңғыру жолының кедергісіз даңғылына түсетіндігін қапысыз
аңғартады.
232
Аталмыш мақалада «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы
үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық
басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» [1] деп қорытындыланатын елбасының үмітті
тілегі 1999 жылы жазылған «Тарих толқынында» еңбегіндегі «... қазақтар үшін ұлттық дәстүрді
сақтап-сабақтастырып отыратын мәнді тетік – ру болған.
Өз руын, тайпасын, ата-бабасын жеті атасына дейін білу әрбір қазақтың ру аясындағы
міндетті және сол білігі арқылы өз халқының дәстүрін сабақтастырып отырудың шарты болған.
Мұның өзі қазақтардың этникалық ерекшелігін танытып әрі орнықтырып отырған, тағдыр
тәлкегіне тегінен көз жазып қалмауға және ассимилияцияға түспеуіне себепші болған» [2,32] деген
жолдарындағы тұжырымдардың жалғасындай. Елбасы осы сөздері арқылы шыққан тегін қадірлеп,
отанын сүйген ұрпақтың туыстық қатынаста қалыптасқан парызын орындауға талаптанар бағытын
айтып отыр.
Автор осы пікірі арқылы өзін таныған тұлғаның айналасына деген құрмет сезімінің ұлғая
түсерін тектілік ұғымы мен адамдық қасиеттің толыққанды жинағы беретінін көрсетеді.
Халқымыздың «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сыйласымға толы нақыл
сөзі әуелі өзіңе, өз туысыңа, өз тегіңе деген құрметіңе бастау беріп, көпшілікпен ортақ
ымырашылдық, татулыққа көш бастататын көшелі ойдың түйіні.
Психолог, философ Карл Юнгтың «Өзгенің бойындағы ұнамаған қылықтардың бәрі
өзімізді түсінуге көмектеседі» деген қанатты сөзінің беретін түп мағынасы ынтымақтастық,
бірлік, берекелік бағытта кісілігі қалыптасқан жеке адамның көпшілік ыңғайына бейімделуге,
өзгенің пікірімен санасып ой қорытуға, сыйласуға тырысқан әрекетін көрсетеді. Рухани кесел –
жаман мінезден арылып, білімге негізделген этикалық әдептілік, ізгіліктерге тәрбиелейтін
тәжірибелік ережелер жиынтығын теорияға салған «Өзін-өзі тану» пәнінің де алға қойған нәтижелі
мақсаттарының басты міндеті осы болып табылмақ.
Осы мақсат жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесін қолға алған аталмыш пәннің
ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, балаға шын жүректен қуана білу, шаттана күлу
сезімдерін шынайылықпен үйретуді көздейтін, өзгенің қуанышы мен қайғысын өзіндей сезіне алу
сәтін сіңіретін рухани бай мазмұнға ие екендігін танытады.
Карл Юнгтың «Өз жаныңның тереңіне үңіле алған кезде ғана көңіл көзің қырағылана
түседі» деген келесі қанатты сөзінің астарынан айналаны бағдарлауда ақылмен, адал көңілмен
аңдаған адамның асыл армандар жетегіне ілесе алып, адамзат басында кездесер кез-келген сезімді
үлкен жүрекпен терең түсіне алатындығы аңғарылады.
Сонымен, әлем ойшылдары, алаш зиялылары баса назар аударған тәрбиенің білім беруде
басты орында тұратындығы мәселесінен «Өзін-өзі тану» – рухани жаңғыру бағытында ұлттық
сипаттағы білім беру стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік беретін пәні екендігі көрінеді.
Себебі, пәннің өзекті міндеті етіп адамзат атаулының бақытты өмір сүруге толық қақылы екендігі,
өзіңді тану арқылы өзгелердің жанын түсіну, кез келген тұлғаның қуаныш үшін жаралғандығын,
әрбір ұлт өзінің ұлттық құндылықтарын меңгере отырып, Адам деген ардақты атқа лайық болуын
сәби шағынан түйсігіне түйіп өсуін көздейтіндігі жататындығын ескеруінде.
Пәннің ең ұтымды тұсы – әрбір тұлғаның шығармашылық белсенділігін ескеріп,
интелектуалдық әлеуетін арттыру бағытында ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу бағдаршамы
болуында және осы құндылықтардың қазақ халқына тән қасиеттер екендігін баса ескеруінде.
Халқымыздың қанымен сіңген асыл қасиеттердің «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсат-міндеттерінен
жатсынбай, жатырқамай көрініс табатындығын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың пікіріндегі:
«Сұхбаттасқан адамының жан-дүниесін тануға деген құлшыныс, оның ой-сезіміне деген
құлықтылық, әсіресе, сырласының жүрек түкпіріндегі мұң-сырға ортақтасуға бейім тұру – әрбір
қазақтың қарапайым қатынасынан бастап барша болмысына дейін айқын көрініс тауып отырады.
Өзгенің талғам-танымы көңілге қонбай жатса да түсіністікпен қарауға бейім. Өзгенің
дүниетанымын, құндылықтарды тануын сергек сезімталдықпен түсіну – қазақ болмысының аяулы
қасиеті. Мұның өзі қазіргідей қарқынды өмір ахуалына бейімделе білудің қажеттілігі туындап
отырған заманда айрықша мәнді» [2,30], - деген ой тізбектерімен нақтылай түскен жөн.
Осы ойымызды айқындай түсу мақсатында педагог, ғалым Ә.Табылдиевтің қазақ халқының
салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының тәрбиелік мәні баяндалған «Қазақ этнопедагогикасы
233
еңбегінде»: «Текті білу дәстүрі ататекке байланысты туыстық қатынастарды әдептілікпен,
имандылықпен орындай отырып, одан әрі дамытып, жекжат-жұрағаттармен, отандастармен,
жалпы адам баласымен халық қалыптастырған адамгершілік қатынастардың болуын уағыздайды»
[3, 108], - деген пікірін келтірген орынды.
«Өзін-өзі тану» пәнінде жақсы ескеріліп, ерекше мән берілетін мәселелердің маңыздысы
жеті ата, тек, туыстық қарым-қатынас атауларының «Көшпелі қазақтың өз шыққан тегін және
рулық байланыстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моральдық-
этикалық қағидаға айналған. Мұның бәрі біздің тарихымыздың ежелден бергі қасиеттері.
Сондықтан да, жеті аталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, жалпы рухани
тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз етіп отырған» [2, 35], – деп қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіне
айрықша мән бере назар аудартуының себебі де осыдан туындап отыр.
Сондай-ақ, ғалымдар Т.Ғабитов, Қ.Затовтың «Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі» атты
қазақ мәдениетінің рухани, этикалық, діни және әлеуметтік құндылықтарына мәдени-
философиялық тұрғыдан талдау жасаған ғылыми еңбегіндегі: «Қазақ әдебіндегі жиі қолданылатын
кісілік құндылықтың бірі – тектілік. Бұл ұғым ортағасырлық түркі философиясында да жан-жақты
қарастырылған. (Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн және т.б.). Дәстүрлі қазақ мәдениетінде тектілік
рулық және генетикалық қатынастардың басым мүдделілігін білдіреді. Тектіліктің нақты тарихи
формасына жеті аталық үрдіс жатады. Қазақтың «жеті атасының атын білген бала, жеті рулы елдің
қамын жейді» деген нақыл сөзі бар. Жеті аталық үрдісті әдебиетте инцестке тыйым салудың
дәйекті түрі десе, көптеген зерттеушілер жеті аталық үрдісті «туысқандық қоғамның» айқын
көрінісі деп қарастырады» [4,178], - деп пікір қорытуын негізге ала отырып, «Өзін-өзі тану»
пәнінің бағдарламасы мазмұнына тұтас тарихты, мәдениетті сыйдырғандығын байқаймыз. Тәрбие
берудің көрнекі құралдары осы айтылған атаулар аясында өз тақырыбын толық аша алатын мәреге
жетпек.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» // Егемен Қазақстан. 12 сәуір, 2017
жыл.
2. Назарбаев. Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы, 1999. – 296 б.
3. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы.\Оқу құралы\– Алматы: «Санат», 2001. – 320б.
4. Ғабитов Т., Затов. Қ.Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі. – Алматы, «Қазақ
университеті» /Оқу құралы/ 2012, – 382 б.
Достарыңызбен бөлісу: |