дәмеленеміз», – дейді ғалым. Осы орайда екі мәселені атап айтқан жөн.
Біріншіден, Қ.Жұбанов үміт артқан ондаған шәкірттері жоғары жетістіктерге
жетті. Қ.Жұбанов есімін атаған жас ғалым Басымов Қажым Аманғалиұлы
(1896-1939) қазақ тіл білімін өркендетуге зор еңбек сіңірді. Оның баспаға
басылған елуге жуық еңбегі болды. «15 жыл бойы қазақ тіл білімінің әр
түрлі мәселелерімен шұғылданып, артында алуан түрлі еңбектер қалдырып
кеткен Қажекеңнің есімі қазақ тіл білімі тарихында мәңгі сақталмақ» (148,
592-596).
Проф. Қ.Жұбановтың тіл ғылымы дүниесіне 1934-1935 жылдары қалам
тарта бастаған Сәрсен Аманжолов, Хажым Басымов, Сейіл Жиенбаев сияқты
сол кездегі жастарды қателіктерін көрсете отырып баулығаны көрінеді.
Сондай-ақ ол акад. Ісмет Кеңесбаев, ғылым докторлары Ғайнетдин Мұсабаев,
Мәулен Балақаев сияқты ірі лингвистеріміздің де тікелей кеңесшісі, ағасы
болған.
298
Иә, профессор Қ.Жұбановтың жолын қуған, өзіне тартқан білімді
шәкірттерінің әрі қарай тізбектесек, олардың қатарында есімдері елімізге
танымал Р.Сыздық, А.Ысқақов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Х.Есенжанов,
Т.Ақшолақов сынды ірі ғалымдар мен ақын жазушыларды атауға болады.
Ғылым академиясының академиктері – атақты жазушы, ғалымдарымыз
Мұхтар Әуезов пен Ісмет Кеңесбаев ғалым жайлы: «Мейірімі мол, сезімтал
жолдас, әрі барынша кішіпейіл адам бола тұра, Құдайберген сонымен қатар
жастар мен студенттердің қатал, талабы күшті ұстазы болды. Қ.Жұбановты
барлық жерде – ғылым, искусство, мәдениет, әдебиет қызметкері арасында
тегіс құрметтеуші еді», – (1) деп тебірене жазады.
Ғалым Мәулен Балақаев: «...қазіргі ғалымдар еңбектеріне көз
жүгіртсек, фонетика, фонологиядан, қос сөзден – І.Кеңесбаев, біріккен сөзден
– Ғ.Жаркешова, күрделі етістіктен – О.Ағыбаев, Ы.Маманов, А.Қалыбаева,
Н.Оралбаева, есімдерден – А.Ысқақов, А.Төлеуов, одағайдан – Ш.Сарыбаев,
синтаксистен – С.Жиенбаев, М.Балақаев, орфография мен терминологиядан
– С.Аманжолов, М.Балақаев, А.Әбдірахманов және т.б. еңбек жазған болса,
олардың зерттеу жұмыстарының негізі профессор Қ.Қ.Жұбановтың
жаңалықтары мен көтерген проблемалық мәселелері екенін ешкім бекер дей
алмайды»,
–
деп
аталған
ғалымдардың
еңбектері
Қ.Жұбанов
концепцияларынан бастау алғандығыны айтады (149).
Құдайберген Жұбановтың қолында тәрбиеленген Жәмила Жолаеваның
естелігінде бұл үйге доценттер Баталов, М.Жолдыбаевтардың, жазушы
Ғ.Мүсіреповтің, аспиранттар І.Кеңесбаев, М.Қаратаев, Х.Есенжановтардың,
студенттер Т.Бисенов, Ғ.Мұсабаев, Қ.Жаманбаевтардың жиі келетіндігі
айтылған. 1936 жылдың жазында Құдайберген Жұбанов пен Бейімбет
Майлин отбасыларымен киіз үй тігіп, жұмыс істеген. Бейімбет «Аманкелді»
пьесасын, Құдайберген қазақ тілі грамматикасының фонетика бөлімін
жазған. Жәмила Жолаева 1936 жылы болған қызықты оқиға жөнінде
әңгімелейді: «Бірде ҚазПИ-дің студенттері арасында: «Бізге оқытушылыққа
Ахмет Байтұрсынов келетін болыпты, ол кісіні «Құдайдың» (Қ.Жұбановты
кейбір жастар осылай атаған) өзі шақырыпты» деген сыбыс тарап кетеді.
Сол-ақ екен ҚазПИ-дің директоры Сақаев, партия ұйымының секретары
Дүйменов студенттерді шақырып алып: «Ешбір желігу, топ болып қарсы алу
деген болмасын, Байтұрсыновқа қошемет көрсеткен адам оқудан
шығарылады», – деп қатаң ескертеді. Студенттер осылайша лезде жым-
жылас болады. Өстіп жүргенде, студенттер Ұлт мәдениеті институтының
директоры Алманов «Ахаң бізден шығып, ҚазПИ-ге кетті» деп телефон
соғыпты» деген хабарды естіп, бөлмелеріне сыймай, сыртқа караумен
болады. Бір кезде етжеңді, шляпа киген, көзіне пенсие салған, қолына таяқ
ұстаған, галстугының қыстырғышына дейін бар келбетті адам ҚазПИ-дің
карсы алдына келеді. Студенттер тырп етпейді. Сонда Құдайберген Жұбанов
қана жолдың арғы бетіне шығып, қарсы алады, олар сыпайы амандасады,
құрметті қонағын қолтықтаған күйі институтқа алып кіріп, оқу бөліміне
қарай кетеді, студенттер болса, аудиториядан шыға алмайды. Бұл жүздесу
299
қалай
аяқталғанын
кейін
естиді.
Құдайберген
Жұбанов
Ахмет
Байтұрсыновты өзінің кафедрасына қызметке шақырған, бірақ бұған
институт басшылығы қарсы болып келіспеген. Міне, қазақ тілін ғылыми пән
етуді мақсат тұтқан бұл екі адамның бір-біріне деген ілтипаты осындай
болған. Олардың идеялық бағыт-бағдары да, ғылымға көзқарасы да,
творчестволық ой-санасы да сәйкес келе бермейтін, бірі «ескінің соңы»,
екіншісі – «жаңа сипатты» алғыр ғалым болатын. Сонда да бұлар адамшылық
жолынан таймаған, бір-біріне сенген, бірін-бірі «кебенек ішінде» таныған
адамдар болған» (150).
Осы орайда профессор Б.Әбілқасымов «Қазақ тіл білімінің қос бәйтерегі»
атты мақаласындағы мына жайттарға да көңіл аудару қажет. Ғалым қазақ
ұлтының екі алып тұлғасының тағдырындағы ұқсастық пен ғылымдағы
жалғастық туралы былайша сыр шертеді: «Ең үлкен ұқсастық, ең алдымен,
екеуінің де саналы өмірлерін туған тілдерінің қыр-сырын үңіле зерттеп, қазақ
тіл білімі деген ғылым саласын қалыптастыруға арнауы; екеуінің де жүйелі
білім алуына мүмкіндіктің аз болғанына қарамастан, өз беттерімен үзбей
ізденуінің нәтижесінде ауыл мұғалімінен атақты ғалым, халқының
көшбастаушы қайраткерлеріне дейін өсіп жетуі; үшіншіден, екеуінің де тек
бір ғана ғылым саласымен айналысып қана қоймай, кең диапазонды филолог
ғалым, шын мағынасындағы ұстаз, педагог, ұлттық мәдениетіміздің
ардақтысына айналуы. Соңғы ұқсастық ретінде, үлкен өкінішке қарай,
алдарына қойған асыл армандарын аяғына дейін орындай алмай, нағыз
шығармашылық кезеңге қадам басқан кезде екеуінің де өмірлерінің
трагедиялық жағдайда үзілуі, тағдыр ұқсастығы дер едік. Егер тағдыр бұл
тума талант иелеріне енді 10-15 жылдай тізе қосып, қатар еңбек етуді жазған
болса, олар қазақ мәдениетінің өркендеуіне қаншалықты мол үлес қосқан
болар еді, әсіресе, қазақ тіл білімі қаншалықты жоғары дәрежеге көтерілер
еді?! ...
Ахмет Байтұрсынұлы кезеңінде тілдің теориялық жағынан гөрі сол
тұстағы аса мұқтаж мәселе – ана тіліміздің табиғатына сай келетін жазу
жүйесін қалыптастыру, енді-енді ашыла бастаған бастауыш мектептерге ана
тілінен оқулықтар жазу, қазақ тілінде лингвистикалық терминдер жүйесін
жасау, сабақ берудің әдістемелік негіздерін қалау – әлдеқайда қажеттірек
болатын.
... Ал Құдайберген Жұбанов тіл біліміне үлкен дайындықпен келген,
Петербордағы Шығыс тілдері институтын, СССР ҒА-ның Яфет
институтының аспирантурасын бітірген өз кезеңінің терең білімді ғалымы,
алғашқы профессоры еді. Құдайберген осы тұстағы түрколог ғалымдарының
ешқайсысынан кем түспейтін, олардың көпшілігінен көш ілгері тұрған ғалым
болған. Оны Құдекеңнің еңбектеріндегі тың ойларынан, соны теориялық
тұжырымдарынан байқау қиындық келтірмейді.
... Әрине, А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановтың кейбір концепцияларында
айырмашылық, тіпті қайшылық та кездеседі. Бірақ бұған қарап, қазақ тіл
білімінің маңдайына біткен бұл екі ғұламаның бірін екіншісіне қарсы қоюға
300
болмайды. Екеуінің де тіл ғылымында қайталанбас өз орындары бар екенін
естен шығармайық. Бұл екі арысымызбен қалай мақтансақ та сыйып жатыр»
(151).
Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың ғылыми мұрасы жөнінде
бүгінге дейін жүздеген зерттеулер жазылып, ондаған диссертациялар
қорғалды. Диссертациялар төңірегінде сөз етер болсақ, алдымен ғалымның
тіл тарихы туралы зерттеулерін өзіне ғылыми проблема ретінде таңдап,
Жұбановтанушы жас ғалымдардың көшін бастаған Тектіғұл Жанна
Орынбасарқызын айтар едік. Ж.Тектіғұлдың «Қ.Жұбанов және қазақ тілі
тарихи
грамматикасының проблемалары»
(58)
атты
кандидаттық
диссертациясы 1994 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
жанындағы түркі тілдері мамандығы бойынша диссертациялар қорғайтын
кеңестің мәжілісінде тыңдалған болатын. Онда ұстаз-ғалымның тіл тарихы
туралы терең топшылаулары талданып, тіл тамыршысы ретіндегі ғылыми
тұжырымдары сараланған. Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімінің көптеген
салалары бойынша, әсіресе грамматикалық құрылымының тарихи даму
процесін айқындап, қазақ ұлттық тіл білімінің қаз тұрып, алшаң басуына
демеу болғаны мәлім. Айтылмыш диссертацияның өн бойында талант иесі,
төлбасы ғалым жалпы түркілік деңгейдегі проблемалар санатына жататын
көптеген жәйттарға, атап айтар болсақ, түркі синкретизмі мен
р/зкезектесімінің есім мен етістікті ажыратушы рөліне, есім және етістіктің
қайсысы алғашқы, қайсысы кейінгі екендігіне, өлі түбірлерді анықтаудағы
палеонтологиялық әдістің маңыздылығына, тілдегі қосымшалар мен көмекші
сөздердің қайдан және қалай пайда болғандығына, қазіргі қазақ тілінде
үстемдік етіп отырған сөйлем мүшелерінің орын тәртібі нормасы жайлы
көзқарастарға тереңнен үңіліп, маңызды сауалдарға байсалды жауап
бергендігі сөз етіледі. Ж.Тектіғұлдың диссертациясында профессор
Құдайберген Жұбановтың тарихи грамматика саласына қатысты ой-
тұжырымдарын басшылыққа алына отырып, тіл біліміндегі күрделі
мәселелер санатынан орын алатын – түркі синкретизмі құбылысы, сөз
құрамындағы кейбір фонетикалық заңдылықтар, сөз таптарын тану
принциптері, өлі түбірлер мен өлі жұрнақтарды ажыратудың негізгі әдістері,
қосымшалардың этимологиясы мен жекелеген сөйлем мүшелерінің ежелгі
орналасу тәртібіне тілтанушы талант иесінің тарихи-лингвистикалық
тұрғыдан баға беруі сараланған.
Жұбановтанушы диссертанттардың келесі бір легі ғалымның 100
жылдық мерейтойы қарсаңында өз ғылыми еңбектерін ғылыми
қауымдастықтың кәдесіне тарту еткен сыңайлы. Өйткені 1999 жылы 3
диссертация тікелей Құдайберген Жұбановтың мұраларына арналған. Атап
айтар болсақ олар:
Миров
Мұхтар
Орынбасарұлының
«Профессор
Құдайберген
Жұбановтың ұлттық ғылым тілін жасаудағы рөлі» (152) атты кандидаттық
диссертациясында ғалымның қазақтың ұлттық ғылым тілін дамытуға қосқан
үлесі егжей-тегжей сөз етіледі. Диссертацияның «Қ.Жұбановтың алғашқы
301
шығармашылық талпыныстары» деп аталатын бірінші тарауында ғалымның
халықтық сөз үлгілерін зерделегені, баспасөз тіліне машықтануы, ағарту
майданында бұқаралық баспасөзде қалам тартуы, 20-30 жылдардағы елеулі
деген жарияланымдарына баға беріледі. Ал «Қ.Жұбановтың стильдік
танымы» атты екінші тарауда тілшінің сөз саптау концепциясы, сөйлем
деңгейіндегі айырым қолданыстар, жалпыхалықтық бейнелі мәтіннің
қолданысы, ғалымның төлтума бейнелі сөз өрнектері туралы мағлұматтар
қамтылады. Үшінші тарауда қазақ терминологиясындағы Құдайберген
Жұбанов кезеңі суреттеледі. Бұл тарауда өткен ғасырдың 20 жылдарындағы
термин сөздер қолданысының жалпы сипаты, терминдік атауларды, термин
ұғымын танудағы түрлі көзқарастары, терминдік атаулардың тұрақтануы
және олардың саяси-әлеуметтік мәні, Қ.Жұбанов тұжырымдаған термин
жасау принциптері қарастырылған.
Сол 1999 жылы қорғаған Омарова Анаргүл Қабылқызының «Профессор
Қ.Қ.Жұбановтың етістіктер туралы ғылыми еңбегі, оның ғылымның кейінгі
дамуына ықпалы» (53) тақырыбындағы зерттеуінде тілші-ғалымның қазақ
тіліндегі етістік категорияларына қатысты көзқарастары мен тұжырымдары
сөз болады. Мұнда Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімінің ғылым ретінде
қалыптасуына грамматика саласы бойынша қосқан үлесі алғаш рет арнайы
зерттеу жұмысының нысанына айналған. Сондай-ақ тілтанушының етістіктер
туралы тұжырымдамасының қазақ тіл білімінде алғашқы ғылыми-теориялық
зерттеу екендігі Қ.Жұбановқа дейінгі зерттеулермен салыстырыла
дәлелденеді.
Сәдуақас Нұрбол Әбділлаұлының «Профессор Құдайберген Жұбанов
еңбектеріндегі қазақ тілі дыбыстары жіктелімінің фонологиялық негіздері»
(29) деген кандидаттық диссертациясы тұтасымен ғалымның фонетикалық
зерттеулері мен топшылауларына арналған десек те болады. Өйткені
диссертацияның өн бойында ғалым еңбектеріндегі қазақ тілі дыбыстары
жіктелімінің фонологиялық негіздері басты зерттеу нысаны ретінде
таңдалған. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты – профессор
Қ.Жұбановтың қазақ фонетикасы мен оның терминологиясына қатысты
ғылыми мұраларына жан-жақты талдау жасап, ғалымның осы бағыттағы
зерттеулерінің қазақ лингвистикасында алатын орнын және ғылыми маңызын
айқындау болған.
Қ.Жұбанов өз кезегінде қазақ тіл білімінің проблемаларымен ғана
шектелмеген. Оның ұлттық тіл білімі бойынша қалдырған мұрасын өз
тұсындағы әлемдік лингвистиканың даму үрдісімен байланыстырар болсақ,
ғалым мұралары әр қырынан жақұтша жарқырап көрінері анық. Қ.Жұбанов
өз зерттеулерінде қазақ тілін жалпы тіл білімінің қағидалары тұрғысынан
қарап, өзге тілдермен байланыстырып, салыстыра, салғастыра келіп, классик
лингвистердің ұстанымдарына өзінің келіспейтін тұстардағы қарсы
көзқарастарын батыл түрде жария етіп отырған. Тілтанушының осы
бағыттағы ізденістеріне Жұбанова Айнаш Әбдікенқызы арнайы зерттеу
жүргізіп, 2000 жылы диссертация түрінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
302
университеті жанындағы мамандандырылған кеңесте жалпы тіл білімі,
әлеуметтік лингвистика және психолингвистика шифры бойынша сәтті
қорғап шыққан болатын (27).
Қ.Жұбановтың тіл теориясы бойынша өрбіткен ойларын бір арнаға
тоғыстыру мақсатымен 2004 жылы Терекова Фариза Ембергенқызы
«Құдайберген
Жұбановтың
тілдік
тұлғасы
атты»
кандидаттық
диссертациясын көпшіліктің назарына ұсынды. Зерттеу әлеуметтік-
лингвистикалық тұрғыда жазылып, Мемлекеттік қазақ қыздар педагогикалық
институтындағы кеңесте қорғалды.
Кезек бойынша келесі диссертация психология саласының маманы –
Қарабалина Ақсәуле Әліпқалиқызының еншісіне тиеді. А.Қарабалина
«Қ.Жұбановтың
жалпылингвистикалық
тұжырымдамаларындағы
психологиялық ой-пікірлері» (153) жөнінде сөз қозғайды. Онда тіл
субъектісінің
психологиялық
ерекшеліктері,
Қ.Жұбановтың
психолингвистикалық топшылаулары психология ғылымы тұрғысынан баян
етілген.
Ал ғалымның методикалық, әрі педагогикалық қызметін қатар қарап,
дербес диссертация деңгейінде бағамдаған Мақпал Қожағалиқызы Жазықова
өз еңбегін «Құдайберген Жұбановтың әдістемелік мұрасы» (154) деп атап,
зерттеу нәтижесін 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің диссертациялық кеңесі мәжілісінде ортаға салды. Жұмыстың
мазмұнында Қ.Жұбанов ғылыми-әдістемелік мұрасының қазақ тілін оқыту
әдістемесі ғылымын дамытудағы орны, ұстаз-ғалымның әдістемелік ой-
тұжырымдарының қазіргі педагогика ғылымының дамуына ықпалы, оның
негізгі қағидаларымен сабақтастығы туралы мәселелер қамтылған.
Қ.Жұбановтың бойында ақындық, суретшілік, журналистік қабілеттер
болғанын білеміз. Құдайберген Қуанұлын журналистікке баулыған, бір
жағынан, өмірге ілесіп, оның көкейкесті мәселелеріне үн қосу қажеттігін
туғызған жаңа заман болса, екінші жағынан, жанында үлгі-өнеге алатын
Жиенғали Тілепбергенов сияқты қалам иесі болды. Ол 16 жасында «Өнегелі
мұғалім» деген тұңғыш мақаласын Жиенғалимен бірігіп жазып, «Қазақ»
газетінің1915 жылғы 11 ақпандағы нөмірінде жариялады. 1920 жылдардан
былай қарай «Еңбекші қазақ», «Кедей» газеттерінде әртүрлі мәселелер
жайлы мақалалар жазып тұрады. Қ.Жұбанов қаламынан шығып,
жарияланған мақалалар туралы ой толғап, жете зерттеп, тұтас диссертация
ретінде жарыққа шығарған – марқұм Оралбай Әмір Әбдірашұлы болатын.
Кәсіби журналист, көсемсөз шебері Әмір Оралбайдың журналистика
мамандығы бойынша қорғаған диссертациясының тақырыбы – «Құдайберген
Жұбановтың публицистикасы» деп аталады (155).
Профессор Қ.Жұбановтың ғылыми мұрасы жөнінде жүргізілген
зерттеулердің бірі – жас ғалым Жайық Сұлтанның «Тілтанымдағы
антропологиялық парадигманың Қ.Жұбанов мұраларындағы көрінісі» (90)
деп аталатын кандидаттық диссертациясы. Еңбек 2007 жылы Абай атындағы
303
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің диссертациялық кеңесі
мәжілісінде қорғалған болатын.
Бұл зерттеуде ғалым еңбектері тіл білімінің жаңа бағыттарымен астасып
жатқандығы дәлелденіп, Құдайберген Жұбанов мұрасы лингвистиканың
антропоөзектілік парадигмасы тұрғысынан жан-жақты зерделенген. Әсіресе
тіл зерттеушісі – Қ.Жұбановтың палеонтологиялық тәжірибесіне тоқталып,
академик Н.Маррдың шәкірті ретіндегі ұстанымына баса мән берілген.
Біз бұл тақырыпшада Қ.Жұбановтың ғылыми мұрасын зерттеуге
арналған диссертациялардың негізгі мазмұнынан мәлімет беруді ғана мақсат
еттік. Ал аталған диссертациялардағы ғылыми тұжырымдармен және мұнда
аталмаған
жүздеген
зерттеулермен
танысу
тілші-ғалымдар
мен
Қ.Жұбановтың ғылыми мұрасына қызығушылық танытқан көпшілік
қауымның өз еншісінде.
Достарыңызбен бөлісу: |