еріксіз қатты күрсініп.
− Зибаштың опасыз екенін қайдан білсін,- дедім мен де шыдай алмай.
− Қайтесің, дүние шіркін деген сол ғой, балам. «Адам аласы ішінде» деген
емес пе. Нәзираға жазып қойып жүрме. Алыста жүрген адамға ауылдағыны
жамандамайық,- деді әжем.
− Онда әпкемнің сәлемін Зибашқа айтпайық па?
− Айтайық. Хатын апарып өзіне оқытайын,- деп түйді әжем.
Сол күні әжем Нәзира әпкемнің хатын алып Зибаштың үйіне кеткен, біраздан
кейін қуанышпен оралды.
− Балам, әлгі Зибаш сиырларыңызға шөп берейін, кешкісін балаларыңызды
жібере қойыңыз деді.
Айтқанындай кешкісін іңір кезінде Болат екеуміз екі жіп алып Зибаштың
үйіне келгенбіз. Зибаш сыртқа өзі шыққан. Кешкі апақ-сапақта жүзі аппақ боп
айдай жарқырап керемет әдемі көрінді, қиылған қастары сәл түйіліп, бізге жай
ғана бір көз тастады да, былқылдай басып кеп қораларының іргесіндегі тал
шарбақтың ішіне жиналған шепті иегімен мегзеп:
− Көтергендеріңше буып алыңдар,- деді.
Біз Болат екеуміз көк жауқазын шөптен өзіміз жейтіндей боп, қуанғаннан
есіміз шыға жіпке бууға кірістік.
Дәл осы сәтте ауыл иттерінің азан-қазан үргені, айқай-шу естілген. Әрине,
атқарушы Тұржанның көшеден өтіп бара жатқанын айтпай-ақ ұқтық. Сөйткенше
болған жоқ оның:
− Әй, Зибаш сұлу, а-а-а…- деген дарақы күлкілі даусы естілді.- Естідің бе,
жоқ па, әлгі сенің шолақ қол өкілің, Әлтаевың басқа жаққа жұмысқа ауысып
кетіпті, а-а-а…
− Оны кім айтты?
Естідік қой, а-а-а… Енді сен бұл ауылда біргәдір боп қалар ма екенсің, а-а-
а…- деп сол еліре мәз боп күлген күйі, атын қамшылап әрі қарай шаба жөнелді.
Зибаш болса, сол шарбақ қоршаудың есігіне сүйенген күйі, Тұржан басынан
қамшымен осып-осып өткендей боп, сілейген күйі Тұрып қалған. Біз ініміз
екеуміздің қанша шөп алғанымызда да, кеткенімізде де шаруасы болған жоқ. Тіпті
айтқан рақметімізді де естіген жоқ. Үйіріле бастаған ымырт қараңғылығында
әлгінде ғана аппақ боп жарқырап тұрған айдай ақ жүзі біртіндеп солғын тартып,
бір түрлі шаршаған, қалжырағандай күйде қала берді. Бүкіл иттерді шулатып
ауылдың екінші басына шыққан Тұржанның есірік күлкісі ымыртта бұрынғысынан
да гөрі жаңғырығып, екіленіп, еліріп естіледі: «А-а-а!..»
Біз, Болат екеуміз, буып алған шөптерімізді бүкшеңдей көтеріп, үйге қарай
жан дәрмен ышқына ұмтыламыз, құдайдан бар тілегіміз, Тұржан кейін қарай қайта
шаппаса екен, бізді көрмесе екен дейміз. Тілегіміз қабыл боп, Тұржан қайтып кейін
қарай шаппады, біз аман-есен Зибаш берген шөпті арқалап үйімізге жеттік-ау. Сол
күнгі қуанышымызда шек жоқ еді. Қоңыр сиыр да, екі ешкі де шөпті көргенде, бас
жіптерін үзе жаздап тұмсықтарын созып мөңіресіп-маңырасып естері шықты.
Обалы не керек, Зибаш берген сол шөп бізге біраз күнге әжептәуір талғажу
болды.
Ал сол күнгі Тұржан айтқан хабар ертеніне-ақ бүкіл ауылға тарады: шолақ
қол өкіл шынымен-ақ басқа жаққа қызметке ауысқан екен. Ауыл адамдары ендігі
жерде Зибаштың бригадирліктен түсетінін де сөз етісті. Қолдаушысы, қорғанышы
жоқ әйел қанша тұрар дейсің, Байдалы шал аман болса, әлі-ақ қағып тастайды ғой
десті. Әрине, бригадир етіп Тұржанды сайлап алады. Осы пікірге тірелгенде елден
маза кетейін деді. Атқарушы боп істеп жүргені мынау, ал егер бригадир бола
қалса, бұл Тұржан шетімізден жон арқамыздан таспа тілер десті. Жоқ бұл
оңбағанды, бұл лағынетті бригадирлікке жолатуға болмайды. Амал табу керек.
Әрекет жасау керек.
Зибаш болса екі-ақ күннің ішінде үсік ұрған жапырақтай боп өңі қуарып,
көзінің асты қалталанып, түрі мүлде түр болмай қалған. Үшінші күні Байдалы шал
колхоз активтерін жинап жиналыс өткізіпті. Сонда арт жақта отырған біреу әзіл-
шыны аралас:
− Шолақ қол өкіл кетіпті ғой. Енді колхоздың кейбір басшыларын өзімізше
сайлайтын шығармыз,- деген екен, Байдалы шал көзі шақшаң етіп әлгі адамға:
− Шолақ қол өкіл кетсе, мына бүтін қол біз бармыз ғой, тізгінді өзім-ақ
алам,- деп жауап беріпті. Сөйтіп екі-үш күн ауылды кеулеген қаңқу сөзге бірден
тыю салған екен. Әлгі адам да, басқалар да жым болса керек. Содан кейін-ақ
Зибаштың жүзіне қайтадан қан жүгіріп жадырай бастады.
Сол жиналыс өтіп жатқан кезде, Санат бір топ баланы кеңсенің қасына
шақырған:
− Келіңдер, қазір бір қызық болады,- деп.
Үлкендер жиналыстан шыққан кезде, біздер анадай жерде жентектенген сүр
қарды домалатып ойнап жүрдік. Кеңседен бірінші боп Тұржан шыққан, бізді көре
сала елірмесі ұстағандай:
− Әй, күлигандар, қазір сендерді ме! А-а-а!..- деген сақылдай күліп.
Кеңседен Байдалы шал бастаған басқа активтер де шыққан.
− Әй, Тұржан! — деді Байдалы шал дауыстап.- Әйел адам ғой, анау
Зибашты атына мінгіз.
− А-а-а… мақұл аға,- деді Тұржан ыржалақтап.
Тұржан барып Зибаштың атын шешіп әкеп, алдына көлденең тартып,
қолтығынан демеп мінгізді.
− Енді менің атымды әкел! — деді Байдалы шал. Тұржан енді Байдалы
шалдың атын шешіп әкеп алдына көлденең тартты да, оны да қолтығынан демеп
жіберді.
Атына мініп, қоқилана отырған Байдалы шал:
− Әй! — деді тағы да Тұржанға иегін көтере тұрып,- Біз ұзап кеткенше, сен
осы арада кідіре тұр, әйтпесе сен атқа мінсең, бүкіл ауылдың итін улыған-шулыған
қыласың.
− А-а-а… Мақұл аға,- деді Тұржан бұл жолы да ыржалақтап.
Байдалы шал мен Зибаш ауылдың ортасымен қос жорғамен қатарласа жүріп
мал қораға қарай кетті, басқа активтер де әрқайсысы өз шаруасына бет алған.
Жұрттың ең соңында қалған Тұржан қамшысын үйіріп қойып, көзі құтырына
ойнақшып біздер жаққа бір қарап:
− Әй, күшіктер! — деп қойып атына қарай жүрген.
− Ойбай, қашайық! — деді балалардың бірі зәресі ұшып.
− Қорықпаңдар! — деді Санат күле тұрып.
− Қазір қызық болады.
Сөйткенше болған жоқ, еліре басып барып атының басын шешіп, ерге енді
қарғып міне берген Тұржан, аты осқырынып мөңкіп кеткенде, ер-мерімен жалп
етіп ұшып түсті. Мөңкіген аты құлап бара жатқан оны қос аяқпен тепкен, көрім
болғанда аттың қос тұяғы Тұржан құшағындағы ер-тоқымға тиіп, аман қалды. Біз,
балалар, қыран-топан күлкіге баттық. Біразға дейін тұра алмай тырбаңдап жатқан
Тұржанды мазақтамағанымыз жоқ. Енді байқадық, Тұржанның ер-тоқымының
айылдарын біреу пышақпен қиып, іліндіріп қана қойған екен. Міне бері ұшып
түскені содан. Сәлден соң тәлтіректей көтерілген Тұржан бет аузы қан-қан боп:
− Күшіктер!.. Кулигәндар!.. Көрсетем мен сендерге! — деп шарылдай
бастады. Біз тым-тырақай қаша жөнелдік.
− Кім істеді? Кім қиды айылдарын? — деп бір-бірімізден сұраймыз.- Кім
болса да жарады! -дейміз сүйсініп.
Сөйтіп, барлығымыздың өшіміз бір қайтқан еді Тұржаннан. Ол бір аптадай
үйінде төсек тартып ауырды, сірә, қатты жығылса керек.
Сол екі арада бір күні түстіктен лекілдеп жылы жел соғып берсін. Қар
суының күлімсі иісі әлгі желмен аңқи жөнелсін. Леки соққан бір күннің ішінде-ақ
сіресіп жатқан қарды тоз-тоз етіп сөгіп, шоқпыт киіздей іргелете түріп, сілікпесін
шығарды. Тіпті шыдатар емес. Үлкендердің айтуынша, бұл молшылық болар жылы
соғатын ескек желі еді.
Ой, дүние-ай, сөйтіп, көктемге де жеттік-ау!
Бұл — зарыға күткен жеңіс көктемі еді!
Достарыңызбен бөлісу: |