ҚАЗАҚ ТІЛІ (оқыту қазақ тіліндегі гуманитарлық бағыттағы
гимназия сыныптары үшін)
Нұсқа №2 Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз. А мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді Қазақстандағы туризм
Қазақстан экономикасының дені қара алтынға, яғни мұнайға байланған.
Қазіргі таңда мұнайдың бағасы бірде өсіп, бірде төмендеуде. Бұл тұрғыда,
«Еліміздің экономикасын тұрақты ұстап, оны көтеру үшін басқа саланы да
дамытып, соған басымдық беру қажет», - деген сарапшылардың пікіріне
толыққанды келісуге болады.
Қазақстан үшін ең ұтымды шешім – туризм саласын дамыту. Алайда бұл
мәселеге толыққанды көңіл бөлінбей келеді. Әлем бойынша туризм саласында
жақсы дамыған елдер қатары көп. Олардың көшін бастап тұрған - Түркия, Араб
Әмірліктері, Египет, Тайланд, Үндістан елдері. Жыл сайын аталған елдерге
туристер ағылып барып жатады.
Ал Қазақстанға ше? Біздің елімізге келетін туристер саны бұл елдермен
салыстыруға келмейді. Еліміздегі демалыс орындарынан шетелдік қонақтар емес,
өзіміздің қазақ азаматтарының көпшілігі амалсыздан келетіндей. Барлығының
арманы - шетелге шығу, мысалы, Гаваи, Маями аралдарында демалу, Түркияға
барып, Қара теңізге шомылу.
Қазіргі таңда көпшіліктің айтатыны: «Бурабайға демалуға барғанша,
Түркияға барған дұрыс, екеуіне де бірдей қаражат жұмсалады,» - дейді. Мұндай
пікірлер еліміздегі демалыс орындарының бағасының тым шарықтап кеткендігіне
дәлел бола алады.
Қазақстанда туристік агенттіктердің саны 600-ден астам. Алайда олардың
басым көпшілігі қазақстандықтардың шетелге саяхаттау жоспарын жасаса, тек
14,5%-ы ғана елімізге келетін туристермен айналысады. Біздің елімізге келетін
шетелдіктердің көбі іссапармен ғана келеді екен.
Қазақстанға келетін туристерден түсетін пайда жалпы туризмнің 3%-ын ғана
құрайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өзге елдерде бұл көрсеткіш 50%-
ға дейін жетіп отырады.
Елімізде туризмнің инфрақұрылымы өз дәрежесінде жасалмаған. Еліміздегі
жол мәселесі сын көтермейді. Осы жолдармен жүрген турист екінші рет
Қазақстанға оралғысы келетіндігіне үлкен күмән туғызуға болады.
Демалыс орындарындағы қонақ үйлердегі қызмет көрсету сапасы да тым
төмен. Қызметкерлердің басым көпшілігі ағылшын тілін меңгермегендіктен,
шетелден келген қонақтарға қызмет көрсету қиынға соғады. Өздерінің ойын
дұрыс жеткізе алмаған туристер екінші рет бұл жерге келуге зауқы да соқпасы
анық...