2.4 Сабақтас құрмалас сөйлемдер
Сабақтас құрмалас сөйлемдерді тануда түрколог ғалымдардың арасында пікірлер бірыңғай
еместігі. Оларды негізінен мынадай топтарға бөлуге болатындығы:
1) Кейбір түркологтар, мысалы, М.А.Казамбек, В.А.Горлевский, А.К.Боровков,
Н.Т.Сауранбаев және т.б. ғалымдар сөйлемнің үйірлі мүшесін кезінде бағыныңқы сөйлем деп
таныған.
2) Н.А.Баскаков, И.А.Батманов, Н.П.Дыренкова, М.Ш.Ширалиев, С.А.Джафаров,
С.А.Аманжолов, А.З.Абдуллаев, К.К.Сартбаев және т.б. ғалымдар бағыныңқы сөйлемнің негізгі
айырым белгісі сапасында оның жақ жағынан қиысқан дербес бастауыш-баяндауышының болуын
таниды. Соған сай баяндауышы көсемше, есімшемен келген сөйлемдер үйірлі мүше санатында
қарастырылады.
3) А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев, М.А.Аскарова, А.П.Поцелуевский, Дж.Г.Киекбаев,
Е.И.Убрятова, М.З.Закиев, К.З.Ахмеров, Қ.М.Есенов және т.б. ғалымдар баяндауышы көсемше,
есімшемен келген синтаксистік конструкцияны екіге ажыратып қарастырады: егер көсемше,
есімше баяндауышы бар синтаксистік конструкцияның дербес бастауышы болса, ол бағыныңқы
сөйлем болып табылады, егер дербес бастауышы болмаса, онда ол бағыныңқы сөйлем бола
алмайды, сөйлем мүшесі деңгейінде қалады. Башқұрт тілінде осы соңғы көзқарасты
Ғ.Ғ.Сәйетбатталов ұстанатындығы. Қазақ тілінде бағыныңқы сөйлемге қатысты пікірлер түйіні де
соңғы көзқарасқа сай берілгендігі. Олар бастауышы дербес берілмеген көсемше, есімше
баяндауышы бар құрылымдарды оралымдар деп танып, осындай құрылыммен келген сөйлемдерді
күрделенген сөйлем қатарында таниды да, күрделенген сөйлемдер мен жай сөйлемдердің,
құрмалас сөйлемдердің ерекшеліктерін ажыратып көрсетеді. Күрделенген сөйлемді ұсынушы
ғалымдардың айтуынша, олардың жай сөйлемнен айырмасы екі предикативтік единицадан
тұратыны, ал құрмаластан айырмасы сол екі предикативтілік қатынастың да бір бастауышқа
телінуінде екен. Қазақ тіл білімінде Қ.Есенов бір бастауышқа телінген сөйлемдерді жай
сөйлемнің күрделенген түрі деп таниды және ондағы баяндауыштарды пысықтауыш деңгейімен
бірдей қарайды. Т.Қордабаев ондай құрылымдарды сабақтас деп танып, олардағы тиянақсыз
формаларды баяндауыш деп таниды. Бір субъектіге телінген, бірін-бірі толықтыратын немесе бір
іс-әрекетті (синонимдік не антонимдік мәнде) бірігіп атайтын баяндауыштарды бірыңғай
баяндауыш деп есептеп, ондай құрылымдағы сөйлемдерді жай сөйлем деп таныған дұрыс. Бірақ
ортақ бастауышқа телініп баяндауыштары әр шақта келетін және әр сөз табынан жасалатын
сөйлемдерді сабақтас бағыныңқылы сөйлемдер деп таныған дұрыс. Өйткені олардың
сыңарларының арасы әр түрлі мағыналық қатынаста келеді. Сонымен қатар ортақ бастауышты
құрмаластар тек сабақтас емес, салаласа да құрмаласа береді. Иә, күйші атамыздың ұлы рухы тірі,
туған жерінде, балықшы үйінде, бүгінгі балалары, іні-ұрпақтарымен аралас-құралас тұрып
жатыр! (Нұрпейісов). Бұл сөйлемнің бастауышы – рухы; баяндауыштары – тірі (сын есім), тұрып
жатыр (етістік). Сондықтан мұндай сөйлемдер құрмалас деп танылуы керек. Алдымен,
бағыныңқы-басыңқы сөйлемдер арасындағы мағыналық қатынастарға қарау керек те, құрмалас
жасаушы бөліктер пысықтауыш дәрежесінде ме, әлде баяндауыш дәрежесінде ме – соны өлшеуіш
етіп алған дұрыс.
Түркі тіл білімінде сабақтас құрмалас сөйлемдердің сипатталуы.
Башқұрт тілінде бағыныңқы сөйлемдер құрылымдық-семантикалық ұстанымға сай 14
түрге топтастырылғаны.
Татар тілінде сабақтас құрмалас сөйлемдердің 11 мағыналық түрге топтастырылғаны.
Достарыңызбен бөлісу: |