Бағдарламасы негізінде құрастырған «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар»


Тақырып: ХІХ ғ. Қазақстан – 2 сағат



Pdf көрінісі
бет19/34
Дата11.01.2017
өлшемі2,41 Mb.
#1677
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   34

Тақырып: ХІХ ғ. Қазақстан – 2 сағат 
Дәріс мақсаты: Жаңа оқу материалымен таныстыра отырып, білім білік дағдыларын 
қалыптастыру. 
 
1.
 
Ресейдің ХІХ ғ. 20-40-шы жылдарындағы Қазақстандағы әкімшілік 
реформалары 
2.
 
Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуының аяқталуы 
3.
 
ХІХ ғ. 60-90 жж. әкімшілік реформалар. Қазақстанның саяси-құқықтық 
статусының өзгеруі 
4.
 
Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы 
 
Ресейдің ХІХ ғ. 20-40-шы жылдарындағы Қазақстандағы әкімшілік 
реформалары 
   1781 жылы Абылайдың қайтыс болуы, оның толып жатқан ұрпақтары 
арасындағы  кикілжіңдер  хан  билігін  әлсіретті.  1795  жылы  екі  сұлтан,  19 
ақсақал  және  122360  қазақ  императрица  ІІ  Екатеринаның  атына  Уәлиді  хан 
тағынан  тайдыру  туралы  шешім  жіберді.  Үкімет  ол  кезде  хан  билігін  жою 
жөн емес деп тапты, алайда оны әлсірету мақсатымен біраз кейініректе Орта 
жүзде Уәлимен қатар екінші хан етіп Бөкей сұлтанды тағайындады. 
    1817  жылы  Бөкей  хан,  ал  екі  жылдан  соң  Уәли  хан  қайтыс  болды. 
Ресей  билігі  таралған  аудандар  жоғарғы  билеушісіз  қалып,  нақты  биліктің 
қандай нысаны болмаған жағдай орын алды. Хандық ықпалды сұлтандармен 
көзбе-көз  келіспей  немесе  алдын-ала  келіссөз  жүргізілмей,  іс  жүзінде 
жоғарғы жақтан жойып жіберілді. 
    Жаңа  реформаны  әзірлеуді  патша  үкіметі  граф  М.М.  Сперанскийге 
жүктеді. 
    1822  жылғы  22  маусымда  патша  «Сібір  губернияларына  арналған 
мекемелер», «Бұратаналарды басқару туралы жарғы», «Қырғыз-қайсақтары» 
басқару  туралы  жарғы,  этаптар  туралы  жарғы,  жер  міндеткерлігі  туралы 
ережелер,  астық  қорлары,  шаруалар  мен  «бұратаналар  арасындағы 

борышкерлік  міндеттемелер»  туралы  ережелер  үшін  негіз  болған  10  заңды 
бекітті. 
    «Сібір...  мемкемелеріне»  сәйкес,  азиялық  Ресей  2  генерал-
губернаторлыққа:  орталығы  Тобыл  болған  Батыс  Сібір,  орталығы  Иркутск 
болған Шығыс Сібір генерал-губернаторлығына бөлінді. Біріншісіне  Тобыл, 
соңғысының құрамына Томск губерниялары енгізілмекші болып ұйғарылды. 
    Орта  жүздегі  дәстүрлі  мемлекеттілікті  таратып,  хан  атағын  «мүлде 
артық» деп жойып жіберген үкімет Сібір қазақтары туралы жарғыға сүйеніп, 
басқарудың  жаңа  нысанын  енгізді.  3-тарауға  сәйкес,  Оңтүстік-батыс  Сібірді 
мекендеген  қазақтар  «көшпелі  бұратаналар  сословиесі»  болып  есептелінді 
және тең құқықтарды пайдаланды, ал «сібір қазақтары елі» ең алдымен 1838 
жылы  Батыс  Сібір  қазақтарын  шекаралық  басқару  құрылғанға  дейін  Омбы 
облысына бағынып келген сыртқы округтерден құралды. 
    Жарғымен  міндеткерлік  пен  салықтардың  жаңа  санаттары  енгізілді. 
Бұл  орайда  М.  Сперанский  мен  оның  төңірегіндегілер  әдейі  бесжылдық 
жеңілдік  белгіледі  немесе  көшпелі  халықтың  барлық  санаттарын  барлық 
алымдардан  босатты;  мұндай  бетбұрыс  бұрынғы  феодалдық  жүйе  бойынша 
міндеткерлік  атқаруға:  көшпелі  аудандарда  зекет  пен  соғым,  егіншілікті 
аудандарда  ұшыр  төлеуге  дағдыланған  халық  наразылығының  алдын  алуға 
ұмтылысқа байланысты болса керек. 
    ХІХ 
ғасырдың  басында  Бұқтырма,  Өскемен  бекіністерінің 
Петропавлдың, Семейдің маңызы едәуір арта түсті. 
    Алғашқы  сыртқы  округ  -  Қарқаралы  округі  1824  жылғы  8  сәуірде 
ашылды. Жаңадан құрылған округке кірген болыстар құрамында 20 мыңдай 
шаңырақ,  шамамен  алған  есептеулер  бойынша,  60000-ға  дейін  ер  азамат 
болды. 
    Бұдан кейін бірқатар сыртқы округтер: 1825 жылы - Құсмұрын, 1826 
жылы  -  Баянауыл,  1831  жылы  -  Аягөз  (Сергиополь),  1832  жылы  Ақмола 
округтері құрылды. 
    1822  жылы  Орынбор  губернаторы  П.К.  Эсеннің  қатысуымен 
дайындалған «Орынбор қазақтарын басқару жөніндегі жарғы» бойынша Кіші 
жүз  жеріне  үш  хан  тағайындау  жоспарланды,  бірақ  ол  іске  аспады. 
Жарғының  бұл  жылы  бекітілмей  қалуына  да  осы  жай  себеп  болды.  Ал, 
Орынбор  губернаторы  1824  жылы  Кіші  жүз  ханы  Шерғазыны  Орынбор 
қаласына  шақырып,  сондағы  бір  қызметке  тағайындады  да,  Кіші  жүздегі 
хандық  билікті  жойды.  Тек  Еділ  мен  Жайық  өзендері  аралығындағы  Кіші 
орда немесе Бөкей хандығы ғана 1845 жылға дейін сақталды. 
 
 
  Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуының 
аяқталуы 
Ұлы  жүз  Ресейдің  қоластына  Кіші  жүз  бен  Орта  жүзден  кейін  өтті. 
Өйткені  XIX  ғасырдың  20 жылдары  Ұлы  жүздің  бір бөлігі,  Орта  және  Кіші 
жүздердің  Оңтүстік  аймақтары  Хиуа  және  Қоқан,  Бұхар  хандықтарының 

иелігінде  болды.  Олар  Каспий  теңізі  жағалауларынан  Жетісуға  дейінгі 
жерлерге жиі-жиі шабуыл жасап отырды. 
1821 жылы Орта Азия хандықтарына қарсы Тентектөре басқарған қазақ 
шаруаларының  қозғалысы  басталды.  Көтерілісшілер  саны  10  мыңнан  асып, 
Түркістан,  Шымкент,  Әулиеата,  Сайран  өңірін  қамтыды.  Көтерілістің 
халықтық  сипатынан  шошынған  феодалдар  опасыздықпен  Қоқан  жағына 
шықты, шаруалар көтерілісі қатыгездікпен басылды. 
4.
 
Ұлы жүздің Ресей қоластына өтуі 
Оңтүстік  Қазақстандағы  Орта  Азия  хандықтарының  озбырлығы  Ұлы 
жүз  халықтарының  Ресей  империясына  қосылуын  тездетті.  1817  жылы 
сұлтан  Сүйік  Абылайханұлы  басқарған  66  мың  адамнан  тұратын  жалайыр 
руы  Ресей  империясының  құрамында  болуды  қалайтындығын  мәлімдеді. 
1825  жылы  50  мың  халқы  бар  үйсін  болысы  Ресей  мемлекетінің  құрамына 
қосылды.  1847  жылы  Іле  және  Лепсі  өзендері  маңындағы  қазақтар  мен 
қырғыздар  Ресей  билігін  мойындайды.  1848  жылы  10  қаңтарда  Жетісудағы 
қазақтарды  билеу  үшін  Ресей  патшалығы  бұл  өңірге  жаңа  лауазымды 
(пристав) бекітеді. Приставтың резиденциясы Қапалда (1847 жылы) болды. 
Қаскелең өзені сағасында тұрған Таушүбек бекінісі Қоқан хандарының 
билігінде  болған,  бұл  бекіністен  Қоқан  билеушілерін  қуу  Ресей  үшін  қиын 
болды. Бұл қамалды алмай Қоқан билігіне соққы беру қиын еді. 1850 жылы 
капитан  Гутковский  бастаған  200  казактан  және  50  жаяу  әскерден  құралған 
топ  Қапалдан  шығып  Таушүбекке  жақындады.  Алайда  Алматы  өзенінде 
қырғыздар  жасағымен  қақтығысқан  Гутовский  Іле  жағалауына  қайтып 
оралуға  мәжбүр  болды.  Бұл  тапсырманы  орындау  1851  жылы  мамырдың 
ортасында  Қапалдан  аттанған  подполковник  Карбышев  тобына  жүктеледі. 
1851  жылы  шілденің  7-сінде  Таушүбек  бекінісі  қантөгіссіз  берілуге  мәжбүр 
болды. 
1853  жылы  Орынбор  генерал  губернаторы  граф  В.А.  Перовскийдің 
басшылығымен  іске  асырылған  әскери  қимылдар  нәтижесінде  Қоқан 
билеушілерінің  Ақмешіт  бекінісі  Ресейдің  қол  астына  қарады.  Ақмешіт 
бекінісінің  алынуы  орыс  әскерлерінің  Іле  бойымен  жылжуына  жол  ашты. 
Осы кезден бастан Ақмешіт бекінісі Перовск деп аталды. 
1853  жылы  2  сәуірде  Батыс  Сібір  генерал-губернаторы  Гасфорттың 
тапсыруы  бойынша  Көксу  және  Іле  аралығында  Іле  бекеті  салынды.  Енді 
орыс  әскерінің  Іле  бойына  жылжуына  жол  ашылды.  Батыс  Сібір  генерал-
губернаторы  Гасфорттың  Сырдария  мен  Сібір  әскери  шептерін  ұштастыру 
туралы ұсынысы Петербургте қабылданды. 
Ұлы жүз приставы майор М.Д Перемышельскийдің отряды 1853 жылы 
Талғар өзенінің Ілеге құяр жеріне Іле бекетін тұрғызды. 1854 жылы көктемде 
сол отряд Верный деп аталған бекіністің іргетасын көтерді. Верный Алматы 
деп аталған ертедегі қазақтардың қоныс қалдықтары сақталған жерде болған 
еді. Саз балшықтан көтерілген бекініс ағаш дуалмен қоршалды. 1854 жылдың 
күзінде бөренелі ағаш үйлерге және казармаға Іле отрядының 470 солдаттары 
мен офицерлері келіп қоныс тепті, ал 1855 жылы осы бекініске Сібірден 500-
ге жуық отбасы келіп қоныстанды. 

Верный бекінісің салынуы 1855 жылы қырғыздың Бұғы руының Ресей 
билігін  мойындауын  тездетті.  1855  жылы  Ұлы  жүз  приставының 
резиденциясы Қапалдан Верныйға ауыстырылды. 
1856  жылы  Верныйда  Орталық  Ресей  губернияларынан,  Воронежден 
келген  қоныстанушылардың  саны  бұрынғыдан  да  арта  түсті.  1857  жылы 
Верныйда су диірмені, 1858 жылы сыра заводы ашылды. 
XIX  ғасырдың  екінші  жартысында  Верный  қаласында  П.П.Семенов-
Тянь-Шаньский, Н.М.Пржевальский, И.В. Северцев т. б сияқты ірі ғалымдар 
біраз уақыт тұрған. 
Верный  бекінісінің  салынуы  XIX  ғасырдың  50-жылдарында  Қазақ 
елінің Оңтүстік аудандары мен қырғыз жерінің Ресейге қосылуын тездетті. 
Патша  үкіметі  Оңтүстік  Қазақстан  өңірінен  Қоқан  хандығын 
ығыстырып,  өз  бақылауына  алу  үшін  әскери  қимылдарын  көбірек 
ұйымдастыра бастады. 
1859  жылы  Ұлы  жүзде  тұрғызылған  Қастек  бекінісі  Ресейдің  тірегі 
саналып, Қоқан ханының шабуылдарына тосқауыл болды. 
Шу алқабынан полковник Циммерман тобы шабуылдап, 1860 жылы 26 
тамызда  Тоқмақты,  4  қырқүйекте  Пішпекті  алды.  1860  жылы  27  қазанда 
Ұзынағаш  түбінде  Алатау  округінің  билеушісі  Г.А.Колпаковский  басқарған 
орыс отряды Қоқан әскерін жеңеді. 
1863  жылы  Қоңыраттың  4  мыңға  жуық,  бестаңбалы  руының  5  мыңға 
жуық шаңырағы Ресей билігін мойындайды. 
1864 жылы қөктемде Қоқан хандығына қарсы жіберілген патша әскері 
Шу  алқабын,  Мерке,  Әулиеата,  Түркістан  бекіністерін  алса,  осы  жылы  22 
қыркүйекте  Черняев  тобы  Шымкентті  алады,  ал  Ташкентті  шілде  айында 
1865 жылы үш күндік шайқастан кейін алды. 
1866 жылы Бұхар хандығын орыс әскерлері жаулап, 1867 жылы хандық 
иеліктері  Түркістан  генерал-губернаторлығының  құрамына  кірді,  ал  1868 
жылы  Қоқан хандығына тәуелді болған қазақ  жерлері Ресей  құрамына еніп, 
Түркістан  генерал-губернаторлығына  бағындырылды.  1873  жылы  Хиуа 
хандығының  орыс  әскерінен  жеңілуі  Хиуа  хандығы  билігінен  қазақтардың 
толық бөлініп шығуын тездетті. 
Сөйтіп,  XIX  ғасырдың  30  жылдарынан  басталған  қазақ  елінің  Ресей 
құрамына  қосылу  процесі  –  Ұлы  жүздің  Ресей  империясының  құрамына 
енуімен аяқталды. XIX ғасырдың 60 жылдарында қазақ жері түгелдей Ресей 
империясының отарына айналды. 
   Сонымен Орта және Кіші жүзде хандық, феодалдық мемлекеттіліктің 
жойылуы, бір жағынан, қазақ қоғамының өзінде ішкі рулық талас-
тартыстардың жалғасуы салдарынан, екінші жағынан, патша үкіметінің 
әскери-әкімшілік әрекеттерінің нәтиежесінде болды. 1822 жылғы Сібір 
қазақтары туралы жарғы, 1824 жылғы Орынбор қазақтары туралы жарғы 
алғашқы патшалық реформа ретінде, бүкіл дәстүрлі билік құрылымын 
қиратып, әлеуметтік-саяси және шаруашылық өмірдің барлық жақтарын 
қамтыды, қазақ қоғамы ішіндегі, ең алдымен патшалық өзгерістерді, 
негізінен, қиналмай қабылданған шеп маңайындағы ауылдар арасындағы 

және кең далада еркін көшіп жүріп, көшпелі тәуелсіздіктің ең берілген 
жақтаушылары ретінде сұлтандардың, билердің ақыл беруі бойынша 
патшалық өзгерістерге көнбегендер арасындағы онсыз да өткір 
қайшылықтарды тереңдетіп, Кавказдағы, Еділ бойының түркі тілдес 
аймағындағы және далалық табиғи ландшафты реформаның іске асырылуын 
белгілі бір дәрежеде қиындатқан Қазақстандағы отаршылдыққа қарсы 
топтардың бірігуін күшейте түсті. 
ХІХ ғ. 60-90 жж. әкімшілік реформалар. Қазақстанның саяси-құқықтық 
статусының өзгеруі 
Қазақстандағы  1867-1868  жылдардағы  реформа  патшалық  Ресейдің  отаршылдық 
саясатының маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Өйткені, ол әкімшілік құрылыс, жер 
қатынастары,  сот  құрылысы,  халыққа  білім  беру,  дін  мәселесі  сияқты  қазақ  қоғамының 
шешуші салаларының бәрін қамтыған болатын. 
Қазақстанға  әкімшілік  басқару  жүйесін  енгізудегі  патша  үкіметінің  алдына  қойған 
басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 
11  шілдеде  патша  жарлығымен  империя  құрамында  Түркістан  генерал-губернаторлығы 
құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. 
Реформаның ең басты және негізгі міндеті – "қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен 
бірте-бірте  қосып  жіберу"  үшін  Ресейге  бағынышты  халықтарды  бір  басқару  жүйесінің 
құрамына  біріктіру.  Сөйтіп,  жергілікті  ақсүйектерді  биліктен  ысырып  тастап,  ру 
басшыларын  әлсіретіп,  ойға  алған  іс-шараларды  оңтайлы  жолмен  оңай  әрі  тез  жүзеге 
асырып  отыру.  Жалпы  алғанда,  реформалар  патшалық  үкіметтің  қазақ  даласының 
жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс 
капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру әрекетінен туған еді. 
Экономикалық  шаралар  негізінде  қазақтардың  қыстауы  мен  жайлаулық  жерлерін 
мемлекет меншігіне кесіп, казак әскери бөлімдері мен орыс шаруаларын орналастыру үшін 
"артық" жер  мөлшерін анықтау ісіне экспедициялар жабдықталды. Мұның өзі қазақ жерін 
пайдалануынан алып, барша қазақтың жерін Ресейдің мемлекеттік меншігі деп жария ету 
арқылы Қазақстанның империя отарына айналғандығын дүниеге паш ету болды. Патша 
үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды 
басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық 
езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті. 
1867-1868  жж.  реформа  арқылы  патша  өкіметі  қазақ  даласын  толық  отарлауға 
тырысты.  Сондықтан  да  Қазақстан  аумағы  облыстарға  бөлініп,  ал  облыстар  әкімшілік 
орталықтарына,  қазақ  даласымен  байланыссыз  жататын  әр  түрлі  генерал-
губернаторлықтарға  бөлшектенеді.  Мысалы,  Торғай  мен  Орал  облыстары  –  Орынбор; 
Ақмола және Семей облыстары – Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария – Түркістан генерал-
губернаторлықтарының  құрамына  кірді.  Бұрынғы  ішкі  Бөкей  хандығының  аумағы 
уақытша  Торғай  облыстық  басқармасына  бағынышты  болып  қалғанымен,  ол  ұзаққа 
созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау 
түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округының 
билігіне  өтті.  Бұлай  бөлшектеулер  мен  басқаруға  өзгерістердің  енуінің  өзіндік  себептері 
болды. Бұл туралы профессор Б. Сүлейменов: "Патшалық үкіметтің ойынша, Қазақстан 
жерін түрлі генерал-губернаторлықтар мен әскери округтарға бөлшектеу, қазақ халқының 

ұлттық бірлігінің қалыптасу жолына кедергі болып, қазақ халқын отарлық езгіде ұстауды 
жеңілдетуі тиіс еді" - дейді. 
1867-1868  жж.  реформалардағы  басты  бағыттардың  бірі  Қазақстанда  күшті  әскери-
бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат әр түрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары 
еңбекақы,  екі  есе  төлем,  қызметтен  босаған  кездегі  жоғарғы  зейнетақыға  қызығатын 
чиновниктерден  құралды.  Зерттеуші  ғалым  К.А.  Жиреншин  өз  еңбегінде:  "Отаршылық  
әкімшілік  аппараты  қазақ  даласының  жағдайынан  бейхабар,  білімі  таяз  адамдардан,  ең 
бастысы, өз қызметін өміріндегі өтпелі кезең деп санап, сол уақыт ішінде тез ауқаттанып 
алуды көздеген офицерлерден жасақталған болатын: Генерал-губернаторлықтардың басты 
басқару  аппаратын  генерал-губернатор,  оның  кеңсесі  және  тапсырма  орындаушы 
чиновниктер құрды. Генерал-губернаторлар әскери және азаматтық билікті толығымен өз 
қолдарына  жұмылдырды,  сонымен  қатар  қазақ  даласындағы  әкімшілік  құрылысының 
принципі – жаңа отаршылық реформа бойынша билікті толығымен әскери ведомствоның 
қолына беру болды"  - деп, патшалық үкіметтің құйтырқы саясатының табиғатын айқын да 
ашық көрсетіп береді. 
Бұл  тұстағы  генерал-губернаторлардың  билік  шараларын  іске  асыратын  басқару 
жүйесі  мынадай  үш  бөлікке  бөлінді:  облыстық  басқармалар,  уездік  басқармалар  және 
жергілікті  басқармалар.  Облыстық  әкімшіліктің  басқарма  басшылығында  әскери  және 
азаматтық  билік  ететін  әскери-губернатор  тұрды.  1868  ж.  Ереженің  22-23-бабында  дала 
облыстарының 
әскери-губернаторлары 
облыстардағы 
әскери 
қолбасшыларға 
теңестірілетіні көрсетілген және де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак 
әскерлерінің тағайындалған атамандары болып саналатын. 
Облыстар  өз  кезегінде  уездерге  бөлінді.  Уездік  басқарманың  басшылығына  орыс 
чиновниктерінің  ішінен  облыстық  әскери-губернатордың  ұсынысы  бойынша  генерал-
губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды. Жаңа әкімшілік жүйе бойынша уездегі 
барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына шоғырландырылды. Ереженің 
42-65  баптары  бойынша,  уезд  бастықтарына  мынадай  міндеттер  жүктелді:  жергілікті 
басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен 
тәртіпті сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау және халықтың денсаулығын сақтау. 
Уезде  орналасқан  әскери  бөлімшелер,  мекемелер  мен  бекіністер  уезд  бастықтарына 
бағынышты болды. 
1867-1868  жж.  реформа  ел  мен  жерді  басқарудағы  патшалық  үкіметтің  алғашқы 
буыны  болып  табылатын  жергілікті  басқармаға  көңіл  бөлді.  Әрбір  уезд  болыстарға,  ал 
болыстар  ауылдарға  бөлінді.  Е.Г.Федоров  "Қазақстан  –  патша  үкіметінің  отары"  атты 
еңбегінде:  "Патшалық  қазақ  тұрғындарының  орталықтарын  әдейі  бөлшектеді,  барлық 
басқару  жүйесін  бөлшектеу  арқылы  қазақ  халқының  мәдени  дамуын  тежеп,  халықты 
қараңғылықта ұстауды көздеді", – деп көрсетеді. 
Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 
100-ден  200-ге  киіз  үй  кіретіндей  болып  есептелген  болыстар  мен  ауылдарға  бөлінді. 
Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа 
жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды. 
Ру  басында  ақсақал  тұрғанда,  оның  сөзі  мен  ісі  билік  күшке  ие  жағдайында  патша 
үкіметінің дала тыныштығы үшін қорқуы заңды нәрсе болатын. Граф Паленнің Түркістан 
аймағын тексеру жөнінде есеп беруінде: "Бұл шараны іске асырудағы мақсат рулардың 
үлкен аймақта бір қалыпты орналаспауы әкімшілік басқару жүйесіне кедергі туғызды және 

көптеген біріккен ру басында ру ақсақалдары тұрған жағдайда дала тыныштығын ұстап 
тұруда көп қиындықтар туғызуы мүмкін еді", – деп ондай биліктің күштілік себебін тап 
басып жазуы осының айғағы. Елге сүйенген ру басы кей жағдайда әкімшілік талаптарды 
орындамауы да әбден мүмкін екені шындық. 
1867  ж.  Ереженің  85-бабына  сәйкес  болыстардың  басында  қазақтардан  сайланған 
болыс  басқарушылары,  ал  ауылдардың  басында  сол  сияқты  сайланатын  старшиналар 
болды.  Ережеде  "болыстық  және  ауылдық  старшиналарды  халық  сайлайды"  деп  нақты 
көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға қойылған болып көрінуі 
мүмкін,  бірақ  іс  жүзінде  патша  үкіметі  сайлауды  өз  мақсатына  орай  жүргізіп  отырды. 
Сайланған  болыс  басқарушыларын  –  облыстық  әскери  губернаторы,  ал  ауылдық 
старшиналарды уезд бастығы бекітетін еді. Отаршылар әкімшілігі ұсынылған кандидаттар 
көңілінен  шықпаса  бекітпей  тастап,  жаңа  сайлау  белгілеуі  де  мүмкін  болатын.  Болыс 
басқарушыларын сайлауға – уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды сайлауға болыс 
басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына 
бағынышты  болды  және  оның  барлық  бұйрықтарын  орындауға  міндетті  еді,  ал  ауыл 
старшиналары  болыс  басқарушысына  тікелей  бағынышты  бола  отырып,  болыс 
басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады. 
Реформаларды  жүзеге  асыруда  патша  үкіметі  саяси-экономикалық  іс-шараларымен 
қатар өлкені мәдени және  рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. 
Халық  ағарту  ісі  патшалықтың  сыртқы  саясатының  үлкен  де  маңызды  саласы  болып 
табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл 
саясат  Ресейдің  қарамағындағы  ұлттарды  біртіндеп  христиан  дініне  кіргізу  арқылы 
орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыған сай, 1867-
68 жж. реформада халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Сол 
құжаттар  бойынша  уездік  қалаларда  бастауыш  мектептер  ашу  көзделген:  "Дала 
тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің 
бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан  ортақ  мектеп ашу  керек".  Осыны негізге  ала 
отырып талай мектептер, гимназиялар ашылды. 
1868  жылғы  Ереженің  251-бабында  діни  істер  Орынбор  муфтиінің  қарауынан 
алынып,  азаматтық  басқарманың  қарамағына  берілді.  Молдалар  сайланатын  болды. 
Оларды бекіту тұтқасы орыс әкімшілігінің қолына тиді. Бастауыш мектептерде мұсылман 
дінін  уағыздаушылардың  қызметі  шектелді.  Әкімшілік  қазақ  мектебіне  сабақ  беретін 
ұстаздардан орыс тілін білуді талап етті. 
Елде орын алып жатқан территориялық-әкімшілік үрдістер Қазақстанның әлеуметтік-
экономикалық  дамуына  айтарлықтай  өзгерістер  әкеліп,  отарлық  саясаттың  жаңа  салық 
жүйесін  енгізді.  Қазақстанда  отырықшылық  пен  жер  шаруашылығының  көлемінің 
ұлғайғандығына  қарамастан  салық  төлеушілердің  басым  бөлігін  көшпенділер  құрады. 
Мәселен, 1880 жылы  90,5 %  құраса, 1897 жылы  82,0 %-ға жетті. 
1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. 
XІX ғасырдың 60-шы жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде 
отаршылдыққа қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды. Көшпелі халықтың ашу-
ызасын  туғызған  патша  үкіметінің  салық  саясатының  күшеюі  болды.  Оның  үстіне 
қатардағы көшпенділер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Сондай-ақ, 
жаңа  әкімшілік  бөліністер  ғасырлар  бойы  пайдаланып  келген  көшпелі  халықтың 
маусымдық  жайылымдарды  пайдалану  үрдісіне  нұқсан  келтірді.  Салықтар  мен 

міндеткерліктердің  күрт  көбейтілуі  мен  әкімшілік-территориялық  бөліністердің  дұрыс 
жүргізілмеуі  1868  жылғы  Орал  мен  Торғай  облыстарында  орын  алған  ұлттық  бас 
көтерулердің басталуына түрткі болды. 1868 жылдың желтоқсан айында стихиялық түрде 
басталған көтеріліс 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Нашар қаруланған, бірақ жер 
жағдайын  жақсы  білетін  көтерілісшілер  өздеріне  қарсы  қимылдаған  патша  үкіметінің 
жазалау  топтарын  "қарақшылық"  шабуылдарға  ұшыратты.  1868  жылы  6  мамырда 
құрамында 200 қылышты және жаяу әскері бар Штемпель отряды Орынбор бағытындағы 
Жамансай  көлі  маңында  қазақ  жасақтарымен  кездеседі.  Жазалау  тобы  көтерілісшілерге 
тегеурін бере алмай, жетінші күні азық-түлігінің таусылуына байланысты кері қайтады. 
1869  жылдың  наурызы  мен  маусым  айының  аралығында  болыс,  би,  сұлтан  және 
старшиндарға  қарсы  41  рет  шабуыл  ұйымдастырылады.  Оған  3  мыңға  тарта  жасақ 
қатысты.  Торғай  мен  Орал  облыстарында  көтеріліс  өртінің  ұлғаюына  байланысты 
жергілікті үкімет орындарымен қатар орталық үкімет те көтерілісшілерді жазалауға отряд 
топтарын  жөнелтті.  Орал  облысы  аймағына  подполковник  Рукин,  граф  Комаровский 
отрядымен  бірге,  генерал-губернатор  Веревкин  басшылығындағы  отряд  аттандырылды. 
Көтеріліс ұйымдаспаған, өзара келіспеушіліктер мен соғыс тактикасының нашар болуына 
орай басылып, жанышталды. 
Сол  сияқты  1870  жылғы  Маңғыстаудағы  шаруалар  көтерілісі  де  осындай  сипатта 
болды. Жаңа жүйе бойынша енгізілген салық жүйесі Маңғыстау халқының үкіметке қарсы 
наразылығын туғызды. Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының 
қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869-1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа 
салық  жүйесіне  сәйкес  дереу  енгізуді  талап  етті.  Көптеген  жергілікті  тұрғындар,  соның 
ішінде  Бозашы  түбегінің  балықшылары  Рукиннің  талабын  орындаудан  бас  тартты. 
Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатқан Рукиннің ойланбай жасалған әрекеттері 
жер-жерде көтерілістің шығуына себеп болды. 1870 жылдың наурызында Рукиннің отряды 
көтерілісшілердің үлкен тобымен кездесіп, қоршауда қалады. 25 наурызда ашық қақтығыс 
кезінде 20-ға жуық жазалаушы қаза тауып, отряд командирі Рукин өз-өзіне қол жұмсайды. 
Жеңіс  жігерлендірген  көтерілісшілер  сәуір  айының  басында  Николаев  станциясына, 
Александровск  фортына  шабуыл  жасады,  алайда,  олар  сәтсіздікке  ұшырады. 
Көтерілісшілер  саны  10  мыңға  жетті.  Патшалық  өкімет  орындары  қазақтардың 
батылдығынан  қорқып,    қосымша  әскери  көмек  сұрауға  мәжбүр  болды.  Кавказдан  тың 
күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертіп, көтерілісшілер Үстірттің баруға қиын 
аудандарына шегінді.  
Осы тұста Англия үкіметінің Иранға деген ықпалы арта түседі. Патша үкіметі ендігі 
кезекте  Хиуа  хандығына  қарсы  шаралар  ұйымдастырды.  Маңғыстау  аймағына  Хиуа 
билеушілері адайлар қозғалысын қолдау үшін 4 зеңбірегі бар 6 мыңдық жасақпен қимыл 
жасауды ұйғарды. Бірақ шектес аудандарда Хиуаның әскери қыр көрсетуі нақты нәтижелер 
бермеді,  дегенмен аймақтағы жағдайды едәуір шиеленістірді. 
Маңғыстау аймағы 3 айға жуық патша әскерінің қол астына қарады. Патша үкіметі 
көтерілісшілерді  жаппай  жазалайды.  Осы  тұста  генерал-губернатор  Н.А.  Крыжановский 
әскери министр Милютиннің "көтерілісшілерді жазалау" туралы нұсқауын жібереді. 1870 
жылы  желтоқсанда  көтеріліс  жеңіліс  тапқан  соң,  көтеріліс  басшылары  И.  Тіленбаев,  Д. 
Тәжиев, Е. Құлов және олардың серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне 
өтіп кетеді. 

Сөйтіп, бұқаралық сипатына қарамастан, көтерілістің негізгі қозғаушы күші - қазақ 
шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмай, Маңғыстау облысындағы 
халықтық-азаттық  күрес  жеңіліске  ұшырады.  Көтеріліс  аяусыз  жанышталып,  адайларға 
соғыс  шығыны  ретінде  90  мың  қой  салық  салынды.  Маңғыстау  көтерілісі  өз  кезегінде 
патша үкіметінің отарлау саясатына қазақ халқының қарсылығының айқын көрінісі болды. 
Жалпы  XІX  ғасырдың  екінші  жартысындағы  реформалардың  болмысы  туралы, 
қорыта  айтқанда,  мынандай  түйін  жасауға  болады.  Патша  үкіметі  Қазақстанға  енгізген 
әкімшілік реформалары негізінде оның саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде 
империя  құрамындағы  әкімшілік  басқару  жүйесін  орнатты. 
 Қазақ  халқының  ұлт-азаттық  қозғалысы   Қазақ  халқының  ұлт-
азаттық  қозғалысының  бірінші  кезеңі  (1731-1837  жж.).  Сырым  Датұлы 
басшылығындағы ұлт-азаттық көтеріліс. ХҮІІІ ғасырдың 70-80 жылдары хан 
мен  сұлтандар  билігі,  патша  әкімшілігі  арқылы  күшейіп  отырса, 
старшиналардың елді басқару ісі шектеле бастады. Олардың әрекетінің негізі 
хандық  билікті  жою.  Бұл  сол  кездегі  қазақ  қоғамындағы  дағдарыстың 
басталғанын көреміз. 
    Сырым  Датұлы  бастаған  ұлт-азаттық  қозғалыс  1783  жылы 
басталады.  Сырым  Байбақты  руының  старшинасы  болған.  Гавердовскийдің 
жазуына қарағанда, Сырым өте бай адам болған. Нұралы ханның Сырымның 
қарындасын  алуы,  хан  тұқымымен  құда  болуы  -  сол  кездегі  Сырымның  би 
болғандығының дәлелі. 
    Сырым  басқарған  антифеодалдық  қозғалыстың  басталуы  1783 
жылғы  оқиғаға  байланысты  болды.  Сол  жылы  Сырым  ауылының  үстінен 
орыс  саудагері  Филипп  Григорьев  өтіп  бара  жатқанда,  қазақтар  шабуыл 
жасап  тонайды.  Осыған  байланысты  Орынбор  Экспедициясы  Сырымға, 
«құрметті  старшина,  сіздің  ру  арасындағы  беделіңізді  ескере  отырып, 
Григорьевтің тоналған заттарын қайтарып беруге көмектеседі деп сенеміз», - 
дейді.  Бұдан  кейін  Сырымды  Тополин  бекінісінде  тұтқындап,  Орал 
қаласында  түрмеге  жабады.  Бұл  оқиғаның  болуына  негізгі  себеп  -  Жайық 
казактары жағына шыққан Шаганов деген старшинаны Сырым қолға түсіріп, 
Хиуа  хандығына  сатып  жібереді.  Оны  тұтқындаудың  себебі  де  сол 
Шагановтың өшін алу еді. 
    1783  жылдың  тамыз  айынан  бастап  Жайық  казактары  Сырым  мен 
Нұралы ханның ауылына тонаушылық жорықтар жасай бастады. Сол себепті 
де  Нұралы  хан  Сырымды  тұтқыннан  босатып  алуға  көмектеседі.  Ол  1784 
жылы  көктемде  Сырымды  70  жылқы  мен  350  сом  ақша  беріп,  шығарып 
алады.  Сырым  түрмеден  шыққаннан  кейін  Жайық  казактарының 
озбырлығына  қарсы  күрес  кең  етек  алады.  Сырым  мен  Барақ  1000  адамдай 
қол  жинап,  төменгі  Орал  және  Елек  бекіністеріне  шабуыл  жасайды. 
Қазақтардың патша әкімшілігіне қарсы күресі  кең  етек  алған  кезде, Нұралы 
хан  Сырым  мен  басқа  старшиналардың  іс-әрекетіне  қарсы  шығып,  патша 
әкімшілігінен  әскери  көмек  сұрайды.  1784  жылы  Нұралы  Рейнсдорфқа 
жазған  хатында  ...  елдегі  бүлікті  басу  үшін,  қосымша  әскери  күш  жіберуін 
сұрап,  өзінің  көмектесетіндігін  айтады.  Осы  уақыттан  бастап  Сырым  мен 

Нұралы  ханның  арасында  араздық  туып,  ол  тек  қана  Жайық  казактарына 
қарсы емес, ханға қарсы да қозғалысқа шығады.  
    1785  жылы  көктем  айында  Сырым  бастаған  қазақтар  қозғалысының 
негізгі ауданы - төменгі Орал бекінісінің маңында ірі шайқастар болды. 1783-
1785  жылдар  арасында  Сырымнан  басқа  Тама  руының  старшиналары  - 
Қадыр мен Садыр айтарлықтай ерлікпен күрес жүргізді. 
    Көтеріліске  қарсы  Орынбор  шекара  комиссиясы  жазалаушы  әскери 
топтар ұйымдастырады. 
    1785  жылы  ақпан  айының  17-сі  күні  Орынбор  қаласынан  Елек 
өзенінің  жоғарғы  жағына  генерал-майор  Смирнов  жасағы,  одан  кейін  көп 
кешікпей  наурыздың  15-сі  күні  Сарайшық  бекінісінен  Жайық  казактары 
Колпаков  пен  Пономарев  бастаған  жасақшылар  ішке  қарай  аттанады. 
Колпаков  отряды  Қаракөл  маңындағы  ауылдарға,  шабуыл  жасап,  102  адам 
тұтқынға  алынады,  оның  14-і  ер  адам,  қалғандары  әйелдер  мен  балалар 
болды. Сонымен қоса 83 түйе мен 2755 жылқыны айдап әкетеді. 
    Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалысы 1791-1792 жылдары кең етек 
алмағанмен, патша үкіметі үшін өте қауіпті болған. 
      1795  жылы  Кіші  жүзде  Есім  хан  болып  тағайындалды.  Оның 
тағайындалуын Сырым қолдамады. Бұл оқиғаға орай Сырымның ханға қарсы 
қарулы  қозғалысы  басталды.  1797  жылы  наурыздың  26-нан  27-не  қараған 
түні  Краснояр  бекінісінен  бес  шақырым  жерде  Есім  ханды  өлтіріп, 
ауылдарын  тонап  кетеді.  Орал  атаманы  Донсков  әскер  жинап,  Сырымды 
ұстауға  шығады.  Бұл  жорыққа  Бөкей,  Қаратай  да  800  адамнан  қатысады. 
Сырым  бұдан  кейін  Сыр  бойына  көшіп  кетеді.  Патша  әкімшілігі  сұлтан 
топтарын қолдап, хандық билікті қайтадан қалпына келтіреді. 
    Сырым Датұлы заманында мемлекетті үлкен деңгейде ойлай отырып, 
қазақ  даласында  тұңғыш  рет  реформатор  болған.  Бұған  дәлел  1786  жылы 
хандық  биліктің  орнына  «халық  кеңесін»  енгізеді.  Сырым  аға  старшина 
болған  кезде  Кіші  жүзде  1785  жылы,  1786  және  1787  жылдары  съездері 
шақырылады.  Сырымның  бұл  ұсынысынан  бар  мәселені  демократиялық, 
көпшілік  жолмен  шешуге  тырысқаны  байқалады.  Бұл  -  ел  билеудің 
демократиялық жаңа формасы. 
    Сырым  Датұлының  ұлт-азаттық  қозғалысы  өз  заманында  қазақ 
даласындағы  ең  ауыр  екі  жағдайдан  алып  шыға  алды.  Отаршылдық 
тынымсыз  шабуылын  тидырса,  өрісі  тарылған  Жайықтың  арғы  шүйгін 
жайылымдарына шығуына жол ашылды.   
    Бөкей 
ордасындағы 
И.Тайманұлы 
мен 
М.Өтемісұлының 
басшылығындағы болған көтеріліс (1836-1838 жж.). 
    ХІХ  ғасырдың  30-40  жылдары  аралығындағы  отарлау  саясаты  қазақ 
еңбекшілері үшін өте ауыр жағдайға әкеліп, екі бірдей қанауға түсірді. 1837 
жылдағы Кіші жүз қазақтарына түтін салығын енгізу, ол сұлтандар мен билер 
әртүрлі  сылтаулармен  қазақ  кедейлерінен  салық  алып  тонап  отырды.  Сол 
сияқты  ХІХ  ғасырдың  30-шы  жылдарының  екінші  жартысында  Бөкей 
ордасының ханы Жәңгір старшиналардың әлеуметтік билігін тежеп, жерлерін 
тартып  алып,  өзінің  тума-туыстарына  үлестіріп  беріп,  Ордадағы  қазақ 

кедейлеріне  ханның  салығы  көбейді,  салықты  төлеу,  қарапайым  күн  көріс 
ауырлады. Осының барлығы қазақ халқының  ашу-ызасын келтіріп, отарлық 
саясатқа  және  қанауға  қарсы  шығып,  ұлт-азаттық  қозғалыстың  кең  етек  ала 
бастауына әкелді. 
    ХІХ  ғасырдың  30-40  жылдары  арасында  Кіші  және  Орта  жүз 
даласында  Ресей  империясының  отарлық  саясатына  қарсы  өз  елінің 
тәуелсіздігі  үшін  күрескен  қазақ  халқының  ұлдары  Исатай  мен  Махамбет 
болды. 
    ХІХ  ғасырдың  20-30  жылдары  Еділ  және  Жайық  өзенінің 
аралығында  орналасқан  Бөкей  хандығында  әлеуметтік  қайшылық  күшейіп, 
қанаудың  ауыр  болуы,  қазақ  руларының  Кіші  жүзге  қайтып  күшейді,  бұл 
құбылысқа хан басшылығы мен Орынбор әкімшілігі де қарсы болды. 
    1835  жылы  Жәңгір  хан  Адай  руына  Қарауыл  Қожаны  тағайындап, 
бұл өңірде тұрған старшиналар мен ауылды бағындырды. Соның ішінде 1812 
жылдан Беріш руының старшыны болып келген Исатай ауылы да кіреді. 
    1837  жылы  қыркүйектің  16  күні  Исатай  мен  Махамбет  Қарауыл 
Қожа ауылына шабуыл жасап, кедейлердің өшін алып, қозғалыс бүкіл Бөкей 
ордасына  кең  жайыла  түсті.  Бұны  естіген  Орынбор   генерал-губернаторы 
Перовский,  Ордаға  Покатилов  бастаған  Жайық  казактарының  құрамын 
жібереді.  Олардың  мақсаты  Исатайды  тұтқындап  Орынборға  алып  кету  еді. 
Бірақ Исатайды қолға түсіре алмайды. Қазан айының бас кезінде Исатай хан 
ордасына келіп 12 шақырым жерге келіп орналасады. Екі жеті хан ордасына 
шабуыл  жасамай,  ханмен  хат  алысып,  өзінің  талаптарының  орындалуын 
күтіп  жатады.  «Хан  ордасына  келген  кезде  Жәңгір  хан  уақытты  ұту  үшін 
Исатаймен  келіссөз  жүргізе  отырып,  Орынбордан  көмек  сұрайды.  Қазан 
айының  17  күні  Перовский  Орынбордан  подполковник  Генсті  Бөкей 
ордасына  аттандырды.  Подполковник  Геке  Орынбордан  шығып  Орал 
қаласына келеді. 
    Полковник  Меркульевке  әскери  казактарды  алып  Исатайдың 
ауылына  шабуыл  жасау  керек  екенін  білдіреді,  бұл  кезде  Исатай  ауылы 
Теректі-Құмда  болатын.  Бұл  кезде  Исатай  ешқандай  шара  қолданбай  хан 
ордасын  қоршап  жатқан  болатын.  Жалпы  Исатай  мен  Махамбет  соғыссыз 
ханды  көндіруді  ойлаған.  Полковник  Меркульевтің  әскери  құрамдары 
қараша  айының   7-күні  Исатайдың  ауылына  келіп,  ауылын  ойрандап, 
Исатайдың семьясын тұтқындайды. Бұл хабар Исатайға жеткеннен кейін бір 
түнде хан ордасынан шығып ауылына көмекке кетеді. 
    Қарашаның 8- күні Исатай әскері Меркульев жасақшыларын қоршап, 
ауылдарының  адамдардын  босатуын  талап  етеді,  егер  босатпаса,  онда 
соғысатынын айтады. Қоршауда отырған Меркульев күштің тең емес екенін 
біліп, Исатайдың талаптарын орындап, өзі хан ордасындағы Генске қосылуға 
кетеді.  Сөйтіп  орыстардың  әскери  құрамдары  соғыссыз  беріліп,  Исатай 
әскері  жеңіске  жетеді.  Халық  қозғалысының  мәні  өзгереді.  Исатай  мен 
Махамбет  бастаған  халық  қозғалысы  тек  қана  ханға  қарсы  емес,  ханды 
қолдап отырған Орынбор әкімшілігіне қарсы күреске шығады. 

    Қарашаның 9 күні Генс хан ордасынан шығып Исатай ауылына келе 
жатқан Жайық казактарымен қосылу үшін Берекелі-Қуаға бағыт алады. Бірақ 
Генс  қарсы  жақ  күштермен  Бекетай  ауылында  кездесіп,  тосыннан  Тас-Төбе 
құмына қарай жүруге бұйрық береді. 
    Сөйтіп  1837  жылы  қараша  айының  15  күні  Тас-Төбеде  болған 
соғыста  күштің  тең  болмауы  себепті  Бөкей  ордасындағы  Исатай  мен 
Махамбет  бастаған  халық  қозғалысы  жеңіліс  табады.  Бұл  шайқаста  Исатай 
бастаған  жігіттер  60  адамнан  айырылады,  баласы  Ақия  өледі,  көптеген 
жігіттер қолға түседі. 
    Тас-Төбе  шайқасынан  кейін  Бөкей  хандығындағы  қозғалыс  жеңіліс 
тауып,  оның  басшылары  Исатай  мен  Махамбет  жасырынып  жүріп,  Жайық 
арқылы Кіші жүз жеріне өтіп кетуге күш салады. Жайық казактары бірнеше 
рет қолға түсіруге әрекет жасайды. Желтоқсан айының 12-нен 13-не қараған 
түнде  боранды  пайдаланып  Жайық  казактарының  Еменхимин  мен  Баксай 
бекіністерінің арасынан өтіп Кіші жүз даласына жетеді. 
    Исатай  мен  Махамбет  бастаған  халық  қозғалысы  Кіші  жүзге 
өткеннен  кейін  де  тоқтамайды.  Кіші  жүзде  Хиуа  ханының  қолдауымен 
орыстарға  қарсы  күреске  шығады.  Исатай  Кіші  жүзде  2000  қол  жиып,  Кіші 
жүздегі  Орыс  патшасының  қолшоқпары  болып  жүрген  Баймұхаммед 
Айшуақовқа қарсы күреседі. 
    Осы  кезде  Кіші  жүзде  Жоламан  Тіленшіұлы  бастаған  ұлт-азаттық 
қозғалыс  кең  етек  алып,  Торғай  және  Елек  өзені  бойындағы  Кенесары 
қозғалысына  қосылуға  бағыт  алған  болатын.   Сондықтан  Орынбор  генерал-
губернаторы Перовский соғыс министрлігімен келіспей, маусымның 28 күні 
подполковник  Генсті  шақырып,  әскери  құрам  құрып,  далаға  баруға  бұйрық 
береді. Полковник Генс Орынбор және Жайық  казактарынан 150 адам және 
екі зеңбірек қаруымен, азық-түлік алып, шілденің 6-сы күні далаға енеді. Осы 
шайқаста Исатай ерлікпен қаза табады. 
    Қазақ халқының ер жүрек батыры Исатай Тайманұлы өлгеннен кейін 
халық қозғалысы жеңілді. Исатайдың досы Махамбет Өтемісұлы аман қалған 
достарымен  Хиуа  хандығына  өтеді.  Одан  кейін  Орынбор  әкімшілігі  қолға 
түсіріп  Орынборда  соттап,  Атырау  өңіріне  жібереді.  Орынбор  әкімшілігі 
сотының үкіміне риза болмаған Баймұхаммед жігіттері 1846 жылы қыркүйек 
айында Махамбетті үйінде отырған жерінде қонақ болып келіп өлтіріп кетеді. 
    Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының екінші кезеңі (1837-1870 
жж.).  К.  Қасымұлының  ұлт-азаттық  көтерілісі.  Қазақтардың  ХҮІІІ-ХІХ 
ғасырларды болған барлық басқа ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің 
ерекшелігі, - оған үш жүздің бұқара халқы түгел қатысты. Көтерілістің бүкіл 
халықтылығы,  кең  қанат  жаюы,  айқын  көрінген  саяси  сипаты  Кенесары 
көтерілісінің  өзіне  тән  ерекшелігі  еді  деу  керек.  Көтеріліске  қатысушы 
рулардың  саны  1843-1845  жылдары  көбейе  түскен.  Кенесарыны  анағұрлым 
белсене  қолдағандар:  Қыпшақ,  Төртқара,  Жағалбайлы,  Табын,  Тама, 
Бағаналы,  Шекті,  Алшын,  Керей,  Жаппас,  Арғын  рулары  т.б.  Кенесары 
көтерілісіне  ру  шонжарлары  -  билер  және  басқа  ірі  феодалдар  қатысты. 
Мысалы, Ш. Едігенов, Шорман Күшінов, Мұса Шорманов т.б. 

    Кенесары  1837  жылы  көктемде,  өзі  көтеріліске  шығар  алдында, 
патша үкіметін Көкшетауда және Ақмолада, яғни Кенесарының өзінің тұрған 
жерінде  бекініс  жүйесін  салудан  бас  тарту  қажеттілігіне  көзін  жеткізу  үшін 
әрекеттер жасаған болатын. Бұл кезде Қоқан хандығы иелігінде көшіп-қонып 
жүрген Кенесары, осы мақсатпен патша үкіметіне арнап, наразалық білдірген 
бірнеше  хат  жолдады.  «Ата  -  бабаларымыз  мұра  еткен,  -  деп  жазды  ол 
осындай  хаттардың  бірінде,  -  Есіл,  Нұра,  Ақтау,  Ортау,  Қарқаралы,  Тобыл, 
Құсмұрын,  Оралға  дейінгі  Тоңзақ  т.б.  қазіргі  патша  тұсында  бізден  тартып 
алынып, ол жерлерде бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын 
жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің болашағымыз үшін ғана емес, сонымен 
бірге бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті». Күткендей-ақ бұл хаттар жауапсыз 
қалды. 
    Орта  жүздегі  бытыраңқы  көтеріліс  ошақтары  Кенесарының 
басшылығымен  1837-1838  жылдар  аралығында  біртұтас  қозғалысқа  біріге 
бастады. 
    1838 жылы Ақтау мен Ақмола арасындағы разъезге Кенесары әскері 
шабуыл  жасап,  онда  орналасқан  Симоновтың  отрядын  талқандап,  10 
пистолет, 9 мылтық, 13 қылыш, 7 найза, 495 мың оқ, 490 пистолет патронын 
және  т.б.  қару-жарақтарды  қолға  түсірді.  1838  жылдың  күзінде  Кенесары 
сарбаздары  патша  үкіметінің  жазалаушы  әскерлерімен  бірнеше  қарулы 
күреске  түсті.  Солардың  ішінде  айрықша  кескілескен  айқас  мықты 
бекіністердің  бірі  болып  саналатын  Ақмола  приказы  үшін  болды.  Оны  аға 
сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдайменнің әскерлері мен әскер старшыны 
Қарбышев басқарған жақсы қаруланған гарнизон қорғайтын. Кенесары қарсы 
жақтың едәуір әскерлерін тұтқындап, қару-жарақтарды олжалады. 
    1838  жылдың  аяғына  қарай  Кенесары  Ырғыз  бен  Торғай  жаққа 
көшті.  Ол  кезде  бұл  жерлер  Орынбор  әскери  губернаторлығына  қарайтын. 
Оның  генерал-губернаторы  граф  В.А.  Перовский  еді.  Ол  көтерілісшілермен 
ара-қатынасты  бейбіт  жолмен  шешуге  тырысты.  Келіссөздер  барысынды 
В.А.Перовский  уақытша  келісімге  келді.  Ол  бойынша  Кенесары  шекара 
шебіне  шабуыл  жасамауға  уәде  берді.  Бұл  тыныштық  1842  жылға  дейін 
созылды.  Дегенмен,  бұл  кезде  де  Батыс  Сібір  отрядтарымен  қарулы 
қақтығыстар тоқталған жоқ. 
    1841  жылы  қыркүйекте  қазақтың  үш  жүзінің  өкілдері  жиналып 
Кенесарыны ата-бабамыздың салты бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкіл 
қазақ халқының ханы етіп сайлады. 
    Орынбор  әкімшілігімен  уақытша  бітімге  келген  кезде,  1841-1842 
жылдары  Кенесары  Қоқан  хандығының  қол  астындағы  қазақ  жерлерін 
қайтару  үшін  күрес  жүргізеді.  Соғыс  нәтижесінде,  Созақ,  Сауран  қалалары 
азат  етіледі.  Түркістанды  қоршайды.  Қоқан  хандығы  келіссөз  жүргізуге 
мәжбүр болады. 
    1842  жылы  В.А.  Перовский  Петербургке  қызметке  кетіп,  оның 
орнына  генерал-губернатор  болып  Обручев  келді.  Перовскийге  қарағанда 
оның Кенесарыға және арадағы мәселені шешуге көзқарасы басқа еді. Соны 
пайдаланып, Горчаков сол жылы Сотников басқарған отрядты Кенесарының 

ауылын  шабуға  жібереді.  Сөйтіп,  патша  әкімшілігімен  жасалған  бітім 
Горчаков тарапынан бұзылды. 1843 жылдың 27 маусымында Николай І қазақ 
даласына  көтерілісті  басу  үшін  әскер  жіберу  туралы  өкім  шығарды. 
Кенесарының басын әкелген адамға 3000 теңге сыйылық  жариялады. Патша 
әкімшілігі  1844  жылдың  көктемінде  қатарынан  үш  отрядын  жіберуді 
ұйғарды.  Олар  Ор  бекінісінінен,  Ұлытаудан  және  Тобыл  өзенінен  бір 
мезгілде аттанып, Кенесары жасақтарын жан-жақтан қоршап, оларға шешуші 
соққы  беру  қатаң  тапсырылды.  Бұған  қоса  Батыс  Сібір  генерал-
губернаторлығынан  Лебедев  және  Фалилев  басқарған  екі  патша  үкіметіне 
берілген  сұлтандардың  басшылығымен  қазақтардан  қосымша  отрядтар 
жасақталды. 
Барлық 
соғыс 
операциясын 
басқару 
генерал-майор 
Жемчужниковке  жүктеледі.  Бұл  кезде  Кенесары  санында  20  мыңдай  әскер 
бар еді. Патша отрядтарының бастарын біріктірмей, жеке-жеке соққы беруді 
шешті. Жауынгерлердің бір бөлігін Сібірден шыққан отрядқа қарсы жіберді. 
Кейін  Лебедев  Кенесарыға  қарсы  күресте  дәрменсіздік  көрсеткені  үшін 
Орынборға  шақыртылып,  орнынан  босатылып,  сотқа  берілді.  Бұл  кезде 
Кенесары  өзінің  негізгі  күшімен  Константиновск  бекінісін  шапты.  1844 
жылы шілденің 20-нан 21-не қарайтын түні Өлкеаяқ өзенінің жанында Ахмет 
Жантөриннің отрядын тұтқындап қоршап, толық қиратты. 
    1846  жылдардың  басында  Кенесары  әскерелерімен  Балқаш  көлі 
маңайына қоныс аударды. Патша үкіметі Кенесары басқарған көтерілістерді 
жоюға   генерал-майор  Вишневский  басқарған  әскерлерді  жіберді.  Кенесары 
1846  жылы  Қоқанға  қарсы  күресте   Әулиеата  (Тараз),  Мерке  қалаларын 
алады.  1846  жылы  Кенесарыны  қолдаушы  Ұлы  жүздің  Саурық  батыры 
қырғыздардың  Жаманқора  деген  батырын  өлтіреді.  Қырғыздар  оған  жауап 
ретінде  Саурық  батырдың  ауылына  шабуыл  жасап,  жігіттерімен  бірге  оны 
өлтіріп,  мал-мүлкін  тонап  кетеді.  Осындай  шиеленістердің  нәтиежесінде 
1847 жылы Кенесары 10 мың сарбазымен қырғыздар жеріне басып кіреді. 
    Кенесарының  соңғы  шайқасы  Кекілік  сеңгірінде  өтті,  қырғыз 
манаптары,  Вишневскийдің  отряды  және  Қоқан  хандығының  әскерлері 
«Алмалы  сай»  шатқалында  үш  жақтан  Кенесары  әскерін  қоршады.  Күштері 
әлденеше  есе  көп  жау  әскерімен  қаһармандық  күресте  Кенесары  32  қазақ 
сұлтандарымен бірге қаза тапты. 
    Кенесары  Қасымұлы  басқарған  ұлт-азаттық  көтерілістің  жеңілуіне 
бірнеше  себептер  болды.  Оның  ішінде  ең  бастысы  бүкіл  қазақ  халқының 
біртұтас  бірікпеуі,  кейбір  ру  басшыларының  өз  бетіне  бас  болмақ  болуы, 
рулық жіктелу, қазақ феодалдарының Ресей мемлекетін қолдауы. Кенесарыға 
Ресей,  Қоқан,  Бұхар  хандықтарымен  күресуде  күші  тең  болмады.  Сонымен 
қатар  ол  өзін  жақтамаған  қазақ  және  қырғыз  ауылдарын  шабуы  сол  жердің 
халқының  наразылығын  тудырып,  көтерілісті  әлсіретті.  Сонымен,  Кенесары 
Қасымұлы  бастаған  ұлт-азаттық  көтеріліс  жеңіліс  тапқанымен,  ол  қазақ 
халқының  тарихында  мәңгілік  өшпес  із  қалдырды  және  тарихи  маңызы  зор 
болды.  
 
 

Өзіндік бақылау сұрақтары: 
1. Сырым Датұлы бастаған көтерілістің қозғаушы күші, мақсаты мен 
міндеттерін атаңыз.  
2. 1822 және 1824 жылдардығы Уставтардын (жырғы) мақсаты мен мәні неде, 
қалай ойлайсыздар?  
3. Жәнгір ханның «аристократиялық» реформаның жүзеге аспауының себебі 
неде?  
4. 1836-1838 жылдардағы көтерілістің кезеңдерін, мақсатын, сипатын айтып 
беріндер?  
5. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің мақсаты және ерекшелігі неде?  
68. Қазақстанның Россияға қосылуы қашан аяқталды?  
9. 1867-1868 жылдардағы реформалардың мақсатын тұсіндіріңіз.  
10. 1867-1868 жылдардағы реформалар сот құрылысына қандай өзгеріс 
енгізді?  
11. Қазақ жеріне орыс-казак шаруаларын жаппай қоныстандыру қашан 
жүргізілді?  
12. 1868 жылы қабылданған «Жетісуға шаруаларды» қоныстандыру туралы 
ұақытша Ереженің авторы кім?  
13. Қазақ даласында капиталистік қатынастар қашан дами бастады?  
14. Орынбор-Ташкент темір жолы қашан іске қосылды.  
15. 1867-1868 жылдардағы реформалардың ең басты ауыртпалығы немен 
байланысты болды?  
16. Қазақстанда сауданың қандай түрлері дамыды, атаңыз.  
17.1871-1897 жж. аралығында Қазақстанға қоныс аударғандар саны-атаңыз.  
18. XIX ғасырда кредиттік мекемелер ең көп қай жер болды?. Кенесары 
қүрған мемлекетті сипаттын беріңдер. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет