МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ,
ҒЫЛЫМДАҒЫ КҮЙІҢ ҚАЛАЙ?
Мемлекеттік тіліміздің өрісін танытатын бір сала сөз
жоқ – ғылым тіліне барып тіреледі. Ал ғылым тілінің да-
муы мен қалыптасуын терминдік жүйесіз сөз ету мүмкін
емес. Қазіргі кезеңдегі ғылым тілінің сан түрлі саласы
ізденістерге сұранып тұр. Өйткені бұлардың сараланбаған,
қарастырылмаған мəселелері жетерлік.
Бұл жерде назар аударғымыз келіп отырғаны – мемлекет-
тік тіліміз толық мəнінде ғылым тіліне айнала алды ма?
Немесе қазақ ғылымы қазақ тілін қажет етіп отыр ма?
Басқаша айтсақ, мемлекеттік тіл ғылымның барлық сала-
сына бірдей қызмет ете алып отыр ма деген мəселелер күн
тəртібінен түспей келеді. Міне, сондықтан қолына қалам
ұстаған кез келген адам кейінгі кезде терминді əңгіме етеді.
Мұны бір жағынан дұрыс десек те, кəсіптік мамандығы
қанағаттандырғанмен, лингвистикалық түйсігі жетіспей
жататындықтан өрбітілетін пікірлердің қисынды бола бер-
мейтіні рас.
Бұл мəселе турасында талас пікірлердің əлі біразға
созылуы мүмкін. Өйткені мемлекеттік тілдің ғылыми
ізденістердегі рөлін тереңірек зерделейтін тұста Ұлттық
Ғылым академиясының өзінің тағдыры қандай күйге түскені
жұртшылыққа мəлім.
Бірді айтып екіншіге кеткендей болсақ та, мұны аттап
өте алмаймыз. Ғылымға деген ықыласты солғындатқан
бұл соққыдан соң, əсіресе жастарымыздың ғылымға зауқы
болыңқырамай қалғанын несін жасырамыз. Көбі күнкөріс
қамын жасап, базар аралап саудаға кетті. Қалғандары өздері
қалаған өмірлік кəсібін қиналса да қия алмай, ерлікке саяр
тірлікпен күн кешуде. Əрбір сала бойынша ғылым кадрлары
жүйелі түрде тəрбиелене бастаған кешегі кез келмеске кетіп
барады.
381
Мүйіз сұрап жүріп, құлағынан айрыла жаздаған тоқал
ешкінің күйін кешкен мемлекеттік тілдің қазіргі сиқы
сын көтере бермейді. Неге десеңіз мұнымен түбегейлі
шұғылданып отырған жан шамалы. Үкімет тарапынан мем-
лекеттік тілдің мүддесін ойлап, оның қазақ ғылымындағы
өрісін кеңейтерлік күш берер жоспар-жоба түзілмей отыр.
Міне, осындай жағдайда ғылым тілі, мемлекеттік тіл атты
салалардың қазіргі жағдайы туралы пəлендей бір салиқалы
пікір айта қою қиын. Дегенмен, біздің А. Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институты мемлекеттік тілдің өрісін
ғылыми тұрғыда негіздеп, байыпты зерттеулер жасап отыр-
ған бірден-бір ғылым ордасы екенін ашық айту керек. Жыл-
дар бойғы ізденістер жайын барлай қарасақ, қазақ тілінің
ғылым тіліне айналуына жолбасшылық жасап отырған,
тіліміздің мемлекеттік мəртебесін толық сезіндіретін де
осы ғылым ордасы. Мемлекеттік тіліміз ғылым тіліне айна-
луы дегенді қысылмай айтатын жеріміз сосын М.О. Əуезов
атындағы Əдебиет пен өнер институты.
Ал басқа ғылым салаларындағы мемлекеттік тілдің жағ-
дайы күннен-күнге күрделеніп барады. Білім ордаларын-
дағы жағдай бұдан да бетер. Жаппай ағылшын тілі насихат-
тала бастаған тұста мемлекеттік тіліміздің алдағы уақытта
нендей күй кешерін бір Құдайдан басқаға əзір беймілім.
Мемлекеттік тіл мен ғылым тілінің қалыптаса түсуіне
тікелей қатысты қазақ терминологиясының мына бір тұс-
тарын қозғай кеткенді мақұл көріп отырмын.
Бұл өзі ғылымның сан саласымен өзектесіп, байланысып
жататын өте күрделі тарау. Терминге мұқтаж емес бірде-
бірі жоқ. Бəлкім осыдан да болар, кез келген зерттеушінің
термин туралы пікір қозғап, таласа кететіні. Мұнысы бір
есептен дұрыс та. Өйткені термин табиғатын, олардың
мəн-мағынасы мен жасалу жолдарын мамандардан артық
ешкім біле бермейді. Сондықтан көбінесе олардың пікірімен
санасып отыруға тура келеді. Дегенмен терминжасам
мəселесіне келгенде өзімдікі дұрыс деп омырау жетегіне
еріп кете беретіндер жоқ емес. Жылдар бойғы тəжірибеде
қалыптасқан тəсілдерді шығармашылық ыңғайда қолдана
алмайтын мұндай көзқарастардың өмірі ұзаққа бармайты-
ны анық. Яғни бұл тұста термин жасаудың жолдары мен
принциптері ескеріле бермейтіндіктен көптеген қисынсыз
сөздер зорлықпен терминдендіріліп жатады.
Ескермеуге болмайтын екінші бір жағдайға да назар
аударған жөн деп білемін.
Ол – терминолог мамандар мен тілші терминологтар
арасында өзара байланыстың аздығы. Мұндай байланыс
əлі күнге өріс ала алмай келеді. Қазақ тілінде барлық сала
бойынша жасалып жатқан терминдерді жүйелеп, тіліміздің
заңдылығына орай қалыптастырамыз десек, тіл маманы
мен басқа ғылым мамандарының арасындағы байланыс-
ты күшейту керек. Көптеген кемшілік осындай тығыз
творчестволық байланыстың жоқтығынан. Əрбір ғылым
саласы бойынша жасалған термин сөздер тіліміздің табиғи
заңдылығына сай келмесе сəтті бола бермейді.
Ендеше əрбір термин тілші мамандар сарабынан өтіп
отыруы керек.
Осыған орай тағы бір мəселе туындайды. Термин қа-
лыптастыруда Мемлекеттік терминология комитетінің рөлі
айрықша екені мəлім. Осы жұмыстың құрылымдық жүйе-
сіне аздап өзгерістер енгізу қажет-ау деймін. Қазіргі кезде
ғылым салалары салаланып, тарам-тарауларға ұласып, кең
қанат жайып барады. Олардың терминологиялық жүйесін
жинастырып, реттеп отыру мүлде қиынға соға бастады.
Мұның үстіне Астанаға қоныс аударған Мемтерминком
бұл салаға септігі тиер тиісті мамандарды қамти алмай отыр.
Олардың көбі, яғни ғылыми мекемелер мен мамандардың
70-80 пайызы Алматыда. Ендеше Алматы қаласында Мем-
терминкомның заңдастырылған бөлімін (филиалын) ашқан
дұрыс бола ма деймін. Ол ғылым салаларындағы қажетті
мамандарды секция-секцияға бөліп, онда терминдер мен
терминологиялық сөздіктерді талқылап, саралап, сұрып-
тап барып Мемтеринкомға ұсынып отырса, белгілі бір
жүйе қалыптасқан болар еді.
Бұрын мұндай тəжірибе болған. Əрине, бұл оңай жұмыс
емес, уақыт көп кетеді.
Егер қаржыландыру жағы қарастырылар болса, жұмыс-
тың жүретіні даусыз.
Ұйымдастыру жағын А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл
білімі институты Ғылыми терминологиялық орталық өз
міндетіне алар еді.
Ғылым тілі мен мемлекеттік тіліміздің еркін тыныстап,
қалыптаса қанаттана түсуі үшін бұл мəселенің септігі тиер
деген ойдамыз. Өйткені бұлардың тіні – терминология
мəселесіне барып тіреледі.
384
ТЕРМИН ТҮЗУДЕГІ ЖҮЙЕЛІЛІК ПРИНЦИПІ
Кез келген тілдің жай-күйі оның қолданылу дəрежесіне
өте-мөте тəуелді екені белгілі. Бүгінде нақты өмірден едəуір
оқшауланып келген тілімізге мемлекеттік тіл міндетінің
жүктелу жайы, оның икемдік, əсемдік сипаттарын, жалпы
мəдениетін жан-жақты жетілдіруді талап етеді. Өйткені тілдің
шын мəніндегі мемлекеттілігі, қоғам, мемлекет тарапынан
оны олай етуге деген риясыз мүдделілік болуына ғана емес,
тілдің, əдеби, ресми, ғылыми жазу, сөйлеу қажеттіліктерін
толыққанды қанағаттандырарлық, ішкі, əлеуеттік (потен-
циальный) мүмкіндіктерінің айқындығымен анықталады.
Ондай мүмкіндіктерге тілдің жалпы жəне əрбір сала бойын-
ша сөздік қоры мен түсініктері сараланып, грамматикалық
жүйелері жетіліп, қолданыстық, оралымдық қалыптары
(нормалары) орнығуын жатқызар едік. Ойлау, сақтау жəне
қатынас қажеттіліктерін ерекше күш жұмсамай-ақ, еркін
түрде қанағаттандыра аларлық тіл ғана жалпыхалықтық тіл
болуға табиғи құқық алмақ.
Бұл ретте, тіліміздің мемлекеттілігін жүзеге асырып, ресми
жазу тілін орнықтыруда, қолданыстық аясының кеңдігі жəне
барлық тілдік стильдермен тікелей байланыстылығы себепті,
іс-қағаз тілі мен аталымдар жүйесі басты, кіндіктік рөл
атқарары белгілі. Бұған дейін қазақ тілінің іс-қағаздарында
қолданылуы, іс жүзінде, жоққа тəн болып келгендіктен,
оның қолданыстық, жазу-сызулық қалыптарының өмір
өзгерістеріне ілесе, үйлесе даму мүмкіндігі, əрине, болмады.
Осы себепті, іс-қағаз аталымдары қатарын қазақ тілінде
түзерде, əдеттегі, орыстық үлгіден көшіріліп алына-
тын, таптаурын тəсілден «айнып», тілдік жəне тірліктік
жағдайымызды ескергеніміз абзал. Оның үстіне іс-қағаз
аталымдары жүйесінің басқа ғылым салаларындағыдан
бірқатар өзіндік ерекшіліктері де жоқ емес.
385
Атап айтсақ, іс-қағаз аталымдары мен түсініктерінің не-
гізгі құраушы көздері – ғылым, өндіріс, тұрмыс, əлеуметтік
сала аталымдарының өзі елеулі өгеріске ұшырап отыр жəне
іс-қағаз аталымдарының, негізінен, əртүрлі сала аталымда-
рынан құралу жайы да, оның негізгі терминдері құрамын
дұрыс анықтап, көлемін шектей білуді жүктейді. Өйткені кез
келген арнайы сөздікте сол салаға қатысты деген терминдер
мейлінше толық іріктеліп қана қоймай, «аз керектіні көп
керексіздер арасынан іздеп», əуре болып, уақыт жоғалтпас
үшін онда басы артық бірде-бір термин болмауы шарт.
Екіншіден, о баста орыстық үлгіден көшіріліп алынған
іс-қағаз аталымдарының өзін жіктеп, жүйелемегелі де біраз
уақыт болды. Ал өмір өзгерістеріне аса сезімтал келетін, іс-
қағаз тілі үшін бұл өте маңызды болып табылады. Сондай-ақ,
қоғамдық қатынастардың күрт өзгеруі, іс-қағаз түсініктері
мен аталымдарының бір тобы – советизмдердің тілдік
қолданыстан шығып, олардың орнын нарықтық қатынас
түсініктері басуын туғызды жəне бірқатар аталымдар табиғи
тұрғыда ескіріп, қолданылмайтын болып жүр. Бұл жайттар
да терминдік қатар құрамын қайта қарауды қажет етеді.
Үшіншіден, тілдік ахуалымыздағы жаңа жағдайға бай-
ланысты термин жасауға деген көзқарас, əдепкі даму
қажеттілігінен туындайтын, қатардағы ғана емес, түбегейлі
өзгеріске ұшырап отыр. Бұрын термин жасау ісі қалай
болса солай жəне орыстық нұсқасынан тікелей көшіріле
жүзеге асырылып, оның ғылыми негізді, тіл ерекшіліктері
ескерілген жəне тірліктік дəйектелген тəсілдері жасалмай
келсе, енді ол – тілдік жəне тірліктік мүдделер үйлесімділігі
жан-жақты ойластырылған, өзіндік шешімді талап ететін,
дербес мəселеге айналды.
Əдетте, түстеп тізе берсе, əр саланың өзіне ғана
қатысты терминдер мен түсініктерінің өзі шексіз көп бо-
лады. Мəселен, немісше-орысша [1] жəне ағылшынша-
386
орысша [2] металлургиялық сөздіктерде 40 000 жəне 66 000
сөздер мен сөз тіркестері тіркелген екен. Əрине, кез кел-
ген тілдің де, саланың да сөздік қоры түгелдей белсенді
тілдік айналыста болмайтыны сияқты, бұл сөздіктерде
келтірілген терминдердің бəрі де металлургияға тікелей
қатысты болғанымен, олардың қолданылу жиілігі жəне
сала ғылым-білімін дамыту, таратудағы рөлі бірдей емес
екені анық. Аталмыш сөздіктер металлургия саласына
қатысты деген түсініктер мен атаулардың жалпы жиынының
«қоймасы» болып табылады, бірақ қолдануға тиімсіздігі
жəне сұраныссыздығы себепті, əрбір, арнайы мақсатты
сөздіктерде олардың бəрін бірдей келтіре беру міндетті
де, мүмкін де емес. Айталық, осы металлургияның негізгі
терминдері сөздігінде [3] 7 000-ға жуық қана терминдердің
түсіндірмесі берілген.
Ендеше, əр сала негізгі терминдері қатарына сол
саланың өзіне ғана тəн, төл түсініктері мен аталымдарының
маңыздыларын, саланың түрлі, ғылым-білімдік, ресми
хаттарын жазуда өте-мөте жиі қолданылатын салааралық
жəне жалпықолданыстық (жалпығылымдық) аталымдар
жатқызылады. Термин түзу, сөздік жасау тірліктерінде, ең
əуелі, саланың негізгі терминдері құрамын дəл анықтау
қажет жəне оларды салаға қатысы жоқ деп айтуға болмай-
тын, мыңдаған терминдер дүрмегінен ажырата білу — аса
ыждахаттылықты талап етеді.
Ресми іс-қағаз тілін арнайы зерттеген Н.Ерғазиева
оның құраушы көздері ретінде кеңсе жəне ресми хаттар,
əкімшілік-құқықтық, халықаралық қатынас, тауар өндірісі,
есеп-қисап, əскер түсініктерін, тұлғалар мен лауазым-
дар жəне мекеме, ұйым аттарын [4] көрсетеді. Біздің ойы-
мызша, бұл қатарды əлеуметтік өмір, тарихи-саяси жəне
басқару тіршілігі түсініктерімен толықтыруға болады.
Мұндағы, сала терминдерін іріктеу қиындығы, оны құраушы
387
көздерінің көптігінде жəне олардың əрбірі өз алдына дербес
сала екендігінде ғана емес, аталмыш сала терминдерінің іс-
қағаздарында қолданылмайтыны, жоқтығында болып отыр.
Іс-қағаз тіліне қатысты соңғы жылдары шыққан сөздік-
тер [5] құрамында мұндай, басы артық терминдер жетіп-
артылады. Мəселен, оларда авиабаза, авиалиния, автобаза,
автобус, автомашина, автомобиль, автотранспорт, ав-
тотрасса, агротехника, вагон, гараж секілді техникалық,
акушер, акушерство, ампутация, анестизия, антисептик,
артимия, артерия секілді медицина, анафора, антоним,
апостроф, апофегма, арго, артикль, ассонанс, баллада,
бард, басня секілді тіл жəне əдебиет, атлас, бордюр, вельвет,
велюр секілді матаға қатысты, водовод, водоем, водозабор,
водонапорный, воодоотвот, водоочистное соружение, водо-
пользование, водопровод, водосбор, водоснобжение, водохра-
нилище секілді су техникасы, алебастр, анторцит, асбест,
атом, ваннадий, висмут, водород, вольфрам, вольт, комби-
корм, концентрат, конгломерат, лакмус, магний, метан,
прокат секілді химия, металлургия терминдері өлшеусіз
көп-ақ. Ал таза химиялық термин метил сөзі беріліп қана
қоймай, химиялшық элемент деп, қате көрсетілген. Сондай-
ақ, авуар, ажур, ажюстирование, анфас, аръергард, бард,
батискаф, блокгауз, бутафория, бювар секілді жалпы тілдік
қолданысымыздың өзінде кездесе қоймайтын, көпшілікке
бейтаныс шетелдік сөздер де аз емес.
Мұнан басқа, негізгі терминдер қатары артель, бригада,
государственное право, государственный план, животно-
вод, заготскот, плановый дом, внеплановый дом, звеновой,
саботаж сияқты уақыты озып, табиғи ескірген, горком,
обком, партактив, партбюро, партвзыскание, партдисци-
плина, партколлегия, партсобрание сияқты заманы өткен,
аз(ы), ас, выдвиженец, делячество, земляк, чаявые тəрізді
жаргондық сөздерден де тазартылып, өмірдің өзі тудырған
жаңа түсініктермен толықтырылуы тиіс деп ойлаймыз.
388
Қандай да сөздіктің пайдалылығы, құндылығы, тиесілі
сөздері құрамының артық-кемсіз, дұрыс іріктелуіне қоса, ол
сөздердің, қабылданған жүйе бойынша, керек сөзді тез табу,
сөздікті қолдану қолайлығымен де анықталады. Терминдік
сөздіктерде сөз тіркесінен тұратын терминдер əріптік
қатарда зат есімдік бөлігі бойынша реттелері жəне сол
арқылы басты (родовой) терминдер мен олардың түрлік
қатарлары (видовые ряды) бір жерде беріліп, өзара ұялас
ғылым түсініктерін үзіп-жырмай, толық құрамында, жүйелі
қабылдау, тану мүмкіндігі қамтамасыз етілері белгілі.
Осы қарапайым ғана ереженің өзі сақталмай, екі, үш
сөзден тұратын терминдердің зат есімдік немесе сын есімдік
сөздерден басталып, бірыңғай берілмеуі сөздікті қолдану
қолайсыздығын ғана туғызып қоймай, терминдік құрамның
толық қамтылуына да нұқсан келтіреді. Дəл осы себепті,
аталмыш сөздіктерде, служебное письмо, сопроводительное
письмо сөздері письмо сөзінен кейін берілген, хаттың басқа
8 түрінен, служебное положение, розничная цена тіркестері
положение мен цена-ның қалған түрлерінен, коопреативная
собственность пен частная собственность жəне входя-
щий документ пен сопроводительный документ-тер өзара
бөлектеніп, бір қатарда тұруы тиіс, ұялас түсініктер сөздіктің
бүкіл бойына бытырап кеткен. Сондай-ақ, встречный план,
единовременное пособие, заработная плата, реальная пла-
та, населенный пункт секілді тіркестердің екі реттен беріліп,
законодательная власть, исполнительная власть, судеб-
ная власть, государственный акт, исходящий документ,
нормативный документ, первичный документ, подложный
документ, фальшивый документ сияқты саланың көптеген
негізгі терминдерінің ұмытылып, сөздікке кіргізілмей қалуы
да осы себептен дер едік.
Бұл айтылғандардан басқа, терминдік қатарда бол-
май қоймайтын, көп мағыналы терминдердің мағыналары
389
жіктеліп, ажыратылу, ал мағыналас немесе бір-бірінің
айналық көшірмесі болып табылатын, толыққанды дублет
терминдердің өзара сілтемелену тірліктері – терминдерді ал-
дына ала жүйелеп алып, сала түсініктерін қазақ тілінде сау-
атты түзуге негіз болар еді.
Əдебиеттер:
1. Немецко-русский металлургический словарь. М.: Сов.
энциклопедия, 1967.
2. Англо-русский металлургический словарь. М.: Русский
язык, 1985.
3. Толковый металлургический словарь. Основные терми-
ны. М.: Русский язык, 1989.
4. Ергазиева Н. Формирование и развитие официально-
деловой речи в казахском языке. Дисс. на соискание канд.
филолог. наук. А., 1972. С. 71.
5. Орысша-қазақша терминология сөздігі. Іс жүргізу
терминдері, 6-т. А., 1961; Қоғамдық-саяси терминдер мен
атаулардың қазақ тілінде іс жүргізу жəне құжаттарды дұрыс
толтыру анықтама сөздігі. А., 1992. 284 б.; Ерғазиева Н.,
Сүйлеменова Б. Іс-қағаздарының орысша-қазақша сөздігі.
А., 1992, 48 б.; Екі тілде іс жүргізу сөздік-анықтамалығы. А.,
1994. 224 б.
390
«МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖƏНЕ БИОЛОГИЯЛЫҚ
ТЕРМИНДЕРДІҢ ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІГІ» ТУРАЛЫ
Қазақ тілінің ғылым тіліне айналу үрдісі өткен ғасырдың,
яғни ХХ ғасырдың басынан басталған. Бұл игі істің баста-
уында А. Байтұрсынұлы тұрады. Содан бері тарих көшінің
өн бойында қазақ зиялылары ана тіліміздің ғылым, білім
саласындағы қажетін өтейтін сан алуан терминдер түзумен
айналысты. Бұл үрдіс ешқашан толастаған емес. Жалғасын
табуда. Əуелгі кезеңде қоғамдық ғылымдар саласына
назардың көбірек ауғаны рас. Қазір де солай. Сонымен бірге
жаратылыстану ғылымдары бойынша да терминдер сөздігін
түзушілер қатары толығып келеді. Бұған жұртшылыққа
ұсынылған, ел сұранысын өтеп келе жатқан неше алу-
ан сөздіктер түрі куə. Осының бəрі мемлекеттік тіліміздің
əлеуметтік маңызы мен қолданыс əлеуетін айқындайтын
мəліметтер. Яғни ғылым мен білімнің сан саласында еңбек
етіп жүрген мамандар мемлекеттік тіліміздің мүмкіндігін
өзінше саралап ашудың жолдарын сауатты қарастыра
бастағанын байқауға болады.
Іздене білген жанға қай салада да мүмкіндік мол. Ана
тіліміздің мүмкіндігі, байлығы шексіз. Мұны табиғаттану
саласында да, техника ғылымдары саласында да, тіпті ғарыш
əлемі бойынша туындап жатқан ғылымның жаңа түрлерінде
де қарастыра білсе, түрленіп шыға келетін қаншама сөз
мұрасын табуға болады екен. Бұдан біздің байқайтынымыз
қазақ сөзі қызметінің үздіксіз екені. Əрбір ғылым саласы тіл
мүмкіндігін өзінше ашып жатады. Ол, əсіресе, жеке сөздерге
арнайы қызмет телу тұсында, яғни терминдік сипат беру
тұсында айқынырақ аңғарылады. Əрбір сөздікшінің, əрбір
сөздік түзуші маманның қабілет-қарымы, тілдік түйсік-
түсінігінің көрінетін жері де осы. Ендеше сөздік түзу кез
келген адамның қолынан келе беретін жеңіл нəрсе емес.
Оған арнайы дайындық пен айрықша ықылас-ынта керек.
Ең алдымен өз мамандығыңды жете меңгеріп, содан соң екі
391
тілді, аударылатын тіл мен аударатын тіл заңдылықтарынан
мол хабары бар адамның ғана мұндай іске тəуекелге бара
алуы мүмкін. Əсіресе ана тілінің бар байлығын терең сүзіп,
оны еркін қолдана алатын маманның мүмкіндігі мол болмақ.
Соған қарамастан қазір екінің бірі сөздік түзгіш болып
алды. Сондықтан бұл жауапты жұмысқа жауапсыз қараудың
нəтижесінде ала-құлалықтың сан түрі де орын алып жатады.
Əйтсе де сөздік түзу үрдісінің тоқтаусыз жүріп жатуы
мемлекеттік тілімізге деген ықылас-пейілдің зор екенін
танытады. Тек барлық ісімізде сарамандық пен ғылыми
сауаттың орын алғаны жөн. Дегенмен мемлекеттік тіліміздің
барлық деңгейге ене бастауы көңілге шүкірлік сенім
ұялатады. Оған дəлел сан салада сөздіктердің түзіле бастауы.
Сондай сөздіктің бірін қарап шығуға тура келді. Ол
П.Қ. Қазымбет, Е.Д. Дəленов, А. Жақанов түзген «Меди-
циналық-биологиялық терминдердің түсіндірме сөздігі».
Ең біріншіден айтарым, бұл салалар бойынша бұдан
бұрын да осындай əрекеттер болған. Бірақ олардың көбі
кезінде қызмет еткенмен, қазіргі оқырман жұртшылықтың
сұранысын толық өтей алмай отыр. Сондықтан авторлардың
бұл жұмысы осы олқылықтың орнын толықтыруға тыры-
сады. Əрине медицина мен биологияның өзді-өзіне тəн
тармақтасып жататын салалары бар. Мамандар мəселенің
осындай жағына да мəн беруге тырысқан. Бұл салалардың
тағы бір ерекшелігі интернационалдық, яғни халықаралық
терминдер қатарының көптігі. Бұл – терминология сала-
сының өте күрделі мəселесі. Мұндай терминдерді қазақ
тіліне аударамыз ба, жоқ əлде сол күйінде қалдырамыз ба
деген мəселе əлі күнге түбегейлі шешімін таппай, əрдайым
талқыға түсіп жатады. Дегенмен ұзақ жылдар бойғы ізденіс
нəтижесінде бұл мəселенің де тиімді шешімінің табылатын
түрі бар, яғни интертерминдер дегеніміз де белгілі бір тілде,
белгілі бір мезгілде, белгілі бір ұғым-түсінікке орай пайда
болатын сөздер болғандықтан, ол арқалап тұрған мағыналық
жүкті берерлік баламаны əрбір тілден табуға болады екен.
Осы түсінік қазір қалыптаса бастады. Алайда мұнда бөлек
мəн арқалап, сол күйінде қабылданып, тілімізге сіңіп үлгерген
терминдерді қалайда аударамыз деп əуреге түсудің негізі
жоқ. Мына сөздік материалы да осы тектес ойларды туында-
тады. Авторлар негізінен мемлекеттік тілімізді де, түпнұсқа
тілінің де беделіне нұқсан келмейтін жағын қарастырып оты-
рады. Аударуға келмеген терминдерді де, аударғандарын да
түсіндіріп, толық мағлұмат беріп отырады.
Бұл түсіндірме сөздіктің кейбір кемшін тұстарына қа-
рамастан осы салалар бойынша мамандық алуға талапта-
нып жүрген мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары
студенттері үшін жəне ғылыми-зерттеу жұмыстарын мұрат
тұтқан ізденіскерлер үшін берері мол. Мемлекеттік тіліміздің
ең күрделі саласы, терминологиялық лексиканың қатарын
толықтыра түсетін бұл түсіндірме сөздіктің жұртшылық
қолына ертерек тигенін мақұл көремін.
393
Достарыңызбен бөлісу: |