ӘОЖ 82-1/29(045)
ҚАЛНИЯЗ ШОПЫҚҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Жеткізгенова Ә.Т.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Қазақстан
Аңдатпа. Қалнияз Шопықұлының қазақ әдебиетінде қалдырған өзіндік қолтаңбасы, оның
жорық жыршысы болғандығы, өзге ақын-жыраулардан ерекшелеп тұратын тұстары оның туған
жерге сағыныш өлеңдерінің көп болғандығы, Қалнияз Шопықұлы шығармаларын тақырыптық,
тілдік тұрғыдан саралағанда Маңғыстау ақын-жырауларынан ерекшелеп тұратын басты үш белгісі
нақтыланған.
Түйінді сөздер: сағыныш жырлар, жорық жыршысы, күрескер ақын, көне сөздер мен кірме
сөздер, пассив қолданыстағы сөздер мен диалектизмдер.
Қазақ сөз өнерінің тарихында өзіндік айрықша қолтаңбасымен ерекшеленетін Қалнияз
Шопықұлы тастүйін ойларымен жорық ізі сайрап жатқан отты жырлар қалдырған дауылпаз ақын.
Ақынның жекелеген өлеңдері тұтасқа жуық теңеумен түйінделген. Мысалы «Биік қылып
сөйлейін» термесі «Биік қылып сөйлейін, асқардың ала тауындай. Нөсерлетіп сөйлейін, селдетіп
құйған жауындай. Тәтті қылып сөйлейін, жаңа піскен қауындай. Таза қылып сөйлейін, бұлақтың
77
мөлдір суындай. Шыны қылып сөйлейін, жіліктің аққан майындай. Қылтыңдатып сөйлейін,
қысырдың емген тайындай. Жылтылдатып сөйлейін, сары алтынның буындай. Сылаңдатып
сөйлейін, жалғызы үйдің қызындай. Байұлыға белгілі ұстазым Тіней Өгізбай, Неше буын жыр
төккен, он екі баспа қобыздай, Тосылып сөзден көрмеген, Адайда айтқыш Абылдай, Шабатын
жүйрік мен едім, сөзге қамшы салдырмай...» немесе «Ер Көнейде» «Сымбатыңа болайын,
Мұнарлы қара төбедей! Қайратыңа болайын, Айдында жүзген кемедей! Айбатыңа болайын,
Кірістен шыққан жебедей, Ұрандап жауға шапқанда, Атыңның басын тежемей, Хан әскері
қаймығып, тығылмас па еді бұтаға, Қарақұс көрген шөжедей!» деген эмоциялық-экспрессивтік
бояуы мол, эстетикалық мәні бөлекше бейнелі теңеулер суреттеулермен нөсердей төгіледі.
Осы орайда ғалым З.Ахметовтің Қалнияз шығармалары тілінің көркемдігін арттыратын
теңеулерге қатысты пікіріне сүйенуге болады: «Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру
арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің сипат белгісін, түсін, дыбыс-үнін, тағы
басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрселермен салыстырып, бейнелеу негізінде туады» [1, 145]
Ақынның өзге ақын-жыраулардан ерекшелеп тұратын тұстары оның туған жерге сағыныш
өлеңдерінің көптігі деуге болады. «Қоштасу», «Көктас, Күләб жерінде», «Ауған жерінде»,
«Маңғыстауды аңсап жүріп айтқаны», «Көрмесем қош болыңдар», «Жерінен Ауған, Күләб хат
жолдадым!», «Аңсаймын аға-жеңге, ағайынды...», «Айтқаным аз да болса есте қалсын», «Қалнияз
едім күнінде», «Қош, аман бол, қалған жер», «Қоштасу сөздері», «Елге сәлем», «Атасам ат ұстаған
ерлерімді», т.б.
Қалнияз Шопықұлының туған елге, жерге деген жүрек тебірентерлік сағынышы туралы
ғалым Т.Тебегенов «Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі»
еңбегінде: «Халық ақындарының кейбір қоштасу жырлары туған жерімен, кіндік қаны тамған ата
мекенінен еріксіз кетіп, қазіргі кезде алыста жүрген адамның мұңлы-шерлі, зарлы жүрек сыры
болып жырланады. Бұндай өлеңдердің композициясының әуелгі бөлімінде ата қоныстың сұлу
келбеті, оның мекендейтін халықтың берекесі-бірлігі, сол халқының ортасындағы асыл тұлғасы
айқындалады. Мысалы: ақын Қалнияз Шопықұлының (1825-1910) «Қоштасу» жыры осындай
мазмұнымен ерекшеленеді. Өлеңнің мазмұнында Байұлы, Алшын, Сегіз арыс Адай мекендейтін
Нарын, Атырау, Орал атырабындағы кейіпкердің артта қалған күндері еске алынады. Алыста жат
елде жүріп, туған елімен, жерімен қайта қауышудан күдерін үзе, торыға, зарыға жырлауының
лирикалық бояуы қанық» [2,164]деп атап өтеді. Ғалым еңбегіндегі Қалнияз Шопықұлы
шығармашылығына қатысты пікірлер ақынның қоштасу тақырыбындағы өлеңдерінің лирикалық
сипатының тереңдігін танытады.
«Қоштасу өлеңдері – VIII-IХ ғасырлардағы туысқан түркі тайпаларының ата қоныстарынан
үдере көшкен, босқыншылыққа ұшырап, жат жерлерге ауған кездеріндегі оқиғаларға байланысты
мейлінше көбейіп, қолданыс ауқымы кеңейе қалыптасқан. Қазақтың жыраулық, ақындық
шығармашылық өкілдері фольклордағы қоштасу жырларының үлгілерін белсенді түрде қолданды.
Қоштасу өлеңдерінің ежелден қалыптасқан тақырыптық сарынын, композициялық құрылымын
сақтай отырып, авторлық өзіндік көркемдік стиль, тіл өрнектерімен жырлады. Жыраулық,
ақындық поэзиядағы қоштасулар ұзатылып бара жатқан қызбен, ауруынан айықпағасын осынау
фәни жалған тіршілікпен, туған-туыс, ағайынмен, ел-жұртпен, жолдас-жорамен, қимас-сырлас
доспен, кір жуып, кіндік кескен туған жермен, атамекенмен, байтақ Отанмен қоштасу мазмұнында
жырланады. Лирикалық кейіпкер ақын халықтың тарихындағы тұрмыстық-салттық өмір
тынысындағы мәселелерге арналған сезімге толы көңіл толқыныстарын қоштасу өлеңінің
арқауына айналдырады» [2, 155].
Қалнияздың туған жерден жырақ кеткен тұстағы жан күйзелісі көптеген шығармаларында
көрініс беріп қалып отырады.
«Бісмілла деп сөйлесем» шығармасында:
Ақылсыз басым білмедік,
Өзімдікі жөн дедік,
Неміз бар еді орыста,
Басты бағып жүрмедік,
Көшкен жұрттың қадірін,
Білдік қой мұнда келгесін
78
Әркім жақын көреді,
Өзінің сүйек жынысын.
Ата қоныс – Маңғыстау,
Аңсаймыз кейде ел ішін,
Аңсаймыз аға-жеңгемді...
Ата қонысынан қашып ақылы ауғанда, мұңлы-шерлі қайғылы халінің қалпын беретін көңіл-
күйінің сыршыл үнін ақын жырмен өрнектейді. Жырынан жұбаныш тапқан жорықшы жыраудың
елден жырақта жазылған шығармаларының арқауы – қаумалаған ағайын, аға-жеңге, іні-келін,
қарындас, сағымданған бел, қалың ел, шалқыған көл, туған өлкенің ауасына дейін сағынышы.
Кіндік қаны тамған жерден маңдайына жазылған талайсыз тағдырдың тәлкегіне ұшырап қуғынға
түскен, көңіліне жетімдік кіріп, басынан базары сейілген:
Басында «Жартышеке» әкем қалды,
Маңында «Мұңат суы» шешем қалды...
Маңғыстау – атақоныс мекен қалды...
Бесқала, Маңғыстауым, Жем мен Жайық,
Білемін – енді барып көрмес көзім.
Ел-жұртқа сәлем айтып қоныстағы,
Қамығып, қартайғанда айтқан сөзім,
Айтқаным аз да болса есте қалсын,
Осымен қош болыңдар, Кіші жүзім...
немесе «Жерінен Ауған, Күләб хат жолдадым!» өлеңінде:
Маңғыстау, қайта барып көре алмаспын,
Жатыр ғой, ажал, шіркін, алдымды орап,
Арманым болмас еді бір сөйлесем,
Алдында азаматтың басын құрап.
Жерінен Ауған, Күләб хат жолдадым,
Жетсін деп ағайынға сөзім тарап...
«Аңсаймын аға-жеңге, ағайынды...» шығармасында:
Аңсаймын аға-жеңге, ағайынды
Қаумалап құрма қылған маңайымды...
Үйірін адам түгіл мал да іздейді,
Көңілім қалай сізді сағынбасын?!
Көзіме қиял етсем елестейді,
Кешегі шеру тартқан көп жолдасым.
Не пайда, бар болғанмен, жерім шалғай,
Қалекең біліп жатыр көре алмасын...
«Атасам ат ұстаған ерлерімді»:
Маңғыстау – қалған Адай қоныстағы,
Қалнияз сәлем айтты алыстағы.
Сағыныш көңілімнен кетпей отыр –
Демеңіз «сөзін неге тауыспады?» –
Ойласам ой түседі өзегіме,
Өлімнің тұрғандаймын кезегінде...
Қарындас, апа-жезде, іні-келін,
Көрмесем – хош болыңдар, аға-жеңге.
Үлкендік, бір жағынан ауру жайлап,
Тұра алмай жатыр төсегінде.
Қатарға енді шалың жатыр төсегінде.
Әзірейіл бар шығармыз есебінде...
деп талай жиынды өткеріп, талай торқалы тойдың томағасын сыпырған, сыбағасын сөзбен
шашу еткен, мерекеден аянбаған, халқына сөз қадірі ұнаған ардақты ақын өмірден өтер алдында
туған жердің ауасын бір жұтуды арман қылып аһ ұрады. Туған жерінен бір уыс топырақ
79
бұйырмай, сүйегінің жат жерде қаларын сезген ақын жүрегінен өмірге ғашық жырлары өткінші
жалғанның тіршіліктен үзілер сәтінде езіле, егіле, мұңая төгіледі.
«Адамның туған жері мен кіндік қаны тамған қонысынан ажырауы – жан күйзелерлік ауыр
оқиға. Сонымен қатар, ауруы меңдеп, көзіне ажал елестеп жатқан адамның да фәни жалған
дүниемен қоштасуы, көрген түстей өте шыққан артта қалған жылдарын сағына, тебірене еске алуы
– табиғи заңды құбылыс» [2, 155].
Қалнияз Шопықұлы өлеңдеріндегі тіл шешендігі, теңеулер мен нақыл сөздерге байлығын
мысалдарынан көптеп кездестіруге болады.
Мұндай өлеңдерінің кейбір жолдары мақал-мәтелге айналып кеткен, бұл ерекшелік әсіресе,
толғау түрінде келетін өлеңдерінде көп кездеседі.
Ер жігіт көрінеді жаулы жерде
Білінер шешен жігіт даулы жерде
Немесе:
Орамал тон болмай ма жолды жерде,
«Ұйқы ашарында»:
Ер жігіт елге қазына,
Жақсыға сөзі базына
Ақын шығармаларында эпитет, теңеу, әсірелеу, айқындау, қайталау, салыстыру, метафора
секілді суреттеу құралдары мол кездеседі.
Ғалым С.Негимов ақын-жыраулар поэзиясындағы көркемдік дәстүр мен эстетикалық ойлау
табиғатын саралаған еңбегінде: «Поэзияның өзі негізінен қайталаулардан тұрады десек те болады.
Бұл амал-тәсіл өлең эвфониясы үшін қызмет етеді, интонациялық екпінін күшейтеді.
Қайталаулардың барлық түрлерін, әсіресе, халық ақындары көркемдік мақсат үшін кеңінен
пайдаланады»[3, 250] деп бұл тәсілдің ақындар шығармаларындағы атқаратын рөлінің
ерекшелігіне аса зер салған болатын.
Бісміллә, сөздің басы ілім еді-ау,
Айырған ақ-қараны ілім еді-ау,
Әр сөздің түсінгенге пайымы бар,
Ақылды айтпасақ та біліп еді-ау,
Шырылдап құрсағынан жерге түсіп,
Дүниеге адам солай келіп еді-ау,
Қалайша жыламасын туған сәби
Ақыры бұл жалғанның өлім еді-ау
Кешегі аты шыққан ерлер қайда?
Олар да кезекті күн өліп еді-ау,
Байқасаң, бауыры бүтін пенде бар ма,
Шырағы талайлардың сөніп еді-ау.
Ғалым Б.Нұрдәулетова «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы Маңғыстау ақын-жырауларының тілінің
поэтикалық ерекшеліктері» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде Қалнияз шығармаларындағы араб-
парсы сөзінің элементтері –1 , түркі-монғолдық сөз элементтері – 5, диалектизмдердің қолдану
деңгейі – 5, көне сөздер – 5, поэтикалық қолданыс – 6 екендігін анықтау арқылы, ақынның ерекше
сөз қолданысында 22 сөздің бар екендігін нақтылап береді [4, 148].
Қалнияз Шопықұлы шығармаларын тақырыптық, тілдік тұрғыдан саралағанда Маңғыстау
ақын-жырауларынан ерекшелеп тұратын басты үш белгісін көрсетуге болады.
Бірінші – туындыларының басым бөлігі күрескер ақынның биік арман-мұратқа толы
батырлықты, ерлікті ұлықтаған жорық жырлары;
Екінші – туған жерге деген перзенттік адал көңілі, ыстық махаббаты сөнбестен үздіксіз
жырлап өтуі, өмірінің соңғы сәттеріне дейін атамекенді аңсаудан жүрегі сыздап, құса көңіліне
жұбаныш таба алмаған ақынның қапастағыдай күй кешкен сәті шығармаларының көпшілігіне
жуық орын алғандығы;
Үшінші – тілдік қолданыс жағынан айрықша байқалғаны ерекше сөздер қолданысының
сирек кездесуі деуімізге негіз: Абыл, Нұрым, Ақтан, Өмір, Ұзақбай, Қашаған, Аралбай,
Сәттіғұлдарда сандап кездесетін көне сөздер мен кірме сөздер, пассив қолданыстағы сөздер мен
80
диалектизмдердің қолдану деңгейі Қалнияз Шопықұлы туындыларында сирек кездесіп отырды.
Сонымен айрықша мен мұндалап көзге түсерліктей ерекше сөздер тобының түйдек-түйдегімен
тізбектеле көрінбеуінің бір себебі – өмірінің көп бөлігін туған жерде жырақта өткізіп, ата қонысын
бір көруді армандап кеткен аяулы ақынның әдеби мұраларының толық жетпеуі болса керек.
Әрине, бұл ерекшелікті көрсеткенде Қалнияздың жырлау шеберлігінің төмендігі дейтіндей ой
айтылды деген пікір тумауы тиіс.
Ең бастысы, Қалнияз Шопықұлының артында қалған әдеби мұрасы – оның өзі өмір сүрген
кезеңінің ең елеулі оқиғаларын толғап, үнін қосқан, ел басына күн туғанда намыс буып, ту ұстап,
топ бастаған, жауға аттанған батырлардың рухын көтеретін баға жетпес, бейнелі сөздерге толы,
ұйқасы мықты, ойы өткір, тегеуіні мықты, көркемдігі жоғары туындылар.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 З.Ахметов. Өлең сөздің теориясы. – Алматы, 1973
2.Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. –
Алматы: Білім. 2001. – 332 б.
3.Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика. –Алматы: Ғылым,
2001. –280 б.
4.Нұрдәулетова Б. ХVIII-ХIХ ғасырлардағы Маңғыстау ақын-жырауларының тілдік
ерекшеліктері. –Алматы: Үш қиян, 2003. –160 б.
Достарыңызбен бөлісу: |