(Өз аузынан жазып алған – қызы Мүслима Жұбанова)
Ахмет Жұбанов
Өнегелі өмір
1914 жыл. Орынбор «Хұсайния» медресесінің сабақ үсті. Сыпайы
киінген, сұңғақ бойлы мұғалім, басында ноғай тебетей, үстінде тік жағалы
қынама бешпенті бар қараша балаға қарап, күлімдей:
342
–Өзіңнің басың кандай үлкен, оның ішінде небір терең сырлар жатыр-
ау, әттең, мынау медресе оның бәрін аша алмайды ғой, – деді де, өз сөзінің
әсерін өзгелерден сұрағандай, айналасына қарап қойды. Қуаныш пен реніш
сөзді қабат айтқан қарттың жұмбағын шеше алмағандай, бала ибамен төмен
қарап отыра берді. Айналадағылар бұл сөздерге аса таң қалмаған да сияқты.
Өйткені өзінің сабаққа ұқыптылығынан ба, жоқ, ұяң мінезінен бе, бұл бала
жөнінде бірінші күндерінен-ақ медреседе жақсы пікірлер естіле беретін...
Құдайберген медреседе тек оқумен ғана жүрмей, сол кездердегі қазақ
оқушылардың дәстүрі бойынша, сабақтан тыс жайлармен де әуестенді. Қазақ
оқушы жастары бас қосып шығаратын қолжазба журналға ат салысты. Сол
күнде-ақ мақала жазып, баспасөз бет «Қараша бала» деген лақап көріне
бастады. Аздаған болса да, бұл медреседегі дүниетану сабақтары
окушылардың көзін ашты. Әрине, бұл жеткіліксіз болды.
1916 жылы Құдайберген, өзінше айтқанда, «Оспан Ишаннаноқыған
араб, парсы, түрік тілдерінің пайдасын көре отырсам да, орыс тілінің
жетпегенінен қорлық көрдім, әңгіменің негізі сонда екен», – деп, Жұрынның
екі кластық орыс мектебінің төртінші класына түсті. Келесі жылы,
Орқаштың бір кластық орыс мектебінің оқытушысы Ашғалиев Хұсайынның
ақылы бойынша екі кластық мектепті аяқтауға Күйікқалаға кетті. Онда да
әкесінің жұмсауымен Жұрынның базарына барып, астындағы құла байталды
телеграфтың ағашына байлай тастап, поезға мініп жүре беріпті.
Құдайберген 1917-1918 оқу жылы сол Күйікқала мектебін бітіріп келді.
Бүкіл сабақтан «үздік» деген бағасы бар. Бұдан кейін бірқатар уақыт ауылда
жүріп қалды. Баста орта шаруамыз бар үйіміз жиырмасыншы жылдардың
басында күйсіздікке ұшыраған. Әке өліп, екі үйлі жан Құдайбергеннің
қарамағында қалғандықтан, тұрмыс талқысымен осы айтылғаннан әрі
мектепте оқи алмады.
1922 жылдан бастап ол Темір қаласында уездік ағарту бөлімінде
қызмет істеді. Одан кейінгі жылдарда Ақтөбе қаласына барып, губерниялық
ағарту бөлімінде методикалық инспектор болып қызмет істеді, бір жағынан,
педагогтік техникумда сабақ берді. Құдайберген осы жылдары өзінің білімін
арттыру жолында көп ізденді. Ол күндіз-түні кітап оқып отыратын,
психология, педагогика, рефлексология ғылымдарын көп зерттейтін.
Павловтың, Бехтеревтің және басқалардың кітаптары оның столында үйіліп
жататын. Осы кездерде, бір жағынан, тіл ғылымымен шұғылданды.
Поливановтың, Богородицкийдің кітаптарын көп оқыды.
Қазақстанда және кейбір басқа республикаларда жаңа алфавитке көшу
мәселесі қозғалғанда, ол бірінші күннен бастап араб жазуының
жағдайсыздықтарын айта бастаған еді, өзі осы жұмысқа белсене кіріскен-ді.
Жаңа алфавит туралы 1925 жылы Москвада өткізілген кеңеске қатысып, онда
сөз сөйлеген. Жаңа алфавитті енгізуге белсене қатысқан азербайжан
білімпазы Ағамалы оғлымен өте жиі хат жазысып тұратын.
1927 жылдан бастап Құдайберген Ленинградтағы орыс тілі
мамандарымен байланыс жасады. Ол түрік тілдерін зерттеуші академик
343
Самойлович, шығысты зерттеуші тарихшы Бартольд, тілші Шерба және
басқалардың еңбектерін алдырып оқыды. Осы кездерде бірқатар батыс
тілдерін өз бетімен зерттей бастады. Қысқасы, жиырмасыншы жылдардың
екінші жартысынан былай бүтіндей тіл ғылымына көшті. 1928 жылы
Құдайбергенді Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты шақырып алды. Ол
оңда инспектор болып қызмет істеп, бір жағынан, баяғы өзінің мамандығын
тереңдете берді. 1929 жылдың басында Халық ағарту комиссариаты
Құйбергенді Ленинградтың Шығыс институтына оқуға жіберді. Түркі тілдері
семинарына аспирант болып кірді. «Енді Оспаннан оқыған тілдерім пайдаға
аса бастады», – деп өзі қуланып қоятын. Осы жылы Алматыға, Орта Азиялық
жаңа алфавит кеңесіне келіп, Құдайберген: «Одағай сөздердің сыры» деген
ғылыми баяндама оқыды. Тыңдаушылар ол баяндаманы аса жоғары бағалап,
жас ғалымның үлкен болашағы барын айтысты. Сол жылы Алматыда
университет және педагогтік институтта сабақ беріп, келесі жылы
Құдайберген КСРО Ғылым академиясының Тіл және ой институтына
аспирант болып түсті. Мұнда бірінші рет тіл ғылымының жаңа түрін зерттеп,
бұл саладағы орыстың ірі мамандарымен танысты. Шығыс тарихын
зерттеуші профессор Алимов деген кісімен әңгімесінде «Маршылдық пен
марксшілдік» деген бір қолжазбасын оқыған.
Сол жылдарда Құдайберген жапон тілін зерттеді. Оның себебін
сұрағанда ол былай деп жауап беретін: «Қазақтың тілі, тарихы жөнінде қытай
тілінде көптеген деректер бар. Оларды оқу үшін қытай тілін зерттеу керек.
Ол өте қиын, көп уақытты керек етеді. Ал жапон тілі болса, о да оңай емес,
бірақ қытай тіліне қарағанда ол недәуір жеңілдетілген және жапондықтар
қытай тіліндегі ғылыми еңбектердің бірқатарын өз тіліне аударып алған. Мен
сол тіл арқылы қытайдың қазақ туралы жазылған деректерін оқимын ба
деймін». Шынында да, ол бұл жұмыста біраз табысқа жеткен. Ал батыс
тілдерінен: неміс, француз, ағылшын тілін сөздікпен пайдаланатын. Маған
неміс білімпаздары Кизеветтер және Раманның шығыс музыкасы туралы
жазған кітаптарынан мақалалар аударып беретін. Әл-Фарабидің, Қашғаридің,
Мұғаридің, Халелдің еңбектеріндегі музыка туралы айтқандарын маған үнемі
түсіндіріп, соларды пайдалану керектігін айтатын.
Құдайберген осындай өзінің кең дүние тану, терең ғылымдық
мағлұматы арқасында аз ғана уақыт ішінде көптеген еңбектер жазды. 1932
жылы Алматы қаласына қайта келгеннен кейін ол педагогикалық институтта
тілден профессор әрі СССР ғылым академиясының қазақстандық
филиалында ғылыми қызметкер болып істеді. Осы бір кезеңде ол «Жаңа
грамматиканың жаңалықтары», «Қазақ тілінің емлесі», «Буын жігін қалай
табуға болады», «Шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер», «Қосар ма, дара
ма?», «Қазақ тілінің грамматикасы», «Исследования по казахскому языку»,
«К пересмотру казахской орфографии», «К постановке Исследования
истории фонетики казахского языка», «Из истории порядка слов тюркских
языков», «Об одном факте появления аффикса из корневого слова»,
«Вспомогательные глаголы» сияқты кітаптар, мақалалар жазып шығарды.
344
Ұлы ақын Абайдың қайтыс болғанына отыз жыл толу қарсаңында
Құдайберген «Абайдың тілі туралы» деген көлемді мақала жазды. Сонымен
қатар ол өзінің зерттеу қырағылығы арқасында тіл мамандары арасында
сирек кездесетін тақырыпта да еңбек қалдырды. 1936 жылы ол «Қазақ
музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» деген тарихи-тілдік
талдау беретін еңбегін жарыққа шығарды. Бұл еңбектің музыка зерттеушілері
үшін мәні аса зор.
Революциядан бұрын-ақ, өте жастай (Құдайберген 1899 жылы туған)
журналистікке бейімділігін аңғартқан Құдайберген өзінің аз ғана өмірінің
ішінде әдебиет, көркемөнермен де біраз шұғылданды. Ол жоғарыда айтылған
«Қараша бала», «Шекті» деген аттармен көптеген мақалаларды газет, журнал
беттерінде жариялады. Күйікқалада «Тез» деген қолжазба журнал, Темір
қаласында тұрғанда «Ай» атты журнал шығарып, өзі солардың үнемі
редакторы болды. Ол журналдарда сол кездің сорақы тәртіптерін әшкерелеу,
халықты, өнерге шақырумен қатар, ұлы орыс жазушыларының
шығармаларын насихаттады. «Ай» журналында Горкийдің «Хан мен ұлы»,
«Сұңқар
жырын»
аударып
басты.
Короленконың,
Лермонтовтың
шығармаларын журнал коллективі мүшелері аударып басып отыратын.
«Кедей», «Еңбекші қазақ» газеттерінде Құдайбергеннің әлденеше
әңгіме, фельетондары басылды. Ол өлеңді де көркем жазатын. 1925 жылы
Құдайбергеннің режиссерлігімен Ақтөбе қаласында М.Әуезовтің «Еңлік-
Кебек» пьесасы қойылды. Сол жылы халық поэмасы «Сегіз бен Мақпал»
негізінде екі актілі өлеңді пьеса жазып, совет-партия мектебінің,
педагогикалық техникум оқушыларының күшімен сахнаға қойды. Сондағы
Сегіздің ролін ойнаған совет-партия мектебінің окушысы Жүсіп Сейілов
қазірде республиканың еңбек сіңірген артисі.
Құдайберген бұл айтылғандардан басқа, қазақтың ардақты ағартушысы
Шоқанның үлгісімен сурет өнеріне аса шебер болды. Ол қарындашпен де,
майлы бояумен де суреттер салатын, Орынборда, Күйікқалада, Ақтөбеде
жүргенде кездескен суретшілерден ақыл алып жазу, ою жұмыстарымен де
шұғылданған. Оның жазған құлпытастары осы кездегі Темір, Жұрын
аудандарында көп кездеседі. Алдымыздағы уақыттарда бұл материалдардың
жұрнақтарын тауып, көпшілік алдына жарияламақпыз.
Коммунист
Құдайберген
өзінің
педагогикалық,
ғылымдық
жұмыстарымен қатар, қоғамдық зор қызметтер атқарды. Қазақстан Орталық
атқару комитетінің мүшесі болды. Ол қазақтың мәдениет қызметкерлерінің
бірінші съезін ашып, онда айта қаларлықтай терең ғылыми мазмұнды
баяндама жасады. Білімі терең, адамгершілігі мол, халқын сүйген жақсы адам
– тек біздің, туысқандарының ғана емес, бүкіл қазақ жұртының мақтанышы
еді.
Достарыңызбен бөлісу: |