Түркі халықтарының рухани қҰндылықтары және маңҒыстау жыраулық ДӘСТҮРІ



Pdf көрінісі
бет40/218
Дата06.01.2022
өлшемі3,59 Mb.
#14043
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   218
Байланысты:
Жыраулар туралы ғылыми жинақ

Түйінді сөздер:мұң-шер жырлары, элегия, жоқтау, поэтика, ақын-жыраулар. 

 

М.Әуезов  мұң-шер  жырларының  қазақтың  халық  поэзиясының  ең  үлкен  бір  саласын  



құрайтындығын айта келіп, «Қоштасу», «Естірту», «Жоқтау» деп үш топқа бөліп, «Көңіл айтуды» 

да «Естіртудің» жалғасына қосып: « «Мұң-шер өлеңдерінің» аса көп таралуының сыры ол арқылы 

жеке  бастың,  от  басының,  бүкіл  халықтың  қайғысы  жырланады  және  сондықтан  да  оның  тексті 

өзгеріп молыға түсіп отырады. Жалпы мағынасы, тұрақты образдар жүйесі ортақ қайғылы сарыны, 

ой-түйіні  орайлас  болғанымен  «Мұң-шер  жырларының»  әр  саласының,  әр  өлеңінің  өзіндік 

ерекшелігі  болады.  Өйткені  олар  белгілі  жағдайда,  белгілі  оқиғаға  байланысты  шығарылады. 

Халықтың  сүйікті  ұланына,  батырына,  солардың  қазасына  арналған,  олардың  өмірі  мен  іс-

әрекетін,  ерлігін  баян  ететін  өте-мөте  ежелгі  кейбір  «Жоқтау»  шын  мәнісіндегі  тарихи  дастанға 

айналған» [1, Б-46-48.] дейді.  

Қазақ  әдебиетінде  жоқтау  жырларының  жиналу,  зерттелу  жайына  келсек,  бұл  мәселе  ұлы 

ғалым Шоқан Уәлиханов еңбегінде таратылып айтылады.  

Белгілі  ғалым  Е.Исмайлов:  «Қазақтың  жоқтау  жырларының  көбінде  өлген  адамның 

басынан  кешкен  оқиғалар  жырланып  кетеді»  [2,  46-б.]  десе,  осы  пікірді  ғалым  Ы.Дүйсенбаев 

мынандай тұжырымдармен тереңдете жеткізеді: «Ең алдымен жоқтаушы адамның өз бейнесі анық 

көрініп, оның ішкі сезімі, қайғы-қасіреті ашылса, сондай-ақ жоқталып отырған адамның кім екені, 

оның  бойында  қандай  қасиеттер  болғандығы,  керек  десеңіз,  қаза  тапқан  сол  жанның 

адамгершілігі, қоғамдағы орны, ағайын арасындағы қадіріне дейін саналып өтеді» [3, 112-б.]. 

Қазақ  жазба  әдебиетінде    бауырынан  өнген  баласын  жоқтаудың  үлгісі  Абайдың  ұлдарын 

жоқтау  жырларында  көрініс  тапқан.  Ақынның  жан  қайғысын  өрнектеген  азалы  жырларының 

көркемдік  ерекшеліктері  абайтанушы  көрнекті  ғалым  Ж.  Ысмағұловтың  зерттеулерінде  де 

таратыла талданады. 

ХVIII  ғасырдағы  қазақ  әдебиетінің  тарихындағы  аса  көрнекті  дарын  иесі,  әйгілі  жырау  – 

Бұқар  Қалқаманұлы  Абылай  ханның  өліміне  аза  тұтатын  екі  жоқтауында  байлығын,  сән-

салтанатын, батырлығын сөз ете толғайды.  

Міне,  осы  тектес  қазақ  әдебиетіндегі  жоқтау  түрлерін  қарастырғанда  қайғы-қасірет 

жырланатын  жоқтау  өлеңдердің  түрі  мен  мазмұнында  белгілі  бір  қалыптасқан  дәстүрлілікті, 

тұрақты канонды көреміз.  

