Қазақтың ерте замандағы философиялық ой-пікірлері бізге мифтік аңыз, қиял-ғажайып
41
өмір тіршілігінің көбін табиғат құшағында, күндіз-түні мал соңында өткізген қазақ қауымы,
айналасын қоршаған жаратылыс дүниесі және оның сан-алуан құрылыстары - Аспан мен Жер, Ай
мен Күн, Күн мен Түн, Қараңғы мен Жарық, Адам мен Табиғат, Жан мен Тән, Өмір мен Өлім,
Жақсылық пен Жамандық, Бақ пен Сор сияқты сан алуан мәселелер жөнінде түрлі аңыз, қиял-
ғажайып ертегілер, өлең-жыр, мақал-мәтел және толғаулар ойлап шығарып, түрліше болжамдарды
айтқан.
Қазақтардың ең алғашқы дүниеге көзқарасы мифологиялық, яғни адам мен ғарыштың
біртұтастығы идеясы болды. Оларда Ғарыш пен Жердің Ғайыптан пайда болғаны туралы, Күннің,
Айдың және басқа да аспан шырақтарының қайдан шыққаны туралы айтылған. Ерте замандағы
қазақтың ұғымында: жер жүзіндегі барлық жаратылыстың түпкі тегі төрт нәрседен - Топырақ, Су,
От және Ауадан жаратылған. Барлық болмыстың өмір сүру тетігі: жарық пен қараңғылыққа
байланысты деп білген. Олардың ойынша: Жарық-жылудың, күннің, өмірдің, жақсылықтың және
өмірдің нышаны. Ал, Қараңғылық - суықтың, түннің, өлімнің, жамандықтың, сор-қырсықтың
нышаны. Бұларды бір-біріне қарама-қарсы күштер деп есептеген [1].
Бұрынғы замандағы қазақтың санасында: жаратылыс дүниесі адамдардың тұрмыс-
тіршілігіне ұқсатып топшыланған. Олардың ойлауынша, әлемдегі барлық нәрсе және тіршілік
жоқтан бар болып, кішкенеден үлкейіп, бір-бірінен туып, өсіп-өрбіп отырған. Ерте замандағы
қазақтың «жасаған», «жаратқан» деп сыйынатын «иелері» де бейне бір асқан шебер өнерпаз «ұста
адам» бейнесінде болған. Қазақтың жер мен аспан алғаш жаралғанда тым кішкене екен.
Алғашында «әуе айнадай, жер тебінгідей» ғана болыпты. Ол кезде бүкіл әлем қаратүнек тұман
ішінде тұрған. Кейін ұзақ замандардың өтуімен, жер мен аспан бірте-бірте үлкейіп, бұлардың
арасынан күн мен ай туып, қараңғы мен жарық айырылып, адамзат, жан-жануардың тіршілігі
пайда болған екен дейді.
Қазақтың көне дәстүрі бойынша, Жер - адамзат, жан-жануар, ағаш шөптің анасы. Аспан -
жарық, жылу беріп, жаңбыр жаудырып есіркеуші - атасы есептелген. Сондықтан, ерте кездегі
қазақтар Көк-Тәңірге, Жер-Анаға табынған.
Қазақтың ұғымында: Көк Аспан - бейне қазақтардың киіз үйі сияқты, барлық өмірге пана
болған көк күмбез, Аспан әлеміндегі жұлдыздар - осы көк күмбезге жағылған шырақтар, олардың
ойынша: аспандағы жұлдыздардың адам өмірімен тығыз байланысы бар. Әрбір адамның өмірін
жаратып, тағдырын белгілейтін бір жұлдызы болады. Ол жұлдыз жоғарласа, бұл адамның бағы
көтеріледі, егер сол жұлдыз төмендесе, бұл адамның бағы қайтады. Жұлдызы оңынан туса, барлық
іс сәтті болады, жұлдызы солынан туса, қырсық шалады, ол жұлдыз жерге түссе, бұл адам өледі
де, оның жаны көкке ұшады дейді. Қазақтар: ісі оңалған адамды «жұлдызы оңынан туды» дейді,
аспандағы аққан жұлдызды көргенде: «менің жұлдызым жоғары», «сақтай гөр, жасаған» деп
сыйынады. Олардың ұғымынша: адамдардың жұлдыздары әр түрлі, біреуі топырақ, біреуі су,
біреуі от, кейбіреуі ауа сияқты болып келеді, бұл сол адамның мінездемесін, адамдар арасындағы
қарым-қатынастарды белгілейді. Мысалы, жұлдызы су сипатты адам жұлдызы от сияқты адаммен
жараса алмайды. Қазақтар жараса алмаған ерлі-зайыптыларды көргенде «бұлардың жұлдыздары
жараспады» дейді, өмірінде бір-біріне өш болып өткен адамдарды «бұлардың бір-біріне
жұлдыздары қарсы» дейтін болған [2].
Ертедегі қазақи түркілер арасында әр түрлі діндер таралған, олардың ішінде ең әйгілілері -
отқа табыну, жануарларға табыну, өсімдіктерге табыну. Егіншіліктің пірі - Диқан баба, желдің пірі
- Жалаңаш-Ата, жылқыға - Қамбар-ата немесе жылқышы-ата, қойға - Шопан-ата, түйеге -
Ойсылқара, сиырға - Зеңгі-баба, ешкіге Сексек-ата қамқоршы деп саналған. Қыдыр-ата алуан түркі
игілік, молшылық, байлық, бақыт әкелуші. Жоғарғы құдай - Тәңірі-Көк идеясы көптеген түркі
халықтарының, соның ішінде қазақтардың ата-бабаларының да дүниеге көзқарасында пайда
болған. Бұл көзқарастың негізі Көкке (Тәңірі) және Жер-Суға сиыну болды. Құдырет деп
есептелген бұл қос күштің негізгісі - Көк болды. Өзінің мәні жөнінен бұдан кейін тұрған әйел
тәңірісі - Ұмай отбасы мен бала-шағаны қорғаушы болған. Тоныкөк ескерткішінде: «Көк, Ұмай,
қасиетті Жер-Су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек!» - деп жазылған. Тағы бір
жерінде: «Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам
баласы пайда болған. Адам баласына менің ата-бабаларым үстемдік құрған!».
Қоғамның дамуына, экономиканың өркендеуіне, ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне
42
байланысты, қазақтың арасынан өз философиялық ой-пікір қайраткерлері шықты. Бұлар негізінен
қазақтың кемеңгер ойшыл, ақын-жыраулары еді. Қазақ философиясында, философиялық ой-пікір
саласында жарыққа шыққан кемеңгер ойшыл қайраткерлері философия ғылымының маңызды
деген мәселелері жөнінде өз көзқарастарын ортаға салды. Олар философияның өрістеуіне
өздерінің елеулі үлестерін қосты. Жалпы, қазақ арасынан шыққан философиялық тұлғалар аз
болмаған, олар әлі де зерттелу үстінде [3].
Қазақ философиясының ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ: 1) онтологиялық және
гносеологиялық мәселелерден гөрi адам мәселесiне көбiрек көңiл бөлiнедi; 2)адам мәселесi,
экзистенциалдық тұрғыдан қаралады; 3) практикалық мәселелерге көбiрек көңiл бөлiнедi; 4) адам
болмысының этикалық жақтарына терең талдаулар жасалады; 5) әрқашанда әлеуметтiк
әдiлеттiлiкке көбiрек назар аударылады; 6) аксиологиялық философия. Онда құндылық әлемiне
зор көңiл бөлiнедi.
Еліміз егемендік алған кезден бастап, біз, кейбір қазақ философтары, «қазақ философиясы»
деген мәселемен тікелей айналыстық. «Қазақ философиясының ерекшеліктері», «Қазақ
философиясына алып баратын сара жолдар» деген сұрақтар төңірегінде ойланып, толғандық.
Классикалық батыс философиясымен шектеліп қалмай, «философия» деген ұғымның ғылымнан
басқа қырларына назар аудардық. Қазақ даналығынан, ойлауынан біз материализмді де,
идеализмді де көре алмаймыз. Осыдан келіп, қазақтарда философия болмаған деген қорытынды
жасау ағаттық болады. Дәстүрлі материалистік не идеалистік бағыттардан тыс тұрған философия
да болады деп есептейміз. Абай, біздің ойымызша, бұлардың қай-қайсысынан да, стихиялы түрде
болса да жоғары тұрды; олардың сыңаржақты шырмауына ілікпеді. Ол реалист болды.
Әлемге танымал болған Абай Құнанбаевтың (1845-1904 жж.) идеялары да философиялық
мазмұнда құрылған. Әсіресе, оның «Қара сөздері» дүниенің болмысы, адам болмысының
табиғаты, өмір сүру мен халқымыздың тұрмыс-тіршілігі хақында ой-толғамдар жүйесін түзеді.
Оның идеяларын шартты түрде былайша топтауға болады: қазақ қоғамының әлеуметтік сыншысы
ретіндегі ұлттың өзіндік санасын оятумен бірегейленуі туралы толғаныстар, құдайға махаббат пен
сүйіспеншілік барысы, «адам-әлем» қатынасының түйткілді тұстарының бағамдалуы, табиғи
жаратылыс пен адам болмысы хақындағы толғаулар, дүниенің әсемдігін пайымдай білу арқылы
көркемдік таным ақиқатын сезініп өмір сүру белсенділігі т.б. Абайдың дүниетанымындағы
теология бойынша - Алла жаратылыстың куәсі және ақиқат болып табылады; адам жан мен тәннен
құралады және жан мәңгі өмір сүреді т.б. Адамзат өзінің ғұмыр кешу сәтінде шынайы ақиқатты
іздейді, таным-түсінігін кеңейтеді, кейде адасады, табиғи қалпына бас ұрады, сондықтан ең
бастысы ғылыми таным мен білімді негізге алу керек деген идеяны қуаттайды. Оның
сыншылдығының мақсаты - халқының қайта түлеуін, заманға лайықталып тіршілік етуін, ішкі
дүниесін жаңартуды және әрбір тұлғаның ішкі Менін ояту арқылы ұлттың өзіндік санасын
жандандыру. «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деген өлеңінде өз халқына деген
сүйіспеншілік сезім мен ұлтжандылық көңіл-күй анық байқалады, қоғамдағы кемшіліктерден
арылу ұлттың өркендеуінің мазмұны екендігін байыптайды, тұлғаның бойындағы мінез дүниеге
көзқарасқа ықпалды деп түсіндірген Абай осы дүниетанымды өзгертуді қалайды. Абайдың
махаббат философиясы да өзіндік айрықша көз-қарастар түзілімін құрайды, сезімдік сананың
ақиқаттылығы мен махаббаттың жалпы әмбебаптығын онтологиялық тұрғыдан дәйектейді.
Сонымен қатар тарихи-әдіснамалық үлгілер дәстүр-шілдік дүниетанымды қамтиды. Рәміздік-
архетиптік түсініктер, эпостық-архаикалық дәстүрлер «Жазғытұры» өлеңіндегі: «Күн – Күйеу, жер
– қалыңдық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті»,-деген жолдар байырғы «Көк Тәңрі мен
Ұмай ана» жұбының канондық сабақтастығын әйгілейді [4].
Қазіргі кезде еліміздің рухани өміріндегі өзекті мәселелердің бірі отандастарымыздың
философиялық мәдениетін өркендету болып табылады. XX ғасырдағы шығыс және батыс
философиясы арқылы ұлттық философияның ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік туды.
Философияның дамуы барлық әлеуметтік-мәдени себептіліктермен байланысты, ал мазмұндық
жағынан ғылымның әлеуметтік-мәдени факторларымен жүйелік-танымдық байланысын есептен
шығармай біртұтас құбылыс ретінде ашып көрсету маңызды [5].
Қазақ халқының философиялық және тарихи құндылықтарын терең зерттеу, олардың ішкі
мәнін айқындау, жалпыадамзаттық өркениет аясындағы даму бағыттарын зерделеу қоғам және ел
43
тану ғылымдарының алдында тұрған басты мәселенің бірі.
Жаһандану - адамзат бұрын басынан кешпеген алып өркениеттік ығысу. Философия мұндай
іргелі өзгерістерді қабылдай отырып, оларды философиялық тілмен жеткізуге ұмтылады. Ондай
тіл жаһанданудың өзі сияқты өте күрделі. Бірақ философиялық дәуірдің мәселесін қабылдауы
маңызды нәрсе. Бұл постмодернизм, халықаралық философиялық бағыт, оның ішінде басты рөлді
философиялық тұлғалар иеленеді. Жаһандану заманындағы еліміздің күрделі ішкі және сыртқы
мәселелерін ұлттық мүдде тұрғысынан дұрыс шешуге болатындар білікті де білімді еркін ой
иелері - тұлғалар, соның ішінде философиялық тұлғалар кешенді проблемаларды шешуге қашанда
қабілетті. Жалпы, қазаққа сырт көздің берген бағасы мынадай: «Қазақ – ойлана білетін, дарынды
да ақылды». Ел арасында «Қазақ – болашағын алдын ала болжап қоятын, ал тасадағысын байқай
бермейтін халық» деген де пікір бар. Бұл біздің философиядан алыс кетпегенімізді білдіреді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Мырзалы С.К. Философия.-Алматы:Бастау,2008.
2. Нұрышева Г.Ж. Философия.-Алматы:Інжу-маржан,2013.
3. Есім Ғ. Сана болмысы.-Алматы: Қазақ университеті, 2007.
4. Нұрмұратов С.Е. Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтік-философиялық талдау.-Алматы,
БҒМ ФСИ баспасы, 2000.
5. Э. Кенни 2-т.: Орта ғасыр философиясы Астана: "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық
қоры, 2018.
Достарыңызбен бөлісу: