Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



Pdf көрінісі
бет9/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17

Махаббатым өзімде 
          Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде, 
Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе... 
Жастықта жалын атып сүйсем егер, 
Түспес ем дел мынадай күйге мүлде. 
Мен нағыз махаббатты армандаймын, 
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын...) 
Ақ қаздар арасынан аққуымды 
Ажырата білмеген сормаңдаймын. 
Өтінем сенен ғафу, асыл жарым, 
Көрсетпе тарпаң мінез, тасынбағын. 
Сен менен от іздеме, құрмет ізде, 
Өртеніп жана-жана басылғамын. 
 
Махамбеттер, Абайлар-ай 
     Өмірдің қысы, жазы, көктемдері, 
Қысылтаяң шақтары, өткелдері, 
Адамның аққан қаны, төккен тері, 
Мұратқа жетпегені, жеткендері -- 
Жанымды жеп жүр менің көптен бері. 
Атысу, аңдысу мен таласудың, 
Санасу, табысу мен жарасудың, 
Мінезін мынау адам баласының 
Білсем деп құпиясын аласұрдым, 
Алдында алуан-алуан мінездердің, 
Амалсыздан келеді мың өзгергің. 
Әркім өзін балайды данышпанға, 
Бір-бір құдай санайды бір өздерін. 
Білмейді екем... 
Қолымнан келмейді екен, 
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем. 
Қой енді, тыйылайын, бұғынайын, 
Ойымды орасанға белмей бөтен. 
Жасырмай ойымды айттым талай-талай, 
Қайтейін кетті бәрі қарайламай. 
Айтарын ашып айтқан абайламай, 
Дариға-ай, 
Махамбеттер, Абайлар-ай!!! 
 

Маған, құрбым, кектенбе 
       Өкініш қып өткен менен кеткенге, 
Өтінемін, маған, құрбым, кектенбе. 
Алай-түлей қарлы дауыл соқпай ма? 
Аласапыран ең алғашқы көктемде. 
Соны есіңе ал, маған, құрбым, кектенбе. 
Ашуыңды алайын мен тең бөліп, 
Өтінемін, өткіншіге берме ерік?! 
Сен де айыпты, мен де айыпты емеспін, 
Сенде де бар, менде де бар пенделік. 
Сенде де бар, менде де бар алалық, 
Сол алалық өршімесін жаңарып! 
Алалықты айбалта ғып ұстаған, 
Бұл өмірде әзәзілдің бары анық! 
Ел мен елді, халық пенен халықты 
Жауластырған, сол әзәзіл қауіпті. 
Күндестік деп аталатын бір мыстан 
Күлге аунапты... 
Әзәзілді тауыпты. 
Өтінемін, құрбым, маған кектенбе, 
Өкпелей бер, наздана бер, жек көрме! 
 
Маңдайда бір тал шашым ағарыпты 
        Маңдайда бір тал шашым ағарыпты, 
Белгісі болғай-дағы «даналықтың». 
Ығысып, қарақұсқа бара жатыр, 
Кекілі кешегі анау балалықтың. 
Ағарсын шашым, мейлі, ағармасын, 
Алаң боп ауырмағай оған басым. 
Жастықтың оты сөнер, оты сөнер, 
Қызуы бойда бірақ жоғалмасын. 
Жанар тауым бар еді ғой кеудемде, 
Жалын атып, жана-жана сөнген бе?! 
Тас қайнатып, жатушы еді, от бүркіп, 
Тастай қатып, тынған ба енді, өлген бе? 
Бір жанар тау жатушы еді төсімде, 
Жана-жана айналған ба өшуге?1 
Қызыл-күрең алау оттың орнында, 
Қылымсыған қыз-сағымдар көшуде. 
Жанар тауым бар еді ғой өртенген, 
Жалыны оның неге мұнша ерте өлген?! 

...Отырып ап сөнген ошақ басында, 
Қорқыт атам қыл қобызын шертем мен. 
 
Мен - донормын 
     Бәріңе! 
Бәріңе! 
Бәріңе! 
Жасыңа да кәріңе! 
Кімге қан керек? 
Ішуге емес, дәріге... 
Мен - донормын. 
Шипа болар қаным бар. 
Қабылдаңдар,алындар. 
Менің жылы қанымның 
Қасиетін таныңдар. 
Жоқ! 
Ақшаға сатпаймын! 
Аурулар алдында, 
Борышымды ақтаймын. 
Өмір беріп өзгеге, 
Өмірімді сақтаймын! 
Мен - донормын. 
Таза қан. 
Сақ боласыз жазадан, 
Сақ боласыз мазадан, 
Қабылдаңыз?! 
Көп берем де, аз алам, 
Сіздегі сансыз түтікпен 
Менің қаным өтеді, 
Маған сол да жетеді! 
Сіздегі жылы жүректе 
Менің қаным соғады. 
Маған сол да болады! 
Сіздің мидың, біздің қан 
Болып жатса қорегі. 
Басқаның не керегі?! 
Бәріңе! 
Бәріңе! 
Бәріңе! 
Жасыңа да, кәріңе! 
Кімге қан керек? 
Кімге қан керек? 

Кімге қан керек? 
Ішуге емес! 
Дәріге!.. 
 
Мен - Октябрь 
       Тоқтатып болмас,толқыннан туған алыппын, 
Жасқанбай болмас,жаралған Күннен жарықпын. 
Айырып болмас,достықтан туған халықтың 
Еңсесі биік,ерлікпен келген шабытпын. 
Шаттанып кетсем, 
Шашырап менен нұр тамған 
Ал ашу буса,жасыннан бетер бұрқанғам 
Күрсіне қалсам,күтірлеп сынып көк аспан 
Қуанып кетсем,қуаныш гимні шырқаған 
Жер деген мына -қасиетті зор мінбеден 
Мен - Октябрь,достыққа дәйім үндеген. 
Мен - Октябрь,жиһанға кеткен таралып 
Жасаушым менің,ленин жатқан іргеден. 
Мен - Октябрь, 
Күресте күшін шындаған, 
Тізесін бүгіп, 
Құлдыққа басын ұрмаған. 
Миллиондардың қаны мен терін ұрлаған 
Капиталистерді 
Көріне тықпай тынбаған. 
Мен - Октябрь, 
Дүние солай ат берген 
Қуансын досым, 
Күйінсін жауым жат көрген 
Мен - Октябрь, 
Дүниені мынау жалғаймын 
Қайсы  біреулер қақ ортасынан қақ бөлген 
 
Мен білмеймін,нe болады күні ертең 
      Мен білмеймін,нe болады күні ертең. 
He болса да, не болса да күнелтем! 
Екеуміздің жүрегіміз білер тек, 
Сырласайық,оңашаға жүр, еркем. 
Қалай-қалай құбылады мына күн?! 
Қалай-қалай құбылса да шыдадым. 
Екеуміздің жүрегіміз үғады, 

Сырласайық оңашада, шырағым 
Мен несіне,сен несіне жыладың?! 
Айтпай-ақ қой,айтпасаң да ұғамын. 
Бәлен жерде құлағанда құланың, 
Бәлен жерде ұмыт қалған тұмарың!.. 
Бәлен жерде... 
He түседі дәлелден? 
Бәрі де ұмыт, бәрі де жоқ, 
Бәрі өлген... 
Оны сен де таба алмайсың әлемнен, 
Оны мен де таба алмаймын әлемнен... 
 
Мен деген - ырза, мәз бала 
       Достар-ау, қайда тайдыңдар 
He берді маған ай-жылдар? 
Аздаған менде бақыт бар, 
Аз ғана менің қайғым бар. 
Қалғаны болса айтыңдар. 
Айтылған арыз, назға да, 
Көктемге, қысқа, жазға да. 
Мен деген - ырза, мәз бала. 
Рахат көрген аз ғана, 
Азап та тартқан аз ғана, 
Мен деген - ырза, мәз бала 
Сәби қалпымнан қозғама. 
Молынан маған бермеген 
Бермесе қойсын кенде емен. 
Аязды аздап көрген ем, 
Ыстықта аздап шөлдегем, 
Анасының да ақ сүтін 
Айызы қанып ембеген - 
Мәз бала, достар, мен деген. 
Жыласам-дағы еңбектеп, 
Жығылсам-дағы еңбектеп, 
Рахат алып аз ғана 
Аз ғана еткен еңбектен 
Мен деген - ырза, мәз бала, 
Мәз болам мынау Жер - Көкке. 
 
Мен таулықпын! 
        Tay дейтін алып жүрек Ана туған 

Мен таулықпын! 
Таудан мен жаратылғам. 
Киіктің сүтін емін ержеткенмін 
Қуат алып қыранның қанатынан 
Мен таулықпын 
Таудан мен жаратылғам. 
Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам 
Күн алғашқы сәулесін маған шашып 
Маған келіп түнейді қара тұман. 
Тау ұлымын 
Тау - менің дәу бесігім 
Мен оның  әуресімін, сәулесімін. 
Асқар шыңдар желпиді бесігімді 
Бір орамын ағытып сәлдесінің. 
Мен - таулықпын! 
Таудан мен жаратылғам. 
Тау деген Ана туған дара тұлғам 
...Тауға барып 
Көкке ұшып кетсем бе екен 
Ұстап алып қыранның қанатынан 
 
Мен қарапайым қарттарды сүйем 
        Мен қарапайым қарттарды сүйем, 
He деген керім еді! 
He біледі осы жұрт, не біледі?! 
Бабалардың баласы - қариялар 
Сиреп бара жатқандай көрінеді. 
Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар, 
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар? 
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар, 
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар? 
Қанеки, нелерің бар, Аталарым? 
Ұрпағыңа ұран қып апарамын. 
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да, 
Сендердің мұрагерің атанамын. 
Осылай деп қарттардан қалап келем, 
Өнеге, өсиетіи санап көрем. 
Санап көрем... тоймаймын... сұранамын, 
Себебі мен де бір күн жауап берем. 
Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін, 
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!? 
Сондықтан да садақ боп иілемін, 

Сауыт болам, тек қана киіне біл... 
 
Мен-дағы өлең жазбаймын 
       Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін, 
Ермек үшін, немесе өлмеу үшін. 
Жазсам, жазам жырды мен, жасырмаймын, 
Жаралы жүректерді емдеу үшін. 
Ермек үшін белгілі жырламасым, 
Ермек десе, ел мейлі тыңдамасын. 
Өтсем болды арқалап адамдардың 
Қуанышын, шаттығын, мұң-наласын. 
Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, 
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. 
Абай болып табынсам бір кісіге, 
Абай болып түңілем бір кісіден. 
Өлмеу үшін - құлқынды жемдеу үшін. 
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін. 
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» 
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін. 
 
Менің анкетам 
      -        Туған жерің? 
-        Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың. 
-        Туған жылың? 
-        1931. Құрдасымын Шәмілдің. 
-        Жынысың кім? 
-        Еркекпін ғой, еркекпін!Және-дағы тәуірмін... 
-        Партияда барсын, ба? 
-        Жоқпын. 
Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын. 
-        Шыққан тегің? 
-        Шаруамын. 
Бар тірліктен бағалы оны санаймын. 
-        Білімің ше? 
-        Орташа ғой. 
Алайда өзім жоғарыға балаймын. 
-        Ана тілің? 
-        Қазақша. 
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар. 
-        Қайда істедің? 
-        Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал. 

Оқымаған, дипломсыз демесең, 
Бір басымнан бар мамандық табылар. 
-        Міндеттісің бе әскерге? 
-        Міндеттімін. 
Біздің әлі жас кеуде. 
Жауынгердің ұлымын ғой, 
Жанын қиған Мәскеуге. 
-        Сөгіс алып көрдің бе? 
-        Ол жағынан періште едім дей алмаймын 
Мен мүлде. 
Ойлы-қырлы бүл өмірде болады ғой мүлт кету, 
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де... 
-        Шетелдерде болдың ба? 
-        Болғамын жоқ. 
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап. 
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен, 
Осы отырған орнымда-ақ. 
-        Мекен-жәйің? 
-        Мекен-жәйім - жер менің. 
Жерде жүрген ақын деген пендемін. 
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған, 
Мен өмірді жырлау үшін келгемін! 
 
Менің кішкентай күнім 
       Көтеріп сені батырып,көтеріп сені шығарам, 
Кішкентай күнім,сенсіз мен өмір де сүріп шыдаман. 
Кішкентай күнім,сені мен арқалап жүріп айығам, 
Табанға кірген шегеден,миына қаққан сынадан. 
Қондырам-дағы ұяңа,отырам өзім күзетіп, 
Әлдекімдерден қызғанып,әлсіреп жүрек дыз етіп; 
Керімсал түннің кей-кейде кетеді маған сызы өтіп, 
Отыра берем сонда да өмірдің кілтін түзетіп. 
Қара аспанымнан, кей-кейде қара нөсерлер боратса, 
Самалдатқаным мен сені,қапырық болып баратса. 
Кішкентай күнім,кеш мені,барлығы-дағы сен үшін, 
Иілмес емендерге мен, иілсем кейде садақша? 
Бата ғой, күнім, дөңгелеп,шыға ғой, күнім дөңгелеп 
Тірліксіз болмау үшін де,титімдей күнім,сен керек! 
 
Менің мақсатым 
      Мен жырламаймын, 

Сырласамын. 
Сыры бар замандаспен мұңдасамын. 
Асыққан уақытпен, 
Адымымды, 
Абайлап, анда-санда бір басамын. 
Көгендеп жыр қосағын, 
Келмейді жыр жасағым. 
Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын, 
Өзінше емін-еркін туласа ағын. 
Ғайыптан пайда болғаи сайтандайын, 
Жыр туса, қайтармаймын. 
Улатып май таңдайын, 
Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім. 
Жанынан жалындаған өрт кетпеген, 
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем. 
0, жүрегім! 
Орныңнан қобалжыма, 
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген! 
Тіптеп де мен емес-ті, 
«Мен» дегенім. 
Сендірмеймін, 
Сенбеңдер сенбегенің. 
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін, 
Өзімді зерттегенді жөн көремін. 
Мендегі бар, 
Сенде бар, онда да бар. 
Демек, сенің, 
«Менің» де сонда қалар... 
Өз жаныңды алдымен жайып таста, 
Жақсылықтың көкесі сонда болар. 
He шығады бәрін де сүйем деуден? 
Бәрін де сүйемін деп, иемденген. 
Бәрін де мен де сүйем, 
Айтпан бірақ, 
Отырып оңашада күйер кеудем... 
Күйер кеудем... 
Сондықтан күйінемін. 
Жасырман, жырымда сол жиі менің, 
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?! 
Ақын болу - 
Неғылған қиын едің!!! 
 

Менің ғасырым 
       Кірпікке кір жуытпай,құндақтаған. 
Мына өмір, мына дәуір қымбат маған. 
Бұл ғасыр, сірә, менің жүрегім-ау, 
Тынысын қыбыр етпей тыңдап бағам. 
Бұл ғасыр - менің жүрек-сағатымдай, 
Тамырым бірге онымен соғатындай. 
Амалсыз,абайсызда қалғып кетсем, 
Ғасырым бірге ұйықтап қалатындай. 
Мына дәуір менікі,мына ғасыр, 
Минут сайын керемет ұлан-асыр. 
Мәңгілікке ғасырың бара жатса, 
Бірге кетпей қалайша тұра аласың. 
Тыным алмай тыңдаймын сырласымды, 
Тынысын бағам... 
Менен не сыр жасырды!? 
...Сірә, біздің ұрпаққа қиын болар, 
Мәңгілікке жөнелту бұл ғасырды... 
(Біздің ұрпақ сол шақты көрер ме екен?. 
Келер-кетер,ғасырлар келер-кетер. 
Өзім жырлап қалайын ғасырымды, 
Келер ұрпақ өзінше өлеңдетер... 
 
Миллиард дастарқаны 
      Жалғанның жартысындай жалпақ далам, 
Кеудең - ырыс, алтын тақ - арқаң маған! 
Қозғалсаң қойыныңнан дән саулаған, 
Кәусар далам, бас идім, гауһар далам! 
Жесір ем, жетімек ем жаутаңдаған, 
Ырысқа кенелттің-ау, партия анам! 
Кезімде әлсіреген, қансыраған, 
Сен болдың алдымен кеп хал сұраған. 
Сенен кеп су сұрағам, нан сұрағам, 
Кезеңде екі талай сансыраған. 
О, менің жан сыбағам, ар сыбағам, 
Мәңгілік қызығым боп, қалшы далам! 
Жарастық жақындықтың дастарқаны, 
Кім сенің пейіліңнен бас тартады, 
Ақ отаулар тігілсін, қостар тағы, 
Толтырыңдар нығыздап бос қамбаны, 
Жер бетінде көбейсін достар тағы, 

Менің жерім достықтың асқар тауы!!! 
Ошағын да, отын да қаза қылмай, 
Қайнап жатқан ырыстың тай қазанындай. 
Жайнап тұрған мәңгі достық базарындай, 
Қазағыңдай досың бар,қазағыңдай. 
Қашандағы танитын жаза бұрмай. 
Тойыма кел, достарым, тартынбағын, 
Пейіліме сай пейілмен жарқылдағын. 
Алтындарын сапырған алтын дәнін, 
Алып Одақ өсірген аясында, 
Досың барын, қазақтай, халқың барын, 
Есіңе алып, тойға кел,жарқындарым! 
Сөнбе мәңгі! 
Достықтың оты лаула! 
Думан-той, сән-салтанат жатыр алда. 
Жаяйық миллиардтың мол дастарқанын, 
Алатау, Алтай, Арқа мен Атырауға! 
 
Москвадан кетерде 
        Ұлиды боран, 
Қарып тұр. 
Сауықтыр мені, сауықтыр 
Боранын-дағы Мәскеудің 
Сімірейінші қанып бір. 
Қылаулап, қылау жауып тұр, 
Жалықтыр мейлі, жабықтыр. 
Аспанның мынау ақ құсы 
Тезірек ұшпай нағып тұр?! 
Ұша алмай әзір налып құр 
Ұшуды көксеп халық тұр. 
Бәрі де бойын жазбақшы, 
Кеңірек жерге барып бір. 
Үйреніп қалған ұямдай, 
Мәскеуді барам қия алмай. 
Миллиондардың ішіне 
Бір басым менің сия алмай 
Еңсемді бір сәт жия алмай, 
He бетімді айттым, Алматым, 
He деймін саған ұялмай?... 
Таңғы шақ. 
Аяз сорып тұр. 
Соғып тұр боран, соғып тұр. 

Ақ құсым, мені аман-сау 
Алматымменен жолықтыр. 
 
Музаға 
      Отырғанын қарашы күйім келмей, 
Қайда кеттің? 
О, Муза! Құйын желдей. 
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді, 
Қаңыраған иесіз диірмендей. 
Мұздатады жанымды бұйым көрмей. 
Жел үреді желпініп, көрік-кеудем, 
Күйім келмей отырмын неліктен мен?! 
О, Муза! 
Қайдасың сен желік берген? 
Жалын мен отқа ғана ерік берген 
Серігім, қайдасың сен сеніп келген? 
Дәптер жатыр парағы аударылмай, 
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай! 
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей, 
Тонна-тонна қорғасын салмағындай. 
О, Муза! 
Әуреге салғаның-ай! 
Күтемін сенен үміт, сенен жігер, 
Қисаң маған, биік пен тереңді бер! 
О, Муза! 
Маған алыс сөреңді бер! 
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер. 
 
Мына қасқа... 
        Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай! 
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай! 
Мына қасқа бәрін де біле тұрып, 
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай! 
Шынымен түсінбей ме мына қасқа, 
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа 
Мына қасқа шынымен түсінбей ме, 
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?! 
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста, 
Ненің барын біледі мына қасқаң... 
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп, 
Тас жүрегін жасырар қына басқан. 

Аламын деп қасқаның тас қамалын, 
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын. 
Тас жүрекке табынтып, тастамағын, 
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың! 
Сағындым сені, сәби кездерім-ай, 
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай. 
..Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып, 
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай! 
 
Мықтымын ғой дегенмен... 
      Мықтымын ғой дегенмен 
Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен. 
Басады кеп төбемнен. Қош айтысып өлеңмен, 
Терезеге төнем де Алатауды көрем мен - 
Басы қарға бөленген. 
Бауыры көкке кенелген - Алатауды көрем мен. 
(Қорғасындай бір салмақ арылмайды денемнен) 
Мықтымын ғой тегінде! 
Қорқытарың өлім бе, оранарым кебін бе?! 
Түкірдім мен оларға! 
Ей, жүрегім, жеңілме! 
Ана тұрған көгінде - жұлдызың бар сенің де, 
Басын иген өлімге, түкірдім мен өмірге! 
Ей, жүрегім, жеңілме! 
Ей, жүрегім, жеңілме. 
...Мен несіне жерінем?! 
Қорқатыным өлім бе?! 
Қорықпай-ақ берілем 
Өкінішті... 
Амал не... 
Өлмейтіндей келіп ем... 
Мына жарық дүнием бірге туған менімен 
Бірге өледі менімен!!! 
 
Мүйісте 
       Селк етіп, секем алып қарадың-ау, 
Қай таудың киігі едің, қарағым-ау!? 
Төбеңде шыр айналып бала қыран, 
Мүйісте мергені бар қала мынау. 
Сондықтан секем алып қарадың-ау. 
Кел, 

Менің қасыма кел, қасыма кел, 
Жеңдіріп үрейіңді, басыла гөр, 
Сұлулыққа сұқтанған жат көздерден, 
Жалт еткен жанарыңды жасыра бер. 
Панала, 
Қасыма кел, касыма кел. 
От-суы, отауы ырғын жатқан қырдан, 
Нендей күш сені мұнда аттандырған?! 
Абайлап, адымыңды сақтандырған, 
Бұл маңға несін келдің қақпан құрған 
Арман ғой сені мұнда аттандырған?! 
Үмітің, арманың да бәрі қалып, 
Ауылды ойлап құр бекер налымалық. 
...Жеткізіп тастайын ба тауыңа алып, 
Құныңды, құралайым, таны барып. 
Қарағым-ау, қай таудың киігі едің?! 
Сыртыңнан қараймын да, сүйінемін. 
Ғайып болып қай жаққа баратырсың, 
Әлде бір домбыраның күйі ме едің?! 
 
Мәңгілік жастық 
        Мәңгілік жастық, 
Мәңгілік жасыл, 
Көкпеңбек. 
Алақай, біздің алаулы жастық еткен жоқ! 
Қуарған күз де, 
Бозарған қыс та, мінеки, 
Майменен бірге оралды тағы көктем боп. 
Бүкіл ғаламның, 
Ынтымақтығын байқаған, 
Дүниені тегіс жасыл нұрымен шайқаған. 
Жалғанды мына, 
Жасыл нұрымен жасартып, 
Жадырап күліп, 
Май айы келді қайтадан. 
Биылғы май бір бөлек, 
Далаға шыққын, 
Бақтарда өнген гүл де ерек. 
Өсуі үшін, 
Өрбуі үшін адамның 
Осындай көктем, 
Осындай тұнық Күн керек! 

Биылғы көктем... 
Бәрінен ерек түр бөлек! 
Биылғы көктем 
Басталды биік мінбеден, 
Шашылды шуақ, Кремль тұрған іргеден, 
Сөзінен ұғып, көзінен танып Ильичтің 
Отанды көрдік, 
Ұрпақты көрдік гүлдеген. 
Бәрінен ерек, 
Биылғы біздің жасыл Май. 
Дүниеге кетті, 
Шуағы сиреп басылмай. 
Құрлықтарда да, 
Мұхиттарда да тұнып тұр, 
Ғалам тойына партиям шашқан шашудай. 
Осылай тұрсын 
Осылай мәңгі көктесін! 
Шаң ұшып жерден, 
Аспаннан ызғар төкпесін. 
Мәңгілік мына құрлықтардың бетінен 
Мәңгілік жастық - 
Мәңгілік көктем кетпесін 
 
Наурыз 
      Ақпан кетті араз боп наурызбен, 
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп. 
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген, 
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен. 
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып, 
Қыс барады қиылып, жылап тұрып. 
Шатырында үйлердің наурыз жүр, 
Мұз көргісін ақпанның лақтырып. 
Тозған тонын бойына кие алмай бір, 
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр. 
Асқар таулар атасын шақырады, 
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр. 
Қарар емес наурыз атағына, 
Алар емес ақпанды қатарына. 
Күні бойы жылаған қарт пенденің, 
Түні бойы мұз тоңды сақалына. 
 

Нені аңсаймын 
      Нені аңсаймын?.. 
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын, 
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын 
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің, 
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын! 
Қуат берген дәмің мен тұзың маған, 
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған. 
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем, 
Үнін сүйем масаңның ызыңдаған. 
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар, 
Ақ бас таулар - самайын ақ басқандар. 
Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар, 
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар, 
Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар! 
 
Несіне асығады?! 
       Күн қайда асығады?! 
Нендей күш күннің нұрын жасырады?! 
Қызарып соңғы сәуле шашырады. 
Күн түйе алмай барады шашын әлі. 
Несіне асығады?! 
Көкжиекке ымырт кеп асылады, 
Түн келіп, дүниені басынады. 
Күн неге асығады, асығады?! 
О, жарық дүнием-ай! 
Қуатым-ай! 
Несіне асығасың, тұра тұрмай. 
Өмірді басқа арнаға бұратындай. 
Түннен қорқам... 
Мәңгілік тұратындай. 
Тоқташы! 
Тоқтай тұршы, қуатым-ай! 
Білмеймін асығатын Жер ме, Күн бе?! 
Белгісіз, не күш мені тербетуде?! 
Қара жер қашан өткен күнді айналып?! 
Қозғалмай-ақ тұрмын ғой жер бетінде. 
Жетпедім ұшығына күнде ойланып, 
Жер қайда асығады, күнді айналып?! 
Тірлікте қара түннің керегі не, 
Кетпей ме онан-дағы күнге айналып. 

 
Несіне өмір сүргенсің 
       «Сұраушының сүйген асын кім берер» 
Барға - ырза, 
Жоққа - сабыр, күн көрер. 
Өкінемін, өшігемін несіне, 
Тірі жүрсем, маған кезек бір келер. 
Осылай деп ойламағам басында, 
Мәз болыппын біреу шашқан шашуға. 
Қашан көрем, көрмегенді жасымда?! 
Өмір деген осы екен-ау расында. 
Тіршілікте не істеседі кім кімге, 
Тек өмірім өтпесе екен шерменде. 
He жыны бар?! 
Бақыт мені көргенде, 
Кетеді үркіп, енді жете бергенде. 
Түсінбеймін не пәлемнің барлығын, 
Қайран басым, қаңғыдың-ау, қаңғыдың 
Менің де бір болар шағым болды ғой, 
Қайда әкетіп барасың сен, тағдырым?! 
«Сұраушының сүйген асын кім берсін» 
Барға - ырза, 
Жоққа - сабыр, күн көрсін. 
...Ей, бауырым! 
Өз дәрежең болмаса, 
Бұл жалғанда несіне өмір сүргенсің!? 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет