ҚАЗАҚ ТІЛІ (оқыту қазақ тіліндегі гуманитарлық бағыттағы
гимназия сыныптары үшін)
Нұсқа №3 Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз. А мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді Отбасы құндылығы – ұлт болашағының негізі Халқымыздың тамыры тереңге кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе
жатқан рухани байлықтарының бірі - отбасы құндылықтары. Отбасы құндылығы
қай кезеңде де, қай мемлекетте де саясаттың ең маңызды бөлігі болған.
Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі. Бұл - адам баласы үшін қастерлі
ұғым. Елге, жерге деген сүйіспеншілік, барлық асыл қасиеттер отбасынан
басталады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп,
қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына
деген сүйіспеншіліктен басталады» - деп, отбасылық құндылықтарды нығайтуға
ерекше көңіл аударып келеді.
Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында
көптеген шаралар атқарылды. Бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да
білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесінде ана
мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау
стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай
жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда, көп балалы отбасыларды әлеуметтік
қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып,
көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Бұл мақсаттарға тек 2019 жылғы республикалық бюджеттен 193,7 млрд.
теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15 пайызға артып келе
жатыр.
Көп балалы отбасыларын насихаттау, оларға қолдау көрсету Қызылорда
облысында ерекше қолға алынған. Бала туу көрсеткіші бойынша, Сыр өңірі
республикада 4-орында тұр. Облыстағы 44 мыңнан астам көпбалалы ананың 27
мыңдайы - Батыр Ана. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен»
алтын құрсақты аналарымыздың 14 мыңға жуығы - «Алтын алқа»,13 мыңдайы
«Күміс алқа» иегері.
Осындай отбасыларын таныту, отбасы құндылығын насихаттау – жастарға
үлгі, өнеге берудің үздік үлгісі. 2014 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып
жүрген «Мерейлі отбасы» байқауы да осы мақсатты көздейді.
Отбасы құндылығын дәріптеудің ұлттың демографиялық өсіміне де оң әсері
бар.