31
Тірек сөздер
: әдебиет, реализм,
әлемдік интеграция,
жаңа ракурс, аксиомалық принцип.
Әдебиеттің, соның ішінде ғылымға қатысы бар бағыттағы әдебиеттің кез-келген
қоғамда қажеттілігі орасан зор. Әсіресе, қазіргі әлемдік интеграция процесі жылдам дамып,
ғылым мен экономиканың біртұтас жүйеге түскен шағында, жасанды интеллектінің
жаңалығы күнделікті ақпаратқа айналғанда ғылыми әдебиеттің құндылығы арта береді.
Әдебиет пен ғылым егіз. Тіпті кез келген әдебиет жанрының өзі белгілікті жағдайда
ғылымның аксиомалық принциптеріне негізделіп жататыны белгілі.
Қазақ әдебиеті ғылымы әлем әдебиеті ғылымынан сәл кештеу дамыса да, ХХ ғасырдың
екінші жартысынан бүгінгі күнге дейін еркін әрі жедел дамудың арқасында үлкен
жетістіктерге жетті. Бұл жолда қазақ әдебиеті ғалымдардың қабілет қарымының, зор
интеллектуалдық біліктіліктерінің жоғары деңгейде болуы дәлел.
Көкше өңіріндегі қара шаңырақ бүгінгі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетіне өткен ғасырдың 80 жылдарының соңын ала жұмысқа орналасып, сол кездегі
әдебиеттің марқасқалары О.Сұлтанияев, Н.Ыбыраев, Ж.Мусиндердің ғылыми мектебінен
ұлағат алған Сәбит Нұрмұхамедұлы тамаша ғалым ретінде қалыптасты. Оқу орнында
ашылғанына көп уақыт өтпеген қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің аяғынан тік тұрып,
сапалы мамандар даярлануына үлкен үлес қосты.
Сәбит Жәмбектің ғылымдағы, педагогикалық қызметіндегі еңбегі елге танылған. Біз
осы мақаламызда ғалымның өз ғұмырындағы ой тоқтатып, салмақпен таразы басын тартқан
елуден кейінгі шағындағы көркем әдеби туындылар жазудағы еңбегіне тоқталсақ деп
отырмыз.
Сәбит Жәмбек – ғалымдығымен қатар соңғы жылдары көркем шығармаға да қол
тартқан тұлға. Көркем әдебиеттегі әңгіме, хикаят, драма, роман-эссе жанрлары бойынша
қалам тербеген. Ғалымның ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде найзағайдай жарқ етіп,
жаңа поэзияның соңғы бағытта дамуына айырықша өң берген қазақтың біртуар ақыны
Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасын ғылыми айналымға енгізгені мәлім. Ал осынау
талантты тұлғаның жарқ еткен жұмбақ ғұмырындағы оқиғаны «Наган» жыры әңгімесінде
көркем беруі сәтті шыққан. Көркем прозадағы әңгіме жанрына қойылатын талапты ескере
отырып, ұзын-сонар баяндауларсыз, тек дарынды ақынның өмірінің бір ғана сәтін әсем
әсерлі суреттеу арқылы бере білген. Әңгімені оқыған санасы жетілген оқырман болса, одан
әрі Бернияздың бүкіл ғұмырын зерттеуге оның ақындық өнерінің қыр-сырларын түсінуге бет
бұратынын сезу қиын емес. Расында да ХХ ғасырдың басында, жаңа қоғамдық сана
қалыптаса бастаған шақта бұрын қазақта болмаған тосын оқиғамен есте қалдырған Бернияз
тарихы тек қазақтың ғана емес, сонымен қатар туысқан татар ұлтының да жүрегінен ұзақ
уақыт шықпай, тіпті белгілі «Наган жыры» әнінің тууына себепкер болғаны есте.
Әдебиеттің бір мақсаты ‒ бүгінгі қоғамның әлпетін, даму деңгейін, адамдар
арасындағы қарым-қатынасты көркем тілмен оқырманға жеткізе білу. Өткен ғасырдың
аяғындағы қазақ ауылындағы өтпелі кезең өмірі өте ауыр болғаны аян. Бұрынғы кеңес
жүйесі келмеске кетіп, жаңа қоғам әлі толық еніп болмаған өліара шақтағы қазақ ауылының
кейпін «Күрмеу» әңгімесі арқылы суреттеуде Сәбит Жәмбек сол кездегі қарапайым адам
психологиясындағы өзгерістерді негізгі тақырыпқа айналдырады. «Күрмеу» әңгімесінің
аяқталмауы ‒ оқырман үшін өзіне таңдау жасауға жетелейді. Әңгіменің аты «Күрмеу»
болуында да символикалық мағыналы астар жатыр. Қазақта күрмеп байлау әдісі бар, ол жай
шешілмейді. Тек арнайы тәсіл арқылы ғана білетін адам шешіп алады. Ал, әңгіменің
тақырыбындағы күрмеу сөзінің идеялық мағынасы ‒ қазақ ауылының сол кездегі әлеуметтік,
тұрмыстық, тіпті саяси-экономикалық мәселесінің тіпті бүгінгі күні де шешілмеуі, яғни
күрмеуі күрделене түскенін анықтауға апарады. Аз ғана әңгіме мәтінінің соңындағы
лейтмотивте Секеннің «Ақ жауын» күйінің ойналуы, оған дейін елден келген жары
Жазираның ауылға оралу туралы хатының әсері, тұрмыстың тауқыметін көрген Бейсеннің
түсінде отбасын көруі ‒ бәрі қазақ қоғамындағы жаңа өзгерістер басталған тұстағы ортақ
ауыртпашылықтың көрінісін байқатады.