Көрнекті  ғалым  Б.Уахатов  «Қазақтың  тұрмыс-салт  жырларының  типологиясы»  атты 

тұрмыс-салт  жанрының  поэтикасын  тарихи-салыстырмалы  тұрғыдан  зерттеген  еңбегінде 

қайталаулар,  трафаретке  ұқсаған  клишелер  қазақтың  тұрмыс-салт  жырларында,  соның  ішінде 

жоқтау өлеңдерінде жиі кездесетіндігін, адам баласының азасын танытатын қалыптардың көрінісі 

көне замандардан сақталып келе жатқан поэтикалық өрнектер екендігін айтады. 

Белгілі  сөз  шебері  Аралбай  Оңғарбекұлы  (1854-1914)  елу  жасында  жиырма  бес  жастағы 

жалғыз  ұлы  Берекет  өліп,  өзі  жарымжан,  аурулы  ақынға  бұл  қаза  ауыр  соққы  боп  отырғанда, 

«жығылғанға жұдырықтай жұмсалып» келінін төркіндері еріксіз аулына алып кетеді. Сол тұстағы 

ақынның ауыр халін «Қашағанға мұңын шағуы», «Баласы Берекеттің қабірінің басында айтқаны», 

«Келіні  Меңешке  шығарып  берген  жоқтауы»,  «Келіні  Меңешке  айтқаны»,  «Еңсесі  кеткен 

жүйрікпін», «Жатырмысың, перзентім» сияқты мұң, шер, зарлы жоқтаулары көрсетеді.  

Аралбайды жұбату Қашаған Күржіманұлында да бар.  

 

...Қатепті қара нар едім, 



 

Артуын таппай мертігіп, 

 

Мен базардан қалғанмын. 



 

Тіккен туым жығылған,    

 

Көкірегім қайғы арман-мұң…– 



деп  егіле  шер  төккен  Аралбай  замандасының  ауыр  қайғысы  жүрегін  сыздатқан  Қашаған 

ақын  «тұяғы  бүтін  тұлпардың,  қанаты  бүтін  сұңқардың»,  жоқтығын  айта  отырып,  өз  көңілін 

қамалап,  өзегін  өртеген  шерін  де  ағытып  алады.  Қайғыға  шөккен  шағында  келген  Қашаған 



72 

 

Аралбайдың шерлі жүрегінен төгілген мұңды сөзін тыңдап, күйзеле отырып, өзінің жұбату жырын 



толғайды.  Одан  әрі  баласының  өліміне  қайғырған  Аралбайды  жұбатқанда  адамзат  тарихындағы, 

тіршілік  дамуындағы  дәстүрлі  заңдылықты  еске  салып,  Берекеттің  о  дүниеде  жақсылыққа 

кездесуін тілеп, ұлағатты сөзімен қаралы әке көңіліне демеу жасайды. Жан толғанысын ақын діни 

ұғымға  негіздеп  айту  арқылы  күйікті  Аралбайдың  көңілін  баласының  ақыреттік  қадамына 

жақсылық  тілеуге  аударады.  Қайғының  қапасына  қамалып  отырған  замандасы  Аралбайға  басу 

айтады. 


Жоқтаулардың  тыңдарманының  көз  алдынан  тарих  сахнасын  ашып  өткізетін  құндылығы 

жайында ғалым Т.Арыновтың: «Бұл шығармалардың қай-қайсысын оқысаңыз да көз алдыңыздан 

өткен ғасырлардағы қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі, елдік, ерлік ұлы істері,  қат-қабат  ғұмыр 

тарихының  жарқын  беттері  жылжып  өтеді.  Оты  өшкен  отаулар  мен  шаңырағы  ортасына  түскен 

қаралы  жұрттың  өз  орнына,  ұландарының  басына  қойылған  өрт  шалмас,  су  шаймас 

ескерткіштеріндей  болып,  көзіңізді  қуантып,  кеудеңізге  нұр  құйғандай  әсер  аласыз  бұл  жыр-

жоқтаулардан» деген пікірінің орындылығын көруге болады [4, 11-б ]. 

Өлімге  бір  аймақтың,  сондай-ақ,  бір  елдің  беделді  азаматтары  бас  қосып  келіп  жұбату 

дәстүрі әріден бар, ендеше Маңғыстау бойы ақындарының осы дәстүрді бұзбай Сәттіғұл ақынды 

жұбатулары ата дәстүрдің заңды жалғасы екені анық. 

Сәттіғұл ақынның «Қыдырша Баспаққа жұбату сөзі», Саламатұлы Сарбасқа баласы Есенғұл 

қайтқанда шығарған «Көңіл айтуы» да осы реуіштес мұңды жырлар қатарына жатады. 

Жұбату  өлеңдері  де  7-8  буынды  толғау  түрінде  жырланады.  Қыдырша  Баспаққа  айтқан 

жұбату  сөзін  мазмұн,  құрылысына  қарап  үш  бөлімге  бөлдік.  Бірінші  бөлімде  Сафи-Адамнан 

жаралғалы заманның не талайы кеткендігі, небір жақсылар мен жайсаңдар; тақ алған патшалар да, 

ту  алған  батырлар  да,  Мұхаммед  пайғамбар  да  бұйрықты  күні  ақ  жолға  түскендігін  айтып, 

жаугершілік заманда «азбыз» деп ықпаған Адай батырларын санамалай тізе отырып, талай жерде 

намысын қолдан бермей, елін, жерін жаудан қорғағандығына нақты тарихи дерек беріп шығады. 

Жауын қайырған аруақты ерлердің сол кездегі ерлігі білектің күші, найзаның ұшымен көрінсе, бұл 

күнде  тасадан  тығылып  тұрып  атар  бесатар  мылтықтың  бел  алғандығын  айтып  тоқтаған  кезде, 

шығарманың  келесі  бөліміндегі  оқиғаның  бастауына  жол  ашылып,  айтылмақ  ой  түсінікті  бола 

бастайды. 

Екінші бөлімде ата-ана жүрегіне қайғы байлаған оқиға себебі толық баяндалады.  Қоңырат 

қаласынан  базарлап,  олжалы  қайтқан  керуен  қайтар  жолда  жол  тосқан  қарақшылар  қолына  тап 

болып,  азан-қазан,  у-шумен,  айла  таппай  сасқалақтап,  алды-артына  қарауға  мұршалары  келмей, 

тоз-тозы  шығып,  жанталас  күйге  түседі.  Мал-мүлікті  тонатып,  азып-тозып  біріндеп  елге 

жеткендердің  ішінде  Баспақтың  ұлы  Шахат  болмай  шығады.  Бұл  жаманат  хабарды  естіген  әкесі 

егіле  еңіреп:  «Балам  арманда  кетті,  не  де  болса  барам»,  -  деп  «барма»  деген  ағайын-туманың 

сөзіне  құлақ  аспай,  жолға  жиналады.  Оған  қосыла  ел  ішінен    жүректі  бес  жігіт  жиналып 

«Артықпыз ба Шахаттан? Аттанайық қалмай» деп қатерлі жолға жөнеледі. Бірақ, жау тиген жерге 

келгенмен  не  өлісін,  не  тірісін  айғақтайтын  Шахаттан  бір  белгі  таба  алмай  сандалады.  Перзент 

қайғысы жанын шыдатпай, шыбын жанын қоярға жер таба алмай шырылдаған әкенің  «табылар» 

деген  үмітпен  Бесқала,  Шағадам,  Тәшкен,  Шаржау  қалаларынан  алты  жыл  бойы  аты  мен  нарын 

тартынып, тынымсыз іздеумен келе жатқандығы айтылады. 

Үшінші  бөлімде  жырдың  басты  тақырыбы  ашылады.  Талай  жақсыларды  аяулы  жалғыз-

жалқысынан  айырған  өлімнің  өкініші  өзекті  өртегенмен,  «Қолынан  ұшқан  ақ  сұңқардың  қайта 

айналып  тұғырға  қонбайтындығын,  жақсының  орны  толмайтындығын»    қарапайым  пенделер 

тұрғай,  Хасан  мен  Құсайын  да  Кербаланың  шөлінде  қалып  шаһит  болғандығын,  бұл  арқылы 

қиындықтың  игі  жақсылар  тегіне  келуі  алдағы  жұмақ  салтанатының  есігіне  жол  екендігімен 

түсіндіреді.  

Шығарма қайрат-жігер берген сөздермен: 

 

 



Аға менен жеңгенің 

 

 



Көтергелі көңілін 

 

 



Азырақ желсөз құрадым 

 

 



Орын едің ежелден 


73 

 

Тарқамаған  құралың,  –  деп  әрі  қарай  Баспақтың  абырой,  беделінің  асқақтығын  термелете 



келіп,  аталы  елдің  ұрпағы  баталы  сөзге  тоқтайтындығын  туысқандық    татауы  жоқ  көңілмен 

жеткізеді, сабырға шақырады. 

Елеместі  жоқтап  айтқан  өлеңінде  ақын  адам  өмірінің  өткелдеріне  шолу  жасап,  өлімнің 

барлық тірі жанға қақ екенін айтып, дүниенің өзгермелі құбылыстарын термелейді. Дүние, дәулет 

құбылмалы,  бірқалыпты  нәрсе  жоқ.  Бүгін  бар  адам  ертең  жоқ  болуы,  жарлыға  мал  бітіп  ел 

қатарына қосылуы ғажап емес деген ойды қапысыз жеткізеді.  

Ақын өмірдің, дүниенің өткіншілігін, құбылмалылығын, өлімнің құтқармайтындығын айта 

отырса да, пессимистік сарынға бой бермейді. 

Жалпы,  ақын  шығармаларын  саралағанда,  жоқтау,  көңіл  айту,  жұбату  өлеңдерінің 

композициялық  құрылымындағы,  мән-мазмұнындағы  айырмашылықтар  тек  тақырыптық, 

бағыттық арнасын құрайтындығынан көрінді. Сондықтан, олардың ара-жігіндегі ұқсастықтардың 

біртұтас көрінуін негіз еткендіктен бір-бірінен бөле-жара қарастырмауды жөн көрдік.  

М.Әуезов  «Қазақ  халқының  эпосы  мен  фольклоры»  аталған  зерттеуінде  «Жоқтау» 

жырындағы  поэтикалық  көркемдік  турасында  былай  дейді:  «Жоқтаудың  образдық  поэтикалық 

желісінде  салыстырыла  алынған  бейнелер  мен  теңеулер  көп  ұшырасады,  өлген  адамды 

мадақтағанда бояуы қалың эпитеттер мен метафоралар қолданылуы шарт» [1, 47-б.]. 

Ғалым нұсқаған көркем бейнелі сөз кестелерін Сәттіғұл жырларынан көптеп кездестіреміз. 

Мысалы:  1927  қайтыс  болған  баласы  Әмірханға  шығарған  жоқтауындағы:  «мен  көрдім  көктеп 

гүлдеген, бәйтеректің қурап солғанын», «ақылым айран шашылған», «қайғының бұлты торлады», 

«оқ  тиген  қудай  жүдедім»,  «мұқалды  тауым  шағылып»,  «құлады  қоршау-қорғаным»,  «ботасы 

өлген  түйедей,  күндіз-түні  зарландым»,  «құлады  туым  жығылып»,  «жібек  баулы  сұңқарым, 

қолымнан  кетті  шығынып»,  сондай-ақ,  1932  жылы  өлген  баласы  Аштарханға  жоқтауындағы 

«көкіректе  қайғы  шерленді»,  «ауыр  жүк  басты  денемді»,  «қапаландым  қайғырып,  қайырлатып 

кемемді»,  «базарым  суып  басылды»,  «бұл  қара  жер  –аждаһа»,  «парлап  жанған  кімдердің, 

шамшырағы сөнбеді», «қайғының күшті зарпынан, ішімде жалын жанып жүр», «көңілім қара жер 

болды», «сары аурудай сарғайып», «ажалдың оғы атылып, сөндірді жаққан шамымды», «көзімнен 

аққан  қанды  жас,  кем  болған  жоқ  көлден  де»,  «реушені  көзімнің,  парлаған  сөнді,  шырағым», 

«көңілдің зарын көшірдім», «парлаған жасым бұлақтай», «үстімді қайғы басқанда, көзімнің жасын 

көл  қылды»,  «көңілдің  кірін  дос  ашар»  деп  шебер  қиюласқан  ауыстырулар  мен  салыстырулар, 

айшықты теңеулер адамның қайғылы көңілін қапысыз танытатады. 

Сәттіғұл  «ботасы  өлген  түйедей,  күндіз-түні  зарланып»,  бауыр  еті  баласы  өлген  адам 

қайғысының  сөзбен  суреттеп  болмас  ауыр  халін,  жалпы  перзент  қайғысына  қасірет  шегу  азабы 

төрт  түлік  ішінде  түйе  малында  ауыр  өтеді.  Ақынның  осындай  хал-күйін  қазақ  халқы,  соның 

ішінде  Маңғыстау  өлкесінің  климаттық  ерекшеліктері  жағдайында  тіршілікке  қолай  көріп 

ұсталатын ойсыл қара – түйемен салыстыруы заңды да. Себебі, ботасы өлген түйе зар илеп, бебеу 

қаға  боздағанда  естіген  жанның  төбе  құйқасын  шымырлатып,  жанын  қоярға  жер  тапқызбайды. 

Қазақ халқы  түйе түлігінің психологиясын жақсы білетіндіктен күйігін сейілту үшін өлген ботаны 

терісінен  сыпырып,  ішіне  шөп-шалам  толтыра  нығыздап,  енесінің  алдына  тұлыбын  қояды.  Сол 

кезде ботасының тұлыбын иіскеген енесі көзінен парлаған жаспен қоса емшегінен иіп ағыл-тегіл 

сүт  жосиды.  Өрістен  қайтқанда  алдынан  тайраңдап  шығар  ботасының  серейген  тас  тұлыбын 

мекірене  иіскей-иіскей  ана-жүрек  көңілі  жұбанып,  қайғысы  сейілгендей  болады.  Перзент 

қайғысының күйігін баса алмай сенделген аруана-жүректің қайғылы халі Сәттіғұл жоқтауларымен 

үндестікте көрінеді. 

 «Түйе ұстаған қазақ елінің поэзиясында нар, атан, інген, бота бейнелерінің де алатын орны 

үлкен... . Ботасынан айрылған боз інгеннің күңіреніп боздауы – қазақ поэзиясында аналық мейірім, 

махаббаттың символы» [5, 34-б.].  

Сәттіғұл  жоқтауларындағы  қаралы  қамыққан  хал-жайын  философиялық  түйіндеулермен 

өзінің  әкелік  жүректің  қайғы  қалпын  «Зейіннен  пікір  қашып  жүргенімен»  береді.  Ой  мен 

тұжырымның, сөз бен ақылдың жымдасуы –  көңілдің берекетті болуында дегенді айтқысы келеді. 

Демек,  ақын  өзінің  қайғының  зарпынан  «ақылы  айран  шашылып»,  ойын  жинақтай  алмаған 

жағдайын  беріп  отыр.  Бұл  да  перзенттерінен  айырылып  боздаған  жаралы  жүректің  бір  күйі  – 



74 

 

жоқтаудың  адам  көңілінің  түңілген  тұсын  көрсетудегі  сәтті  қиюластырылған  сөздер  тұтастығы, 



ақын шеберлігі.  

 

 



Он екі перзент – сәбиім 

 

 



Таң мақшары туғанда 

 

 



Алдымнан шығып «аталап» 

 

 



Шапағатшы  болғай  қамалап  –  деп,  арманда  кеткен  аяулы 

перзенттерінің  рухына  бағыштап  оқылатын  құранын  жанына  жалау,  көңіліне  медеу,  жүрегіне 

жұбаныш етеді. Жаралы көңілінің зарларын құрай отырып:  

 

 



Тұрғанда баста дерегім, 

 

 



Еңсемді басқан мұңшылық 

 

 



Тұрса  да торлап басымда 

 

 



Ұл-қызым жоқ қасымда – 

 

 



Халқыма болар керегім..., – деп келетін жоқтауының соңын: 

 

 



Артыңда қалды-ау елдерің, 

 

 



 

Ойнаған қатар теңдерің, 

 

 

Көрген сайын жылаймын 



 

 

Асық ойнап, алысып 



 

 

Қадам  басқан  жерлерің,  –  деп  перзентін  аңсаған  азаға  күйген  көңілі, 



өзегін өртеп отырған өкініші зарлы жоқтауға ұласады.  

Ақынның перзент қазасына қайғыру, жан азабын тартқызған күйікке толы шерлі жоқтауы 

ерекше қиналыспен жырланатындығын ескере отырып, осы тақырыптағы шығармаларын жанрлық 

көркемдік  тұрғысынан  «элегиялық  қайғы-мұң  циклды  жырлар»  деп  топтастыруымызға  болады. 

Әлем  әдебиетіндегі  классикалық  жанрлардың  бірі  ретінде  элегия  алғаш  гректерде  пайда  болған 

болса,  аса көрнекті ғалым З.Қабдолов элегияны «мұң, сыр аралас назды сарынға» жатқызады. 

Ақын рухының биіктігі – оның шүкіршілік, қанағат етуінде. Бірінен соң бірі шетінеп кеткен 

он  екі  перзенттің  артынан  оқылатын  құран  сөздеріне  тілінің  жаңылмай  келуін  «Сәбиім,  Алла 

аманат, етейін шүкір, қанағат» немесе «Жарылқағай бір Алла, қабыл болса, қол жайып, оқиды атаң 

дұғасын» деп тіл мен жақтан сүріндірмеуін тілеп: 

 

Ризамын бір Құдай 



 

Өзіңнің салған жүгіңе. 

 

Ендігі мақсат тілегім: 



 

Ақырғы демде жаңылтпай 

 

«Алла» деген есімді 



 

Келтіргейсің тіліме. 

 

Қолдағы жалғыз бала жоқ, 



 

Қорғалайтын пана жоқ – 

 

Сенермін  енді  кіміме?...  –  деп,  өзіне-өзі  тоқтау  айтып,  сабырға 



шақырады.  Ақын  Жүсіптен  тірі  айырылып  еңіреген  Жақып  пайғамбардың    көз  жасын  көріп, 

тілегін  берген,  отыз  ұлынан  айырылған  Дәуітке  Сүлейменді  берген  құдіреті  күшті  Алла-

Тағаланың  рақымын  күтіп,  үмітін  үзбейді.  Өз  басына  түскен  тауқыметті  мұсылман  діні 

шежіресінің мысалдарымен салыстыра отырып, қалай болған күнде де, Расулы Мұхамедті, Әзіреті 

Ғали  шерді,  небір  пайғамбарлар  мен  шайхыларды,  бір  мың  жыл  өмір  сүрген  атамыз  Сафи-

Салолланы,  расулы  Нәбидің  бауырынан  өнген  балаларын  алған  ажалдан  айла  таппай  қашқан 

Қорқыт атаның да, Зұлқарнайын Ескендірдің де мәңгілік суын ізденіп, таба алмай сенделгендігін 

алға  тартып,  өң  мен  түстей  жылдамдап  өте  шығар  өмірдің  алдамшы  екендігін,  ажалдың 

құрығынан құтылған пенде болмағандығын айтады. 

Ғалым С.Қасқабасов Қорқытқа байланысты әпсаналардың сюжеттік құрамы шағын, қолда 

бар  әпсананың  бәрі  бір  ғана  сюжетке  құрылғандығын  айтады.  Ажалдан  қашқан  Қорқыттың 

дүниенің төрт бұрышын кезіп жүріп, Сыр өзенінің ортасында жайылған кілемде отырғанда жылан 

шағуынан қайтыс болатын нұсқасы Сәттіғұлда: 

 

 



Қорқыт ата қашыпты 

 

 



Ажалға таппай бір айла 

 

 



Қалмаған екен қабатта 


75 

 

Қырық жыл қашып-қыдырып, – 



деп  жырланып,  сергелдеңге  түскен  Қорқыт  күйі  тек  бір  өзінің  ғана  емес,  бүкіл  адамзат 

баласының табиғатына тән өмірге құштарлық екендігін көрсетеді. 

Сәттіғұл  мәңгі  өлмес  суды  іздеген  Ескендір  Зұлқарнайын  жайындағы  әпсана-хикаяттарды 

негіз етіп:  

 

 

Зұлқарнайын Ескендір 



 

 

Мәңгі суын қаранып, 



 

 

О  да  біраз  сенделген,  –  деп,  өлмес  суды  тапса  да,  бірде  көз  алдында 



ғайып  болып  кетіп,  бірде  қарғалар  ішіп  қойып,  бірде  ұстап  тұрып  аузына  құйса  да  тамағынан 

өткізіп іше алмаған әлемге әмірі жүріп, атағы жер жарған патша Ескендірдің өлімге еш қайрат ете 

алмай, не нәрсенің де Алла тағаланың қолында екеніне мойынсұнған мысалын келтіреді. 

Түменнің  «Сәттіғұлды  жұбатуында»  «ауыр  қайғы  зарпынан,  әлсіреп  денесі  егіліп,  көзінің 

жасы  төгіліп,  күндіз-түні  зарланып,  бойын  буған  зіл-батпан,  ауыр  жүктің  салмағынан»  басын 

көтере  алмай  күйзелген  тұсында  замандас,  сыйлас  ақыны  Түмен  Балтабасұлы  Сәттіғұлдың 

жүдеген  көңілін  көтеріп,  жұбату  сөздермен  қайғысын  жеңілтуге  жанына  Шамғұл,  Дүйсенбай, 

Жанжігіт жыршыларды ертіп, ақынға арнайылап келіп: 

 

 

Тарланы едің Адайдың 



 

 

Жүдегендей ажарың, 



 

 

Жатысың қалай қапалы? 



 

 

Үмітсіз жату жабығып 



 

 

Сіздей ерге жараспас 



 

 

Халқыңа басың бағалы 



 

 

Сөзіме менің құлақ сал... 



 

 

Біз келдік сіздей саңлаққа 



 

 

Жіберіп  назар  шаңыраққа,  –  деп  Сәттіғұлдың  ақындық  арынын, 



адамгершілігі  мол  азаматтық  тұлғасын  «Сен  теңіздегі  жайынсың,  ілінбес  ғұмыр  қармаққа. 

Сөйлеуге  шебер  дайынсың,  сыйынған  асыл  аруаққа.  Сен  бір  асқар  Алатау,  басыңды  бұлт 

шалмаққа.  Сен  бір  үлкен  даңғыл  жол,  үстінен  керуен  салмаққа,  Сен  бір  мұхит  тереңсің,  халқың 

саған  қарайды.  Сен  халқыңның  керуені,  әр  қимылың  тергеулі»  деген  сөздермен,  айшықты 

теңеулермен келістіре сипаттап, халқы аузына қараған айтулы ақынның қайғыға көңілін аулатпай, 

бойын тіктеп көтеріп, еліне тірек болуын сұрайды. Сол кезде басына шалынған қара бұлтты адал 

көңілмен,  ақ  ниетпен  серпігелі,  жығылып-сүрініп  отырған  жерінен  қолтығынан  демегелі  келген 

Түмен мен оның жанындағы жыршы, ақындарға: 

 

 

Өзіңді бүгін көргесін 



 

 

Лашын құстай түледім 



 

 

Алла разы болсын, Түменжан, 



 

 

Жақсы екен асыл лебізің... 



 

 

Сен келгесін, мінеки, 



 

 

Болсам да ойпаң, тегіспін 



 

 

Лебізіңнен айналдым- 



 

 

Тартсам да қуаң, көгіспін 



 

 

Әруағыңнан айналдым, 



 

 

Арық та болса, семізбін 



 

 

Сен келгесін, Түменжан,  



Қараңғыдан  жарық,  кеңіспін  –  деп,  риза  пейілін  танытқан  ақын  жақсылардан  жанына 

жайлы  жақсы  сөз  тыңдап,  жұбанған  екен.  Елдің  асыл  азаматтары  алдына  келіп,  қайратына  күш 

қосып, жігерін жанитын аталы сөздермен ақыл беріп,  «үмітсіз шайтан» тілегін айтып, мұсылман 

шежіресі  мысалдарын  –  Ыбырайым  пайғамбардың  ұлын  құрбандыққа  шалуға  Алладан  келген 

әмірге  жүрегінің  жанды  жеріне  тиетін  ауыр  болса  да,  мойынсұнып,  ниет  етуін,  бірақ  Алланың 

пайғамбар  пейіліне  ризашылық  етіп,  құрбандыққа  қошқар  тастап,  баласын  босатқандығын  – 

Сәттіғұл  басына  түскен  ауыртпалықты  Алла  сынағымен  байланыстыра,  шыдамдылық  танытуын 

сұраулары,  сондай-ақ,  Расулы  Мұхаммедтің  де  бұл  пәниден  ұлсыз  өтсе  де,  тілегі  ел  үстінде 

болғанын  мысал  ете  отырып,  өзінің  бекем  болуын  жақтаған  тілектеріне  құлақ  қояды.  Ақын 



76 

 

тіліндегі    «ойпаң  –  тегіс»,  «қуаң–көгіс»,  «арық–семіз»,  «жарық–қараңғы»  антонимдік 



салыстырулар  орынды  орайластырылып,  шығарма  шырайын  аша  түскен.  Бір  жағынан,  Түменнің 

көңіл айтуы өзінің сезіміне, ішкі жан-дүниесіне дөп баса әсер еткендігін айғақтаған қуатты, нәрлі, 

ойлы, эстетикасы жоғары мәнді сөздер екендігін айғақтап тұрғандай. 

Көңіл  айту,  жұбату  өлеңдерінің  толғауға  тән  формасы,  құрылысы  жағынан  ұқсастығын 

айтпағанда,  бұл  жырларда  толғауға  тән  шешендікпен,  тапқырлықпен  қатар  түйдек-түйдегімен 

төгіліп жатқан әр сөздің философиялық тұжырымы, түйіні бар. Осы ой-түйіндеулер шығарманың 

әр жолында тұжырымды дәлелдермен нақтыланып отырады: 

а) астарлау; 

ә) салыстырулар; 

б) нақты мысалдар; 

в) өмірден өтіп кеткен ата-бабасын не атақты адамдарды тізбелеп айту; 

Сәттіғұл мұраларының ішіндегі жоқтау өлеңдердің де кеңестік цензураның сүзгісінен өтіп, 

қысқартуға ұшырап, дер кезінде баспа бетін көрмеуі, бағаланбауы себебіне:  «Жоқтау өлеңдер де 

белгілі  дәрежеде  бұрынғы  дәстүрлі  қалыппен  басталып,  айтушысы  дарынды  болса,тұтас-тұтас 

тарихтар  баяндалып,  дербес  көркем  шығарма  дәрежесіне  көтерілгеніне  де  мысал  көп.  Жалпы, 

жоқтаулар сан түрлі оқиғалар мен тағдырларды мейлінше шыншыл сипаттайтын айрықша бағалы 

көркем сөз мүлкі деуге болады. 

Асылы,  біздің  кейбір  зерттеушілеріміз  жоқтауларда  кездесетін  діни  сөздерден  немесе 

қайсібір  тарихи  адамдарға  қарата  айтылған  марапат,  мадақ,  әсірелеулерден  «сескеніп»,  бұл 

жанрдың  қайталанбас  ерекшелігін  тереңдеп  тексеруге  бармай  келген  секілді»  [6,  13-б.],-  деген 

белгілі ғалым Р.Бердібаевтың пікірі жауап бола алады. 

 

ӘДЕБИЕТТЕР 



 

1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т-17. – Алматы: Жазушы, 1985. –400 б. 

2. Ысмайлов Е. Ақындар. –Алматы: ҚМКӘБ, 1956. –340 б. 

3. Дүйсенбаев Ы .Ғасырлар сыры – Алматы: Жазушы,1970, –192б. 

4.  Боздағым.  Қазақтың  жоқтау  жырлары.  Құрастырған:  Арынов  Т.    –Алматы:  Жазушы, 

1990. –304 б. 

5.Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. –Алматы: 1973. –212 б. 

6.Бердібаев.Р. Кәусар бұлақ. Мақалалар мен зерттеулер. –Алматы. Жазушы. 1989. –360б. 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   218




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет