Салыстырмалы әдіс. Фактілерді бір-бірімен салыстыра тексеру –ғылыми
зерттеу атаулының бәріне де қажетті тәсіл. Сондықтан бұл әдіс барлық
ғылымдарға тән, ортақ тәсіл деп есептеледі. Салыстыру тек ғылыми зерттеуде
ғана емес, әр түрлі тілдерді үйрену, оқыту істерінде, салыстырмалы сөздіктер
жасауда да кең қолданылады. Салыстыру арқылы салыстырып отырған
нысанның өзіндік ерекшеліктері, басқаларға ұқсастық және өзгешелік жақтары
айқындалады. Салыстырудың жолдары, одан шығатын қорытынды, көздеулердің
түпкі мақсаты - әр ғылымда әр басқа болуы мүмкін. Сондай өзгешелік тіл білімінде
қолданылатын салыстырмалы әдісте де бар. Басқа ғылымдарда қолданылатын
салыстырулардан өзгешелігін айтпағанда да, бұл әдістің бір ғана тіл білімінде
қолданылуының өзінде де әр түрлілілк аз емес. Ондай әр түрлілік салыстырылатын
фактілердің ерекшеліктерінен, салыстырудан күтілетін нәтижелерден, көзделетін
түпкі мақсаттан туады. Салыстырылатын фактілер әр түрлі тілдерден алынуы да,
бір тілдің өз фактілері болуы да мүмкін. Сондай-ақ, салыстырылатын әр түрлі
тілдер өзара туыстас, төркіндес тілдер болуы да, бір-бірімен ондай жақындықтары
жоқ тілдер болуы да мүмкін. Салыстырылатын фактілердің осындай
өзгешеліктеріне қарай салыстырмалы әдіс тіл білімінде салыстырмалы-тарихи
әдіс немесе тарихи-салыстырмалы әдіс, салыстырмалы әдіс деп үш түрге
болінеді.
Тарихи-салыстырмалы әдіс. Кейбір әдебиеттерде зерттеудің бұл түрін
тарихи әдіс деп те атайды.Олай аталатыны:бұл тәсіл тілдік фактілердің тарихын
айқындау үшін қолданылады. Оны айқындауда, зерттеліп отырған тілдің әр
дәуірдегі фактілерін бір-бірімен салыстыра зерттеу әдісі қолданылады, яғни
фактілер тарихи салыстыру арқылы ашылады. Мұндағы салыстырудың
салыстырмалы-тарихи әдістен ең негізгі өзгешелігі – алдыңғыда туыстас бірнеше
тілдер фактілері салыстырылса, соңғыда бір тілдің өз фактілері де бір-бірімен
салыстырылады.
Тарихи-салыстырмалы әдіс тілдің өзгеру, даму жолдарын, ол өзгерістердің
заңдылықтарын және оған түрткі болған ішкі-сыртқы себептерді зерттеу үшін
қолданылады. Бұл әдіс тілді дамытып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп
танудың, сөйтіп, оның тарихын зерттеуге мән берудің нәтижесінде 19 ғасырда
пайда болды. Бұл тәсіл сипаттама әдіске тура қарама-қарсы мәнде. Сипаттама
әдіс тілдің белгілі бір дәуірдегі, негізінде, осы заманғы статикалық күйін
айқындауды көздесе, тарихи әдіс оны даму, өзгеру үстінде, динамикалық,
диахрондық күйде алады. Тіл басынан қандай құрылымдық құбылыстарды өткізді,
алғашқы құрылым, норма немесе құрылымдық элемент неге жойылды, оның орнын
не басты, соңғының алғашқылардан артықшылығы неде? – деген сияқты
сұрауларға жауап іздейді. Ол үшін тілдің белгілі бір дәуірдегі құрылымдық күйін,
оның соған жалғас екінші бір дәуірдегі құрылымдық күйімен салыстыра зерттейді.
Тілдік өзгерістерге түрткі болған ішкі-сыртқы себептерді айқындайды.
Тарихи-салыстырмалы әдісті қолдана отырып, тіл тарихын зерттегенде,
тілдік құрылымның әр қабаты – фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, т.б. жеке-
жеке зерттелуі мүмкін. Соған орай, тіл білімі тарихи фонетика, тарихи морфология,
тарихи синтаксис немесе тарихи грамматика деп аталады.
Тілдік құрылыстардың көпшілігі, әдетте, қоғам дамуымен, қоғамның рухани
өмірінің дамуымен байланысты. Сондықтан тіл тарихын зерттеуші ғалым сол
тілдің иесі болып табылатын қауым тарихын ескерусіз қалдыра алмайды. Оның
үстіне, тілдің әрбір тарихи дәуірдегі күйін білдіретін жазба нұсқа да бола бермейді.
Мұндай жағдайда тілдің өткен кезеңдерінен сақталған белгілі фактілерді бір-
бірімен салыстыра отырыпы, белгісіз кезеңдердегі тілдік жүйенің, тілдік
элементтердің сипаты туралы ғылыми болжамдар жасауға да тура келеді. Бұл ретте
археология, этнография, тарих ғылымдары ашқан фактілердің тигізетін пайдасы да
аз болмайды. Осыған байланысты тіл тарихшысы бұл ғылымдардан да хабардар
болуы шарт. Бұл жағдайлар тарихи әдіс бойынша жұмыс істеудің қиын да күрделі
екендігін байқатады. Солай болғанымен, тарихи әдіс – тіл біліміне өте қажет және
бірте-бірте жетіліп, толығып келе жатқан маңызды тәсіл.
Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеу, білу, ғылым үшін де, практика
үшін де керек. Өйткені қандай құбылыстың, фактінің болса да, өткенін, тарихи
даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін,сырын жете білу мүмкін емес.
Бұл айтылғандар тілдің және тілдік категориялардың тарихи даму жолдарын
зерттеп білудің шешуші мәні барлығын байқатса керек.
Әдеб.:
1.
Қордабаев Т., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. Оқулық. Алматы, 2004.
2.
Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. Учебное пособие. Москва, 1979.
3.
Лингвистический энциклопедический словарь. Москва, 1990.
4.
Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. Москва, 1969.
5.
Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің сөздігі. Алматы, 2005.
6.
Кодухов В.И. Общее языкознание. Учебник. Москва, 1974.
7.
Общее языкознание. Москва, 1970; Москва, 1972; Москва, 1973.
8.
Хасенов Ә. Тіл білімі, Оқу құралы. Алматы, 1996.
9.
Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. Оқу құралы, 2001.
10.
Соссюр Ф.де. Курс общей лингвистики // Труды по языкознанию. Москва, 1977.
11.
Солнцев В.М. Язык как структурно-системное образование. Москва, 1977.
12.
Қалиев Б. Жалпы тіл білімі. Оқу құралы. Алматы, 2002.
13.
Система и уровни языка. Москва, 1969.
14.
Засорина Л.Н. Введение в структурную лингвистику. Москва, 1974.