ақындық өнер. Сол кездегі олардың өлең – жырындағы айтылған идеялары
бүкіл әлемдік саяси және әлеуметтік теориялардағы кейбір тұжырымдарға өте
ұқсас және солармен үндес келеді. Мысалы, Досманбет жырау сол кездің өзінде
адамның өмірге келуінен бастап өзара тең құқықты екені туралы ой қозғайды.
Ақынның пікірінше, адамға теңдік жаратылысынан берілген қасиет, адам
өмірге келгенде бір-бірінен атағымен, даңқымен, билігімен ерекшеленбейді.
Досманбет жыраудың бұл идеялары батыс ғалымдары Т. Гоббс пен Дж.
Локктың «табиғи құқық» қағидаларымен сәйкес келеді. Бұл мәселелерді ақын
«Тәңірінің өзі берген күнінде Ханұлынан артық еді несібем» - деп жырға
қосқан.
16
Қазақ жыраулық өнерінің көш бастаушыларының бірі, өз заманындағы
билік үшін болған күрестердің ешбірінен тысқары қалмаған ақын Шалкиіз
Тіленшіұлы болатын. Ол әлеуметтік теңдік ғана емес, адамдардың бәрінде тең
мүмкіндік болуын қалады. Бірақ ақын мемлекеттік заң алдындағы биліктен,
адамдардың Тәңір алдындағы, Тәңір үкімі алдындағы теңдігін жоғары санайды.
Содықтан ол: «Тәңірі өзіне бермесе,
Менменсіп жүрген ержігіт
Кісіден тартып жарымас»
- деген пікір айтады.
Бұл тұста Шалкиіз жырау ойларының Джон Локктың адамның
жасампаздық қасиетін жүзеге асырудағы теңдік принципінің сақталуын
ұсынатын либералистік идеяларымен үндес екенін атап өту қажет.
Әлемнің әртүрлі түкпіріндегі, әртүрлі уақытта айтылған осы саяси
пікірлердің өзара сәйкес келуі кездейсоқтық құбылыс емес, себебі
жалпыадамзат болмысының, тарихының, мәдениетінің жалпы, әмбебап
заңдылықтары барлық этностар, халықтар үшін бірдей, тұтас. Сондықтан қазақ
халқының мәдениеті де өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан осы жалпы
заңдылық негізінде дамыған, қазақ даласындағы саяси білімдер соның бір
бөлшегі болып табылады.
Досманбет пен Шалкиіз жыраулардан кейінгі кезеңде қазақ халқының
тарихы мен саяси өмірі елеулі өзгерістерден өтті. Бұл өзгерістер жаңа буын
ақын-жырауларының қоғамдық-саяси ойларын уақыт талабына сәйкес бағытта
қалыптастыруына себеп болды. Мемлекет билігі тарапынан феодалдық –
патриархалдық қазақ қоғамына дәстүрлі адат және мұсылмандық шариғат
құқықтарын бейімдеу мақсатындағы әртүрлі саяси бағыттағы іс-шаралар
енгізіле бастады. Қазақтың дәстүрлі адат құқығы нақты жазба түрде бекітілмей
халықтың ой-санасында: ар-ұят, әділеттік, үлкенге құрмет және тағы басқа
адамгершілік заңдарымен қатар қолданылды. Ал ел билігі қазақтың
адамгершілік, ата-баба заңдары бойынша белгілі тұлғалардың, билердің
қолында болды.
Қазақ қоғамындағы жазба түрдегі заңдардың қабылдануына дейінгі
қолданылған дәстүрлік адат құқығының алатын орны өте маңызды. Осы заң
ережелері негізінде мемлекеттегі барлық саяси-әлеуметтік қатынастар реттеліп
келді. Адат заңын бұзбауға қоғамның барлық мүшесі бірдей міндетті, ал
қылмыскер, заң бүзушының бәрі міндетті түрде жазаналады. Қылмыскерге
қатысты билер қабылдаған үкім, рулық қауымның тікелей қолдауымен міндеті
түрде, ашық, сол жерде, сол уақытта орындалуы тиіс болды.
Қазақ елінің Ресей империясына қосылғанға дейінгі аралықта қызмет
атқарған билер институты көшпелі халықтың саяси өміріне тән ең тиімді
құқықтық тәртіп сақтаушы билік түрі болып табылады. Бұл билік түрінің
тиімділігі сондай: қазақ жерінде түрменің, тәртіп сақшыларының (мысалы,
полицияның), әртүрлі мемлекеттік кеңселердің қажеттілігінің болмауы, себебі
барлық әлеуметтік мәселе нақты, тез уақытта шешелетін еді.
Қазақ билерінің өзі әртүрлі дәрежеде болды, олар: ата би немесе төбе
би (ең жоғарғы билік денгейі), төтенше, жеке, қалау, аға және ең төменгі
17
деңгейі – бала би болып бөлінді. Олардың жеке өз құқықтары мен міндеттері
белгіленді, ал ең маңызды саяси-әлеуметтік, құқықтық мәселелерді билер
бірігіп, толық келісім арқылы шешті.
Билерде жер дауы, жесір дауы, барымта және тағы басқа күрделі саяси-
әлеуметтік мәселелерді шешу міндеті тұрды. Бірақ қазақ билері тек ғана тәртіп
сақшылары емес, халық тәрбиешісі қызметін де атқарды. Белгілі бір даулы
шиенелісті ауыл, ру болып талқыға салып, сол жиын туралы пікірлерді,
әнгімені барша халық, тіпті жас балаларға дейін еститін, білетін. Бұл өз
кезегінде тәртіп бұзудың, қылмыс жасаудың, келеңсіз оқиғылардың алдын алу
немесе ескерту болатын. Ар - ұжданы таза, өмір тәжірбиесі мол, шешендік
өнерді меңгерген, ата - баба заңын, салт-дәстүрін сақтай білетін, білімді,
ақылды тұлғаны ғана халық би санайтын, кұрметтейтін. Халық билердің
шешендігін, тапқырлығын және әділеттілігін өте жоғары бағалады.
Қазақ халқы «билердің биі», халық даналары деп Төле, Қазбек және
Әйтеке биді ерекше бағалап мақтаныш тұтты.
XVII-XVIII ғасырларда, Тәуке хан тұсында қазақ халқының өзіндік
ұлттық санасының кемелденуіне осы дана, үш Ұлы бидің тигізген рухани әсері
теңдесіз жоғары болды. Қазақ қоғамының болашағын қалыптастырған «Жеті
жарғыны» да дүниеге әкелген осы Төле би, Қазбек би және Айтеке би болатын.
Дәстүрлік адат құқықтары, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі
жолы» негізінде жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты
түзетулер еңгізіліп «Жеті жарғы» жарыққа шықты.
Әлемнің өзге халықтарына ұқсас Қазақ еліндегі саяси ойлардың дамуы
қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен тікелей байланысты. Қазақ
қоғамындағы сан алуан, күрделі өзгерістер XVIIІ ғасырдағы Қазақстанның
Ресейге қосылуынан басталды. Халықтың еркіндікке, әділеттілікке қол созуы,
оның мұң-мұқтажы, болашаққа арманы - өнер иелерінің творчествосына, саяси
көзқарастарына үлкен әсер ететіні белгілі. Исатай мен Махамбет бастаған
халық көтерілісінен кейін ақын Махамбет Өтемісұлының (1804-1846)
өлендерінен айқын саяси ұстанымы байқалады. Ол билік иелерінің, сұлтандар
мен ханның әділетсіз саясаты халықты тонау екенін ашық айтты. Ақын қазақ
қоғамындағы кертартпа саяси күштерге қарсы шығып, халықты өз мүдделерін
қорғау үшін батыл, ашық күреске шақырды. М. Өтемісұлы мемлекет билігінің
патшалық басқару түріне қарсы шығып қазақ ақындарының алғашқысы болып
еркіндік демократиялық бағыттағы пікірлер ұсынды. Ол биліктің көзі, тұтқасы
халық екеніне сенеді, сондықтан ақын:
«Айтып, айтпай, немене,
Халық қозғалса,
Хан тұра алмайды тағында»
деп жырлайды. Осы және басқа да өлендерінен халықтың ұрпақтан-ұрпаққа
келе жатқан қазақ қоғамындағы саяси ойларды Махамбет Өтемісұлы өз
творчествосында толық қабылдай отырып болашақ үшін одан әрі дамытты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласындағы саяси идеология
ретінде ағартушылық кең өріс алды. Қазақтың ойшыл ғалымы демократ-
ағартушы Ш.Уәлиханов (1835-1865) қазақ халқының әлемдегі өркениетті
18
елдер қатарына қосылуы үшін қажетті саяси-әлеуметтік, мәдени қызметтер
атқарды. Шоқан саяхатшы, этнограф ғалым ретінде Орта Азияның, Қазақ
елінің, Батыс Қытайдың тарихы мен мәдениетіне ғылыми зерттеулер жүргізе
отырып, саяси - әлеуметтік, құқықтық мәселелерді іс жүзінде шешу жолдарын
қарастырды, әсіресе қазақ халқын патша шенеуіктері мен жергілікті билік
иелерінің зорлық- зомбылығынан қорғау мәселесін жария етті. Ол қоғамдағы
үстем тап өкілдерінің саяси көзқарастары халықтың ізгі мақсаттарына әсер
ететінін атап көрсетеді. Сол себепті Шоқан Уәлиханов бұхара халықтың
демократиялық құқығы мен бостандығын дамыту жолында елеулі қызметтер
атқарды. Экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларға үлкен мән беріп
революциялық өзгерістерге қарсы пікір білдірді. Ағартушы-ғалым сот
реформасы туралы өзінің прогрессивтік саяси- әлеуметтік идеяларын ұсынды.
«Сот реформасы жайында хат» деген еңбегінде: «Біздің заманымызда халыққа
етене жақын, ең маңызды, оның мұқтажына тікелей қатысты реформа--
экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформалар экономикалык
істерді жүзеге асыратын құрал ретінде көрінбек, өйткені әрбір жеке адам
баласы қауымдасып өзінің түпкі мақсаты әл-ауқатын жақсартуға тырысады.
Прогресс дегеніміз де осыған сай келеді»- деген қорытынды жасайды (Ш.
Уәлиханов. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1995.127- бет ).
Өзінің осы шығармасында Шоқан Ресей патша өкіметінің саясатындағы
отарлық мақсатты сол кездің өзінде айқын түсініп, қазақ қоғамындағы ертеден
қалыптасқан билер сотының сақталуын талап етті. Дәстүрлі билер қызметінің
ашықтығын, жариялығын, демократиялық принциптерін жоғары бағалайды.
Шоқан Шыңғыс хан заманынан енген ереже бойынша қазақ қоғамының «ақ
сүйек» және «қара халық» болып жіктелуіне қарсы шығып, қоғамда бұл
бөлінудің болуы бір-біріне қайшы мүдделердің шығуын көрсетеді деп есептеді.
Осы және басқа әлеуметтік жіктеулерден әртүрлі дау-жанжал, саяси-әлеуметтік
шиеленістер туатынын дәлелдей келе, қазақ халқын бірлікке шақырды.
Ғалымның пікірінше, тұлғаның адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін ең
алдымен оларға еркіндік берілуі қажет. Ал еркіндікті дұрыс пайдалануы үшін
халыққа жалпы білім, әсіресе саяси сауаттылық қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |