asya_2309@mail.ru
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ӘДЕБИ ЖАНРЛАР ЖАЙЛЫ ТҰЖЫРЫМДАРЫ
Аннотация: мақалада Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде әдеби
даму, әдеби бағыт, өлең құрылысы, көркем шығарма тілі, туындының мазмұны мен пішіні,
жанр теориясы, әдебиеттің тектері мен түрі, драманың жанрлық түрлері сияқты күрделі
теориялық мәселелерге ұсынған тұжырымдары сараланады. Бүгінге әдебиеттану
ғылымындағы ғалым мұрасы жан-жақты зерттелініп, ғалымның терең ойлы, ғылыми
негізді ой-тұжырымдары әдебиеттану ғылымының кез келген саласындағы өзекті
мәселелерді зерделеуге негіз болатындығы айтылады.
Тірек сөздер: әдеби жанр, әдебиет теориясы, ғалым, тұжырым, зерттеу
Ұлт қамқоры, табиғатынан ерекше дарын иесі, әдебиеттану саласында күні бүгінге
дейін құнын жоймаған, болашақ ғылымға да сара жол сала берер тағылымды ой-пікірлер мен
ғылыми тұжырымдарды соңына мирас еткен Ахмет Байтұрсыновтың мұралары туралы сан
алуан ғылыми зерттеулер жарық көрді, әлі де жариялана бермек. Оның ақындық мұрасынан,
саяси-қоғамдық көзқарастарынан, ғылыми-әдістемелік еңбектерінен, тіпті азаматтық,
адамдық қасиеттерінен тағылым алу, елінің ертеңі үшін күрескен ұлтжанды азаматтың
өнегелі өмірін жастарымызға үлгі ету бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болуы
заңдылық.
Ғалымның кез келген мәселеге байланысты айтқан ғылыми пікірлерінің маңызы зор,
әсіресе, оның әдебиет теориясына қатысты ғылыми толғамдарының бағасы өлшеусіз. Ол –
76
қазақ әдебиетінің теориялық мәселелері белгілі бір жүйеге салынып, әдеби ұғымдарға терең
ғылыми талдау берілген тұңғыш еңбектің авторы. Бұл еңбек 1926 жылы «Әдебиет
танытқыш» деген атпен Ташкент қаласында басылып шықты.
Еңбектің құндылығы жайлы академик ғалым Р.Нұрғали: «Әдебиет танытқыш» – Ахмет
Байтұрсынұлының эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын,
сыншылдық қабілетін танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор,
айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан
маңызын жоймайтын қымбат, асыл мұра» деген [1,25].
Әдебиеттану ғылымының осындай еңбекке зәрулігі бола тұра саясат жетегінде кеткен
заманның кесірінен құнды кітаптың өз уақытында танылмай, көпшілікпен қауыша алмай
қалғандығы, әрине, өкінішті. Алайда, «ештен кеш жақсы демекші» ұлттық әдебиеттану
ғылымына баға жетпес асыл мұрамен танысып, құнарлы ой-тұжырымдарды пайдалану
бақыты бұйырыпты. «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім» деп ғұлама өзі айтып кеткендей
бүгінгі тіл білімі, әдебиеттану ғылымдарының бағыт-бағдарлар темірқазығы сияқтанған
Ахмет мұраларын, сонын ішінде аталмыш еңбегін зерттеп, қажетке жарату ісі жанданып, өз
жалғасын табуда.
А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде әдебиеттің қарапайым қағидаларын
танытудан бастап күрделі философиялық, эстетикалық, көзқарастарын білдіріп, әдеби даму,
әдеби бағыт, өлең құрылысы, көркем шығарма тілі, туындының мазмұны мен пішіні сияқты
күрделі теориялық мәселелерге дейін саралаған. Әдебиеттануға кіріспе, әдебиет теориясы
курстарын оқытуда ғылымның түсінікке жеңіл, нақты да дәл берген анықтамалары мен
ғылыми деректері таптырмас құрал екендігіне әдебиетші мамандардың көздері әбден жетті.
Әдебиет теориясының күрделі мәселелерінің бірі – жанр теориясы, яғни әдебиеттің
тектері мен түрі жайлы зерттеулер. Ғалым еңбегінің бір бөлімі осы мәселеге арналған. Өз
кезеңіндегі қазақ әдебиетінің даму үрдісін дәл танып, ертеңін да көргендікпен болжай білген
Ахмет Байтұрсынов «Европа әдебиетіндегі сөз түрлері бізге әлі түгелденіп жеткен жоқ. Бірақ
қазір болмағанымен, ілгеріде болуы ықтимал» деген тұжырым жасайды. Одан әрі әдеби тек
түрлері жайында «Ақындықтан шыққан сөзді яғни көркем лебізді шығармаларды, үлгілі
жұрттар айтылуына қарай үшке бөледі: 1. Әуезеленіп айтылуына қарай. 2. Толғанып
айтылуына қарай. 3. Ғамалдап айтылуына қарай» [2,103] дей келе, бұл үлгілердің қазақтың
тек жазба әдебиетіне тән екендігін ескертіп кетеді.
Ғалымның өзіне дейінгі ғылыми көзқарастармен үндестігі де, алшақ кететін тұстары да
бар. «Жалпы ғылымның дамуы – өзіне дейінгілердің ілгерінді, келешек қажетін өтейтін
ұстанымдарын өз дәуірінің қажетіне жаратып, одан әрі дамыта түсу десек, Ахаң есімі бұл
тарапта да асқақ тұруға тиісті. Осындай деуіміздің түп-төркінінде әдеби жанр мәселесі
төңірегін алғанның өзінде екі мәселе жатқанын ескертеміз. Біріншіден, А. Байтұрсынов
бейнелеу тәсіліне негізделген Аристотель принципін де, бейнелеу объектісіне негізделген
Гегель, Белинский принципін де табысты қолданған. Екіншіден жанрлық түрлерді
жүйелеудегі ұлттық танымның тереңдігі» [3,193]. Ғалым жаңалығы ретінде ең алдымен
байқайтынымыз оның әдеби тек түрлерінің терминдік атауын беруде өзгеге
ұқсамайтындығы. Қалыптасқан эпос, лирика, драма деген термин сөздерді қазақы ұғымға
жарық әуезе, толғау, айтыс-тартыс деген сөздермен алмастырып, терминдердің ұлттық
баламасын тиімді қолдануы оның өзіндік ерекшелігі.
Еңбектегі басқа да осындай әдеби терминдердің ұлттық баламаларының ғалым
тарапынан шебер қолданыс табу сүйсіндіреді. «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа ауыз
тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын
қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз
табуымыз керек» [2,20] дей отырып тіл тазалығы, ана тілінің ертеңі үшін пайдалы
талаптарды нақты көрсетіп қана қоймай, өз ісімен үлгі көрсете білген А.Байтұрсыновтың
ұлттық терминдерді қалыптастырудағы рөлі орасан зор. Осы орайда тағы да Р.Нұрғали
пікіріне жүгінер болсақ, ғалым «Әдебиет танытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың
әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды,
77
ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұқсас, ұялас ұғымдардың тұтас, ұлттық қазақи жүйесін
жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тиым салғанына
қарамастан әдеби тілге кіріп кетті» дейді.
Ғалым еңбегінде жоғарыда аталған жанр түрлерінің әрқайсысының өзіндік табиғатына,
ерекшеліктеріне терең талдау жасайды. Әдеби тектердің аралық жігін ажыратуда,
әрқайсысының өзіндік табиғатын ашуда суреткерді, оның тысқы және ішкі ғаламын
қатыстыра отырып түсіндіруді негізге алып «әуезе көркем сөздің тысқарғы түрлісі болады»,
«... Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан
алады», «... айтыс тартыстан ақын өз басындағы емес, басқаның басындағы уақиғаны
көрсетіп, өз басынан, көңілінің күйінен еш нәрсе қатыстырмайды» деп тұжырымдайды.
Жанрды авторға қатысты саралау ғылымда бұрын да болған пікір. Мұны Аристотельдің
«Поэтикасынан» байқаймыз. Алайда ғалым өз еңбегінде кімнің, қандай ой-тұжырымдарына
сүйенгендігі туралы айтпаған. «Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы, дерек
келтірмейді.
«... Бір ерекше жәйт, А.Байтұрсынов ұзақ-ұзақ цитата алып, өзгелерден бәтуа іздеп,
басқаның пікіріне жығыла салатын әдеттен мүлде аулақ....Ғалым өзі қорытқан, өзі
шындығына жеткен, ақиқат деп санаған ойларын ортаға салады»[1,26].
Әуезе түрлерін «бұл топқа кіретін сөздер толып жатыр. Оның бәрін түгендеудің қажеті
жоқ. Басты-басты түрлерін алғанда, олары мынау болады» дей келе ертегі жыр, тарихи жыр,
әуезе жыр, ұлы әңгіме, ұзақ сөз, аңыз өлең және әңгіме, көңілді сөз, мысал, ұсақ әңгімелер
деген тоғыз түрін атап көрсетеді. Қазір роман, повесть, поэма, новелла, фельетон деп танып,
кең көлемді, орта көлемді, шағын көлемді эпикалық жанр түрлеріне топтастырылып жүрген
шығарма түрлерін ғалым идеялық мазмұн мен шығарма пафосы тұрғысынан жіктеп отыр.
А.Байтұрсыновтың бұл ұстанымын Е.Тілешев оның жанрлық түрлерді жіктеудегі бір
принципі ретінде танып, «Қазіргі әдебиеттануда поэма делініп жүрген жанрды
А.Байтұрсынов ертегі жыр, тарихи жыр, әуезе жыр, мысал өлең дейді, яғни мұнда ең
алдымен идеялық мазмұн, шығарма пафосы, бірінші қатарға шығарылады, осындай
ұстанымды толғауды ішкі түрлерге таратуынан да байқаймыз» деп аңғартады [3,196].
Дарынды теоретиктің толғау жанрына қойылатын ішкі және тысқы шарттарды
санамалап беріп, оның ішкі түрлерін жіктеуде жасаған тұжырымы да ерекше. «Әдемі
толғаудан алатын адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады» дей
отырып ақындық өнер мен өлеңге айрықша баға береді. Толғауға қатысты ғалым пікірлерінің
орыс сыншысы В.Г.Белинскийдің ойларымен үндесер тұстары көп. Мысалы, ғалым «нағыз
толғау мен күй (яки ән) арасы жақын: екеуінің де зейінге айтары аз, көңілге айтары көп»
[2,169] десе, В.Г.Белинский «өзіндік мазмұны тұнып тұрса да, лирикалық шығармада ешбір
мән жоқ тәрізді, оның мазмұнын тіпті айтып беруге де болмайды, ол тәтті түйсігімен бүкіл
жан жүйемізді тебірентетін музыкалы пьесадан аумайды, өйткені бұл мағынаны адам тіліне
аударып болмайды» [4,32] деп байлам жасаған.
Қос ғалымның толғаудың ықшамдығы, қысқалығы жайлы тұжырымдары бір жерден
шығады. Лирикалық туынды түрлерін жіктеуде де ғалым терминдердің қазақша баламасын
ұғымды қолданған. Толғаудың ішкі түрлерін сап толғау, марқайыс толғау, налыс,
намыстаныс, сұқтаныс, ойламау дау, сөгіс толғау, күліс толғау деп топтастырып, олардың
әрқайсысына нақты анықтама береді. А.Байтұрсынов ақынның көңіл-күйі тұрғысынан
анықтап берген лирика түрлерін бүгінгі әдебиет теориясы ғылымы меңгеріп, терминдік
сөздерді қолданысқа әлі де толықтай енгізе қойған жоқ десек қателік болмас. Дулат
Бабатайұлының 2003 жылы басылып шыққан «Тұнық тұма» жинағының алғы сөзінде ақын
толғауларының түрлеріне А.Байтұрсынов тұжырымы бойынша талдау жасалған. Бұл да
болса лирика туралы ғалым пікірлерін игілікке жаратып, тиімді қолдануға қарай жасалған игі
қадамдардың бірі деуге болатын шығар.
Қазақ топырағында кейіндеу дамыды деп саналатын жанр түрі драмаға да ғалым
қазақша балама тауып, әдеби тек ретіндегі сипатына, өзіндік табиғатына талдау жасап
берген. Драмалық жанрды айтыс-тартыс немесе ұстасу деп атап, оны да авторға қатысты
78
жағынан тысқы ғаламның сөзі, яғни әуезе мен айтыс-тартыстың арасы жақынырақ деп
қорытады. Сондай-ақ драманың «өмірдің алаңда көрсетілетін сәулесі» деп таниды. Драмалық
жанрдың өзіне ғана тән ерекшеліктерін ескерте келе, драмалық шығарма оқиғасының негізгі
үш кезеңін (1. байланыс, 2. шиеленіс, 3. шешіліс) атап көрсетеді. Осы кезеңдерді қазаққа
жақсы таныс балуандар күресімен салыстыра отыра ұғымға жеңіл, әрі түсінікті етіп былайша
сипаттайды: «Ұстасудың бұл үш дәуірі күресу дәуірлері сияқты. Байланыс – балуандардың
белдерін буынып, білектерін сыбанып, балтырларын түрініп, күреске шығып, ұстасқаны
есебіндегі дәуірі. Шиеленіс – балуандардың әдіс-амал, күш, өнер бәрін жұмсап, қайрат
қылып күресті қыздырған шағы сияқты дәуір. Шешіліс – балуандардың бірін-бірі жыққан
мегзілі сияқты дәуір»[2,179].
А.Байтұрсынов драманың жанрлық түрлерін де өзгеше атаумен, яғни әлектеніс
(трагедия), азаптаныс (драма), әуреленіс (комедия) деп саралайды.
Айтыс-тартысты адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламының түйіскенін көрсететін сөз
түрі дей келе бұл мәселеге орай да ғалым қызықты тұжырым жасайды. «Адам бала күнінде
тысқа ғаламдағы көзге көрініп, денеге сезіліп тұрған нәрселерді ғана танумен болады. Есі
әбден кіргенше өзгеден өзін айырмайды. Есейген сайын өзінің өзгеден басқалығын біліп,
өзіне ұнағанын істеп, ұнамағанын істемей, қияқтық шығара бастайды. ... Өз алдына мұңы,
мұраты, мақсаты, мүддесі болып, сол мұрат-мақсатына жету талабына кіріскен жерде тысқы
ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғалам мен екеуі кездеседі. Сонда
ішкі ғаламның ниетіне тысқы ғаламның шарттары тура келмей, екеуі ілінісіп ұстаса кетеді»
деп драмалық оқиғаның туу себептерін қарапайым мысалмен дәлелді жеткізеді [2,176].
Айтыс-тартыс түрлеріндегі кейіпкерлер мінезінің, соған орай әрбір шығармадағы тартыс
сипатының ерекшеліктері нақты талданады.
Трагедияның негізгі мағынасы болып табылатын коллизияның маңызы туралы
Белинский «...трагедияның мағынасы коллизияда болмақ, яғни, жүректің табиғи еркінің
адамгаршілік парызбен соқтығысуына немесе алынбайтын тосқауылда мерт болуында
жатпақ» десе А.Байтұрсынов айтыс-тартысқа қойылатын шарттардың бірінде «Ұстасудың
мақсаты тысқы ғаламға қарсы жұмсалған ішкі қайрат болған себепті, ол қайратты жұмсатып
белгілі бір мақсат болған соң, ұстасуда көрсететін ғамалдар ойламаған жерден шыққан
уақиға сияқты болмай, мақсатты қайраттан туған амалдар болып көрінуге тиістігі» дейді.
Ғалым Рымғали Нұрғалидың айтуынша А.Байтұрсыновтың бұл пікірлері жазылған
кезде қазақ драматургиясында М.Әуезовтың, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Ж.Шаниннің
алғашқы пьесалары жазылған. Еңбектегі ғалымның «Айтыс қазақта ауыз әдебиеті түрі
болғанмен, айтыс-тартыс түріндегі сөздер басқа жұрттарда жазу-сызу, өнер-ғылым шыққан
уақытта пайда болған. Шын айтыстар емес, шығарма айтыстар қазақта соңғы кезде шыққан»
деген сөздері осыған меңзейді [2,106]. Алайда, басқа жанр түрлерін талдағандай нақты
драмалық шығармалардан мысалдар келтірілмеген. Драма жанры туралы ғылыми
пікірлеренің құндылығы,талғампаздықпен, дәлдікпен берілуін айта келіп, ғалым Р.Нұрғали
«Шынына келгенде, А.Байтұрсынов әлемдік драма өнерінің биік тұғырлары Шекспир,
Мольер, Гете, Островский, Чехов үлгілерін оқып, яки сахнадан көріп барып пікір айтып
отырғандай» дейді[5,34].
Трагедиялық және комедиялық туындылардың ерекшеліктерін ғалым бас
қаһармандардың кескін-келбеті, өмірлік мақсаттары мен соған жету жолындағы іс-әрекеттері
тұрғысынан зерделейді. Мысалы, «Әлектеністің қайраткері қатардан қара көрінім төмен адам
болады. Биік нәрсе қандай сәулетті, көзге көрнекті, көңілге тамаша көрініп сұқтандырса,
таңдандырса, төмен нәрсе өзінің төмендігімен, ұсақтығымен көзге күйік» [2,180].
Әдебиет теориясының жанрлар мәселесін қарастыруда ғалым тұжырымдарының берер
тағылымы мол. Ғалым мұрасы бүгінде жан-жақты зерттелініп, оның терең ойлы, ғылыми
негізді ой-тұжырымдары әдебиеттану ғылымының кез келген саласындағы өзекті
мәселелерді зерделеуге негіз болып отыр. Ғалымның ұлы еңбегі «Әдебиет танытқышты»
қаншалықты таныдық десек те, осы мәселеге орай «алтын шыққан жерді белден қаз» деген
халық нақылын жадымызда ұстауымыз әбден қажет-ақ сияқты. А.Байтұрсынов мұрасын
79
«өшпес жарық», «кетпес байлық», «даналыққа бастар жол басы» деп танып, «ертеңі үшін»
аянбай еңбек еткен ғұламаның асыл мұраларын келешек қажетіне жарату біріміздің басты
міндетіміз.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір бас үшін жалданбаған,
Көркейер қайткенде Алаш деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған, - деп С.Торайғыров айтқандай бар күш-жігерін,
ақыл-ойы мен еңбегін ұлт келешегіне арнап, халқын ғылымның ұшар биігінен көруді аңсаған
Ахмет Байтұрсынов есімін ұлықтау, рухани қазынасын насихаттау ісі өз маңызын ешқашан
жоймайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана : «Күлтегiн», 2002. – 524 б.
2 Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер.– Алматы: «Атамұра»,2003. – 206 б
3 Тілешев Е. Суреткер және көркемдік әдіс. –Алматы: «Арқас», 2005. –278 б.
4 Белинский В.Г. Шығармалары: сын мақалалары. – Алматы: «Жазушы», 1987. – 349 б.
5 Әліппе айтысы (Құраст.: Мәжітаева Ш). – Қарағанды: ҚарМУ.,1990. –10
ӘОЖ 82.2:884 (5Қ)
ЕРБОЛАТ БАЯТ
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
Көкшетау, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |