Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы


т – ч (ш) дыбыстары алмаса береді, ал ш – б



Pdf көрінісі
бет10/21
Дата21.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#2324
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21

т – ч (ш) дыбыстары алмаса береді, ал ш – б дыбыстарының 
алмасуы,  оның  ішінде  қазақтар  үшін  солай  айтылуы  мүмкін 
емес. Сол сияқты жазушының қазақ жырында қалыптасқан Ал-
памыс батыр есімін Алып-Бамсы деп, Қобыландыны Қопланды 
деп графикалауы да – қоштарлық емес. Қазақ тілінің дыбыстық 
заңдылықтары  XVI  ғасырдан  мүлде  көп  бұрын  қалыптасып, 
жеке ұлттық (халықтық) нормаға түскенін ескермеуге болмай-
ды:  пл  (Қопланды  дегендегі)  дыбыстарының  іргелесуі  қазақ 
тілі үшін заңсыз, қатаң п дыбысына біткен түбірге жалғанатын 
қосымша  немесе  екінші  түбір  сонор  л-дан  емес,  қатаң  т-дан 
басталуы  керек,  сондықтан  не  қоп-танды  не  қобыланды  бо-
луы  –  қазақ  фонетикасының  зандылығы.  Ал  орыс  есімдерін 

125
кейіпкерлер сөзінде немесе кейіпкер көзімен берілген авторлық 
баяндауда  қазақша  дыбысталуымен  келтіруі  орынды:  Барыс 
хан (Борис Годунов), Бәселей бек (Василий Шелкалов), Көлке 
(Колька) т.т.
Жазушының  жеке  сөз  қолданыстарын,  сірә,  әңгіме  еткен 
екенбіз,  мұндағы  тағы  бір-екі  тұсына  тоқталуға  тура  келеді. 
Алдымен, ішінара жоғарыда да айтып кеттік: жазушы Мағауин 
қазақ түсінігінде жоқ кейбір ұғымдардың  атауын  өзі жасауға 
барған, көп ретте олар сәтті шыққан. Мысалы, патша сарайын-
да немесе кеңселерінде болатын ресми «прием» дегенге қабыл 
сөзін  ұсынады:  Патша  сарайындағы  бірнеше  қабыл,  отырыс, 
кездесулерден соң... (II, 191), хан ордасында «бас қымызшы» 
деген ресми қызметші болатынын білдіру үшін сабадар деген 
сөз жасап қолданады, әскери сапты («строй» дегенді) білдіретін 
түзем сөзі де автордың туындысы тәрізді, Кремльдегі «ответ-
ная палата» деп аталатын жайды жұбапхана деп, «посольский 
приказ»-ды елшілік дуаны деп бергендері де – автордікі.
Сирек  кездесетін  -сын  жұрнағын  жалғап  себесін,  бөгесін, 
панасын сөздерін жасайды: себесін – «септігі тиетін», бөгесін 
–  «бөгет  жасайтын»,  панасын  –  «пана  болатын»  деген  мағы- 
наларды  білдіретін  жасанды  сөздер.  Сұлтан  атына  алқау  
(І, 56) дегендегі алқау сөзі де тосын, ол шамамен бүгінгі тост 
дегенімізге жуық мағынаны білдіреді: ол – Ораз-Мұхамед сұл- 
танның саулығы үшін тоғыз аяқтан қымыз ішу дегенге байла-
нысты айтылған сөз. Жас баланы жеткін деп атау (бұл күнде 
жеткіншек) да жазушының ықтиярымен қолданылған. Әрине, 
мұндай авторлық жасанды сөздер көп емес, бірақ барлығы – 
дерлік  зәруліктен  туған  қолданыстар.  Бұрын  тілде  аталмай 
келген  ұғымдарды  (заттарды,  құбылыстарды,  іс-қимылды 
т.т.) аналитикалық жолмен, яғни сөз тіркестерімен түсіндіріп 
атауға да болады, жазушылар көбінесе осы тәсілді пайдалана-
ды, ал Мағауин бес-он тосын атауды жеке сөз етіп өзі ұсынуды 
қалапты. Аса бой ұрып кетпесе, бұл әрекетті дұрыс деп таба-
мыз,  өйткені,  біріншіден,  тілі  жаңа  номинацияларға  (әр  зат-
ты бөліп-бөліп жеке атауға) әрқашан зәру болады, екіншіден, 
тілдік  тосын  элементтер:  сөздер,  тіркестер,  грамматикалық 
құрылымдар, стильдік тәсілдер көркем текстің эмоциялық боя-

126
уын күшейтіп, оны әрлендіре түседі. Жазушы саналы түрде де, 
интуициямен де оны жақсы сезген.
Қадырғали  Жалайыридың  «Тауарихында»  қолданылған 
кіріфтар болу (тұтқынға түсу), сипаһ (әскер), йесір (тұтқын), 
ақрұқ  (Жалайырида  ағрұқ  –  қатын-бала  мінген  әскердің 
тыл  жағында  жүретін  үлкен  көлік  көші  –  обоз),  бұлғақ  (ел 
наразылығы, бүліншілік), сандал (тақ), күріген (күйеу), жұңқар 
(сол қанат), барұңғар (оң қанат), күрен (көшпелі жұрттың 1000 
үйден тұратын аулы), ал христиан – христиан дініндегі жұрт – 
«Тауарих» тексінде: үлкристан, ноян (текті тұқымға берілетін 
титул,  князь  сияқты),  дәргейіне  келу  (әміршінің  алдына  бару, 
тағзым ету, «приемында болу») сияқты сөздер роман тексінде 
де қолданылған. Бұл да – құптарлық әрекет. Романның оқиғасы, 
кейіпкерлері негізінен тарихшы, шежіреші бабамыз – жалайыр 
Қадырғали бидің «Тауарихынан» алынғандықтан, жазушы бұл 
еңбекпен жақсы танысқан, тілін де жақсы игерген.
Өзге де тарихи еңбектерде және қазақтың кейбір жырларын-
да  кездесетін  қазақ  шығып  кету  термин-тіркесін  де  ұтымды 
етіп қолданған:
Өзі (яғни Көшім хан – Р. С.) имандай сенген таза мұсыл- 
мандар,  кеше  ғана  құлдық  ұрып,  шашбауын  көтеріп  отырған 
көп  халық...  бүкіл  Сібір  жұртына  тірек  болған  тайпалы  ел 
тұтасымен қазақ шығып кетті. Көшкен жоқ. Ауған жоқ. Бүкіл 
қонысымен,  жайлау-жұртымен  (қазақ  ханы  Хақ-Назарға  –  
Р. С.) қосыла салған (І, 157). Қазақ шығып кету – өзі бағынып 
отырған әміршіге, ордаға разы болмай, өзге ордаға өз еркімен 
бағыну, өзге жерге қашу емес, қаңғу емес.
Жазушы  қаламының  ұшына  ілінген  ергек  (ергек  көйлек, 
ергек  шалбар  –  сірә,  бұл  тұлға  еркек-тің  фонетикалық  ва-
рианты болмас), марлат (Бірақ Рим цесарі мен поляк королінің 
елшілеріндей  марлат  емес...  тым  жұпыны  жайдақ  көрінген 
көшпенді  жұрт  өкілдерін...  II,  18,  19),  кірне  («Кіндігің  бір 
–  ішіңе  кірне  сақтама».  Бұл  сөзді  «Түсіндірме  сөздік»  «іш 
ауру, соқыр ішек» деп түсіндіріпті, ал Мағауин мұны дәл осы 
мағынада алмаған сияқты) тәрізді сөздердің нақты мағынасын 
не контекст арқылы тану қиын, не бұлардың өзге де көптеген 
бейтаныс  сөздерге  берілгендей  (Мы салы,  бәсте  –  сноскада 

127
қоныс,  тәкия  –  сноскада  мазар)  авторлық  түсініктемесі  жоқ. 
Бірақ бұл тәрізді «қиын» сөздер тексте көп емес, мүлде аз, бұл 
да – жазушының тілге, әрбір сөзге жауапты қарағандығының 
куәсы сияқты.
Міне, бұл талдаулардың барлығы – шығарма тілін тари хи 
стиль тезіне салу дегенді танытатын белгілер.
Бұл  белгілер  шығарма  сюжетін  әлдеқайда  нанымды,  шы-
найы етіп құруға мейлінше көмектескен. Шығармада суреттел-
ген  оқиғалар  мен  адамдар  жазушы  қиялынан  туған  жасанды 
көріністер емес екендігіне оқырман сенімін арттырған. Оның 
үстіне  көркем  шығармаға  қойылатын  стильдік  талаптардың 
үдесінен шығарған.
Енді  жазушының  осы  туындысында  көрсеткен  көркемдік 
өрнегін талдайық. Алдымен айтарымыз – мұнда көркемдіктің 
үлкен  бір  көрінісі  поэтикалық  тіл  кестесі  айқын  түскен.  Ке-
сте  айшығы  сан  алуан.  Бір  түрі  өте  дәл  ұсынылған  бейнелі 
эпитет-анықтауыштар көзге түседі. Әрине, олар тұрақты емес, 
авторлық болып келеді. Мысалы, ыңырап берекесі кеткен елдің 
атының басын бір кермеге тіреген Тәуекел... І, 8); қара ағаштан 
қалың қазақ, қара темірдей берік қалмақ (II, 10); басы бүлік 
черемыш, ноқтасы бос ноғай (II, 113) сияқты анықтауыштар 
бейнелілігімен  әрі  адамның  (ханның),  халықтардың  нақты 
сипатын  (сынын,  қасиетін,  мінезін)  білдіретіндігімен  әсем. 
Ең  алғашқы  сын-образдың  негізі  Бұхар  жыраудан  белгілі, 
ол  Абылайға  «үш  жүздің  атының  басын  бір  кезеңге  тіредің» 
деп  ханның  қазақ  ұлыс-тайпаларын  бір  орталыққа  топтасты-
ру,  бастарын  құрау  әрекетін  образдап  айтқан  болатын.  Ал 
соңғы анықтауыштар – өзге өлең-жырларда кездеспеген, тегі 
автордың өзі білдіргендері болу керек. Мұндай әрі нақ (мазмұны 
жағынан) әрі астарлы (бейнелі) анықтауыш-эпитеттер, әрине, 
қалам иелерінің қай-қайсысынан да табылады. Біздің бұл жер-
де  айтпағымыз  –  осындай  образды  анықтауыштардың  «Ала-
сапыранда»  бар  екендігін  және  едәуір  жиі  кездесетіндігін 
білдіру ғана емес, олардың қай жерде, кімнің аузындағы сөзде 
қолданылғандығы.
Романның  бастауы  –  Тәуекел  ханның  1588  жылы  наурыз 
туып, қар сөгіле бастағанда Созақта жинаған құрылтайын су-

128
реттеу болса, мұны автор романтикалық пафосты үнмен береді, 
сондықтан жалпақ қазақ қауымы деп емес, киіз туырлықты 
қазақ  ұлы  деп,  «Хақ-Назар  хан  опат  болғалы»  деп  айта  сал-
май,  төңіректің  төрт  бұрышына  түгел  қылыш  сермеген 
Хан-Назар  хан  шаһид  болғалы  деп  әсерлі,  бейнелі  суреттер-
мен  баяндайды.  Сірә,  бұдан  400  жыл  бұрындар  қазақ  халқы 
қазақ хандығы болып, сол хандықты сақтап, кең-байтақ жер-
суға иелігін жоғалтпау сияқты миссияны атқарып тұрған кезең 
жайындағы тарихты осылайша пафоспен бастау қажет болған-
ды.  Сондықтан  романның  алғашқы  беттеріндегі  авторлық 
баяндаудан  да,  құрылтай  үстінде  болған  келелі  кеңес  түйіні, 
қазіргіше  айтқанда,  «қаралатын  мәселелер»  баяндалған  (оны 
жазу шы  бірнеше  абзацта  айтып,  «деді»  сөзімен  аяқтап,  яғни 
«мәселелердің мән-мағынасын» Тәуекелге «дегізіп» көрсеткен) 
тексте де көтеріңкі үн бар:
«Отыз мың аламан өлген ойранды ұрысты ұмыттыңдар ма? 
Елу  мың  аламан  өлген  сойқанды  соғысты  ұмыттыңдар  ма? 
Жиырма жылда оңалдың, қырық жылда қайтадан қара нор қол 
құрадың.  Өшкенің  –  жанды,  бірақ  өлгенің  –  тірілгені  кәне... 
[сондықтан]  соғыстан  басқа  амалын  қараңдар.  Ойлаңдар, 
табыңдар! – деді.
Бұл  –  құрылтайдың  «күн  тәртібіндегі  бір  мәселе»,  қал- 
ғандары да осылайша «деді»-мен келіп, ресми жиынның про- 
токолдық  тілімен  емес,  көркемдік  тәсілімен,  айшықты  сөз- 
дерімен, поэтикалық анықтауыштарымен келеді.
Ал  көптеген  сәтте  айшықты  анықтауыштармен,  бейнелі 
баяндауыштармен,  астарлы  толықтауыш,  пысықтауыштармен 
келген  сөйлемдер  не  шешен,  ойлы,  ақылды  кейіпкерлердің 
сөзінде, не кейіпкер көзімен берілген авторлық сөздерде айты-
лады. Кейіпкерлердің ішінде би деп аталғандардан (Қадырғали, 
Томан)  басқа  Тәуекел  сияқты  хан  да,  Құл-Мұхамед  сияқты 
елші  де,  Ораз-Мұхамед  сияқты  сұлтан  да,  Әз-ханым  сияқты 
дана  әже  де  –  өте  шешен  жандар,  олар  қоғамдағы  абырой-
салмақтарына орай қарадүрсін, қарапайым тілмен сөйлемеуге 
тиіс,  сөздері  мәнді,  маңызды  болумен  қатар,  әсерлі,  бейнелі, 
айшықты болулары шарт. Міне, осындай сөздерде экспрессивті 
анықтауыштар да, ұйқасты, ырғақты параллель түзілімдер де, 

129
те рең астарлы теңеулер де – қысқасы, көркем тіл элементтері 
қатысуы,  дәлірек  айтсақ,  жазушының  оларды  келтіріп  текст 
түзуі – заңды.
Әбіш  Кекілбаевтың  тарихи  дилогиясы  тілін  зерделеген 
тұста, жоғарыда, айтқан едік, жазушы Мұхтар Мағауин алды-
мен өзі шешен, сондықтан қажет жерде кейіпкерлерін де шешен 
сөйлете білген. Өткен ғасырлар, тіпті күні кешегі Құнанбайлар 
заманына  дейін  (Янушкевичтің  таңдай  қаққанын  еске  алсақ) 
қазақ  қауымында  шешендер  –  белгілі  бір  сословиелік  топ, 
«рангілер табеліне» кіретін жандар болып келсе, шешендік – тек 
өнер емес, әлеуметтік-рухани іс-әрекеттің құралы болған. Сол 
себептен өткен ғасырлардағы тарихымызды көркем шығарма 
тақырыбы етіп алған қалам иесі, белгілі кейіпкерлерін шешен 
сөйлетпеске әддісі жоқ. Атақты Қадырғали биден бастап, ро-
манда көрінетін Томан би, Сүтемген би деген «дипломды» сөз 
мамандарының портретін жасағанда, жазушы: «Е, бұрынғының 
нағыз билері осылайша төгілген екен!» деп бүгінгі оқырманды 
тәнті еткендей етіп сөйлетуі керек. Бұл – кез келген, тіпті, та-
лантты деген жазушының қолынан келмесі хақ, өйткені кез кел-
ген прозашы өлең жаза алмайды ғой, сол сияқты шешендік сөз 
үлгісін де құрастыра алмайды. Ал біз тарихи туындыларының 
тілін талдап отырған екі жазушының екеуінің де табиғатынан 
шешендік қабілеттері айқын бар болғандықтан, кейіпкерлерін 
де (әрине, барлығын емес, би, хан, елші, ақылгөй даналарды) 
шешен тілмен сөйлете алады.
М.Мағауин романның бас жағында аты кездескен Сүтемген 
бидің  «жеті  атасынан  бері  биліктен  кетпеген»  хан  иесі  – 
Тәуекелдің «келешек күндерде ата жұртының тізгінін ұстауға 
лайық  қалға  –  ізбасарға  қай  сұлтанды  қалайсыңдар?»  деген 
сұрағына  қарата  айтылған  сөзін  алайық.  Мұнда  билер  аузы-
нан  шығатын  шешендік  сөзге  тән  шарттар  түгел.  Ол  шарт-
тар:  біріншіден,  әлеуметтік  мәні  бар  әңгіме  болуы  керек,  ол 
–  белгілі  бір  жиын,  топ,  көбінесе  шаршы  топ  (көпшілік  ал-
дында) айтылатын сөз болуы қажет, айтылатын сөздің дәлелі 
(кімге, неге, не мақсат көздей айтылғандығын түсіндіру, ойлан-
ту) болуы шарт, үшіншіден, және қиыны – тыңдаушыға әсер 
ететін  эстетикалық  қасиеті,  яғни  тілінің  айшықты,  астарлы, 

130
әуезді  дегендей  көріктілігі  болуы  қажет,  төртіншіден,  басты 
шарттардың бірі – көпшілікке қаратыла айтылған сөз баршаға 
түсінікті,  ойы  (идеясы)  айқын  болып  келуі,  осы  шарттар 
орындалған күнде ғана шешендік сөз, яғни шаршы топ алдын-
да айтылған сөз тыңдаушылардың ақыл-ойы мен еркіне әсер 
етін, оларды белгілі бір іс-әрекетке ұмтылдыратын сөз болып 
шығады. Соңғысы – шешендік сөздің түпкі мұраты.
Романда топ алдында сөз айтқан билер (ал билер ең алды- 
мен  шешен  болуға  міндетті,  шаршы  топ  алдына  шыққанда 
олардың  сөздері  «шешендік  сөз»  статусына  ие  бо луы  шарт) 
шешендіктің  жоғарыда  көрсетілген  талаптарына  түгелімен  
жауап береді: Сүтемген бидің қалған кандидатуралары жайын- 
дағы сөзі тек Тәуекел ханға емес, өзге де сұлтандарға, бектерге, 
батырларға және оларды қаумалап тұрған қалың жұртқа қарата 
айтылады және бұл сөзінің әлеуметтік үні бар: болашақ ханның 
кандидатурасын таңдауды хан «көпшілік дауысқа» салып отыр, 
өйткені кімнің хан болатындығының әлеуметтік (халық үшін) 
мәні зор. Ал бұл «әлеуметтік тақырыптың» қалың тыңдарман 
қауымға  әрі  түсінікті,  әрі  психологиялық  әсер  ететін  болып 
шығуы  үшін  «стажы  мол»  Сүтемген  би  сөзінің  эстетикалық 
параметрін (көрсеткіштерін) толық сақтаған. Ол көрсеткіштер: 
дәстүрлі және контекстік (авторлық) эпитеттер мен теңеулер, 
метафора,  метонимия,  аллегория,  синекдоха,  гипербола  т.б. 
сияқты  троптың  түрлері,  қайталама  құрылымдар,  парал-
лельдер,  дамыту  (градация),  шендестіру  (антитеза)  сияқты 
айшықтау тәсілдері, алли терация, ассонанс сияқты дыбыстық 
үйлесімдер болып келеді. Мысалы, бидің монологінде дәстүрлі 
теңеулер кәнігі -дай/-дей жұрнағынсыз әсерлі етіп келтірілген:
Бөрі боп туған баһадур көп. Арыстан боп туған асылзада 
көп (бөрідей баһадур, арыстандай асылзада дегендермен са-
лыстыр). Бұл үзікте тек теңеу емес, ассонанс пен алли терация 
сияқты дыбыс гармониясы да бар: бөрі – баһадур, арыстан – 
асылзада;  қайталама  құрылым  да  бар:  боп  ту ған...  көп  деген 
сөздер екі сөйлемде қайталап келеді. Келесі сөйлемдерде де жас 
та болса бас сияқты ұйқастар, батырлығы мен байыптылығын 
бірдей танытып үлгерген... ерлігі елге әйгілі... атаңның алдына 
шықпаған... деген дыбыс үнділігін жасап тұрған «сөз музыка-

131
сы» да бар. Сұлу ханымнан туған бауырың – Шах-Мұхамед... 
өзіңмен  бір  анадан  туған  бауырың  –  Ес-Мұхамед  қазақтың 
қызыл күрең туына берік тұғыр болып келе жатқан бауырың – 
Тұрсын Мұхамед... (І, 14) деп келген санамалар бар.
Бұл  көрсетілгендердің  бәрі  –  тыңдаушы  құлағына  жайлы, 
зейініне әсерлі болып естілетін көрікті сәттер, олар – шешен 
сөз үдесінен шығып тұрған тілдік құралдар. Және осыншама 
мол  көрікті  дүние  жарты  бетке  толмайтын  шағын  микротек-
сте орын алған. Сүтемген би сөзінің әрі қарайғы жалғасынан 
іздестірсек,  жоғары  үлгімен  қатар,  көріктеудің  өзгеше  амал-
дарын да табамыз. Мысалы, келесі кандидатура деп Баһадур 
сұлтанды  атау  үшін  қазақ  ұғымы  тез  қабылдайтын  метафо-
раны  да  қолданған.  Мысалы,  хан  иемнің  үзеңгісіне  ілесіп, 
бүкіл түстікті тітіретті (І, 15) дегенді «ханмен қатар шабуыл-
соғысқа катысып, оңтүстікте жатқан жауларды жеңді» деп тура 
тілге аударсақ, астарлап айтылған метафораның әсемдігі мен 
әсерлігіне тәнті боласың.
Ұзын  оқты  атанған  Ондан  сұлтанның  ерлігі  мен  еңбегін 
айту үшін би аузынан шыққан риторикалық сұраулар мен па-
фосты лепті сөйлемдер сөзге шешендік әр беріп тұр: ... бес-ақ 
мың қолымен жиырма мың жауға қарсы соғысқанда ертауыл 
мыңдықтың  басында  кім  шауып  еді?...  Баба  сұлтанның  ба-
сын шапқанда қасында тұрған кім еді? Бөлекей-Қоян сұлтан 
ұлы Баһадур сұлтан! (І, 15). Соңғы тәсілді Ораз-Мұхамед кан-
дидатурасын  ұсынуға  баратын  көпір  етіп,  оның  әкесі  Ондан 
сұлтанды сипаттағанда да қолданады:
... Хақ-Назар ханның қалың қолының алдындағы қара дау-
ыл болған... Ондан сұлтанның аруағына кім бас ұрмас! Ораз-
Мұхамед  сұлтан  сол  Ондан  сұлтанның  өзі  болмаса  да,  көзі 
емес пе?.. (І, 15).
Шығармадағы тағы бір бидің – Томан бидің сөздерінен ше- 
шендіктің  атрибуттарын,  яғни  тілдік  көрсеткіштерін  іздесек, 
жазушы  билер  мен  шешендердің  тек  топ  алдында  емес, 
өзгелермен жеке әңгіме үстінде де бейнелі әсем түрде тіл қаты- 
сатынын көрсетеді. Мысалы, Ораз-Мұхамед, Қоянақ, Көкбөрі 
баһадурмен әңгіме үстінде Томан би нағыз диалогке тән қысқа-
қысқа ой тастап отырады. Мұнда мақал-нақыл түрінде ұсынған 

132
қысқа қайрылған сентенциялар да мол кездеседі: хан билігінен 
ар билігі зор, ханның құты – қарашаның күші, сұлтан ызғары 
–  өткір  сүңгінің  жүзі
 
аламан  жұрттың  ызғары  шүңірейген 
көрдің өзі... тірі жүрген күннің бәрі тірлік пе, бірге жүрген 
күннің бәрі бірлік пе... Бұлар – нағыз дидактикалық ақыл сөздер, 
бұлардағы образдар теңеу, балауға құрылған.
Ал  мына  сентенцияда  осындай  балама  образдармен  қатар 
шешен сөз белгілерінің өзгелері де бар: хан ашуы – қара қылыш, 
қайтпай шапқанымен, қара орманды отап түгесе ала ма, халық 
ашуы  –  қаптаған  өрт,  жалыны  жапандағы  орданы  шалса, 
оған адам жұғыса ала ма? Бұл жерде алле гория да бар: халық 
– қара орман, халық ашуы – өрт, қара орманды отап түгесе 
алмау халықты тегіс қырып құрта алмау, орданы өрт шалу – 
халықтың  ханға  қарсылық  көрсетуі,  ордасын  шауып  алуы. 
Аллегория  –  айтпақ  идеяны  тұспалдап  жеткізуде  аса  әсерлі 
көріктеу тәсілдерінің бірі. Ол қазақтың шешендік сөз үлгісінің 
бір  ұтымды  белгілерінің  бірі.  Мұндай  аллегориялардың  не 
бір әдемі үлгілерін романда шешен тілмен ұсынылған диалог, 
монологтердің кез келгенінен табуға болады:
Әркім  өз  үйінің  төбесіндегі  тудың  тұғырлы  болғанын 
қалайды... ажал жетсе – қабіріміз қатар болады; иір мүйізді 
арқардың  топатай  құлжасын  күлге  лақтырып,  қолайыңа 
жаққан  қой  асығының  өзін  сақа  сайлаған  салуалы  қауым 
(сұлтандардың  өзгесін  емес,  Тәуекелді  хан  көтерген  халық 
туралы).  Бұл  жердегі  көрсетілген  сөздердің  нені  тұспалдап 
тұрғанын  тіл  білетін  оқырманға  шағып  берудің  қажеті  бол-
мас.  «Тіл  білетін»  дегенді  бекер  айтып  отырған  жоқпыз:  ана 
тілімен  ауызданған,  кейін  сонымен  тұшынған  адам,  астарлы, 
тұспалды, теңеулі сөздің мәнін бірден түсінеді, өйткені бұл – 
қазақтың  сөйлеу  тілінің  өзінде  мықты  дамыған  үрдістің  бірі, 
ал ауызша да, жазбаша да әдеби тілі бұл үлгіні жақсы ұстап, 
күні  бүгінгі  әсем  сөйлеудің  шартына  ұластырып  отырғаны  – 
қазақ тілінің Радлов, Янушкевичтер таң қалып, таңдай қаққан 
қасиетін танытады.
Шешен сөздің көріктеуіш атрибуттарының тағы бірі – парал-
лель түзілімдер болса, бұны да М.Мағауин сөйлеткен билердің, 
тек  билер  емес,  өзге  де  аузы  дуалы,  сөзі  салмақтылардың 
лебіздерінен таба аламыз. Мысалы, сол То ман бидің өзі:

133
Жазала!  Аяма!  Бейпіл  ауызға  қақпақ,  ақылы  азға  тоқпақ 
болсын!; аузымнан жырып, асымды берем, астымнан түсіп, 
атымды берем; сен үшін аранға түсер биің, ажалға аттанар 
батырың  болсын...;  сұлтанымызға  сүйеу,  бізге  тіреу  болар 
деп...
Ұйқасты, ырғақты, өлшемді қатарлар параллель түзілістер 
тек билердің аузынан емес, тігггі қарапайым адамдардың ау-
зынан да шығады. Мысалы, қол астындағы жұртының «аужай-
ын  білмекке»  шыққан  Ораз-Мұхамедтің  атының  шылбырын 
ұстаған қарапайым қарт:
–  Аң  аулап  жүріп  адастың  ба,  сейіл  құрып  жүріп  қыр 
астың ба... төре жігіт? – деп хал-жай сұрасады (І, 97). Ал Ораз-
Мұхамед сұлтан, Құл-Мұхамед елші, Әз-ханым әжелердің ау-
зынан шыққан сөздерінде өте әсерлі, астар лы мағыналы парал-
лель құрылымдарды көптеп оқуға бо лады.
Параллель құрылымдар образдылығымен ұтымды, өйткені 
образдар  (бейнелілік)  әсерлі,  уытты  келеді,  сондай-ақ  қатар- 
ласқан  ұқсас  түзілістер  құлаққа  жағымды  тиеді,  ол  қасиетті 
сөз ұйқастары мен тұлға жағынан біркелкілік түзеді. Жоғарғы 
мысалдардағы  ауызға  –  азға,  қақпақ  –  тоқпақ,  аузымнан  – 
астымнан, асымды – атымды, аранға – ажалға, түсер – ат-
танар, сүйеу – тіреу де ген тұлғаластық пен ұйқастықтар осы-
ны дәлелдейді.
Образды  фразеологизмдер  –  жалпы  айтылар  сөздің  көркі. 
Олар  тек  ауызша,  жазбаша  ұсынылған  әдеби  тіл  үлгілерінде 
емес, ауызекі сөйлеу тілінде де берік орын ала ды. Ал билер, 
шешендер, салиқалы сөз иелері болса, об разды сөздер мен тір- 
кестерді қолданбай отыра алмайды. Мысалы: аса астарлы, сон- 
дықтан көп сөзді етіп сөйлемей, ойын қысқа-қысқа қайырып, 
бірақ әсерлі етіп баяндаған Тәуекел хан қамалдың қабырғасын 
сүзу (қамалға шабу), жан тартып келген жақын (жақындасу), 
ордасын ортасына түсіру (талқандау, жеңу), жанын тастай 
алмай  жатқан  (өле  алмай),  құшақ  ашу  (жақындасу,  табысу) 
сияқты образды фразеологизмдермен тіл қатады.
Бейнелемей сөйлеу – шешенге тән емес. Және ол бейнелі 
тіркестердің басым көпшілігі жоғарыдағыдай дәстүрлі, халық 
қолданысындағы  фразеологизмдер  болып  келеді.  Әрине,  әр 

134
кейіпкер  (шынына  келсек,  жазушы)  өзі  жасаған  авторлық, 
контекстік ұтырлы жаңа үлгілер жоқ емес.
Шешен  сөздің  иелері  тек  билер  емес,  жоғарыда  айттық, 
хан-сұлтандар  да,  елшілер  де,  Әз-ханым,  Ай-Шешек  сияқты 
ханымдар да қара жаяу, яғни күнделікті тұрмыста айтылатын 
үлгіде  сөйлемейді,  ыңғайына  қарай,  әсіресе  өзгелер  отырған 
тұста («жұрт алдында») жазушы оларды шешен, әсем тілмен 
сөйлетеді. Мұның мотиві (уәжі) тереңде жатыр.
Шешендік – сөз өнері, ал сөз – қазақ үшін культ болған, яғни 
қасиетті құбылыс санап, табынатындай күш болған. Қазақтар 
сурет  салу  (ислам  діні  тыйып  тастаған),  тас  мүсін  (скуль-
птура)  жасау  (символдық  тас  мүсіндер  соғу  өнері  ертеректе 
болғанмен), гүл өсіріп, оны өрнектеу (жапондардың икебана-
сы сияқты), жаппай қала орнатып, салтанатты үйлер тұрғызу 
(ол ішінара орын алғанымен) сияқты өнер түрлері дамымаған 
болса  да,  өнердің  көптеген  басқа  түрлерін  жақсы  білген, 
шұғылданған. Сол өнерлердің ішінде ең бастысы, ең сыйлысы, 
ең демократшылы – сөз өнері болған, ал сөз өнерінің көрінетін 
майданы – шешендік. Алдымен өзін өзі, атақ-абыройын, одан 
соң  тыңдаушысын  шын  сыйлаған  адам  қалай  болса  солай 
сөйлеуге құқығы жоқ. Әсіресе аузына көпшілік қарайтын ел-
жұрт билеушілер, әмір-бұйрық берушілер, үкім-жарлық айту-
шылар, қысқасы, адам мен қоғам тағдырына тікелей қатысты 
сөз айтатындар билерше төгіліп тұрмағанмен, әсерлі де әдемі 
сөйлеулері керек болған. Сондықтан, тегі, хандық дәуірлердегі 
би  (бек,  әмірші)  адам  бір  жағынан,  ұлыс,  ру  басы  болып  та-
нылса,  екінші  жағынан,  ол  шешен  болмағы  керек.  Сірә,  би 
сөзінің шешен сөзімен синонимдес келуі кейін пайда болған, 
адам әуелі бек би (ұлыс бегі, ру бегі) болады, ал бек (би) болған 
адамның сөзі әдемі, әсерлі болуға тиіс, демек, ол енді «шешен» 
аталады, сондықтан қазір біз «шешендік сөз» десек, билер сөзі, 
би  десек,  «шешендік»  ұғымы  ассоциацияланады  (ойымызға 
оралады).
Осы ұлттық, тарихи шындықты жазушы жақсы біледі, сол 
себептен  де  ол  хан-сұлтандарды  да,  елшілерді  де  (елші  рес-
ми  адам,  ханның  өкілі),  Әз-ханым  сияқты  ақылгөй  аналар-
ды  да  салмақтап  сөйлетеді,  ұлттық  дәстүрді  бұздыртпайды. 

135
Әсіресе болашақ хан – Ораз-Мұхамед жастығына қарамастан, 
«қызыл  тіл  мектебін»  жақсы  өткендігін  танытып  отырады, 
оның шешендігі алдымен айтар ойының логикасында жатады, 
дәлелі мықты, аргументтері күшті бо лып келеді, сөйлемді кей-
де қысқа қайырады, кейде айшықтап, шиыршықтап көп сөзбен 
береді. Ал Әз-ханым ше?
Егер Тәуекел хан алаш бегін қоңыраттан, ұлыс бегін жа-
лайырдан  қойса,  бар  қазақты  тең  тұтам  деп  жар  салғаны 
емес пе? Бегін белге шығарып, еліне қоныс берсе, жау қолында 
қалған барлық руға ұран шашқаны емес пе? Жетім қозы тас 
бауыр, жат болып кетсе, қайтесің... Бірақ, балам, өкпе арты 
өкінішке  ұласатын  кеп  бар,  наз  арты  түңіліске  ұласатын 
кез  бар...  Мен  ақылы  қысқа  әйелмін,  көсемдігімнен  емес, 
көргендігімнен айтам... (І, 68).
Әрі қарай да ақылшы әже, ел анасы – Әз-ханымның монологі 
осылайша жалғаса береді. Бұл да – нағыз шешен толғау, шешен 
сөздің көп белгілері дыбыс гармониясы да, ұйқасты параллель-
дер де, мақал-мәтелдер де бар.
Жазушы Қадырғали биді көп сөйлетпейді, бірақ оның атақты 
«Мадақ  сөзін»,  яғни  өзінің  «Тауарихындағы»  орыс  патшасы 
– Борис Годуновқа арнаған ырзалық сөзін көп өзгертпей, сәл 
қазақшалап, Бөлек сейіттің сөзі етіп береді. Бұл сөзді Хазірет 
мешітте  Ораз-Мұхамедті  Хан-Керменге  хан  көтерерде  уағыз, 
құтпа  етіп  айтады.  Әуелі  Ақ  патшаны  Орманда  орыс,  тауда 
томан, қырда шеркес, ойда естек, суда лапқа – дүниенің төрт 
бұрышын ғаділдікпен билеген хан... Ел-жұртына жар болып, 
шаһар Мәскеуде алтынды таққа мінген хан деп бастап едәуір 
ұзақ шешен тілмен Барыс ханды мадақтайды да уағыз аяғын 
Ораз-Мұхамедке  арнайды,  романда  Қадырғали  бектің  Борис 
Годуновқа  арнаған  мадақ  сөзінің  аяғын  Бөлек  сейіт  хазірет 
Хан-Кермен  ханы  болып  ақ  киізге  салып  көтерілгелі  жатқан 
қазақ сұлтанына қарата айтады. Бұл бөлік те өте бейнелі, әрине, 
Қадырғалидың  жазғанын  автор  сәл  өзгертеді,  қазақыландыра 
түседі, бірақ сол образдарды сақтайды.
Бұл  шығармада  жазушының  өзі  де  –  шешен.  Мұндағы 
авторлық баяндаудың да көп тұсы шешен бейнелі тілмен беріл- 
ген. Әсіресе автор кейіпкерлерінің, айталық Ораз-Мұхамедтің, 

136
Қадырғалидың ойларын баяндаған сәттерде де шешен тілмен 
тебіреніп кетеді, тіпті сентенциялап (нақыл сөздетіп) жібереді:
Тең  азамат  анда  болмақ,  текті  ауылдар  құда  болмақ. 
Андалық  –  ақыл  ісі,  құдалық  –  Құдай  ісі.  Бұл  –  кеңшілікке, 
кеңесті күнге лайықты сөз екен... Асауды ауыздықтайтын – 
бұғалық,  алысты  ағайындастыратын  –  құдалық...  Сөздер  – 
автордікі, ой – Қадырғалидікі. Бидің ойы – тұнып тұрған түйін, 
өмір шындығы, жазушының сол ойды білдірген тілі – тұнып 
тұрған шешендік.
Қысқасы,  «Аласапыранның»  оқырманды  өзіне  тартатын 
көркемдік сиқырының бірі – осы шешендікте, дәлірек айтсақ, 
шешендік  атрибуттары  (белгілері)  болып  келетін  көрікті, 
бейнелі, әсерлі сөз қолданысында екенін көреміз.
Жазушы тек билер мен хан-сұлтандарды ғана өздеріне лайық 
мәнерде сөйлетіп қоймайды, жалпы кейіпкерлер тіліне, диалог 
құру  ісіне  аса  мұқият  қараған.  Мұнда  күнделікті  тұрмыстық 
сөйлеу  үрдісі  де,  бұйрық,  өтініш  үлгілері  де,  тіпті  әр  ұлт 
өкілінің (түркі тілдес) сөйлеу машығы да ерекше көрсетілген. 
Мысалы,  ортаазиялық  саудагерлердің  сөзі  (І,  190-193),  Шел-
калов сияқтылардың Ресей патшасының орысша ұзын-шұбақ 
лауазымын  айтуы  сияқтылар  да  –  тарихи  стиль  үдесінен 
шығуды  көздеп  қолданылған  амал-тәсілдер.  Кейіпкерлердің 
тек сөздері емес, ойларын беруде де, дәлірек айтсақ, сол оймен 
берілген  авторлық  баяндауда  да  өздеріне  лайық  сөз  мәнерін 
келтіреді. Мысалы, қазақ ордасы туралы мәлімет іздеген жас 
подъячийлердің іс-әрекетін баяндаған тұста олардың архивтер-
ден  кездескен  мағлұматтар  бойынша  танып  білгенін  ерекше 
тәсілмен береді:
Шынында  да,  адам  естімеген  мағлұматтар.  Мұсылман  са-
налады. Діншілдігі шамалы. Жауынгер. Қарақшылықка бейім. 
Көшіп жүреді. Киіз шатырларын арбаның үстіне тігеді (міне, 
қызық!)...  Төңірегімен  түгел  соғысқан  (Русияға  қарсы  ат-
танбапты. Алыс қой). Шыңғыс хан (қарғыс атқыр!) ұрпағы 
–  сұлтандар  билейді.  Хан  ұрыс  даласына  үш  жүз  мың  әскер 
шығара алады (Құдай сақтасын!.. Оба келгірлер)... Әрі қарай 
да бірнеше жақшаға алынған сөздер келтіріледі. Жалпы текст – 
автордікі. Текст – архив мәліметтерінің баяны, ал жақша ішінде 

137
подъячийлердің  сол  мәліметтер  бойынша  алған  әсерлері,  та-
нымдары берілген және сөз мәнері – подъячийлердің өздерінікі. 
Бұл  өте  сирек  кездесетін  тәсілді  жазушы  бірнеше  жерде  өте 
шебер  пайдаланған.  Жақшаға  алынған  текст  кейде  баяндау 
үстіндегі  ескертпелер  болып  келеді.  Мысалы,  Посоль ский 
приказдың  көз-құлағы  Петр  Новосельцев  әңгімесін  баяндау 
барысында Ораз-Мұхамедке немесе қазақ елшілеріне қатысты 
авторлық ескертпелерді жазушы жақша ішінде береді (ІІ, 137). 
Бұл жерде, сірә, жазушы осы амалмен кейіпкер сөзі мен өзінің 
сөзін айырып көрсетуді көздеген болар.
Енді  шығарманың  синтаксистік  құрылымдар  көрінісінен 
байқалатын ерекшеліктер жайында сөз қозғауға болады. Син-
таксис – жазушы мәнерін танытатын маңызды сала. 
Ең  алдымен,  Мұхтар  Мағауиннің  осы  тарихи  романдар 
тілінде актив қолданған синтаксистік-стильдік тәсілдердің бірі 
– парцелляция құбылысы көзге түседі. Парцелляция дегеніміз – 
фразаны (ойды, сөйлемді) бөлшектеп, соған қатысты бір сөзді, 
не тексті жеке өз алдына аулақтатып орналастыру. Мысалы:
[Ораз-Мұхамед]  қарашы  бектер  есіктен  шығаршық-пас- 
танақ орнынан атып тұрып, алты қанат ақ орда ішінде аласұра, 
ерсілі-қарсылы жүрді. Ыза қысып барады. Бала көреді. Батып 
сөйлеуі де – содан. Басынған. Бірде тұралап, бірде тұспалдап 
бәрін айтуы – содан (І, 66). Бұл жерде бала көреді, басынған 
деген  сөйлем  мүшелері,  алдындағы  ой  желісін  тарататын 
сөйлемдерден оқшау шығарылып, өз ал дына жеке берілген, ай-
туда бұлар ерекше дауыс ырғағымен (интонациямен) берілетін 
болса,  жазуда  жеке  сөйлем  сияқты  бас  әріппен  жазылып, 
соңына нүкте қойылған. Ал бұл ойдың парцелляциясыз тұтас 
берілген құрылымы:... [Ораз-Мұхамедті] ыза қысып барады, 
өйткені [қарашы бек] мұны бала көреді. Батып сөйлеуі де – со-
дан, [бұл] басынғаны ғой... түрінде болар еді. Ал жазушы бала 
көреді  және  басынған  деген  сөздерді  жеке  шығаруы  арқылы 
қарашы  бектің  осы  әрекеттеріне  оқырман  назар  аудартады, 
дәлірек айтсақ, қарашы бектің әрекеттерін жас сұлтанның осы-
лай қабылдағанын баса айтқысы келген.
Парцелляцияны көптеген зерттеушілер таза стилистикалық 
категория  деп  табады,  сондықтан  болар  О.С.Ахманованың 

138
«Лингвистикалық терминдер сөздігіне» бұл тіл білімі термині 
ретінде  кірмепті,  ол  «Поэтикалық  сөздіктерде»  (мысалы,  
А. Квятковскийдің сөздігінде) қамтылып, стильдік тәсіл ретін- 
дегі  мағынасы  түсіндірілген  және  оны  өлең  тілінде  қолда- 
нылатыны айтылған. Ал бірқатар зерттеушілер парцелляцияны 
синтаксистік амал ретінде де қарайды. Біз де осы пікірдеміз. 
Сондықтан  парцелляция  құбылысы  тек  өлең  сөзде  емес, 
прозалық текстерде де қолданылатындығын, тіпті кейбір проза-
шылар мұны басты стильдік-синтаксистік құралға айналдыра-
тынын баса айтамыз. Бұған Мұхтар Мағауин шығармаларының 
тілі дәлел болады.
Жазушы парцелляция арқылы суреттеп отырған ситуация- 
ның  бір  сәтіне,  қырына  логикалық  екпін  түсіру  мақсатын 
көздейді, яғни осы сәтті, осы қырды бір сөзбен (не тіркеспен) 
жеке-дара айтқанда, ол сөз тұтас бір сөйлемнің жүгін арқалап 
тұрады,  бірақ  сол  айтылмаған  сөйлемнің  ішіндегі  ең  негізгі 
идеяны көрсетеді. Мысалы:
Сол  жағында,  дәл  құлақ  түбінен  жас  жусанды  бытыр-бы-
тыр  басқан  тұяқ  топылы  естіледі.  Жүйрігі  үзеңгі  тістеп,  сәл 
ғана қалыңқы келе жатқан – Ай-Шешек. Үнсіз. Ораз-Мұхамед 
бұрылып  қарай  жаздап,  қалт  бөгелді.  Жүрегі  сыздап  ауырып 
қоя берді (І, 71).
Парцелляцияланып  тұрған  үнсіз  деген  сөздің  қызметі  мен 
мағынасын  ашуға  жәрдемдессін  деп,  бұл  микротексті  толық 
беріп  отырмыз.  Осы  жерде  парцелляцияланып  тұрған  сөздің 
қызметін тану үшін «Ат үстінде» деп берілген шағын бөлімді 
тұтас алып оқу керек. Мұнда өзінің болашақ хандық миссия-
сында қазіргі іс-әрекетім сай емес деп толғанған, қиналған жас 
сұлтанның көңіл-күйін жақсы аңғарған Ай-Шешек оның жан 
толқынысына  өзінің  әйелдік  әңгіме-назымен  кеселдік,  бөгет 
жасағысы  келмейді,  өйткені  ол  –  ақылды,  қазіргі  Ақханым, 
болашақ ел анасы. Сондықтан атының тізгінін іркіп қанжығалас 
келе  жатса  да,  үнсіз  келеді,  бұл  үнсіздік  оны  түсінген  жас 
сұлтанға  да  ауыр  (жүрегі  сыздап  қоя  береді),  өйткені  әмірші 
сұлтанның  қолын  байлап  жүрген,  алдынан  талқы  құрған  сол 
үнсіз келе жатқан ақылды жары болып сезіледі. Демек, үнсіз 
деген  парцелляция  әрі  Ай-Шешектің  Ораз-Мұхамедке  де ген 

139
байыпты,  ақылды  қылық-әрекетін,  әрі  Ораз-Мұхамедтің  ішкі 
жан дүниесінің иірімдерін көрсетуге арналған өте ұтымды, өте 
үнемді (бір-ақ сөз) құрал болып шыққан.
Басқа  жазушылармен  салыстырғанда,  мысалы,  жоғарыда 
өзіміз  сөз  еткен  ұлы  Мұхтар  Әуезовтің,  Әбіш  Кекілбаевтың 
көркем  шығармаларындағы  парцелляцияның  көрінісіне  қара- 
ғанда, Мағауиннің «Аласапыран» романының екі кітабында да 
парцелляцияланған тұстар әлдеқайда жиі кездеседі. Олардың 
кез  келгенін  жоғарыдағы  үлгімен  таныстыруға  болады. 
Барлығында  да  парцелляцияның  негізгі  қызметі  –  стильдік 
мақсат  көздеу,  ой  екпінін  түсіру,  оқырман  назарын  аударту, 
«материалдық  аз  шығынмен»  (бірер  сөзбен)  көп  нәрсеге 
(білдірмек информацияға, ұсынбақ идеяға) қол жеткізу. Тағы 
бір мысал келтірелік:
Ал қазір... соншама үзілістен соң, тұман пердесі жаңа ысы- 
рылғандай. Бар түр-тұлғасы, сыр-сымбатымен көз алдына келе 
қалды.  Бірақ  жақын  тартқан  жоқ.  Суық.  Алыс  (І,  127).  Бұл  – 
Ай-Шешекті  жар  еткеннен  кейінгі  Ораз-Мұхамедтің  төрт 
ай  бұрынғы  қалыңдығы,  өте  жақсы  көрген  қызы  –  Ділшат-
сұлтанымға  деген  сезімі.  Оқшау  шығарылған  осы  екі  сөз 
арқылы он жетідегі жас адамның не бір ыстық сезімге де тез 
беріліп,  тез  суитынын  да,  Ай-Шешекке  ынтыға  берілген  ма-
хаббатын  да,  ата-бабаның  салт-дәстүріне  көрсеткісі  келген 
карсылығын да, өзіндігі күшті сұлтандығын да – бар-баршасын 
білдірген. Сөз – екеу-ақ. Екеуін үйірге қоспай, алды-артындағы 
сөйлемдерден  оқшау  шығарып,  келте  түйіп  тастағанда, 
біріншіден, жазушының нені айтпақ болғанына назар аудары-
лады, екіншіден, ол – жазушының тілдік-стильдік қолтаңбасын 
танытады, даралық мәнері күшті суреткер екенін көрсетеді.
Қазақ тіл білімінде парцелляция құбылысы монографиялық 
қалыпта (планда) жеке ғылыми тақырып ретінде толық зерт-
телген жоқ. Сондықтан оның орналасу тәртібі, сөйлемнің қай 
мүшесі  парцелляциялануға  бейімдеу  тұратындығы,  көркем 
әдебиеттің  қай  жанрда  жиірек  қолданылатындығы,  жазушы- 
лардың  қайсысы  бұл  амалды  орнымен  жақсы  пайдаланатын- 
дығы т.т. осы сияқты жеке мәселелері нақты фактілермен зер-
деленген емес. Мысалы, біз талдаған парцелляциялар көбінесе 

140
алдыңғы  сөйлемдердің  ішіндегі  бір  ойды  (сөйлем  мүшесін) 
баса көрсетіп, оған экспрессиялық үн беру үшін қолданғандар. 
Мысалы:
Сөйтіп,  мехмандар  қаншама  жұрт  иесі  ақ  патшаның,  ал 
елші қазақ-қалмақ ханының абыройына шаң жуытпаған. Екеуі 
де риза болды. Біріне-бірі. Өздеріне-өздері (І, 358). Мұндағы 
парцелляцияланған  мүшелер  бұлардың  алдындағы  сөйлемге 
қатысты, олар: «Екеуі де біріне-бірі және өздеріне-өздері риза 
болды»  түріндегі  сөйлемнің  толықтауыштары.  Бірақ  сөйлем 
мүшелері әрдайым бұлайша ыршып түсіп, бөлек қона бермейді. 
Кейде бірыңғай баяндауыштардың жалғасы ретіндегі сөздер де 
парцелляцияланып,  жеке  шығарылады:...  Ешқандай  жазығы 
жоқ Ай-Шешекті соншалық алыс жат көрді. Жек көрді (І, 72). 
Енді балаша қиялдап кеткеніне күлмек болған. Күле алмады. 
Жылағысы келді (І, 134). Бұлардағы парцелляция етіп ұсынған 
сөздер – алдыңғы сөйлемнің бірыңғай баяндауыштары.
Парцелляцияланған сөз өз алдына бөлек сөйлемнің мейлінше 
толымсыз түрі болып та келеді (әрине, мағына жағынан олар 
да  алдыңғы  сөйлемдердің  жалғасы  екені  бай қалады).  Мыса-
лы: Ең қиыны – Ай-Шешектің өз көңілі. Жоқ. Көнбейді (І, 78). 
Бұл жердегі жоқ деген де, көнбейді деген де – Жоқ, Ай-Шешек 
бірақ көнбейді деген сияқты толық сөйлемнің бастауышы мен 
қарсылықты жалғаулығы түсірілген толымсыз түрі.
Автор  кейде,  әсіресе  кейіпкердің  ойын,  ішкі  толқынын, 
яғни  ішкі  монологін  беруде  парцелляцияға  жиі  иек  артады. 
Мысалы, Ораз-Мұхамедтің өзінің әмір үстіндегі дәрменсіздігі, 
болашағы, айналасы туралы толғанған ойын бергенде, жазушы 
толымсыз  сөйлем  сияқты  болып  келетін  эллипсистерге  бара-
ды. Сірә, мұндай сәттерде парцелляция мен толымсыз сөйлем 
сияқты  жай  синтаксистік  құрылымның  бір-бірінен  айырым 
белгілерін,  атқаратын  қызметтерін  айқындау  керек  болар. 
Мысалы:  Арада  қырық  жыл  өткен  соң,  қалың  қазақ  –  батыр 
қазақ, дарқан қазақ осы жаман баланы (өзін айтқаны – Р. С.) 
хан көтермек! Жоқ! Келіспеймін! – деп ойлады Ораз-Мұхамед: 
Шағым болсын. Өзі батыр, өзі ақылды. Жоқ, тым қатал... Жоқ, 
одан  гөрі  Есім  лайық.  Мейірбан.  Кең...  Әй  осы  бәрінен  де 
Тұрсын жақсы-ау... Байсалды, парасатты, іскер. Бірақ атасы... 

141
Атасы басқа. Әйтсе де бөтен емес-ау. Шөбере (І, 133). Міне, 
бұл көрсетілгендердің қайсысы – парцелляция, қайсысы – жай 
толымсыз  дүние?  Жа зушы  үшін  бұл  жерде  екеуі  де  ұтымды: 
адам ойын білдіріп тұр. Бұл – кейіпкердің, тіпті жазушының 
сөзі емес, ой. Ал ой дегеніңіз – осындай «бейберекет» үзік-үзік 
(фрагментарность) болып түзіледі, мұнда сөйлемнің бас-аяғы 
ойлаушының өзіне ғана түсінікті эллипсистік құрылып болып 
келеді.
Парцелляциялық  құбылыстың  ғажабы  сол  –  жазушы  қай 
нәрсеге  (сәтке,  қимылға,  сын-сипатқа  т.т.)  оқырман  назарын 
аудартып, ой салмағын салғысы келсе, бәрін де еркін аулақтай 
(парцелляциялай) алады, әсіресе жоқ (178,161), дұрыс, рас (І, 
128) сияқты сөздер жеке тұруға бейім, өйткені олар көп сөзбен 
берілетін  ой  екпінін  қабылдап,  оқшауланған  бір  өздері  көп 
нәрсені баяндайды.
Бірнеше  бірыңғай  идеяны  қатар  келтірілген  бірнеше  пар-
целляция етіп беру де М.Мағауин тіліне тән. Мысалы:
Саудаға келгенде, Сейтек көпті көрген Қадырғалидың өзін 
дағдартып  жүрді.  Жүйріктігінен  емес.  Пәтуасыздығынан. 
Кеңеседі. Келіседі (І, 185). Бүкіл елдің ақыл, саясаты сол арадан 
өріс  табады  екен.  Қайтпас  қайсар.  Мұқалмас  қажыр.  Терең 
ақыл. Тиянақты саясат. Біл. Ұғын. Үйрен (І, 260). 
Бұл үзікте Ораз-Мұхамедтің орыстың байтақ қаласы – Мәскеу 
мен оның қасиетті ордасы, қолқа жүрегі – Кремль туралы ойы 
берілген.  Автор  бір  емес,  жеті  парцелляциямен  көп  нәрсені, 
дәлірек  айтсақ,  «кіріптар  болып  келген  қазақ  сұлтанының» 
Ресей  патшалығын  алғаш  қалай  танығанын  суреттейді.  Бұл 
да  –  ой,  мүмкін,  1-кітаптың  3-бөлімінің  «Мұнарасы  биік 
Мәскеу» деп берілген 1-тарауының алғашқы екі-үш беті қысқа-
қысқа  сөйлемдермен,  бірнеше  парцелляцияланған  сөзбен 
(сөйлем  мүшелерімен)  келгендігі  –  автордың  баяндауы  емес, 
кейіпкердің ойы болғандықтан шығар.
Қысқасы, парцелляция – біз тілін талдап отырған шығармаға 
тән  стильдік-синтаксистік  белгілердің  бірі,  ол  жа зушы 
М.Мағауин таңдаған ұтықты тәсіл болып шыққан.
Романның  жалпы  синтаксистік  құрылымында  назар  ауда-
ратын  өзге  де  сәттер  бар.  Автор  әр  ситуацияға  байланысты 

142
баяндаудың  (суреттеудің)  синтаксистік  бітімін  (берілісін) 
әртүрлі етуді көздеген, ізденген және бұған әдейі барған. Мұнда 
жазушы әрбір сөйлемді жаңа жолдан бастап (әрине, жазуда со-
лай берілуі – қалам иесінің талғамы) жазған тұстар бар. Бұл 
жағдайда қандай мақсат көзделген? Мысалы, Ораз-Мұхамедтің 
белгілі  саясатпен  Ескерге  (Ібір-Сібірге)  жол  жүрер  алдында 
қазақтардың Абдолла ханға қарсы аттануға бет алғанын естіген 
ситуацияны жа зушы былай баяндайды:
Сұлтан  мен  бек  суыт  жүрісті  қосар  аттыға  төрт-ақ  күндік 
жердегі  Ескер  қаласына  жаушы  жіберіп,  жақсы  хабар  алған 
шақта  арттағы  елден  –  астана  жұрты  Созақтан  жүйріктерін 
зорықтыра, шұбыра шауып шапқыншы келген.
Шұғыл жүріс, тығыз бұйрық.
Ораз-Мұхамед қуана алмады.
Реніш, кейіске және жол жоқ.
Ақыл ісі емес, ашу ісі.
Тепкі титығына жеткен, ашынған елдің еріксіз қимылы.
Бірақ арты... ақыр түбі немен тынбақ?(І, 114). 
Міне,  алты  сөйлем  алты  абзац  (жаңа  жолдан  басталып) 
жасап  тұр.  Сірә,  автор  бұлайша  орналастыру  арқылы  әрбір 
сөйлемде  айтылған  ойды  көп  сөзбен  талдап,  түсіндірмей-ақ, 
осылайша  келте-келте  қайыру  арқылы  әрқайсысына  назар 
аудартқан болар. 
Келесі  бетте  де  дәл  осындай  синтаксистік-графикалық 
тәртіп бар: Арада екі-үш апта өткенде, бүкіл Сары Арқадағы 
қару  сілтеумен  көзін  ашқан  тәжірибелі  аламан  атаулы  тегіс 
түстікке бет түзеген.
Елу мың қол.
Кісі басы қос ат, үш ат.
Күндіз-түні шабуылдамақ.
Бірақ  алды  майданға  ілінгенде,  арты  жол  ортасында 
болмақ (І, 146).
Егер жазушы айтпақ сөзін бұлайша түзбегенде, текст мына-
дай түрде құрылған болар ма еді: «...тегіс түстікке бет түзеген. 
Бұл – елу мың қол құраған қосын еді. Қосынның әрбір аламаны 
кісі басы қос-қостан, үш-үштен ереуіл аттар алған, өйткені олар 
күндіз-түні шабуылдамақ. Бірақ қосынның шұбалаңқы, көптігі 

143
сондай,  алды  майданға...».  Ал  жазушы  баяндаудың  мұндай 
қалыпты ретін сақтағанда, оқырманға ететін эмоциялық әсері 
басқаша, яғни жай ғана информация алу болар еді. Кітаптағы 
жазылу  тәртібі  –  әр  сөйлемнің  жаңа  жолдан  басталуы  – 
оңтүстікке,  Абдолла  ханға  қарсы  аттанған  қазақ  әскерінің 
көптігіне  («Елу  мың  қол»),  жорыққа  жақсы  сайланғанына 
(«Кісі басы қос ат, үш ат»), үлкен ұрысқа бекінгеніне («Күндіз-
түні шабуылдамақ») оқырман назарын аудартуға көмектеседі.
Қайталама  тәсілін  М.Мағауин  де  қолданады.  Бірақ  оның 
көрінісі  Ә.Кекілбаевтағыдан  өзгеше  болып  келеді.  Мысалы, 
тарихты  баяндаудың  үш  түрлі  жол-тәсілі-аспектісі  жөнінде 
философиялық  толғауды  беруде  жазушы  қасиетті  кітаптар 
айтады,  ұлы  ақындар  айтады,  ғұлама  ғалымдар  айтады 
деген  қайталама  сөйлемдерді  келтіріп,  әрқайсысынан  соң, 
олардың  айтқан  сөзінің  мазмұнын  келтіреді  де  үш  сөздің 
үшеуінің де соңын біртектес сөйлемдермен бітіреді: Сөз аяғы 
тұлдырсыз уағызға айналар еді, Сөз аяғы тұрлаусыз хикаяға 
ұласар еді, Сөз аяғы тиянақсыз тауарихқа тірелер еді. Бұлар 
–  бір  сөздің,  не  бір  сөйлемнің  бұлжымай  қайталануы  емес, 
мазмұндас қайталамалар, яғни сөздері әртүрлі болғанмен, ай-
татын идеясы біркелкі: кім айтады, сөз мазмұны немен тына-
ды. Бұл жердегі қайталама құбылысы сөйлемнің синтаксистік 
құрылымы  мен  сөйлем  мүшелерінің  морфологиялық  тұлға- 
ларының  біркелкілігі,  кейбір  сөздердің  әрқайсысында  қай- 
талап  келуі  (айтады,  сөз  аяғы)  және  синонимдес  сөздердің 
қолданысы  (тұлдырсыз  –  тұрлаусыз  –  тиянақсыз,  уағызға 
айналар  еді  –  хикаяға  айналар  еді  –  тауарихқа  айналар  еді) 
арқылы жасалған. Міне, авторға бұл типтес қайталамалар үшін 
қаншама қажеттіктерді табуға тура келген.
Жалпы  қайталама  типтес  бірыңғай  конструкцияларды 
келтіру  де  –  Мағауиннің  сөз  мәнерінің  бір  белгісі,  олардағы 
қайталанатындар да – жеке сөздер, тіркестер, сөйлемдер емес, 
морфологиялық тұлғалар мен синонимдер. Мысалы: тіл орта- 
қтығы  туыстырған,  мекен  бірлігі  тоғыстырған,  тіршілік  
жайы табыстырған бұл ат төбеліндей... жұрт (ІІ, 115). Төңке- 
ріле  дөңгеленген  дүниеден  талай  пенде  басы  кетіп  көшті, 
талай  пенде  жасы  жетіп  көшті.  Мұндай  құрылымдарды 

144
қайталама десек те, параллель түзілімдер десек те болар. Сірә, 
соңғы танымымыз дұрысырақ, бірақ осы параллельдікті жаса-
уда сөз бен тұлғалардың қайталап отыруы қатысады.
Бірен-саран  болса  да  шығарма  беттерінде  «абсолютті» 
қайталамалар да бар (онсыз, сірә, бірде-бір жазушы болмайтын 
шығар). ... Орыс ұлының жаңа жеріндегі жаңа ұрпақ отыруға 
тиіс жаңа үйді жабдықтап бітеді (І, 161).
Егер  біз  шығарманы  бастан-аяқ  тілдік-стильдік  бітімнің 
барлық  қырынан  талдауды  көздеген  ғылыми  ізденіске  ба рып 
отырсақ, оның синтаксистік құрылымы бойынша әлде де біраз 
жалпыға ортақ не авторлық даралық белгілерді тапқан болар 
едік,  ал  біз  бұл  жұмыста  қазақ  тіліндегі  тарихи  романдар-
да  көзге  түсетін  кейбір  стильдік-тілдік  белгілерді  анықтауды 
көздедік.  Сондықтан  жазушының  жалпы  шығармашылық 
мәнерін  емес,  тарихи  роман  ұсынудағы  стильдік  сұраныстар 
үдесінен қалайша шыққандығын ғана көрсеттік.
Бір-екі  ауыз  сөз  –  тіл  маманы  ретінде  өзіміз  байқаған 
жаңсақтықтар жайында. Арыстанның ұрғашысына жал бітіріп 
қателескен  Лермонтовтан  бастап,  тегі,  жазушылардың  қай-
қайсысынан  да  жеке  сөздердің  мағынасынан  жаңылысқан 
сәттерін  ұшыратады  екенбіз.  Мұхтар  Мағауин  де,  Әбіш 
Кекілбаев  та  алдияр  сөзін  дұрыс  түсінбей,  оны  Алла  жарға 
ауыстырыпты.  Бұған  себепкер  –  бірқатар  ғалымдардың, 
соның ішінде ұлы Шоқан Уәлихановтың, ірі тіл маманы акад. 
Ісмет  Кеңесбаевтың  алдияр  деген  сөздің  төркінін  тануда 
қателескендері
24
 болса керек. 
Олар  бұл  сөзді  арабтың  Алла,  парсының  жар  сөздерінің 
қосылуынан  жасалған  деп  табады  да  мағынасы  «Алла  жар 
болсын» деп түсіндіреді. Ал атақты түрколог акад. К.К. Юда-
хин  алдаяр  сөзі  –  хандардың,  монархтардың,  билеушілердің 
құрметті  титулы,  орыс  тіліндегі  «ваше  величество»  деген-
ге  сай  келетін  тарихи  көне  сөз  деп  түсіндіріп,  түптөркінін 
бұл  ға лым  да  араб  пен  парсының  екі  түбірінің  тіркесінен 
шығарады
25
.  Ал  біз  бұл  терминнің  этимологиясын  арнайы 
іздестіріп,  оны  монғол  тіліндегі  алдар  сөзімен  төркіндес  деп 
24
 Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. - Т. 1. - С. 226; Кеңесбаев І. Қазақ тілінің қысқаша 
этимологиялық сөздігі. - Алматы, 1966. - 33-бет.
25 Киргизско-русский словарь. - М., 1965. - 49-бет.

145
таптық.  Алдар  –  монғолша  «даңқ,  атақ,  мәртебе,  дәреже», 
монғол тілдерінің бір бұтағы – қалмақ тілінде бұл сөз «ұлы» 
дегенді білдіреді. Алдияр бұрын қазақ тілінде жеке тұрып та, 
алдияр  хан,  алдияр  тақсыр,  алдияр  сұлтан  сияқты  тіркестер 
түрінде  де  қолданылған.  Бәрінде  де  «мәртебесі  биік»  одан 
«мәртебелі», одан «ұлы» деген мағыналарға ие болған. Біздің 
топшылауымызға,  бұл  сөз  монғол  қол  астына  қараған  түркі 
тайпалары тілінде XIII ғасырлардағы монғол шапқыншылығы 
кезінен  бастап  қолданылған  болар.  Егер  бұл  о  бастан  түркі-
монғолға ортақ сөз болған болса (ондай ортақ сөздер жүздеп, 
тіпті  мыңдап  бар  екенін  білеміз),  алдияр  деп  әміршіге,  хан-
дарына  құлдық  ұру  қазақты  құраған  тайпалар  тәжірибесінде 
Шыңғыс  хан  жорықтарынан  бұрын  да  қолданылуы  мүмкін. 
Хандары тек Шыңғыс әулетінен болып келген қазақ қауымында 
сол хандармен оның билеуші ұрпақтарына (сұлтандарға) алди-
яр деп карата айту орын алған болу керек
26
. Өзбек, түрікмен, 
татар т.б. сияқты өзге халықтар тілдерінің сөздіктерінен алди-
яр  (алдаяр)  тұлғасын  кездестірмедік  (олардың  фольклорлық 
ескерткіштерінде  кездесе  қалса,  ауыс-түйістің  нәтижесі 
болуы  да  мүмкін).  Демек,  алдияр  –  К.К.Юдахин  дұрыс 
көрсеткендей,  орыс  тілінде  «ваше  величество»-ның  түркі-
монғолша  эквиваленті.  Ал  біз  романдарының  тілін  талдаған 
екі жазушының екеуі де осы мағынада және ал дияр тұлғасында 
бұл  сөзді  мүлде  қолданбайды,  Алла  жар  деген  тіркесті 
ассаламағалейкум  дегендей  етіп,  жеке  өзін  ғана  диалогте 
келтіреді (I, 49, 139, 178-беттерді қараңыз), не кейде Алла жар 
айтты деген тіркесте келтіреді. Мағынасын, әрине, сөздердің 
өздері айтып тұрғандай Алла жар болсын! дегенге сайдырады. 
Әңгіме үстінде Алла жар бол сын! деген амандық-тілек-бата ай-
тыла береді және ол тек хан-сұлтандарға ғана қарата емес, кез 
келген адамға қарата айтылады, ал алдияр сөзі тек хандар мен 
билеуші сұлтандарға ғана қаратылады. XIX ғасырдағы қарадан 
шыққан аға сұлтандарға, болыстарға, тіпті орыс әкімдеріне ал-
дияр деп айтпаса керек («қазаншының еркі бар, қайдан құлақ 
шығарса» деп, сөзді оңды-солды жұмсайтын бірен-саран жа-
зушы  бұл  сөзді  оларға  да  қарата  айттыра  салуы  мүмкін,  не 
стильдік мақсатта айтқызуы мүмкін).
26
 Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. - Алматы, 1980. - 32-33-беттер.

146
Әрине, әрбір кейіпкерді өз аты мен затына лайық сөйлеткен 
екі жазушының да нақ хандар мен сұлтандарды әңгіме еткен 
тарихи романдарда бірде-бір рет «алдияр хан, алдияр Тәуекел 
хан»,  «алдияр  сұлтан»  деген  қазақ  құлағына  кәнігі,  хан  сөзі 
жүрген жерде кездесе кетуін күтіп отыратын тұрақты этикалық 
сөзді қолданбағандары өкінішті-ақ.
Көне сөздер – көз бояушы сияқты сиқыры бар дүниелер. 
Олар қарапайым оқырман түгіл, «сөз жиған» жазушыны да ша-
тастырып жібере салады. Мысалы, М.Мағауин кішілік сөзіне 
келгенде, осылайша «көзі байланып» қал ған. Бұл – көне түркі 
сөзі, кіс - кісі - кіші сөзінің бір мағынасы – «адам, кісі» бол-
са, екінші мағынасы – «жұбай, біреудің әйелі», кісі (кіші алу 
 «үйлену» дегеңдерді білдірген
27
. Қазақ тілінде бұл – «кіші- 
лікке бару, алу» деген тұлғада жалпы «әйел етіп алу» деген 
ұғымда  қалыптаскан,  көнеден  қалып  қойған  «сарқыт».  Бұл 
сөзді  Мұхтар  Әуезов  дұрыс  жақсы  қолданған:  мұсылманша 
сауатты  Бердіқожа  өзінің  қызы  –  Нұрғанымды  Құнанбай 
әйелдікке  сұрағанда,  «Құнанбайдай  кәріге  қызымды 
кішілікке бермеймін», – дейді ғой. Тоқал сөзін айтқанда, «кіші 
әйел,  әйелдердің  кішісі»  деген  ассоциация  пайда  болады, 
сондықтан, сірә, кішілікке алу, кішілікке бару, беру дегендерді 
«тоқал болып бару, тоқалдыққа беру» деп түсінушілік пайда 
болса  керек.  Көне  сөздерге,  әсіресе  тарихи  дүниелерде,  тек 
көркем  әдебиет  емес,  тарихқа  арналған  ғылыми,  ғылыми-
көпшілік  еңбектерде  де  мейлінше  мұқият  қарап,  орнымен 
жұмсағанымыз абзал.
М.Мағауин бұл тарихи романда көптеген көне (тіпті әріде- 
гісі де, беріректегісі де) қару-жарақ, сауыт-сайман, киім-кешек 
атаулары мен әскери құрылым мен ұрыс-соғысқа қатысты ата-
уларды  жақсы  келтірген.  Мысалы,  құяқ,  тегілей,  ала  балта, 
джид, ұлуғ ау, қаңлы арба, тізелік, бұтырлық, қоллық, сыпағ 
(сипақ), сыпақсалар, сандал (тақ), ақрұқ, ертауыл, тұтқауыл, 
бақауыл,  шыңдауыл,  бұлғақ,  лек,  анда,  аламан,  күймелер 
күрені, әрәйна (автор мұны «әрі қарай» деген мағынада алып-
ты)  сияқты  сөздер  –  бүгінгі  қолданысымызда  жоққа  тән, 
27
 Древнетюркский словарь. - Л., 1969. - С. 310.

147
көбінесе  батырлар  жырлары  мен  та рихи  шығармаларда  кез- 
дестіретін көнерген элементтер. Жоғарыда біз көрсеткен бір-
екі  жаңсақтық  осындай  қыруар  дұрыстықтың  көлеңкесінде 
қалып, байқала бермейтіні түсінікті.
Жоғарыда  айттық,  жазушы  кейіпкерлер  сөзін  беруге  мей- 
лінше мұқият қараған, әркімді әлеуметтік орнына (Дәрежесіне), 
жасына,  ұлтына,  тәрбиесіне  т.т.  қарай  өзіне  лайық  «кешегі 
тілде» сөйлетеді. Дегенмен ара-тұра олардың бүгінгіше сөйлеп 
кететіні бар.
Мысалы:  ...  әрқайсың  сұлтанның  саулығы  үшін  тоғыз 
аяқтан  қымыз  ішесіңдер  (Ай-Шешектің  сөзі  –  І,  56).  Келісім 
шарт  жасайық  (Құл-Мұхамед  сөзі  –  II,31).  Әскери  одақ  – 
ат  үсті  шешілетін  мәселе  емес...  Иранның  арыстаны  шарт 
жасасуға өкілет берген жоқ (ІІ,31) (Иранның елшісі – Ғади 
бектің сөзі – ІІ,31). Қызылбас елшілерімен де келіссөзге оты-
ру қиын емес (Ораз-Мұхамедтің сөзі – ІІ, 22). Әрине, ол кез-
де (XVI ғасырда) ресми сөйлеу тілі қандай болды, оны ешбір 
жазушы дәлме-дәл түсіре алмауы сөзсіз: жазылып қалған үлгі 
жоқ, бірақ әйтеуір нақ бүгінгі терминдерді қолданбағаны және 
хақ. Бұл қиғаштықтар да көлге тамған тамшыдай аз ғана.
Біз  байқаған  үшінші  бір  сәт  –  Мәскеудегі  «Красная  пло-
щадь»  дегенді  автордың  «өрт  алаңы»  деп  алғаны  да  ойлан-
дырады. Зерттеушілер орысша красный сөзінің бір мағынасы 
«красивый»  –  «әсем,  әдемі,  сұлу,  дұрыс»  деп  түсіндіреді 
(красная  девица,  красная  цена  т.т.).  Біздің  Қызыл  алаң  деп 
жүргеніміз де – дұрыс емес, бұл «қызыл»-дың жаңа қоғам сим-
волына айналған тұста жасалған аударма болғандықтан және 
«красный»  сөзінің  бүгінгі  орыс-қазаққа  түсінікті  мағынасы 
түсті  білдіретін  сөз  болғандықтан,  күні  бүгінге  дейін  аудар-
ма эквивалентінің дұрыс-бұрысы жөнінде ойланып та көрген 
жоқпыз.  Тарихи  тұрғыдан  ойланып,  «қызыл»  дегеннің  бұл 
алаңға келмейтінін сезген жазушы «Өрт алаңы» депті. Мүмкін 
кейбір тарихи деректерде атақты алаңның отқа (демек, өртке) 
қатысы бар де ген пікірлерді де кездестірген болар. Сондықтан 
«Красная  площадь»  дегенді  тарихи  тұрғыдан  қазақша  қалай 
атау керектігін ойлансақ дейміз.

148
Сөйтіп, талдауымызды түйіндегенде, жазушы Мұхтар Ма- 
ғауиннің  «Аласапыран»  романы  қазақ  көркем  әдебиетіндегі 
тарихи шығармалардың ең сәтті үлгілерінің бірі деп санауға 
тек  оның  көркемдік-шығармашылық  сипаты  ғана  емес, 
тілдік-стильдік  белгілері  де  мүмкіндік  береді.  Бұл  –  көркем 
туындыны «тарихи стиль» дегеннің тезіне салып жазудың да 
бірден-бір көрнеу үлгісі. Ал «та рихи стиль тезі» («историче-
ская  стилизация»)  жалғыз  ғылыми  таным  үшін  емес,  қазақ 
халқының  бұдан  бірнеше  ғасыр  бұрынғы,  тіпті  күні  кешегі 
XIX  ғасырдағы  өмір  шындығын  дұрыс  тануымыз  үшін  де 
қажет.  Дәл  бүгіндер  қажет.  Қанша  уақыт  халқымыздың  ба-
сынан  өткен  тарихи  кезеңдерін  жөндеп  көрсете  алмай,  ата-
бабаларымызды  қалай  жүріп,  қалай  сөйлегендерін,  ұстаған 
салт-дәстүрін,  жүзеге  асырған  жора-жоралғысын  тәптіштеп 
айта алмай жеткен бүгінгі күндерімізде сол қалтарыста қал-
ған  қыруар  дүниені  көркем  әдебиеттен  танып-білуіміздің 
мәні  де,  әсері  де,  нәтижесі  де  орасан  зор  болмақ.  Осындай 
міндетті мойындарына алып, оны ең жоғары сапада, көркем 
әдебиеттің дүниежүзілік талғам-дәрежесіне сай етіп атқарып 
отырған  қалам  иелеріне  бүгінгі  қалың  оқырман  қауым  дән 
риза  болып  отырса,  болашақ  ұрпақ  аттарын  алғыспен  атай-
тындарына күмән жоқ.

149

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет