Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.
2.
Аманжолова Д. "Алаш партиясы", –Семей ,1993 жыл.
3.
Нұрпейісов К. "Алаш және Алаш Орда", – Алматы, 1995 жыл.
4.
Қойгелді М. "Алаш қозғалысы", – Алматы, 1995 жыл.
5.
АЛАШТАНУ// Қазақстан. Ұлттық Энциклопедия. – Алматы.Қазақ энциклопедиясы, 2004 жыл.
6.
Нұрсалиев Р. "Алашордалықтар", – Алматы,2004 жыл.
7.
Сарсекеев К. "Алаштықтар", – Алматы, 1993 жыл.
8.
Нұрпейісов К. "Алаш партиясы", – Алматы, 1993 жыл.
9.
Қыдырханұлы У. "Міржақыптың өр Алтайдағы іздері", – "Ана тілі" газеті, 33- сан.
10.
Рахметолла Е. "Алаш идеясы", – Алматы, 1999 жыл.
Аружан ЕЛҒОНДИНОВА,
Журналистика факультетінің 1-курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор А. Рамазан
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
КЕМЕҢГЕРДІҢ КЕМЕЛ ОЙЫ
Әр халықтың әдебиет саласында жемісті кезеңі болады. Мәселен, Францияда ең жемісті кезең деп
«Романтизм ғасыры» атанып кеткен XIX ғасырды айта аламыз. Франсуа Шатобрианның «Атала»
повесі, Виктор Гюгоның «Козеттасы», Жорж Cандтың «Индиана» романы бұған дәлел. Ал, қазақ халқы
үшін XX ғасыр елеулі рөл атқарды. Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралы» мен «Әдебиет танытқышы»,
Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» пен «Психологиясы», Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч»
пен «Мырқымбайы», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауы», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны» қазақ
халқының сарқылмас байлығына айналды. «Мұқтаждық – мың өнердің анасы» деп ата-бабамыз
айтқандай, әдебиет, көбінесе, қайғысы мен қасіреті мол зобалаң заманда қарыштап дамиды. Ахмет
163
Байтұрсыновтың енгізген төте жазуы, шығарған «Қазақ» газеті, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың уытты
поэмалары мен жасынды жырлары, Байронның парламентте өз халқының мүддесін қорғауы,
Новалистің білім, ғылымды дамытып, елінің еңселі де ұстыны берік болуы үшін аянбай еңбек етуі
сөзімді айғақтайды. Қазақтың ұлы ақындарының бірегейі Сұлтанмахмұт Торайғыров қамшының
сабындай ғана қысқа ғұмырында «Қамар сұлу», «Кім жазықты?», «Кедей» поэмаларымен қатар, очерк,
мақала, эссе жазып, жалынды жырларымен халықтың жүрегіне үміт сыйлады.
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Осындай рухты өлеңді ақын қандай жағдайда жазды? Оны білу үшін мына бір хатқа назар
аударайықшы.
«Мен өзім жұмасында екі ғана обед етем (ет татам), құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға,
вечерлерге бір мәртаба болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Халім осы.
Сонда да қайғырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да
көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ [1, 212].
Иә, ақынды жанбағыс жәукемге алғанның өзінде, ақын еш қамықпастан қазақ еліне үміт, сенім, рух
дарытты. «Мұздаған елдің жүрегін» үміт отымен жылытты.
(Сұлтанмахмұт Торайғыров (сол жақта) және Пазыл Әбуталипов «Айқап» журналының редакциясында.
Троицк, қараша 1913 жыл
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Социализм» атты мақаласын оқығанымда, қатты қайран қалдым.
Себебі, «Ұлы адамдар өз уақытынан озып туады» деп австриялық драматург Эдуард Баурнфельд
айтқандай, ақын қазіргі әлем дағдарысының кілтипанын бір ғасыр бұрын осы мақаласында қамтыды.
«Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды
мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы. Дене азығы дегеніміз – осы күнгі адам
баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі: мысалы, пароход, отарба,
164
телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина,
тағы-тағы сондайлар. Дене азығы дегеніміз бұлар болса, ар азығы дегеніміз – әділдік. Осы соңғы ар
азығы – әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі
ауырламаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды. Ар азығының ер жетпегендігінен
Европадағы адам баласының күн көрісін жеңілейтеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам
баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсалып жатыр; неше миллион жас
жігіттер мүшелерінен айырылып кем болуына, неше миллион адам кеуделерінің тау-тау болып үйіліп,
қара құс пен қасқырға жем болуына, кәрі ата-ана баласынан айырылып, жәрдемсіз жас келіншек, жас
балалар панасынан айырылып көз жастарының сел болуына себеп болуда» [2, 201].
Расында да, «қанды қалпақ кисе де, қиыспайды туысқан» деген тәмсіл қазіргі заманда қолданыстан
шыққан сыңайлы. Неге десеңіз, бірге туған, бірге өскен бауырлар бір-бірімен кектесіп, атанәкес болып
қастасатын заман келді. Анасы мен қызының, атасы мен ұлының, апасы мен сіңлісінің, ағасы мен
інісінің өшпенділігі артып, қастықтың қарғыбауы шешіліп, сыйластықтың бұғаулануы жаныңды
жабырқатады. Сонау он алтыншы ғасырдағы Уильям Шекспирдің «Король Лир» шығармасындағы
король мен балаларының арасындағы дүрдараздық XXI ғасырда да жалғасын табуда. Үміттің өліп,
күдіктің өршуі, сенімнің азып, күмәннің төстеуі, құлазудың құрығына түсу іспетті «дертке»
шалдығудың себебі неде? Бәлкім, қоғамға кірмембес жаудай енген жабайы капитализмнің сойылы
шығар.
Әлбетте, себеп көп. Алайда, қазіргі қоғамдағы адамдардың мұндай дертке шалдығуының басты
себебі – рухани нәрегей болуы. Қазіргі таңда адамзат техникалық жетістікке жетіп, жерде, әуеде,
ғарышта биік асуларды алса да, адамгершіліктің, ішкі мәдениет пен руханилықтың, яғни, «ар
азығының» шегіне жеткен жоқ. Аңдап қарасаңыз, қанша уақыт өтсе де, адамзат баласының ғасыр бойы
істеген бір қателігі көзге ұрып тұрады. Ол адамгершілік атты ұлы ұғымның тапталуы. «Ар азығының»
кісенделуінен адам ашкөздікке, тойымсыздыққа бой алдырады. Александр Македонскийдің, Кирдің,
Наполеонның, Шыңғысханның, Гитлер мен Сталиннің қаныпезерлігін соған жатқызамыз. Абайдың
«Ескендір» поэмасында Аристотельдің айтқан бір ауыз сөзінен халықты қырық жыл қырғынға
ұшыратқан қанішер Ескендір тәубесіне келеді. Адамның бас сүйегін безбендегенде, бір уыс топырақ
бас сүйектен басым түседі.
«Бейшара жұрттар өздерін біреудің малы болуына хақы жоқ екенін біле тұра малы болды. Неге
малы болды? Айтайық, өнерге ертерек иеленген басқаларды алдамшылығы жоқ «тағы» деп тітіренген
болатын. Европа халқы кешірек қалған Америка, Азия, Африка, Австралияның тұрғындарына не
көрсетпеді? Малы тұрсын адамдарын кемелеп әкеп Европа базарларына сатпады ма?» [2, 203]. Еуропа
елінде алғашқы концлагерлердің пайда болуы, құлдықтың өрлеуі тарихтан белгілі. Ағылшын-
француздардың үндістерді жермен-жексен еткенін Д.Купердің «Могиканның соңғы тұяғынан» білеміз.
Американың өзінде қаншама зәңгілер құлдыққа сатылды. Адам саудасы Америкада 1809 жылы
тоқтатылды деп айтылғанмен, шын мәнісінде, құлдық өрістеп жатты. «Мысалды алыстан іздемей-ақ,
кешегі Николай тұсындағы чиновниктердің өзімізге не қылғанын еске түсірсеңдер жетеді.
Арқаларымызда қамшыларының табы әлі де тұрған шығар. Қазақты көргенде жыланды көргендей
құшырланып ұратын, яки ұрғысы келетін салтқылы приставтар, маңдайындағысы жалмауыздың
жалғыз көзіндей жарқырап, «тақсыр» деп құлдық ұрып тұрғанда да қан ішер түсін бұзып бір минут
қазақ бетіне қарамайтын төрелер қазақтың мың игі жақсысының мойнына бұршағын салып айтқан мың
ауыз сөзінен жалғыз араққор тілмаштың айтқанын шын көріп, соған қарап үкім қылатын әкімдердің
елесі әлі көз алдымыздан неге кете қойсын. Осының бәріне қазақ «соған лайық жазығым бар» деп
көнген жоқ, «көнбесек, бізді қырып тастайтын қолдарында қару, өнері бар» деп көнді. Міне, көршіміз
Русь жұртында бізден гөрі өнердің ержеткендігінен тапқан пайдамыз: Рустің не қыл дегеніне көніп
тұру болатын» [2, 201]. Жоңғардың жойқын шапқыншылығы, патша үкіметінің озбырлығы қазақ
халқын тұралатып жіберді. Қазақтың ұланғайыр жеріне көзін алартқан «Русь» еліміздің білімді зиялы
қауым өкілдерін ату жазасына кесті. Қолдан аштық жасап, қаншама қазақты қырды. Ұлттық
болмысынан, тілінен, ділінен айырғысы келді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Социализм» мақаласы
1918 жылы жарық көрді. Патша үкіметіне қарсы бір сөз айтсаң, өлім құштыратын зобалаң заманда
Сұлтанмахмұт еш қаймықпастан «Ұлы Русьті» шенеп, қазақ елін озбырлықтан, бодандықтан құтқару
үшін жанын да аямады. Сондағы арқау етіп отырған негізгі ойы мынадай еді: «Мұнан 58 жыл бұрын
1860 жылдағы япондар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? Қайта ол
кездегі япондардың есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отыратын даймиос
(губернатор) шогундеріндей (наместник) кесел біздің қазақта аз. Япондар осындай халінен 30-40
жылда ержетіп Европа халіне кірді. 1895 жылында Қытайды шалқасынан түсірді. 1904 жылда
«бөрікпен ұрып жығамын» деген Руссияны шалқасынан түсірді. Әрине, япондар осы халіне Европаның
165
пісулі астай даяр өнерін алумен жылдам жетті. Біздің де солай жылдам жетуіміз үшін тегіс жұмыла
үйренуге кірісуіміз керек. Солай болған соң мектеп, медіресе, газет, журнал, кітаптарымыз көбейіп,
Европадағы адам баласының ауыр күн көрісінен құтылып бақытты болуына себеп болатын
ғылымдарды үйрете беруі керек» [2, 200]. Міне, жапонның дамыған ел болуының басты себебі – «ар
азығының» жедел дамуы. Білім мен ғылымы, руханияты дамыған мемлекеттер ғана жетістіктер мен
жеңістерге жетеді. Ағылшын жазушысы Уильям Блейк «Мемлекеттің негізгі арқауы – әдебиет пен
ғылым» деген екен. Қазақтың сарабдал ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров әдебиет саласында елеулі
еңбек етіп, қазақ газеттерін жарыққа шығаруға атсалысты. Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы жарық
көрген «Қазақ» газетінің 1 санында былай дейді: «1909 жылғы санаққа қарағанда Америкада шығатын
газет һәм журналдың есімі – 21 435; Францияда – 8940; Германияда – 8000; Италияда – 3120; Россияда
–
2058. Америкада «Сон» деген газеттің үйі отыз екі қабат, биіктігі алпыс бір сажен. 1907 жылғы
санаққа қарасақ, Россияда сол жылы 2173 газет һәм журнал шыққан екен. Оның 1390 – орыс тілінде,
867 –
басқа тілде. 867-нің 30 шақтысы татар тілінде шыққан. Ал, қазақ тілінде шыққан бірде бір газет
һәм журнал жоқ.» Қазақтың біртуар дарын иелері Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетін, Мұхаметжан
Сералин «Айқап» журналын, Нәзір Төреқұлов «Қазақ мұңы» газетін, Көлбай Тоғысов «Алаш» газетін
өз күшімен жарыққа шығарды. Сондағы басты мақсаты – қазақ халқын әлемде болып жатқан
жаңалықтардан, Патша үкіметінің шығарып жатқан жарғыларынан, жер дауы, дума мәселелерінен
хабардар ету.
Сұлтанмахмұт Торайғыров жүз жасамады. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында басының
қамын күйттемеді. Нәпсінің құлы, құлқының құлшары болмады. Ол озбырдың бодауында қалған елінің
қайғы-қасіретін, мехнатын жан-тәнімен түйсінді. Жүрегін тілкемдеген елінің шеменін жасын
жырларымен, рухты өлеңдерімен тарқатты. Ол сұрапыл соғыстан, аштықтан, қан қақсатқан озбырдың
мойынапанынан еңсесі езілген елінің «еңсесі биік боз ордаға еңкейе кірер» күнін аңсады. Арманы мен
қиялы құзарға өрлеген шоқтығы өргек жас шайырдың асыл арманы Алланың құлағына шалынды.
Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Еңселі, ұстыны берік, асқақ, тәуелсіз ұлт болып, мемлекет болып
өркендеді.
Осыншама шырғалаңнан өтіп, қазақ ақындарының, батырларының қанымен келген тәуелсіздікті
қастерлеу, қадірлеу, ұлықтау біздің басты борышымыз. Біздің, яғни, өскелең ұрпақтың болашағы үшін
күрескен, кеудесіндегі жанын суырып берген қазақтың насат ақындары мен жолан батырларының
төгілген әрбір қаны үшін біз қарыздармыз. Ана сүтімен келген қасиетті ана тілін шұбарламай қадір
тұтатын, ұлтының ұлылығын ұлықтайтын, ұланғайыр байтақ өлкесінің керегесін кертіп, туырлығын
тілмек болған атанәкес дұшпандарды қан қақсатқан баһадүрлерді пір тұтатын, аталы сөзге тоқтайтын
ұлтжанды, рухты, жасынды, мелжемді ұрпақ болу – біздің ең басты мұратымыз. Сондықтан да,
халықты сүю дәрежесіне жеткен, халқының болашағының бұлыңғыр болуынан сақтап, өскелең
ұрпақты егемен елдің берік ұстынына айналдыруды мақсат тұтқан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың
«Социализм» мақаласы қазақ елі үшін әлі қаншама ғасырдың азығына айналары сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |