1
ТАРИХИ БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ: ҚАЗАҚ
АҒАРТУШЫЛАРЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ
Төленова З.М.,
ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов
атын. Тарих және этнология
институтының аға ғылыми
қызметкері, т.ғ.к., доцент
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның
әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам»
атты бағдарламалық мақаласында Білім және ғылым министрлігіне орта,
техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында Өлкетану курстарын
енгізу жөнінде ұсыныс жасауды тапсыратынын атап көрсете отырып,
қазақстандық жастардың тарихи білім алуының өзектелігіне жіті назар
аударған болатын [1]. Бұл тапсырманы жүзеге асыру тарихшылар қауымына
да үлкен міндет жүктейді. Мұндай міндеттің бірі өткен дәуірлерде орын
алған оқиғалар мен құбылыстардың маңыздылығын ұлт ойшылдары мен
ағартушыларының еңбектері негізінде шынайы тұрғыда бағамдау болып
табылады. Сондықтан да тарихи білім мен тарихи санаға қатысты зерттеу
жұмыстарын қарқынды түрде жүргізе түскеніміз абзал. Осыған орай ХХ
ғасырдағы қазақ ағартушыларының шығармашылығындағы тарихи білім
туралы ой-пікірлері мен тұжырымдарының құндылығын ашып көрсету де
өзіндік маңызға ие.
Қоғамның жаңа сапаға, жаңа дәуірге, жаңа ХХІ ғасырға қадам басу
сәтінде тарихи білімнің рөлі арта түседі. Бұл барлық өркениетті жолдағы
елдердің өмірінде көрініс тапқан құбылыс. Елбасы Н.Ә. Назарбаев
қоғамымыздың өзін-өзі, мемлекеттік тәуелсіздігін құндылық ретінде тану
ісінде тарихтану саласына аса зор мән беріп келеді. Өйткені қоғамдық
ғылымдардың ішінде ұлт дамуымен біртұтастықта дамып келе жатқан
күрделі сала - ұлттық тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы. Тарихи білім
берудің ең жарқын көрінісі мен жетістігі мынада болса керек, ата дәстүр мен
құндылықтарымызды, қазақтың ұлттық-мәдени мұраларын сақтау мен
нығайтуға тікелей араласады.
Тарихи білім мен тарихи сана деңгейі елдік, ұлттық, мемлекеттік
сананы қалыптастырады. Тарихи білім табиғаты екі түрлі, алғашқысы
халықтың өмір тәжірибесінен жинақталса, екіншісі ғылым мен ғылыми
әдістер қалыптастырған. Тарихи сана тарихи оқиғалар туралы білімнен
қалыптасады. Сондықтан бұл бағытта ауыз әдебиеті, ауызша тарих айту мен
шежіренің маңызы зор. Тарихи білім мен тарихи деректердің қайнар көзі,
сондай-ақ дәстүрлі тарихи білімнің іргелі негізі, ұлттық тарихтың тұңбасы,
тас тұғыры болып табылатын – шежіре, ауыз әдебиеті, тарихи жырлар мен
эпостық жырлар, даналық сөздер, мақал-мәтелдер мен халық әндері мен күй
2
өнері екендігі даусыз. Тарихи білімнің бұл түрлері халықтың жадында
жатталып, ұрпақтан ұрпаққа ауыз екі беріліп, сақталады. «Шежіре – бұрын
жазба тарихы болмаған, сауатсыз көшпелі қазақ халқының күнкөріс
тіршілігіне негізделіп, қоғамдық сана-сезімнен туған, бір буыннан- екінші
буынға, атадан-балаға, үлкеннен кішіге ауысып, жұртшылық құлағына сіңген
және оған түсінікті халық аузындағы тарих, халық естелігі (халық мұрасы)»,-
деп алғашқылардың бірі болып баға берген белгілі ғалым, тарихшы,
экономист С. Толыбековтың тұжырымдамасы осының жарқын дәлелі [2].
Сонымен, ұлттық тарихи білім, тарихи ой-сана халық арасында ауыз
әдебиеті мен музыка өнері арқылы, діни және тарихи аңыз әңгімелер арқылы
таралды.
Қазақ қоғамының даму сатыларында халықпен бірге айрықша ауыр
жүк арқалаған ауыз әдебиеті – ұлтымыздың тума еншісі. Көшпелі қоғамдағы
дала перзенттері ауызша қалыптастырған асыл мұраның бүгінге дейін
жалғасқан көркем үлгісі, фольклор жәдігерлерінің ең бай саласы, міне, қазіргі
ұрпақ игілігіне айналған эпостық жырлар мен дастандар. Жұртшылыққа
кеңінен танымал «Алпамыс», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қамбар батыр»,
«Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», т.б. эпикалық жырлардың тарихи білімді
қалыптстырудағы шоқтығы биік [3]. Өйткені, эпикалық жырлардың ішінен
сараланып, халық зердесінде сақталып келген рухани құндылықтар, қазақ
халқының ұлттық мүддесімен, табиғи болмысымен үндескен, ішкі жан
дүниесімен ғасырлар бойы қабысқан тамаша тарихи туындылар еді.
Ақпараттану қоғамында, яғни дүрбелеңге толы ХХ ғасырдан кейін,
идеологиядан азат бүгінгі тарихи білімдік ой-сана шеңберінен баға бергенде,
ғасырлар қойнауынан жеткен ауыз әдебиеті үлгілерінің үнемі шынайы тарих
және тарихи білім жүгін арқалап келгенін айта аламыз.
Егер біз, ХХ ғасырға дейінгі ауыз әдебиеті деректерінің бәрін, дәстүрлі
ауызша тарих айту үлгісіне жатқызсақ, онда содан өрбитін тарихи білімнің де
қалыптасып, дамуының адамзат тарихының қоғамдық құбылыс кезеңдеріне
сай тұрмыстық және ғылымға дейінгі қалыптасып, дамуы деген кезеңдері
болатынына көз жеткізу қиын емес.
Ал енді қазақ даласындағы әр кезеңдерде өмір сүрген ұлы
ағартушылардың шығармашылығындағы тарихи білімдер туралы сөз етер
болсақ, тарихшы-ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидан бастайтынымыз анық.
Оның «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі тарихи білімнің қайнар көзі болып
табылады. Қазақ тарихынан ғана емес, түркі тілдес халықтардың - өзбек,
қырғыз, ұйғырлардың, сондай-ақ ауған, үнді, тибет халықтарының да
тарихынан, мәдениетінен, әдет-ғұрпынан көптеген мәліметтер беретін бұл
еңбектің маңызы зор. ХІV-XV ғасырлардағы этнографиялық, этикалық,
географиялық, археологиялық соны мәліметтерді берумен қатар, тарихи
оқиғаларды нақты баяндай отырып, ортағасырлық тарихи тұлғалар туралы да
әңгімелейді [4].
Дала даналарының шоғырында өзінің мұрасымен ерекшеленетін
Қадырғали Жалайырдың да тарихи білім таратудағы орны айрықша. Оның
«Жамиат-тауарих» немесе «Жылнамалар жинағы» атты еңбегінде қазақ
3
хандары мен сұлтандарының, Сібір хандығының құрамындағы қаңлы,
қыпшақ, жалайыр, наймандар секілді қазақ руларының шығу және таралу
тарихынан да көптеген мәліметтер бар [5, 199-200-бб.].
Осы заманда өмір сүріп, артында қыруар мұра қалдырған Махмұд
Қашқари еңбектерінде қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары, өнері
мен музыкасы, ұлттық мейрамдары мен ойындары т.б. суреттеу арқылы
тарихи білімнің таралуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды [6].
Осы ұлылардың еңбектеріне тереңірек үңілер болсақ, өз заманасының
биік тұлғсына айналған түркілік бабаларымыздың даналыққа толы тарихи
шығармалары мен олардағы далалық пәлсафалық тұжырымдары тек қана
қазақ халқы үшін ғана емес, жалпы, түркітілдес халықтарға, одан әрі алсақ
бүкіл адамзат баласына рухани азық, тереңге бойлатар бағдар болып
табылады.
Аталған дала даналарының еңбектерімен қатар халқымыздың өрлік
шежіресінен сыр шертетін жыр-дастандар мен батырлық жырлары ауызша
тарих айту дәстүрінің негізін қалады. Қазақ қоғамына тереңдеп енген ислам
дінінің орнығуымен байланысты шыққан этикалық мазмұндағы дастандар
мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдық-философиялық мазмұндағы
трактаттар, көнеден қалған ғибратты сөздер және қазақ ақын-жырауларының
толғаулары да өз алдына тарихи білімдік ой-сананың далалық дәстүрлі
түрінің қалыптасу көрінісі еді.
XIX ғасырдан бастап қалыптаса бастаған қазақтың жазба әдебиетінде
көтерілген тарихи білімдік ой-сана – қалың бұқараның мүддесіне қарай,
оның қоғамдық пікірі мен тілегі, арманы мен мақсат-мұраты, т.с.с.
әлеуметтік талаптарын жинақтай отырып, қоғам дамуының заңдылықтарына
сәйкес салт-санасын қалыптастыруға бейімделді. Бұқаралық әлеуметтік
мәнге ие бола бастаған тарихи оқиғалар қазақ даласын біртіндеп жайлай
бастаған империялық отарлау саясатының озбырлығынан туды. Екі жақты
қанаудың күшеюі, бұқара халықтың жаншылуы, ұлттық намыстың тапталуы,
ата дәстүр, салт-жоралғыларға, дін мен ділге шек қойыла бастауы қазақ
ақындары шығармаларында кеңінен бейнеленді.
Осындай күрделі оқиғаларға толы XIX ғасырдағы тарихи білімдік ой-
сана халықтың рухани демеушісі бола білген айтыс ақындары - Жанақтың,
Шөже мен Кемпірбайдың, Сара, Ұлбикелердің, т.б., сері-сал ақындар -
Біржан Сал, Ақан Сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б., ақын-
жыраулардың шығармашылығынан кеңінен орын алды [7].
Олардың шығармашылығындағы көтерілген тарихи білім негіздері
ұлттық сана қорын толықтырды, далалық қоғамдық дамуға бейім өмірді
өзінше танып, өзі өмір сүрген қоғамның мүддесі тұрғысынан жырлады. Қазақ
тіліндегі тарихи білімнің бастау бұлағы болып табылатын, тарихи жәдігерлер
мен ұлттық құндылықтар болып табылатын алғашқы кітаптар осы ғасырда
басылды. Олардың қатарында «Өсиет наме» – 1880, «Бала зар» – 1890,
«Диуани хикмет» – 1896, т.б., ауыз әдебиеті мен фольклорлық мұралар
жинақталып, жарық көре бастады.
4
Ұлттық тарихи білім мен ой-сана тарихы қашанда халқымыздың
рухани өмірінің дамуын нақты қоғамдық дәуірдің, ұлттың, өлкенің өзіндік
табиғи ерекшеліктерін ескере отырып пайымдауды көздейді. Бұған дәйек
болатын алатын негізгі кәусәр бұлақ көзі – дін және ауызша әдебиет арқылы
келген тарихи білім мұраларымен қатар жүретіні - қазақтың ауызша
тарихнамасы. Себебі қазақтың ауызша тарихнамасы шеңберіндегі ұлттық
тарихи білімдік ой-сананың даму кезеңдері арқылы емес, сонау тас дәуірінен
басталатын тұрмыстық тарихи білім кезеңдерінен бастау алып, ғасырдан
ғасырға жеткен.
Жоғарыда келтірілген мысалдар қазақ даласындағы өмір сүрген
ұлылардың және ауыз әдебиетінің тарихи білімді қалыптастырудағы орны
жайында болса, оның дамуына ықпал еткен келесі кезең туралы да сөз
қозғағанымыз дұрыс болар.
Далалық өлкедегі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса
бастаған жаңа оқу жүйесінің ең алғашқы жылдарынан бастап-ақ халыққа
тарихи білім беру қолға алынды. Мысалға, өткен ғасырларда орныға бастаған
империялық билікпен бірге ірге тасын қалаған бекіністер мен қалаларда
төменгі жастағылар үшін орысша сабақ өткізілетін мектептер мен ересек
балалардан тілмаштар даярлайтын училищелердің ашылуы тарихи білімнің
ғылыми бағытының алғашқы бастамасы болды. 1813 жылдан бастап далалық
өлкенде кірпіші қаланған әскери бағыттағы мектептер де,1841 жылы Бөкей
ордасында ашылған Жәңгір мектебі де ресейлік отарлаушы әкімшілік үшін
чиновниктер даярлап қана қойған жоқ, оларда алғашқы тарихи білім беру
жүйесі де қалыптаса бастады. Дегенмен бұл мектептердің түпкі мақсаты
білім мен сауат ашу бағытында Далалық өлкедегі оқу орындарында
татарлардың қазақтарға тигізіп отырған пайдасы мен ықпалын әлсірету
болатын [8]. Өйткені ол кезде қазақ даласында орыс мәдениетіне негізделген
ұлт мектептері өте аз болғандықтан, Уфа, Қазан медреселерін бітіргендер
жәдит мектептері арқылы қазақтарға оқу-білім таратуда елеулі қызмет
атқарса, олардың көпшілігі татарлар еді.
Қазақстанның Ресейге қосылу үдерісі жергілікті халық дәстүрлері мен
мәдениетінің жаңаша сипат алуына ықпал етіп қана қойған, қалыптасқан
тарихи дәстүрді біртіндеп ығыстыра бастады. Осы тұста Далалық өлке халқы
өзге Орта Азия халықтары секілді ислам дініне деген терең ұстанды, сондай-
ақ ислам дінінің қазыналары мен іліміне зор құрмет көрсетті. Мұсылмандық
дәстүрдің қазақтың ұлттық-мәдени мұраларын сақтау мен нығайтудағы
ықпалы мен маңызы зор болды. Белгілі этнограф-ғалым Нығмет Сәбитовтың
зерттеулеріне сүйенер болсақ, XIX ғасырдың бас кезінде Орта Азияда
осындай 600-дей медресе жұмыс істеген [9, 17-б.]. Сонымен қатар оқытудың
«жаңа әдісі» болып табылған жәдиттік қозғалыстың таралуына байланысты
сол қозғалысты жақтаушылар мұсылман оқу орындарында жағрапия, тарих,
арифметика, жаратылыстану сияқты азаматтық пәндерді кеңінен енгізе
отырып, жаңа оқу орындарына қазақ балаларын да көптеп тарта бастады [10,
54-б.].
5
Қазақстандағы патша өкіметінің отарлау саясатының шарықтау
шегінде жүргізілген 1867-1868 жылдардағы әкімшілік-территориялық
реформалары ірі бекіністер мен қалаларда ашылған гимназиялардың қасынан
пансиондар мен мектеп интернаттардын ұйымдастырып, ұлттық аудандарда
ағарту ісінің дамуына әсерін тигізді.
Қазақ даласындағы ағарту саласының жүйелі қалыптасып, дамуы ұлы
ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есіміміен тығыз байланысты дейтін
болсақ, онда тарихи білімнің де жүйелілікпен жолға қойылуы да осы кезге
тұспа-тұс келеді. Ресей империясы 1875 жылдан бастап қазақтар үшін
мектептер ұйымдастыру ісін Ішкі істер министрлігінің қарамағынан алып,
Халық ағарту министрлігіне өткізді. Осыған орай туындаған басты
қажеттілік - қазақ даласында мектептер ашу ісімен айналысатын
қызметкерлерді тағайындау болды. Сондықтан, ең алдымен, «бұратаналар»
үшін мектептер жөніндегі инспектор қызметін атқаратын арнайы инспектор
тағайындады. Аталмыш миссияны атқаруда аса көрнекті орыс ағартушысы
К.Д. Ушинскийдің педагогикалық ілімін жақтаушы және таратушылардың
бірі, ұлтымыздың прогресшіл қайраткерлерінің бірі Ыбырай Алтынсарин
алғашқылардың бірі болып щсы іске тартылады. Қазақтан шыққан алғашқы
инспектор Ы. Алтынсарин қазақ балаларын оқытуды бар ынтамен қолға
алады. Осы уақытқа дейін қазақтарды оқыту жұмыстарын өз қолдарына
алған жергілікті орыс шенеуніктері «бұратаналар» үшін мектеп ашудың
жалпы Ережелерін қабылдаудан аса алмағаны белгілі. Қазақ ағартушысы Ы.
Алтынсарин өз заманындағы мектеп жұмысын ұйымдастырудың алғашқы
жобасын жасады. Ағартушының жобалары мен оқулықтарында гуманизм,
демократизм, патриотизм идеялары басым болды. Ы. Алтынсариннің 1879
жылы жазған «Қырғыз хрестоматиясы» ана тілінде жазылған балалар
әдебиетінің үлгісі ғана емес, тарихи-мәдениеттік тұрғыдан да, педагогикалық
құрылымы жағынан да сүбелі мұра болып табылады. Сондай-ақ оның
оқулықтарымен қатар «Қырғыздарды орыс тіліне үйретуге негізгі
басшылық», «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесінде, «Талаптың пайдасы», «Байлық
неде» деген сияқты кейбір прозалық шығармаларынан да қазақ халқының
тарихы жөніндегі мәліметтерді ала аламыз. Оның еңбектерінің басты
мазмұнында отырықшылық, жер шаруашылығы, егіншілікпен айналысқан
қазақтардың өмірі, әдет-ғұрыптары, ауыз әдебиетінен мол деректер мен
мағлұматтар берілген. Осы «Қырғыз хрестоматиясының» екінші бөлімі
қазақтардың тарихын жазуға алғашқы қадам жасаған еңбектердің бірі [11] .
Осы арада Ы. Алтынсарин туралы сөз қозғағанда, оның замандасы,
әріптес-досы В.В. Григорьев (1816-1881) туралы да тоқтала кеткеніміз жөн.
Өйткені В.В. Григорьев қазақтың көрнекті ағартушылары Ш. Уәлиханов
және Ы. Алтынсаринмен жақын араласқан орыс ғалымы және
алғашқылардың бірі болып қазақ тақырыбына қалам тартқан. Бір қызығы,
өзінің қазақ даласына қатысты жариялаған еңбектерін “Меңдіәлі Піралиев”
деген бүркеншік атпен жариялап отырған. Ғалымның “О достоверности
ярлыков, данных ханами Золотой Орды русскому духовенству” (1840) атты
диссертациялық еңбегінен бастап “Описание Хивинского ханства и дороги
6
туда из Сарайчиковской крепости” (1861), “Кабулстан и Кафирстан” (1867),
“Восточный Туркестан” (1869; 1873), “О русском народе саках” (1871),
“Походы Александра Македонского в Восточный Туркестан” (1881) т.б.
еңбектерінде көне дәуірден бастап өзі өмір сүрген тұстағы қазақ тарихынан
біраз хабар береді [12].
Бірақ, Ы. Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясының” екінші бөлімін
жазуда балалар ұғынуына лайықты тарихи материалдарды беруде біраз
қиындыққа кезігеді. Ең бастысы, Ресей империясының отарлау саясатының
өктемдік сипатында жатты. Осыған орай Ы. Алтынсарин үстемдікке
негізделген ұлы державалық шовинистік пиғыл өріс алып тұрған шақта
ұлттық менталитеттің белгілерін әдеби және педагогикалық жағынан ғана
қозғауға мәжбүр болған. Дегенменде отарлық саясаттың шырмауында отырса
да Ы. Алтынсариннің қаламынан туындаған «Орынбор ведомствосы
қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі»,
«Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамдарды жерлеу және оған ас
беру дәстүрлерінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының бала туу
және шілдехана жасау дәстүрлерінің очеркі» атты мақалаларында әдет-
ғұрыптың әлеуметтік-экономикалық қатынастарға ықпалын көрсете алды,
соған қажетті мәліметтерді жинақтады. Ы. Алтынсариннің тарихи білімге
арналған еңбектерінде қазақтардың мал шаруашылығының ғасырлар
бойында келе жатқан тәжірибесі мен дәстүрлері, егіншілікті зерттей отырып,
оны отырықшы шаруашылықты жүргізудің прогресшіл үлгісі деп көрсетті.
Ы. Алтынсариннің бұл еңбектері қазақ этнографиясына қосылған алғашқы
ғылыми еңбектер деп айта аламыз. Осылармен қатар Ыбырай Алтынсариннің
поэзиясы мен прозасындағы негізгі сарын - жастарды орыс мәдениетін
игеруге шақыруы, жергілікті орыс-қазақ мектептері арқылы орыс
классиктерінің шығармаларымен таныстыру, шығыс схоластикасы мен
православие дінінің ықпалындағы мектептердегі оқу ісін азат ету еді.
Империялық билікке қызмет етуде асқан дипломатиялық шеберлікпен әрекет
еткен Ыбырай Алтынсарин туған халқы үшін өлмес мұра қалдырып, тарихи
білім берудің алғашқы соқпағын салды [13, 189-б.].
Атасы Балқожа бидің тәрбиесінде өскен Ыбырай Алтынсарин қазақ
ауыз әдебиетінің інжу-маржандарымен сусындап өскендігін өзінің «Киргиз
хрестоматиясы», «Ізбасты», «Байұлы», «Жәнібек батыр», «Жиренше шешен»
атты әңгімелерінде дәлелдей алды. Өз еңбектерінде халық даналылығының
балаларды тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке, еңбек етуге бейімдейтін
тәрбиелік мәнін дер кезінде ұғынған ағартушы оларды асқан ұтымдылықпен
тарихи білімді қалыптастыруға да пайдаланғанын көреміз.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағартушы ғалым Шоқан
Уәлихановтың (1835-1865) артында қалған рухани мұраларының бай қоры
ұлттық тарихи білім саласына арналады. Өз заманында оырсша оқып,
европалық тәрбие алған Шоқанның тарихи білімге ынтасы, оның түрлі
тарихи фактілерді саралауға құмарлығы, тарихи оқиғаларды логикалық
заңдылықпен санасу сияқты қазақи шындық көзқарас тұрғысынан
7
ерекшеленеді. Ол сол уақыттағы қазақ қоғамында пісіп-жетілген
құбылыстарды анық көре білді және оған өз көзқарастарын да білдіре алды.
Табиғи ортамен қоғамдық құрылыстың бірлігін жақтаған Шоқан
Уәлиханов «ұлттық рухтың» жандануы жолында өз заманының демеушісінің
бірі болды. Өзінің бірқатар шығармаларында халықтың тұрмыс, дәстүр, әдет-
ғұрып, мәдениет, дін, географиялық орта ерекшеліктерін ұқыпты түрде
саралады. Мәселен, қазақтың шешендік өнеріне басқа түркі халықтарының
тілдерімен салыстырмалы түрде талдау жасады. Оның пайымдауы бойынша
қазақ ауыз әдебиетінен тарихи тағылым алуға болады, ал оның поэзиясынан
салт-дәстүр, әдет-ғұрып, халықтың басқа да қасиеттері туралы мол дерек
көздерін алуға болады. Қазақ жастарын білім алуға шақырған Шоқан, ағарту
ісінің ықпалы қазақтарға «жайлылық пен рахаттың бағасын сезінуге»
жетелейтінін түсіндіреді. Оның ойынша білімге ден қою – мал бағудан басқа
сауда, құрылыс, жермен айналысу сияқты өмір сүру мүмкіндіктеріне қол
жеткізуге болады. Шоқан ұлттық тарихи білімнің қалыптасуында өз
халқының ділін сақтай отырып, еуропалық білімнен нәр алуды қазақ
жастарының басты мақсаты деп түсінген ғалым.
Аққан жұлдыздай аз ғана ғұмырында Ш. Уәлиханов – ұлттық тарих
ғылымын білім ретінде қалыптастыруда «Қазақтың шежіресі», «Жоңғария
очерктері», «Қазақтар туралы жазбалар», «Абылай», «Көне замандағы
қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары», «Даладағы мұсылмандық»,
«Қазақтағы шаман дінінің қалдықтары», «Қазақтың көші-қоны», «Оңтүстік
Сібір тайпаларының тарихы», «Ыстықкөл күнделіктері», «Сот реформасы
туралы жазбалар» т.б. құнды мұраларымен байыта алды [14]. Оның
еңбектерінде Қазақстан мен Орта Азиядағы түрік халықтарының тарихы мен
әдет-ғұрпына қатысты өзекті мәселелері өзі өмір сүрген қоғамның
қайшылықтарына тікелей араласуы барысында зерттеліп, жинақтаған
тәжірибесі негізінде жазылғандықтан аса маңызды да құнды деректер болып
табылады.
Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысындағы Ыбырай Алтынсариннің
ағартушылық, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері, Абай Құнанбаевтың
әдеби мұралары қазақ халқының ұлттық мәдениеті дамуының жаңа дәуірін
сипаттайды.
Қазақ
халқының
алдыңғы
қатарлы
демократиялық
ағартушыларының
өкілдері
орыс
әдебиетінің
классиктері
мен
демократтарының еңбектерімен танысып, солардың әсерімен орыс халқынан
білімді ғана емес, өнер мен мәдениетті де үйренуге шақырды.
Дала данышпаны Абайдың қазақ жазба әдебиетінің негізін қалай
отырып, Даланың ауызша тарихнамасын қазақтың ұлттық болмысының
негізінде одан әрі дамытқанын айтсақ та жеткілікті. Оның артында қалған
мол мұрасы, қара сөздері арқылы Абайды даланың ауызша тарих айту
дәстүрін сақтап, дамытқанын байқаймыз, сол мұрадан таусылмас нәр аламыз.
Ұлы ақын Абайдың тарихи білімді насихаттауға арналған еңбектерінің
жазылуы 1878 жылы Семейде құрылған Статистика комитетінің жұмысымен
тығыз байланысты. Ақынның ұлт тарихына арнап жазған еңбектерінің бірі -
«Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» және «Орта жүз
8
қазақтарының рулары туралы» атты шежірелік мақаласы [15]. Осы еңбегінде
Абай қазақтың шығу тегін орыс тілінде дайындағанмен оны Н. Коншин
атынан баспаға ұсынады [16].
Абай тарихи білім тарату жағына өзінің шәкірттерін де баулыған,
соларға кеңес беріп отырған. Мәселен, шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының
1911 жылы Орынбор қаласында «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі»
деген атпен басылып, ел арасында «Шәкәрімнің шежіресі» деген атпен кең
таралған еңбегі автордың айтуы бойынша Абайдың тікелей тапсыруымен
ұзақ жылдар бойы жинақталып, жазылған еңбек. Тағы бір шәкірті Көкбайдың
да тарихи тақырыпқа арналған, атап айтқан Абылай мен Кенесары туралы
жазған дастаны да соның айғағы [17].
Ағартушы Ыбырай Алтынсарин секілді ғұлама Абай да халықтың
«көне сөздерін» өзінің «қара сөздеріне» жинақтап, арқау ете отырып, ұлттық
құндылықтарымыздың маржандарын ұрпаққа тарихи білімнің қайнар бұлағы
ретінде жеткізді.
Абайдың поэзиялық шығармашылығы қазақ қоғамының дамуындағы
өзі өмір сүрген кезеңді бейнелеу арқылы өз халқының тағдыры мен ұлттық
болмысын тарихи тұрғыдан бейнелуге, өлең тілімен өрнектеуге
арналғанымен, оның түпкі өзегінде қоғам көшінің қонар жерін оның жүріп
өткен сүрлеу жолымен тығыз байланыстыра отыра шынайы суреттеген. Міне,
сондықтанда Абай өз шығармашылығында ұлттық тарихи білімді өлең және
қара сөздері арқылы дамытты, халқының санасына сіңірді.
ХVIII ғасырдан, нақтырақ айтқанда, 1731 ж. бастап Ресей
империясының отарлау саясатының құрығына ілінген күннен бастап қазақ
даласында ұлттық тәуелсіздікті, ұлттық мүддені, діл мен дінді, жер мен елді
сақтап қалу үшін ғасырдан ғасырға созылған азаттық күресі басталды.
Соның бір тармағы бодандықтың құрсауына алғашқылардың бірі болып
ілінген ислам мәдениетінен өрбитін ілім-білім еді. Отаршыл империя халық
жадын жоя алмады, керісінше, Қазақстанда XIX ғасырдың ортасынан бастап
ислам діні бағытында 84 оқу орны болса, ал XX ғасыр басында күш алған
мұсылмандық оқу жүйесіне жәдиттік қозғалыс жаңа серпіліс беріп, тарихтан
білім беру 6 жылдық мектептерде бағдарламалық жолмен оқытыла бастады.
Бұдан исламның қазақ арасында тарихи білімдік ықпалының өте жоғары
болғандығын көреміз.
Қорытындылай келгенде айтарымыз, қазақ ағартушылары Ыбырай мен
Шоқанның, Абайдың тарихи білімді дамытудағы орны ерекше. ХІХ ғасырда
Ресейде кең өрістеген ағартушылық идеялар, демократиялық пікірлер және
революциялық қозғалыстар қазақ даласының да оянуына ықпал етті. Өлкеде
ағартушылық идеялар мен демократиялық пікірлерлер таралуына жол салған
зар-заман
ақындарының
шығармашылығы,
ағартушы-ғалымдар
Ш.
Уәлиханов, Ы. Алтынсарин мен ақын А. Құнанбаевтар демократиялық
бағыттағы ой пікірлерімен қатар, ұлт тарихына қатысты тарихи білімді
қалыптастырудағы ғылыми еңбектерін жазды, мектеп ашты, оқулықтар
шығарды. Осындай еңбектері мен артынд қалған мұралары арқылы дәстүрлі
ұлттық тарихи білім саласының қалыптасуының негізін қалады. Жалпы
9
Қазақстан тарихын ғылым ретінде оқытуды кеңес дәуірінен бастасақ, оның
алғашқы
тарихи
білім
сатындағы
ұлттық
нышандары
қазақ
ағартушыларының артында қалған мұралары мен шығармашылық
ізденістерінен басталады.
Адамзаттың тарихи даму үдерісімен тығыз байланыстағы тарихи білім
нақтылы мәліметтерге сәйкестігі арқылы да зерделене бастады. Қазақ
халқының тарихын, оның тарихи білімінің дамуын зерделегенде осындай
күрделі мәселелерді ескеруіміз керек. Ал мұның түпкі мақсаты өзіміздің төл
тарихымызды тереңірек танып, одан тағылым ала білу болып саналады.
Тарих - бұл бүгінгі ұрпақтың әлеуметтік жады. Тарихи білімнің негізгі
арқалайтын жүгі бүгінгіні түсіну мен болашақты болжау үшін өткенді біліп
қана қоймай зерделеу екендігі рас. Ал бұл тарихи білім берудің мақсаты жан-
жақты дамыған тұлғаның ойлау мәдениетінің қажетті компоненті ретіндегі
тарихи сананың элементтерін адам бойында қалыптастырумен ұштасып
жатады. Тарихи білім немесе тарихи эрудиция – қоғамда өмір сүріп, қызмет
етіп отырған тұлғаның рухани байлығы. Қазіргі адам алдыңғы буынның
жинақтаған рухани-мәдени тәжірибесіне тереңірек бойлаған сайын оның
өмірлік және азаматтық ұстанымы да айқындала түседі. Тарихи білім
адамның ғылыми дүниетанымының қалыптасуына, оның бойында
адамгершілік мұраттардың егілуіне ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік,
оның өткені мен бүгінін мақтан тұту патриотизм деп аталатын сезімдердің
жандануын тудырады. Әсіресе, тәуелсіз мемлекетіміздің жас азаматтарының
бойында отансүйгіштік қасиеттерді ояту мен тарихи сананы қалыптастыру
барысында оқулықтар мен оқу құралдары көбірек жазылуы керек.
Бабаларымыздың қалдырған озық үлгідегі өсиеттері мен рухани мұрасын
терең насихаттап, қалың көпшіліктің игілігіне жарату қажет. Бұл жас
ұрпақты ізгілікке, жүрек пен жанның тазалығына, білімділікке,
имандылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа, әсемдік пен әдептілікке
тәрбиелеп, тұлғалық қасиеттер қалыптастыруға өзіндік үлесін қосады,
қоғамды зиялылыққа үндейді.
Бүгінгі таңда қазақ ұлы ағартушылары негізін қалап кеткен тарихи
білімді дамыту арқылы Ата тарихымыздың түп арқауында қазақ халқының
сан қилы тағдырын, мемлекет ретінде өсіп-өркендеуін, ұлт ретіндегі
болмысын, ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұраларымызды ұрпақтан
ұрпаққа жеткізу жолын, бабалар аңсаған бүгінгі тәуелсіздікті баянды ету
жолында өз құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына сіңіре отырып,
жаһанға жария ете аламыз [17].
ӘДЕБИЕТТЕР:
1.
Назарбаев Н. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға
Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам // Егемен Қазақстан. – 2012. – 10 шілде.
2.
Толыбеков С. Қазақ шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 59-б.
3.
Бабалар сөзі. Хикаялық дастандар: Жүз томдық / Бас ред. алқасы.
Тасмағамбетов И.Н.. – Астана: Фолиант, 2004. – Т. 1-10. – 2004; Бабалар сөзі.
10
Діни дастандар: Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2004. – Т. 11-16. – 2005;
Бабалар сөзі. Ғашықтық дастандар. Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2004. –
Т. 17-20. – 2005.
4.
Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди». – Алматы: М.Х.
Дулати қоғамдық қоры. – 2003. – 616 б.
5.
Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. – Алматы: Рауан,
1995. – 189-200-бб.
6.
Махмұд Қашқари.
7.
Бабалар сөзі. Ғашықтық дастандар. Жүз томдық. – Астана: Фолиант,
2004. – Т. 17-20. – 2005.
8.
Әлімбеков Қ. Жәңгірден қалған жәдігер // Өркен. – 1991. – 14
қыркүйек; Нығыметов Е., Даумов С. Жәңгір мектебі // Қазақ әдебиеті. – 1991.
– 13 маусым.
9.
Сәбитов Н. Мектебы и медресе у казахов. – Алматы, 1950. – 16-17-
бб.
10.
Қапаева А. Қазақстандағы медреселер мен мектептер (XIX ғ. 2
жартысы – ХХ ғ. басы) // Қазақ тарихы. – 2001. – № 1. – 53-57-бб.
11.
Сыдықов Ә.С. Ы. Алтынсариннің педагогикалық пікірлері және
ағартушылық қызметі. – Алматы, 1950. – 261 б.
12.
Қазақ ССР Энциклопедиясы. – Алматы, 1988. – Т. 3. – 182-б.
13.
Ұмытылмас есімдер / Құраст. Б. Ысқақов. – Алматы: Қазақстан,
1994. – 224 б.
14.
Уәлиханов Ш.Ш. Шығармалар жинағы. – Алматы, 1984.
15.
Абай. Қара сөз. Поэмалар. – Алматы: Ел, 1993. – 63 б.
16.
Коншин Н. Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 год
// Абай. – 1992. – № 1. – С. 42.
17.
Шәкәрім қажы. Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі //
Жұлдыз. – 1991. – № 1. – 68-106-бб.
18.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. – 2004.
Достарыңызбен бөлісу: |