ӘОЖ 82 –3894. 342
ЖАЗУШЫ ШЕБЕРЛІГІ
Әбішева Ш.С.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті,
Қазақстан
Аңдатпа. Мақалада сөз зергері Бейімбет Майлин туындыларының көркемдік әлемі,
«Шұғаның белгісі» повесі мен «Айранбай», «Қадір түнгі керемет», «Күлпаш», «Сексен сом»
әңгімелеріндегі қазақ даласындағы тарихи жағдайды бейнелеуде, кейіпкерлер бітім-болмысын,
кезең көрінісін, заман талабын шынайы суреттеуде диалогтің шебер қолданғандығы айтылады.
138
Түйінді сөздер: повесть, әңгіме, бейнелеу тәсілдері, психологиялық тартыс, кейіпкер,
характер, образ, идея, диалог, пейзаж, оқиға, авторлық ремарка, реплика.
Б. Майлиннің шығармалары белгілі бір кезең суреттерін, заман шындығын өзінің құнарлы
тіл өрнегімен халықтың биік идеясын ту етіп көтеруімен ерекшеленеді.
ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасын әлемдік деңгейдегі классикалық шығармалар
қатарына жеткізген суреткер өз туындыларында көркемдік амалдарды шебер қолдана білген.
Мәселен, күні бүгінге дейін қазақ хикаятының шебер үлгісі саналған «Шұғаның белгісі» әсем
пейзаждан басталса, қаламгердің өзге туындырында монолог, ішкі монолог, диалог, ішкі диалог,
полилог т.б. көркемдік амалдар шебер қоюласып, шығарманың бояуын қанықтыра түседі.
Автор қаһармандарды таныстырмас бұрын мезгіл-мекенді, оқиға орнын суреттей келе,
тартысты тұсқа келу үшін диалогке кезек береді.
«– Мынау аттан түсіп жатқан кім? – деді Шұға.
Артыма жалт қарасам, екі жігіт түсіп, аттарын байлап жатыр екен.
Біреуі орысшалау киінген. Тани кеттім.
– Әбдірахман ғой, - дедім.
– Әбдрахманың кім?
– Қазақбайдың баласы.
– Иә, әлгі учитель баласы ма?
– Иә.
– Жап-жас жігіт екен ғой – деп бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті.
Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның
сығалап, бізге қарап тұрғаны білінді...». Автор Шұғаның аузына «жап-жас жігіт екен ғой» деген
сөзді салып, оны киіз үйдің сықырлауығынан сығалатып қояды. Бұл сығалау, бұл таңырқау
оқиғаның шиеленісуіне апарар жол іспеттес.
Шығарманың шарықтау шегі Шұғаның қатты құса боп, ауруға шалдығуы, қызының
оңалмас түрін көрген Есімбектің Әбдірахманды амалсыз тұтқыннан босатуы.
«Біз ауылға жеткенде Беркімбайдың үйінің қасы лық толған адам екен. Атты байлап,
Әбдірахманды үйге кіргіздім де, неге жиналып тұрғандарын білейін деп, аяңдап кісілерге қарай
жүрдім. Жақындай бергенімде бір салт атты шоқытып келді де, айқайлап бірдеме айтып, кейін
жүріп кетті. Не айтқанын есіте алмадым. Бірақ әлденеге жүрегім тітіркенді. Бойым мұздады.
Жүгіре басып жандарына келгенімде «Құдай рахмет етсін!..» деп беттерін сипап, бата қылысты.
Мен аң-таң болдым. Айтбай маған қарап:
– Есіттің бе, Шұға қайтыпты-ау, – деді. Суық суды төбемнен құйып жібергендей болды.
Тұрған орнымда қаттым да қалдым... Жиналған жұрттың бәрі де бастарын шайқасты:
– Өй, Шұға десе – Шұға еді-ау!... – десті».
Авторлық ремаркадағы «суық суды төбемнен құйып жібергендей болды», «Тұрған
орнымда қаттым да қалдым», «Жиналған жұрттың бәрі де бастарын шайқасты» секілді бейнелі
сөздер кейіпкерлер әрекетін дараландырып, шығарманың әсерлілік сипатын күшейтіп тұр.
Олардың түр-тұлғасын бейне бір көз алдыңа алып келгендей. Санадағы күресті, адамның рухани
әлеміндегі өзгерістерді ретіне орай, кейіпкерлердің өз сөздері, диалогтері арқылы жеткізуді мақсат
еткендігі көрінеді. Осы тұста «шағын репликамен, тапқыр диалогпен, авторлық ремаркамен
характерді танытып тастайтын Бейімбет өнерінің күші» көрінеді [1, 212 б.].
Кейіпкер мінезін оқиға-сюжет серпінімен емес, психологиялық тебіреністер арқылы
сипаттау мақсатындағы диалогтерді шебер қолдану – Бейімбет Майлин қолтаңбасын да
айқындайтын көркемдік тәсіл. Себебі «геройлардың ішкі әлемі бір қырынан емес, қыруар
қырынан көрініс беріп, характері қарекет, қақтығыс, толғаныс үстінде ашылмақ” [2,133 б.].
Мәселен, Б. Майлиннің «Айранбайы» (1924) – еңбегі қаналған, байға жем болған момын
шаруаның ашынып, бұрынғыдан түңілу арқылы санасының оянуы туралы әңгіме. Кейіпкердің
жылдар бойына жан түкпірінде шемен боп қатқан байға деген өкпе-наласы бір-ақ күнде бұрқ етіп
сыртқа шығады. Оны жазушы болмашы ғана детальдар арқылы жеткізеді: «көйлексіз, жеңсіз
күртеше тонды жалаңаш етіне киіп алып, қабағы бір түрлі тұнжыраңқы, әлденеге кейігендей,
әлдекімді түтіп жеп қоятындай болып отыратын» Айранбай бір сәттегі кейпі арқылы шығарманың
139
түп-төркінінен хабардар етеді. Осы орайда Т.Сыдықовтың: “Шығарманың идеялық мазмұнын ұсақ
детальдар арқылы түйіндеу кейіпкер психологиясын білгірлікпен тәптіштей отырып, образдың
жан сырын ашу жазушының айнымас «тәсілі» болып қалыптасқандығымен ерекшеленеді», – деген
пайымдауы осының дәлелі [3,78 б.].
«Айранбай» әңгімесінде жазушы диалогтерді ұтымды пайдаланған. Тірлік істеп отырғанда
тізесіне жабыса берген қызымен диалогі, қайыс бермеген Кемелбайдан көргісі келмей, оның бар-
жоқтығын сұраған әйелімен екеуінің арасындағы диалог үлкен мән атқарып тұр:
« – Еріндегі насыбайын қолымен секіртіп жіберіп:
– Кемелбай үйінде жоқ па екен? – деді.
– Үйінде.
– Бер демеді ме?
– Иә, «бер деді!…» дымымызды қоймайтын шығар, деп сары уайымды салушы сол
туғаның… Өзің ешнәрсені де сезбейсің. Нәлөкті салып отырған осы ініңнің өзі көрінеді ғой. Кеше
Маржан келін барып қымыз ішкен екен, сонда інің айтып отыр дейді: «Он пұт астық көп болушы
ма еді, тізімнен бар астығымызды жиып алды… деп. Несін алдық екен, өткен өмірінде тігінен
тіктіріп сабақты ине-жіп беріп көрген жоқ.
Айранбай күрсінді:
– Қазақ ит қадір білер ме, – деді» [4,38 б.].
Мұндағы әйелдің сөзінде бұрыннан жасырынып, бүркемеленіп келген сыр диалогте жария
болып, Кемелбайдың ішкі ызасын өршітіп жібереді.
Әр жазушының өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесін зерттеуі өзінше бір әлем екендігін Б.
Майлиннің діни тақырыпқа жазылған әңгімелері дәлелдей түседі.
Б. Майлиннің әңгімелерінде дін өкілдерінің істері аяусыз әшкереленіп, күлкі, әжуаға
айналады. Мәселен, «Қадір түнгі керемет» (1925) әңгімесінде жазушы тақырыпты ашуда тың
тәсілдерге барған. Жазушы осыған байланысты оқиға өрілімін де өзгеше өрбітеді. Бүкіл құдіреттің
иесі болып, өзіне қарсы шыққандарды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келген»
молданы өң мен түстің ортасында қалдырып, «киелі күштермен тілдестіреді». Бұл – көне
фольклорлық тәсіл. Оны жазушы көркемдік мақсатта жұмсайды. Мұндағы «диалог» – молданың
жасырын сырын ашудың кілті. Себебі, сырттай қарағанда моп-момақан діншіл адамның іші алай-
дүлей арамдыққа толы. Оны сыр беріп, білдірмейді. Тек өзіне ғана мағлұм жан сырын жазушы осы
сырға толы диалог арқылы береді:
«Байқан молда: «өңім бе, түсім бе», – деп басын көтерді. Әлдеқайдан майда, жұмсақ дауыс
естілді. «Азған дүниеде азапты көп тартқан құлым едің. Сен болмасаң, дүниені әлем-тапырақ
қылып жіберетін, бір сенің құрметің үшін қалдырдым. Енді мына азғындарды тура жолға салу
үшін сені бас қылдым: еліңді үгітте, мұсылмандыққа шақыр! – деді».
Бұдан әрі Байқан молданың диалогі беріледі.
«– Құдіреті күшті құдай. Тапсырған жұмысыңды толық орнына келтірер едім, бірақ
қамсамол дегендері іске керте болады, дінді мазақтап, ойына келгенін істейді, мені мазақтап
тақпақ айтады, – деді.
– Оларды көндіріп берейін, – деген дауыс естілді.
– Кәрімімді ше?
– Кәрімімді қолыңа берейін.
– Мұғалімді ше?
Дауыс біразға шейін семіп барып:
– Мұғалімге құдіретім жетпейді. Менің қол астымда емес, оның құдайы басқа..., – деді»
[4,12б.].
Осы жерде молданың жан қалтарысына үңілу арқылы жазушы Байқан сезімінің түбі шикі
екендігін тереңдете түседі. «Алланың қолынан бәрі келеді деп жүрсем...» күмәндана бастаған ол
қалайда мына кездесуден өзіне пайдалы істі бітіріп қалғысы кеп, бірді ойлап, бірге кетеді.
Кейіпкердің періштелерімен кездесуі де жеңіл юмормен өрнектеледі. Авторлық ремарка арқылы
ес-түсінен айырылған молданың ішкі әлемі түгел ашылады.
Әңгімеде дінді мазақ еткен тоғышар жандардың бейнесімен қатар Кәрім секілді өз
ойындағысын атқара алмай, заман қысымына көніп жүрген адамдардың мінез қырлары да жұртқа
140
жария болады. Бұл – адамның жандүниесіндегі сыртқа көріне бермейтін қалтарыстарын диалог
арқылы ашудың әдемі үлгілері.
Бұған әдебиетші-ғалым Ш. Елеукеновтің: «Адамның қасиетін ашуға талпынған жазушы
қашанда өз геройының мінез бейнесіне кіріп алып, оның жан түкпіріндегі ең аяулы дірілін басып,
қуанышы мен мұңын, күдігі мен қайшылығын, ойы мен арманын, өз-өзімен не жан-жақынымен
сырласушы бәрі-бәрісін суреттеуге тырысады», – деген пікірі дәлел [5,188 б.].
Қазақ халқының басынан кешірген зұлматты шақ – ашаршылық кесірінің ауыр суреттері Б.
Майлин шығармаларында кеңінен суреттеледі. Жазушы бір отбасындағы ерлі-зайыптының хал-
күйін, сол кездің ауыр жағдайын «Күлпаш» әңгімесі негізінде көрсетеді.
Мысалы:
«Күлпаштың қажығанын, бұрынғыдай қарысып кетпейтіндігін сезіп, Раушан сөзді кесіп
айта бастады:
– Мына күйеумен ұзаққа бармай өлесің. Сені өлімнен құтқаратын бізде де әл жоқ. Өзіміз де
сол Жұмағазыдан күн көріп отырмыз... Енді сөзді қойып, соған ти! – деді.
Күлпаш күрсінді.
– Қалижанды қайтем?
– Ойбай, апа, баланың басы құрысын, әуелі өз қамыңды же, артынан алдыра жатарсың, –
деді» [4,25 б.].
Адамды ежелден келе жатқан ұрпақ қамы, ел қамы дейтін киелі ұғымдардан ажыратып,
қарақан басының қамын күйттеген заманның суық лебі бойыңды қарып өтеді. Ішерге ас таба
алмай, күндер бойы өзегі талған әйел басына небір ойлар келіп-кетеді:
«Жамаулы көрпеге оралып бүрісіп жатқан Қали жыбырлап:
– Әже! – деді.
– Ау, қарағым! – деді Күлпаш.
– Әкем келді ме?
– Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын» [4,29 б.].
Осы ана мен баланың шағын ғана диалогінде үлкен бір шешімнің, психологиялық түйіннің
сыры аңғарылады. Қилы заманның ащы шындығы көрінеді. Тумысынан ұрпағы үшін жанын
құрбан етуге даяр қазақ әйелінің табиғаты енді арын да сатуға мәжбүр. Бірақ – ол азапты да ауыр
жол. Жазушы әйелдің осы жолды аттар алдындағы бүкіл жан тебіренісін шебер суреттеген. Екі
жақты қыспақта қалған адамның халін оқырман жүрегіне жеткізерде диалогтің түрлерін ұтымды
пайдаланған.
Б. Майлиннiң шағын жанрдағы шеберлiгi жайында ғалым Қ. Ергөбек: «Биағаң қаламы тиiп
кеткен жерi өмiрдiң өзiне айналып жүре бередi. Кейiпкерлерi өмiрден қалыпқа қалай көшсе,
кiтаптан өмiрге дәл солай қоныс аударып, тiрi адамға айналып өзара айтысып-тартысып,
болыстыққа таласып, ерлi-байлы екеуi ренжiсiп қалып, байқаусызда ерiнен «талақ» деген
епетейсiз сөз шығып кетiп, екеуiнiң де зәре-құты қашып жүрiп жатады», – деп қаламгердің шебер
суреткерлігіне жоғары бағасын береді. [6,9 б.].
«Бейімбет қазақ прозасына хан-қазына боп қосылған ең таңдаулы әңгіме хикаяттарының
қай-қайсысында болсын, шындықты оқырманға құр түсіндірмеген, түйсіндірген, өмір туралы жай
сөйлемеген, сөзбен сурет салып бейнелеген». [7,9 б.]. Кейіпкерлерін сөйлету арқылы сол тұста
болып жатқан өзгерістерді оқырман алдына жайып салады.
Мәселен, «Өзі шомына айналып тастаған көңнің үстіне шығып жайлап салып жатқанда,
біреу келіп:
– Ассалаумағалейкум! – дейді.
Егеубай кенет шыққан дауыстан шошып кеткендей, басын көтеріп алды:
– Әликсалам... Е, Тынышбаймысың, үйде ме едің?
– Бір-екі күннен бері неғып көрінбей жүрсің?
– Кеше жиналыстан келдім ғой – деді Тынышбай.
Егеубай шомның басынан түсіп, күрегін таяна тұрып сұрай бастады:
– Е, жиылыстан келдім дейсің ба, Не жаңалық бар?
Бөтен хабар жоқ. «Алашорда ашылды» дейді. Бес-алты делегат келген екен, ішінен бір
сұсты жігіт бар, сірә, бастығы болса керек. Олар Найзалыға жүріп кетті. Болысқа «тез ақша жиып
141
қой» деген екен, сол ақшаны ауылнайларға бөліп... Біздің ел кедей деп ақшаны басқа ауылға
ауыстырады. Сонымен, қалған ақшаны үй басына бөлгенде сексен сомнан келді.
– «Сексен сом» дегенде Егеубайдың таянып тұрған күрегі жерге түсіп кетті. Өзі безгек
болған кісідей қалтыранып, аузы жыбырлап қайта-қайта «сексен сом» деп айта берді...» [4,42 б.].
«Сексен сом» әңгімесінде бас кейіпкердің кедей екендігі айтылмайды, көрсетіледі.
«Егеубай ертеңгі шайын ішіп тысқа шықты. Жапырайған қорасының құлап жатқан бұрышы көзіне
шалынды. Темір күрегін алып, құлаған шомды үйе бастады. Албарда көк шолақ ат, күректің
тықырымен Егеубайды танып, жем іздеп оқыранып қояды». Бұлай баяндауды автор жайдан-жай
беріп отырған жоқ. «Осы үйде бүгін бір түйір шай жоқ» деген бір ауыз сөздің өзінен-ақ
Егеубайдың хал-жағдайын анық түсінуге әбден болады.
Үй басына сексен сомнан салық жинауға келгендердің ел ішіндегі әрекеттері Егеубаймен
екі арада болған мына диалогтен анық көрінеді.
«– Қане, отағасы, ақша шығарыңыз, – деді қара бұжыр.
– Ойбай, шырағым, ақша жоқ!
– Ақша жоқ деген не сұмдық! Біз ондайды есітпейміз!
– Не көрмеген көктұқыл дейсің, жалтаруын қарашы, – деп, жолдасы күңкілдеді.
– Отағасы, ақша тап!
– Қарағым-ау, соқыр тиыным жоқ, жерден қазайын ба?!»
Ақыры бұлар қоймайды, ақша орнына Егеубайдың көк шолағын тартып әкетеді. Осы
арадан әңгіме дереу аяқталады да, автор айтар идея тағы да «саусақпен нұсқалмайды» өзінен-өзі
көркемдік амалдар – диалог, монолог арқылы өріле береді.
Қорыта айтқанда, сөз зергері шағын әңгімелері арқылы шын мәніндегі әдеби шеберліктің
мектебін қалыптастырып, осы жанрдағы шынайы реализмнің үлгісін көрсетті.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Нұртазин Т. Бейімбет Майлин творчествосы. – Алматы: Жазушы, 1966. - 340 б.
2.
Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. – Алматы: Жазушы, 1997 – 231 б.
3.
Сыдықов Т. Мұрат пен міндет. – Алматы: Жазушы, 1987. - 316 б.
4.
Майлин Б. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1987. - 303 б.
5.
Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977. - 300 б.
6.
Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар: Қазақ қара сөзi жайында. – Астана: Таным, 2003. -
360 б.
7.
Қабдолов З. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1983. – Т. 2. - 456 б.
Достарыңызбен бөлісу: |