БҰҚарбай естекбайұлы және ұлт азаттығЫ ҚОЗҒалысы



Pdf көрінісі
Дата30.01.2017
өлшемі161,8 Kb.
#3053

ӘОЖ: 82-131(574) 

Мұсаев А.М.  филология ғылымдарының докторы,  

профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті  

(Ақтөбе қ., Қазақстан) 

E-mail: zholzhanova_g@mail.ru 

 

БҰҚАРБАЙ ЕСТЕКБАЙҰЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТ АЗАТТЫҒЫ ҚОЗҒАЛЫСЫ 

МӘСЕЛЕЛЕРІ 

 

Аннотация. Мақалада Бұқарбай батырдың ерліктері сөз болады.  

Кілт сөздер: Көтеріліс, Табын, Кенесары Қасымұлы, Ақмола, Жоламан Тіленшіұлы, Торғай, Ырғыз, Нысанбай 

жырау, Майтөбе, Қарабөгет.  

 

Қазақ  халқының  азаттығы  жолындағы  күресте  Кіші  жүздегі  Жетірудың  бір  тармағы  Табындар 



Кенесары  Қасымұлы  бастаған  ұлт  азаттық  қозғалысына  белсене  қатысты.  Кенесары  Қасымұлы 

бастаған  көтеріліс  19  ғасырдың  30-40  жылдарындағы  қазақ  халқының  отаршылдық  езгіге  қарсы  ұлт 

азаттық қозғалысының құрамдас бір бөлігі және шарықтау шегі болып табылады. 1837-1847 жылдары 

болған бұл қозғалыс қазақ жұртының рухын асқақтатып, жігерін тасытты. Ресей отаршыларына, Орта 

Азиялық хандықтарға қазақ халқының бойындағы еркіндікке, дербестікке ұмтылған рухани күштің аса 

қуаттылығын  тағы  да  дәлелдеп  берді.  Бұл  қозғалыстың  өзіне  дейінгі  және  өзінен  кейінгі 

көтерілістермен қозғалыстардан айрықша ерекшелендіретін бірнеше айқын белгілері көзге ұрып тұрды. 

Біріншіден,  қозғалыстың  қазақтың  үш  жүзін  қамтуы,  екіншіден,  көтеріліске  осы  үш  жүздегі  ру 

тайпаларының  көпшілігінің  белсенді  қатысуы  және  үшіншіден,  күрес  барысында  қазақ  мемлекеттік 

шаңырағының қайта көтеріліп тәуелсіздік туының қайта желбіреуі көрініс берді. Осы кезде табындар 

да  бұқаралық  қозғалыстан  тыс  қала  алмады.  Қозғалыс  үнемі  патша  үкіметінің  тарапынан  басылып 

жаншылып  қуғындалып  отырғандықтан  бір  жерден  екінші  аймаққа  көшіп  отырды.  Сондай  соғыс 

жүргізудің  әскери  тәсілдерінің  бірінде  1841  жылы  қозғалыс  табындардың  шоғырлана  орналасқан 

аумағына  ойысты.  Сондықтан  да  осы  жылы  табындар  қозғалысқа  белсене  араласып  Кенесарыны 

жақтаушы  ауылдардың  қатарына  қосылды.  Кенесары  әскерінің  құрамында  үш  жүздің  анағұрлым 

ықпалды  бұқара  халыққа  танымал  батырлары  Шұбыртпалы  руынан  Ағыбай,  Сүйіндіктен  Жанайдар, 

Иман  Дулатұлы,  табын  руынан  Жоламан  Тіленшіұлы,  Дулаттан  Бұғыбай,  Қыпшақтан  Басығара  тағы 

сол сияқтылар болды. Батырлардың әлеуметтік құрамы біртекті болмады. Олардың біреулері ақсүйек 

ұрпақтарынан болса, енді біреулері батыр, би тәрізді қара халықтан шыққандар еді.  

Көтерілістің  алғашқы  кезеңінде  Кенесары  патша  әкімшілігіне  Ақтау,  Ақмола  бекіністерін  жою 

туралы биік талаптар қойып ашық қарулы күреске бармайды. Және де орта жүздің халқын өз маңына 

топтастыруды  жалғастырады,  сондай-ақ  өзін  қолдамаған  би  сұлтандардың  ауылына  шабуылдар 

ұйымдастырады.  Көтерілістің  алғашқы  кезеңіндегі  ірі  оқиғаға  көтерілісшілердің  1838  жылғы  Ақмола 

бекінісін  талқандауы  жатады.  Ақмола  бекінісін  көтерілісшілердің  талқандауы  Кенесарының  орта 

жүздегі  беделін  өсіреді,  оған  көптеген  ру-тайпалардың  адамдары  күн  санап  қосылумен  болды. 

Көтерілістің ауқымы кеңейіп, көтерілісшілердің саны өскен сайын Кенесарының да жоспары ұлғаяды.  

XIX  ғасырыдң  20-40  жылдары  тек  Орта  жүзде  ғана  емес,  Кіші  жүз  аумағында  да  патша 

өкіметінің отарлық саясаты күшейіп, жергілікті тайпалар жақсы-жақсы жерлерінен айырылады, оның 

үстіне олар әртүрлі салым-салықтардан көз ашпайды. Мұның бәрі Кіші жүздегі тұрғындардың патша 

әкімшілігіне қарсы наразылығын туғызып, көтеріліске ұласады.  

Осы жылдардағы Кіші жүздегі ірі көтеріліске – Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс жатады. 

Кенесары  өз  адамдары  арқылы  Кіші  жүздегі  жағдайдан  да  толық  хабардар  болып  тұратын.  Ол  енді 

Орта жүзбен Кіші жүздегі ірілі-ұсақты барлық қарсылықтарды орталықтандыруды көздейді. Жоламан 

батырмен жүргізілген келіссөздер оң нәтиже беріп, Кенесары қарамағындағы ауылдарды 1838 жылдың 

күзінде  Кіші  жүз  жеріне  қарай  көшіреді.  Торғай  мен  Ырғыз  өзендерінің  аралығына  Кенесарыны 

қолдаған Орта жүз рулары қоныстанады. Торғай өңірінде Кенесарыға құрамында Табын, Тама, Шекті, 

Шөмекей,  Төртқара  руының  қазақтары  бар  Жоламан  Тіленшіұлы  қосылады.  Батыс-Сібір  генерал-

губернаторлығына  өз  талаптарын  орындата  алмаған  Кенесары,  Ырғыз-Торғай  өңірінде  тұрып, 

Орынбордағы әкімшілікпен келіссөздер жүргізе бастайды. Кіші жүз аумағында Кенесары 1845 жылдың 

көктеміне дейін болады. Бұл жылдар бейбіт келіссөздерге, жазалаушы орыс отрядтары мен күрестерге 

толы жылдар болады. Көтерілістің бұл кезеңінде Кенесарыны Кіші жүздің көптеген рулары қолдайды.  

Табын руынан шыққан Бұқарбай Естекбайұлы Кенесарының ең жақын серіктерінің бірі болды. 

Бұқарбай  батыр  1812  жылы  қазіргі  Қызылорда  облысының  Жалағаш  ауданына  қарасты  ауылда 

қарапайым  шаруа  отбасында  дүниеге  келген.  Руы  -  табын.  Оның  ішінде  Теке,  одан  Атанша  болып 

тарайды.  Атаншадан  Құдайсүгір  одан  Естекбай,  Естекбайдан  Бұқарбай.  Бұқарбай  батырдың  ата-


бабасының  қонысы  Сырдария  өңірінің  Шортан  көлінің  маңайы  болып  табылады.  Өйткені  қазіргі 

уақытта бұл маңда Бұқарбай қыстағы, Бұқарбай қорымы, Бұқарбай арығы деген жер атаулары бар.  

Жиырма  бес  жасынан  бастап  Кенесарының  сарбазы  болған  Бұқарбай  1847  жылға  дейін  осы 

қозғалыстың басты батырларының бірі болды. Ол алғаш рет 1838 жылдың тамызында Ақмола бекінісін 

алуға қатысқан. Батырдың он жылға жуық азаттық үшін арпалыс жорықтары жайлы халыққа танымал, 

ерліктің  дастанына  айналған  тарихи  «Кенесары-Наурызбай»  жырында  тартымды  суреттелген. 

Бұқарбайдың  елі  үшін  ақ  найзаның  ұшының,  ақ  білектің  күшінің  арқасында  жан  аямай  күресетінін 

білетін Нысанбай жырау батырға рух беріп, үміт арта былай жырлаған: 

«Мылтықтың оғы от алмас 

Құлақта дәрі тұтанбай. 

Ақ кіреуке, көксауыт 

Таза жүрсе, тот алмай

Мылтықтың оғын жібермес 

Шығыршығы жұқармай. 

Жаман жігіт тозады, 

Жауды көрсе қотандай. 

Атақты ердің бірі едің 

Иісің шыққан жұпардай. 

Аянбай бүгін іс көрсет

Табыннан қабан Бұқарбай!» 

Алғашқы  тырнақалды  шайқастардың  бірінде  500  адамды  қорыс  жазалаушы  отрядымен  болған 

ұрыста  Бұқарбай  үлкен  ерлік  көрсетіп,  ат  үстінен  жаяу  әскерге  әдіс-айлалар  қолданып,  найзагерлік 

танытады.  Бұл  ұрысқа  қатысқан  Ағыбай,  Наурызбай  үшеуі  шағын  үш  жүздей  ғана  сарбазбен 

орыстарды  ойсырата  жеңіп,  көптеген  қару-жарақтарды  қолға  түсіреді.  Осыдан  соң  Бұқарбай  батырға 

мың басылық атақ берілді.  

Осы  оқиғадан  соң  Кенесары  Ақмола  бекінісін  алуды  көздейді.  Ақмола  бекінісіндегі  әскербасы 

Карбышевтың  гарнизонын  талқандауға  Басығара  батыр  және  Бұқарбай  бастаған  мыңдық  кезегімен 

жақындатылады.  Таң  сәріден  басталған  шабуылда  әуелі  қазақ  мергендері  ұшындағы  майлы 

шүберектерге  от  қойып  атылған  жебелермен  қамалда  өрт  шығарды.  Бірінші  кезекте  тура  шабуыл 

жасаған  Басығара  оққа  ұшады.  Жаудың  қылышына  төтеп  бере  алмай,  оның  сарбаздары  шегіне 

бастайды. Басығараның сүйегін жау қолында қалдырмауды талап еткен Кенесары шешуші шабуылды 

күтіп  тұрған  Бұқарбай  жасағын  лап  қойғызады.  Алқалап  шапқан  жасақтың  оң  қанатында  «Әкең 

Бұқарбайлап»  батырдың  өзі  келе  жатады.  Осы  шабуылда  жас  Бұқарбай  батыр  атының  үстінде 

түрегеліп,  бой  көрсетіп,  басқалардан  атан  бойы  алда,  ерекше  көзге  түсіп  келе  жатқан  екен.  Сөйтіп, 

Ақмола бекінісіне шабуыл сәтті аяқталады. Тарихтан белгілі аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин мен 

әскербасы Карбышев  аз  ғана  отрядымен  жан  сауғалап, әрең дегенде  қашып құтылады. Осы бекіністе 

айтулы  ерен  ерлігімен  ұрыста  ерекшеленген  Бұқарбай  батыр  жайында  «Кенесары  –  Саржан» 

поэмасында былай жырланған: 

«Екі жүздей күренді, 

Жалғыз қырып Бұқарбай. 

Қатарынан бір асқан, 

Айнала шауып екі күн, 

Ақмола үстін шаңдатты, 

Қағындысын қаққандай,  

Босағасын қандатты, 

Елін шауып, ерін өлтіріп 

Шулыған қылып зарлатты. 

Бастығы еді Карбышев, 

Қорыққаннан бас иді...» 

Бұқарбай  батырдың  Ақмола  бекінісін  алудағы  жауынгерлік  қабілетін,  ерлігін  айшықтайтын 

деректер де бар.  

Бұқарбай  батыр  Созақ  майданына  араласты.  Созақ  қамалы  үшін  қиян-кескі  ұрыс  12  күнге 

созылды.  Бұқарбайдың  өзі  және  оның  жасағы  бірнеше  рет  шабуылға  шығып,  жауды  ойсырата 

талқандады.  Созақтан  соң  Сауранды  алуда  Кеңесарының    сарбаздары  көбейіп,  қоқандықтарға    қарсы 

қоян-қолтық ұрыс  жүргізіп, жеңіске қол жеткізген. 

1847  жылы  Майтөбе  деген  жерде  Кенесары  қырғыз  манаптары  жасағымен  ақырғы  шайқасын 

өткізді.  Шайқас  қарсаңында  қоршауға  алынған  Кенесары  оны  бұзып  шығудың  жоспарын 

төңірегіндегілермен  ақылдасып,  шешеді.  Ақырында  ақтық  күресті  жүргізу  ұйғарылады.  Хан  Кененің 

айналасындағы  салдарлары  мен  батырлары,  сарбаздары үзеңгі  түйістіріп,  бірін-бірі  қолдап, шайқасқа 


түседі. Солардың қатарында ерлігімен елге танылған,  жаужүрек батыр Бұқарбай болған. Бұл жайында 

«Кенесары-Наурызбай» жырында: 

«Наурызбайдың сөзіне 

Батырлары шыдамай, 

Хан қасынан ұмтылды 

Меңдібай, Дулат, Ағыбай, 

Арғыннан шыққан үш жігіт –  

Шәкір, Жәуке, Толыбай. 

Олардан кейін қала ма 

Табыннан қабан Бұқарбай», -  

деп суреттелген. 

Бұқарбай  –  Табын  руына  ұран  болумен  қатар  тарихи  тұлға  дәрежесіне  көтеріле  алған  батыр. 

Өйткені ол ел мүддесі үшін күресіп, соның барын жоғалтпауға, берекесін кетірмеуге ұмтылған. Жерін 

жаудан  қорғауда,  елдің  елдігін  сақтауда  ерлік    көрсетіп,  ғұмырын арпалыспен  өткізген. Батырдың  әр 

кездегі  ерліктері  мен  ел  үшін  жасаған  жақсылықтары  халық  жадында  сақталып,  күні  бүгінге  дейін 

жеткен. Солардың кейбіреулері орыс зерттеушілерінің еңбектерінен көрініс тапқан. 

ХІХ  ғасырда  өмір  сүрген  орыс  оқымыстысы  А.Герн  былайша  әңгімелейді:  «1850  жылы  Қоқан 

хандығының  билеушілері  қазақ  халқын  Жаңадария  өзені  бойынан  біржолата  көшіріп,  бостыру 

мақсатында  Жаңадария  бойындағы  «Қара  бөгет»  деген  жерден  суды  байлап  тастап,  төменгі  жаққа 

жібермей қояды. Жаңадария бойындағы мыңдаған қолмен жасалған егіншілік жерлер құлазыған шөлге 

айналады,  ел  тіршілігі  тығырыққа  тіреледі. Бірақ қазақтан шыққан Бұқарбай батыр  1852  жылы  2000-

нан астам жергілікті халықтан қол жинап, қоқандықтарға қарсы шығады, сөйтіп, Қарабөгетті бұзады. 

Сол уақыттан бастап Сыр суы қайтадан Жаңадария бойымен аққан, одан Қуаңдария нәр алған. Сөйтіп, 

Сыр-Қуаңның арасы қайтадан ел қонысына айналған». 

Бұқарбай  тек  батыр  ғана  болып  қоймаған,  сонымен  бірге,  кедей  шаруа  батырақтарды  

ұйымдастырып,  егін  ектіріп,  мал  бақтырған  шаруашылыққа  икемді  адам  болған.  1840  жылдары  

ұзындығы  25-30  шаршы  метр,  тереңдігі  6-7  метрлік  арық  қаздырған.  Халық  оған  «Бұқарбайдың  ақ 

арығы» деген атау берген. Сол арық қазіргі Сыр өңіріндегі шаруашылықтарының қажетіне жарап отыр. 

Ел  аузындағы  деректерге  қарағанда  Бұқарбайдың  сегіз  баласы  болған.  Жасы  ұлғайған  сайын 

Бұқарбай  батыр  ел  ішінің  тыныштығы  үшін  бес  қаруына  қоса  сөз  қаруын  –  шешендігімен  де  көп 

алдында топ жарған. Өткір тілді, тапқыр да ұшқыр ойлы батыр  көптеген дауларға қатысып, әділетті 

шешім шығаруға септігін тигізген. 

Бұқарбай  Естекбайұлы  1898  жылы  Қараөзек  бойындағы  өз  қыстауында  қайтыс  болды.  Денесі 

қыстауына  үш  шақырымдай  жердегі  биіктеу  төбеге  жерленген.  Кейін  бұл  жер  Бұқарбай  қорымы 

аталған. 

Осылайша Бұқарбай батыр жерінің азаттығы үшін, халқының тәуелсіздігі жолында ерлігімен ел 

есінде қалған тұлға болып табылады. Батырдың ерлігі – ұрпаққа үлгі, есімі тарихта елеулі болып қала 

берері сөзсіз. 

 

Әдебиеттер: 

1.

 



«Қазақ  ру-тайпаларының  тарихы».  Табын  ІІ  том.  Екінші  кітап.  –  Алматы:  «Алаш»  тарихи-

зерттеу орталығы, 2006. – 608 б. 

2.

 

Хан Кене (Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен хан-батырлар туралы тарихи толғамдар 



мен пьеса, дастандар). – Алматы, 1993. – 41 б. 

3.

 



Бұқарбай – халық батыры // Ақтөбе,  1991, 23 тамыз. 

4.

 



Бердәулетов К. Бұқарбай батыр (Өмірі мен ерлік жорықтары). – Алматы, 1992. – 28 б.  

5.

 



Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, Санат, 1994. 

6.

 



Бұқарбай батыр. Құрастырған: А.Жанаев. Қызылорда, 2007.  

 

 



Мусаев А.М. 

Букарбай Естекбайулы и проблемы национального освободительного движения 

В  статье  всесторонне  анализируются  героические  подвиги  Букарбай  батыра,  его  добрые  дела  по  служению 

своему народу. 

Ключевые  слова:  восстание,  Табын,  Кенесары  Касымулы,  Акмола,  Жоламан  Тиленшиулы,  Торгай,  Иргиз, 

Нысанбай жырау, Майтобе, Карабогет. 

 

Musaev A.M. 

Bucarban Estekbayuly and problems of the national liberation movement  

In article heroic feats of the batyr, his good deeds on service to the people are comprehensively analyzed. 



Keywords:  rebellion,  Tabyn,  Kenesary  Kasumuly,  Akmola,  Zholaman  Tilenshiuly,  Torgai,  Irgiz,  Nisanbay  bard, 

Maitobe, Karabuget. 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет