ӘОЖ 10.00.00
АСҚАР АЛТАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ
МОДЕРНИЗМНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ
А.О. ТОҚСАМБАЕВА
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университеті,
профессор, филология ғылымдарының кандидаты
А.К. АХМЕТЖАНОВА
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университетінің
магистранты
Аннотация
Аталмыш мақалада Асқар Алтайдың «Туажат» туындысы
талданып, шығармадағы модернизмнің қалай бейнеленгені туралы
айтылады. Сондай-ақ, әдебиеттанудағы жаңашылдықтың терминдері
жайында да мәліметтер беріледі.
Түйін сөздер: модернизм, типтік бейне, архетивтік рөл, символ,
Байбура, туажат.
Үнемі даму үстінде болатын әдеби құбылыс, яки сөз өнерінің күн
санап түрлі жаңалықтармен толығып отыратыны бәрімізге мәлім.
Бүгінгі күндері қазақ әдебиетінің қоржынына келіп, өзінің қыр-сырымен
қалың оқырмандарын хабардар етіп жүрген тақырыптардың бірі әрі
бірегейі – әдебиеттегі ағымдар болып тұрғандығы жасырын емес.
Еуропалықтардың ойынша, кез келген жаңа тың дүниенің пайда
болуына философия барынша әсер ететіні сияқты, аталмыш біз қозғап
отырған тақырып, модернизмнің де түп төркіні сонау философиядан
бастау алатыны туралы да белгілі. Әлемдік әдебиетте түрлі тақырыпта
жазылған шығармаларда кездесетін модернизмнің қазақ әдебиетіндегі
туындыларда қалай орын тапқандығы да осы мақалада ашылмақ.
Қазақтың көркем әдебиетінде кез келген тақырыпты қамтитын
шығармалар орын алғандықтан олардың қайсысы модернизмге
жататындығы туралы ажыратып, бөліп қарастыру қиын-ақ. Сол үшін де
модернге дейінгі әлем өзін қозғалысы шамалы, тұрақты, ғасырдан
мәңгілікке дейін орныққан ғаламдық тәртіп есебінде ұсынғандығы
туралы да естен шығармауымыз керек. Ол заманда ғасырдан ғасырға,
тіпті ұрпақтан ұрпаққа дейін де ешнәрсе өзгере қоймағандығы туралы
318
ашық айта алуымыз да заңдылық. Ал модернизмде барлығымызға
түсінікті болуы үшін жалпақ тілмен айтқанда, кез келген дүние бәрі
қозғалысқа түсіп, үнемі ізденіс үстінде болып отыратындығы белгілі.
Сондықтан да әдебиеттегі көркем туындыларды да осы есеппен бөліп
жіктеген абзал.
Еліміз егемендік алған жылдары қазақтың жазушылары кез келген
жанрда қалыптасып қалған дәстүрді жалғастыра отырып, көптеген
ізденістерге барғаны белгілі-ақ. Қазақ халқына тән дәстүрлі ұлттық
таным тәуелсіздік тұсындағы шығармаларда шетел оның ішінде батыс
әдебиетінде қалыптасып қалған түрлі әдеби ағымдармен толыққандығы
да мәлім болған еді. Байқап қарасаңыз, ертедегі туындыларға қарағанда
қазіргі қазақтың прозалық туындылары адам мен қоғам, адам мен әлем
арасындағы қарым-қатынаспен қатар, адам болмысының мәнін, оның
өмірдегі орнын бағамдауға байланысты түрлі өмірдің мәнін
философиялық тұрғыдан түсінетін кейіпкерлерді өмірге әкеле бастаған-
ды. Қазіргі жазылып жатқан шығармалар бір жүйеге бағынбағандықтан,
кез келген оқиғаның баяндалуында хронологиялық тәртіптің
сақталмауы да заңды құбылыс ретінде қарастырылады.
Ұлттық
әдебиетімізге
жаңалық
алып
келген
талай
прозашыларымыздың ішінде өз бағытын айқындап, стилін танытқан
жазушы Асқар Алтайдың шығармасын бүгінгі тақырып аясында
талданады. Сөз өнерінің авторы З.Қабдолов жазушылардан талап ететін
сегіз қасиеттің барлығын Асқар Алтайдың шығармаларынан толық көре
алатынымыз да жасырын емес. Жазушы шығармаларындағы
ерекшеліктің бірі – шығарма ішіне тағы бір шығармаға сюжет боларлық
бір оқиғаны да сыйғызып жіберуі болып табылады [1, 16 б.]. Ондай
шеберлік кез келген адамның қолынан келе бермейтін құбылыс екенін
де ескерте кеткеніміз жөн. Осыған орай 2012 жылы республикалық
«Жұлдыз» журналының №1 санында жарық көрген жазушының
модерндік романы – «Туажат» әдебиетімізге қосылған әдеби
ағымдардың негізін қалыптастырса керек. Біреу білсе, біреу білмес,
әдебиетте романның екінші «Тамұққа түскен сәуле» деп аталатын
екінші атауы бар. Модерндік сипатта жазылған шығармалардың
ерекшелігі соншалықты, романның басталуында да автор ерекше
құбылыстарды туындатады. Бас кейіпкер Байбураның елсіз даланы
дүрілдетіп мотошанамен қос бөріні қуып келе жатуымен бастау алатын
романда автор оқырманға алдағы болатын оқиғалардан қысқаша
аңдатпа беріп отырады. Яғни нарратив. Ол модерндік шығармаларда
көптеп кездесетін ұғым болғандықтан, қысқаша айтқанда болар
оқиғаны кейіпкер емес, әңгімелеуші анық біліп отырады. Романда
319
бастау алатын оқиға, яки бөрі қуғынмен бұған дейін де қасқыр алып
жүрген бас кейіпкер мен Боз бөрі арасында күтпеген айқас басталады.
Негізі шығарманы оқу барысында бас кейіпкердің қандай екендігін
бірден білу қиынға соқпайды. Өмірге ызалы, өмірден өгейсіген, қатыгез
кейіпкер ретінде суреттелетін басты образды сомдаушы Байбураны
Асқар Алтай екінші жағынан өзгеше тұлғадағы азамат екендігін көрсете
біледі. Осы жерде модерндік терминдердің біріне айналған
реминисценцияны автор ұтымды қолдана біледі. Яки Байбура терісін
тірідей сыпырып алған боз бөрі оның құтқарушысына айналғанын
көруге болады. «Жетім қарға бөрі басына саңғыған, дүниені ызғар
қарыған, ал аңшы болса кекті ызадан қағынған күнде айнала шаңыт
тартқан. Шаңыт дүниені дүр еткізгендей болып, кенет қаншық бөрінің
үстінен көтерілген будан бөлініп, Байбураға қарай ақ қардың үстін
сәулелі нұрмен шомылдырып, беймәлім боз сағым ақты» [2, 7 б.]. «Түз
тағысындай тегеурінді, темір жүректі Байбураның қолқа-жүрегі алмай
құйып жібергендей суып сала берді. Қарақшыдай қалшиып қатты да
қалды. Қимылдауға дәрмен жоқ. Тек шегір көздері ғана сәулелі сағым
соңынан ілескен. Ал сағым сәуле болса, бұған құрық бойы жақын келіп,
шеңбердей айналды. Бөрі басты сағым сәуле барыс құйрықтанып ұзара
берді. Ол бөрі сәулелене сағымданып, ұзара түсіп, мұны шеңберлер
алды. Бөрі сұлбалы дөңгеленген алып сағым сәуле бел ортасынан ұзара
өсіп кетіпті. Шеңберлей созылған бөрі сұлба құйрық тістесіп, мұны
Қытай қорғанындай қоршап тастапты» [2, 7 б.]. Бөрі ұғымы – архетивтік
рөл атқаратыны да белгілі. Толықтай айтсақ, Көк бөрі түркі
мифологиясындағы қасиетті ұғым, тотемдік негіз ретінде қаралатыны
белгілі. Романды оқу барысында көзіміз мынадай бір сөйлемге түспей
кетуі мүмкін емес. «Қара қарға тағы қарқ етіп, шылбыр үзім жатқан
бөрінің көзін шоқи бастағанда ғана сағым сұлба оқыс толқып кетті де,
дереу жиырыла жиналды. Әп-сәтте құлаштай бөрісұлба сағымға
айналып, жансыз жатқан жалаңаш тәні үстіне қалықтай жүзіп барғаны.
Оны бірақ кәрі қарға елең құрлы көрмеді: күндіз де, түнде де шырадай
жанып, жер-жаһанды шолатын өткір жанарларды қылғыта жұтып, көз
ұясының қанын сорып отыр еді» [2, 7 б.].
Бұл жерде автордың айтып отырған – қара қарғасы да символ
болып табылатыны жалған емес-ті. Ол бөрінің көзінен тоят алуда. Енді
байқастап қарасаңыз, бұл жерде қарға өзінің ежелгі сонау байырғы
кезден келе жатқан тотемдік қызметінен ажырап, зұлымдық пен
тойымсыздықтың символына айналып отырғанын жақсы аңғаруға
болады. Шығармасының ішінен толып тұрған модерндік ағым мен
жаңаша тың серпілісті байқай алатындығымыздан Асқар Алтайдың
320
еңбектері өзгеше сипатта болып келетіндігі жөнінде жасыра алмаймыз.
Біз талдауға алып отырған «Туажат» романы үш тараудан, әр тарауы
бірнеше бөлімдерден тұрады. Өмір есігін аша салысымен жат болмысты
күй кешкен шығарма кейіпкерінің басындағы бір-біріне қарама-қарсы
қатар жүретін ұғымдар мейлінше көптеп кездеседі. Махаббат пен
ғадауат, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, сатқындық пен
тасбауырлықты бір басынан өткізіп жүрген кейіпкер бірден жалғыз
екені де мәлім.
Модерндік шығармалардың ерекшелігі де осында, себебі, типтік
бейне кейіпкер арқылы біз қоғамдағы болып жатқан оқиғалардан
хабардар болатынымыз айқын [3,14 б.]. Ешкім де оны түсіне алмай, жан
жарасын бірде бір адам сезіне алмайтын кейіпкердің басынан әртүрлі
алмағайып күндер өткендігі туралы біле түстік. Яки автор Байбура
арқылы өмірде де осындай адамдардың бар екендігін қалың
оқырманына жеткізе біледі. Нақтырақ айтсақ, шығарманы оқу әрі талдау
барысында әйгілі «Желтоқсанның» ызғарын көрген кейіпкер жаны
сүйген жарынан көз жазып қалуының өзі ерекше баяндалған. Сонымен
қатар, «Ауған» соғысының алапатты, жанкешті күндерін басынан
өткізген Байбураны өмір жат бауыр етіп, қатыгез жанға айналдырады.
Ол да өмірдің шындығы. Өз ортасына сыймай, туғаннан жат болып,
пенділік күй кешкен кейіпкер біздің қоғамымыздың айқын бейнесі
іспеттес. Асқар Алтай шығарманың суреттелуі барысында ел өміріндегі,
қала тірлігіндегі кейбір келеңсіз әрі жайсыз, жағымсыз жаңалықтарды
басқа да кейіпкерлер арқылы баяндап беріп отырады. Дәл сондай
кейіпкердің образын сомдайтын Болат арқылы қазақ қоғамының дертін
ашып көрсете біледі. Осы тұста шығармадан бөлек қайтадан
модернистік бағыттағы кейбір ерекшеліктерге тоқталуды жөн көрдік.
Мысалы,
жатсыну,
өгейлену
сияқты
философиялық
категорияларды модернистік эстетиканың да жілікті, маңызды мәселесі
болып табылатындығы туралы хабардар болдық. Модернизм негізінде
айқын көрінетін спецификалық дүниетаным – қоғам тарапынан
көрсетілген қысым мен рационалдық тәртіп орнаған әлемді адамның
жатсынуы жатыр. Біз талдап отырған шығармаға тура сәйкес келіп
тұрғаны да қуантады. Кейіннен мұндай дүниетанымдық аңсар
постмодернистік танымда жалғасын тапқандығы да белгілі болды. Жеке
тұлғаның жатсынуы романтизм эстетикасында да кездеседі. Өз
ортасына, қоғамға қарсы тұрған романтикалық қаһарманның қоғамды,
адамдарды жатсынып, табиғатқа, тау арасына қашуы немесе өзімен-өзі
оңашалануы, өз ойымен жеке дара қалуы, т.б. – романтикалық әдебиетте
321
жиі көрінетін мотивтердің бірі. Тура Байбураның бейнесін сомдап
тұрғандай әсер қалдырады.
Бұл арада романтизмнің модернизммен, постмодернизммен өзара
ұқсастығы жеке тұлға концепциясында байқалады – тұлғаның үміті мен
нақты өмірлік тәжірибе арасындағы алшақтық, өмір мен ол туралы
түсініктің өзара сәйкес келмеуі. Сонымен қатар жатсыну деңгейі бұл
көркемдік жүйелерде өзіндік ерекшеліктерге де ие болып
табылатындығын айта кетейік. Романтизмде қаһарман жатсынуды, өзін-
өзі жатсынуды жеңуге, әлеммен үйлесім орнатып, ішкі тұтастығын
жоғалтпауға тырысады. Бұл жағынан оның модернизммен кей тұста
бірлігі байқалады. Модернизмде адам табиғатының жетілетініне,
әлемнің өзгеретініне деген көмескі болса да үміт бар. Ал
постмодернизмде жатсыну өзінің шарықтау шегіне, жоғарғы нүктесіне
жетеді. Постмодернистік кейіпкер саналы түрде иллюзиялар әлеміне
кетеді, транстық күйге түседі, сонда ғана ол өзінің сан алуан кейпін
біріктіріп, өзін таба алады. Соның нәтижесінде модернизм мен
постмодернизмде әлемді хаос деп түсіну, үзік-үзік сана, өткіншілік,
тұрақсыздық сезімі мойын созады. Жеке тұлға әлемі бөлшектеніп,
тұрақты, дәстүрлі құндылықтар қайта қаралады. Модернизм мен
постмодернизмге «болмысты хаос пен абсурд деңгейінде суреттеу тән,
көп жағдайда жеке тұлға өзі түсініксіз, қисынсыз, иррационалды
тұрғыда қабылдаған социумды жатсыну контексінде қарастырылады»
[4, 568 б.].
Адамның қоғамға көңілі толмай, өзін-өзі, басқа адамдарды,
қоршаған ортаны, қоғамды жатсынуы – соңғы жылдары ғалымдар
назарын өзіне аударып келе жатқан ауқымды философиялық мәселе.
Адамдардың өзінің қоғамдық әрекеттері олардың абсолютті еркіндігіне
шек қоятынын адамзаттың түйсінуі жатсынуды дүниеге әкелді.
Модернизм поэтикасы түстер мен абсурд эстетикасы арқылы
айқындалады. Модернистік әдебиеттің негізі қоғамдағы ықпалды
тенденциялар мен тұлғаның рухани тәжірибесінің терең және қарсы
тұру мүмкін еместей алшақтағаны деген сенімнен тұрады. Модернизм
мәдениет типі ретінде ХХ ғ. көркемдік процесіне зор ықпал етті. Ол
рухани құндылықтардың бүкіл жүйесіне ревизия жасады, қатып-семген
түсініктер мен қалыптардан бас тартып, көркемдік сананың жаңаруына
қарқынды импульс берді. Модернизм романтизмнің тылсым күштердің
ойыны туралы идеяларының бірін дамытты. Әрине, бұрынғы әлем
өзгермегенмен, модернизмдегі қаһарман әлі де мәңгілік құндылықтарды
тірек ете алатын. Осы тұрғыда түс көруді – көркемдік тәсіл деп
322
қарастырсақ, классикалық туындыларда да, тарихи романдарда да,
модернизмдік, постмодернизмдік туындылар да болсын қолданылады.
Бұл жөнінде Г. Пірәлиева «Адамның есі бүтін болмайтын күйлері
болады. Сондай күйлердің бірі түс көру. Ұйқы дегеніміз мерзімді
демалыс, тыныс алыс. Ұйықтаған адамда сана мүлдем болмайды, не кем
болады... Шырт ұйқыда жатқанда адам түк сезбейді. Бірер ұйықтап
алған соң ұйқы сергек бола бастайды, ұйқылы-ояу деген күйге келеді.
Сондай кезде санамыз кіресілі-шығасылы болып, түс көрсек керек. Түс
дегеніміз ояуда көретін нәрселеріміздің елесі болады. Түсімізде сол
пернелерді өңіміздегі екен деп ойлаймыз»,- деп атап көрсетеді [5, 271
б.].
Бірақ Асқар Алтай «Туажат» романында түс көруді басқа тұрғыда
қолданады. Яғни, Байбура ылғида түс көру арқылы өткеніне
оралатынына куә болған ек. Жалпы жазушы Асқар Алтайдың «Туажат»
романының басқа романдардан өзгеше екі түрлі ерекшелігін айта кету
керек. Ол бірі – түс арқылы оқиғаны шегіндіре баяндау тәсілі, екіншісі
– Байбура қиын жағдайға тап келгендегі Ана-бөрінің сағым сәуле болып
келіп қиындықтан құтқаруы болып табылады. Яғни кез келген
модерндік қасиеттерге ие құбылыстардың барлығы дерлік жазушы
шығармаларында кездесіп, мысалдармен дәлелдене түседі.
Сонымен, қорытындылайтын болсақ, кез келген авторлық
көзқарас авторлық құндылықты айқын көрсетеді. Себебі, қазіргі кездегі
рухани тоқырау адамдар мен қоғамның арасындағы жаттықты тудырып
отырғаны да мәлім. Адамдар бір-біріне жат бола бастағаны да белгілі.
Ол жаттық қоғамның жаттығын тудырып отырғаны да мәлім. Сөйтіп, өзі
өмір сүріп жатқан қоғамын от ажал жайлаған жалынға айналдырды.
Яғни тамұққа. Бәріне адамзаттың өзі кінәлі екенін көрсетті. Оған
ешқандай да тәңіріні, тағдырды кінәлаудың қажеті жоқ екенін
түсіндірді. Асқар Алтайдың бір ғана «Туажат» туындысы арқылы
ұлттық модернизмнің ерекше үлгісін көрдік десек – артық
айтпағанымыз.
Бүгінгі қоғамның ащы шындығын жеткізу арқылы талай
оқырманға ой салғаны сөзсіз. Модернизмнің басты бағыты да осы емес
пе?!
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Наурызбай Ә. Асқар Алтай прозасының сюжеттік ерекшелігі: Әдебиет
порталы, 16.06.2017
2. Алтай А. Туажат (Тамұққа түскен сәуле). – Алматы, «Жұлдыз», 2012 (1)
3. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49),
2014
323
4. Литературная энциклопедия терминов и понятий/под ред. А.Николюкина. –
М.: ИНИОН РАН, НПК Интелвак, 2001. – 799 с.
5. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері: Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. – Алматы:
Б.Ж. – 2001. – 776 б.
Резюме
В статье говорится об отражении модернизма в работе «Туажат» Аскара Алтая.
Дается пояснение новым литературоведческим терминам.
Resume
The authors of this article describe the work of «Tuazhat» by Askar Altai and move
how modernism is reflected in his work. The authors compare him with the character and
social person, and also provide information on some of the conditions of novelty.
Достарыңызбен бөлісу: |