9
КУРС МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
Түркі тілдерінің өзара түсініктілігі, жақындығы туралы пікір қалыптасқан, ол шындыққа
жанасымды. Олардың бір-бірінен айырмасы батыстан шығысқа қарай не керісінше арта
бастайтыны айтылып жүр. 1993-1995 жылда аралығында «Түрік тілі» аталатын түрік журналында
«түркілерде бір ғана тіл бар, қалған тілдер сол тілдің диалектілері» деген пікір жазылып, оның
талқыланғаны белгілі. Бұл тұжырымның дәлелдемесі жеткіліксіз, өйткені мына сұрақтарға нақты
жауап жоқ: «бір тіл» дегені қай тіл, ол қандай және ол өзінен осыншама диалектілерді қалай бөліп
шығарды?
Түркі халықтарының әр дербес елде өмір сүріп жатқанына қарамастан, түркі әлемінің
біртұтастығын сезіну мен оған деген ұмтылыс анық сезіледі. Осы біртұтастықты сақтау түркі
тілдес ортақ тілдің қажеттігін де туғызды. Бұл қызметті бүгінге күнге дейін орыс тілі атқарып
келеді.
Э.Т.Тенишевтің айтуынша, барлық түркі әлеміне құрал болар бір ғана тіл әлі жасалған
жоқ, оның себебі қолайлы жағдайдың туындамауы. Қазір ол жағдай жасалып отыр. Түркіаралық
қатынас тілін таңдау табиғи және жасанды тілдер қатарынан жасалуы ықтимал. Жасанды
тілдердің басты ерекшелігі олар ешбір этносқа, ешбір тарихқа, ешбір мәдениетке қатысты
болмайды, табиғи тіл тәрізді семантикалық байлыққа ие бола алмайды, оны білдіру жолдарына да
бай емес. Жасанды тілмен қарым-қатынас жасаушы тұлғалар лингвистикалық таңбалар жүйесін
ғана тірек етеді, бірін-бірі гуманитарлық бағытта құндылықтармен толықтыра алмайды. Жасанды
тілдер әрекеті тек шектеулі қарым-қатынаста ғана жүзеге асады, оны осындай жасанды тілдер –
эсперанто, идо, ориенталь – қызметінен көруге болады. Жасанды тілдердің мүмкіндігі
А.Д.Дуличенконың «Вопросы языкознания» журналының 1995 жылғы 5 номеріндегі мақалада
кеңінен ашылған. Автордың зерттеуіне сай ХІ – ХХ ғасырлар аралығында әлемде осындай 917
жасанды тіл дайындалған, бірақ қатынас құралы сапасында бүгінгі күнге дейін олардың онының
ғана қызметі қалыптасқан.
Ал табиғи тілдің жағдайы мүлдем басқа. Екінші тіл білетін адам үшін басқа халықтың
рухани әлемі есігін айқара ашады, ол адамды танымдық тұрғыдан байытады. Сондықтан да табиғи
тілдер халықаралық қарым-қатынаста негізгі қатынас құралы болып қала береді.
Қазір халықаралық қатынаста ағылшын тілі алдыңғы қатарда тұрғаны белгілі. Түркі
халықтарының өзара қарым-қатынас жасаудағы ортақ тілін таңдау – дербес мәселе. Бірақ біздің
бұл мәселені сөз етуіміз қазақ тілінің де өзге түркі тілдеріне ұқсастығын атай отырып, көтеріліп
отырған мәселенің біздің тілімізге де қатыстылығын ескеру болса, зерттеу жұмысымызды
дайындаудағы негізгі мақсатымыз – түркі тілдерінің синтаксистік құрылымының зерттелуін
зерделеу.
Түркі тілдері синтаксисінің зерттелуін жинақтап, саралап, қазақ, башқұрт, татар
тілдеріне қатысты ғылыми және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар негізінде салыстыру
жалпы синтаксистік бірліктерді танудағы ортақтық пен айырмаларды ұғуға, тануға мүмкіндік
береді. Бұл өз кезегінде жалпы туыстас тілдердің табиғатын дұрыс анықтап, тілдік құбылыстарды
терең түсінуге жағдай жасайды. Сонымен бірге бір түбірден таралған тілдердің арасындағы
айырманың қаншалықты деңгейде көрінетінін де аңғартады. Бұл мәселелерді білу қазіргі ашық
қоғамда өзара мәдениетаралық қарым-қатынастың сәттілігі мен өзара достық, ынтымақтастық
қатынастың беріктігіне қол жеткізуге ықпал етеді.
Синтаксистік құрылымдардың түзілуіне белгілі бір танымдық құрылымдардың негіз
болатындығы белгілі. Демек, өзара туыстас тілдер құрылымын салыстыру оларға негіз болатын
танымдық құрылымдардың да ұқсастығын айқындауға жол ашады. Жалпы түркі тілдері
синтаксисінің зерттелуін (қазақ, башқұрт, татар тіліне қатысты) білу болашақ филологтардың
ғылыми ақпаратын кеңейтіп, тілдік түйсіктерін жетілдіруге ықпал етеді. Оның үстіне қазақ тілінің
синтаксисіндегі өзара байланыстағы кейбір қарама-қайшылыққа толы мәселелерді шешуге қажетті
ақпарат береді. Мысалы, қиысу мен предикаттық қатынасқа қатысты қиындық мынада: ол
бастауыш пен баяндауыштың байланысы мен синтаксистік қатынасы ретінде анықталады, сөйлем
деп танылады, солай дей отырып, үйірлі сөйлем мүшелері де предикаттық қатынаста келетін, бірақ
сөйлем ішінде бір сұраққа жауап беріп бір сөйлем мүшесінің қызметін атқаратын бірлік деп
түсіндіріледі. Егер предикаттық қатынасқа құрылды деп танысақ, демек олар қиыса байланысып
тұр деген сөз, ол қиысу мейлі жақтық, не сандық, не мағыналық болсын. Осы тәрізді қиындығы
бар бірліктің бірі – күрделенген жай сөйлемдер мәселесі т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: