Сөз өнеріне, көркем дүниеге айналған фольклор жанрларының басты
функциясы - эстетикалық, тәрбиелік болып келеді. Ол жанрлар
шығармаларында өмірді бейнелеу тікелей танымдық мақсат көздемейді,
керісінше, адамды иландыру, сол арқылы үлкен әсер ету мақсатын көздейді,
оны ләззатқа бөлеуге тырысады.
Фольклорлық проза шығармаларын айтылу мақсатына қарай үш топқа
бөлуге болады. Бірінші топты танымдық
мақсат көздейтін шығармалар
құрайды. Мұндай шығармалар тыңдаушы жұртқа жарастылыстың, дүниенің,
адамды қоршаған нәрселердің және неше түрлі жан-жануарлардың пайда
болуын, олардың мінезін-құлқын түсіндіреді (мифтің барлық түрі, кейбір
аңыздар). Екінші топқа мағлұматтық мақсатпен айтылатын шығармалар
жатады. Бұл шығармалар көбінесе екі-үш адамның сұхбаты, әңгімесі түрінде
болып келеді. Мұнда көп жағдайда айтушы өз басында болған ғажайып
оқиғаларды немесе естіген хикаясын әңгімелейді (хикая, меморат - әңгіме).
Үшінші топтың шығармалары көркемдік - тәрбиелік мақсатпен айтылады. Бұл
шығармалардың көркемдігі жоғары, сюжеті дамыған болып келеді. Бұған
классикалық ертегілердің барлық түрі кіреді.Бұл
сараланған проза
жанрларының арасында қатып қалған шекара жоқ. Олар өзара тығыз
байланысты. Бір-біріне кірігіп жатады. Қазақ халық әдебиеті үлгілерінің көп
жиналғаны баршаға аян, бірақ жанрға шаққанда, қазақ фольклорының барлық
жанры біркелкі жиналған деуге болмайды. Кейбір жанрлар (айталық, батырлар
жыры мен ғашықтар жыры, мақал мен мәтел, тұрмыс-салт ертегілері, т.т.)
көптеген шығармалармен көрінсе, енді бір жанрлардың жазылып алынған
нұсқалары айтарлықтай көп емес. Соның
бірі халық прозасының ертегі
жанрына жатпайтын түрлері. Атап айтқанда, хикая, миф, топонимикалық аңыз.
Көп ретте бұл жанрдағы шығармалар екі рет қана жазылып алынған. Соның
салдарынан «аңыздық проза» жанрлары жеке жинақ болып бірде-бір рет
шыққан емес, ол ылғи ертегіге арналған жинақтарда қосалқы дүние ретінде
беріліп жүр.
Жоғарыда айтқанымыздан шығатын бір қорытынды - ертегіге жатпайтын
халық прозасының үлгілері аз жазылып алынған. Оның себебі бірнеше: бірінші
себеп - жалпы қазақ фольклорының ғылыми мақсатпен жүйелі түрде өте кеш
жиналуы.
Демек, әр халық фольклорының ерекшелігі сол халықтың тұрмысына,
қоғамдық құрылысы мен мәдени дамуына байланысты. Сол себепті де орыс
халық прозасындағы жанрлар мен қазақ халық прозасындағы жанрлар толық
сәйкес келмейді, олардың атауларына сыйғызылатын ұғым да басқа.
Осыған байланысты Еуропа халықтарының фольклорлық прозасын
атайтын терминдер қазақ топырағында сол қалпында емес, басқа мағынада
қолданылуы ықтимал. Мәселен, халықаралық терминге айналып кеткен «миф»
атауы қазақ жағдайында еуропалықтар қолданған
мағынадан сәл басқалау
болуға тиіс. Қазақ қоғамы, қауымы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, бүкіл болмысы
Еуропа елдерінен өзгеше, соның нәтижесінде оның фольклоры да басқаша.
Тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті қазақ еліне ұқсас жұрттың да фольклорында
«миф» термині еуропалықтар түсінігіндегі «миф» емес.
Қазақ сияқты, олар
23
үшін де «миф» пен «аңыз» үлкен роль атқарған. Ол мифтер мен аңыздарда сол
қоғам ұстанатын бүкіл өмір қағидалары мен әдет ғұрпы, тіршілік ерекшеліктері
мен әдеп шарттары жинақталған. Сол себепті ондай мифтер өте көне туынды
болып саналады, олардың көркемдігі ертегідей емес. Және олар үлкен
мифологиялық жүйеге айналмаған.
Қазақ халық прозасының жанрлары мен басқа да ішкі түрлерін
ажыратудың қиындығы, бір жағынан, олардың зерттелмеуіне байланысты
болса, екінші жағынан, ол жанрларды атауда терминологиялық ұғымдардың бір
ізге түспегендігінен болып отыр.
Демек, фольклорлық жанр ретінде тарихи аңыз ХҮІІІ ғасырда жаңа сатыға
көтеріліп, өзіне хас белгілер мен сипаттарға толық ие болады. Сөйтіп, ол бізге
сол дәуірдің тарихын баяндап, сол кездегі оқиғалардан, өмірден мәлімет береді,
білімімізді арттырады.
Фольклорды зерттегенде, оның танымдық түрін де, көркем түрін де жан-
жақты қарастыру қажет. Өйтпеген күнде жанрлар теориясын жасау мүмкін
емес, көркем түрлердің даму заңдылықтарын да ашу қиын. Мысалы,
көркемдігінен гөрі танымдық қызметі басым прозалық жанрлардың осы күнге
дейін қазақ фольклортануында зерттелмей келуі – жоғарыда айтқан принципті
сақтамаудың салдары. Соның нәтижесінде бізде әлі күнге дейін қазақ халық
прозасы жанрлық тұрғыдан зерттелмей келді,
жанрлар ғылыми саралауға
түскен жоқ, олардың ішкі даму заңдылықтары мен тұрақты белгілері
айқындалған жоқ. Ал белгілі бір жанрдың табиғатын, ерекшелігі мен заңдарын
білмейінше ол жанрға жататын шығарманы объективті түрде және дұрыс
бағалау қиынға соғады. Себебі қашан болса да бір нәрсенің ерекшелігі,
жақсылық қасиеті тек жалпымен, ортақтықпен байланыста ғана анықталады.
Фольклорда, тегінде, жеке адамның характері көрсетілмейді. Онда жеке
адамның тағдыры баяндалады.
Осыған қоса айтатын нәрсе – фольклорлық шығарманың баяндау
барысындағы уақыт. Фольклорлық шығармада уақыт ешқашан кері шегінбейді.
Басқаша айтқанда, жыршы немесе ертекші әдебиеттегі сияқты бір кезде болып
жатқан екі-үш оқиғаны қатар көрсетпейді.
Фольклорлық шығармада уақыт ылғи да өткен дәуір болып көрінеді. Бірақ
осы өткен дәуір айтушы мен тындаушыға өз
заманымен тығыз байланысты
болып сезіледі, баяндалып отырған оқиғалар осы әңгімеленіп отырған кезде
болып жатқандай қабылданады.
Бұдан шығатын қорытынды: фольклорлық шығармада тарих пен қазіргі
заман (айтушы мен тыңдаушының дәуірі) уақыт өлшемімен жіктелмейді. Ол
екеуінің арақатынасы, жігі елдің, айтушы мен тыңдаушылардың санасы мен ой
елегінен өтіп белгіленеді, баяндалып отырған оқиғаның ел үшін
маңыздылығымен, сол дәуірге үндестігімен, жалғастығымен өлшенеді [4.30].
Достарыңызбен бөлісу: