5
26 шілде, 2014 жыл
№30 (5950)
ҰЛЫТАУ ӨҢІРІ
(Соңы. Басы газетіміздің өт-
кен нөмірінде).
Әбілқасен Әмірәлиннің «Арқада
туған алып» кітабында: «Соғыс-
тың алдындағы Жезқазған өнер-
кәсіп орындары кокстелетін сапа-
лы Қарағанды көмірін керегінше
алып тұруына байланысты зауыт
басшылары тарапынан Байқоңыр
көміріне деген немқұрайлылық,
селқостық фактілері сезіліп қалып
жүретін. Осындай селқостықтың
салдарынан Байқоңыр көмір
кенінде өндірістік процестерді
механикаландыру барысы артта
қалып қойды. Сондықтан мұн-
да өндірілген көмірдің басым
көпшілігі қарапайым қол күшімен
өндіріліп жүрді. Көміршілердің
сменалық жұмыс нормасының
өзі де тәртіпке түсірілмеген еді»,
– деп жазады. Осыдан туындай-
тын кез-келген кемшілікті өзгеге
жауып, әйтеуір біреудің басына
қатер төндіру «әлдекімдерге» аса
қолайлы болды. Қарапайым халық
соның кесірінен көп қасірет шекті.
Дегенмен, Байқоңыр, Қарсақбай
өндіріс орындарында қарапайым
халық ерен еңбектің үлгісін жасап
жатты. Оны 1943 жылғы қазан ай-
ында КСРО Мемлекеттік Қорғаныс
комитетінің ауыспалы Қызыл Туын
жеңіп алғанынан да көреміз.
Әбілқасен Әмірәлиннің «Арқада
туған алып» кітабында бай-
қоңырлық кеншілер туралы кеңі-
нен баяндалады. Өйткені Әбілқа-
сен кезінде Қарсақбайда шығып
тұрған «Қызыл кенші» газетінің
редакторы болған, ақын, жазушы.
Сол кездің көрінісін нақты білуде
аталмыш кітаптың деректерінің
айтары мол.
«Бейбіт күндерде Жезқазған
кәсіпорындары үшін қажетін-
ше жіберіліп тұрған Қарағанды
көмірінің көлемі соғыс баста-
лысымен күрт азайып, ол тек
қана Қарсақбай зауытының ме-
таллургия цехына арнайы жі-
беріле бастады. Енді Байқоңыр
көміршілері соғыстың алғашқы
айларынана бастап, бүкіл Қарсақ-
бай, Жезқазған кәсіпорындарын,
соның ішінде 6 мың киловат-сағат-
тық электр энергиясын өндіретін,
сол кездегі бұл аймақтағы ең
күрделі саналатын Қарсақбай
электр станциясын көмірмен, ал
ірі үш қалашықтың тұрғын халқын
отынмен қамтамасыз етуге тиіс
болды.
Ұлы Отан соғысы Байқоңыр
кенінің ұйымшыл коллективінің,
көміршілердің 30-40 жылдардағы
күрескер ұрпағының алдында
сұрапыл, қиыншылық жағдайда
көмір өндіруді еселеп арттыру
міндетін қойды».
Осы суреттеулерден сол кездегі
жағдайдың қалай қалыптасқанын
аңғару қиын емес. Ал Кәменнің
әкесі Әуелбек Жақыпұлы сол қызу
еңбек ортасында бел шешпестен
қызмет етті. Бүгінде есімін қазақ
халқы жақсы білетін Мұхит Құл-
жанұлы Бөпежанов алғаш шахтаға
келген сәтінен бастап, Әуелбек
ағаның қарамағында үйренуші бо-
лып қызмет еткен болатын. Жоға-
ры білім алып, өндірістік тәжіри-
беден өтуге келген жас маманды
тәриелеуден шахта басшылығы
аянып қалған жоқ. Олар өзара
аса жарастық пен сыйластықтың
үлгісін қалыптастырғандай еді. Ол
кез әлбетте тұрғын үймен қамта-
масыз етуге қолайсыздау шақ
болғандықтан Мұхит Құлжанұлын
шахта меңгерушісі Әуелбек өз
үйіне паналатты.
Мұхит Құлжанұлы Бөпежанов
Жезқазған, Қарсақбай, Байқоңыр
кенішінде 1936-1962 жылдар ара-
лығында еңбек етті. Жезқазған
кен басқармасының директорынан
Қазақ КСР Түсті металлургия
министрінің бірінші орынбасары
қызметіне дейін өсті. 1961 жылы 9
маусымдағы КСРО Жоғары Кеңесі
Президиумының Жарлығымен
ерен еңбегі үшін Социалистік Ең-
бек Ері атағы берілді.
Халық айтады: «Адамның
айтқаны бола ма, Алланың дегені
бола ма?» Алаңсыз ғұмыр кешіп,
адал еңбегін атқарып жүрген
Әуелбектің отбасы 1937 жылы
бір-ақ күнде қасірет құшып қалды.
Өмірдің беті қанжардың жүзін-
дей мың құбылатын аласапыран
кезеңде «бұл қалай?» дейтін
емес қой. Байқоңыр зауытының
директоры Жетпіс Дүйсенов, бас
инженер Федоров, шахта мең-
герушісі Әуелбек үшеуі «халық
жауы» деген жаламен ұсталып,
аяқ астынан «шетелдің тыңшысы
атанып» жалалы болып шықты.
Қарсақбай түрмесіндегі әкесіне
Кәмен барып тұратын. Іс беті бері
қарамады. Ақыры «итжеккенге»
алып кетті...
Сөйтіп, Кәменнің жеке басы-
на ғана емес, жалпы отбасына
зауалды шақ туды. Мектеп екі-
бастан «халық жауының» баласын
мектепте ұстаудың артықтығын
сезініп, шығарып жіберді. Он үш
жасында шахтаға есепші болып
жұмысқа орналасты. Оған әрине
Мұхит Құлжанұлының ықпалы
болды.
Шахта директоры Жетпіс Дүй-
сенов, бас инженер Федоров,
шахта меңгерушісі Әуелбек үшеуі
қанша ізденіп, ақтығын айтып
арызданғанымен еш пайда көр-
меді. Сөйтіп жүргенде, 1939 жылы
бұлардың жалалы болғанына
әлдекімнің рахымы түседі де
ақтайды. Жетпіс Дүйсенов, бас
инженер Федоров елге оралып
үлгереді. Бірақ Әуелбек түскен
түрме басшылары соғыс өрті
басталып кеткендіктен, оны «елге
қайтаруды қажетсіз» деп тауып,
ақталған қағаз әлдекімнің жұмыс
үстелінің суырмасында қалып
кетеді. «Мысыққа ойын, тышқанға
өлім керек» дегенді дана халқы-
мыз қалай дөп басып айтқан
десеңізші! Немқұрайлы қараған
түрме басшылары яки тергеушінің
аса «сақтық» жасаған оспадар
қылығынан бейкүнә жан түрмеде
қасірет шегіп жата береді... Оның
бәрі кейіннен 1946 жылы Әуел-
бек елге ақталып келгеннен кейін
мәлім болған жайлар ғой. Бостан
босқа тоғыз жыл ғұмыры айдауда
өтті. Оған кім кінәлі?... Қайран
жосықсыздық, бетімен кеткен жөн-
сіздік десеңізші! Кеңес дәуірінің
келеңсіз сұрқай беті, адам құқығын
аяққа таптаудағы бір көрінісі осын-
дай болатын...
Әкесі Әуелбек елге келгенде
Кәмен сол есепшілікте жүрген-ді.
Жас та болса, ысылып, оң-солын
танып, ерте есейген баласын
көргенде жүрегі шымырлаған әке
ұлымен ашық әңгімелесу қажет
деп тапты.
– Балам, сенің мына тірлігің
саған өмірлік азық болмайды. Сон-
дықтан өмірлік қажетіңе жарайтын
мамандық таңдағаның абзал. Мен
түрмеде небір қиындықты бастан
өткердім. Небір ауыр сәтті бастан
кештім. Ой түйдім. Әрине, оқыға-
ның абзал. Тым болмаса, әзірше,
өзіңе нан тауып жеуіңе қай кезде-
де септігі тиетін мамандық таңда.
Есепшілігің мамандық емес, ол
көп кәдеге жарамайды. Қандай
кезде де таптырмайтын мамандық
техникамен байланысты болға-
ны қолайлы. Бізді түрмеде сапқа
тұрғызып қойып: «Араларында
мамандық иелері бар ма? Кімнің
электрик, токар, слесарь, тас
қалаушы, ағаш шеберлері бар?»
деп іріктеп алып кетіп жататын. Біз
сияқты инженерлер кәдеге аспай
қалдық.
– Әке, ойыңызды ұқтым. Менің
көңілім электрик мамандығына
ауып жүр, бірақ оған қалай қол
жеткіземін?
– Ол жағынан қам жеме. Тала-
бың болса, үйренуші болып ауыс.
Қалғанын кейін көре жатармыз.
Сол мамандық расында да
Кәменді өмір бойы асырады.
Әкесінің қызметке орналасуына
Мұхит Құлжанұлы септігін тигіз-
бей қойған жоқ. Сөйтіп, арадағы
ағалы-інілі арасындағы тату тірлік
байланысы өмір бойы жалғасты.
– Бірде әңгіме арасында, –
дейді Әбдіуахит Ниязғалиұлы
әңгімеге араласып – Кәмен ағадан
электрик мамандығына қаты-
сты сөз болғанда: «Сіз Қарсақ-
бай мыс қорыту зауытында осы
мамандығыңызбен-ақ құрметке
бөлендіңіз. Ел-жұрт сыйлайды.
Жеңешем Күнбөпе сізге алғыс
айтты ма?» – деп қалжыңдадым.
Бұл әдеттегідей зілсіз қалжың
болатын. Бірақ, аға шын пейілімен
әлде не айтуға оқталғанда қы-
сылып қалғаным рас. «Ойыннан
– от шығады» деген бар. Осы са-
лаға қатысты әлденені «аңдамай
айтып қалдым ба?» деп, кешірім
сұрамаққа ниеттеніп едім. Өзі
бұрын сөз бастады:
– «Ойын сөзге, шын жауап»
деген, інім. Одан да әңгіме болсын
саған бір әңгіме айтып берейін.
Сен білмейтін, бірақ жеңешеңнің
мені алақанына салып ұстайтын
бір құпия бар еді. Сенің жеңгең
– «Пионер» ауылының маңдай
алды электригі болған маман жан.
Күлме, шындық солай. Осы ауыл
соның еңбегі арқасында жарықтан
қол үзген жоқ.
Мәселе мәнісі былай екен.
Бірде «Қарсақбай» кеңшарының
директоры шақыртыпты деген
соң, Дүйсебек Дүйсенбаевтың
кабинетіне барады. Мұны көре
салысымен:
– Кәмен, кел кел. Сенімен
ақылдасатын маңызды шаруа бар.
Отыр, үй-іші тегіс аманба? Қарын-
дасымның жағдайы жақсы ма?
–
Аманшылық. Сіз шақырды
деген соң келіп едім.
– Сендер арнайы шақырмаса
келмейсіңдер,ә? Бұл қалай? Күйеу
бала деген қайнағасының жағдай-
ын сұрастырып тұрар болар еді.
– Жағдайыңызды сұрағанда
менің қолымнан не келер дейсіз?
– Жоқ, олай деме. Сен аулыңда
ток мәселесі күрделі мәселе
екенін білемісің? Өзің қаланың
жоғары кернеулі желісінде істей-
сің. Ауылға ток жеткіздім, ендігісін
не істесе, ол істесін деп шіреніп
жатуың керек пе? Күйеу балам
– білдей электрик. Ал мен ғой ди-
ректор басыммен «ауылда элек-
трик маманы жоқ» деп шарқ ұрып
табанымнан сабылуым керек, ә?
Сен не, ауылда маман жетіспей-
тінін, ал халыққа жарық керектін
білмейсің бе?
– Білемін.
– Білсең әдейі ерегісіп істеп
жүрсің бе?
– Жоқ.
– Онда сені қалай түсінуге бо-
лады, жолдас күйеу бала?
– Білмеймін. Білмесең, ертең-
нен бастап кеңшарға жұмысқа
шық. Ауылда жарық болатын
болсын. Ұқтың ба?
– Ұқтым, бірақ ұққан жоқпын.
– Ол не сөз?
– Мен Пасенковтың қарамағын-
да қаланың жоғары кернеулі
желісінде істеймін ғой.
–
Істесең қайтейін?
–
Жұмысымды тастай ал-
маймын ғой.
–
Жұмысыңды таста деген
кім бар саған?
–
Сонда қалай?
– Жұмысты сен істейсің, ұқтың
ба? Жалақыны қарындасым
алады. Бар, құжатты қарындасым
атынан рәсімде. Екі мекеменің де
жұмысы ақсамасын.
– Ұқтым.
Шынымды айтсам, түк те ұққа-
ным жоқ еді. Содан былай жеңгең
ауылдың ресми түрде «электригі»
болды да, жалақысын алып тұр-
ды. Екі мекемеге де адал қызмет
етіп, жұмысын тындырушы мен
болып шықтым. Сен әлгінде осы
шындықтың үстінен түскен едің.
Мамадығымыз бойынша әріптес
болған жеңгең мені алақанына са-
лып күтті ғой. Сөйтіп, біз әулетіміз-
бен электрик болдық. Балам Омар
да менің жолымды қуды. Ауылдың
жарығы осының қолында, абы-
ройсыз емес.
–
Дүйсекеңнің жеңешемді
қарындасым деуінде не сыр бар?
– Дүйсебек Дүйсенбаевтың
руы – Сарғалдақ, ал менің жұ-
байым Күнбөпе Қабылова (1936
жылы туған, 2006 жылы қайтты)
Сарғалдақ ішінде, Киіз болатын.
Қарындасым дейтіні содан. Ара-
лас-құраластығымыз үзілген жоқ.
Жарықтық Дүйсекең ғажап мінезді
адам. Шаруаға мығым, кісінің
жақсы жаманын тіл қатысқан
бетте танитын. Еңбекқорлығы мен
істің ыдығын таба білетін ұй-
ымдастырушылық қабілеті ерекше
дамыған, тілді азамат еді.
Зейнеткерлікке шыққан соң,
Кәмекең өзінің ескі көңі – Жақып
қыстағын жекешелендіріп, ша-
руа қожалығын құрды. Қазір
оған Омар иелік етіп жүр. Шүкір
жағдайлары жақсы.
Тоғанбайқажы ҚҰЛМАНҰЛЫ,
КСРО Журналистер одағы және
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
6
26 шілде, 2014 жыл
№30 (5950)
ҰЛЫТАУ ӨҢІРІ
(Соңы. Басы 1-бетте).
Жуырда Алғабас ауылында
80 орындық жаңа мектептің
іргетасы салтанатты түрде
қаланды.
Бұл ауыл тұрғындары
үшін ерекше іс болды. Осы
күнді алғабастықтар қаншама
уақыт армандап көп күтті.
Арман орындалды, жаңа
мектептің құрылысы басталды.
Мұндай ғимараттың ел игілі-
гіне берілуі – Елбасымыздың
бірегей саясатының, ынтымақ-
бірлігіміздің арқасы.
Алғабас ауылы
ауданымыздағы тамырын
тереңге тартқан ауылдардың
бірі. Мұндағы мектептің де
тарихы да осы ауылдың
тарихымен тамырлас. Осы
мектептен талай дарынды
жастар түлеп ұшты. Олар
еліміздің әр түкпірінде, әр
салада жұмыс істейді.
Міне, сол елу жылдан астам
тарихы бар мектептің тозығы
жетіп, елді алаңдатқанына
да біраз жылдың жүзі болып
еді. Нарық пен қаржы
дағдарысының қабаттаса келуі
ауылда жаңа мектеп салуға
біраз кедергі де келтірді. Енді
міне, Елбасы тапсырмасына
орай, аумағымызды дамыту
мақсатында кешенді бағдарлама
жасалынып, соның ықпалымен
ауылда жаңа мектептің де
іргетасы қаланып жатыр.
Осынау игілікті шараға
аудан әкімі Хамит Омаров пен
аудандық мәслихаттың хатшысы
Талғат Сейтжанов ауданның бір
топ ақсақалдарымен Алғабас
ауылына арнайы келді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назар-
баев өзінің Қазақстан халқына
арнаған Жолдауларында ел ке-
лешегі жастарға саналы тәрбие,
сапалы білім беру ісін жетілдіру,
аймақтарда заманауи мектептер
салу жайлы әркез айтып келеді.
Осы орайда, Үкіметке нақтылы
тапсырмалар да берді. Сондай
тапсырмалардың нәтижесінде
көптен бері шешімін таппай келе
жатқан істер оңтайлы шешіліп
жатыр. Соның бірі осы ауыл
мектебі еді. Енді міне, жаңа
мектептің құрылысы да баста-
лып, келер жылы пайдалануға
берілетін болады. Жаңа білім
ошақтарыңыз құтты болсын,
– деді мектеп құрылысының
басталу салтанатында аудан
әкімі Хамит Омаров.
Жиында сондай-ақ аудандық
мәслихаттың хатшысы Талғат
Сейітжанов та сөз сөйлеп,
өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
Қасиетті рамазан айында
қолға алған игі істеріңізге Алла
сәтін салсын деп бастаған
мәслихат хатшысы өз сөзін
алаштың ардақтысы
Ахмет Байтұрсыновтың
халқымыз мықты,
бай болуы үшін білім
мен кәсіп керек, мына
салынып жатқан мектеп
сол ел ертеңінің мықты
әрі бай болуының негізі
деп қорытындылады.
Салтанатты жиында
Ұлытау селосының
ардагері, 40 жылдан
астам білім саласында
еңбек еткен қарт ұстаз
Шәбаз Смайылов
ақсақал да өз тілегін
білдірді.
Салтанатты жиыннан
кейін осынау айтулы
шараға арнайы келген
меймандар жаңа
мектептің іргетасына
өз қолдарымен кірпіш
қалап, лай құйды.
Олардың легін аудан әкімі Хамит
Омаров пен ардагер ұстаз
Шәбаз Смайылов бастады.
Бұдан соң ауыл имамы
Қабылбек Біраяқов ата-
баба жолымен Құран
бағышталып, мал сойылды.
Келген қонақтарға ас берілді.
Осылайша Алғабас селолық
округінде 80 орындық жаңа
мектеп құрылысы басталып
кетті. Мектеп құрылысына
аудандық бюджеттен 123 000
млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
Құрылыс жұмыстарын «Азия-
СтройСервис» компаниясы
жүргізуде. Ал құрылыс
жұмыстарына бірінші кезекте
ауылдағы жұмыссыз азаматтар
жұмысқа тартылатын болады.
Жалпы, Алғабас ауылында
елді қуанышқа кенелткен істер
мұнымен біткен жоқ. Сөзіміздің
басында айтып өткеніміздей,
ауылдың әлеуметтік жағдайын
жақсартуға қатысты да айшықты
шаралар қолға алынып жатыр.
Атап айтқанда, «Ақ бұлақ»
бағдарламасы аясында
республикалық және облыстық
бюджеттен 126 млн. 771 мың
теңге қаралып Алғабас елді
мекенінің су құбырларын
қайта жаңғырту жұмыстары
жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, Алғабас селолық
округ әкімі аппаратының
ғимаратын жөндеуге аудандық
бюджеттен 13 млн. 161 мың
теңге қаралса, апатты жағдайда
тұрған Алғабас ауылындағы
көпірді жөндеу үшін 14 млн. 210
мың теңге қаржы қаралып отыр.
Бұл жұмыстар тек Алғабас
ауылының тұрғындары үшін
ғана емес, жалпы аудан халқы
үшін қуанарлық жағдай. Алдағы
уақытта да осындай әлеуеметтік
маңызы бар жобалар өз
жалғасын табатын болады.
Ізтай БелгІБайұлы.
7
26 шілде, 2014 жыл
№30 (5950)
ҰЛЫТАУ ӨҢІРІ
Көкшетаудан Қызылжарды
бетке алып шыққанда жолда
Сырымбет ауылы кездеседі.
Бұл өңірдің тарихы қазақ тарихы
үшін аса маңызды. Төрелер
тұқымы мекен етіп, өзіне орда
еткен киелі жерде Айғаным
ханымның қонысы бар. Бүгінгі
күні осы қоныс өткен тарихы-
мыздың куәсі болып, сыр шер-
теді.
Қоныс иесі Айғаным Абылай
ханның қарақалпақтан алған
әйелінен туған Уәли деген
баласының төртінші әйелі. Тарихта
Абылай дүниеден өткеннен кейін
билікті Уәли алғаны белгілі.
Айғаным Уәлидің ең жас тоқалы.
Айғанымды алғанда Уәлидің жасы
елуден асса керек. Айғанымның
өзі Есіл бойын мекен етіп отырған
атақты Мәлім қажының ұлы
Сарғалдақтың қызы. Кейбір
деректер оны Әзірет Әлінің 43-ші
ұрпағы деп жазады. Төртінші
атадан атақты жазушы Мұхтар
Әуезов осы Айғаным ханыммен
туысады. Айғанымның сұлулығын
Уәли алғаш рет Есілдегі жер дауын
шешуге Сарғалдақ қожаның үйіне
барғанда көреді. Уәли егде тартса
да Сарғалдақтың қыздың ажарын
көріп, көңілі ауады. Елге оралып,
кейін айттыруға сенімді кісілерін
аттандырады. Айттыруға келген
кісілердің сөзін тыңдаған жас қыз
Уәлиге талап қойып, сәлем айтып
жібереді. Талап еткені, егер Уәли
шынымен де маған үйленгісі келсе
билік ордасын Есіл өзеніне жақын
көшірсін деген еді. Айғанымның
осындай талап қоюының басты
себебі, Уәлидің одан бұрын
алған, Көкшетауды мекен етіп
жатқан үш әйелімен қатар
қоныстанып отырмау болатын.
Қулығын асырған жас қыз Уәлиге
дегенін жасатып, билік ордасын
Көкшетаудағы Қызылағаштан Есіл
өзені бойындағы Сырымбетке
көшіртеді. Бұл 1805 жылдар
болатын. Сырымбеттегі ордада
15 жылдай отасқаннан кейін
Уәли 1819 жылы дүниеден өтеді.
Ақылды ханым жесір қалғанына
жасымай билік үшін күресуге бел
буады. Бұл нағыз қазақ жерін
отарлауға реформалар жасалып,
Сібірдегі генерал-губернаторлыққа
М.М Сперанскийдің тағайындалып
жатқан кезі еді. Жарғы күшіне
еніп, Орта жүздің жері Құсмұрын,
Көкшетау, Ақмола, Баянауыл,
Көкпекті секілді бес окургке
бөлінеді. Округ басшысы болып
аға сұлтандар сайланады. Уәли
өлгеннен соң оның мұрагері болып
Ғұбайдолла қалған болатын.
Ғұбайдолланың соңына шырақ
алып түскен патшалық Ресей,
оны Сібірге жер аудартып,
соттатып тынады. Ғұбайдолла
жер аударылып кетісімен, билікті
Айғаным ханымның өзі қолға
алады. Себебі мұрагерлік бойынша
алуы тиіс Шыңғыс әлі 10 жаста
болатын. Барынша күшін салып,
биліктен айырылмаған, қазақтың
қызына тән өр рухты көрсеткен
Айғаным ханым туралы деректерге
тоқталсақ, ол 1783 жылы дүниеге
келген. Анасы өзбек қызы болған.
Әкесі Сарғалдақ көзі ашық адам
болып, Айғанымның білім алуына
жағдай жасайды. Ол араб, парсы,
шағатай, орыс тілдерін жетік
меңгереді. Сол кездері орыс
ақсүйектерінің сәніне айналған
француз тілін де үйренеді. Шығыс
тарихы мен фәлсафасын жатқа
біледі. Сол білімімен ол Уәлидің
әйелі ғана емес, кеңесшісі,
ішкі және сыртқы мәселелерді
шешудегі бас ақылшысына да
айналған еді. Сондықтан, оны
билікке тосыннан келді деуге
болмайды. Уәлиге ақылшы
бола білген Айғаным ханым
осындай білімі мен табандылығы
арқасында билікті өз күшінде
сақтап тұра алды. Онысынан
нәтиже де шығады. 1823 жылы І
Александрдың атына хат жазып,
1824 жылы Сырымбеттен өзіне
құны 5 мың рубльге тең қоныс
салдыртады.
Қонысты салуға осы мекенді
Айғаным ханымның өзі таңдаған
көрінеді. Таудың етегінде
орналасқан, маңайы бұлақтың
сыңғырына бөленген мекеннің
көркі шынында-ақ керемет
еді. Нағыз ақсүйектерге тән
мекен. Айғаным ханымның
осы қонысты салдыртуы ауыл
шаруашылығы мен кәсіпкерлік
саласынан білім алып, көшпенді
салттан отырықшылыққа біржола
бетбұруы еді. Орыс шеберлерін
шақыртып, қарағайдан он
бөлмелі үй, ауласына мешіт,
медресе, тұрмыстық сарай
салдыртады. Салған медресесінде
ханым аймақтағы бай-кедейіне
қарамастан талапты балаларды
жинап, діни пәндермен қатар
орыс тілі, дүниетану, өнер
пәндерін оқытады. Оқытуға атақты
Құлмұхаммед молданы алдырған.
Үйдің ішін батыстың сәулет
үлгісіндегідей жасатып, терезеге
жібек перделер ілгізіп, Қытайдан
вазалар, шкафтар алдыртады.
Қоныс маңында егіншілікпен
айналысу үшін соқа, тырма секілді
саймандарды Ресейден әкелген.
Бұл заттар Айыртау ауданындағы,
Сырымбет мұражайы, Айғаным
қонысында сақтаулы тұр.
Айғаным ханымның бұл
қонысында атақты қазақ
болыстары, серілері мен ақын-
жыраулары жиі болған. Атақты
Құнанбайдың өзі қонысқа табан
тіреген. Құнанбай Айғанымнан
ел ішіндегі дауға байланысты
Омбыға тергеуге шақырылғанда,
осы Айғаным Шоқанды ортаға
салып аман алып қалған екен.
Қоныстағы шаңырақтан дәм
татқандардың қатарында Орынбай,
Арыстанбай, Шөже, Жанақ секілді
өз дәуірінің дүлдері бар еді.
Орыстың зерттеуші-ғалымдары
да бұл жерге жиі тоқтайтын, А.А
Сотников, А.К Гейне, П.П Семенов-
Тян-Шанский, Ф.И Усов секілді
зиялылар атбасын бұрып, қонақ
болып кететін. Атақты Жанақ
ақыннан Шоқан осы жерде тәрбие
алып, қазақтың лирикалық-эпосы
«Қозы Көрпеш, Баян сұлуды»
небәрі алты жасында жаттап
алғаны тарихтан белгілі. Шоқанның
алғашқы прозалары мен «Едіге»,
«Еркөкше» дастандары туралы
жазбалары осы Сырымбетте
жазылған. Тіпті, кейбір деректерде
Шоқанды Құсмұрында емес осы
Сырымбетте туған деп айтылып
жүр. Шоқан өмірге келді деп
жүрген Құсмұрын бекінісі 1845
жылы салынған. Шоқан 1835
жылы туса, бекініс одан кейін он
жылдан кейін салынса тарихта
әлі де біраз сыр жатқаны анық.
Мұны қазір, тарихшылар көтеріп,
зерттеу үстінде. Себебі, 1835
жылы Құсмұрында туғаны
туралы да деректерді ғалымдар
дәлелдей түсуде. Шоқан он төрт
жасқа келгенде Айғаным ханым
оны Омбыға, кадет корпусына
оқуға жібереді. Ал, Шоқанның
ол жерден қандай білім алып,
қазақ тарихында қалдырған ізі өз
алдына бір тақырып. Шоқанды
әжесі Айғаным сурет салуға, мүсін
жасауға да баулыған. Шоқан
салған бір суретте Сырымбеттің
тауы бейнеленгенін білеміз.
Кейіннен сурет салуды өзінің
үйреншікті ісіне айналдырады.
Барынша тәрбие беріп, білім
алып, немересінің саяси қайраткер
болуын қалаған жанға бұл
бұйырмады. 1853 жылы Шоқан
он сегіз жасқа толғанда Айғаным
ханым дүниеден өтеді. Артына сол
кездегі қазақ қоғамы мен келешек
тарихы үшін өлшеусіз мол мұра
қалдырады. Бүгінгі күні Шоқанның
барлық қолжазбалары мен заттары
осы Айғаным қонысындағы
мұражайда сақтаулы. Сырымбет
мұражайының директоры
Уәлихан Қайроллаұлының
айтуынша мұражайда 8 мыңға
тарта жәдігер бар. Олардың
қатарында ханымның қолданған
самауырындары, ат-әбзелдері,
ыдыс-аяқтарымен қатар, иленген
аю терісі, сандықтар, Шоқанның
үстелі, қаламдары секілді
қайталанбас құнды жәдігерлері
сақталған.
Өкінішке орай, қонысты
1930 жылдары Кеңес үкіметі
өртетіп, біраз бөлігін жойған.
Бөренелерін алып құрылысқа
пайдаланған. Тек Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен
Айғаным ханым қонысы 1993
жылы қайтадан қалпына
келтірілген. Қазір мыңдаған
адамдар келіп, қызықтайтын,
тарихқа саяхат жасайтын қасиетті
орынға айналған бұл жерге
жерлестерімізбен қатар, арнайы
Түркия, АҚШ, Ресей, Германия
елінен қызықтап келушілер де бар.
Қоныстың маңайында Айғаным
ханым мен хан тұқымдарының
мәңгілік мекені бар. Бастарына
құлпытас та орнатылған.
Тарихи қоныста сәнімен
салтанат құрған Айғаным ханым
қазақ тарихында өз бетінше
билікке қол жеткізе алған,
еуропаша білім алған, бірнеше тіл
меңгерген, саяси-қоғам қайраткері
ретінде із қалдырған.
Суреттерде:
«Айғаным ха-
ным қонысының» ішкі және сы-
ртқы көріністері.
Суреттерді түсірген
автор.
Достарыңызбен бөлісу: