Соқ, жүрек, солқылда, ми
Соқ, жүрек, солқылда, ми,
Тасы, қаным!
Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім,
О, Муза!
Бір өзіңе бас ұрамын,
Тездеп жет,
Мен бір жаққа асығамын... "
Ғашық әнімді айтайын өмірге мен,
Құлақ естіп, көздерге көрінбеген.
Нөсерім тұр көгімде төгілмеген,
Жемісім тұр бағыма себілмеген.
Бермей кетпен бәрін де тегінде мен.
...Суық-ау, ажал деген, өлім деген,
Суық көрге салады кебінменен.
Сенімменен келгемін өмірге мен,
Кетсем кетем өмірден сенімменен.
Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін
Оңбайсың сөз өнерін тежегенің!
Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар,
Бұл тірліктен бір күнде безер едім.
Айтылған жоқ өмірге ғашық әнім,
Қашан айтам, қашан мен басыламын?!
Айта алмай қалам ба деп ашынамын,
О, Муза!
Мен бір жаққа асығамын...
Соқпақ
Жалғыз аяқ соқпақ жатыр іргесінде үйімнің,
Соған шығу қиыны екен өмірдегі қиынның.
Жалғыз аяқ соқпақ әкеп жолға салды шытырман,
Шимай-шимай сызығындай жүрегім мен миымның.
Бұл соқпақпен әкем менің қан майданға аттанған,
Бұл соқпақпен әжемді де қабіріне ап барғам.
Бұл соқпақпен баламды да ұзатып caп мезгілсіз,
Бөрісінің жүрген ізін ескерткіш қып ап қалғам.
«Жол деген көп далада да, қия белде, жондарда
Адаспа, ұлым, аңдап басқын, ұрынбағын орларға»,
Деп соқпақпен ғазиз анам аттандырған мені үйден,
Бетіндегі әжіміндей айғыз-айғыз жолдарға.
Сол соқпақпен жүріп келем, бір жығылып, бір тұрып
Жол іздеймін, жол іздеймін алға қарай ұмтылып,
Жол шіркіннің орының да, жарының да көбін-ақ,
Сүрінемін, жығыламын, қайта жүрем ынтығып.
Жол үстінде ор жоқ деуге қалай ғана нанасьщ,
Жолдар, жолдар, үйден шалғай қайда әкетіп
барасың?
- Орға ұрынбай, жарға ұрынбай айналып өт! --дер
маған
Бекер ғана айтыпсың-ау, бекер, бекер анашым...
Суық күз сұрғылт...
Суық күз сұрғылт,
Сұрланып аспан,-күн жауған.
Күн жауған шақта қайтатын едік қьірманнан.
Көтеріп алып,
Өтетін едік сулардан,
Қызғалдақ-қызды жаңадан ғана бүр жарған.
Бүр жарған жері,
Бұлтиып қана батқанда,
Мойнымызды қолаң шашымеы жапқанда.
Оттықтан ұшқын шашырап кетіп ақ қауға,
Өртенуші едік,
Өртеген сол бір шақтарда.
Қылша мойынды
Қытықтап қыздың білегі,
Тыңдайтын еді жүрегіңді кеп жүрегі.
Қыздын, күлкісі,
Судың сылдыры, гүл, егін,
Келмеске кеткен күндерім түске кіреді.
Ғұмыры бірге,
Тағдыры бірге, бірге арман,
Қайда кеттіңдер,
Қызғалдақтар-ау, бүр жарған?!
Жалғыз аттанып бара жатырмын қырманнан,
Расында да, жалған екен-ау,
Бұл жалған...
Сыбағам қайда?
Қарамай сақалыңа, шалдығыңа,
Жарасып тұрушы еді қалжыңым да.
Қарабайдай қатайып алыпсың ғой,
Ата,Сен, шыныменен алжыдың ба?!
Сұрың да, сүхбатың да сондай бөтен!
Бұйымым бар,
Үйіңе қонбай кетем.
...Жыламаған сәбиге емшек бермес,
Жыламасам алдында болмайды екен.
Мен сені сыйламасам, түсінбесем,
Жүрмес ең әр жырымның ішінде сен.
О, менің пайғамбарым!
Сен болмасаң,
Тірі пенде алдында кішірмес ем.
Ат басы алтын берсе табылмаған,
Еншім бар менің сенде алынбаған!
Қобызың емес пе едім қолыңдағы,
Ұмыттың неге мені жаным-бабам?
Қатыбас өмірден мен пайда алмадым,
Жаныммен жазған жырым - жайған малым.
Қылышың емес пе едім қынаптағы,
Жоғалттың неге мені пайғамбарым?!
Ат басы алтын берсе табылмаған,
Сыбағам қайда менің алынбаған?
...Бір түйір кәрі көздің жасы емес пе ем,
Ұшында сақалыңның дамылдаған?!
Сынауға тіптен құмар кім көрінген
Сынауға тіптен құмар кім көрінген,
Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен.
Сырласып отырамын ондайда мен,
Мазасыз күндеріммен, түндеріммен.
Айтса айтсын айыбымды бетке қарып,
Қайтемін қаламымды кекке малып.
Арам шөптің орнына гүлді қырқып,
Әйтеуір жүргенім жоқ кетпен алып.
Басымнаң кемшіліктер өткені анық,
Несіне өкпелеймін көпке налып.
Ащы жырым құйылса өтке барып,
Ашырқанып, алайда, сөкпе, халық.
Шарам толы шаттығым, мұңымды айтпай,
Шау тартатын жәйім жоқ шетте қалып.
Өтсе,
Өтсін!
Басыма бақ бұйырмай.
Тіл кесілмей, тұрса екен жақ қиылмай.
Енді менің күнелтер жағдайым жоқ,
Шығыршықта айналған ақ тиындай.
Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен қүмар кім көрінген.
Бірақ та,
Білесің бе, ей, кім көрінген,
Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!!!
Сынық қанат шағалам
Теңіздің тіліп айдынын,
Кемелер кетіп барады,
Желкенді менің қайығым,
Жалт беріп бірде қалады.
Қайығым - менің уайымым,
Барады тастап жағаны,
Кемелер - алып киттейін,
Опырды, бәрін жапырды.
Шағалам, менің титтейім,
Қанатын суға матырды.
Қанатын суға матырып,
Қайтадан көкке атылды,
Бар күшін жиып ақырғы.
He таптың сол бір арадан,
Қарасаң етті шамаңа.
Сынық та қанат шағалам,
Отырсаң етті жағада.
Айрылып ерік, шамадан,
Ілгері, кейін бара алмай,
Қалды да қойды шағалам,
Теңізге тіккен жалаудай.
Сыр
Күрсініп көкірегім, жылайды ішім,
Өсем бе, өшемін бе құдай білсін.
Қанды дағын жүректің қалдырайын,
Қаласа біреу-міреу сұрай жүрсін.
Көрсін де жүрегімнің аққан қанын,
Ақ қағазда жол-жол боп жатқан дағын,
Байқап бір қарасын да, іздегендер,
Жаудырсын мақтауларын, даттауларын.
Еркелеп мен өмірді кешіп жүрем,
Шаттығым, мұқым да бар,
Несін бүгем.
Кей-кейде сүріндім де, түңілдім де,
Алайда, жоғалтпадым есімді мен.
Жақпадым жауыздықпен аққа қара,
Жатсынып жатқаным жоқ жатқа нала.
Гаваньға құлап түскен ақ шағала -
Жырымды тірілтем деп әурелендім,
Мастанбай ақын деген атқа ғана.
О, Муза!
Тағдырыма иемісің?!
Күрсініп көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүю үшін.
Сырқат сыры
Тағы, міне, таң да атты.
- Сырқатыңыз салмақты...
Ішкен шарап, жеген ет,
Баурыңызды жалмапты.
...Жанарымды жұмып ем, иір-қиыр жол жатты,
Иір-қиыр жол жатты, тұман басты жан-жақты.
Есіме алдым Қосжанды, есіме алдым Қалжанды,
Маған ұқсап олар да естерінен танған-ды.
...Ауырғаны белгісіз, неткен сырқат алдампаз,
Ауырмай-ақ, көз ілмей өткіземін таңдарды.
Рас па деп ойлаймын жалған десе, жалғанды.
Ойран-асыр күн кешіп ортасында дүрмектің
Қираған үй сияқты, қираппын ғой, білмеппін.
Жанашырдың айтқанын құлағыма ілмеппін.
Өзімді-өзім қиратып, өзімді-өзім жүндеппін.
Ыңқылдаған сырқаттар...
Ұзақ түн мен ұзақ таң.
Далада қыс, қаланың жотасына мұз артқан.
Біліп болмас бір сұмдық жанға батқан сызаттан,
Қапастағы қыздаймын еріксізден ұзатқан.
Ауырады бір жерім, жүрегім бе, жаным ба?!
Асау толқын ойнайды аласұрып қанымда.
Өткен өмір ұқсайды ұзап кеткен сағымға,
Ұмтыламын, бірақта, ұстай алмай-ақ қойдым,
Әйтеуір бір ұры жүр менің сайран бағымда.
Жамбасыма, қолыма қадалғанда инелер,
Сәл сескеніп, артынан жан рахат күйге енер.
Жүрегімде жыр ұйып, құлағыма күй келер.
Бірер сағат өтіп-ақ сол рахат жоғалып,
Тірі жатқан миыма мық caпалап үймелер.
Жоғал, сары уайым!
Meн тірімін, тірімін!
Төсенгенім тірі жер, жамылғаным тірі Күн.
Көп күндері қуаныш, көп күндердің бірі мұң,
Екі аяғын тең басқан азаматтың бірімін!
Ақау түскен мотордай енді осыдан жөнделсем,
Құрып қалғыр сырқаттан құлантаза емделсем,
Тарт, қара жер, жанымды, ғайбат айтып егерде,
Исі қазақ баласын бір-бірінен кем көрсем.
Қадалуда саныма сансыз ғажап әлі ине...
Жан жұбатар дос та жоқ, жауым да жоқ, әрине.
Айналайын дәрігер, аман-есен айықсам,
Бүкіл елімді аралап, сәлем берем әр үйге.
Сүйген ерін
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй, жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін?
Сүй, жаным!
Сүйе бергін, кім біледі...
Бір кезде еске аларсьң түнді, мені.
...Жалт етіп өте шыққан баяғыда,
Жастықтың талықсыған бір күні еді.
Ұялып, барады өтіп бұлақ - бала,
Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.
Баланың маңдайынан сипалаған,
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.
Тау-аталар түкситіп қабақтарын,
- Ар аттадың,- дегендей,- қарақтарым.
Сүйген жүрек қалады есеңгіреп,
Есеңгіреп, білмеппіз таң атқанын.
Сүйген ерін сүйгісі келе берер,
О, жастық! Махаббат тап, көгере бер!
Сүйгемін жоқ, өлгемін - дер едім мен,
Сүйдің бе деп сұраса менен егер...
Сүрініп кетпе
Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең, болғаны,
Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы -
Аңдамай басып,сүрініп кетсе болғаны.
Аңдамай кейде, басымыз-дағы кердендеп,
Құлап жатамыз,
Аяқ-қолымыз ербеңдеп.
Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде,
Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.
Таппайсың оны,тартасың азап сан жылдар.
Аттай алмайсың,құлауың мүмкін, алдың - жар.
He істесем екен,нe істесем екен сендерге
Сүрініп кетіп,бүлініп жүрген тағдырлар!
Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені...
Көрмейсің ғой кереметті мендегі.
Түсінсеңші сарсаң болған пендені,
Түсінсеңші!
Ақыл-ойым кем бе еді?!
Hегe бұлай?
Heгe жүрмін көңілсіз?
Жаным менің жылап жатыр, тек үнсіз.
Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз,
Кетем бе деп қапаланам өмірсіз.
Жасырамын назым менен өкпемді,
Бүгінімді, болашақты, өткенді.
Неғыламын шуағы жоқ көктемді?
Құрағы жоқ неғыламын көк белді!
Тұрағы жоқ неғыламын арманды,
Арман қуған ақ көңілім алданды.
Ояу жүріп өткізсем де тандарды,
Артымда тек шұбатылған шаң қалды...
Білмейсін, ғой, сезбейсің ғой мені сен.
Ойдағымды енді кіммен бөлісем?
Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.
Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа, бірге тұр жылап.
Күн шыққан жерде,күн батқан жерде түрағым!
Кірлесе көңіл, нұрына соның жуамын.
Ақтарыл, менің шуағым!
Сөнбесең екен,сөнбесең екен, шырағым!!!
Сәби - ана
Айналғанда аядай қалашықты,
Алдымыздан кішкентай Ана шықты.
Қырда отырған ауылға апаратын
Жалғызаяқ соқпақтан адасыпты.
Бір қолында батпандай қуыршағы,
Бір қолында ойыншық құлыншағы.
Екі жансыз мүсінді мәпелейді,
Мәпелейді, біресе ұрысады.
Қарадық та, селт етпей жанарымыз,
Алжығанға санадық Ананы біз.
...Бораны ұлып, бетінен боздағы ұшқан,
Сұлап жатыр далада жаралы күз.
Бәйек болмай отырған жан қалмады,
Сонда да Ана назарын аудармады.
Сәбидейін өзімен-өзі болып,
Қуыршақ пен құлыншақ алданғаны.
Сөзге тартпақ болып ек, естімеді,
(Адам қалай оп-оңай ескіреді?
Адамның ғұмырынан қысқа не бар,
Күн еңкейсе болғаны, кеш кіреді).
- Жастар-ай, жамандық жоқ көңіліңізде,
Мына отырған Ана кім, көрдіңіз бе?
Бір күрсініп алды да, отырған қарт
Ана өмірін баяндап берді бізге.
(Ана халін қарттан біз ұғындық кең)
Жиырма үш жыл сарғайған құр үмітпен,
Жиырма үш жыл сарғайған құр үмітпен!
Сәби-ана сапардан ұлын күткен.
Сұрапылдан сәбиі оралмапты,
Қуыршақ пен құлыншақ содан қапты.
...Қара жолды қаптай кеп тозаң жапты,
Қаралы күз қайтадан борандатты.
Ымырт ауыр салмақпен далаға енді,
Қап-қара жамылғысын ала келді.
Ауылына жетті де сәби-ана,
Ойыншығын құшақтап қала берді.
Сәби болғым келеді
...Құс та болғым келмейді!
Қанатым бар. .
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған.
От та болғым келмейді!
Жылуым бар.
Жылуым бар, керекпе жылыныңдар.
Әлди болғым келеді, әлди болғым -
Күн сәулесі ойнақтап тұлымында,
Отыратын анасы құлынымдеп.
Қанаттанып өмірге ұшарымда,
Кесілмесін бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ Ананың құшағында.
Tap бесігі - кең жаһан тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.-
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.
Сәби өсіп келеді
Түнге карай,
Түйсік салып,
Таң атқанша не болады?!
(Оны қайдан білейін)
Бүкіл адам баласына тек жақсылық тілейін,
Ортасында солардың мен,
Ойнап-күліп жүрейін.
Маужыраған күллі әлем,
Жақсы жатып, жай тұрсын.
Адамзаттың төсегіне,
Төңкерілген Ай тұнсын.
Қылауы жоқ, қыстары аппақ,
Аман-есен май тусын,
Таңсәріде, Адамзатқа,
Арнап гимн айтылсын!
Менің мына Ғасырымның кезінде,
Бір жақсылық,
Тыным алмай, жердің бетін кезуде.
Күтуде оны күтуде оны,
Күллі ғалам төзуде.
Ақырында тоғысады,
Сезімдер кеп сезімге!
Адамзат пен табиғаттың,
Таусылмайды қорегі.
Қайырымсыз қара тас та,
Өз жемісін береді.
Құл болмаспыз, құндақтайық,
Әлдилейік бәріміз,
Тыныштық деп аталатын сәби өсіп келеді.
Үрейменен өтеді ылғи тұнжыраған түндерім
Сол сәбиді әлдилеген адамзатпен біргемін.
Қарғыс атсын!
Атсын қарғыс!
Түнге айналып күндері,
Сол сәбиді ұйқысынан шошытса егер,
Кімде-кім!
Сәлемдеме
Менен сәлем айтқайсың сұрағанға,
Сұрағайсың, үй-іші дін аман ба.
Өмір кешіп жатыр де ол да өзінше,
Тірлік керек, әрине, тірі адамға.
Дегейсің болмашыға қамығып жүр.
Болмаса, барлығы да табылып жүр.
Құлын-тайдай тең өскен құрбыларын,
Дегейсің сағынып жүр, сағынып жүр.
Айтқайсың жағдайымды өзің көрген,
Аман де әзірге тек көз ілгеннен.
Күйзеліп күндіз-түні тыным алмай,
Күресіп жатыр деген сезімдермен.
Сыртын беріп достары кеткеніне,
Өкінбейді дегейсің, өткеніне.
Табыс етіп бар сырын жіберді де,
Көзден ұшқан көңілдің кептеріне.
Армандайды дегейсің, қиялдайды,
Қайда барса, бір басы сыя алмайды.
Сендер оны ұмытып кетсеңдер де,
Дегейсің, сендерді ол қия алмайды.
Сәуір айы
Сабылып келді міне, сәуір айы,
Сәуір айы - қазақтың тәуір айы.
Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,
Бара жатыр не болып ауа райы?!
Ақ нөсер, өткіншісі - бәрі дайын,
Сабылтыға келген мына сәуір айын,
Құтты көріп, диқандар құптағанмен,
Малшылар салып отыр сарыуайым
Жылап тұр, жылаңқы бұлт сабылып тұр,
Сағынып тұр күн нұрын, жабығып қыр.
Бірде жауын, біресе қарға айналып,
Сәуір айы малшыға қағынып тұр.
Шопан жүр малыменен, көптен бөлек,
Төпеп тұр,келер емес көктен көмек.
Сәуір айын сықпыртып, сыбайды кеп,
- Құрғырдың түбі түсіп кеткен бе?! -деп
Ойында - әрі ашу, әрі уайым,
Әйтеуір оңдырған жоқ сәуір айын.
Сәуір айы - малшыға сарыуайым,
Малмен бірге бағады ауа райын...
Тay бір аңыз
Тay бір аңыз,
Тау - дастан.
Таусылмаған әу бастан.
Тоқтап қалған керуен,
Бір-бірімен жалғасқан.
Жетер жерге жеткенде,
Керуенші кеткенде,
Шығыс пен Батысты,
Жалғастырып шөккен бе?
Бұлттан бұйда тағынып,
Көктен көрпе жамылып,
Таулар жатыр аңырып,
Сапарларын сағынып.
Жетер жерге жеткесін,
Мәңгілікке шөккесін!
Оятпаңдар, байқаңдар!
Таулар тұрып кетпесін,
Тау бір аңыз,
Тау - дастан.
Таусылмаған әу бастан.
Ана - Жердің төсіне,
Алып сәби жармасқан.
Тілегім қайда менің көкке өрлеген
Тілегім қайда менің көкке өрлеген?
Жүрегім қайда менің кек кернеген?
Жүремін неге бұлай бөктерде мен?
Білемін...
Тек терлегем, тек терлегем.
Апырмай, бәрі бітіп қалғаны ма?!
Жеткізбей арманыма, алдағыма.
Аяй гөр, арманым-ау - ардағым-ау!
Үзілген үмітімді жалға мынау.
Жүргізбе мені бүлай бөктерменен,
Алып өт асқарыңа өткелменен.
Тілегім бөктерменен шектелмеген,
Алдымда өмірім бар өткермеген.
Жанымда жалын барда, қиял барда,
Аядай аулаға мен сыя алғам ба?
Аяшы, ая мені, ардағым-ау,
Апарып таста мені қияндарға.
Сырқаттанып жүргенше сызда қалып,
Өлсем де өлейін мен құзға барып.
Мұзға барып құлайын, құздан ағып,
Сөндірейін отымды мұзға малып.
Тілектеске
Ей, бауырым!
Көтерсеңші, көтерсеңші басыңды.
Алатаудың асқарына күннің нұры шашылды.
Қыз-тіршілік, міне тағы мойыныңа асылды,
Асылды да саусағымен сипағандай шашыңды.
Көтер басты,
Тұр орныңнан!
Терезеге қарашы.
Неткен тұнық, неткен қымбат жер мен көктің арасы
Неткен жақын бұл ғаламда адамзаттың баласы!
Бауырым-ау, жи күшіңді, терезеге қарашы.
Жата берме ауыр дертке, ауыр дертке бас ұрып,
...Әне біреу бара жатыр жұмысына асығып.
Автобустан қалып қойған және біреу, ашынып,
Әттең, әттең, айналайын көңлі қалды-ау басылып...
Қарашы, әне, аңдап басып, барады етіп қарт адам,
Ажары да, назары да, базары да тарқаған.
Қарт адамға қарсы келіп, сәлем берсе қарт Ана,
Ұзын-сонар бірдеңені айтып жатыр қарт оған.
Мына жолмен уайымсыз әлі талай өтерсің,
Шыға алмаған асуыңа, аман болсаң жетерсің.
Ей, Бауырым!
Ей, Бауырым, басыңды бір көтерші,
Мынау қызық дүниені қалай қиып кетерсің...
Тірі адамдар өлмесін
Өлім, өлім, өлім деп,
Неғыламыз күрсініп.
Өлген адам көмілмек,
Тірі адамға - тіршілік.
Өлім, өлім, өлім деп,
Өкінеміз несіне.
Өлген адам көмілмек.
Тірі адамға - несібе.
Тірі адамдар өлмесін!
Тіршілікке келгесін,
Шамы ертерек сөнбесін.
Шаруасын жөндесін,
Жаманшылық көрмесін,
Тірі адамдар өлмесін!
Жасай берсін тірі адам,
Жыламасын, шаттансын.
Бір адамнан - мың адам
Мына өмірге аттансын.
Мың түтін боп от жансын.
Тарту
Жамбас пұл төлеп жатақта жүрген ақынбыз,
Жадырап келіп, жаңа үйге кіріп жатырмыз.
Әбекем қайда, Күнекем қайда, ойбай, тез,
Той жасап берем, тортыңды қой да, шақырғыз.
Әбекең келді, Күнекең келді, тойладық,
Әзіл де болды, күлкі де болды, ойнадық.
Бәрі де болды-ау, осы үйді салған адамның
Бірінің де атын есімізге алып қоймадық.
Қадірлі аға, қайырымды жан ғой Әбекең,
Күнекең болса, еркелеп жүрген іні екен.
Апыр-ау деймін, алайда осы қуаныштың
(Әдеби тілмен) авторы нағыз кім екен?!
Еденді сырлап, іргені сылап, қалаған,
Шатырын жауып, орнатып газды жаңадан.
Терезе салып, асфальт төсеп аулаға,
Екі-үш жыл бойы сіңірді-ау еңбек сан адам.
Аязда тонды-ау, аптапта күйді-ау жондары,
Азаппен жүріп жарылды-ау беті, қолдары.
Сезеді ішім, терменен осы үй орнады,
Сол жандар бізбен, амал не, бірге болмады.
Жарығын, суын, жылуын бізге жіберді,
Жайсаңдар жүр-ау қуантып тағы біреуді.
Қарсы алар ма еді қайрымды құрылысшыны,
Патшадай күтіп, жолына төсеп кілемді.
Жадырап, жылып, жаңа үйде тұрмыз аманбыз,
Адамды сүйіп, адаммен жүрген адамбыз.
Қадірлі жандар тыс қалды неге назардан?
Өкініп тұрмыз соңынан енді соған біз!..
Тау бұлағы да ағады
Тау бұлағы да ағады,
Ой бұлағы да ағады.
Әрқайсысы өзінше тепкілейді жағаны.
Бірі жылжып барады,
Бірі мөңкіп барады,
Бәрісі де, не шара, аға алмайды жоғары.
Бәрісі де, ұмтыла, тек ылдиды іздейді,
Әрқайсысы өзінше,
Қатарларын түзейді.
Дарияға қосылып жай тапсам деп теңізден,
Байғұстардың бәрісі күдерлерін үзбейді.
Бірі жатыр күркіреп,
Бірі жатыр жылмиып.
Бірі қалды көлдерде көмейіне құм қүйып.
Асығады байғұстар.
Сезінбейді сірә да,
Барар жері бәрібір екендігін тұңғиық.
Асығады байғұстар,
Өзін-өзі қинайды...
Бұлақтардың көбісі дарияға құймайды!
Дарияны қайтеді.
Мұнысы да жөн шығар,
Мүмкін олар даласын шөл етуге қимайды,
Бар қуатын өзінің топырағына сыйлайды.
Санаулы күн,
Санаулы ай,
Санаулы жыл.
Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірде бағаңды біл.
Қанша күнің,
Санап көр текке кетті,
Қанша жанды,
Санап көр, өкпелеттің.
Адамдықтан адасып қаншама рет,
Қаншама рет ауытқып, шетке кеттің?!
Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің,
Қанша жанның жүзіне шуақ септің?
Қаншама рет қуанып бардың-дағы,
Қанша адамның алдынан жылап кеттің.
Ал, қанеки,
Санап көр, санағышым!
Сарқылмастан тұрғанда сана-күшін.
He жақсылық көрсетті адам саған?
He жақсылық жасадың адам үшін?
Тау өзені тентек қой, тасып жатыр
Тау өзені тентек қой, тасып жатыр,
Ақ көбігін аспанға шашып жатыр.
Арғы жаққа отарын өткізе алмай,
Бала шопан айғайға басып жатыр.
Тарт! деп еді, өзеннен өт деп еді,
Беттемеді көк серке, беттемеді.
Қойлар қайтсін қойшының ыза-кегін,
Тасқа барып соғылды шек дегені.
Қуып шығып серкені қойдан бөліп,
Сырық сааты қамшымен сойды-ау келіп.
Бірін-бірі паналап, ығысады,
Көк серкенің тағдырын қойлар көріп.
Дүбін жазбай дүр етіп үрікті де,
Отар тұрды, қалтырап бірікті де.
Сорлы серке тұзаққа ілікті ме,
«Өлдім» деді сақалын сілікті де.
Қой маңырап, шопанның сыбағаны,
Шыңға жетті серкенің «жылағаны».
Ұйқылы-ояу маужырап қырда отырған,
Қарғып тұрды қарт шопан, шыдамады.
Жетіп келді желдіртіп күреңімен,
Ашу буы атып тұр реңінен.
Сақалдан ап серкені сабап жатқан,
Шопанның ұстай алды білегінен.
- Түк көрмеген түлейдей... малды ұра ма?!
Жоғал былай, торсықтай салбырама!
Серке емес, сен езің де сескенесің,
Сен қылмаған ерлікті мал қыла ма?!
Шешініп суға түскен қартты көріп,
Көк серке өзенге өзін атты келіп.
Көсемінен көз жазбай тұрған отар
Жамырасып жағаға тартты берік.
Қазақтың мал - ырысы, малы - бағы,
Қашаннан бір-біріне танымалы.
Күреңмен қырқа асып бара жатқан,
Қартқа қарап көк серке маңырады.
|