X. Отарлық кезеңдегі әдеби ақындық мұра
XYIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында
Қазақстанды отарлау саясаты бұрынғыдан бетер күшейе түсті. Қазақ жерінің
ұлы өзендері Жайық, Есіл, Ертіс, Тобыл т.б. бойына әскери бекіністер,
қалалар салынып, жайылымдар көшпелілерден тартып алынды. Өлкені
қоныстанушылардың саны жыл сайын өсе берді. Патша үкіметінің осы
іспеттес зорлық-зомбылық шараларына наразылық қазақ елінің ақын-
жазушыларының шығармаларынан көрініс тапты. Бұл кезеңде халықты
азаттық күреске шақырған М.Өтемісұлымен қатар, бұрынғы “алтын
ғасырды” көксеген ақын-жыраулар тобы қалыптасты. Ақын-жыраулардың
бір бөлігі өз шығармаларында ұлттық құндылықтарды, көшпелілер идеалын,
шариғатты, хандар мен батырларды дәріптеп, отаршылдық саясатты
айыптады. Бұл ақын-жыраулар кеңестік дәуірде «зар-заман» ақындары
қатарына жатқызылды.
XIX ғасырда Мұрат, Шернияз, Нысанбай, Жанақ, Шөже, Сүйінбай,
Орынбай, Нармамбет, Жамбыл, Дулат, Шортанбай, Әбубәкір, Кердері,
Майлықожа, Ұлбике, Сара, Рысжан, Тәбия, Балзия, Айсұлу, Ақбала, Ажар
т.б. ақын-жыраулар өмір сүріп, арттарына мол әдеби мұра қалдырды.
Дауылпаз ақын Махамбеттің шығармашылығы бастан-аяқ 1836-1838
жылдардағы Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне арналған.
Ақын шығармаларында ереуіл батырларының өжеттігі, Исатай басшының
қайсарлығы жырланды. Ақын «Ұлы арман» деген өлеңінде көтеріліс туын
қайта көтеріп, жауға қарсы күш көрсетер күнді аңсайды. Халықтың ар-
намысын оятып, оларды түгел көтеріліске үндеп, жаудан кек алуды алға
қояды. “Әрайна”, “Мұңайма”, “Нарын” деген өлеңдерінде де ақынның осы
мақсаты айқын сезіледі. Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына
өзіндік жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды. Ақынның
бітім тұлға-тұрпаты, ісі, сөзі-бәрі ерліктің мәңгі символы деуге болады.
75
Мұрат жезтаңдай шешен-жырау, төкпе ақын. Ол 1843 жылы Атырау
облысының Қарабау елді-мекенінде туып, 1906 жылы қайтыс болды.
Ерекше талантты айтыс ақыны бола тұрып, Мұрат көркемдігі, кең
тыныстығы, бай мазмұндылығы жөнінен теңдесі жоқ “Үш қиян”,
“Қазтуған”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази” жырларын шығарды. Мұрат
шежіре – тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар
жырларын жатқа білген.
Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер-су мекені, атақты
адамдары, тілінен бал тамған сөз иелері, ел қорғаған батырлары, бай-
мырзалары, шешен-жыраулары - оның толғауларының алтын арқауы.
Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет,
Махамбет, Шернияз т.б. жыраулардың шығармалары бізге Мұраттың
айтуымен жеткен. Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары
“Едіге”, “Қырымның қырық батыры” жырларын Мұрат ақын кезінде
маңғыстаулық Мұрын жырауға бала кезінде үйретіп, сол арқылы бұл
шығармалар біздің заманымызға жеткені белгілі.
Мұрат өлеңін жадында сақтап жеткізген Ығылман Шөреков ақын
туралы былай деп жырлаған екен:
Қадырбай, даңғыл Мұрат, Қуан өткен,
Жел сөзін тілден шыққан дуалы еткен,
Бәрінен қылсаң пікір, ажал жүйрік,
Түбінде дем алдырмай қуа жеткен.
Мұрекем-көл дария еді көзін алған,
Шашылып өзі өлсе де сөзі қалған.
Болса да сан азамат, самсаған қол
Бәйгені жүйрік еді озып алған!
Орынбай-қазақтың атышулы ақындарының бірі. Ол көп ақындармен
айтысады. Олардың ішінде Шортанбай, Шөже, Дана, Арыстан, Серәлі, Ақан
сері сияқты ірі тұлғалар да бар. Орынбайдың әсіресе, Серәлімен айтысы
ерекше. Бұл айтыста отарлық кезеңдегі қазақ елінің теңсіздігі сөз болады.
76
Ақын үстем тап өкілдерінің озбырлығын, алдымен қожалар өмірін
әшкерелейді.
Шортанбай - XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын
алатын, өзіндік сөз өрнегі бар ақын.
Шортанбай шығармаларының лейтмотиві - заман, қоғам, халық
тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті
әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа
түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б.
Шортанбайдың қатты сынына ұшырағандардың ішінде құдай жолына
қызмет етіп жүрген қожа, молдалар да бар.
Асылың азған заманда
Қожа - молда көбейер, - деп шенейді.
Сүйінбай шығармаларын үш салаға жатқызуға болады. Олар:
толғаулар, арнаулар, айтыстар.
Бірінші саласына ақынның жиырма шақты толғау-жырлары жатады.
Оның мазмұны шет жұрттық басқыншыларға қарсы қол бастаған қазақ
батырларының ерліктерін жырлау, өмір сырларын ақтарып, дүние-әлем, бақ-
дәулет, талап-талғам өзгерістерін толғау.
Сүйінбай - халық батырларын үлгі етіп, қаҺармандық жырлар
толғаған эпик ақын. Сұраншы,Саурық, Сыпатай, Тотан, Бөлтірік, Жабай,
Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған.
Сүйінбай өз тұстастары Қабан, Жанақ, Түбек, Шөже, Қаңтарбай,
Тезекбай, Қапаған және т.б. ақындармен кездесіп, айтысады. Сүйінбай
ақындық өнердегі Жамбылдың ұстазы болды.
Майлықожаның кейбір толғаулары баспа бетін ерте көрген. 1883
жылы Ташкент қаласында басылған “Қырғыз христоматиясы” атты жинақта
Майлықожаның бірнеше ұзақ толғаулары басылды. Олар - “Райымқұлға”,
“Қасқыр”, “Ноғай мырзаға”, “Үш жігіт” деп аталды. “Ақынның анық
жүйрігі” атты толғауында өнер шеберлеріне айқын талап қояды, өлең
77
сөздерінің орынды орналасуы, яғни, өлең құрлысы әрбір ақынның ерекше
ескерер шеберлік құралы екені ескертіледі. Майлықожа өлеңдерінен
ақындық өнердің барлық сыр-сипатын көруге болады. Ол қазақ ақындарын
“жақсы ақын”, “жаман ақын” деп екіге бөледі де, олардың әрқайсысының
образын жасайды.
Сайып келгенде, кеңестік идеологияның пәрменімен «зар-заман
ақындары» атағын иеленген ақын-жыраулар өз шығармашылығымен қазақ
әдебиетін байытып, ақын-жазушылардың кейінгі буынына үлгі-өнеге болды,
олардың қалыптасуына игі ықпал етті.
Бұл кезеңдегі ауыз әдебиеті дамуының бір ерекшелігі-қазақ арасына
шығыс елдерінің қиссалары, дастандары “Салсал”, “Зарқұм”, “Сейфул-
Мәлік”, “Харон Рашид”, “Шахнама”, “Ләлі-Мәжнұн”, “Фархад-Шырын”,
“Тахир-Зухра”, және т.б. тарай бастады.
Бұл дастандар Орынбор, Уфа, Троицк, Астрахан, Орал, Қазан, Санк-
Петербург қалаларында басылып шықты. Шығыс қиссалары мен қазақтың
батырлар жырларын, лиро-эпостық жырларын, ғашықтық дастандарын ел
арасында қатарынан бірнеше күн жырлайтын, жұрттың бәрін елітіп, өз
ауыздарына қарататын көрнекті жыршылардың тұтас буыны өсіп жетілді.
Бұл халықтың рухани жағынан өсуіне игі ықпалын тигізді.
78
Негізгі ұғымдар мен терминдер
Кітаби ақындар мен «зар-заман ақындары»
Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы-азаттық үшін күрес жыры
Мұрат, Шернияз, Нысанбай, Шөже, Сүйінбай, Орынбай, Шортанбай, Майлықожа
және басқа ақындар поэзиясы.
Шығыстың қиссалары мен дастандары.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Махамбет поэзиясының тақырыбын қандай мәселелер құрайды?
2. Мұрат ақынның қандай шығармаларын білесіз?
3. Сүйінбай шығармашылығы қандай салалардан тұрады?
4. Майлықожа ақындық өнерге қандай талаптар қойды?
5. Қазақ арасына қандай Шығыс дастандары мен қиссалары тарады?
79
XI. Қазақ халқының музыка өнері
Музыкалық мәдениеттің ауызша қолданылуы, сондай-ақ көшпелі
халықтың жанұялық және ауылдық тұрмысының орнықты дәстүрлері
музыкалық мәдениет қайраткерлерінің бірнеше кәсіби-халықтық типтерінің
қалыптасуына мүмкіндік берді. Олар-ақын, жыршы немесе жырау, әнші
және өлеңші, күйші, ертекші, сықаққой және т.б. болды.
Халықтың музыкалық шығармашылығы туралы мәліметтер біздерге
Қазақстанда болған саяхатшылардың жазбалары, есептері арқылы немесе
Ресей ғылым академиясы ғалымдары мен профессорларының хабарлары
арқылы жетті. XYIII-XIX ғасырларда қазақ даласында болып, қазақ
халқының тұрмысын, әдет-ғұрпын және музыкалық мұрасын зерттеуші
ғалымдар арасынан И.Т.Георгиді, И.Т.Андреевті, А.И.Левшинді,
А.Голубевті, А.Е.Алекторовты, А.Эйхгорнды, Ш.Уәлихановты ерекше
атаған жөн.
“Орталық Азия халықтарының әндері мен құралдары” атты еңбекте
Оңтүстік қазақтарының музыкалық өнері мен музыкалық құралдары
жөнінде Август Эйхгорн бірқатар құнды қорытындылар жасады. Осы
еңбектің “Қырғыздың (қазақтың) музыкалық құралдары” бөлімінде Эйхгорн
домбыра, қобыз, сыбызғы құралдарына жеткілікті сипаттама берді. Сонымен
қатар Эйхгорн қазақтар арасында кең тараған айтыс өнері туралы
қызғылықты түрде жазып қалдырды. Қыз бен жігіт махаббат туралы
айтысқанда, өз куплеттерін бірінен соң бірі әнге қосып айтқан.
Қазақ музыкасын революцияға дейін зерттеушілер, өз еңбектерінде
фольклордың
таралуы
туралы
хабарлағанымен,
халықтың
өнер
қайраткерлері туралы аз жазды. Шындығында, тек XIX ғасырда қазақтың
аса көрнекті композиторлары, әншілері, күйшілері Құрманғазы Сағырбаев
(1806-1881), Дәулеткерей Шығаев (1820-1887), Ыхлас Дүкенов(1813-1916),
Тәттімбет Қазанғапов (1817-1862), Біржан Қожағұлов (1832-1894), Сармалай
80
(1835-1885), Жаяу Муса Байжанов (1835-1929), Абай Құнанбаев (1845-1904),
Мұхит Мералиев (1847-1918), Ақан Сері Қорамс ауылы (1843-1913) және
басқалары өмір сүріп, өздерінің өшпес шығармаларын шығарған еді. Оның
себебін өнер зерттеушілеріне халық композиторларымен тікелей кездесудің
сәті түсе бергенімен, қазақ жерінің аса кеңдігімен, сол кездегі
экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың нашар дамығандығымен
түсіндіруге болады. Дегенмен, сирек те болса өнер зерттеушілері халық
музыканттарымен кездесу сәттерінен алған өз әсерлерін жазып қалдырған.
Осындай жазбалардың арасында орыс журналисті Н.Ф.Савичевтің қазақтың
ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбаевпен кездесу туралы материалы
ерекше назар аударалық құнды дерек болып табылады.
Н.Ф.Савичев Құрманғазыны 1868 жылы көріп тыңдаған. Ол
композитор өнерінен алған өзінің әсерін “Сағырбаев-өте сирек кездесетін
музыкалық жан, егер ол европалық білім алса, музыкалық дүниенің бірінші
жарық жұлдызы болар еді”,- деп жазды.
Қазақтың халық әншілерінің шеберлігі туралы француз ғалымдары
Капо және Бонвало өздерінің 1881 жылы жарық көрген “Қырғыз трубадуры”
мақаласында былай деп жазды: “Бұл қырғыз өзінің далалық костюмінде, үй
ішіне түскен көмескі жарықта нағыз сері болып көрінеді. Оның ишараттары
емін-еркін және ақсүйектік, мәнері жұмсақ, сырт бейнесі әдемі. Ол кіре
беріске малдасын құрып отырып алды да, құралының күйін түсірді. Содан
кейін өз домбырасының қостауымен жоғары дауыста әнін шырқай жөнелді.
Ол өз әнінде ауқатты сұлу қыздың кедей жігітіне деген ыстық махаббатын
жырлады. Ыдырысқұл-нағыз артист, өз өнерінде тамаша шеберлікке қол
жеткізген. Неге таң қаларыңды білмейсің: музыкалық құралда шебер
ойнағанына ма, немесе салған әніне ме?”. Соңында авторлар Ыдырысқұл
сияқты тенордың Европаның кез-келген опера театрының мақтанышы бола
алатыны және театрдың даңқын шығара алатыны туралы жазды.
81
Қазақтың музыка өнерінің дамуы туралы мәліметтер белгілі орыс
зерттеушілері Ф.А.Щербинаның, В.Г.Короленконың, А.Е.Алекторовтың,
А.А.Ивановскийдің еңбектерінен көрініс тапты.
Қазақтың халық музыкасын зерттеу ісіне орыстың белгілі музыкалық
қоғам қайраткері, сыншысы және композиторы А.В.Затаевич (1869-1936) аса
зор еңбек сіңірді. Ол бастырған екі томдық –“Қазақ халқының 1000 әні”
және “Қазақтың 500 әні мен күйі” совет фольклористикасындағы іргелі
еңбектер болды. Затаевич қазақ музыка тарихында бірінші болып аса
көрнекті халық композиторлары Абай Құнанбаевқа, Құрманғазы
Сағырбаевқа, Жаяу Муса Байжановқа, Біржан сал Қожағұловқа, Ақан сері
Қорамс аулына, Мұхит Мералиевке, Дәулеткерей Шығаевқа, Ыбырай
Сандыбаевқа толық мінездеме берді. Мұхит Мералиев әндерінің кең
тыныстылығына, әдемі әуезіне тәнті болған композитор, оның “Айнамкөз”
әні туралы “бұл ән-тек қазақтың кең даласында туатын ән, басқа жерге
сыймайды”, -деп баға берді.
Затаевичтің аса көрнекті орындаушыларға берген мінездемелерінің
музыка тарихын оқып-үйрену үшін маңызы зор. Олар-әншілер Әміре
Қашаубаев, Ғаббас Айтпаев, Қали Байжанов, Ерғали Алдоңғаров, Майра
Шаусутдинова; домбырашылар – Науша, Махамбет Бөкейхановтар және
Ғұбайдолла Мухитов, Ғанбар Медетов және басқалары болатын. Өзінің
барлық 2000-ның үстінде тұратын бай музыкалық коллекциясын Затаевич
500-ге жуық хабаршылардың көмегімен жинақтады. А.В.Затаевичтің
қазақтың халықтық музыкасын жинақтап, бастырудағы жанқиярлық еңбегі
музыкалық, ғылыми және әдеби қоғам арасында орасан зор қызығушылық
туғызды.
Көрнекті совет жазушысы А.М.Горький бұл жөнінде: “Міне, менің
алдымда “Қазақтың 1000 әні” жинағы жатыр. Олар нотаға түсірілген,
олардың аса ерекше әуендері – болашақ Моцарттарға, Бетховендерге,
82
Шопендерге, Мусорскийлерге және Григтерге таптырмайтын бай материал”
деп жазды.
Затаевич еңбектері аса көрнекті француз жазушысы, музыка
зерттеушісі және қоғам қайраткері Ромен Роланның назарына ілікті. 1926
жылы Затаевич Р.Ролланға өзінің шығарған “Қазақтың 1000 әні” жинағын
жібереді. Көп кешікпей Затаевич Ролланның жауап хатын алды. Онда
Р.Роллан: “Ең алдымен, мен сіздің алабөтен энергиямен осынау бастаған
тамаша ісіңізді, адам айтқысыз қиын аштық, эпидемия жағдайында аяқтан
шыққаныңызға тәнті болғанымды білдіргім келеді. Сіздің маған жіберген
“Қазақ халқының 1000 әні” атты еңбегіңіз менің туған күніме арналған ең
тамаша сыйлық болды.”,-деп жазды.
2500 ән мен күйлерді жазып алған Затаевичтің ісін қазақстандық
фольклоршылар Д.Д.Мацуцин мен И.В.Коцык жалғастырды. 30 жылдары
қазақ музыкасын зерттеуге Б.Г.Ерзакович және Алматы музыкалық-
драматикалық техникумы ғылыми-зерттеу кабинетінің қызметкерлері
А.К.Жұбанов пен Е.Г.Брусиловский құлшына кірісіп, көп шаруа бітірді.
Халық музыкасын оқып-үйреніп, нотаға түсіру жұмыстары, әсіресе
Алматы мемлекеттік консерваториясын ұйымдастырғаннан кейін (1944)
және 1946 жылы Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясы құрылғаннан кейін кең
құлаш жайды. Аталған ғылым ордалары жыл сайын Қазақстанның түкпір-
түкпіріне бірнеше рет ғылыми-экспедициялар жіберіп, халық музыкасын
нотаға түсірді. Экспедиция мүшелері Қазақ ССР-нің барлық облыстарында,
Өзбек ССР-нің қазақтар тұратын облыстарында, Ресейдің Таулы Алтай
облысында,
Астрахан,
Омбы,
Орынбор
облыстарында
және
Қарақалпақстанда болып, 1980 жылға дейінгі аралықта 10000-ға жуық ән
мен күйді нотаға түсірді.
Қазақтың халық музыкасын зерттеуге және насихаттауға Қазақ ССР-ы
Ғылым Академиясының академигі, өнертану докторы, профессор
А.Қ.Жұбанов (1906-1968) зор үлес қосты. 1945 жылы Қазақстан ғылым
83
академиясының
бірінші
президенті
Қ.И.Сатпаевтың
ұсынысымен
А.Қ.Жұбанов ғылым академиясы жанынан өнертану Секторын құрды.
Сектордың Жұбанов басқарған музыка бөлімінің негізгі бағыты
қазақтың халық музыкасын және оны құрушылары мен орындаушыларының
шығармашылығын зерттеу болды. Жұбанов 1000 ән мен күйді жазып алды
және аса көрнекті екі күйші – композиторлар Құрманғазы мен Дәулеткерей
шығармаларын өзінің түсініктемелерімен басып шығарды. Жұбанов
зерттеушінің алғашқы тырнақалды еңбегі 1936 жылы басылып шыққан
“Қазақ халық композиторы-Құрманғазы” очеркі болды. Бұнда зерттеуші
қазақтың халық композиторы шығармашылығына терең талдау жасап, оның
күйлерінің идеялық мазмұнын, әлеуметтік мәнін ашып, композитордың
аспаптық музыканы дамытудағы аса көрнекті рөлін ашып берді.
А.Қ.Жұбанов халықтың кәсіби-композиторлары шығармашылығын
зерттеуді жалғастыра отырып, 1942 жылы “Қазақ композиторларының өмірі
және шығармашылығы” атты кітабын бастырып шығарды. Бұл XIX ғасырда
өмір сүріп, шығармалары музыкалық классикаға айналған бір топ халық
композиторларының үлкен тобының шығармашылығын қорытындылаудың
алғашқы талпынысы еді.
1958 жылы аса көрнекті музыка зерттеушісінің қаламынан “Ғасырлар
пернесі” атты жаңа кітап басылып шықты. Кітап халықтың күйші
композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Тәттімбет,
Қазанғап, Бәйсерке, Абыл, Ықылас, Сармалай шығармашылығы туралы 10
монографиялық очерктерден тұрады. 1967 жылы А.Қ.Жұбановтың келесі
монографиялық зерттеуі “Замана бұлбұлдары” жарық көрді. Бұл зерттеуде
А.Қ.Жұбанов қазақ халқының аса көрнекті әнші композиторлары Біржан
сал, Ақан сері, Мұхит, Абай, Балуан Шолақ, Жаяу Муа, Ыбырай, Құлтума,
Сары, Майра, Естай, Әсет, Нартай, Кенен өмірі мен шығармашылығы
туралы 15 очеркпен қатар, 9 очеркте аса көрнекті әнші орындаушылар Әміре
Қашаубаев, Қали Байжанов, Қасым Бабақов, Темірболат Арғынбаев,
84
Жүсіпбек Елебеков, Қуан Лекеров, Манарбек Ержанов, Ғарифолла
Құрманғалиев, Әли Құрмановтардың қайталанбас өнерлеріне терең
мазмұнды сипаттама берді.
Халық музыкасының бағалы басылымына З.Жанұзақова құрастырған
“Қазақ халқының аспап музыкасы” жинағы жатады. Домбыра, қобыз және
сыбызғыға арналған алғашқы бұл еңбекке А.Жұбанов, Ж.Қаламбаев,
З.Қоспақов және З.Жанұзақова жазып алған 87 күй енді.
Шағын кіріспе мақалада З.Жанұзақова аспаптары туралы, олардың
түрлері, бұрауының түсірілуі, ойнау техникасы туралы қызықты
мәліметтерді келтіре отырып, күйлердің тақырыптық мазмұнының сан
алуандылығынан хабар береді. “Оларда,-дейді Жанұзақова – адам сезімі мен
толқынысының аса нәзік нюанстары беріледі: бала туғанына байланысты
қуаныш та, жақын адамынан айрылуына байланысты қайғы да, сүймейтін
адамға күйеуге берілген қыздың мұңы да, айырылысу сағынышы да, табиғат
сұлулығына сүйсінуден туындаған музыкалық портрет те кездеседі”.
Қазақтың музыкалық фольклорын зерттеу ісіне П.В.Аравин көп еңбек
сіңірді. Алматы, Орынбор, Астрахань, Ленинград және Москва архивтері
материалдарының негізінде, ол аса көрнекті халық композиторы
Дәулеткерей
Шығаевтың
шығармашылығы
жан-жақты
талданған
монография жазды. Композитордың аспаптық классиканың алтын қорына
енген бірқатар белгілі күйлерін талдай отырып, автор Дәулеткерейдің
патриот және гуманист ретіндегі шығармашылық бейнесін ашып берді.
Қазақтың халық музыкалық аспаптарын оқып-үйрену және қалпына
келтіру, сондай-ақ оларды фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерге,
оркестрлерге пайдалану ісіне Құрманғазы мемлекеттік консерваториясының
профессоры Б.Сарыбаев өлшеусіз үлес қосты. Ғалым археологиялық
қазбаларды, мұрағаттық құжаттарды, ғылыми еңбектерді зерттеудің
нәтижесінде 30-дың үстінде халықтың көне музыкалық аспаптарын іздеп
тапты. Бұл жұмыс өнертанушының 1978 жылы жарық көрген “Қазақтың
85
халық аспаптары” атты монографиялық еңбегінде қорытындыланды. Соңғы
жылдары халық музыкасын зерттеу ісінде Құрманғазы атындағы
мемлекеттік консерваторияның профессоры Қ.Ахмедияров, доцент
К.Сахарбаевалар жемісті еңбек етіп жүр.
Негізгі ұғымдар мен терминдер
Халық өнерінің қайраткерлері – жыршылар, жыраулар, әншілер, музыканттар
Қазақ өнерін зерттеушілер.
«Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі».
А.Жұбанов, П.Аравин, Е.Брусиловский және басқа зерттеушілер
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Қазақтың музыкалық фольклорын Қазақ төңкерісіне дейін зерттеуге кімдер үлес
қосты?
2. А.В. Затаевичтің қандай еңбектерін білесіз?
3. А.Жұбановтың қазақтың музыкалық өнерін зерттеуге байланысты қандай
еңбектерін білесіз?
4. Қазақтың музыкалық фольклорын зерттеудің қазіргі кездегі жайы қалай деп
ойлайсыз?
86
XIІ. Қазақтың аса көрнекті композиторлары
Біржан сал Қожағұлов
(1831-1894)
XIX ғасырдың даңқты композиторы және әншісі Біржан Қожағұлов
қазақ халқының ән өнерінде терең із қалдырды. Ұлы композитордың
дүниеден өткеніне жүз жылдың үстінде уақыт өтсе де, оның әндері
халықтың жадында мәңгі сақталып, әлі үздіксіз айтылып келеді. Олар қазіргі
композиторлар шығармаларында кеңінен қолданылып, опералық және
эстрадалық сахналарда үнемі орындалып жүр. Біржан Көкшетау
облысындағы Қожағұл ауылында 1831 жылы дүниеге келген. Жасөспірім
шағынан бастап ән салуға құмартып, тамаша дауысының арқасында
Көкшетау өңіріндегі кез-келген ауылдың асыға күтетін қонағына айналды.
Біржанның даңқы көп ұзамай бүкіл Қазақстанға жайылады. Біржанның
бірқатар әндері қайшылықтар мен қайғылы оқиғаларға толы өз өмірін
бейнелейді. 1865 жылы Көкшетауға Омскіден генерал-губернатор келгені
белгілі. Біржан осы оқиғада орын алған озбырлықты суреттеген атақты
“Жанбота” әнін шығарды. Өз болысы Азнабай әншіге дөрекілік танытады.
Басынан сөз асырып көрмеген, намысшыл әнші ожырлардың шын
“қасиеттерін” әшкерлеген, ыза мен кекке толы өзінің “Жанбота” әнін
шығарады. Біржан көптеген тамаша әндер шығарды. Олардың ішінде көп
орын лирикалық әндерге берілген. Әнші шексіз де, шетсіз қазақ даласын
аралап жүріп, өз шығармаларына шабыт беретін адамдарды кездестірген,
соларға арнап небір тамаша әндерін арнаған. Мысалы, Ақтентек деген
байдың Ажар атты асқан сұлу қызына кездесудің нәтижесі қыз сұлулығын
бейнелеген әншінің екі бірдей тамаша “Тентек” және “Жаймашуақ”
әндерінің дүниеге келуіне себеп болды. Біржанның айналасы ойын-сауыққа,
думанға толы болуына байланысты, әншіге халық “сал” атын берген, оны
қатты құрметтеп, қошеметтеген. Біржан шығармашылығын құрайтын
87
лирикалық әндердің көбі қазақ қыздарына, олардың сұлулығына, мінезіне,
қылығына арналған. Олардың қатарына “Ләйлім шырақ”, “Көлбай-Жанбай”,
“Ғайша жар”, “Жамбас сипар” т.б. әндері жатады. Өмірінің соңғы
жылдарында әнші кедейлікке ұшыраған, бай-болыстар тарапынан әртүрлі
қиянат пен қысымшылық көрген. Қайтыс болардың алдында балаларына
арнап “Асыл Ақық” және “Теміртас” әндерін шығарған.
Әнші композитордың бостандық сүйгіш, сезімтал бейнесі қазақтың аса
көрнекті композиторы М.Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсынан тамаша
көрініс тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |