Батыр елдің сәулеті (өлкенің батырлары туралы)


Бұралқыұлы Керімбай болыс (1862



Pdf көрінісі
бет36/43
Дата06.01.2022
өлшемі2,45 Mb.
#14421
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   43
Байланысты:
Baidalieva batir eldin sauleti.pdf

Бұралқыұлы Керімбай болыс (1862-1924) 
 
                                                                              Жауға шаптым ту байлап, 
                                                                              Шепті бұздым айқайлап. 
                                                                              Дұшпаннан көрген қорлықтан, 
                                                                              Жалынды жүрек қан қайнап, 
                                                                             Ел-жұртымды қорғайлап. 
 
                                                                                                  Ақтамберді жырау 
 
Керімбай  Бұралқыұлы  Жуалы  ауданына  қарасты  Билікөл  маңында  1862 
жылы дүниеге келген. (Сол кездегі Әулиеата уезі, Билікөл болыстығы) 
Керімбай Бұралқыұлы - Шымыр руынан шыққан қоғам қайраткері, Қойгелді 
батырдың ұрпағы. Шымыр руының шежіресі бойынша: Қойгелдіден - Сарымырза, 
Сарымырзадан - Жампоз, Жампоздан - Бұралқы, Бұралқыдан - Керімбай тарайды. 
Бала  Керімбай  ел  ішіндегі  дау-дамайды  шешуге  алғаш  он  үш  жасында 
араласқан көрінеді. Бірде әкесі Бұралқының алдына көрші ауылда тұратын екі кісі 
дауласып  келеді.  Дау  –  бірінің  сиыры  көршісінің  бақшасына  түсіп  еккен 
дақылдарын  майқамдап  кетеді.  Сиырдың  егесі  көршісінен  кешірім  сұрап  келген 
шығынның  орнына  сиырының  ішіндегі  бұзауын  бермекші  болады.  Бірақ 
даулаушы оған көнбейді. Келісе алмаған екеуі Бұралқыға келіп жүгінеді. 
Екеуінің арыздарын тыңдап болған Бұралқы: 
-Алдыңа  келсе  атаңның  құнын  кеш,  -  деген.  Көршің  сенен  кешірім  сұрап 
оның үстіне бұзауын бермекші болып отыр екен. Осымен тоқта, - дейді. 
-Жоқ, - дейді бақшасы тапталған кісі. Мұның әлі тумаған сиырының бұзауын 
мен қалай алмақпын? Сіздің бұл үкіміңізге мен разы емеспін, - деп көнбейді. 
Осы кезде: Әке, - дейді. 
-Әке, -дейді дауды тыңдап  отырған Керімбай. Рұқсат етсеңіз екеуінің дауын 
мен шешіп берейін, - дейді. Сонда Керімбай: сөзін мысалмен бастап: 
-Көлденең  жатқан  көң-қоқырды  ақтарып,  шоқып  жем  іздеп  жүрген  тауыққа 
қаз айтыпты: 
-Тауық, сен қоқыстың арасынан не жоғалтып едің? – деп сұрапты. Тауық: 
-Не  жоғалтқанымды  өзім  де  білмеймін.  Көзіме  көрінгеннің  бәрінің  дәмін 
татқым келіп тұрады, - депті. Сонда қаз: 
-Сенің  жоғалтқан  нәрсеңді  мен  білемін.  Сен  қанағатыңды  жоғалтып 
алғансың.  Қанағатсыз  ешқашан  тоймайды,  ашкөздігін  қоймайды.  Қанағат  сенің 
құлқыныңда, - депті. 
-Сіздің  бақшаңыз  әлі  жеміс  салған  жоқ.  Ол  өнім  бере  ме,  бермей  ме  бір 
Аллаға  аян.  Сиырдың  да  бұзаулайтыны,  я  бұзауламайтынын  Алла  біледі. 
Сондықтан  да  екеулеріңіз  келіскен  нәрселеріңізге  қанағат  етіңіздер,  -  деп  кесім 
айтқан екен... 
Керімбай  –  атасы  Жампоз  секілді  марқасқа,  Бұралқы  секілді  ел  ағасының 
баласымын деп, әлдебіреулер  секілді мінген аты, ішкен асына, көрген құрметіне 
мас  болып  шалқақтап  өскен  жоқ,  «елдің  ұлымын,  көптің  бірімін»  -  деп  өсті. 
Кембағал жандарға қол ұшын берді, білегі жуандардың зорлығына арашашы бола 


 
112 
білді. Ол – балалықпен ерте қоштасып, үлкендер ісіне ерте араласты. 
Керімбай Бұралқыұлы Әулиеата  уезінде 19  жасында болыстыққа сайланып, 
ұзақ жылдар болыстық қызмет атқарған. Ол елді диханшылыққа, сауда - саттыққа, 
кәсіпшілікке  ұйымдастырған.  Тұз  өндіретін,  балық  аулайтын  бірнеше 
кәсіпорындар  ашуға  ұйытқы  болған.  Керімбай  болыстың  ағартушылық 
қызметімен де ел аузында аты қалған. 
1888  жылы  ол  мешіт,  салдырып,  орыс  -  бұратана  мектебін  ашады.  Қазіргі 
Тараз қаласындағы №12 мектепті қазақ балалары үшін Керімбай болыс интернат 
етіп салдырған, ол 1912 жылы Аса интернаты болып аталды. 
Керімбай Бұралқыұлы өз заманында көзі ашық сауатты кісі болған, көнекез 
қариялардың айтуына қарағанда ақындығымен, сол сияқты күйші - сазгерлігімен 
де  аты  шыққанға  ұқсайды.  Керімбайдың  шығарған  –  «Керімбайдың  шертпесі», 
«Керімбайдың күйі» - сынды ғажап күйлері болғандығын ел бүгінге дейін айтады. 
Ол 1912 жылы Ташкент қаласында өзі жинастырып құрастырған қазақ шежіресін 
де бастырып шығарған. 
1918  жылдың мамыр айында Керімбайдың ауылына арнайы келген халық 
ақыны Жақсыбай Жантөбетұлы былай жырлайды:  
 
Би болған Қаратеке, атаң, Шоқан,  
Хан болған Сарт Қойгелді - бұл да наһан,  
Сарымырза, Нұрбота мен Жампоз датқа  
Бақ қонып, ел сұраған бәрі де паң,  
 
Абырой екі ғалам бірдей беріп,  
Ақыры әжі болды Бұралқы атаң,  
Өзіңмен тоғыз болып, оныншы да  
Ұстады мирасында Жамаш ботаң... 
 
Мұндағы ақынның жыры Керімбайдың ата - тегінің барлығы да текті адамдар 
болғанынан мәлімет береді. Бабалары Қаратеке, Шоқан, Сарт, Қойгелділер жоңғар 
шапқыншылығында еліне пана болған батырлар мен билер болса, ал Нарбота мен 
Жампоз  -  Қоқан  мен  Ресей  отаршыларына  қарсы  көтеріліс  ұйымдастырған 
күрескерлер  болған.  Елінің  азаттығы  үшін  күрескен  осындай  ата  -  бабаларының 
әруағын сыйлап өскен Керімбайдың өзі қайырымдылығы, ерлігі, шешендігі, әділ 
билігі,  ең  бастысы  -  қазақ  деген  туған  елінің  қамы  үшін  күресіп,  патшаның 
отарлау саясатына қарсы шыққан қайраткер екендігі тарихымыздан белгілі. 
Керімбай болыстың ел аузында айтылатын және бір шарапатының бірі – ол 
жазықсыз  отырғандарға  көмек  қолын  созған.  Тіпті  олардың  кейбіреуін  түрме 
басшыларына мол қаражат беріп, босаттырып та алған. 
Керімбай  Бұралқыұлының  осындай  парасаттылық  пен  қайырымдылыққа 
толы  ғұмырнамасы  журналист  -  жазушы  Амангелді  Ормантайдың  Керімбай 
болыс  атты  повесть  -  хикаятында  егжей  -  тегжейлі  баяндалады.  (Алматы 
«Мұрагер»  2006  ж)  Осы  кітапта  журналист  Б.Әбілдаұлының  және  тарих 
ғылымдарының  кандидаттары  Ә.Жүргенов,  Ы.Сағынтаевтардың  «Ел  арысы 
Керімбай»  атты  естелігінде  төмендегідей  мәліметтер  келтіреді:  «...Әулиеата 


 
113 
ояздық кеңесінің сол кездегі төрағасы Тұрар Рысқұлов аштарды тамақтандыратын 
асханалар 
ұйымдастыра 
бастағанда 
олардың 
алғашқылары 
Керімбай 
Бұралқыұлының  ауылында  -  Билікөлде,  сондай  -  ақ  Меркіде,  Алмалы  - 
Ботамойнақта,  Күйікте  ашылды.  Билікөлдің  Аса  өзені  құятын  тоғыз  тарау 
алқабындағы  Керімбай  қыстауында  ел  «Ақтам»  аталған  үйінде  1917  -  1918 
жылдары  талай  аш  қазақ  жан  сақтады.  Тіпті,  жылы  үй  жетпеген  соң  киіз  үйлер 
тігіліп,  тамаққа  күніне  жүздеген  ірілі  -  уақ  мал  сойылып,  от  жағылып,  қазан 
қайнағандығын  естіген    жандар  азын  -аулақ  болса  да  әлі  де  баршылық.  Қысқы 
суықта тойынып әлденген адамдарды киіндіру жөнінде де көп әрекет жасалған. 
Керімбай Бұралқыұлының Әулиеата оязынан тыс жерлерге де кең жайылған 
атақ - беделімен патша отаршылары да кезінде санасуға мәжбүр болған. Мәселен, 
1911 жылы Шақпақата жерінде, кейін отаршылар Кременевка деп атаған ауылда 
Ресейден  келген  мұжықтар  жергілікті  азаматтардың  жер  -  суын  тартып  ала 
бастағанда  Керімбай  Бұралқыұлы  араға  түсіп,  отаршылдарды  шегінуге,  көп 
айыппұл төлетуге мәжбүр еткен. 
Ол  қазақтардың  білікті,  ел  ағаларымен  қатар  өзбектің,  қырғыздың  игі 
жақсыларымен  де  қарым  -  қатынас  жасаған.  Керімбай  Бұралқыұлына  әкесінің 
аралас  -  құралас  қатары  Ноғайбай  Дәулетқабылұлының,  қырғыз  манабы, 
Қырғызтан  Республикасының  Президенті  болған  Асқар  Ақаевтың  бабасы  
Шабдан  Жантайұлының  орыстармен  қарым  -  қатынасы  да  едәуір  үлгі  -  өнеге 
болған сияқты. Билікөлден балық аулау Керімбай Бұралқыұлының араласуымен, 
оралдық  мұжықтардың  қатысуымен  кең  өрістейді.  Қордайлық  болыс  (ол  кезде 
Жетісу  облысына  қараған)  Ноғайбай  Дәулетқабылұлы  өз  ауылынан  -
Шарбақтыдан қазақ балаларына орысша үйрететін мектеп ашылғанда Керімбай да 
Әулиеата  оязына  қарасты  32  болыстың  арасында  қазақ  балаларын  орысша  әрі 
мұсылманша оқытатын екі жылдық мектеп - интернат ашқызуға ұйытқы болған. 
1873  жылы  ашылған  орыс  мектебі  жанынан  бұратана,  яғни  өз  елінде,  өз 
жерінде кемсітіліп,  осылай аталған қазақ балалары үшін алғашқы интернат 1883 
жылы  ашылды.  Міне,  осы  интернатта  жатып  оқитын  қазақ  балаларына  қаржы 
жинаудың басы - қасында Керімбай Бұралқыұлы да болған еді. Кейін -1912 жылы 
Аса интернаты аталған бұл мектеп сол кезде - Кауфман, Қазан төңкерісінен кейін - 
Коммунист,  одан  соң  Төле  би  аталған  көшеде  орналасты.  Онда  Қарымбай 
Қошмамбетов,  Бауыржан  Момышұлы  сияқты  еліміздің  асыл  азаматтары  да 
оқыған  еді.  Бұл  мектеп  1927  жылы  пролетариат  кесемінің  есімімен  Карл  Маркс 
атындағы мектеп аталды...» Бұл деректер  «Ақжол» газетінен алынды. (23 мамыр 
1992жыл) 
Ресей  патшасының  1916  жылы  шыққан  «Июнь  жарлығы»  бүкіл  елді  дүр 
сілкіндірді.  Бірінші  дүние  жүзілік  соғыс  майданының  тылына  19-43  жас 
аралығындағы  ер  азаматтарды  әскер  қатарына  алу  туралы  жарлығы  халық 
арасында  үлкен  наразылық  тудырды.  Бұл  жарлық  Әулиеата  оязына  да  жеткен 
болатын.  Ол  Түркістан  генерал  губернаторына:  «Патша  ағзам,  біз  сізден  қазақ 
жігіттерін  әскерге  шақыруды  кейінге  қалдыруыңызды  талап  етеміз»  -  деп 
жеделхат  жолдаған.  Керімбай  Бұралқыұлы  бастаған  қазақтар  өз  талаптарын 
қанағаттандыруды үзілді-кесілді талап еткен. Сөйтіп патша өкіметі тамыз айының 
31 жұлдызында өз жарлығын өзгертуге мәжбүр болған. (А.Ормантай бұл жеделхат 


 
114 
Ташкент мұрағатында сақтаулы екенін жазады) 
1916  –  1917  жылдары  елді  аштық  жайлай  бастады.  Бұл  кезде  Билікөлдің 
жағасын  Оралдан  ауып  келген  орыс  мұжықтары  жайлайтын.  Көлдің  балығын 
өздері аулап, өздері тамақ ететін. Ашыққан қара халықтың бұл тәңір ырзығынан 
алар сыбағасы жоқ болатын. Осы жай қабырғасына қатты батқан Керімбай болыс 
Аман  түбекте  отырған  орыс  сақалдылармен  жиналыс  өткізіп,  олардың  басшысы 
Қара Иванға: 
-Бүгіннен бастап ұстаған балықтың тең жартысын көл жағалаған аш халыққа 
тегін таратасың! – Көл де, оның балығы да халықтікі, - деп әмір берді. 
-Балықты  біз  ұстаймыз,  қазақтар  жей  ме  сонда?  деген  мұжықтарды 
Керімбайдың  мысы  басып  бұл  жарлыққа  олар  амалсыз  көнеді.  Керімбай  болыс 
халықтың  тізімін  жасап,  балықтың  тең  бөлінуін  жәрдемшілері  Айнабек  пен 
Мәмлеге қатаң табыстайды. 
1917  жылы  қазақ  даласына  Кеңестік  дәуір  орнады.  Ол  тез  орнығып  кете 
қоймаса  да  халық  арасында  толқулар  тудырды.  Оны  өз  пайдасына  пайдаланған 
байлар  «елді  большевиктерден  аман  қалу  үшін  көшу  керек»  -  деп  үгіт  жүргізді. 
Бұл жағдайға әбден қанық Керімбай елді жинап: 
-Қазіргі жағдайда әрбір қадамды абайлап басу қажет. Туған жерден ешқайда 
көшудің қажеті жоқ, қайта бізге топтаса түсу керек. Жасап жүрген шаруаларыңды 
тастамаңдар.  Қару  ұстап  арандап  қалмаңдар!  Ағайындар,  қайта  кеңес  өкіметін 
мақұлдап,  жақсысын  алайық,  үйренейік»  -  деп  елді  үдере  көшуден,  азып-тозып 
кетуден сақтап қалды. 
Керімбай  жүрген  жерінде  келелі  әңгіме,  шежіре  жастарға  тәлім-тәрбие 
беретін  нәстият,  өсиет  айтуды  әдетке  айналдырған.  Бірде  Найман  –  Бұзау  бидің 
үйінде отырып жастарға былай деп өсиет айтады: 
-Біздің ата-бабааларымыз елдің қоғаны, халқының қамқоры ер жігіттің тоғыз 
жауын атап, одан аулақ болуды насихат етіп, сақтандырған екен. Мен сол тоғыз 
жауды  атап  өтейін.  Жастар  естерінде  сақтасын.  Бірінші  басты  жаудың  – 
жалқаулық,  сорлататын  жаныңды,  екінші  осалдылық  –  аңқаулық,  соқтыртатын 
саныңды,  үшінші  –  жасқаншақ  болсаң,  ұры  алар,  қоралап  қойған  малыңды, 
төртінші  –  жалатқызбас  жасықтық,  аузыңдағы  балыңды,  бесінші  –  өтірік  айтсаң 
өңмеңдеп,  жоғалтасың  арыңды,  алтыншы  –  өсек  терсең  телмеңдеп,  суға  кетірер 
салыңды, жетінші – көпірме босқа мақтан қып, түкке тұрмас барыңды, сегізінші – 
көрінгенге  жалтаңдап,  бола  алмайық  жағымды,  тоғызыншы  –  біреуді  арбап-
арбаумен,  аша  алмайсың  бағыңды.  Міне,  осы  айтқан  тоғыз  жаудан  аулақ 
болсаңдар  көздеген  мақсаттарыңа  табан  тірей  аласыңдар...(Керімбай  болыстың 
бұл өсиетін біз А.Ормантайдың Керімбай болыс туралы повесть-хикаяттан алдық. 
216 бет). 
Керімбай болыс сол Бұзау биге: 
-«Қазақ халқы не зобалаң көрмеді. Соның бәріне төтеп берді. Сонда да, салт-
дәстүрін, әдет-ғұрпын  жоғалтқан  жоқ. Мен балаларыма  орысша тәрбие бергенім 
жоқ. Мақсатым ұлық болсын, кішік болсын олар өз ата-бабасының салт-дәстүрін 
сақтап  өссін.  Заман  өзгереді,  су  ағады,  тас  қалады.  Бабаларымыздың  найзаның 
ұшымен,  білектің  күшімен  ұрпағына  аманат  етіп  қалдырған  жерде  біздің 
ұрпағымыз қалады. Бірлік еткен озар, бірлеспеген тозар. Ынтымақ – ырыс қазығы, 


 
115 
уәде – жанның қазығы. Бірлік пен ынтымақта болсаң біз бәрін де жеңе аламыз» - 
деген  оның  сөзінен  уақыт  өте  тіліміз  бен  салт-дәстүріміздің,  тәуелсіздігіміздің 
қайта  салтанат  құратынына,  еліміздің  болашағына  сеніммен  қарағанын  аңғару 
қиын емес. 
Байтана  руының  қариясы  (марқұм)  Тілеумұрат  Бұралқыұлы  Керімбайдың 
ерекше қасиеті көзінің өткірлігі, сұстылығы туралы аңыз сияқты естелік әңгімені 
былай баяндайтын: 
«Бірде  Керімбай  болыс  нөкерлерімен  Билікөлдің  жағасындағы  балықшылар 
мекеніне бара жатады. Қалың қамыстың жанынан өте бере астындағы Ақбоздың 
денесі  жиырылып,  жолы  күдірейіп  тоқтап  қалады.  Артындағы  нөкерлерінің 
аттары жалт беріп, кісінеп артқа қарай қашады. Ойда келе жатқан Керімбай қарсы 
алдында  атылуға  ыңғайлап  тұрған  жолбарысты  көреді.  Сонда  Керімбай  саспай 
жолбарыстың көзіне тіке қарап: 
-Әй  тарғыл  мысық!  Сен  маған  тиме,  мен  саған  тимеймін,  -  деп  дауыс 
көтереді.  Астындағы  Ақбозға  тақым  қысқанда  ол  жолбарыстың  белінен  қарғып 
өтіп  арғы  жаққа  дік  ете  қалады.  Жолбарыс  орнынан  қозғалмаған  күйі  жатып 
қалады. Керімбай артына бұрылып та қарамастан өз жөнімен кете беріпті». 
Керімбай  болыс  өте  денелі  кісі  болған,  мінетін  сәйгүліктері  еркін  көсіліп, 
бауырын жазып шаба алмайтын деуші еді оны көзімен көргендер. Керімбай болыс 
туралы,  оның  шарапаты,  даналығы,  батырлығы  туралы  ел  аузында  көптеген 
естеліктер бүгінге дейін сақталып қалған. 
Керімбай  Бұралқыұлы  1924  жылы  алпыс  үш  жасында  дүниеден  озған.  Ол 
қайтыс болғанда алыстан ақын Өзбек Ақжолұлы келіп: 
 
«...Керімбай ердің келбеті 
Ешкімнің кетпес есінен 
Керекңді дәріптеп, 
Алты алашты қорыған, 
Қазақта мұндай кім болған, 
Көрінген көзге толыдан?! 
Қылып өтті жалғанда 
Келген істі қолынан, 
Дұшпаны беттеп келмеген, 
Қайраты мықты зарынан, 
Мәжіліс пен салтанат 
Кетпеген беглік жолынан... 
Керімбай жүрер айтыла, 
Қайбір ісі үлгі боп 
Келтірген орнын сарқына, 
Түсіп еді сәулесі  
Қырғыз, қазақ халқына 
Телі менен тентекті, 
Түзеген салып талқыға 
Айтып өттік жұмысын 
Бірдей  болған  жалпыға...»  -  деп  төкпе  жырмен  оның  елге  істеген 


 
116 
жақсылығын,  шарапатын,  жомарттығын  айтып  жақындарына  көңіл  айтқан  (Ақ 
жол. 1991 жыл, 6 сәуір). 
Ол  Жуалы  ауданына  қарасты  өзінің  жайлау  мекені  Тоғызтарау  жеріне 
жерленген.  Жуалы  аймағында  Керімбай  болыс  мекен  еткен  бірқатар  жер  -  су 
аттары сақталып қалған. 
Бұрынғы  өткен  көнекөздердің  айтуынша  Керімбай  болыс  жеті  әйел  алған 
көрінеді.  Бәйбішесі  Тұмарша  Сиқымның  қызы  екен.  Тұмаршаның  әкесі  дәулетті 
кісі  болыпты.  Екінші  әйелі  Тоты  –  Жаныс  руынан  екен.  Тоты  –  өте  шебер  он 
саусағынан  өнер  тамған  кісі  болыпты.  Одан  кейін  Ошақты  руының  Балым  атты 
қызын, Ойықтан Айнаш пен Бөпешті алады. Соңғысы Мөрбалай мен Шайы екен. 
Осы  әйелдерінен:  Жамаш  (болыс  болған),  Әбілек,  Алахан,  Әмірхан,  Оспан, 
Кәтімхан,  Мамыт,  Мұстахы  деген  ұрпақтарынан  бір  қауым  ел  тараған.  Олардан 
өрбіген  ұрпақ  бүгінде  әсіресе  Билікөл  аймағында,  Тараз,  Алматы  қалаларында 
және еліміздің басқа да аймақтарында тұрып жатыр. 
Парасаттылығымен, 
асқан 
адамгершілігімен, 
үлкен 
жүректі 
мейірбандылығымен, 
Атамтай 
жомарттығымен, 
күйші-сазгерлігімен, 
шешендігімен, көсемдігімен атағы шыққан Керімбай Бұралқыұлын келер ұрпақ әр 
уақытта үлгі тұтып, ұмытпауы тиіс. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет