127
Қорытынды
1760 жылдардың басында жоңғар мемлекеті жойылған соң қазақ елі
қырғыздардың оқтын-оқтын қарақшылық шабуылдарына тап болып оған
тойтарыс беріп отырды. Түбі бір туысқан екі елдің арасында мұндай
шайқастардың болып тұрғаны тарихи шындық. Бұған «Жайыл қырғыны» аталған
бір ғана соғысты атасақ жеткілікті.
Бұдан соң XIX ғасырдың жартысында Әлім хан, Мәделі хан, Омар хандар
тұсында дәуірлеп тұрған Қоқан хандығы жер көлемін ұлғайтып, Ұлы жүз
қармағындағы Шымкент, Түркістан, Сайрам т.б. қалаларын жаулап алды. Соның
нәтижесінде Қоқан хандығының шекарасы батыста Хиуа, Бұхар хандықтарымен,
шығысында Түркістанмен, оңтүстікте Қаратегін, Дарбаза және Кулябпен шектесіп
жатты. Қоқан билеушілері Сырдария бойында: Тоқмақ, Пішкек, Меркі, Сарысуда:
Қаражар, Төртқұман, Ұлытау, Иткешу бекіністерін салды. 1826 жылы Әулиеата
бекінісінің негізі қаланды. Осы кезде көшіп-қонып жүрген қазақ қауымы үлкен
көлемде сан түрлі салық төлеуге міндетті болды. Ал егіншілер өнімнің үштен
бірін Қоқан хандығының қазынасына төлеуге тиіс болды. Бұларға қосымша соғыс
жағдайында қару ұстауға жарайтын әрбәр қағаң Қоқан бектеріне әскери қызмет
атқаруға алынды.
Осындай Қоқан бектерінің езгісіне шыдай алмаған қазақ халқы талай рет бас
көтеріп көтеріліске шықты. 1821, 1858 жылдарғы көтерілістер сол наразылықтың
айқын айғағы еді. Мәделі хан билігінің кезінде күшейген халық наразылығын, сол
халықтың көтерілісін пайдаланған Бұхар әмірі Насрулла Қоқан хандығына
бірнеше рет шабуылдап, ойсырата соққы берді. Сөйтіп, Қоқан хандығының
қарамағындағы Ташкент, Ходжент т.б. жерлерін өзіне қаратып алды. Көп ұзамай
Әлім ханның немере інісі Шерәлі хан 1844 жылы Қоқан хандығын Бұхар
әкімдерінен тазартып, Қоқанда хан болып біржола орнықты, Ташкент пен
Ходжентті қайтарып алды.
XIX ғасырдың екінші жартысында Орта Азия халықтарын бағындыруға
Ресей әскерлерінің жорығы басталды. Қоқан хандығы жақсы қаруланған Ресей
әскеріне қатты қарсылық көрсете алмайды. 1864 жылы маусым айында Черняев
басқарған орыс әскері Қоқан Әулиеата қаласын басып алды, Қоқан билігіне қарсы
шыққан Байзақ датқаны Қоқандықтар осы жылы Шымкентте зеңбірек аузына
байлап атып жіберді. Ресей әскері 1865 жылы Ташкентті, 1866 жылы Ходжентті
басып алды. Хандығының басым бөлігінен айрылған Хұдияр хан алым-салық
мөлшерін өсіруге мәжбүр болды. Ол халық наразылығын тудырып 1873 – 76
жылдары көтеріліс болды. 1876 жылы Әндіжан мен Наманган арасында
көтерілісшілердің жасағы талқандалды. Сол жылы ақпан айында Қоқан хандығы
біржолата жойылып, оның орнына Түркістан генерал-губернаторлығы орнады.
Біз баяндаған осы тұстағы Рысбек Шінетұлы, Байұзақ датқа Мәмбетұлы,
Батырбек датқа Рысбекұлы, Ақмолда Байұзақұлы сынды батырларымыз елі мен
жерін Қырғыз манаптарының шабуылынан және Қоқан хандығының езгісінен азат
ету соғыстарына қатынасқан. Біз, бұл батырлардың әрқайсысының ерлігі туралы
шамамыздың жеткенінше баяндап өттік.
Тарихта – қандай да бір халықты алмайық оның әуелі ел болып, мемлекеттік
санатқа қосылуына - көшбасшы көсемдері мен қол бастаған батырларының
тарихи жеңістерінің нәтижесі екендігі талай рет дәлелденген. Міне, осындай қазақ
халқын сақтап қалған, ұлтарақтай жерін жауға бермей, ұлан-байтақ өлкесін қазақ
128
еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп
өткен батырлардың сол ерлігі – бүгінгі біздер жеткен тәуелсіздіктің нәтижесі.
Олар – өздерінің жеке бастарының қамынан гөрі халықтың қамын жоғары қойып,
сол үшін барлық саналы өмірін сарп еткен ерлер, халқының адал перзенттері.
Еліміздің тәуелсіздігі – біздің арғы – бергі дәуірлердегі батырларымыз,
билеріміз бен тарихи тұлғаларымыз ұлттық ақыл – есіміздің иелері мен киелерін
бүгінгі ұлы көшімізге үлгі - өнеге етуге туған ұлы мүмкіндік. Оларды тек ер жүрек
батыр деп танымай, сонымен қатар ел қамын, жер қамын ойлаған, өз халқының
ертеңін көксеген ел қамқоршысы, кемелді ақыл иесі деп тануымыз керек. Олай
етпесек ер азаматтың елім деп, туған жерім деп шыбын жанын шүберекке түйіп
жүріп төккен тері мен қанының ақталмағаны болар еді. Сол сұрапыл жылдарда
еліне ес болған, қайраты мен қайсарлығын аямаған ынтымақ – бірлігін жасаған,
осы күнімізге тұтас жетуімізге жол салған аяулы батырларымыз бен тарихи
тұлғаларымызды естен шығару мүмкін емес. Бұлардың барлығы әуелі өз
аймағындағы жерін жаудан қорғап, жұрттың ішкі ынтымақ – бірлігін жақтап, сол
арқылы жалпы қазақтың қамын жеп, елдік бірлікті қамтамасыз етуге үлес қоса
білді. Мысалы Жуалы топырағында туылып, Талдықорған облысы Ақсу ауданына
қарасты Қарашоқы қорымында жатқан Садыбай батыр, Дешті қыпшақтың ту
тіккен Көк Ордасы Төменге жақын Тыңданың іргесінде жатқан Байтана т.с.с
батырлар осының айғағы. «...Садағының басына сары шіркей үймелеп жау іздеген
ерлердің басы қайда қалмаған?!» деген Махамбеттің сөзі осыдан қалған.
Бүгінді біз егеменді ел болғаннан кейін қазақ мемлекетінің бес жарым
ғасырлық мемлекеттік құрылымында, ұлан ғайыр жерді қалай иеленіп, қорғап
келгендігі әр кезде көкейде жүреді. Жазушы Несібек Дәутейұлының сөзімен
айтсақ Атыраудағы бір қазақтың шекесіне тас тисе Алтайдағы қазақ найзасын
сүйретіп ойланбай жетеді екен. Қазақ осы күніне аман жетсе, тек тұтастығымен
жетті.
Ендеше батыр бабаларымыздың ұлағатты өмірлерін тәрбие алып, олардың
ерлік істерін қолымыздан келгенше қастерлей білейік. Олардың үлгі - өнегелері
кейінгі ұрпақтың ой – сезімі мен өрісін кеңейтуге отангерлік қасиетке тәрбиелеуге
әсер етері сөзсіз.
Ескерту: Біз, 2007 жылы өлкетанушылар мен мектеп оқушыларына
арналған «Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы» атты кітабымыздың екінші
бөліміндегі Жуалы жерінде ізі қалған батырлар туралы еңбегімізде батырларға
қысқаша, тұжырымды мәліметтер берумен шектелген болатынбыз. Кейін
оқырмандардың тілектері мен пікірін ескеріп оны толықтырып, кеңейтіп
жазуға тура келді. Ел аузында аты аталатын Қазыбек бек Тауасарұлы, қаңлы
Қуат батыр, Қарабатырұлы Шінет батыр, Қабылұлы Иса батыр, Боран
батыр, Ақментей батыр, Есіркеп батыр, Бәйетұлы Өте батыр, Мырзабекұлы
Сайлыбай батырлар туралы мәліметтер тауып, жинақтап қостық.
Біз бұл еңбегімізді жазған негізгі мақсатымыз – осы өзіміздің Жуалы
өлкесінде туылып, ерлігімен елге танылған батырларды сондай-ақ осы Жуалы
аймағындағы болған соғыстарға қатысып ерлік жасаған, ізі қалған батырларды
ұрпағымызға таныту болды.
Автор.
129
Достарыңызбен бөлісу: |