Самал ТӨЛЕУБАЕВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Алатау ауданы №178 лицей
АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫ –
ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҰЙТҚЫСЫ
Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пайда болуымен тұңғыш
ұлттық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының
лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ
халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық
ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп,
біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерінің идеяларын қолдап,
солармен бірге қимыл жасады.
Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм
күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік
керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Алаш алыптарының бірі Міржақып
Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов: «Өз тілін өзі
білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» - депті. Уақытынан оза туған
Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін
жалғастыру біздің міндетіміз емес пе?!
Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев
өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX
ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар
қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан
169
шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ
қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан
абзал», – дейді.
Білім алушыларымызға сапалы, ұлттық сипатта заманауи білім береміз десек, Алаш арыстарының
педагогикалық, психологиялық, әдістемелік ой-тұжырымдарын білім беру жүйесінде басшылыққа
алып жұмыс жасаудың мерзімі жетті деп ойлаймын. Оған дәлел – олардың аталған ғылым салалары
бойынша қалдырған мол мұралары. Алаш арыстарының білім беру мен ұлттық тәрбие саласындағы
тың ойлары бүгінгі күннің сұранысын толық қанағаттандыратындығы ешқандай күмән туғызбасы
анық. Ол үшін олардың әр айтылған ой-тұжырымдарына ерекше зерделілікпен, ұқыптылықпен қарап,
қажетіне қарай ұстаздарымыз іс-тәжірибесіне ықыласпен енгізіп отыруы бүгінгі заманауи білім
берудің басты қағидасы болу керек. Ең алдымен Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының мына бір қағидасын
бұлжытпай орындауға міндеттіміз: «Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман
болмағы жұмсалатын орынның керек қылуына қарай. Мәселен, сауаттау әдісін алсақ, бір жұрттың
сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы боларға тиіс деп айтуға
болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне
де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда
біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды» [1, 357] .
Сондықтан ұлттық оқыту жүйесін А.Байтұрсынұлының осы пікірін басшылыққа ала отырып,
бастауыш мектептің бірінші сыныбынан, тіпті балабақшаның мектеп алды дайындық тобынан бастап
мына пікірін қалтқысыз орындау бүгінгі біздің басты мақсатымыз болуға тиіс: «...Екінші кемшілігі –
қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқытатын ноғай мұғалімдері де оқуды дыбыспен
жаттықтырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге
пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік. Дыбыспен балаларды жаттықтыру –
оқу мен жазу үйретудің негізі. Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы [1, 434]. Оған біздер
бірнеше жылдық тәжірибелік жұмыстың барысында көз жеткіздік.
Ал, Ж.Аймауытовтың комплексті оқыту жүйесі – нәтижелі білім беру кепілі десем артық кетпес
едім. Ол комплексті оқытуға былайша анықтама береді: «Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір
тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқытуды комплекс деп
атайды. Одан да дәлдеп айтқанда: Өмірде шын жолығатын нәрселерді, құбылыстарды байланыстырып,
ол құбылыстарды байланысқан, іліктескен, бір-біріне әсер еткен қалпында араларындағы қатынасын
зерттеуді комплекс дейді. Комплекстің бірден-бір мәнісі – «түйдек», «жуымық», «топ» деген сөздерге
тура келеді. Ненің түйдегі, ненің жуымығы десеңіз, әр алуан нәрселердің түйдегі, жуымығы болу керек.
[2, 5-
том, 22]. Ж.Аймауытов «Комплекс тақырыбы қандай болу керек» дейді де, оны былай санамалап
көрсетеді: Бірінші, «Тақырып кездейсоқ болмасын, оның мәнісі: не болса соны тақырып қып ала салма
деген сөз», – дейді де, оған мынадай уәж айтады. – Сондықтан алғашқы жылы мағлұмат үй іші мен
мектеп маңынан беріледі. Үй ішін зерттеп болған соң, аулына, одан кейін аймағына, бара-бара
мемлекетіне көшеді» [2, 5-том, 18]. Біз оны оқу құралдарымызда былайша жүйелеп жүрміз. Мысалы
«
ана» деген сөзге сөзсазындық талдау жасата отырып, осы сөздің қадір-қасиетін баланың түсінуі,
өздерінің аналаларын құрметтеп, ардақ тұтып жүруі үшін жаттығуларды «түйдектеп», әрі лексикалық
материалды кездейсоқ алмауды мақсат еттік. Бұл бір ғана сөзді талдауда емес, кез келген тілдік
далдауда осы жүйені сақтап отырамыз. Екінші, тақырыптың бөлімдері (тараулары) бір-біріне
жалғасып, тіркесіп, тетелес келіп отырсын, шатасып, араласып, былығып кетпесін. Жоғарыдағы үлгі
кейінгі тақырыптарды да сақталып отырады. «Комплекс» «пәнге» қарсы қойылған сөз болғандықтан,
нәрсенің соқа басын ғана емес, өмірдегі нәрселердің түйдегін толық зерттеу керек. Бір, екінші кішкене
тақырыптарға қайраңдап, оқудың көлемін тарылту баланың табиғатына да қиын соғады. Тұсаулы
малдай, баланың қал аяғы бір уыс боп, тыпырлап, тырбаңдап қалады. Мұғалімнің тынысы тарылатыны
өз алдына. Ғалымның бұл пікірін біз технологияның білімді меңгертудегі бірінші деңгейі бойынша кез
келген пәннің мазмұнын белгілі бір тірек сызбалар арқылы әуелі жазылым бойынша сатылап талдап
үйретеміз. Бұл деңгейде мұғалімге көбірек күш түседі. Егер осы деңгейде мұғалім бар күш-жігерін
салып, балаға білімді мұқият, сауатты меңгертсе, қалған тоғыз деңгейде бала өз бетімен жұмыс
жасайды да мұғалім тек бақылаушы, бағыт беруші қызметін атқарады. Онда әр пәннің ерекшелігіне
қарай тірек сызбалар басшылыққа алынады. Төртіншіден, тақырып барлық баланы жұмысқа етпеттеп
жұмылдырғандай, бәріне де қызық, бәріне де қызмет табылғандай болсын. Дайын мағлұматты мұғалім
айтып беріп, балалар жадағай отырып, таңдағандай болмасын, мұғалімнің жәрдемімен өмір мәселесін
бала өздігінен ойлап, ізденіп шешкендей болсын. Өзі талдап отырған тақырыпты жан-жақты ғылыми
тілде баяндап шығады. Оқушылардың өз бетінше жұмыс жасау машықтығы қалыптасады. Бесіншіден,
әрбір тақырып өзге тақырыптар қатарынан оғаш, шешек шыққан үйдей оңаша тұрмасын. Барлық
170
тақырып көгеннің бұршағындай тізіліп, ол тізілісте тетелестік болсын. Білім оқушының санасында
берік байланатындығы соншалық, алдыңғы сыныптарда өтілген материалдар да олардың жадында
сақталып қалады. Алтыншыдан, бір тақырыпқа керекті, керексіз көп дерекерді шоқпыттап тығып,
тақырыптың басынан асырып тұншықтырмасын. Басы тақырыптан, кіндік пікірден алыстап, қияға
шығып кетпесін, артығының бәрі қырналып, алып тасталсын. Бүгінгі таңдағы мектеп партасында
отырған оқушыларға нағыз керек тәсіл. Жетіншіден, тақырып таңдап алып, оны жұмыстағанда
жаттығу есеп, тіл ұстарту, жазу, оқу, еңбек қылу, өнер жасауы деректері жеткендей толық болсын.
Қорыта келгенде, Алаш арыстарының педагогика, психология, әдістеме саласындағы еңбектері
бүгінгі қоғамның білім беру талаптарына толық жауап бере алады. Сондықтан оларды білім беру
жүйесіне мақсатты түрде енгізу біздің азаматтық борышымыз болуы керек.
Алаш идеясы – бүгінгі Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал, бүкіл қазақ
даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні
бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын
санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш
идеясын ұрпақ бойына сіңіру.
Достарыңызбен бөлісу: |