болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін
болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп
барлықтың ішінде бар болып жүреді». (Үш анық. — Әлем, 39-бет). Осы негізгі
шығармасын Шәкәрім ұзақ дайындықтан соң жазған және ол Жаңа замандағы қазақ
кәсіпқой философиясының алғашқы туындысы болып табылады. Бұл шығармада
айтылған ойлардың сыры мен астарлы қатпарлары мол. Батыстағы материализм
және идеализм тәрізді екі анықпен Шәкәрім шектелмей, өз жолы — үшінші анықты
ұсынады:
Еңбекпенен, өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл, қайнар өмір
Ар ілімі оқылса.
Яғни, басты мәселе — ар ілімі, моральдың төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімнің
«ар ілімі» деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі категориясы,
мәдениеттіліктің тірегі — ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін Шәкәрімнен үзінді
келтірейік: «Әрине, жаның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта
болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек.
Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп,
жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, совесть құр ғана
көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық, қиянаттың көп айырмасы жоқ
болса керек. Ӏзін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне
нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған
кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам
жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның
жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де
жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір
діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе Жаратушыда
білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы — ұждан,
совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор
жардамы үш анық дегенім осы». (Үш анық. — Элем, 44— 45-бет). Шәкәрімнің ұжданы
біз жоғарыда айтқан, ежелгі гректегі «каллокагатия», И. Канттың «кесімді императив»
ұғымдарымен астас. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім.
Тарих аумағынан қарағанда тым қысқа уақыт аралығында (70 жыл — бір адамның
ғұмыры) қазақтың ұлттық мәдениеті Кеңес өкіметі кезінде сан қырлы
Кеңес кезеңі
құбылыстарды өз басынан өткізді. 1916 жылдан басталған күрес келесі жылы
мақсаттарына жеткендей болды. Өздерін «демократтар» санаған Уақытша үкімет
өкілдері сөз жүзінде езілген халықтарға азаттық береміз деді. Қазақ ғұламасы Ә.
Бөкейханов революция жасала сала «Жаңарған Ресейдің ерікті азаматтары —
қазақтарға» деген өз үндеуін жариялады. Жалпы алғанда, қазақтың ұлттық
мәдениетін XX ғасыр талаптарына сәйкес қайта құруда «Алаш» партиясының рөлі
ерекше болды. Революцияның бастапқы кезіндегі маңызды мәселенің бірі ұлттық-
мәдени автономияға қатысты еді. Ресей революциялық қозғалысының кадеттік,
социалистік және коммунистік бағыттарының көсемдері бұл идеяға қарсы шықты.
В.И. Ленин
болсын, Ф. Керенский болсын территориялық федерацияны желеу етіп,
бірорталыққа бағынған Ресейдің империялық мәнін сақтап қалуға тырысты.
Большевиктер оған қоса өздерінің атышулы «Барлық елдердің пролетарлары,
бірігіңдер!» ұранын басшылыққа алып, ұлттық мүддені шетке шығарып тастады.
1917 жылғы маусым айындағы басылымында «Қазақ» газеті осы мәселені тікелей
қойды. Автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін айтып, оның үш негізі бар
екендігіне оқырман назары аударылды (территория, мәдениет және ұлттық
ерекшеліктер). 1917 жылдың 21—26 шілдесінде
Орынбор
қаласында Бірінші бүкіл-
қазақтық құрылтай өтті. Оның шешімдері бойынша «Алаш» партиясының
бағдарламасы жарияланды. Бағдарламаның кейбір бөліктерінен үзінді келтірейік:
1. Ресей демократиялық Федеративтік Республика болуы керек, оның
құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз әрекет етеді.
2. Қазақтар тұратын аймақтардан құралған автономия Ресей Федеративтік
Республикасының құрамды бөлігі болып табылады...
3. Ресей Республикасында тең праволылық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар еріктілігі
болады.
4. Дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең праволы... қазақтардың өзіндік
муфтийлігі болуы керек...
5. Билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажетті, би мен сот
жергілікті халықтың тілін білуі міндетті...
6. Білім алу — барлығының ортақ игілігі. Бүкіл оқу орындарында білім алу — тегін.
Қазақтардың өз тіліндегі орта және жоғары оқу орындары, университеттері де
болуы керек.
Бұл бағдарлама 5—12 желтоқсанда өткен Бүкілқазақтық екінші съезде құпталынып,
осы құрылтайда ұйымдастырылған Алашорда үкіметінің негізгі заңына айналды.
Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан прогресс жолында талай
жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ
рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде «Алаш» қайраткерлері алдыңғы қатарда
тұрды. Кейін тоталитарлық жүйе оларға әдейі «контрреволюцияшыл-ұлтшылдар» деп
жала жапқан. Алайда большевиктер орнатқан тоталитарлық жүйе қазақ халқының
(Ресейдің басқа халықтарының да) азаттық алу, мәдени өркендеу мүмкіндіктерін
құлдыратып жіберді. XX ғасырдағы ең сұмдық қылмыстардың бірі Кеңес Одағында
жасалды. Тоталитарлық жүйе өз халқына қырғын салып (геноцид), оның этномәдени
тұтастануына орасан зиян келтірді. Адамзаттың бүкіл тарихында ешбір саяси өзгеріс
нақ осындай сүргінге әкелген жоқ. XX ғасырдағы екі социалистік эксперимент
(фашистік ұлттық-социализм және коммунизм) 100 миллионнан астам адамды
қырды. Этнобірігу және мәдени эволюцияны бекерге шығаратын большевиктік
идеология мен практика бұрынғы Ресей империясы топырағындағы халықтардың
ғасырлар бойы жинақталған мәдени құндылықтарын талан-таражға салды. Бұл,
әсіресе, қазақ тағдырынан анық көрінеді. Ұлттық-мәдени тұтастануға кеселін
тигізген төмендегідей большевиктік тәжірибелерді атап өтейік:
1. Демографиялық геноцид. Белгілі демограф
Мақаш Тәтімовтың
есептеуі
бойынша, тоталитарлық жүйе кезінде қазақтар шетелдерге біржолата көшіп
кеткендерін қоса санағанда 4,5 миллион адамынан айрылған, яғни бүкіл халқының
үштен екісін жоғалтқан. «Проценттік қатынаста, — дейді М. Тәтімов, — Қазақстан
қасіреті Батыс Армения қасіретінен, Еуропадағы фашизмнің еврейлерді жоюынан,
Камбоджадағы зұлматтан да асып түсті». (Демографиялық кескін — Қазақ, 66—67-
бет).
2. Этномәдени экспанция. Патшалық Ресей империясы бастаған миграциялық
саясатты Кеңес өкіметі де дәйекті жүргізді. Геноцид нәтижесінде қаңырап бос
қалған кең дала келімсектермен толтырылды. XIX ғасырдың ортасында өз жерінде
92%-ін құраған жергілікті ұлт өкілдері 1959 жылғы санақ бойынша 29%-ке дейін
төмендеді. Мұның өзі 1916 жылғы қырғынның, азамат соғысының,
Ф. Голощекин
жүргізген «Кіші Октябрь» саясатының, 30-жылдардағы аштықтың, тың және
тыңайған жерлерді игеруге сырттан жүз мыңдаған бөгделердің келуінің салдары
екені белгілі. Этномәдени экспанция: «феодализмнен социализмге бірден секіру»
үшін аймақты индустрияландыру қажет, ал бұрынғы көшпелілер техникаға жетік
емес, сондықтан орталық аудандардан кәсібилерді шақыру керек дегенді желеу
еткен. Мигранттардың көптеп көшіп келуі қазақтардың дәстүрлі мәдениетін
шайқалтып, оның өрісін тарылтты. Әрине, этномәдени экспанцияның жағымды
жақтары да болды (білімділік деңгейінің көтерілуі, экономикалық даму, мәдени
диалог т.б.). Алайда таразының екі басы тең емес еді.
Достарыңызбен бөлісу: |