Бағдарламасы негізінде құрастырған «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар»


Қазақ хандығының гүлденуі. Қасым ханның ішкі және сыртқы



Pdf көрінісі
бет16/34
Дата11.01.2017
өлшемі2,41 Mb.
#1677
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   34

Қазақ хандығының гүлденуі. Қасым ханның ішкі және сыртқы 
саясаты 
XVI ғасырдың басында нығайған Қазақ хандығының жағдайы аталмыш 
ғасырдың  20-жылдарынан  бастап  әлсірей    бастады.  Қазақ  хандығын 
нығайтуға  және  күшейтуге  қажырлы  қайрат  жұмсаған  Қасым  хан  қайтыс 
болғаннан соң  оның мұрагерлері арасында өкімет билігі үшін ішкі талас пен 
қырқыстар  туды.  «Тарихи  Рашидидің»  авторы  Мұхаммед  Хайдар  Дулати 
айтқандай:  «Қазақ  сұлтандары  арасында  дау-шар  басталды».  Қасым  ханның 
баласы  Мамаш  әкесінің  орнына  хан  болып,  бірақ  көп  ұзамай  өзара 
қырқыстың бірінде қаза тапты.  
Бұдан соң 1523-1533 жж. Қасымның немере інісі Тахир хан болды. Бірақ 
оның ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам 
еді.  Ол  феодалдық  қырқыстарды  тия  алмады,  көрші  елдердің  көпшілігімен: 
Шайбани  әулетімен,  Ноғай  Ордасымен  және  Моғолстан  хандарымен  де 
жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және 
солтүстік-батыстағы  жерінің  біраз  бөлігінен  айырылып,  оның  ықпалы  тек 
Жетісуда ғана сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып Моғолстан 
ханына  қарсы  қырғыздармен  одақ  жасасты.  1527  жылдан  кейін  ол  көбінесе 
қырғыздарды  биледі,  ойрат-жоңғарлардың  Жетісуға  жасаған  шабуылына 
қарсы  күресті.  Мемлекеттік  билік  құлдырап,  мемлекеттің  шекара  аумағы 
қысқара түсті.  
ХҮІ ғасырдың 30-80 жылдарындағы Қазақ хандығы 
Тахир ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533-1534 жж.) қазақ-
қырғыз  бірлестігінің  басшысы  болды.  Жетісу  өңіріне  билік  еткен  ол 
қазақтардың  бір  бөлігін  ғана  билеген.  Оның  тұсында  да  феодалдық 
қырқысулар  мен  соғыстар  тоқталған  жоқ.  ХҮІ  ғасырдың  30-жылдарында 
Бұйдаш  ханмен  қатар  өзге  де  қазақ  хандары,  мысалы,  Қазақстанның  батыс 
өңірінде  Ахмет  хан,  Жетісуда  Тоғым  хан  болған.  Міне,  бұл  жағдай  Қазақ 
хандығының феодалдық бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді.  
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы 
қайта  бірігіп,  дами  түсті.  Ол  хандық  билікті  нығайтуға  және  күшейтуге 
қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ 
хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, 
сол  заманның  тарихи  деректерінде  оны  «қазақтар  мен  қырғыздардың 
патшасы»  деп  атады.  Ол  осы  қазақ-қырғыз  одағына  сүйене  отырып, 
Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу  әрекетіне 
тойтарыс берді.  
Хақназар  хандық  құрған  кезде  Қазақ  хандығының  сыртқы  жағдайында 
аса  ірі  тарихи  оқиғалар  болып  жатты.  Мемлекеттің  солтүстігінде  Ресей  өз 
иеліктерін қазақ даласына едәуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып 
алғаннан  кейін  Еділ  өзенінің  барлық  аңғары  Ресейдің  қол  астына  кірді. 
Башқұрт  және  Сібір  хандықтары  Ресей  құрамына  енгеннен  кейін,  ноғайлар 
Қазақ  хандығының  солтүстік-шығысына  ығыса  бастады.  Олар  Еділден 
Ертіске  дейінгі  аралықта  көшіп-қонып  жүрді.  Башқұрттар  мен  Сібір 

татарлары  да  қазақ  жерлеріне  енуін  тоқтатпады.  Сырдарияның  төменгі 
ағысына қарақалпақтар келе бастады.   
Еділ  мен  Жайық  арасындағы  өңірді  мекендеген  Ноғай  Ордасы  ыдырай 
бастады.  Ноғай  одағы  ыдырап,  ауыр  дағдарысқа  тап  болды.  Оған  қарасты 
көшпелі  тайпалардың  бір  бөлегі  Қазақ  хандығына  келіп  қосылды.  Хақназар 
Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі  – алшын 
одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды 
«қазақтар  мен  ноғайлардың  ханы»  деп  атаған.  Сөйтіп,  ХҮІ  ғасырдың  60-
жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және 
олардың  этникалық  территориясы  Қазақ  хандығына  бірікті.  Бұрын  Ноғай 
Ордасының  астанасы  болып  келген  Сарайшық  қаласы  да  Қазақ  хандығына 
өтті.  Бұл  жағдай  Қазақ  хандығының  солтүстік-батыс  және  солтүстік 
жағындағы  жағдайда  өзгеріс  тудырды.  Орыс  мемлекеті  мен  Қазақ  хандығы 
арасындағы  кең  өңірді  алып  жатқан  Ноғай  Ордасының  ыдырауы,  оның  бір 
бөлігінің  Қазақ  хандығына  қосылып,  енді  бір  бөлегінің  орыс  патшасына 
бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын 
Қазақ хандығына жақындата түсті.  
1563  жылы  Сібір  хандығының  билігіне  келген  Көшім  хан  Қазақ 
хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен 
қазақ  хандары  арасында  да  қақтығыстар  болып  тұрды.  Осындай  күрделі 
жағдайларда  Хақназар  хан  Қазақ  хандығының  сыртқы  саясатын  өзгертті. 
Өзінен  бұрынғы  қазақ  хандары  үнемі  жауласып  келген  Мауераннахрдағы 
шайбани  әулетімен  одақтастық  байланыс  орнатуға  ұмтылды.  Сөйтіп, 
шайбанилық  Бұхара  ханы  Абдолла  ІІ-мен  одақтық  келісім-шарт  жасасты. 
Соғыс  қимылдары  тоқтап,  бейбітшілік  орнады,  қазақтардың  Орта  Азия 
халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. 
Мұның  өзі  Қазақ  хандығының  ішкі  жағдайын  жақсартуға,  шаруашылық 
өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті.  
Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент 
билеушісі Баба сұлтан астыртын  өзінің  адамын жіберіп  өлтіртті.  Қадырғали 
Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. 
Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған».  
Хақназар  хан  қаза  болған  соң  оның  орнына  Жәдік  сұлтанның  баласы  
Жәнібек  ханның  немересі  Шығай  1580-1582  жылдары  хан  болды.  Ол  бұл 
кезде  сексен  жаста  болғанымен,  қазақтардың  ішінде  беделді  хан  болды. 
Оның  өміріне  қатысты  мәліметтер  тарихта  аз  сақталған.  Шығай  хан  қазақ 
хандығының  сыртқы  саясатындағы  Хақназар  хан  ұстаған  бағытты 
жалғастырды. Ол  Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ 
мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды.  
1582 жылы Бұхара ханы Абдолла қазақ ханы Шығай және оның баласы 
Тәуекел  сұлтанмен  күш  біріктіріп,  Ташкент  билеушісі  Баба  сұлтанға  қарсы 
Ұлытау  жорығын    ұйымдастырды.  Баба  сұлтан  жеңіліп,  Дешті-Қыпшақ 
даласына  қашты,  өзбек,  қазақ  әскерлері  Баба  сұлтанды  Сарысуға,  Ұлытауға 
дейін қуды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе 
жатқан Баба сұлтанды Тәуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға әкеледі. Қас 

жауын  жойғанға  риза  болған  Абдолла  хан  Тәуекелге  Самарқан  өлкесіндегі 
Африкент уәлаятын тарту етті. 
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 
жж.) отырды.  Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, 
қазақ  және  өзбек  билеушілері  арасындағы  жаугершілік  қайта  қоздады. 
Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, 
Абдолла  әуелдегі  Түркістаннан  төрт  қала  беруі  туралы  уәдесінен  бас 
тартады,  екіншіден,  біздің  ойымызша,  басты  себеп  –  Абдолла  Тәуекел 
ханның  беделінен,  батырлығы  мен  батылдығынан  қорқа  бастайды,  яғни 
Тәуекел  ханнан  өзінің  бақталасы  ретінде  қауіп  төнгенін  сезді.  Өйткені 
кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани  мемлекетінің 
қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, 
бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. 
Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті 
нығайтуға  күш  салады.  Ендігі  жерде  ол  Сыр    бойындағы  қалалар  үшін 
Абдолламен  күресті бастайды. 1586 жылы  Ташкентті алуға әрекет жасайды. 
Абдолланың  негізгі  күштері  Мәуереннахрдың  солтүстігінде  шоғырланды. 
Бұны  білген  Тәуекел  хан  Мәуереннахрдың  оңтүстік  аймақтарына  шабуыл 
жасайды.  Оның  шабуылы  Түркістан,  Ташкент,  Самарқанд  қалаларына  қауіп 
төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы 
сәтсіз аяқталады.  
Тәуекел  хан  қазақ  хандығының  сыртқы  саясатын  нығайту  барысында   
орыс  мемлекетімен  дипломатиялық  қарым-қатынастарды  жандандырды. 
Қазақ  ханы  сыртқы  саясатта  өзін  қолдайтын  одақтастар  іздеді.  1594  жылы 
Тәуекел  хан  Ресейге  достық  келісім  жасасу  үшін  Құлмұхаммед  басқарған 
Қазақ  хандығының  тұңғыш  ресми  елшілігін  жібереді.  Тәуекел  ханның 
бұндағы  мақсаты  Ресей  мемлекетінің  көмегімен  Абдоллаға  қарсы  күресті 
жандандыру,  Сібір  ханы  Көшімге  қарсы  одақ  құру  және  1588  жылы  орыс 
әскерлері  ұстап  әкеткен  өзінің  немере  інісі,  Ондан  сұлтанның  баласы 
Оразмұхаммедті  тұтқыннан  босату  болды.  Оның  жанында  қазақтың  әйгілі 
тарихшысы  Қадырғали  Жалайыр  бар  еді.  1595  жылы  елшіге  орыс 
патшасының  жауап  грамотасы  тапсырылды.  Онда  орыс  патшасы  Тәуекел 
ханға  Қазақ  хандығын  «өзінің  патшалық  қол  астына  алатынын»  және  «оқ 
ататын  қару»  жіберетінін  уәде  етті.  Сонымен  бірге  мынадай  талап  қойды: 
«біздің  патшалық  қоластымызда  болғандықтан  және  біздің  патшалық 
әміріміз  бойынша  Бұқара  патшасымен  және  бізге  опасыздық  жасаған  Сібір 
патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын 
боласыздар».  Орыс  мемлекеті    Қазақ  хандығымен  әскери  одақ  құрудан  бас 
тартқанымен,  Тәуекел  хан  орыс  мемлекетімен  дипломатиялық  қарым-
қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов 
Қазақ  хандығына  келді.  Нәтижесінде  екі  мемлекет  арасында  сауда 
байланыстары жанданды. 
Бұл  кезде  ойраттардың  бір  бөлігі  Тәуекел  ханға  тәуелді  болды. 
Сондықтан  ол  өзінің  Мәскеуге  жолдаған  грамотасында  өзін  «қазақтар  мен 
қалмақтардың патшасы» деп атады.  

1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда 
ықпалды  адамдардың  қолдауымен  Абдолланың  ұлы  Абдылмомын  әкесіне 
қарсы  шықты.  Осы  қырқысты  пайдаланып,  Тәуекел  Ташкент  қаласының 
түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла 
хан  қайтыс  болып,  Абдылмомын  хан  болды.  Осы  орайды  пайдаланған 
Тәуекел хан жүз  мың әскермен  Мәуераннахрға басып  кіріп, Ахси, Әндіжан, 
Ташкент,  Самарқан  қалаларын  басып  алды.  Бірақ  Бұхараны  қоршау  кезінде 
Тәуекел  хан  ауыр  жараланып,  Ташкентке  қайтып  келіп  қаза  болды.  Сөйтіп, 
ол  өз  мемлекетінің  солтүстік-батыс  шекарасындағы  бейбіт  жағдайды  және 
Орта 
Азиядағы 
шайбанилықтардың 
алауыздығын, 
бұл 
әулеттің 
Аштарханилықтар-  дың  жаңа  әулетімен  ауыстырылғанын  пайдаланып, 
сырдариялық  қалалар  үшін  ұзаққа  созылған  күресті  табысты  тәмамдады. 
Абдолла  ұрпақтарының  өзара  билікке  таласы  нәтижесінде  Шайбани  әулеті 
өмір сүруін тоқтатады.  
Тәуекел  Орта  Азияға  жорығында  тек  қарулы  күшке  емес,  Орта  Азия 
халықтарының  белгілі  бір  әлеуметтік  топтарына  сүйенді.  Атап  айтқанда, 
Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел 
әскерінің  құрамында  «Түркістан  тайпаларының  және  қырдағы  өзбектердің» 
жауынгерлері  болғанын  айтады.  Жалпы,  Шайбани  ұрпақтарының  өзара  
қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел 
ханды  қолдады  десек  қателеспейміз.  Өйткені  Шайбани  тармағынан  тараған 
Жошы  ұрпақтарының  өзі  Мәуераннахрда  Шайбани  әулетін  қазақ 
хандарының  әулетімен  алмастыруға  ниет  білдірген.  Өкінішке  орай, 
Мәуераннахр  қазақ  хандарының  қолына  толығымен  көшпеді.  Сөйтсе  де,  
Ташкент  және  оның  аймағы  200  жыл  бойы  Қазақ  хандығының  құрамында 
болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.  
ХҮІІ ғ. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы 
Шайбанилер әулетінің орнына келген Аштархани әулеті XVII ғасырдың  
алғашқы  онжылдығында  Түркістан,  Ташкент,  Ферғана  қалаларын  қайтару 
үшін жорықтар жасады. Олар тек Ферғана қаласын қайтара алды. 
Ташкент,  Түркістан,  яғни  Сырдария  орта  ағысының  екі  жағасындағы  
отырықшы-егіншілік  аудандардың  Қазақ  хандығының  құрамына  енуі,  Қазақ 
хандығының экономикасына, қоғамдық және саяси құрылысына күшті ықтал 
етті,  Орта  Азия  мен  Қазақстан  арасындағы    мәдени-сауда  байланысы 
дамыды. 
Тәуекел  ханның  орнына  1598  жылы  хан  болған  Есімнің  Аштарханилер 
өкілдерімен  жасасқан  келісімі  бойынша  Қазақ  хандығының  құрамына 
қалаларымен  бірге  Түркістан  аймағы,  Ташкент  қаласы  атырабымен,  біраз 
уақытқа Ферғана кірді.   
Осы  кезде  болған  тағы  бір  тарихи  оқиға  –  Көшім  хан  билеген  Сібір 
хандығының жойылуы еді. Тарихи әдебиетте Сібір халқы – Сібір татарлары 
деп  аталған.  Ресейден  Сібірге  жорыққа  аттанған  атаман  Ермактың  жасағы 
1582  жылы  қазан  айында  Сібір  ханы  Көшімнің  әскерлеріне  тұтқиылдан 
шабуыл жасап, оны жеңіліске ұшыратты. Көшім өз әскерлерімен оңтүстікке 
шегініп,  1598  жылға  дейін  орыс  әскерлеріне  табанды  қарсылық  көрсетті. 

Бірақ  Көшім  көмексіз  қалған  еді,  бұл  кезде  Көшімнің  Орта  Азиядағы 
одақтасы Шайбани әулеті құлап (1598), оның орнын Аштархан әулеті (1599-
1735)  басқан еді. Ақырында біржолата  жеңілген Көшім  Орта Азияға қашып 
кетті де, 1598 жылы Сібір хандығы жойылды. Бұрын Сібір хандығының қол 
астына қараған қазақ тайпалары Қазақ хандығына бірікті.  
Есім  хан  (1598-1628  жж.)  қазақ  тарихында  «Еңсегей  бойлы  ер  Есім» 
деген  атпен  әйгілі  болды,  оған  бұл  атақ  1598  жылы  ағасы  Тәуекел  ханмен 
бірге  Мауераннахрға  жасаған  жорықта  ерлігімен  ерекше  көзге  түскені  үшін 
берілген  екен.  Есім  –  Шығай  ханның  баласы.  Хан  тағына  отырған  соң 
Бұхарамен  бітім-шартын  жасасып,  Орта  Азия  қалаларымен  бейбіт, 
экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын  бір орталыққа 
бағынған  мемлекет  етіп  құруды  көздеді.  «Есім  ханның  ескі  жолы»  деп 
аталған заңдар жинағын құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа 
бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар Қазақ хандығын бөлшектеуге 
тырысты.  
Ташкент  қаласы  Қазақ  хандығына  қараған  соң  оны  Жәнібек  ханның 
немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. 
Ол  көп  ұзамай  тәуелсіз  хан  болуға  әрекет  жасады,  тіпті  өз  атынан  ақша 
соқтырып,  алым-салықтар  жинады.  Сонымен,  Қазақ  хандығы  екіге  бөлініп, 
Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен 
Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Екі 
хан  арасындағы  күрес  шиеленісіп,  1627  жылы  Есім  хан  Тұрсын  ханды 
өлтіріп,  қазақ  хандығын  өз  қол  астына  біріктірді.  Қазақ  хандығын  біріктіру 
жолындағы  Есім  ханның  күрестері  қазақтың  «Еңсегей  бойлы  ер  Есім»  атты 
тарихи жырына өзек болған.  
XVII  ғасырдың  басында  қазақ  билеушілері  мен  Аштарханилер  
арасындағы  өзара  қатынастар  тұрақсыз  болды,  олардың  арасындағы 
қақтығыстар  уақытша  одақпен  алмасып  отырды.  Мысалы,  Аштарханилер 
әулетінің  өкілі,  Бұхар  ханы  Иманқұл  Ташкентті  тартып  алуға  тырысты,  сол 
мақсатпен  1611  және  1613  жылдардың  басында    жорық  жасады.  Алғашқы 
жорығында  Иманқұл  хан  Самарқандқа  дейін  жетіп,  Ташкент  пен  оның 
аймағына  өзінің  құқығын  мойындатты.  Екінші  жорығы  да  Ташкентке 
бағытталып,  қазақтарды  ойсырата  жеңіп  шығады.  Осы  жеңістен  кейін  ол 
өзінің  ұлы  Ескендір  сұлтанды  Ташкенттің  билеушісі  етіп  тағайындайды. 
Ескендір  сұлтанды  ташкенттіктер  өлтіргеннен  кейінгі  Иманқұл  ханның  кек 
алу жорығы қазақтар үшін ауыр болды. Өзінің Ташкентті алуға ұмтылуында 
ол қазақтың екі ханының өзара жауластығын пайдаланды. Сөйтсе де кейінгі 
жылдары  қазақтардан  жеңіліп,  Иманқұл  қазақ  хандығымен  бейбіт  келісім 
жасады. 
Есім  хан  1628  жылы  қайтыс  болып,  Түркістан  қаласындағы  Ахмед 
Иассауи  кесенесінде  жерленген.  Есім  ханның  мұрагері  Жәңгірдің  өмірі  ат 
үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. Халық оны ел үшін еңіреп 
туған ерлігіне бола «Салқам Жәңгір» деп атаған. Жәңгір хан (1628-1652 жж.) 
билік құрған  жылдары да Сыр  бойындағы қалалар  үшін  Аштарханидтермен 
және Жетісудағы жайылымдар үшін  қалмақтармен қақтығыстар тиылмады.  

ХҮІ - ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығының әлеуметтік құрылымы 
Қазақ  хандығына  қалмақтар  жақтан  төнген  қауіп  зор  болды.  «Қалмақ» 
сөзі  батыс  монғолдардың  түрікше  аты.  Олар  өздерін  ойраттар  деп  атаған. 
Қалмақтар бұл жылдары шығысында Хангай таулары, батысында Моғолстан, 
оңтүстігінде Гоби шөлі, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары 
арасында  көшіп-қонып  жүрді.  1635  жылы  бұл  территориядағы  тайпалардың 
басын  біріктіріп,  Батур  қонтайшы  Жоңғар  мемлекетінің  негізін  қалады. 
Осыған  байланысты  жоңғарлар  күшейіп,  қазақ  жерлеріне  жиі-жиі 
шапқыншылықтар  жасай  бастайды.  Жәңгір  хан  тұсында  қазақтар  мен 
жоңғарлар  арасында  үш  ірі  шайқас  орын  алады.  Алғашқы  1635  жылғы 
шайқаста Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп ұзамай қашып 
шығады.  Тұтқыннан  босағаннан  кейін,  Жәңгір  хан  қалмақтарға  қарсы  күрес 
басшылығын өз қолына алады.  1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ 
жеріне  50  мың  әскермен  басып  кіреді.  1644  жылы  Жоңғарияға  барған  орыс 
елшісі  Г.Ильин  жоңғарлардың  50  мың  қолына  Жәңгір  хан  бастаған  600 
жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін,  бұл 600 адам ататын қарумен 
жабдықталған Жәңгір хан әскерінің алдыңғы  шебі болуы мүмкін. Жәңгір өз 
тобының  бір  бөлегіне  жоңғарлар  тар  асудан  асып  келгенше  екі  таудың 
арасындағы  тар  жырада  ор  қазып,  бекініс  жасауға  бұйырады.  Ал  өзі  екінші 
бөлегімен  таудың  екінші  бетіне  жасырынады.  Жоңғарлар  ор  қазып,  бекініп 
жатқан  қазақ  жасақтарына  қарсы  шабуыл  жасайды.  Осы  кезде  Жәңгір  өз 
тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ 
ататын  қару  пайдаланады.  Шайқас  барысында  Батур  қонтайшы  10  мың 
әскерінен  айырылады.  Шайқастың  шешуші  кезеңінде    Жәңгір  ханға 
Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр бастаған 20 мың әскер көмекке келеді.  
Батур  қонтайшы  кейін  шегінуге  мәжбүр  болады.  Сөйтіп,  1643  жылы  жер 
жағдайын  және  соғыс  тәсілін  шебер  пайдаланған  Жәңгір  хан  Самарқан 
билеушісі  Жалаңтөс  батырдың  әскери  көмегі  арқасында  зор  жеңіске  жетті. 
Бұл  тарихта  Орбұлақ  шайқасы  деген  атпен  белгілі.  Бұл  жеңістің  Қазақ 
хандығы үшін зор маңызы болды.  
Бірақ  жоңғар  билеушілері  қазақ  жерлеріне  басып  кіру  үшін  жаңа 
жорықтарға  дайындала  бастады.  Батур  қонтайшы  бытыраған  әскерлерін 
қайта  құрап,  Сібірдегі  орыс  қамалдарынан  қару-жарақ  сатып  алды.  Өзіне 
тәуелді  қырғыздардан  ат-көлік  жинастырды.  Осындай  әскери  дайындықтан 
кейін  Батур  қонтайшы  1652  жылы  қазақтарға  қарсы  аттанды.  Бұл  соғыста 
қазақ  жасақтары  жеңілді.  Жәңгір  хан  осы  1652  жылғы  шайқаста 
жоңғарлардың  қолынан  қаза  тапты.  Жәңгір    хан  да  Түркістан  қаласындағы 
Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген. 
Жәңгір ханнан кейін Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және  
саяси  жағдайы  нашарлады.  Феодал  шонжарлардың  арасында  алауыздықтар 
мен  бақталастықтар  өршіді.  Қазақ  сұлтандары  ұлыстарды  жеке-дара  билеп, 
дербестенуге  бой  ұрды.  Қазақ  жүздерінің  арасындағы  байланыс  нашарлап, 
олар бір-бірінен оқшаулана бастады.  
XVI-XVIII ғасырдың басындағы қазақтардың әлеуметтік- экономикалық  
жағдайы. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері 

оларды    тамақ,  киім-кешек,  тұрғын  үй  материалдары,  сонымен  бірге  көлік 
қызметімен  қамтамасыз  етіп  отырды.  Мал  және  мал  өнімдері  көрші 
халықтармен  айырбас  жасайтын  қаражат  көзі  де  болды.  Қазақтардың  мал 
шаруашылығына  байланысты  Ш.Уалиханов  былай  дейді:  «Дала  көшпелісін 
ішіп-жегізетін  де,  киіндіретін  де  мал,  ол  үшін  өз  тыныштығынан  малының 
аман  болғаны  қымбат.  Жұртқа  мәлім,  қырғыздар  бір-бірімен  амандасқанда:
 
«Мал-жаның  аман  ба?»  деген  сөздермен  бастайды.  Отбасының  мал 
жайын  алдын  ала  сұрастыруы  көшпенділер  өмірінде  малдың  қаншалықты 
маңызы барын айқын көрсетеді». 
Қазақ  жерінің  табиғи-жағрапиялық  ерекшеліктеріне  байланысты  
қазақтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. 
Көшіп-қону  бағыттары  жыл  маусымына  байланысты  өзгеріп  отырды. 
Маусымдық  жайылымдарды  (көктеу,  жайлау,  күздеу,  қыстау)  алмастырып 
көшіп-қонып  отырудың  бұрыннан  қалыптасқан  жолдары  мен  жылдық 
айналымы  орнықты.  Әрбір  ру  белгілі  бір  аймақ  шеңберінде  көшіп-қону 
дәстүрін  ұстанды.  Жайылымдық  қоныстардың  ара  қашықтығы  жүздеген 
шақырымға  созылды.  Мал  шаруашылығы  табиғат  жағдайларына  мейлінше 
тәуелді  болды.  Жем-шөп  дайындау  болмады,  қыста  мал  тебіндеп  жайылды. 
Қыс  қатты  болған  жылдары  жұт  болып,  малдың  жаппай  қырылуы  жиі 
кездесетін,  мұндайда  көшпелі  малшылар  тақырлана  кедейленіп,  көбі 
отырықшылыққа  ауысатын.  Дегенмен  мал  шаруашылығын  жүргізудің 
ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. 
Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен  
мән  берді.  Жылқының  түр-түрі  болған:  жүк  таситын,  салт  мінетін  және 
жүйрік-арғымақтар.  Көшпелі  мал  шаруашылығына  жылқыны  үйірмен  бағу 
тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт 
мінетін  жылқы  ат  деп  аталды.  Қазақтардың  шаруашылығында  қой  жетекші 
орын  алды.  Қыпшақ  даласы    көшпенділерінің  басты  байлығы  қой  болған. 
Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті 
мен  сүті  тағам  болды,  терісі  мен  түбітінен  киім-кешек,  аяқ-киім,  ыдыс-аяқ 
жасалынды.      Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. 
Қазақтар    негізінен  қос  өркешті,  жүнді  түйе  өсірді.  Жылқы,  қой,  түйемен 
қатар  қазақтар  сүті  мен  түбіті  үшін  ешкі  де  өсірген.    Бірақ  ешкі  мен  сиыр 
қазақ шаруашылығында аз болды.  Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті 
білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін 
тек жұт жылдары ғана жеген.   
Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер 
байлығының,  олардың  тұрмыстық  жағдайының  басты  өлшемі  болды.  Ал 
жайылымды  қоғам  мүшелері    қауымдасып  пайдаланған.  Әр  рудың  өзіндік 
жері болды және бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды. 
Қазақтар  егіншілікпен  де  айналысты.  Қазақ  хандығының  түрлі  
аумақтарында  егіншіліктің  дамуы  әркелкі  болды.  Негізінен  отырықшы- 
егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар 
көбіне  тары  дақылын  екті.  Сыр  бойындағы  қалаларда  ирригациялық  жүйе 

барынша  дамыған.  Қалалардың  маңында  суландыратын  арнайы  алқаптар 
болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді. 
Қазақтар  аң  аулаумен  де  айналысқан.  Аң  аулаудың  бірнеше  түрлері 
болған:    құс  салған,  тазы  ит  қосып  аулаған  т.б.  Соның  ішінде  қыран 
құстармен  аң  аулау  басым  болды.  Аң  аулау  дербес  кәсіп  болмаған,  мал 
шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған. 
Қазақтардың  шаруашылығында  әр  түрлі  қолөнер  мен  үй  кәсіпшіліктері  
елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі 
бұйымдар жасаған. 
Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және  
иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. 
Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды. 
XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы және Орта  
Азия  мемлекеттерімен  сауда  байланыстарын  жандандырды.  Сырдария 
қалалары  арқылы  халықаралық  сауда  және  көшпенділермен  дәстүрлі  сауда 
дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен 
Еуропаға  керуен  жолдары  өтті.  ХҮІ-ХҮІІ  ғасырларда  бұл  қалалар  саяси 
орталықтарға  айналып,  онда  қазақ  хандары  мен  сұлтандары  қоныстанды. 
Көшпенділермен  негізінен  айырбас  сауда    жүргізілді.  Сыр  бойындағы 
қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары  жұмыс істеді. Қазақстанның 
көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. 
Көшпелілердің  астыққа  -  бидайға,  тарыға,  арпаға,  егіншілік  пен  бау 
шаруашылығының  басқа  өнімдеріне  деген  және  әсіресе,  маталарға  деген 
сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік 
шаруашылығы 
мен 
отырықшы-егіншілік 
аудандары 
және 
қала 
шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің 
ажырамас белгісі болды.    
Қазақ  хандығы  тұсында  қазақ  қоғамы  негізгі  екі  әлеуметтік    топтан 
тұрды:  ақсүйек  және  қарасүйек.  Ақсүйектер  әлеуметтік  тобына  Шыңғыс 
ханның ұрпақтары – сұлтандар, төрелер және Мұхаммед пайғамбардың үрім-
бұтақтары  –  қожалар  жатты.  Бұл  топ  үш  жүз  қазақтарының  генеалогиялық 
құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары  туылысымен сұлтан 
атағын  иеленіп,  бұл  әлеуметтік  топқа  тиіселі  барлық  ерекше  құқықтармен 
қамтамасыз  етілді.  Шыңғыс  ханның  ұрпақтарының  әрқайсы  хандық  билікке 
үміткер  саналды.  Сонымен  бірге,  бұл  әлеуметтік  топ  руға  бөлінбеді.  Әрбір 
сұлтанның  өзіндік  үлесі  болды.  Қалған  әлеуметтік  топтардың  бәрі 
қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді. 
Қарасүйек  әлеуметтік  тобынан  ерекше  құқықтар  иеленген    тек  билер  
болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік  билік шоғырланды. 
Билер  сұлтандармен  бірге  мемлекеттік  мәселелер  шешілетін  жылдық 
жиналысқа  –  құрылтайға  қатысты.  Небір  беделді  билер  хан  жанындағы 
«билер кеңесінің» құрамында болды.  
Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер  басқарғаны үшін  хан  
немесе  сұлтандар  батыр  деген  құрметті  атаққа  ие  болған.  «Батыр»  ердің 
атағы  ғана  емес,  сонымен  бірге  кәсіби  жауынгерлер.  Қарапайым  жауынгер 

батырлық  танытқанымен,  қолына    Шыңғыс  әулетіне  тән  билік  берілмеген.        
Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дәріптеп отырған. 
Қазақ  қоғамындағы    ешқандай  құқығы  жоқ  мүшелері  –  құлдар    болды. 
Бұл  әлеуметтік  топ  өкілдерін  негізінен  соғыс  тұтқындары  құрады.  Олар  өз 
қожайындарына тәуелді болды. 
Қоғам    мүшелері    дәулет-мүлкінің  мөлшеріне  сай  «бай»  және  «кедей» 
болып  бөлінді.  Осы  кезеңдегі  қазақ  қоғамы  әлеуметтік  топтардың 
иерархиялық    ұйымдасқан  құрылымынан  тұрды.  Бұл  әлеуметтік  топтар  бір-
бірімен  тығыз  байланыста  болды.  Әр  әлеуметтік  топтың  өзіндік  құқықтары 
болды. 
 
Жәңгірдің  баласы  Тәуке  хан  (1680-1718)  тұсында  Қазақ  хандығының 
күш-қуаты  өсіп,  бірлігі  артты.  Тәукенің  туған  жылы  белгісіз,  ал  қайтыс 
болған  жылына  байланысты  ғылыми  зерттеулердегі  пікірлер  де  әр  түрлі. 
Жәңгір  ханның  ұлы  және  мұрагері  Тәуке  1680  жылы  Қазақ  хандығының 
тағына  отырды.  Ол  асқынған  ішкі  феодалдық  алауыздық  пен 
бытыраңқылықты  жойып,  бір  орталыққа  бағынған  Қазақ  хандығын    құруға 
қажырлы  қайрат  жұмсады.  Хандық  билікті  күшейтуге  бағытталған 
реформалар жүргізді.   
 Тәуке  хан  өзінің  даналығы  арқасында  ел  арасында  «әз-Тәуке»  деген 
атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 
жылы  жазған  құжатта:  «Тәуке  хан  өте  ақылгөй  кісі  болған,  оны  қырғыздар 
(қазақтар)  үлкен  құрметпен  еске  алады»,  -  деп  көрсетеді.  Халық  зердесінде 
Тәуке  заманы  Қазақ  хандығының  ең  бір  өркендеген,  «қой  үстіне  бозторғай 
жұмыртқалаған  заман»,  «алтын  ғасыр»  деп  еске  алынады.  Орыстың  белгілі 
тарихшысы А.И.Левшин Тәукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен 
теңеген.  
Тәуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін қазақтың  
барлық  рулары  мойындамаған.  Сондықтан  Тәуке  хан  бытыраңқы  қазақ 
қоғамының  басын  біріктіріп,  бір  орталыққа  бағынған  мемлекет  құруды  
басты міндеті деп санады. Осы мақсатта әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан 
дарынды,  ақылды  адамдарды  мемлекетті  басқару  ісіне  тартты.  Бұған  дейін 
мемлекетті басқару ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен 
тартылатын еді. 
Тәуке  хан  мемлекетті  басқару  ісіне  туа  біткен  данышпан,  ел  арасында 
асқан    ерлігімен,  батырлығымен  дараланған  тұлғаларды,  яғни  билер  мен 
батырларды тартты. Бұл шаралар нәтижелі болды. Мемлекетті басқару ісіне 
де  үлкен  өзгерістер  енгізді.  Билер  кеңесін  құрып,  оның  билік  ауқымын 
кеңейтті. Билердің әлеуметтік тегі тек ақсүйек табынан болмағанын ескерсек, 
қарапайым  халықты  мемлекетті  басқару  жүйесіне  тарту  Тәуке  хан  енгізген 
үлкен өзгеріс болды.  
Билер  кеңесі  мемлекеттің  ішкі  және  сыртқы  саясатына  қатысты 
мәселелерді  шешуде үлкен қызмет атқарды. Билер шешіміне хан қарсылық 
көрсетпеді,  яғни  мемлекеттік  биліктің  басым  бөлігі  халықтың  қолында 
болды. Тәуке ханның тұсында «Билер кеңесінің» құрамына атақты Төле би, 

Қаз  дауысты  Қазыбек,  Әйтеке,  Досай,  Едіге,  Сырымбет,  Қабек,  Даба, 
Есейхан,  Жалған,  Ескелді,  Сасық  би,  Байдалы,  Тайкелтір,  Қоқым  сияқты 
дарынды  қайраткерлер  енді.  Билер  кеңесінің  билік  ауқымы  зор  болған.  Бұл 
органның шешімі негізінде ғана Тәуке хан мемлекеттік мәселелерді шешуге 
құқықты  болған  және  билер  кеңесі  қабылдаған  заңдар  мен  шешімдерді 
жүзеге  асырып  отырған.  Сонымен  қатар  «Билер  кеңесі»  хандық  билікті 
шектеу  құқығына  ие  болған.  Билер  кеңесі  соттық  билікті  де  атқарған. 
Халықтың  дәстүрлі  менталитетінде  билердің  қоғамдағы  мәртебесін 
анықтайтын  қағидалар  көп  сақталған.  Мысалға,  «Атаның  баласы  болма, 
адамның  баласы  бол»,  «Туғанына  бұрғаны  –  биді  құдай  ұрғаны»,  «Таста 
тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік» т.б. Бидің үкімі 
ру,  аймақ  атынан  емес,  тәуелсіз  би  атынан  шығарылды.  Атақты  Әйтеке  би 
ұрпақтарына  мынадай  өсиет  қалдырды:  «Менің  өмірім  өзгенікі,  өлімім 
өзімдікі».    Туа  біткен  даналық  мен  шешендікті  иеленген  билердің  өмірлік 
тәжірибесі  де  мол  болды.  1820  жылы  орыс  және  европалық  құқық 
нормаларымен  жетік  таныс  Д.  Самоквасов  қазақтардың  құқық  жүйесін 
зерттей  келе,  қазақ  билері  халқының  салт-дәстүрі  мен    өткен  тарихын  да 
жақсы  білетіндігі  туралы  жазған.  «Биі  жақсының  елі  жақсы»,  «Батыр  елін 
жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің 
дипломат  қызметін  атқарғанын  да  көрсетеді.  Билер  шешен  болған.  Атап 
айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай әйгілі  шешен»  деп мақтан тұтқан. 
Сөйтіп,  Тәуке  хан  ел  билеуде  атақты  қазақ  билеріне  арқа  сүйеп,  олардың 
қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді.  
Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Әңгірен,  
Түркістан  мен  Сайрам  жеріне  орналасқан  Битөбе,  Мәртөбеде  шақырылған. 
Жыл  сайын  Ташкент  қаласының  маңындағы  Күлтөбеде  үш  жүз  өкілдерінің 
басын  қосқан  жиналысын  өткізіп  тұрған.  Бұл  халық  арасында  «Күлтөбенің 
басында күнде кеңес» деп аталды.  
Тәуке 
хан 
қазақтың 
жыраулары 
мен 
шешендерінің 
және 
шежірешілерінің  басын  қосып,  қазақтың  мақал-мәтел,  шежірне,  аңыз-
жырларын  жинаған.  Сонымен  қатар  қазақ  халқы  арасында  бұрыннан 
қолданылып  келген  ру-тайпалардың  ұрандары  мен  таңбаларын  қайта 
анықтап  белгілеген.  Бұл  тарихта  Орта  Азияда  өмір  сүрген  көшпелі 
хандықтарда  болып  келген  салт  еді.  Жаңадан  таққа  отырған  хан  өзіне 
қарасты  тайпалардың  таңбасын  белгілеп  беріп  отырған.  Бұл  көшпелі 
тайпалар арасында хандық өкімет билігін күшейтудің дәстүрлі шараларының 
бірі еді. 
Тәуке  хан  өзінен  бұрынғы  хандар  тұсында  ішкі  тартыс  салдарынан 
ыдырай  бастаған  үш  жүздің  басын  қосты,  жеке-жеке  ұлыстарды  билеген 
сұлтандардың  бөлектенуіне  тежеу  салып,  Қазақ  хандығының  ішікі  бірлігін 
бекемдеуге  барлық  шараларды  қолданып,  оны  едәуір  күшейтті.  Бұл  тұста 
едәуір  қырғыз  тайпалары  мен  қарақалпақ  тайпалары  Тәуке  ханның 
қарауында  болды.  Тәуке  қырғыздарды  олардың  өз  биі  Қоқым  Қарашор 
арқылы, қарақалпақтарды олардың Сасық биі арқылы басқарып отырған. Бұл 

іс  жүзінде  жоңғарлардың  шабуылынан  қорғануды  негіз  еткен  қазақ,  қырғыз 
және қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді.   
Тәуке  ханның  аты  тарихта  «Жеті  жарғы»  заңдарымен  де  тығыз 
байланысты.  Ол  қазақтың  атақты  билерімен  ақылдаса  отырып,  қазақтың 
әдет-ғұрып  заңдарын,  билер  сотының  тәжірибелерін,  аса  дарындылықпен 
айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа 
жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай 
өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын 
құрастырды.  «Жеті  жарғы»  орыс  деректерінде  «Тәуке  хан  заңдары»  деген 
атпен  белгілі.  Жеті  жарғыға  әкімшілік,  қылмысты  істер,  азаматтық  құқық 
нормалары,  сондай-ақ  салықтар,  діни  көзқарастар  туралы  ережелер 
енгізілген,  яғни  онда  қазақ  қоғамы  өмірінің  барлық  жағы  түгел  қамтылған. 
Оларда  орта  ғасырдағы  қазақ  қоғамының  патриархаттық-феодалдық 
құқығының  негізгі  принциптері  мен  нормалары  баянды  етілген.  Қазақша 
«жарғы»  әділдік  деген  ұғымды  білдіреді.  Жеті  жарғы»  -  жеті  әдеттік 
құқықтық  жүйеден  тұратын  қоғамдық  қатынастарды  реттейтін  салалардың 
жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, 
қылмыстық  жауапкершілік,  рулар  арасындағы  дау,  ұлт  қауіпсіздігін 
қамтамасыз ету. 
«Жеті жарғыны» қазақ халқы  ХІХ  ғасырдың ортасына дейін қолданып 
келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін  қолданылды. Сонымен бірге 
«Жеті  жарғының»  өз  кезінде  қағазға  түсірілмегені  де  белгілі.  Кеңестер 
дәуірінде  «Жеті  жарғыға»  «феодалдық  қатынастардың  сарқыншығы»  деген 
сипат  тағылып,  мүлдем  зерттелінбеді.  Бізге  «Жеті  жарғы»  орыс 
ғалымдарының  жазбалары  негізінде  белгілі.  Алғаш  рет  орыс  ғалымы 
Г.Спасский    жаппас  руының  старшыны  Күбек  Шүкіралиевтің  мәліметтері 
негізінде  «Жеті  жарғының»  11  үзіндісін  1820-шы  жылы  «Сибирский 
вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы 
(  34  үзінді)  А.Левшиннің  зерттеулерінде  беріледі.  Бұл  нұсқалар  «Жеті 
жарғы»  дүниеге  келгеннен  кейін  100  жылдан  соң  халық  ауыз  әдебиеті 
негізінде жариялады. Сондықтан,  бұл заңдар жинағының толық нұсқасының 
бізге жетпегені белгілі.  
«Жеті  жарғы»  заңдар  жинағы  мемлекеттің  ішкі  жағдайын  күшейтуге  
бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет 
жиналуға  міндеттеді.  Бұл  жиындарда  мемлекеттің  сыртқы  және  ішкі 
жағдайына  байланысты  мәселелер  дауыс  беру  негізінде  шешілді.  Жиынға 
қару  асынып  келген  азаматтардың  ғана  дауыс  беру  құқықтары  болды. 
Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан 
бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы 
әр  рудың  өз  таңбасы  болды.  Бұл  таңбалар  құрылтайда  мемлекеттік  рәміз 
дәрежесінде бекітілді. 
Қазақтың  негізгі  байлығы  мал  болғаны  белгілі.  Сондықтан  «Жеті 
жарғы»   заңдарына сай  әр  меншік иесі  өз  малдарына ен  салуға міндеттелді. 
Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді. 

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген.  
Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, 
ұрлық  істеу  және  тағы  басқалары  жатқан.  Кінәлілер  жасаған  қылмыс 
деңгейіне  сай  әртүрлі  жазаға  кесілген.  Бұл    жинақта  «қанға  қан»  заңы 
сақталды.  Бірақ  билер  сотының  екі  жақ  келісуі  бойынша  жазаны  құн 
төлеумен  алмастыруға  мүмкіншілігі  болған.  Құн  төлеу  төрт  жағдайда 
рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны 
кешірмеген  жағдайда,  егер  әйел  некесіз  туған  баласын  өлтірген  жағдайда, 
жұбайлар  арасындағы  «көзге  шөп  салушылық»  дәлелденген  жағдайда  және  
«құдайға  тіл  тигізгені  анықталған  жағдайда».  Өлім  жазасының  екі  түрі 
болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану. 
Жазалаудың  ең  көп  таралған  түрі  –  құн  төлеу  болған.  Қылмыскердің 
және  өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп 
отырған.  Мысалы,  өлген  ер  адамның  құны  1000  қой  болса,  әйел  адамның 
құны  500  қой  болған.  Ал  өлген  адамның  әлеуметтік  жағдайы  ақсүйек  болса 
құн  мөлшері  жеті  есе  өскен,  яғни  сұлтан  немесе  қожа  тұқымынан 
өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл 
тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны  үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың 
құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым  
келтірген  қылмыскер  де  белгілі  мөлшерде  құн  төлеген.  Атап  айтқанда,  бас 
бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған 
заттың  құны  иесіне  «үш  тоғыз»  етіп  қайтарылған.  Мысалы,  ұрланған  100 
түйе  300  жылқыға  немесе  1000  қойға  теңелген.  Бұл  баптардан  біз  «Жеті 
жарғыға»  сай  қылмыс  істеген  әр  әлеуметтік  таптың  құқықтары 
заңдастырылғанын көреміз.  
«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да  
қолданылған.  Мысалы,  әкесіне  қол  жұмсаған  ұл  баланы  қара  сиырға  теріс 
отырғызып  масқаралаған.  Ата-анасына  дауысын  көтерген  қыз  баланың 
жазасын  шешесі  шешкен.  Күйеуін  өлтірген  екіқабат  әйел  елден  қуылса,  
христиан  дінін  қабылдаған  адамның  мал-мүлкі  тәркіленген.  Құдайға  тіл 
тигізгендігі  жеті  адамның  куәлігі  арқылы  анықталған  адам  таспен  атып 
өлтірілген.  
Мал  мен  мүлікті  ұрлау  да  ауыр  қылмыс  болып  табылды.  Егер  ұрыны 
ұрлық үстінде өлтірсе, онда құн төленбейтін болған. Ұстап алған ұрыны дүре 
соғып  жазалауға,  сотсыз-ақ  рұқсат  етілген.  Сөйтіп,  ұры  қатаң  қылмыс 
жазасына тартылды, ұрлап алғанын қайтаруға және «тоғыз» айыбын тартуға 
міндетті болды, яғни ұрланған бір мал үшін тоғыз мал беруге тиіс еді. 
Соттау құқығы тек ханның, билер мен рубасыларының қолында болған. 
Қылмысты істі шешкені үшін билерге ақы төленген. Атап айтқанда, өтелетін 
есенің  оннан  бір  бөлігі  тиіселі  болған.  Сұлтандар  қылмысты  болған 
жағдайда, олардың істерін тек хан қарап, жазалаған.   Қылмыстық  іске  13 
жастан бастап тартылған. Есі дұрыс емес адамдар жауапқа тартылмаған.  
«Жеті  жарғы»  қабылданғаннан  кейін  ішкі  қырқыстар  азайып,  қоғамда 
біршама  тыныштық  орнады.  Тәуке  хан  мемлекеттің  ішкі  жағдайын  нығайту 
барысында  басқа  да  шараларды  жүзеге  асырды.  Атап  айтқанда,  кіші  жүздің 

аз жеті руын бір тайпаға, орта жүздің уақтары мен керейлерін бір уақ-керей 
бірлестігіне  біріктірді.  Сөйтсе  де,  көшпелі  қоғам  салты  мен  оның  геосаяси 
жағдайы мемлекет бірлігіне қайшы келді. Тәуке ханның билік құрған соңғы 
жылдарының өзінде басқа хандар мен сұлтандардың оқшаулануға ұмтылысы 
байқалды.  
Тәуке ханның  сыртқы саясаты  көрші елдермен  тату көршілік байланыс 
орнатуға,  олармен  экономикалық,  сауда-саттық  қарым-қатынас  жасауға 
тырысқан бейбіт дипломатиялық саясат болды. Тәуке хан 1687 жылы Бұхар 
ханы  Субханқұлымен  Ташкент  жөнінде  келіссөз  жүргізіп,  оны  қазақтар 
иелігінде  қалдырды.  Бұхар  хандығымен  сауданы  дамытуға  күш  салды. 
Нәтижесінде  Қазақ  мемлекеті  мен  Бұхар  хандығы  арасында  бейбіт  қарым-
қатынас  орнап,  Бұхар  саудагерлері  қазақ  жеріне  кіріп  сауда  жасауға 
мүмкіншілік алған. Қазақ жерінде Бұхар көпестерін тонауға қарсы Тәуке хан 
арнайы  жарлық  шығарып,  ендігі  жерде  тонаушылар  қатаң  жазаланып 
отыратын  болған.  Бұхар  басшыларының  тарапынан  жоңғарларға  қарсы 
соғыста қазақтарға көмек көрсетілмеді. Бұл мемлекетпен байланыс тек сауда 
қатынастарының жандануымен шектелді. 
Орыс 
деректерінде 
Тәукені 
тек 
қазақтардың 
ғана 
емес, 
қарақалпақтардың  да    ханы  деп  жазады.  Олар  жыл  сайын  қазақтарға  салық 
төлеп, өз одақтастарымен бірігіп соғыс қимылдарына қатысып отырған. Бұл 
туралы орыс деректерінде былай делінген: «Арыстың оң жағасындағы құмды 
жол  арқылы  Ақсу  тастарына  дейін  жарты  күн,  осы  тастар  арқылы 
қарақалпақтарға  жол  түседі…  Түркістаннан  Сыр  өзенінің  төменгі  ағысы 
арқылы  үш  күндік  жолда  Үзкент  қаласы,  сол  қалаға  1683  жылы  Тәуке  хан 
қарақалпақтардан  салық  жинауға  түсті.  Олар  егін  егіп,  қазақтармен 
қатынаста  өмір  сүреді.  Үзкенттен  төмен  Сырдың  екі  жағалауында  да 
қарақалпақтар көшіп жүреді. Қалалары көп емес. Әскери істері қазақтармен 
ортақ.  Олардың билеушілері Табұршық сұлтан». Қарақалпақтар  Тәуке ханға 
бағынышты болған, оларды ол Сасық би арқылы басқарған. 
Тәуке  ханға  қырғыздардың  басым  бөлігі  де  бағынышты  болды. 
Қырғыздар да  қазақтардың жоңғарларға қарсы әскери қимылдарына белсене 
қатысып отырған. Ш.Уалиханов өзінің «Қырғыздар туралы жазбалар» деген 
еңбегінде: «Ал енді Есімнің немересі, Жәңгірдің баласы Тәуке қырғыздардың 
биі  ретінде  басқарып  отырған  (қырғыздардың  Тиес  деген  биі  соған 
бағынған). Бүкіл рудың билеушілері есебінде Тәуке мен  Тиестің аты Тәуке-
Тиес  деп  бірге  аталыпты».  Шоқанның  бұл  еңбегінде  қырғыз  елінің  Тәуке 
ханға бағынышты болғаны сипатталады.  
Тәуке  хан  билік  құрған  жылдары  Ресеймен  қарым-қатынас    жанданды.  
Осы жылдары  шекара аудандарындағы орыс бекіністері мен қазақ ауылдары 
арасындағы  қақтығыс  шиеленіседі.    Осындай  келеңсіз  әрекеттерді  бейбіт 
жолмен  шешу  үшін  Тәуке  хан    1687  жылы  Тобыл  қаласына  Тәшім  батыр 
бастаған  елшілік  жібереді.  Бұл  елшілік  сауда  қатынастарын  жандандыруды 
да  мақсат  етеді.  Сөйтіп,  Тәуке  хан  Ресеймен  дипломатиялық  және  сауда 
байланыстарын  орнатты.  1686-1693  жж.  аралығында  Тәуке  хан  Ресейге  бес 
елшілік  жібереді.  1694  жылы  хан  ордасында  орыс  елшілері  Скибин  мен 

Трощинді  қабылдаған.  Сөйтсе  де,  орыс-қазақ  қарым-қатынастары  17-ші 
ғасырдың соңы мен 18-ші ғасырдың басында барынша шиеленіседі. Өйткені 
осы  жылдары  Ресей  мен  Жоңғар  мемлекеттері  жақындасады.  Қазақ 
мемлекетінің  күшейгенін  байқаған  орыстар  жоңғарлармен  жақындасып, 
оларды қазақтарға қарсы қою саясатын жүргізеді. 
Тәуке  хан  билік  құрған  жылдары  қазақ  мемлекеті  мен  жоңғарлар 
арасындағы    қарым-қатынас  тұрақсыз  болды.  Тек  1653-1670  жылдар 
аралығында  жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығы біршама тыйылды. 
Өйткені  1653  жылы  Жонғар  хандығының  негізін  салған  Батыр  қонтайшы 
қайтыс  болғаннан  кейін,  оның  мұрагерлері  таққа  таласумен  болды.  1670 
жылы  билікке  келген  Ғалдан-Бошокту  қонтайшының  тұсында  оңтүстік 
Қазақстанға шапқыншылықтар жиіледі. Ол 1681 жылы  Шудан өтіп, Сайрам 
қаласын басып алуға әрекет жасады. 1684 жылығы жоңғарлардың Сайрамға 
шабуылы  нәтижелі  болды.  Жоңғар  хандығының  территориясына  қытайлар 
тарапынан  шапқыншылық  басталғандықтан  олар  Сайрамнан  бас  тартты. 
Қайтарында жоңғарлар қаланы тонап, қала халқының басым бөлігін тұтқынға 
айдап әкетті.  
1697-1727 жылдар аралығында  жонғарлар мемлекетін басқарған Цеван- 
Рабтан  тұсында  қазақ-жоңғар  қарым-қатынастары    барынша  шиеленісті. 
Осыған  байланысты  1710  жылы  Қарақұмда  Тәуке  ханның  бастамасымен 
қазақ  жүздерінің  біріккен  жиналысы  болды.  Жиналыс  нәтижесінде  қазақтар 
жоңғарларға  қарсылық  көрсетуге  шешім  қабылданды.  1713-1714,  1717 
жылдардағы  жоңғарлардың  шапқыншылықтары  қазақтар  үшін  ауыр  болды.  
Осы  қиын  жылдары    Тәуке  ханның    қолбасшылық,  реформаторлық, 
батырлық қасиеттері айқын көрінді. Тәуке хан   Шыңғыс хан құрған әскери 
басқару  жүйесін  қайта  жаңғыртты.  Әскерді  қатаң  басқаруға  үлкен  мән 
берілді.    Әскерде  басшылық  ету  онбасы,  жүзбасы,  мың  басы  болып 
тағайындалды.  Мыңбасыны  Тәуке  ханның  ұсынысымен  Билер  кеңесі  аса 
ерлік көрсеткен  батырлардан тағайындады.  Бас қолбасшы Тәуке ханның өзі 
болды. Әскер саны соғыс жылдарында  80 мыңға жеткенімен, бейбіт кезеңде 
хан  ордасында  тұрақты  сарбаздардың  саны  1000-нан  аспады.  Бұл  сарбаздар 
ханның қауіпсіздігін қорғады. 
Соғыс  жылдары  әскерді  қару-жарақпен,  көлікпен  әр  ру  басылары 
қамтамасыз   етіп  отырған. Бұл мәселе  де Тәуке қабылдаған тәртіп  негізінде 
жүзеге  асырылған.  Жауынгерлердің  алдын-ала  соғыс  өнерінің  түр-түрінен 
дайындықтан  өтуі  хан  жарлығы  негізінде  міндетті  болған.  Бұл  әскерлердің 
соғысу  қабылетін  күшейткен.  Сонымен  бірге  хан  жарлығымен  шекара 
аудандарында  әр  5-7  шақырым  аралықта    әскери  мұнаралар  тұрғызылды. 
Жоңғарлар  шабуылы  басталған  сәтте  мұнаралардағы  тұрақты  жауынгерлер 
от  жағып,  келесі  мұнараға  жау  шабуылы  басталғаны  туралы  хабар  беріп 
отырды.  Бұл  стратегиялық  тактика  негізінде  жау  шабуылын  100  шақырым 
жерден көріп, ұтымды қарсылық алдын-ала ұйымдастырылды. 
Қорыта келгенде, Тәуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі және сыртқы 
саясатты  сәтті  жүргізді.  Ол  ХҮІІ  ғ.  аяғы  мен  ХҮІІІ  ғ.  басында  Қазақ 
хандығындағы  саяси  жағдайды  реттей  алды.  Бұл  кезде  Қазақ  хандығы 

біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында тәртіп сақтау және мемлекеттік 
құрылыстың  негізгі  принциптерін  анықтаған  «Жеті  жарғы»  заңдар  жинағы 
Тәуке  тұсында  жасалды.  Тәуке  хан  дипломат-мәмілегер,  айлакер  қолбасшы, 
әдеттік  құқық  жүйесінің  реформаторы  және  қазақ  ұлтының  бірлігі  мен 
жерінің  тұтастығын  сақтауға  жан  аямай  күш  салған  ірі  мемлекеттік  тұлға 
ретінде танылды. Тәуке ханның күшті мемлекет құрғаны туралы А.Левшин, 
Е.Бекмаханов  т.б.    көрнекті  тарихшылар  жазды.  XVII  ғасырдың  соңы  мен 
XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамында интеграциялық сана күшейіп, хан 
билігі нығайды. Үш жүздің құрамына 112 ру кіріп, қазақ халқының саны 2-3 
миллион адамға жетті.  
Өзіндік бақылау сұрақтары: 
4.Қасым хан Қадырғали Жалайырының дерегі бойынша қай жерде қайтыс 
болған?  
5.Қасым ханның алдына қойған басты мақсаты.  
6.XVI ғ. басында қазақ хандығы мен орыс мемлекетінің қарым-қатынасы 
қандай болды?  
7.XVI ғ. қазақ хандығының халықаралық жағдайы қандай болды?  
8. 9.XVI-XVII ғғ. қазақ хандары қандай саясат жүргізді?  
10.Қазақтардың күнтізбесі қандай еді? Дәлелді жауабын айтыныз.  
11.XVI-XVII ғғ. қазақтар қөзқарасында қандай діни наным-сенімдер үстем 
болды?  
12.Қазақтардың «жылу», «жүртшылық» сияқты салттарына өз 
қөзқарасыңызды білдіріңіз. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет